Ұлт –азаттық көтеріліс және Жамбыл поэзиясы Айтбаева Айман Ералықызы Қорқыт ата атындағы Қму доценті



Дата26.06.2018
өлшемі25,01 Kb.
#44322
Ұлт –азаттық көтеріліс және Жамбыл поэзиясы

Айтбаева Айман Ералықызы Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті

Қазақстанда патша өкіметінің отарлау саясатының күшеюі және Орта Азиялық хандықтардың басшылығына қарсы халық наразылығының көрінісі ретінде ұлт-азаттық көтерістерінің тууы заңды құбылыс еді. Қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылуы мен азаттық идеясын шыңдауда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің үлкен әсері мен ықпалы болды. 1822 және 1824 жылы енгізілген жарғылар бойынша Орта және Кіші жүз жерлерінде хандық билік біржола жойылды. Сөйтіп, қазақ қоғамындағы саяси биліктің бүтіндей орталық әкімшіліктің қолына өтіп, патшалықтың қазақ жеріне өз билігі толық орнады.

Қазақ - орыс шекара бойы бекініс, қала қоныстардың түсуі, жаңа тәртіппен бірге халықты тонауға бағытталған сауданың, түрлі алым-салықтың құйтырқы әдістерінің келуі патшаның «шекпеніне ділін сатқан» жергілікті феодалдардың өз халқына қарсы жасаған әрекеттері –осының бәрі қоғамдық ойда «зар заман» аталған ағымды туғызғаны тарихымыздан белгілі. Ұлт –азаттық көтерілісіне байланысты туған өлең-жырларда ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында шөл немесе шөлейт, құнарсыз жерге қуылып, шұрайлы жерлерінен айырылған, зорлық-зомбылыққа душар болған, ары, намысын туған топырағы үшін жанын садақа еткен текті халықтың ерлігі мен елдік істеріне арнады, қазақ халқының зор қасіреті жырланды.

Шындығында да, отарлық саясаттың әсерінен тұрмыстары күйзеліп тұрған қазақ еңбекшілеріне патша жарлығы ашық күндегі найзағайдай әсер етті. Ел дүрлігіп, патша жарлығын орындаудан бас тартып атқа қонды. Бұл жайлы М.Қойгелдиев:«...Патша өкіметі «бұратана» халықтардың ұлттық мүддесімен есептеспестен, олардың шаруашылық ерекшеліктерін, өмір салтын ескерместен 1916 жылы 25 маусым жарлығын дүниеге келтірді.Олар «бұратана» халықтарға қайырғанға малша көнетін көнбіс, қалағандарынша мен пайдалануға болатын «тегін» күш ретінде қарады. Алайда өзі отарлаудың нағыз сорақы түрі рухани езгі мен талап-тонауға ұшырап, жерден, судан айырылған елге енді азаматыңды, тірегіңді алам деген соң бұдан әрі шыдау мүмкін болмай қалды» /1,45/ деп көрсетті. Расында М.Дулатовтың :

Қазағым, жерің қайда атамекен?

Қазақ қазақ болғалы мекен еткен.

Қазірде бәріңізді қуып шығып,

Орныңа қала салып, хахол жеткен.

Шығарған жер өлшеуге землемерлер

Қала үшін кеткен бізден жақсы жақсы жерлер.

Тәтті шөп, тұщы судың бәрі сонда,

Табатын бұған хайлә қайда ерлер?

Қысқарып жер кеткеннен соң өрісіміз,

Қалды ғой жатақ болып хайран елдер/2,124/-деп жырлағанындай, елдің еркін алды, атақоныс жерін, суын алды, енді адамын алса, үш бірдей елдік белгіден айырылу отарлаудың шегіне шығуы болатын.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қойгелдиев қазақ даласында өткен көтерілістердің азаттық жолында болған күрестер екендігін: «Қазақ халқы Ресей патшасының отаршылдық саясатына қарсы үздіксіз күресті. Олардың қатарында: С.Датұлының басшылығымен болған 1878 жылғы Кіші жүз шаруаларының көтерілісі,1836-1838 жылдары И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлының басшылығымен болған шаруалар көтерілісі.

1837-47 жылдары Кенесары Қасымұлының басшылығымен болған қозғалыс, 1855-58 жылдары Арал жағалауы қазақтары мен 1856 жылы Сырдарияның төменгі ағысы қазақтарының көтерілісі, 1869 жылғы Орал және Торғай облыстарындағы көтеріліс, 1870 жылы Маңғыстауда болған қозғалыс т.б. Ал, 1916 жылғы Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық қозғалыс-қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің шыңы болды»,- деп атап көрсетеді/1,48/.

Орынбор қаласының әкімі Н.Середаның: « Қазақ жерінде ұлт-азаттық көтерілістің тууына үш түрлі себеп болды. Біріншісі қазақтардың өз ішіндегі жүз бен жүз, ру мен ру тартысы, екіншісі 1835 жылы жүргізілген жер бөлісінің талас тудыруы, үшіншісі ақшалай салықтың енгізілуі» дегенмен, патша қолшоқпарының көтерілістің себептерін дұрыс топшылағанымен, ең негізгі себеп Ресейдің отарлау саясаты екендігін аузына алмағандығын З.Бисенғали Әуезов еңбектеріне қатысты зерттеулерінде келтірген/3,175/. 1916 жылғы ұлт -азаттық көтерілістің басталуына осы жылғы 25 маусым жарлығы түрткі болғанымен, көтерілістің басты себептерінің әлеуметтік-экономикалық және саяси-рухани мәні тереңде болды.

Қазақстан мен Орта Азияны толық жаулап алғаннан кейін, патша өкіметі отарлау саясатын жоспарлы түрде күшейте түсті, өлкенің байырғы тұрғындары ата қоныстарынан қуылып, ауа-райы қолайсыз биік таулы немесе далалы-шөлейт аудандарға ығыстырылды. Ақын атаулы халық қайғысына үн қосып, әлеуметтік шындықты тайға таңба басқандай бейнелеп, ерлік,күрес шежірелерін жазды. Батырлық эпостар мен ерлікке үндеген күресшіл поэзия туын тікті. Ақындар, жыршылар халықтың намысын оятарлық жалынды сөздермен ел еңсесін көтеруге күш салды, қажыған халықты қайратқа шақырды.

Қалың бұқара көңіліндегі мұң мен нала, ыза мен кек, арман мен мұрат көркем сөз арқылы мейлінше кең өріс тапқан еді. Талантты ақындардың тұтас бір тобы Көдек Баршынбайұлы, Албан Асан, И.Дәукебаев, Б.Атыханұлы, Ж.Жабаев, К.Әзірбаев т.б ел тілегінің жоқшысы, күрес күндерінің ұраншысы, күрделі, қайшылықты заман шежіресі болды. Солардың бірі Жетісуда өмір сүріп, патша үкіметі және оның жергілікті әкімшіліктерінің зорлық-зомбылықтарын көзбен көрген Албан Асан ақын патша үкіметінің жергілікті халықты шұрайлы жерлерден ығыстыруға бағытталған саясатының ауыр зардаптарын былайша өлең жолдарымен берген еді:

Албан, Бұғы бұл күнде,

Кең қоныстан айырылды.

Жердің бәрі өлшеніп,

Қазынаға алынды.

Балықты көл, өзен-су,

Ұлыққа бәрі қайырылды.

Қыстау болса, жайлау жоқ,

Жүрген жерің тарылды/4/

Жерді пайдаланудың қай халық үшін өмірлік маңыздылығын дәлелдеудің өзі артық. Осындай тіршілік өзегі жерден айырылған қазақтар күн көріс қамымен жалдамалы еңбек етуге мәжбүр болды.

1916 жылғы қанды қырғынның зобалаңын көрген, халықтың азап-шерін бірге арқалаған Көдек ақын «қу орыстан жүрегім шошып қалған» деп жырлағанындай, орыс империясының жауыздығын, залымдығын арыдан біліп сынайды. Оның «16-шы жыл» дастаны Көдектің ақындық биігі мен азаматтық болмысын танытар ұлағатты туынды болып тарихта қалды. Мұнда патша үкіметінің қазақтан майданның қара жұмысына 19 бен 31 аралығындағы жастарды алу туралы жарлығының әбден шыңына жеткен наразылықтың отын тұтатып, ұлт-азаттық көтерілістің шыққаны һәм көтеріліс басшыларының Қарақол түрмесінде қаза тапқаны жырланады.

Бұл тарихи оқиғаны М.Әуезов «Қилы заман» романында жан-жақты көрсеткен болатын. Келесі бір 1916 жылғы халық басына төнген ауыр жайды арқау еткен туынды авторы Бөлтірік Атыханұлы.Бөлтірік ақынның толғауында Албан елінің жарлыққа қарсы көтерілгені, кейіннен жеңіліс тауып Қытайға ауғаны, онда көрген қайғы қасіреті, шеккен азабы айқын да анық бейнеленген.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің кейбір қырлары Жамбыл ақын шығармаларында сөз етіледі. Абылайдың ақ туы астында тәуелсіздік үшін күрескен бүкіл қазақ қауымы ежелден еркіндік аңсаған ел екендігін танытып келеді. Сол қилы заманның қилы оқиғаларын, ұлт-азаттық көтерілістің аса білікті жетекшісі, қаһарлы күрескер Кенесары Қасымов туралы, оның ұлы Сыздық төре жайлы Жамбылдың айтқан әңгімелері кім-кімді де жай қалдырмайды. Ең бастысы Алатауға келгенде Сыздық төрені үйіне шақырып, Қасымдай ерден, Кенесарыдай батырдан осындай ұл туғанына қуанған, риза болған Жамбыл ақын жырды селдетіп төгеді.

Ақ жүзіңді көрген соң,

Енді мауқым басылған.

Ауылға жүр қонақ бол,

Атан алып, ат мініп,

Ағайынға беріп қол,

Атанарсың, Сыдеке,

Ата жолы деген сол!

...Атаңның не арманы-

Іздеп келген артынан

Бата қылса сіздей ер!-деп жырлаған Жамбылдың ерлігін, үлкен ақындығымен қатар, биік адамдығын, заңғар парасаттылығын көреміз. Елдің сөзін сөйлесе, бүгінде таспен шөкелеп жатқандар аз ба? Еліне ғашық, жерін жан-тәнімен сүйетін, батыр ұлдарын ұлықтай білетін ақынның үнін естиміз. С.Дәуіт: «Жамбыл ақын кешегі өткен ұлы ханымыз Абылайдың көзі –Кенесары мен Наурызбайдың сыртқы сипатымен бірге ішкі жан дүниесін де жарқырата жырлапты. Сонымен бірге оларға ерген батырлардың түрі мен тұрпатын да адамның қараса көзі, тыңдаса көңілі тоятындай етіп суреттепті»/6,13/ деген сөзінің растығын ақынның «Кенесарыұлы Сыздыққа» деп аталатын жырын оқи отырып қана көз жеткізуге болатындығын айтады.

Жамбылдың жаңашылдығын танытатын және 1916 жыл оқиғасын баян ететін туындысының бірі «Менің өмірім» атты өмірбаяндық дастаны. Өз өмірінің әрбір кезеңіне, өткен өмірінің өкініштері мен қуаныштарына ерекше мән береді. Ақын жігіттік жасқа жетіп, жан-жағындағы әлеуметтік, тарихи оқиғалардың сырына үңіліп, ұғына бастайды. «Шалшықта шатылмаддым, көлде қалмадым, жеме-жемге келгенде, елде қалдым»,- деп ел мұңын жоқтауға, тілегін тілеуге бет бұрады.

20 жасқа келгенде орыс әскерінің Қоқан хандығын ығыстырып, жиырма мың әскерін талқандағанын көреді. 1864 жылы Әулиеата, 1865 жылы Ташкент Ресей патшасының қол астына өткендігін біледі. «Мен жиырмаға жеткенде патша қазақты түгел қаратып алды» дей келе, патша тұсында халықтың халі тым ауырлап кеткендігін: «Бұрынғы зары тамшы болса, дарияға айналды, бұрынғы зары ексім болса, дауылға айналды»,- дейді.

Жасы отызға келгенде патша қысымы бұрынғыдан да зорайғанын:

Отыз жасқа келгенде,

Даланың түрі өзгерді.

Өзгергенін көз көрді...

Үдете түсті езгенді/5/

Жасы жетпісті алқымдағанда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің ел-жұртқа әкелген кесепатын, ел қайғысын тебірене жырлады. Жер-жердегі ақындарды Алматыға жинап, түрмеге қамап: «Патшаны мақтаңдар, елді бас игізіңдер» деп қоқан-лоқылық көрсеткендерге ардың ақыны бетін бұрмайды. «Тілім кесілгендей үн қатпадым»,- дейді.

Ақынның өмірін, шығармашылығын зерттеген, кезінде әдеби хатшысы болған Ә.Тәжібаев оның осы көтеріліске қатысты шындығын айтады: «Жетісу қозғалысын бастаған Бекболат батырдың жасағына Жамбылдың жақындары да қосылады. Боз қасқа малын сойып, оларды жігерлендіріп, ұзақ жыр айтқан. Дегенмен, ол жырды ақын қайтып есіне түсіре алмаған. Сол әрекеттері үшін ақын түрмеге қамалған»/6,351б/.

Маусым жарлығын естіп,ел-жұрттың қатты налығанын, не істерін білмей дағдарғанын, патша жарлығы күшейген сайын елдің оған деген өшпенділігі арта түскендігін ақын: «Ұстаған қанды тырнақ елді қысты, кім болмақ ызаланса елден күшті» деп бейнеленген. 1916 жылғы маусым жарлығының зобалаңын: «Күнде айдады тоғытып, көлге айдаған қойдай ғып, Аралдағы қояндай ел топанға қамалды» немесе «Арық ел алабұта тұрған ықтап» деген жолдардан жанды көреміз.

«Зілді бұйрық» өлеңінде патша жарлығының қазақ даласында қанша үрей туғызғанын аңғартады:


Верныйдан жандаралдар бұйрық қылды,

Құйрығы бұйрығынан тіпті зілді.

«Он тоғыз-отыр бірді алад» деген

Суық хабар –халықты бұлқындырды.

Жылады сорлы халық малын айтып,

«Кеткен соң қолдан шығып, келмес қайтіп»,-

Дейді де еңірейді, егіледі,

Қайғының күндіз, түні күйін тартып.

Верныйдың ешкім бармай қаласына,

Кемпір, шал жылап жатыр баласына.

Ешбір ем табылмады іздесе де

Халықтың жүректегі жарасына/3/,-

деп өз шығармаларында патшалық заманнның шынайы келбетін, қайшылықты сипаттары мен көлеңкелі жақтарын нақты тани білді.

Жамбыл саяси сауаты болмағанмен, қазақ халқының мойнындағы ауырпалық, қазақ қауымындағы қайшылықтар тегіс патшалық озбырлықтың зардабы деп есептеді.

Патшалы Ресей империясының қазақ даласындағы зорлықшыл отаршылдық саясатына қарсы қазақ халқының тәуелсіздік үшін жүргізілген ұлт-азаттық көтерілістері толық зерттеліп, өз бағасын алды деу ертеректеу. Қазақ тарихында маңызды оқиғалардың біріне айналған ұлт-азаттық көтерілістердің бұқара санасында өшпес із қалдырғанын ұмытпауымыз керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.М.Қойгелдиев

2.М.Дулатов.Шығармалары.-Алматы,1991.-384б

3.Ж.Жабаев.Екі томдық шығ.жинағы.Алматы,1982.2-т

4.З.Бисенғали. Қазақ прозасы ХХ ғасыр прозасы.Алматы,2010.-275б

5.Жамбыл және халық поэзиясы.Алматы,1975

6.Тәжібаев Ә.Өмір және поэзия.Алматы,1960



7.Дүйсенов М.Ж.Жабаев творчествосы.Алматы,1989

8.Жолдасбеков М.Ел тағдыры-ел тағдыры.Алматы,1997.-457б

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет