Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген


Құдайберген Қуанұлы Жұбановты



Pdf көрінісі
бет3/239
Дата22.01.2023
өлшемі3,08 Mb.
#166059
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   239
Байланысты:
fccc01431d3e67547942d7aa722f633c
2-зертханалық жұмыс ББД, 3 ЛАБ БД, методичка обуч на дому 4 кл, Қасым Аманжолов өмірі 11 ҚГБ, Республика күні, патан жеке сессия макро[1]
Құдайберген Қуанұлы Жұбановты 
қайта тану 60-70 
жылдардың тұсында көзкөргендердің естеліктерін жинаудан, өмірбаянын 
тереңдей зерттеуден басталды. Бұрын жарияланған еңбектері әуелі жеке 
мақалалар түрінде, 60-жылдардың соңында академиялық жинақ болып 
жарыққа шықты. Ғалымның жоғын іздеуге, халқына қайта табыстыруға 
мұрындық болған елеулі бір үндеу академиктер – М.Әуезов пен 
І.Кеңесбаевтың «Қазақстан мұғалімі – Учитель Казахстана» атты 
республикалық газетте 1957 жылы 5 желтоқсанында орыс-қазақ тілдерінде 
жарияланған «Қазақ лингвистикасының негізгі салушы» – «Основоположник 
казахской лингвистики» (1) атты мақаласы болды. 
Ұлтымыздың данышпан жазушысы, адамзаттық гуманистік идеяны паш 
еткен өкілдерінің бірегейі – ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезов профессор 
Қ.Жұбановқа арнаған «Ірі оқымысты» атты мақаласында: «...Құдайберген 
Қуанұлы Жұбанов – туған жер, өскен еліне шынайы ой-арманымен, 
қалтқысыз көңілі, ақаусыз білімімен танылған адал азамат, ардақты ғалым 
еді...», – деген болатын (2, 358). Кемеңгер ойшылдың бұл сөздері 
Қ.Жұбановтың көзін көрген үзеңгілестері мен шәкірттері ғана емес, ғалым 
бейнесімен оның еңбектері арқылы ғана танысқан кейінгі ұрпақ өкілдерін де 
бей-жай қалдырмасы хақ. Ғалымның атына жағылған ақтаңдақ аршылып, 
қалдырған қазынасы халқына қауышқанда ұлт зиялылары, замандастары, 
шәкірттері еңбектерін екшелей отырып, баға беріп жатты.
Солардың бірі – академик Әбдуәли Қайдардың: «Профессор 
Құдайберген Жұбанов – өзінің қысқа ғұмырында бір өзі бір академиялық 
институттың атқаратын жүгін көтерген майталман ғалым» (3, 6), – деген ойы 
ғалымның биік мәртебесін айғақтап тұр. Шынында да, Қ.Жұбановтың сонау 
өткен ғасырдың 20-жылдардың ортасынан бастап, 30-жылдардың соңғы 
ширегіне дейін тындырып кеткен істері бұл күнде терең де өрісті ғылыми 
ойларға өзек болып отыр.
Құдайберген Жұбановтың өмірбаянын сөз еткенде өткен ғасырдың 
алғашқы онжылдықтарындағы қазақ зиялыларының қоғам өміріне белсене 
араласып, әлеуметтік жүктерді қоса арқалағанын айтпай кетуге болмас, 
әрине. Өйткені ар-ұжданы биік, көкірек көзі ашық алдыңғы саптағы 
зиялылар тобы әрдайым әлеуметтік істердің басынан табылуды, қоғамның 
мәдениеті мен рухани өмірінің барлық саласына аянбай қызмет етуді 
өздерінің азаматтық борышы санады. 
Қ.Жұбанов ағартушы, мәдениет және қоғам қайраткері, қазақ 
баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі атанып, ғылым кенін еңсерді, 
қазақ филологиясының тұңғыш профессоры атанды. Ғалымның ҚазПИ-де 
лекция оқып, кафедра меңгерушісі, кейін декан қызметтерін атқара жүріп, 
КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының лингвистика секторының 
меңгерушісі (қазіргі Тіл білімі институты), «Қазақ тілінің академиялық 
сөздігінің» бас редакторы, Қазақ КСР Халық ағарту комиссариаты 



жанындағы Методика, программа, оқу құралдары секторының меңгерушісі, 
Мемлекеттік термин комиссиясының төрағасы, термин комиссиясы 
бюллетенінің редакторы, «Ауыл мұғалімі» журналының бас редакторы, 
Халық ағарту комиссариаты коллегиясының мүшесі, Ұлттар мәдениеті 
институты Ғылыми кеңесінің мүшесі болып, бірнеше жұмысты бірдей 
атқарғаны ет пен сүйектен жаралған адам баласының қолынан келер іс 
дегенге қайран қалмасқа шара жоқ. Бірнеше ғылыми-зерттеу институтының 
басшылары атқаратын міндетті Қ.Жұбановтың бір өзінің арқалауы ғалымның 
өз халқы үшін жанын аямай еңбек етуі болса, екінші жағынан, ол кезде 
Қ.Жұбановтай оқыған әрі тума таланттардың тапшылығынан деуге болар. 
1930 жылдардың бас кезінде жергілікті түркі тілдес республикаларда тіл 
білімін көтеру, ұлт кадрларын даярлау мақсатында сол республикаларға 
жұмыс істеуге орталықтан (Мәскеуден) түркітанушы ғалымдарды жіберу 
дәстүрі болған. Мысалы, Өзбекстанға В.В.Решетов пен И.А.Батмановты, 
Қырғызстанға 
К.К.Юдахинді, 
Қарақалпақстанға 
Н.А.Баскаковты, 
Түрікменстанға 
А.П.Поцелуевскийді 
жіберген. 
Бірде 
профессор 
Н.А.Баскаковтан жас зерттеушілердің бірі: «Сіз өзіңіздің ғылыми 
жолыңыздың басында неге қазақ, қырғыз тілдерінен гөрі қарақалпақ тіліне 
көбірек көңіл бөлдіңіз? Былай қарағанда, тілдер өзара өте жақын ғой, 
бәлендей қиындық тудырмайтын еді ғой», – деп сұрағанда, ол кісі: 
«…Сіздерде А.Байтұрсынов, Н.Төреқұлов, Қ.Жұбанов сияқты алыптары бар 
бүкіл әлем мойындаған керемет лингвистикалық мектеп тұрды ғой…», – деп 
жауап беріпті. Атақты түркітанушының Қ.Жұбановты «әлем мойындаған 
лингвистикалық мектептің» маңдайында тұрған алыптардың қатарында 
атауы сол кездегі түркологияда ғалымның қандай рөл атқарғанын, оны 
түркология әлемінің қаншалықты мойындағанын көрсетсе керек. 
Қ.Жұбановты қайта тану ісін туған інісі, академик Ахмет Жұбанов, 
академик М.Қаратаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, М.Балақаев, Р.Сыздық, 
Ә.Қайдар т.б. бастап, ғылымдағы жас буын одан әрі жалғастырды. 
Алғашында «қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі» деп аталған 
Қ.Жұбановтың кейіннен сол ғылымның теориялық негізін салған бірегей 
оқымысты екені анықталды. Одан әрі Қ.Жұбановтың қазақ тілінің аясымен 
ғана шектелмей, ана тіліміздің тарихын зерделеу арқылы түркология әлеміне 
қалам сілтеген ғалым екені де мойындалды. Зерттеу жұмыстары одан әрі 
тереңдей түскенде Қ.Жұбановтың тек түркология аясында ғана қалып қойған 
зерттеуші емес, әлемдік тіл біліміне де құлаш жайып, үндіеуропа тіл білімі 
мен шығыстануды, яғни ориенталистиканы ұштастыра білген ғалым екендігі 
дәлелденді. «Қ.Жұбанов ғылым айдынының қай бағытын ұстанды?» дегенде, 
оның дәстүрлі лингвистиканың барлық салаларын қамти зерттегені, көне 
мәдениет көздерін этнолингвистикалық таным тұрғысынан зерделегені, 
сандық ұғымдарды мол пайдаланатын математикалық лингвистиканың 
алғышарттарын белгілеп кеткені, тіл тарихын халық тарихының терең 
қойнауларынан іздестіру үшін ескі орхон, араб, латын жазуларын қамти 
отырып, жапон тілінің иероглиф жазуын игеру арқылы қытай иероглифін 



зерттеуге, сөйтіп, тарихтың өне бойында жатқан деректерге жол салуға 
ұмтылған майталман екендігі де мәлім болды. 
Қазақстан 
Республикасы 
Білім 
және 
ғылым 
министрлігінің 
бастамасымен және мақсаттық қаржыландыруымен қолға алынған «Ғылыми 
қазына» пәнаралық бағдарламасының «Ұлы дала тұлғалары» сериясы 
аясында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдар 
ұжымы дайындаған бұл еңбекте қазақ тіл білімінің дүниеге келуі мен 
теориялық тұрғыда қалыптасуы жолында адал еңбек еткен абзал жандардың 
бірегейі 
– 
Қ.Жұбановтың өмір жолы мен қызметі турасында «Тұғырлы тұлға 
тағдыры» атты тарауда жан-жақты ақпарат беріліп, қайраткер қызметі 
құжаттар тілімен баяндалды. Аталған тарауды жазу барысында алғашқы 
жұбановтанушы, академик Р.Сыздықтың «Ғалым-азамат» (4) және 
К.Кенжебаев пен Ә.Оралбайдың «Құдайберген Жұбанов» (5) еңбектері 
пайдаланылды. Тарауды құрастырғандар – Қ.Жұбановтың әке жолын қуып, 
тіл ғылымын таңдаған кенже ұлы, филол.ғ.д., проф. Асқар Құдайбергенұлы 
Жұбанов, жұбановтанушы, филол.ғ.к. Ж.Сұлтан, филол.ғ.к., доцент 
С.Құлманов. 
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген тараудың «Қ.Жұбанов 
– ғылым көгінің жарық жұлдызы» атты бөлімінде қазақ тіл білімінің ғалым 
негізін қалаған салаларға (филол.ғ.к., доцент С.Құлманов), фонетика («Бірде 
бәсең, бірде қатаң», филол.ғ.д., проф. З.М.Базарбаева), морфология («Сөз 
материалының түр сипаты», филол.ғ.д., проф. Ж.Манкеева, филол.ғ.д. 
А.Ә.Жаңабекова, филол.ғ.д. О.Жұбаева), синтаксис («Қиынын тауып 
қаламасаң...», филол.ғ.к., доцент С.Құлманов), жалпы тіл теориясы 
(«Тілтаным теориясы туралы тұжырымдар», филол.ғ.д., проф. Б.Хасанұлы), 
терминология («Толғауы тоқсан термин сөз», академик Ө.Айтбай, филол.ғ.д., 
проф. Т.Жанұзақ, филол.ғ.д. Қ.Айдарбек, филол.ғ.к. Б.Жонкешов), 
орфография және әліпби («Әліпби деп алаңдап, емле деп елеңдеген», 
филол.ғ.д., 
проф. 
Н.Уәли, 
филол.ғ.д. 
Қ.Күдеринова, 
филол.ғ.к. 
Н.Әміржанова), ономастика («Атаулардың астары», филол.ғ.д., проф. 
Т.Жанұзақ, филол.ғ.д., проф. Қ.Рысберген) салаларына қатысты еңбектеріне 
ғылыми талдаулар жасалады. 
Профессор Қ.Жұбановтың қазақ тіл біліміне қатысты зерттеулері көп 
уақыт бойы құрылымдық лингвистика тұрғысынан қарастырылып келгендігі 
белгілі. Алайда ғалымның қамшының сабындай қысқа ғұмырында қалдырып 
кеткен мұраларына тереңірек үңіле қарап, қазіргі тіл білімінің даму бағыт-
бағдары, ұстанып отырған концепциялары тұрғысынан көз тастасақ, бүгінгі 
ғылыми ой-тұжырымдардың «мен мұндалап» жатқандығын аңғарамыз. Осы 
орайда «Соны сүрлеу» тарауы (филол.ғ.д., проф. А.Жұбанов, филол.ғ.д., 
проф. Ж.Манкеева, филол.ғ.д., проф. Қ.Рысберген, филол.ғ.д. А.Жаңабекова, 
филол.ғ.к. С.Құлманов, филол.ғ.к. Ж.Сұлтан, филол.ғ.к. Ғ.Ермекбай) 
Құдайберген Қуанұлының ғылыми мұрасының қазіргі ғылымдағы маңызы 
мен жалғастығына, сабақтастық сарынына арналды. 



Қ.Жұбановтың көрнекті лингвист-ғалым бола отырып, көркем әдебиет 
мұхитына сүңгіп («Көркемдікті көздеген көреген көз», академик Ө.Айтбаев, 
филол.ғ.д., проф. Т.Жанұзақ, филол.ғ.д., проф. Ж.Манкеева), публицистика 
айдынында жүзгені («Қараңғыға «Ай» туғызған қаламгер», Ә.Оралбайдың 
«Құдайберген 
Жұбановтың 
публицистикасы» 
атты 
кандидаттық 
диссертациясы негізінде дайындаған – кіші ғылыми қызметкер 
А.Барменқұлова), оқыту әлемінде шарықтағандығы («Ұстаз-ғалымның 
ұшқыр тағылымы», педагогика ғ.д., проф. Ф.Оразбаева), аудармашылық 
өнері («Тәлімгер тілмаш», академик Ө.Айтбай, филол.ғ.д. Қ.Айдарбек, 
филол.ғ.к. Б.Жонкешов, кіші ғылыми қызметкер Е.Бесіров), драматургтік, 
ақындық, суретшілік, оюшылық қабілеті туралы («Құдай берсе, құлай 
береді», Р.Сыздықтың «Ғалым азамат» және К.Кенжебав пен Ә.Оралбайдың 
«Құдайберген Жұбанов» атты еңбектерінің негізінде дайындаған – 
филол.ғ.к., доцент С.Құлманов) «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты тарау кеңінен 
сыр шертеді. (Тарауларға тағылған атаулар Құдайберген Қуанұлының өз 
сөздерінен және Құдайберген Қуанұлына қатысты айтқан ғалымдар 
сөздерінен алынғандығын айта кеткен жөн). 
Әрине, Қ.Жұбановтың ғалымдық, әдіскерлік, көсемсөздік және т.б. 
қырларын осы еңбек толық ашып береді деуден аулақпыз. Өйткені ғалымның 
ғылымдағы ғұмыры әрі қарай зерттеле бермек, жұбановтану ісі жалғаса 
бермек. Осы тұста «Өшпес мұра» тарауында ғалымның еңбектері туралы 
қорғалған диссертацияларға шолу жасалып (филол.ғ.к. Ж.Сұлтан), 
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті жанындағы 
«Жұбановтану» 
зертханасының 
(зертхана 
меңгерушісі, 
филол.ғ.к. 
А.Е.Жұбанова), Ағайынды Жұбановтардың мемориалдық мұражайының 
қызметі (Мұғаджар аудандық Ағайынды Жұбановтардың мемориалдық 
мұражайының директоры Ұ.К.Мұхамбетова) баяндалды. 
Кітаптың «Жұбановтар жұлдызы» тарауы, атынан көрініп тұрғандай, 
профессор Құдайберген Жұбановтың дарыны дарып, қазақ халқының 
ғылымы мен мәдениетінің төрінде есімдері шоқжұлдыздай жарқыраған 
Жұбановтар әулетіне арналды (филол.ғ.д., проф. Т.Жанұзақ). Ал соңғы 
«Есімі ел есінде» тарауында абзал азамат, ұлтын сүйген ұлағатты ұл –
Қ.Жұбановтың азаматтық тұлғасын жарының, жақын туыстарының және 
көзкөргендердің естеліктері арқылы келер ұрпаққа таныту мақсаты көзделді. 
Еңбекті даярлау барысында осы шығармашылық топтың жетекшісі – 
филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ.Жұбанов пен жұмыстың 
жалпы корпусын даярлап, стильдік өңдеуден өткізген, жиналған 
материалдарды «Ұлы дала тұлғалары» сериясына бейімдеген филология 
ғылымдарының кандидаты, доцент С.Құлмановтың ерекше еңбек 
сіңіргендігін айту керек. Тіл білімі институты аталмыш еңбек материалдарын 
жинауға, жазуға, өңдеуге және баспаға ұсынуға қолғабысын тигізген барша 
шығармашылық ұжым мүшелеріне зор ризашылығын білдіреді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   239




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет