Бақылау сұрақтары:
1. ҚР-ның саяси партиялар туралы Заңы және оның маңызы.
2. І-ші Азаматтық форум және оның маңызы
3. Жастарды патриоттық және интернационалдық рухта тәрбиелеу
4. Қауіпсіздік мәселелері контексіндегі Қазақстанның конфессионалдық саясаты.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. 5 томдық. 1-5-томдар. –Алматы., 1996, 1997, 2000, 2010.
2. Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. – 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4 кітап/ Т.Омарбеков, Б.С.Сайлан, А.Ш.Алтаев және т.б.. – Алматы, Қазақ университеті, 2016. – 264 с.
3. Ұлы Дала тарихы: учебное пособие /Кан Г.В., Тугжанов Е.Л. – Астана: Zhasyl Orda, 2015. – 328 стр.
4. Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. – Алматы, 2010.
№ 12 Лекция. Ұлы Дала еліндегі жаңа тарихи сананы және дүниетанымды қалыптастыру саясаты
1. «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы. Оның мақсаты және жүзеге асырудың негізгі бағыттары: рухани және білім беру жүйесін дамыту, мәдени мұраның сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету
2. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» еңбегінде ұлттық тарихты зерделеу
3. Жаңа қоғамдық сананы қалыптастыруда «Қазақ хандығының 550 жылдығының» аталып өту маңызы. Қазақ хандығының қалыптасуының тарихи алғышарттарына жаңа көзқарас
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2004 жылғы 13 қаңтарда «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
Бағдарлама қабылданғаннан бергі төрт жылда тарих пен мәдениеттің 51 ескертіші қайта жаңғыртылып, Қазақстан аумағындағы 39 қалашықта, қоныста, тұрақта, обалар мен қорғандарда маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қытайға, Түркияға, Моңғолияға, Ресейге, Жапонияға, Египетке, Өзбекстанға, Арменияға, АҚШ пен Батыс Еуропа елдеріне 15 ғылыми экспедиция ұйымдастырылып, Қазақстан тарихы, этнографиясы, өнері жөнінде бұрын белгісіз болып келген 5000-ға жуық қолжазбалар мен баспалық басылымдар табылды. Тек Қытайға жасалған экспедицияның барысында Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты бұрын зерттелмеген маньчжур тіліндегі 3 мың, қытай тіліндегі 300, шағатай тіліндегі 60, ойрат тіліндегі 70 дерек табылды. Ұлттық және әлемдік ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиет басылымдарының фольклортану, әдебиеттану мен өнертану, философия, тарих ғылымы, саясаттану, тіл білімі сияқты 16 бағыты бойынша бірнеше жүз томды құрайтын кітаптар шығарылды. 100 томдық «Бабалар сөзінің» 51 томы, «Қазақ философиясының» 16 томдығы, «Әлемдік философиялық мұраның» 18 томдығы, «Баласағұн» қалашығы, Отырар, Орхон ескерткіштерінің толық атласы жасалды. «Қазақстанның электрондық кітапханасы» және «Мәдени мұра» интернет – порталдары жасалды. Қазір «Мәдени мұра» бағдарламасының 2007-2009 жылдарға арналған екінші кезеңі аяқталып, үшінші кезең бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру барысында мынадай тағылымдарға көз жетті:
Бірінші тағылым: «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – тәуелсіздігіміздің салтанатты шеруі. Ғасырлар бойы аңсаған азаттықты бекемдеуде ұсақ-түйек деген болмайды екен. Бәрі маңызды, бәрі ауадай қажет. Солардың ішінде айрықша қамқорлыққа зәруі мәдени-рухани төл құндылықтарымызды сақтап қалу еді.
Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады».
Екінші тағылым: тарих құрсағында пісуі әбден жеткен, тіпті мерзімі өтіп кеткен қажеттілікті мемлекеттік саясат пен практика деңгейінде ұлықтаған Елбасымыздың көрегендігі мен сезімталдығы.
Үшінші тағылым: «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қорытындылары Қазақстан зиялылары мен мамандары әлемдік талаптар деңгейінде жұмыс істей алатынын айғақтады.
Төртінші тағылым: әлемдік өркениеттер жүйесіндегі Қазақстанның тарихи орны мен мәртебесінің тиянақталғаны.
Бесінші тағылым: «Мәдени мұра» қазақстандық патриотизмді, отаншылдық сезімді қалыптастыруға, барша қазақты, қазақстандықтарды ұлттық идея төңірегіне топтастыруға тамаша мүмкіндік ашқан іргетас қалады. Біздің өткеніміз ешкімнен кем емес екен, бүгінгі табыстарымызды кездейсоқтық деуге негіз жоқ көрінеді, болашаққа нық сеніммен қадам жасауға оңтайлы алғышарттар бар. Ұлы дала қашан да азаттықты, бірлікті, жасампаздықты мақсұт тұтқанын мемлекет деңгейінде дәріптеудің реті туып тұр.
Алтыншы тағылым: кеңестік жылдардан бері желісі үзілмей, жалғасып келе жатқан тозық дәстүрдің – мәдениетке сарқынды ұстаным бойынша қаржы бөлудің өмір сүруін тоқтатқаны.
Жетінші тағылым: әлемге көлдей жайылып келе жатқан жаһанданудан ұлттық болмыс-бітімімізге төнген қатерге қарсы қояр қорғанның қатарға қосылғаны. Жаһанданудың технологиялық, интеграциялық, қаржылық, экологиялық берерін кәдеге жарата алсақ, ұтарымыз хақ.
Түптеп келгенде, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын кеңестік тәрбие мен білім алған аға ұрпақ өкілдері кейінгі толқын жастар үшін жүзеге асырды. Ұрпағының болашағына алаңдаған азаматтар Елбасы идеясын жеті тағылыммен безендіре алды.
2. Н. Назарбаев еңбектері арасында басқаларынан өзінің пайда болу объективтілігі жағынан да, мақсаты мен міндеттері жағынан да, мазмұны мен мағанасы жағынан да, демек, дерек көзі ретіндегі ерекшелігі жағынан да оқшау тұрған еңбек, ол 1999 жылы “Атамұра” баспасынан жарық көрген “Тарих толқынында” атты кітап. Елбасының, әлем мойындаған саясаткердің тарих толқынына ден қойып, елінің, ұлтының бүгіні мен келешегін сол тарих толқындары жалғастығынан іздеу себебі туралы автор кітаптың алғы сөзінде: “Кездейсоқ болмауы керек, Қазақстанның аспан түстес туының бетінде алтынға айналған бүркіт қанат керген. Осынау тәуекелі келіскен мазмұнды да мағаналы нысанның өн бойында табиғат та, тарих та тоғысып жатыр. Қазақтар тарих толқынында…
Егер саясаткер бүгінмен ғана беттесер болса, онда олардың тағдыры анағұрлым жеңілдеу болар еді. Әрекет үстіндегі саясаткерлер, мейлі күйретуші немесе көркөйтуші болсын, олардың драмаға толы тірлігі қайткен күнде де тарихтың толқындарымен шендесіп жатады. Мұны саяси театр актерінің өзі сезіне ме, жоқ па, онда тұрған ештеңе жоқ. Гәп басқада – гәп жаңағы тарих толқындарымен шендестіріп жататын күштің таза практикалық немесе өткінші істерді бірде айқындап, енді бірде көлеңкелеп жататынында болса керек.
Менің тарихқа ден қоюымның сыр-себебі де бүгінгі күннің оқиғаларынан тарихтың “табын” сезінгендігімде деп білемін”-деп түсіндіреді. Демек, Н. Назарбаевты тарихқа “алып келген” тарих сабақтастығы, “бүгінгі күннің оқиғалары” сырына тарих арқылы тереңірек үңілудің қажеттілігі.
Тыңдай білген адамға тарих тағылымы мол ұстаз, пайдалана білген адамға тарих теңдесі жоқ таным тәсілі. Ол бәріне де, оның ішінде саясаткерге де қажетті құрал. Сондықтан да Елбасы: “Тарихқа археологиялық зерттеулердің пәні тұрғысынан қарамай, бүгінгі өмірді танудың тәсілі тұрғысынан қарағанда “саясат” деген кінәмшіл үрдіс әрқашан алдыңнан шығып отырады.
Үшінші мыңжылдыққа санаулы күндер қалғанда біздің болмысымыздың ең көкейтесті сұрақтары – ұлттық үндестігіміздің мән-мағанасы неде, қазіргі Қазақстан үшін мәдениетке қатысты үлгінің қандайы қонымды, біздің ұлттық санамыздың арқауы неде, қазіргідей жедел құбылатын заманда “МЕН” дегізерлік ұлттық қасиеттерді қалай сақтап қалуға болады – міне, мұның бәрі де нақтылы өмірмен беттескен саясаттың сұрақтары. Ал оның жауабы бүгінгі өмірмен ғана астасып жатқан жоқ, тұнығы мен тұманы қабаттасқан тарихтың тұңғиығымен де тамырласып жатыр”-деп жазды.
Сонымен қатар Н. Назарбаев: “Бүгінгі таңда, ұлттық тұтастығымызға тұғыр болатын азат мемлекеттігіміздің құрылысын беріктей түсуден мәнді мақсат та, міндетте жоқ”-деп, ұлт алдында тұрған ең басты міндетті атап көрсете келе, бұл міндетті орындаудағы тарихтың рөлі туралы: “Тарихи тек-тамырыңның тереңнен бастау алғанын танып-түсіну, ата-бабаңның шапағаты мол шабытты істерін заңды мақтаныш ету, тоталитарлы кезеңнің зардаптарынан арылу, сөйтіп тарихи сананы уақыт талабына сай қалпына келтіру ұлттық тұтастануға тегеурінді серпін беруге тиіс… Тарихтағы өз орныңды білу,бабаларыңды ру төмпешігінің деңгейінде емес, жалпыұлттық өреде мақтан тұту, ұлан-байтақ Евразия тарихында ұлы істерге ұйтқы болған қазақтар мен олардың бабаларының өзіндік орнын танып-түсіну, ұлттық қадір-қасиетіңді қорлайтын жаттанды жалалардан арылу, міне, ұлттық тұтастыққа кепіл болатын бүгінгі күннің ең қуатты тетіктері осылар!”-деп жазды.
Сонымен қорыта айтсақ, Н.Ә. Назарбаевтың “Тарих толқынында” атты кітабының тәуелсіз Қазақстан тарихының жеке адамдық жазба дерек көзі ретіндегі басқа еңбектерінен басты айрмашылығы, автордың тәуелсіздік тарихының тамырын тарихтан іздеушілдігі. Егер, басқа еңбектерде тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің пайда болуының объективті алғышарттары туралы айтылып, нақты мемлекет құру ісі бейнеленсе, “Тарих толқынында” сол мемлекеттің тереңнен бастау алған ірге тасы туралы айтылған.
3. Елбасы Н.Ә. Назарбаев әрдайым ұрпақтар сабақтастығына терең мән беріп келеді. Өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде Президент: «...Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан тарихы үшін белесті кезең... Бұл оқиғаның саяси һәм қоғамдық маңызы Қазақ хандығының Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет болғандығында жатыр» деп атап көрсеткен еді. Қазіргі күнде Қазақстан мемлекетін құрап отырған қазақ этносы – Қазақ хандығының құрылуымен тарих сахнасына шықты. Солардың саяси құрылымы «Қазақ хандығы» деп аталды. Қазақ халқының мемлекеті ХІХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін жетті. Өкінішке орай, Қазақ хандығы ұлттық сипаттағы мемлекет болса да, орта ғасырлардағы қоғамдық қатынастарға негізделген мемлекет еді. Мұндай мемлекеттер жаңа заманға сай қоғамдық қатынастарды жетілдіре алмады.
Президент Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты кезекті Жолдауында (11 қараша 2014 ж.) 2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуы кең көлемде атап өтілетіндігін мәлімдеді. Ал, 2014 жылы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу туралы» (№ 1448) қаулысы қабылданды. Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу – «батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін» жас ұрпақты мемлекетімізді құрметтеуде, отансүйгіштікке баулуда, «мемлекет» және «мен» деген ұғымды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратындығы сөзсіз.
1915 ж. 11-12 қыркүйек аралығында Астана қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілді. Салтанатты жиынға ӘР-ның Президенті И. Әлиев, ҚР-ның Президенті А. Атамбаев, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері И. Йылмаз, ТР-ның Үкіметінің вице-премьері С. Тойлиев және т.б. қатысты. Сондай-ақ, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Қытай, Иран, Түркия, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь және басқа да елдерден мыңнан аса қонақтар келді.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде: «Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Сондықтан, жас ұрпақ ата тарихынан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. …Ұлт жадының тамырына балта шабуға арналған осындай сұрқай саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын орын алғанына сенудің өзі қиын. Бірақ кеңес заманының ащы шындығы дәл осындай болатын» дей келе, «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды», – деді. Ұлы далада Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген хандықтар, мемлекеттер пайда болды, бірақ олар өздерінің атауын көбінде билеуші әулеттердің есімімен байланысты атаса, Қазақ хандығы отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды. Бұл дерек – Қазақ халқының ежелгі заманнан елдік санасы ерте оянып, бірегей дара кескін-келбеті сомдалып, тарих толқынында ұранды ұлысқа, ордалы жұртқа айналғанын, толысып қалыптасқандығын көрсетеді.
Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіне сүйеніп, Елбасы 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде болған тарихи оқиғалар жөнінде: «Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айрылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұланғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады» деп атап көрсетті. «Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін керді. Хақназар хан шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді» деп тарихымыздың кезеңдеріне тоқталды.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы аталатын мемлекетіміз – ХV ғасырда өмірге келген Қазақ хандығының тарихи жалғасы. Кешегі Алаш зиялыларының өз өмірін арнаған асыл армандарының орындалғандығының көрінісі. «Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол – қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. … Сіздер мен біздер құрған Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын! Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз». Айта кетер жайт, Президент Н. Назарбаев Ұлытау сұхбатында: «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген еді. Салтанатты жиында сол сөзінің жалғасы ретінде: «Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады» – деп түйіндеді Елбасы.
Достарыңызбен бөлісу: |