Жоспар 1 Статистикалық талдаудың мақсаттары мен әдіс-тәсілдері
Статистикалық талдаудың мақсаттары мен әдіс-тәсілдері Статистикалық әдіс кейде сандық әдіс немесе математикалық әдіс деп те аталады. Статистикалық әдістің негізгі мақсаты – тілдік бірліктер (дыбыс, фонема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.б.) мен тілдік құбылыстарды математика ғылымының әдіс-тәсілдерімен зерттеу, олардың сандық сипатын, заңдылықтарын ашу. Тіл білімінің көптеген әдіс-тәсілдері тілдік бірліктердің сапасын зерттеуге арналған болса, статистикалық әдіс олардың сандық жағын, қолдану жиілігін, аз-көптігін т.б. жақтарын зерттеуге көңіл бөледі. Тіл бірліктерінің сапалық сипаттары да, сандық сипаттары да ғылым үшін маңызды.
Заманауи ғылыми зерттеулерде математиканың алатын орны ерекше. Ол зерттеуде дәлдікті, сапалылықты қамтамасыз етеді. Тілді жүйелі құрылым ретінде зерттеу үшін математикалық логика, ал тілдегі мерзімді өзгерістерді және адамдардың қарым-қатынас үрдісі кезіндегі өзгерістерді зерттеу үшін математикалық статистика әдістерін қолданады. Соңғысы тіл білімінде лингвостатистика деп аталады.
Лингвостатистика – математикалық статистиканың әдістерін тіл білімінде қолдану туралы ғылым. Бұл жағдайда сөз мәтін статистикасы жөнінде болмақ. Мәтінде морфемаларды, фонемаларды, сөздерді, сөз тіркестерін санауға болады. Бірақ та мәлімет берушінің психикасын, оның коммуникативтік ниетін т.б. жағдайларды санмен бере алмаймыз. Сондықтан лингвистикалық зерттеулерде тіл туралы сандық мәлімет алудан гөрі, оған сапалы талдау жасаған жөн. Мәтінді статикалық талдаудың мақсаттары төмендегідей:
1) берілген мәтін немесе мәтіндердің грамматикалық-лексикалық байланысын анықтау;
2) автордың жеке стилін, шығарманың оқырмандарға тигізетін әсерін анықтау;
3) жеке функционалды стильдердің ерекшелігін зерттеу;
4) зерттеу мақсатына қарай алынған тәжірибе қорытындыларына қарай тілдік материалды жинау негіздерін зерттеу;
5) жиілік сөздігін құрастыру.
Лингвостатистикалық зерттеулерде статистикалық ықтималдықтарды анықтау үшін негізінен қатаң түрдегі ережелерге сай жүргізілетін бірізді әрекеттер жиынтығы, немесе алгоритмді қоданған жөн. Статистикалық талдау тек қана жазбаша мәтінді, немесе жазбаша сөйлуді талдауда ғана қолданылмайды, сонымен қатар ауызша сөйлеуді зерттеуде де қолданылады. Жоғарыда айтылғандай лингвистикада математикалық талдаудың әдіс-тәсілдерін қолдану зерттеу жұмыстарының объективті, әділ, шыншыл және дәл болуына ықпал етеді.
Статистикалық әдіс негізінен тіл білімінің фонетика, лексика, лексикография (жиілік сөздігін жасау үшін), морфология сияқты салаларында қолданылады. Мәтін тілін, әлеуметтік лингвистика, психолингвистика мәселерін зерттегенде де бұл әдісті жиі пайдаланады.
(Лингвистикадағы математикалық талдаудың әдіс-тәсілдері туралы қараңыз: Алексеев П. М. Статистика речи, М., 1968 және Арапов М. В., Херц М. М. Математические методы в исторической лингистике, М., 1974).