Ұлжан Жанбершиева, Қму профессор, ф.ғ. к. Нұргүл Жәнібекова



Дата11.01.2017
өлшемі241,1 Kb.
#6810
Ұлжан Жанбершиева,

ҚМУ профессор, ф.ғ.к.

Нұргүл Жәнібекова,

2-курс магистранты
Сыр сүлейлері мысалдарының көркемдік ерекшелігі
Өлке әдебиетінде Сыр сүлейлерінің орны ерекше деп бағаласақ, олар ұлттық әдебиетіміздің дамуына өзіндік үлестерін қосқан. XIX-XX ғасырда Сыр елінде өмір сүріп, ескіше сауат ашып, халық ауыз әдебиетін жете меңгеріп, шығыстық әдебиеттен сусындаған ақындар жазған мысал өлеңдердің маңызы зор. Олар мысал жанрына тән идеясы астарлы, белгілі нысананы көздейтін, сюжеті қысқа авторлық байыпты баяндауға құрылып, соңында, не басында түйін тұспалданып берілетін шығармалар арқылы ғибрат, тәлім беруді дәстүрге айналдырған.

Шығыстық мектеп-медреселерде оқып, ағартушылық дәстүрді ұстаған Сыр сүлейлері Шығыстық үлгідегі мысалдар мен қатар өзіндік тың тақырыптар мысал жанрын дамыта жырлаған.

Сыр сүлейлері мысал әңгіме, мысал өлең, мысал айтыстар жазып, тағылымдық маңызы бар ойларынан хабар берген. Мысал жазуда бай тілді суреткерлік шеберлікпен қолдану, әр кейіпкердің сөзі оның әрекетімен байланысты. Сөзге ажар беріп, дауыс ырғағы мен дыбыс қайталау арқылы да сөз реңін келтіріп отырған. Айқындау, теңеу, құбылту, метофорамен метонимия, ауыстырулар арқылы көркем шығармаға шырай береді. Сыр сүлейлері жырлаған мысалдарда осы ерекшеліктер айқын аңғарылады. Екі адамды сөйлету арқылы оның ішкі бітімі, мінезі, ақылы, ойы тұтасып жатады. Мысал кейіпкерлерінің сөзінде сезім толқындары байқалады.

Ақындық поэзияның даму сипатында әдебиет теориясын құрайтын поэтикалық заңдылықтар жүйесі сараланып көрінеді. Мысал өлеңдердің көркемдік ерекшеліктері ұлттық әдебиетіміздің дамуындағы зәру мәселелердің бірі болып саналады. Мысал жазудағы ақынның тақырып, идея, композиция мен сюжет, стиль, тілдік, көркемдік ерекшеліктері әдеби даму қозғалыс аясында қарастырылғаны жөн. Сондықтан XIX ғасыр әдебиетінің көрнекті өкілдері жазған мысалдардың да көркемдік кестесін арнайы қарастыру – бүгінгі күннің зәру мәселесі.

Көркем шығармада әр дәуірдің тілдік суреткері өзінше қолтаңба қалдырып отырғандығы белгілі. Бұл жөнінде В.В.Виноградовтың: «Писатель-носитель и творец национальной культуры речи. Пользуясь общенародным языком своего времени,он отбирает, комбинирует и в соответствии со своим творческим замыслом-объединяет разные средства словарного состава и грамматического строя родного языка» деген сөздері өте орынды айтылған. Олай болса, Сыр сүлейлері де ұлтымыздың тіл мәдениетіне өз заманының өрнекті, айшықты жалпы халықтық тілдік қолданыстары мен өзіндік тілдік ерекшеліктерін өте шебер енгізе білген. Сондай-ақ, олардың шығармаларынан өмір сүрген ортасының, сол кезеңдердегі халықтың тіршілік тынысы бейнеленіп, субъективті және объективті дүниенің ақиқат болмысы аңғарылады. Ақиқатты әр адамның қабылдауы, түйсінуі жекелік, даралық сипатқа ие. Ал Сыр сүлейлері ақындардың сезіну, түйсінуінен туған шығармашылық толғаныстары шабытты жыр арқылы сыртқа шығады. Даралық сипатқа ие болған шабыт, жаңаша толғаныс, жаңа салыстырулар сөздердің бұрын кездеспеген жаңа да көркем тіркесімдерін дүниеге әкеледі. Қолына қалам ұстаған әрбір ақынға тән сөз құпиясын меңгеру тәсілі, әдісі оның ішінде образдылық, бейнелік құпиясын айту, сөйлеу мәнерінің еркіндігі, дыбыстардың дыбыстық үйлесімділікпен жымдасуы сияқты суреткер шеберлігінің, танымның деңгейін білдіретін өзіндік тілдік ерекшеліктері болады. Қазақ шешендік өнерінің негіздері мен тілдік танымына барынша барлау жасап, толыққанды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы салада докторлық диссертация қорғаған ғалым Г.Қосымова: «Ақындардың ішінен шешен тілді ақындарды іздегенде қойылар талаптар мыналар болмақ:қоғамдық үлкен сана, философиялық терең ой, халық өмірі мен әдет ғұрып, салт-сана дәстүрлеріне мейлінше жетістік, жеріне жеткізіп айтатын уытты тіл, қиял мен сезімді баурайтын әуезді тіл. Бұл ақындардаң өлең-толғауларының да негізгі белгісі –ой, толғаныс, түйін, мораль» деп шешен тілді ақынның бойынан табылуға тиісті қасиеттерді санамалап берген болса, осындай талаптың үдесінен шыға білген ақындар Сыр елінде көп болғанына дау жоқ.

Қандай да бір көркем шығарманы көркемдік әлеміне қарай талдасақ, әрбір ақынның өзіндік ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі болады. Ақындық құдіреті, көркемдік тәсілін, суреттеу шеберлігі, тілдік өрнектерін танытатын өзіндік ерекшелікті байқап отырасыз. Соның бірі - Тұрмағамбет ақынның да өзгеге ұқсамайтын өзіндік өрнек, бейнелі сөз қолданыстары ақындық бетін ашып береді.

Біз сөз етіп отырған мысал өлеңдері де қазақтың небір шұрайлы сөздерімен өрілген. Халықтың теңеулер мен эпитеттер, ауыстырулар мен салыстырулар, балама сөздер жиі ұшырайды. Шығыс әдебиетін жете меңгерген оның шығармалары шығыстың поэзиясымен сабақтас. Шығыс поэзиясына тән небір айшықты образ, дәстүрлі қалыптасқан теңеу, эпитет, әсірелеу мол.

Біздің байқауымызша, Т.Ізтілеуов мысалдары түр, стиль, тілдік ерекшеліктерімен де оқшауланып тұрғанын байқадық. Сөз қолданысы түгел өзгеше түлкі тамақ, қоянның көжегіндей, құлдарша қол қусырып т.б тіркестер ақынның жаңалығы. Сөз қолданысы түгел өзгеше өзіне ғана тән сөз сияқты.

Өлеңдерден де Сыр сүлейлері жазған мысал танылады. Шығыстық поэзияда жиі кездесетін небір образды айшықтау, тың теңеу мен эпитеттермен қатар қалыптасқан әсірелеу көп.

Академик З.Қабдолов: «Троп шындықты бейнелеп, кейде пернелеп, кейде өңін айналдырып айту үшін, яғни әдеби тілді ажырату үшін керек. Әдебиеттегі тіл көркемдігі мен сөз сұлулығы жасанды жалт-жұлт күлді-бадам болуда емес, сөздің табиғилығы мен қарапайымдылығында, нақтылығы мен тазалығында жатады», - дейді. Осы пікірді ескерсек, ақын әдеби тілді құбылтып, сөз табиғилығына мән берген.

Ақын қолданған көркемдегіш элементтер шешендік сөздерді орнымен қолдану, ойлы бейнелі және түйіндеп жеткізеді. Өмір шындығын, құбылысты кісінің көз алдына елестететіндей етіп суреттейді. Мысалы,Т.Ізтілеуов:
Бағасын білімді ердің білмейді ешкім

Ажарлы айуан артық ақылы жоқтан.(эпитет)



  1. Өлеңге ажар беріп тұрған эпитеттер білімді ер, ажарлы алуан заттың өзгеше белгісін аңғартады.

Қоянның көжегіндей ғаріп едім

Бұл қатын бүркіт пе-деп,- бұлдырықтан

(Лұқпан Хакім)

Шораяқтың Омары жазған «Қойшы мен ұры» мысалында:
Кезікті бір қойшыға көп қой баққан,

Кең қоныш,жаман тонды,жыртық балақ

Өлеңдегі «кең», «жаман», «жыртық» сөздері өлеңді ажарлап, сөздің табиғилығы мен қарапайымдылығын көрсетіп тұр.

Ал «Жарлы Тәліпте»


Тәуекел талапты ерге болған нәсіп,

Тастамас талапты ерді,тәңірім шөлге.

Бір ғана «Талапты ер» сөзі өлеңге ажар беріп тұр.
Ақын мысалдарында халықтық теңеудің алуан түрін орынды қолданған.

Онда мен патша қызын аламын,-деп

Таудай талап алдына қойды ғаріп.

Таудай деген тұрақты теңеу табиғатқа еліктеуден туған ақын кейде теңеудің –ша,-ше, жұрнағы арқылы жасалу түріне де мән беріп,өзінше ой өрнектейді.

Нұр сипат ханның қызы Гүлайымша,

Сыр мінез, сынық дерттің мұнайынша.

Сұлудың өзгеше белгілерін «нұр сипат», «сыр мінез» деген эпитеттер арқылы берсе, дерттің мұнайынша деген көз қолданыс та ақынның жаңалығы.

Қаңлы Жүсіп мысалдарында да теңеу мен эпитеттің алуан түрін қолданған.

Қой айтты: Айтуыңнан шықпаспын мен,

Білімсіз мен би ақыл,пікірім кем

«білімсіз», «би, ақыл» эпитет болса, төмендегі жолдарда:
Түлкідей жауыздардан достыңды айыр,

Ер болсаң есі бүтін сонда мақтан.

Қасқырдай қара жүрек болам десең,

Байланар борбайыңа бір күн қақпан.

Міне, бір шумақтағы асты сызылған сөздер қойдың, түлкі мен қасқырдың ерекше қасиеттерін Сыр сүлейлері шығармаларында теңеулік мағыналы сөздерді айқындай теңеу(эпитет), балай теңеу (метафора) сияқты түрлерін жиі қолданған.

Кете Жүсіп жазған «Сұр мерген» мысалында: сандуғаштай, қырандай, жұмыртқадай, шидей, құрттай сияқты теңеуді және тұмарланған мылтық, жақсы жігіт, қиғаш қас, жазық маңдай, жұмыр бел, ителгі көз, жуан мойын, еті қалың, қайсар бет, қалың жүнді, ырысты ит т.б халықтың теңеу мен ақындық тың эпитет пен теңеулер мол.

Шораяқтың Омары:
«Қасқырдай қара көңіл боламын»деп,

Достықтың апатына шаталмаңдар

Бәрін де арамдықтың жиып алып,

Құс ұшпас ну далаға отарлаңдар.

Шораяқтың Омары «Қара шекпен» 95-бет.
Тастамас талапты ерді тәңірім шөлге,

Жатқанның пайдасы жоқ,бекер жасып.

Шораяқтың Омары «Жарлы Тәліп» 88-бет.
Қаңлы Жүсіп мысалдарында ғибраттық, өсиеттік ойлар айтылып, оқырманға тәлім үйретеді.
Қалайда өз елінің мықты иесі,

Пысықтың мысын басар зор киесі.

Тыңдар деп ынта қойып жаздым мұны,

Ғибрат – кейінгіге патша ісі.

«Ғибрат кейінгіге - патша ісі» 162-бет.
Бисенбай Қасқырбайұлы «Есек пен бұлбұл» мысалында:

Есек-ау, ат, бүркітке болмайсың тең,

Қалайда жасырмаймын шындықты мен.

Оңбайсың әр уақытта есіңе ал,

Семіріп, талғамай жеп, нәпсіңе ерсең[7, 50-б.].
Нартай Бекежановтың «Шыбын мен өгіз» мысалында:

Осындай шыбындарда кездеседі,

Бейнетсіз-ақ олжа алған табыстардан.
Жүсіп Қадірбергенұлы «Ана мен бала» мысалының түйіні де ақыл-нақыл, өсиетке толы:

Кешірер күнәмізді етіп азат,

Салтанат сақауатлы салпыб-шапағат,

Рақымнан ажаб емес ашу ойлап,

Берсе егер баршамызға һүрмен жанат[6, 164-б.].

Сыр сүлейлері мысал өлеңдер арқылы адамдық пен әділдік,білім мен ақыл, имандылық пен мейірімділік, адамгершілік айтып, келешек ұрпаққа өнеге үлгі қалдырған.


Қанша артық қара байқап сіз бен бізден!

теңеу

Құлдарша қол қусырып қылды айтқанын.


Өлеңдегі көжегіндей, құлдарша деген сөздер әдебиетте қолданылатын дәстүрлі теңеулер болса да, ақын өлеңге орынды қолданып отыр.

  1. Мысал жанрының бір ерекшелігі оқырманға мораль үйретеді. Осы тұста Тұрмағамбет те әрбір мысалында ақыл-нақыл айтып,ой түйіп отырады.

Нендей бір тартып қасірет, шегіп жапа,

Жағарсың ақылды ердің ақыры отын

«Жас» демей,ақылы барды «аға тұт», - деп

Данышпан айтқан Лұқпан, Аплатон.

(Ата мен бала)


Болады бақ,ықпалдың-бірлік кілті,

Болмайды бір болғанның жаннан мүлті

(Төрт дос)
Жолдасың жарым болса сол сияқты,

Оң келмей өзіңменен шеп келеді

(Дарақ пен сал)
Ұйқыда өне бойы жата берсең,

Үстіне ұйтқып жанған от келеді

Қауіп-қатер қай жағыңнан қайтпайды?-деп

Талапты ер түн ұйқысын төрт бөледі.

(Дарақ пен сал)
Сақтаулы саспағанның сыбағасы,

Асыққан ұшырасар бір тобаға

Ер бермес есі бүтін мың сомаға,

Арбамен асықпаған қоян алар.

(Жолаушы мен дана)
Т.Ізтілеуов қысқа тұжырымды нақыл айта отырып, кейінгі ұрпақты тәрбиеге шақырады. Терең мазмұнды, түйінді өмірден алынған мысалдарында өзіндік сыры мол, белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мән көп. Ол қысқа түрде мәтіннің басында немесе аяғында беріледі.

Сыр сүлейлері мысалындағы тағы бір ерекшелік екі адамды немесе хайуанаттарды сөйлету, яғни диалогқа құру бар. Мәселен,

Сүлеймен сол сағатта атасына;


  • Бұл істің мен табамын,-деді ыңғайын.

Шораяқтың Омарының мысалдарында кейіпкер характерін ашу үшін мысалды диалог арқылы береді. Сөйтіп мысалдың өн бойында болатын оқиғаларды болжап көрсетеді. «Қара шекпен» мысалында ақын адам, қасқыр, түлкіні сөйлете отырып, өмір шындығын, зұлым, қу, адал адамдарды кейпінде сөйлетеді.

Қасқыр:

Қозғалтып қол-аяқты қыбыр өтпе!

Жемекке сені дереу түзеттім ой,

Көп болшыл қисаңдаған сөзіңді қой!

Түбі бір туысқаның әлгі сенің,

Басыма сала жаздады бір үлкен той!
Қара шекпен:

Кел, қасқыр, сөйлесейік жүріп жолмен,

Ажалды кім тоқтатар ұстап қолмен?

Бұл сөзді кім де болса,сынамайық,

Қайсы бір мақұлыққа тура келген.
Түлкі:

Ей, қасқыр, сіз бенен біз бір жыныста,

Әрқашан қауышармыз әр жұмыста.

Әр істі қисынымен қылған жөнді,

Жайылар жамағат сөз әрбір тұста[Шораяқтың Омары 93-б.].
Ақынның сөз қолдануына қарай ой құбылып, кейіпкерлер атынан жалғаса береді. Оқырман бейне бір хайуанаттардың өздері сөйлеп отырғандай сезімде қабылдайды.

Қаңлы Жүсіптің де мысал өлеңдері тәлім-тәрбиелік мәнге ие. Достық, сертке беріктік сияқты қасиеттерді хайуанаттар арқылы пернелеп ойларды сөйлету арқылы ойды диалогқа құрады.

«Түлкі, қасқыр, қой» атты мысалында:

Қасқыр:

Бас тартпай екеуің де ет қызмет,

Болармын мен сендерге отағасы,

Кішіге қызмет ету әбден сүндет.
Түлкі:

Атқарғанмын талайды,-деп

Тұщы ақыл үлкендерге үлкен парыз.

Ойлаған пенде болса кұдайды,-деп

Қой:

Айтуыңнан шықпаспын мен,



Білімсіз мен би ақыл, пікірім кем.

Достықтың аз күн сүрген үрметі үшін,

Не айтсаң да қасқыр, түлкі сенікі жөн[Қаңлы Жүсіп 156-б.].

Жанды заттарға адамдық ақыл-ой, мінездік қасиет беріп суреттеп бейнелейді. Хайуанаттар сөйлемейтіні белгілі қой, түлкі, қасқырды сөйлету арқылы адамдар арасындағы алуан түрлі қасиеттерді сынайды. Диалог арқылы кейіпкердің мінез бітімі, ой өрісі байқалады.



  • Сен тапсаң,сансыз шүкір,бердім саған. (Ата мен бала)

Өмірлік шындықты жан-жақты терең ашып көрсетуге, кейіпкерлердің сырларының ашылуын байыптайды.

  • Ат пенен қаршығаға неге ермедің?

Білдің бе, деді, - олардың сөзін жалғап.



  • Опа жоқ қаршығаға мен қалайда атта,

Көрсете көрме қысым бұл халатта

Есігін иесінің күзететін,

Ит артық, өз ойыма инабатта.

(Сүлеймен мен кірпікшешен)

Диалогтарды ақын адамдар әрекетіне, қарым-қатынасына, мұраттарына байланысты туындатып отырады. Жолығып бір жолаушы бір данаға:

-Жетемін қашан,-деген,-мен қалаға?

-Барасың асықпасаң осы бүгін,

Асықсаң,бес қонасың екі араға

(Жолаушы мен дана)

Оқиғаларды суреттеуден гөрі диалог арқылы ойды өрбітіп, мысалдарында диалог арқылы алда болатын оқиғалады болжап отырады.

Осылай мысалда екі кейіпкерді немесе бірнеше адамдарды сөйлете отырып, қарым-қатынасының қалай шиеленісетінін, қалай өзгеріп отыратынын аша біледі. Әрбір диалог арқылы кейіпкердің мінез-құлқын тағы бір қырынан ашып көрсетеді. Әсіресе, кейіпкерлердің қиын жағдайлардан шығу үшін әртүрлі әрекеттерін сөйлету арқылы аңғартады.

Зерттеуші ғалым З.Ахметов: «Жазушының шеберлігі де оның әр кейіпкерді мінез-бітіміне, ой-өрісіне орай сөйлетуінен көрінеді», - десе, Т.Ізтілеуов мысал кейіпкерлерін сөйлете отырып, оның ішкі сырын, ой-өрісін ашады.

Шораяқтың Омары: «Жарлы Тәліптен»

Мүбәрак Мұстафаның адисларын

Қалдырмай қарап өтті назар салып[5, 85].

Мүбәрак – қасиетті, құтты, баталы, қадірлі. Адис-хадис, пайғамбар сөзі, парасатты адам.

«Қара шекпеннен»

Көңіліне шүбә, кіріп кетті қастық,

Ақымақтық әуел бастан еткен бастық[5, 92].

Шүбә – күмән келтіру.

Қаңлы Жүсіп «Ана мен бала»

Бар екен өткен кезде жесір қатын

Таза екен талай істен заһирі батын

Заһир – сыртқы түрі, ғажап[Қаңлы Жүсіп 162-б.].

«Ағайынды үш жігіт

Ұрыға шайтан алдырмай,

Мысалы, иман алһаны[6, 166-б.].

Сыр сүлейлері жазған мысалдарда дыбыстық үндестіктер де ұшырайды. Әсіресе сөз басында дауыссыз дыбыстардың үндесіп келуі жиі кездеседі.

Шораяқтың Омары:

Қойғанын қайдан білсін қапқа салып,

Қуғыншы қайтты кейін көзден тайып,

Қасекең қапта жатыр етіп наша

Ол залым қарап алды төңірекке

Көз тігіп бейшараға деді қасқыр:

«Қозғалтып қол-аяқты қыбыр етпе!»[Қара шекпен. 92-б.].

Қаңлы Жүсіп:

Батыңның артқы арасын тілер,- дейді, -

Басына бір бұтаның ілер, - дейді.

«Бәлеге бәле қуып ұшырадың,

Бәрі елдің есіткен соң күлер», -деді.

Өлеңнің реңін келтіріп тұрған сөз басындағы бірыңғай дыбыссыз дыбыс оқырманды елітіп отырады. Сөйлемнің әсерлілігін арттырып, дамыта жырлаған.

Ақын мысалдарындағы диалогтар өмірдің үлкен шындығын, адамдар арасындағы болатын әр түрлі жағдайлардан хабар береді. Мысалда автор атынан айтылған сөзге ұласып отырады. Әр кейіпкер сөзі іс-әрекетіне қарай түрлене береді. Автордың сөз қолдануына қарай, өлең жолдарының құбылуы оқырманды баурап алады.

Көркемдеу тәсілінің тағы бір түрі параллелизм ақын оны адам психологиясында болатын өзгерістерді суреттеуде табиғатпен қатарласа жүргізеді.

«Дарақ пен сая»мысалында:

Дараққа сая бір күн өкпеледі.

«Айналдың аңдауымда епке»,-деді.

Күн түрін көрсетпеске күні бұрын,

Жаясың жапырағыңды шепке,-деді.

Жолына жолдастықтың жөн бе осының?

Екеуміз сынатайық көпе,-деді[4, 98-б.].

Дарақ өскен ағаштың көлеңкесі ешкімге түспейді, халыққа сая болмасаң неге қажет дей келе, адам басындағы түрлі психологияны қатарластыра суреттеген.

Мысалдағы тағы бір ерекшелік, жазба әдебиетте қолданылатын сөз басында не сөз соңында бір сөз қайталанып келу арқылы сөйлемнің әсерлілігін күшейту тәсілін қолданған. Жоғарыда берілген үзіндіде «деді»,-деген сөз бірнеше рет қайталанып, алдыңғы соңғы пікірге қатыстырып отырады. Өлеңде ойды соңғы ой, алдыңғы оқиғаны соңғы оқиға күшейтіп тұр. Өлең тартымды, әсерлі болу үшін, сөзді дамытып, екпіндетіп ағыл-тегіл төгіп отырады.



4)Мысал жанрында аллегориямен баяндау әдісі де бар. Тұрмағамбет өз кейіпкерлерін аң, құс, жан-жануарлар арқылы да ондағы суреттеп отырған жан-жануарлары кімдердің бейнесі, оны қалай түсінуге болады?

Тұспалдап, астарлап айту арқылы ақын адамдар образын батыл әшкерелеп, халық талқысына салып отырады.

Тұрмағамбет ақынның бағыты айқын, көбіне халықтың арман-тілегін, адамгершілік қасиеттерін, адалдығын көрсетеді. Сондай мысалдың бірі – «Сүлеймен мен кірпікшешен». Мысалда кірпікшешенді адалдықтың бейнесі ретінде берсе, ат пен қаршығаны опасыз адамдар, ал итті достықтың үлгісі деп түсінеміз. Әрине, бұл мысал өлең сапасы жағынан көркем болмағанмен де, мұнда адамдар арасындағы ащы өмір шындығы айтылып отыр.

5) Мысалдың мазмұны әңгімеленіп болғаннан кейінгі жерде ақын оған түсінік берді. Шығарма қорытындысы тұжырымды болуға тиіс демек.

Кеңесім осы, - деді, - менің білген,

Тәубасын ойлап, тақсыр, сонда күлген.

Айтқаны ақылына ұнағансын.

«Кірпі би» атандырып сыйлау берген (Сүлеймен мен Кірпікшешен).

Өмір мағынасын терең ұғынып, соңы келер ұрпаққа жеткізіп айта білген ақын: «Барға қанағат ет, достықты бағала, кең болсаң, кем болмайсың, әлін білмеген әлек, ақылы барды, аға тұт» деген ғибраттық ойлар айтады.

Сыр сүлейлері мысалдарында араб, парсы сөздерін көп қолданған, дегенмен бұл сөздердің мағынасына түсінік беріп отырады, ол мысалдың мазмұнына нұқсан келтірмейді.

Мысалы, «Лұқпан Хәкім» мысалында:

Хаулі – аула, қора, үй

Хикмет - арабша керемет

Шуал - түрікше үлкен қап

Тымсал – арабша мысал

Ұғыл – түрікше бала.


«Ата мен бала» мысалында:

Гүжім – бәйтерек


«Сүлеймен мен Кірпікшешен»

Пәрман – арабша бұйрық

Халат – арабша қате
«Жолаушы мен жана»

Мажыра арабша – уақиға, талас-тартыс

Ырсалла – арабша қағида.

Ақын мысал жазуда араға енген бұралқы сөздерді түрік, араб, парсы қоса өз дана тілінің мол байлығын ойдағыдай игергендігін көрсетеді.

7.Аллитерация дауыссыз дыбыстардың үндестігі жиі кездеседі. Бұл стилистикалық айшық барлық елдердің әдебиетінде бар. Сөзді ажарлап, реңін келтіретін осы тәсілді орынды қолданған. Мысалы, «Лұқпан Хакім» мысалында сөз басында дауыссыз дыбыстың үндесуінен жасалған сөз өрнектері оқырманға әсер етіп, тыңдаушысын баурап алады.

1. Жасырын сырыңды айтпа қатыныңа,

Жаңа мал біткеннен қарыз алма мықтан

Жаныңа зақым қылар, жүргізбе ықтан!


2. «Бұларың барлығында байқаймын», - деп,

Бір қойды қақтап сойып, қапқа тыққан.


3. Ділданы тапса-дағы байды тоқтан,

Дәруха деген патша жендетімен.

Дос болды, «Аларсың», - деп мені шоқтан.
«Ата мен бала» мысалында да дауыссыз дыбыстардың үндесуі арқылы өлең өрнегін таратады. Бұл әдіс қазақ әдебиетінде жыраулар поэзиясында көп кездеседі, Тұрмағамбет жыраулық поэзиясының көп кездеседі, Тұрмағамбет жыраулық поэзиясының үлгілерін де жақсы меңгергендігі байқалады.


  1. Қалдырмай қырмандап бер ішетінін.

Қойының соған дейін сүтін ішіп,

Қайтарсын қырқар кезде жүн, түбітүн, -




  1. Кеңестің кеміс ойлар ақыры бетін,

Келмесе орынға ісім өкінішпен

Көрерсің бұл жаһанның ақыретін.


Стильдік, тілдік өзгешелік сөйлемнің әсерлілігін күшейтуде қолданылатын бұл әдіс қазақ ақындарында көптеп кездеседі. Ақын өлең тартымды болу үшін сөзді күшейтіп дамыту әдісін қолданған. Мысалдарында жанруарларға, аңдар мен құстарға тіл бітіреді.

«Сүлеймен мен Кірпікшешен»

Сүлейменге Кірпікшешенді ит ертіп келеді,

Сол кезде адамша бас иіп, былай дейді:


Итке еріп, соның үшін келдім енді,

Шақырдың не жұмысқа мендей кемді?

Жолына жаным құрбан қай кезде де,

Аяймын, айтшы өзің-ақ сенен немді.


Мысалдарында т.б. шығармаларында ақын кейіптеудің жаңа түрін пайдаланады. Табиғатты суреттеуде Абай және орыс әдебиетінің әдісін үлгі етті.

8) Троптың тағы бір түрі аллегория болса, ақын шығармаларында астарлап сөйлеудің әр түрі кездеседі. Аллегорияны көбінесе мысал өлеңдерінен көп кездестіреміз. «Көкқұтан мен шымшық» өлеңінде ақын көкқұтан мен шымшықты сөйлету арқылы адамдар арасында әрекеттер, яғни, татулық, бірлік керек екенін екі құстың арасындағы болған оқиғада суреттеп, образ жасау үшін қолданған.

Көкқұтан былай дейді:


  • Өзіңнің жұмысың – кішілік, атың –шымшық,

Қарашы тұмсығына, титтей мұрның.

Жылан кеп шаға қойса, бірін аман

Қояр ма болса балаң бір мың?

Әр түрлі осы арада дұшпандар көп,

Солардың бәрінен мен сақтап тұрмын!
Сонда шымшық:

Сен, маған айтпа ондай ұнамсыз кеп,

Онан да бірігейік, болмайық шет!

Таптырмас татулықты қолдан беріп,

Кетпейік қапелімде өкініш жеп.

«Өгіз бен есек» мысалында да осындай адамдар арасында зоршылдықты, айла-тәсілдерін өгіз бен есектің арасындағы оқиға арқылы суреттеген.

Есекке өгіз айтты:


  • Осы бүгін

Апарып қожайының қосты жерге.

Шаң жұтып, шала жансар болып тұрмын,

Шүмектеп шомылғандай қара терге.
Деді есек:


  • Олай болса, шөп жемей қой,

Күрсініп, көзің жұмып, бойын кер де.

«Жануар, шын зорыққан екен ғой»- деп,

Тақ тұрар тәрбиешінің тұтып перде.

Жануарлардың арасында бұл тәрізді әңгіме болмайтыны жұртқа мәлім, өгіз де, есек те адамдар арасындағы дөрекі, ақылсыздар, ақын соны тұжырымды образ арқылы берген.

9) Ақын поэзиясындағы ерекшеліктің бірі – өмір шындығынан қорытынды түйін жасаған ақыл-нақыл, ғибарт сөздерді орынды пайдаланған.
Ісі жоқ кем ойлының кеңеспенен.

(Сүлеймен мен Кірпікшешен)


Болады бақ ықпалдың – бірлік кілті,

Болмайды бір болғанның жаннан мүлті.

(Төрт дос)
Жолдасың жарым болса сол сияқты,

Оң келмей өзіңменен шеп келеді.

(Дарақ пен сая)
Арбамен асықпаған қоян алар.

(Жолаушы мен дана)

Бағасын білімді ердің білмейді ешкім.

(Лұқпан Хакім)

Жас демей, ақылы барды аға тұт.

(Ата мен бала)

Шораяқтың Омары:


  1. Әр пенде бір мақсатқа етсе талап,

Ақыры – деген екен, - жетуі анық.

(Жарлы Тәліп)


Тәуекел талапты ерге болған нәсіп.

(Жарлы Тәліп)


Тастамас талапты ерді, тәңірім шөлге.

(Жарлы Тәліп)


Қасқырдай қара көңіл боламын деп,

Достықтың апатына шаталмаңдар.


Қаңлы Жүсіп:

Жоқ екен ант беруден қиын нәрсе.

(Түлкі, қасқыр, қой)

Бой ұрма есті ерлер пенделікке

(Ғибарт кейінгіге- патша ісі)
Пысықтың мысын басар зор киесі.

Бастан құлақ садақа.

(Ана мен бала)

Көңіліңде сақта Алланы,

Сақтағын таза бойыңды

(Ағайынды үш жігіт)


Бейсенбай Қасқырбаев:

Жүйрік ат – мұрат

(Есек пен бұлбұл)

Бес қару – ер серігі, қырлы найза.

Құс сұңқары – бүркіт.

Міне, осылай тізе беруге болады, десек те ақын мысалдарын жазуда да негіз болған тәлімдік мәселе екенін айту керек.

Тұрмағамбет мысалдары шығыстық аңыздар, халықтың ауыз әдебиеті мен өзіндік ой талғамдарынан тамыр тартып жатыр. Барлық мысалдары қазақ ұғымына жақын, түсінікті, ойды пернелеп бере отырып, тұжырым, қорытынды жасауды оқырманға қалдырады.

10) Тіл құдіретін жетік меңгерген ақын өлең құрылысына да өзіндіке ажар, көрік береді. Өлеңнің буын жайын сөз еткенде, өлең жолындағы заңдылыққа назар аударамыз. Мысалдары 10-11-12 буынға құрылады.

Т.Ізтілеуов «Сүлеймен мен Кірпікшешен»

1 1 1 3 4

Ісі жоқ кем ой/лы/ның кең/ес/пе/нен = 10
1 2 2 2 2 2

Кем ой/лы «ке/ңес шы/ғар», - де/мес, - ме/нен», = 11


2 1 4 2 2

Біл/се де, бы/лай/ғы/дан бі/лім сұ/рар, = 11


3 4 4

Өз/і/мен үз/ең/гі/сін те/ңес/пе/ген = 11


Өлең құрылысы толық сақталмаған бірінші жол 10 буын, қалған 3 жол 11 буыннан құралған.

Қазақ поэзиясында жиі қолданылатын өлең өлшемі. Өлең тармағы 3-5-6 бунақтан 10-11 буыннан тұр. Он бір буынды өлеңнің тағы бір өлшемдік үлгісі бар.

Өлең сөзде қолданылатын өлшем жасау жүйесі, оның ырғағының, дыбыс үндестігіне тән болса, ол түгелдей сақталған.

Мысалы,

Жас/сың деп жан кем/іт/пес, ту/саң бү/тін,

Сек/іл/ді сен бір гү/жім көк/ке сү/тін,

Дәуіттің уақытында бір қара қой –

Түнде еріп, түсті егінге, болмай күтіп

(Ата мен бала)

11 буынды өлеңге құрылған, мысалдың әрбір тармағы 6 бунақтан тұрады.

Ұйқасы а-а-б-а – қара өлең ұйқасына жатады.
10 буын - Ұл/ына үш на/си/хат айт/ты Лұқ/пан

10 буын – Ол/ар/дың оң/ал/мас жаңа сөз/ін жық/қан

10 буын – Бұл/ар/ды бол/ма, өм/ірде ұм/ыт/ушы

12 буын – Сүй/ік/ті, - де/ді, ей, ұл/ым іш/тен шық/қан.

(Лұқпан Хакім)

Өлеңнің жолдарында буын саны сақталмаған бірде 10, бірде 11, бірде 12 болып келе береді. Бұл мысалда 4,5,6 тармақ бар, ұйқасы а-а-б-а – қара өлең ұйқасы өлеңінің 1-2-4 жолдары ұйқасады да, 3-жолы ұйқассыз бос қалып отырады.

«Дарақ пен сая» атты мысалында ақын өлең жолдарының аяқтағы дыбыстары не бірнеше буындардың құлаққа бірыңғай естілетіндігін өлеңнің ұйқасы десек, ондай берік сақталмайтын ұйқастар Тұрмағамбет мысалдарында жиі кездеседі.
Күлді де көлеңкеге, - деді дарақ:

«Орынсыз өте кейіп келпе!» - деді.

Көрінген көзге бұрын гозалында,

Тайдан-ақ топырақтың тепе – деді.


Өлең жолындағы ырғақтың айқын сезімді тек қана бунақ қайталанатын жол бөлшектері, буындардың бірыңғай келуі жиі кездеседі.

Бір ғана емес, бунақ буын жасайтын дыбыстарға да байланысты құбылып тұр. Ұйқасы а-б-в-а ерікті ұйқасқа жатады. Өлең құрылысына, ұйқасына, ырғағына қарап осылай таңдай беруге болады. Шағын сюжетті ойды тұспалдап айтатын шығармада ақын сан алуан тақырыпты қамтыған. Негізі сюжетке қоса нақыл түрінде келетін түйіндемесі де бар. Кейіпкерлерді сөйлету арқылы диалог құра отырып, ширақ баяндалады. Тілі қарапайым, дидактикалық әдебиет үлгісін жасаған. Жалпы мысал жанрына тән ерекшеліктердің бір кейіпкерлердің аз болуы десек, ақын мысалдарында да 2-3-4 кейіпкерден аспайды. Оның мысалдарында лирика мен сюжет элементі қатар келіп отырады. Соңында автор не кейіпкер сөзімен түйіндеп ақыл-нақыл, ғибраттық сөздермен аяқтайды. Ақынның көркемдік ерекшелігін сөз қолданыстарын атап айтқанымыз жөн.

Біріншіден, мысал жазуға шеберлігі, ақындық дарындылығы молдығы байқалады. Екіншіден, ұлттық әдебиетімізді мысал жанрымен толықтырды. Үшіншіден, мысалдарында ой тереңдігі мен мазмұндылығы, тіл құнарлылығы, өзіндік сөз саптауымен ерекшеленеді. Төртіншіден, оқиғасы, баяндау шеберлігі үйлесімді жазылған. Бесіншіден, өлең құрылысымен троп пен фигураның түрлерін мысал мазмұнына сай қолдана біледі. Өлеңге әуенді ырғақ беріп отырады. Алтыншыдан, араб, парсы сөздерін мағынасына сай өлең ұйқасына орай қолдана біледі, түсінік беріп отырады. Жетіншіден, ақынның стильдік даралығы, яғни, талғам байлығы, молдығы байқалады.

«Пейзажды біз әдетте, көркем шығармада суреттелген табиғат көріністері дейміз. Рас, пейзаж – табиғат. Бірақ бұл жеткіліксіз. Нағыз пейзаж – бұл поэзия! Бұл характер, бұл адам. Неге? Неге десеңіз, адамның тағдырынан, сезімінен, көңіл күйінен тыс табиғат суреті – пейзаж жоқ. Пейзаж жазушының стилін де белгілейді. Ал стиль - адам», - дейді З.Қабдолов. Расында да, Тұрмағамбет мысалдары түрлі елдердің дүниесімен үндесіп, жанды адамдармен байланыстырыла суреттеледі.



Қазақ әдебиеттану ғылымында да стильдік ізденістер туралы мол пікір, тұжырымдар айтылған. М.Әуезов: «Әдебиеттің ұлттық түр мәселесінің бір іргелі үлкен мәні – стильде. Теңеу тілі, әр алуан көркемдік шеберлікпен келетін сөз кестесі түгел құрала келіп, жазу стилін қалыптастырады», - десе, Сыр сүлейлері жазған мысал өлеңдердің де көркемдік ерекшелігі бай, жазу шеберлігі қалыптасқан. Әр нәрсені салыстыру, бейнелі сөздерді құбылту, астарлап ауыстырулар мол.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Виноградов В.В. Сюжте и стиль. – Москва: Изд-во АНССР, 1963. –С.192.

  2. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері. – Алматы: Білім, 2003. -260б.

  3. Қабдолов з. Сөз өнері. –Алматы:Санат, 2002. -360б.

  4. Ізтілеуов Т. Назым. Шығамралар жинағы. – Алматы, 2007. -588б.

  5. Шораяқтың Омары Сөйле тілім жосылып... – Алматы: Рауан, 1995. -301б.

  6. Қаңлы Жүсіп. – Астана:Фолиант, 2013. -272б.

  7. Қасқырбайұлы Б. Ел деп соққан жүрегім. Шығармалар жинағы. – Алматы: Арыс, 2007. -192б.

  8. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. –Алматы:Мектеп, 1973. -212б.

  9. Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы. –Алматы: Жазушы, 1985. -496б.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет