Ұлтымыздың тарихындағы ұлттық идея көріністері
Ол бірнеше ғасыр бойы отаршылдық пен тоталитаризмнің ықпалымен мәдени деградация мен трансформацияға ұшыраған ұлттық мәдениетті қайта өркендету, мемлекеттік деңгейде ұлттық идеяның негізін құрайтын түбегейлі құндылықтарды қайтару, осы уақытқа дейін тыйым салынып келген халықтың тарихи өткенін толығымен, жан-жақты зерттеулер арқылы қалпына келтіру және ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мәдени-рухани мол мұраны игеру сияқты міндеттерді шешуді жүктейді. Сонымен қатар, тәуелсіздік алған жылдардан кейін еліміздің алдындағы өзекті мәселелердің бірі – жаңа заман талабына жауап бере алатын мемлекеттің ұлттық идеясын жасау мәселесімен қатар, қазіргі модернизациялану жағдайында қоғам өміріндегі ұлттық идея¬ның алатын орнын анықтап, рухани жетілу, адамгершілікті дамыту, идеологиялық біріктіру қызметтерін кеңейту мүмкіндіктерін іздестіру қажеттілігі туды. Қазақстандық көпұлтты қоғамның қазіргі ұлттық даму сатысындағы өзіне тән ерекшеліктердің бірі – әртүрлі құндылықтар негізінде қалыптасқан сан-алуан әлеуметтік-мәдени құрылымдардың қатар өмір сүруі және олардың әрқайсысына сәйкес қоғамдық сана мен мінез-құлық үлгісінің пайда болуы деп айтсақ болады. Сонымен қатар, бұрыңғы концепциялар қайта қаралып, тарихта ұмытылған немесе тоталитарлы кезеңде тыйым салынған құбылыстарды қайта жаңғырту үрдісі байқалуда. Осылайша, қазіргі қоғамдық өмірдің реформалануы мен демократиялануы жағдайында, Қазақстан Республикасы мен ТМД-да болып жатқан түбегейлі өзгерістер тұсында ұлттық идеяны қалыптастыру – тарихи қажеттілік, әрі уақыт талабы болып табылады.
Сонымен, ұлттық идея – этностық, діни, мәдени және өзге де қауымдастықпен біріккен адамдар тобының ұжымдық жады, мақсат-мұраттары мен армандарының, дүниетанымының, көзқарастары мен құндылықтарының кешенді жиынтығы. Ол осы ұлттың өзі туралы, қоршаған әлем мен тарихи үдерістегі орны мен миссиясы және тарихы, өткені мен болашағы жайлы жалпы көзқарастарды аңғартады. Сондықтан ұлттық идея ұлт пен ұлттық бірегейліктің қалыптасуына тікелей әсер етіп, халықтың бар күш-жігері мен іс-әрекетін ортақ игі мақсатты жүзеге асыруға жұмылдырып, сол үшін әлеуметтің тұтастығын қамтамасыз етеді. Ұлттық идея, жоғарыда атап өткеніміздей, қоғамның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайтуға, Қазақстан халықтарының шоғырлануына бағыттал¬ған дүниетанымдық сипаттағы бағдарлардың, құндылықтар мен идеалдардың кешенін білдірген¬діктен, өтпелі кезеңді бастан кешіріп, әлемдік өркениеттік қауымдастықтан өз орнын табуға ұмтылып отырған біздің еліміз үшін ауадай қажет. Алайда, ұлттық идея кез келген қақтығыс пен қарама қайшылық тудырмауы тиіс, яғни ұлттық идеяның мәні мен мазмұнын, ең алдымен, ыдыратушылық емес, керісінше біріктірушілік, топтастырушылық пен ұйыстырушылық қасиеттері құрайды. Тағы бір ескеретініміз, ұлттық идеяны жай ғана ойлап табу мүмкін емес және белгілі бір әлеуметтік, саяси және мәдени кеңістікте қалыптасқан әрі өрбіген ұлттық идея кездейсоқ құбылыс емес. Ұлттық идея мәселесі бүгінде барлық пост¬кеңестік мемлекеттер үшін маңызды болып отыр. Бүгінде қазақстандық қоғамда да мемлекетіміздің болашақ даму бағытына қатысты ұлттық идея мен мемлекеттік идеология қандай болуы тиіс деген қызу пікірталас қалыптасып отырғандығын аңғаруға болады.
Қазір біздің елде де дүниежүзінің өркениетті елдеріндегідей, «ұлттық» сөзі «мемлекеттік» деген ұғыммен бірдей қолданылады. Демек, «ұлттық банк», «ұлттық экономика», «ұлттық валюта» сияқты сөздерде «ұлттық» сөзі тек қазақ ұлтының сөзі деп түсінілмейді, ол бүкіл қазақ халқынікі деп түсіні¬леді. Сол сияқты «ұлттық идея» дегенде де біз тек қазақ халқының идеясы туралы емес, жалпы Қазақстан халықтарының идеясы туралы сөз болып отыр деп түсінуіміз қажет. Сонда, ұлттық идея – қазақ ұлтының және Қазақстан жерін мекендеген өзге ұлттық диаспора өкілдерінің қатысуымен жасалады. Еліміздегі ұлттық идея мен азаматтық идеясын үйле¬сімді біріктіріп, жалпыұлттық идеяны жасау арқылы елімізді түрлі ұлт өкіл¬дерінен құрал¬ған біртұтас азаматтық және саяси қауымдастыққа айналдыру мемлекетіміздің ұлттық саясатының басты мақсаты болуы керек деп ойлаймыз. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ұлттық идеяда халықтың түпкі мақсат-мүдделері көрініс табатын болғандықтан, ол жалпы түрде қалыптасқан идея болмауы керек. Оны қалыптастырғанда елдің өзіндік ерекшеліктер мен тарихи тағдыры ескерілуі қажет. Қазақстанның ұлттық идеясы мен оның даму ерекшеліктерін өзіндік ұлттық деңгейде, сонымен қатар, жалпыұлттық және жалпыөркениеттік деңгейде қарастыру керек деген пікірдеміз. Осы айтыл¬ғандарға орай, бүгінгі таңда мемлекетімізге құндылықтық бағдар болатын, болашақтың жарқын жолын анықтайтын ұлттық идея қажет екеніне күмән келтіруге болмайды. Біздің ойымызша, Қазақстанның ұлттық идеясы көпұлтты мемлекетіміздің азаматтары мен алыс және жа¬қын шет елдердегі қандастарымыздың жү¬регіне жететін, жарқын болашаққа жетелейтін бағдар, рухани деңгейде әрқайсысына демеу болатын қасиетке ие көшбасшы ой-тұжырым болуы керек. Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында тарих пен мәдениет, әлеуметтік тәжірибелердің маңызы зор. Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Бұл дегеніміз жаңа жаһандық демократиялық құндылықтардан бас тартпай, осы жаңашылдықты қалыптастыруда қазақтың дәстүрлі құндылықтарын жаңғырта отырып, ұлттық қорға сүйену. Қорыта келгенде, бүгінгі таңдағы адамның еркіндігі, бостандығы мен құқының сақталуы мен қауіпсіздігі басты құндылық болып саналады. Қазақстандық қоғам өзінің ерекшеліктеріне қарай, гуманизм, патриотизм, төзімділік, адамгершілік, ұлтаралық сыйластық пен ашықтықты ұстанымдарын алға қояды. Бұл құндылықтар Қазақстандағы барлық ұлттар мен этностарды біріктіретін ұлттық идеяға негіз бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |