Ең алдымен, кәсіпорынның техникалық деңгейі негізгі қорлардың құрылымына ықпал етуі мүмкін. Өндірістік үдерістерді механикаландыру, кәсіпорынды озық техника үлгілерімен құрал-жабдықтау негізгі қордың жалпы құнындағы жұмыс машиналары мен құрал-жабдықтарының меншікті үлесін арттыра түседі.
Өңдеу және өндіру өндірістеріндегі негізгі қорлар құрылымы әр түрлі. Егер біріншісінде машиналар мен құрал-жабдықтар үлесі басым болса, екіншісінде – құрылымдар үлесі жоғары болады.
2.Негізгі қорлардың тозуы, олардың негізгі түрлері. Негізгі капиталды амортизациялаудың маңызы. Кәсіпорын-ның негізгі құралларын бағалау әдістері
Негізгі капитал өндіріс үдерісіне қатысуы мен пайдалану жылы ұлғайған сайын, табиғат күшінің әсер етуімен ол пайдалану үдерісінде біртіндеп тозады, яғни өзінің бастапқы сапасын жоғалтады. Олар белгілі бір уақыт өткеннен кейін пайдалануға жарамай қалады да, бұл құралдардың орнына жаңа негізгі капитал сатып алуға тура келеді.
Тозудың екі түрі болады: табиғи және сапалық (заман талабына сай келмеуі). Негізгі қорлардың табиғи тозуы олардың өндіріс үдерісіне қатысу нәтижесінен және негізгі капиталдың пайдалануға тікелей қатыспай-ақ түрлі сыртқы факторлардың әсерінен: ылғалдан, атмосфералық құбылыстар нәтижесінен, металдардың тот басуынан, ескіруінен (тозудың табиғи нысаны) пайда болады.
Негізгі капиталдың сапалық тозуы олардың толық табиғи тозуы жетпей-ақ құнсызданып, өндірістің даму үдерісінен кейін қалуы, яғни негізгі капиталдың ғылым мен техниканың дамуының бүгінгі күнгі талаптарына сәйкес келмейтін жағдайда болуынан туындайды. Техника мен технологияны жетілдірудің арқасында жұмыс істеп тұрған негізгі капиталдың ұқсас түрінің арзандауына ықпал етеді. Осыған орай, пайдаланылудағы негізгі капитал өздерінің құнының белгілі бір бөлігін жоғалтып, құнсызданғандай болады. Машиналардың, жабдықтардың, үйлер мен ғимараттардың барынша жаңа, неғұрлым жетілдірілген және үнемді түрлерін, малдардың жаңа немесе жақсартылған өнімді тұқымдарын, көпжылдық өсімдіктердің түрлері мен сорттарын өндіріске енгізуге байланысты пайдаланылып жүрген негізгі капиталды бұдан әрі қолдану экономикалық жағынан тиімсіз болып қалады.
Негізгі капиталдың сапалық тозуын мынадай факторлар арқылы анықтайды: өндірісте құрал-жабдықтарды жаңартудағы жаналықтарды ендіру (ескі машиналарды жаңа, неғұрлым өнімді машиналармен ауыстыру); технологиялық үдерісті жетілдіру - жаңа технологияны қолданған кезде пайдаланудағы машиналар мен құрал-жабдықтар жарамсыз болып қалады; шығарылатын өнімнің номенклатурасын өзгерткенде және жаңартқанда ескі машиналар мен құрал-жабдықтар жарамсыз болып танылады; жұмысшы күшінің еңбекке қамтылуындағы, жұмыскерлер біліктілігіндегі, өндірісті орналастыру аумағындағы өзгерістер өндірістің және пайдаланылатын машиналар мен құрал-жабдықтар санының азайтылуын талап етуі мүмкін; өндірістің өндеуші салаларындағы өнімнің жекелеген түрлерін шығаруға қажетті шикізат құрамындағы өзгерістер өнеркәсіптің өндіретін салаларында өндіріс көлемінің қысқаруына әкеліп соғуы мүмкін.
Негізгі капиталдың сапалық тозуының бірінші себебі - өндіріс салаларында ғылыми-техникалық серпілістікке байланысты еңбек өнімділігінің өсуі болып табылады. Еңбек өнімділігі өскен сайын белгілі бір дайын өнімді, құрал-жабдықты, тағы да басқаларды өндіруге кететін қажетті уақыт азаяды да, оның құны соғұрлым төмендейді. Осыған сәйкес еңбек өнімділігінің өсуіне байланысты жаңа құрал-жабдықтардың, машиналардың, яғни негізгі капиталдың бағасы бұрын сатып алынған осындай негізгі капиталдың бағасына қарағанда арзан болады. Мұндай жағдай ұйымдарға қымбат және тозыңқыраған (пайдаланған) машиналар мен көліктерінің, құрал-саймандарының тағы да басқа негізгі капиталдың орнына жаңа әрі сапасы жоғары негізгі капиталды сатып алу тиімді болады.
Негізгі капиталдың сапалық тозуының екінші себебі ғылыми-техникалық өркендеуіне байланысты жаңадан толық жетілген, өнімділігі жоғары, әрі тиімді негізгі капиталдың пайда болуына байланысты. Кәсіпорындарда өнімділігі төмен негізгі капиталдың орнына, техникалық жағынан жетілдірілген, тиімділігі жоғары негізгі құралдарды пайдалану әр уақытта тиімді болып табылады. Сондықтан да өнімділігі жоғары машиналар мен құрал-жабдықтардың пайда болуы және олардың бағасының арзандауы бұрынғы пайдаланып келген негізгі капиталдың сапалық тозуына әкеліп соқтырады.
Сапалық тозу әсерінің нәтижесінде табиғи тозу мерзімі келгенге дейін негізгі құрал-жабдықтар нысандары жаңасына, әрі неғұрлым пайдалы (үнемді) түріне ауыстырылады. Сапалық тозуды болдырмау мақсатында негізгі құрал-жабдықтар нысандарын қайта құрып, жаңарту жұмыстарын жүргізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |