Экспертиза жағдайы оқушыларды зерттелуге әртүрлі тәсілдермен мәжбүрлеуде, мысалы, мұғалім немесе әкімшілік оқушыларға зерттеу нәтижесі олардың өміріне әсерін тигізетін зерттеуді ұсынады (нәтижемі ата—аналар жиналысында, барлық сыныпқа хабарланып, талқылау материалы немесе басқа сыныпқа ауысуға себеп болып табылады және т.б.).
Клиент жағдайы оқушылардың өзінің жеке ерекшеліктері, бейімділіктері және басқа тұлғалық сапалары туралы білу тілегімен сипатталады. Педагогтың өзі оқушыларда өзін-өзі тануға деген қызығушылықты оята алады. Мұнда алынған ақпарат тек педагогқа және оқушыға ғана мәлім болуы керек.
4. Педагог тестілеу немесе диагностикалаудың қандай да бір тәсілі барлық қиындықтарды шешпейтіндігін білуі қажет. Мұнда көп нәрсе нәтижелерді дұрыстүсіндіруге, оларды басқа да өмірлік көрсеткіштермен, оқушы іс-әрекетінің нәтижелерімен салыстыруға байланысты.
5. Тиімділік және түзетушілік принциптеріне сәйкес диагностикалау әдістерін іріктеу қажет. Тиімділік принципі - зерттеу процедурасына, нәтижелерді өңдеу мен түсіндіруге аз уақыт пен күш жұмсай отырып, мейілінше көп пайдалы ақпарат алу мүмкіндігін қамтамасыз ететін әдістемелерді қарастырады. Түзетушілік принципі – оқушыларға психологиялық көмек көрсету, оларда жекелеген психикалық процестерді дамыту және қалыптастыру мақсатында оқушылармен жұмыста зерттеу нәтижелерін пайдалану мүмкіндігін қарастырады.
6. Сауатты педагог математикалық статистика элементттерін меңгеруі тиіс. Бұл диагностикалық зерттеулердің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады (орта арифметикалық көрсеткіш, медиана, стандартты ауытқу). Мұғалімнің шығармашылық дамуы аясында жүзеге асырылған кез—келген зерттеу қазіргі уақытта диагностиаклау нәтижелерін, оларды түсіндіруді және шынайылық тұрғысынан талдануын қамтуы тиіс.
Диагностикалық процедураның мұқият ойластырылуы және бөлшектенуі оны технологияландыруға мүмкіндік береді.
Диагностикалау технологиясы:
Диагностикаланатын мақсатты анықтау.
Диагностикаланатын мақсаттардың негізінде жеке тұлғаны немесе ұжымды зерттеудің нақты міндеттерін тұжырымдау.
Қойылған міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін жеке тұлғаның қасиеттері мен сапаларын немесе ұжымның әлеуметтік- психологиялық ерекшеліктерін зерттеудің диагностикалық әдістерін іріктеу.
Психодиагностикалық мәдениет талаптарын ескеру негізінде іріктелген әдістемелердің көмегімен диагностикалық зерттеу процедурасын жүзеге асыру.
Алынған нәтижелерді талдау, оларды жеке тұлға немесе ұжым туралы белгілі мәліметтермен салыстыру; оларды осы жас мөлшеріне тән психикалық және интеллектуалдық даму көрсеткіштерін қамтитын нормамен салыстыру.
Диагностикалық зерттеу нәтижелерін оқушыларға, ата-аналарға немесе осы сыныптың пән мұғалімдеріне хабарлау. Алынған ақпаратты хабарлау, ең алдымен,құпия болуы қажет. Ол жеке тұлғаның позитивті дамуына ықпалын тигізуі қажет. Педагогтың бала тұлғасының дамуын тежейтін мәліметтерді балаға және ата-анаға хабарлау құқығы жоқ.
2. Оқу -тәрбие жұмысының нәтижесін бағалау тұтас педагогикалық процестің маңызды компоненті болып табылады. Ол әрдайым сынып жетекшісінің назарында болады, педагогикалық процестің тиімділігі мен нәтижелілігін көрсетеді.
Тәрбиенің табысты болуы көп ретте оның нәтижелерін дұрыс есептеу мен объективті бағалауға байланысты. Тәрбиешілер нақты тәрбие міндеттерін алға қоюы үшін олардың жеке адаммен коллективті қалыптастыру және дамыту ісіне қол жеткеннің бәрін жақсы білуге тиіс. Қол жеткенге сүйене отырып қана ойдағыдай ілгері басуға болады.
Тәрбиенің нәтижелерін анықтау және оған баға беру міндетті түрде жеке адам мен коллективті жан-жақты зерттеуді көздейді. Н.К. Крупская “Тәрбие жұмысы туралы” мақаласында былай деп жазады: “Педагогтар педагогиканың негізгі ережесін жиі естен шығарады: баланы тәрбиелеу үшін жалпы атаулыны және атап айтқанда тәрбиеленетін балаларды өте жақсы білуі керек... Балаларды осылай білмейінше, тәрбие жұмысы ғана емес, сонымен бірге оқыту жұмысында шындап ұйымдастыруға болмайды, балаларды білмейінше бірқалыпты жолға түсуі, балаларға деген теңгерме көзқарасқа түсу оңай”.
Мектептердің тәжірибесімен танысу, өкінішке орай, оқушылардың ұдайы зерттелмейтінін, тәрбиенің шын мәніндегі нәтижелері есептелмейтінін және бағаланбайтынын көрсетеді. Мұның бәрі тәрбие процесін ұйымдастыруды және үлестіруді, оны жетілдіруді қиындатады.
Оқушыларды жан-жақты зерттеу, олардың жан дүниесіне үңілу тәрбие жұмысының неғұрлым тиімді формалары мен тәсілдерін творчестволықпен таңдап алуға, оның нәтижелерін есептеп, бағалауға, оқушыларға жеке-жеке қарауды қамтамасыз етуге көмектеседі.
Тәрбие нәтижелерін дұрыс, объективті түрде бағалау үшін оқушылардың тәриелік дәрежесі дегенді қалай түсіну керектігін және осы дәрежені бағалау өлшемдері қандай екендігін талдап білуіміз қажет. Өйткені тәрбие нәтижелері оқушылар тәрбиелілігінің дәрежесін, олардың бойында белгілі адамгершілік қасиеттерін қалыптасуынан, олардың санасы мен тәртібінде болып жатқан өзгерістерден нақты көрініс табады. Тәрбие нәтижелері туралы көбіне тек өткізілген тәрбие шараларының саны бойынша, жеңіп алынған жүлделі орындардың, ие болған вымпелдердің саны және басқа да сыртқы көріністер бойынша ғана пікір айтылады. Бұл, әдетте, дұрыс емес. Әрине, мұның бәрін есептеу керек, бірақ мұның жеке адамның дамуына қалай әсер еткенін, сана мен мінез-құлықта қандай өзгерістер болғанын, қандай қасиеттер қалыптасқанын анықтау одан әлдеқайда маңызды. Мұны анықтау оңай емес, әңгімелер, жиналыстар, диспуттар санын есептеуден әлдеқайда қиын. Бірақ тәрбие жұмысының нәтижелерін объективті түрде бағалау, оның жеке адам дамуына жасаған анықтау үшін оқушылардың тәрбиелілігі дәрежесіндегі, олардың санасы мен мінез-құлқындағы өзгерістер туралы анық білу керек. Сондай-ақ тәрбиелік ықпал нәтижесінде олардың мінез-құлқында алдағы уақытта қандай өзгерістер болатынын, тәрбиенің формалары мен тәсілдері неғұрлым тиімді болып шыққанын, қайсысынан бас тартып немесе жетілдіру керек екенін анықтау маңызды. Мұнсыз өткізілген тәрбие жұмысының тиімділігі мен сапасын, оның оқушылар коллективі мен әрбір оқушыға жасаған ықпалын объективті түрде бағалау мүмкін емес.
Әсіресе оқушының мінез-құлқын өлшеп бағалау өте қиын. Бұл үшін оның тұрақты әдетін, икемділігі мен дағдысын білу керек. Мұны істеу қиын, бірақ ол қолдан келетін іс. П.П. Блонский “Ғылыми психология очеркі” деген еңбегінде былай деп жазды: “...адамның мінез-құлқын өлшеуге болады. Дүниеде өмір сүріп, өзгеріске түсетіннің бәрін өлшеуге болады, оның неше рет өзгеріске түскенін біздің есептей алатынымыз мағынасында айтсақ та жеткілікті. Оның үстіне бүкіл өзгеріске түсетіннің өлшене алатыны біздің бұл өзгерістің қанша уақыт өткенін айта алатынымыз мағынасында дұрыс. Сонымен, неше рет және қанша уақытта – міне, сайып келгенде, біз сан арқылы жауап бере алатын екі сұрақ осы”.
Белгілі бір қасиеттің даму дәрежесін бағалау кезінде сандық қатынасты қолдану жеткіліксіз. Бұл тұста тәрбиелік дәрежесін сипаттап беретін сапалық көрсеткіштер керек.
Адамгершілік тәрбиелілігінің дәрежесін бағалаудың біртұтас өлшемдерін талдап асау мектептердің практикалық қызметкерлеріне оқушылардың моральдық бейнесіндегі өзгерістерді барынша білгірлікпен айқындауына көмектеседі. Сонымен бірге мұның өзі педагогикалық басшылық жүйесін оқушылардың адамгершілік жағынан дамуымен дер кезінде және нысаналы үйлестіруге жәрдемдеседі.