Сын есім. Бұл тақырып оқушылардың сын есім туралы түсінігін кеңейте түсуге арналған. Сондықтан жаттығуларда сын есімдерді табу, оларға сұрақ қою, сын есімдерді зат есімдермен дұрыс тіркестіре білуге үйретумен қатар, бір зат есімге қатысты бірнеше сын есім тапқызу, керісінше, бір сын есімге тән бірнеше зат есім тапқызу мақсаты қойылды. Мұның себебі – бір заттың өзін әр тұрғыдан сипаттауға болатынын байқату, яғни белгілі бір нәрсенің әр алуан сапалық қасиеті болатынын білдіру.
Осы 3-сыныпта негізгі және туынды сын есім туралы алғашқы мағлұмат берілуге тиіс. Бұл жаттығу жұмыстары арқылы, яғни берілген сын есімдердің түбірі мен қосымшасын ажырату арқылы жүзеге асады. Мәселен, ақылды адам, тәртіпті оқушы, әдепті қыз, әсерлі әңгіме тәрізді тіркестерді тақтаға жазып, сын есімдердің түбірі мен қосымшасын ажыратқызып байқату тәсілімен зат есімдерге әртүрлі жұрнақтар жалғану арқылы туынды сын есім жасалып тұрғаны түсіндіріледі. Сонан соң негізгі сын есім мен туынды сын есімді салыстырып, олардың бір-бірінен өзгешелігін аңғартамыз.
Тағы бір ескертетін жай: сын есімнің салыстырмалы шырай жұрнақтарымен ісжүзілік тұрғыда таныстыру көзделді. Өйткені оқушылар заттардың әр алуан қасиеттерін бір-бірімен салыстырып айту барысында аталған жұрнақтарға кездеспей тұрмайды. Сол себепті жаттығулар орындау барысында салыстырмалы шырай жұрнақтарымен таныстыра беру артықтық етпейді, керісінше, оқушылардың сөз байлығын молайтады, заттарды сипаттай білуге, өзара дұрыс салыстырып айтуына мүмкіндік береді. Оқулықтағы 47–50-жаттығулар осы мақсатқа орай берілген.