Ұлт зиялыларының тарихнамасынан (ораз жандосов тағдыры туралы) Нұрымбетова Гүлшат Рамазанқызы



Дата17.06.2018
өлшемі36,1 Kb.
#43218
ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ТАРИХНАМАСЫНАН

(ОРАЗ ЖАНДОСОВ ТАҒДЫРЫ ТУРАЛЫ)
Нұрымбетова Гүлшат Рамазанқызы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универсиетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы
Еліміз тәуелсіз, егеменді ел болғалы халқымызға өз елінің бостандығы жолында арпалысқан қазақ арыстарының, аққан жұлдыздай келте ғұмыр кешкен ардақты ұлдарының есімдері қайтарылу үдерісі әлі күнге дейін жалғасуда.

Кеңестік дәуірде жабық болып келген архивтік деректер, ұмытылмаған өмірбаяндар ғылыми айналымға қайта қосылғанда, зерттеушілер алдынан жаңа міндеттер шықты. Соның бірі – ұлт зиялыларының саяси жікке бөлінуі, жеке басқа табынушылықтың ұлт зиялыларының қалыптасуына кері әсері. Осының бәрі бір тұлғаның – Ораз Жандосовтың тағдырында көрініс тапты.

Ораз Қиқымұлы Жандосовтың өмірі мен қызметі туралы жазу қиын да ауыр. Біріншіден, зерттеуші-ғалымдар оның партиялық-қоғамдық қызметіне баға беруде әлі ортақ көзқарасқа келген жоқ. Кейбір зерттеушілер қайраткердің тек жіберілген қателіктеріне көңіл аударса, басқалары керісінше, оның Жетісу өңірінде кеңес өкіметін құру мен социалистік құрылысты орнатудағы рөліне көңіл бөлумен шектеледі. Екіншіден, Ораз Жандосовтың партиялық-қоғамдық қызметі оған тікелей арналмаған зерттеулерде, яғни Жетісу өңірінде кеңес өкіметін орнату, Қазақстандағы социалистік құрылыс тарихы мәселелеріне және т.б. арналған жалпы еңбектерде жүйелі қаралмаған. Үшінші, Ораз Жандосовтың қоғамдық-саяси, мемлекеттік қызметіне арналған, оның қайраткер ретінде қалыптасуын, республика тарихында қалдырған ізін зерттеген нақты тарихи еңбек жоқ.

Зерттеудің басты идеясы – О. Жандосовтың қоғамдық-мемлекеттік қызметін зерттеуге арналған еңбектерді жан-жақты талдап ашу. Әр түрлі зерттеулерге талдау жасау, оларды жүйелеу О.Жандо-совтың тарихи рөлін бағалауға қатысты төмендегі зерттеу кезеңдерін топтастыруға мүмкіндік берді: 1. Көзі тірі кезінде Ораз Жандосов туралы жарияланған мақалалар (1920-1938 жж.); 2. Халық жауы тұжырымы орныққан кезеңдегі еңбектер (1938-1956 жж.); 3. Ақталғаннан кейінгі жарық көрген зерттеулер (1957-1985 жж.); 4. Жариялылық кезеңінде пайда болған еңбектер (1985-1990 жж.); 5. Тәуелсіздік тұсында жарық көрген еңбектер (1991-2016 жж.)

Енді әр кезеңдегі зерттеулерге шолу жасап көрелік. Бірінші кезеңде жарық көрген еңбектер өте аз. Себебі, тоталитарлық дәуірдің қалыптасуы кезеңінде зерттеушілердің бірде-бірі республика басшыларының өмірбаянын ғылыми тұрғыдан саралауды мақсат тұтқан жоқ. Тіпті ұлттық кәсіби тарих ғылымы да қалыптасып үлгермеген еді. Негізінен көлемі шағын мақалалар ғана жарияланды. Сондықтан да Ораз Жандосов туралы газет-журналдардағы мақалаларды тарихнамалық тұрғыдан ой елегінен өткіздік.

1935 жылы А. Розыбакиев пен Ш. Ярмухамедовтың мақалалары жарық көрді. Бұл мақалаларда Ораз Жандосовтың Жастар одағына алғашқылардың қатарында енгені және оның Жетісу өңіріндегі қызметі туралы айтылған [1]. Сонымен қатар осы жылы 1917 жылғы Жетісу тарихына арналған мақала пайда болды [2]. Бұл мақалада О. Жандосовтың аты Т. Бокиннің қызметіне байланысты аталып өткен. Алғашқы екі мақала сипаты жағынан ғылыми зерттеуден гөрі естеліктер қатарына жатады. Әрине, Ораз Жандосовпен қатар қызмет істеген қайраткерлердің естеліктерінің маңызы зор. Бірақ бұл естеліктерде оның қоғамдық-саяси, мемлекеттік қызметі жан-жақты қарастырылмаған. Айта кететін жайт, авторлар алдарына мұндай мақсатты қоймаған да.

О.Жандосов қызметінің әділ бағасын сол кездің өзінде-ақ халықтың өзі берді. Бұған Нұрила, Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев сияқты халық ақындарының О.Жандосовқа арнаған арнаулары дәлел. Кенен Әзірбаев:

«Оразжан серкесі едің Жетісудың,

Жасыңнан талаптанып оқу қудың» -

деп жырласа, Жамбыл Жабаев:

«...Қара болсаң қара бол, ханнан аулақ,

Кедейдің сөзін айттың, дауын даулап.

Қара қылды қақ жарып жүрсең егер,

Бағың өсіп кетерсің, отын лаулап!» -

деп жырлаған екен.

Біздің ойымызша, О.Жандосовтың азамат, басшы, қайраткер ретіндегі бейнесін сомдауда осы жыр жолдары маңызды дерек көздері болумен қатар тарихнамалық талдауға да шылбыр ұстатады.

1937 жылғы БК(б)П ОК-нің ақпан – наурыз пленумынан кейін Ораз Жандосовқа саяси кінәлар тағыла басталды. Өмірінің соңғы кезеңіндегі (1937 маусым – 1938 ақпан) баспасөз бетінде жарық көрген басылымдарда ол тек ұлтшыл-фашист ретінде біржақты көрсетіліп отырды [3].

Ораз Жандосовтың тарихи рөлін бағалаудағы екінші кезеңді сталиндік деп айтуымызға болады. Себебі, тарих ғылымында сталиндік тұжырымдар үстемдік етті, ал мұндайда жеке тұлғалардың тарихтағы орны туралы сөз болуы мүмкін емес еді. Қалыптаса бастаған сталиндік ахуал бүкіл алдыңғы қатарлы зиялыларды, партия-мемлекет, қоғам, өнер қайраткерлерін нәубетке ұшыратып, оларды халыққа ұмыттыруға тырысты. Ал олардың өмірі мен қызметін зерттеу жабық тақырып-тардың біріне айналды. Осы себептерге байланысты Ораз Жандосовтың саяси өмірбаянын арнайы ғылыми тұрғыдан зерттеу туралы сөз болмауы да, біздіңше, заңды құбылыс.

Бұл кезеңде тарихшылар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына Ораз Жандосовтың (тек оның ғана емес – Г.Н.) қосқан үлесін ауызға алмады. Мысалға, 30-шы жылдардағы партия тарихшылары Н. Тимофеев, С. Брайнин өздерінің 1926-1938 жж. индустрияландыру және ұжымдастыру тарихына арналған көлемді мақалаларында [4] нәубетке ұшыраған қайраткерлер есімдерін айналып өткен.

1957 жылы Ораз Жандосовтың азаматтық және партиялық тұрғыдан ақталуы – оның өмірі мен партиялық – қоғамдық қызметіне арналған зерттеулердің пайда болуына қозғау салды. Бұл басылымдарды ой елегінен өткізе отырып, ақтаудың артында «салмақ» жатқанын ұмытпағанымыз жөн. Себебі, енді Ораз Жандосов – нағыз коммунист, қайсар большевик-лениншіл, жеке басқа табынушылық кезеңінде негізсіз нәубетке ұшыраған қайраткер ретінде ғана көрсетіле бастады. Осы жылы Ә. Тұрсынбаев [5] пен С. Жүсіпбековтің [6] Ораз Жандосов өмірі мен қызметіне арналған мақалалары жарық көрді. Өкінішке қарай, бұл зерттеулер мол мұрағат деректерінің негізінде жазылғанымен, жалпы сол жылдардың саяси әсерінен алыстап кете алмады. О. Жандосовтың Жетісу өңіріндегі қызметі кеңінен қарастырылғанымен, оның өмірінің соңғы кезеңдері қамтылмаған. Саяси ағымның дұрыс еместігіне күмән келтірмеу үшін Ораз Жандосов тағдыры шектеулі тұрғыдан ғана зерделенген.

Қазақстанның кеңестік дәуірі тарихына арналған ұжымдық еңбектерде: «Қазақстан партия ұйымдары азамат соғысы және шетелдік әскери интервенция кезеңінде», «Қазақстан партия ұйымы республика халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында күресте», «Қазақстан партия ұйымы социалистік индустрияландыру және ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезеңінде» [7] Ораз Жандосов есімі ауызға алынған. 1961 жылы жарық көрген С.Н. Покровский [8] зерттеуінде Ораз Жандосовтың Жетісу өңірінде кеңес өкіметін құру, социалистік құрылысты орнату жолында қандай қызмет істегені сөз болған. Осы кезеңде кеңестік қазақ зиялылары тарихына арналған зерттеу де дүниеге келді. Өкінішке қарай, бұл еңбекте [9] тек Ораз Жандосовтың ғана емес, жалпы бірде бір қазақ қайраткерлерінің қызметтері мен көзқарастары тиісті бағаларын алмаған.

Ал келесі тарихи-партиялық сипатта жазылған С. Бейсембаев еңбегінде [10] Ораз Жандосов Жетісу өңірінде жаңа экономикалық саясатты түсінбеген қайраткерлердің қатарында көрсетілген. Автор республикадағы көрнекті партия және мемлекет қайраткерлерінің арасындағы кеңес өкіметінің алғашқы жылдары орталықтан жоғары оқу орындарын бітіргендердің қатарында Ораз Жандосовты да көрсеткен. Ал мұрағат құжаттарына сүйенер болсақ, Ораз Жандосов 1923 жылы Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылық институтын тәмәмдамай, Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық-межелеу саясатына байланысты кері шақыртылып алынған.

Жетісу өңіріндегі ұлт істері бөлімінің қызметіне арналған «Казахский отдел народного комиссариата по делам национальностей РСФСР» атты еңбекте [11] авторлар С.Зиманов, С.Дәу-летова, М.Исмагулов Алматы облысының мемлекеттік мұрағатының құжаттарын кеңінен пайдалан-ғанымен, осы ұлт істері бөлімінің ұйымдастырушыларының бірі – Ораз Жандосовқа бір жол да арнамаған екен.

Сонымен, біз негізінен Ораз Жандосовтың өмірі мен қызметіне арналмаған Қазақстанның жалпы даму тарихына байланысты зерттеулерді қарастырдық. Коммунистік партия идеологтары мен партия ғылымының өкілдері Ораз Жандосовты партиялық функционер, бірінші басшының еркін ойланбай орындаушы ретінде көрсеткілері келді. Ал оның тұлғасын жан-жақты ашу мақсаты алға қойылған емес.

Осылайша, өкінішке орай, көрсетілген кезеңде баспасөз беттерінде жарық көрген Ораз Жандо-совтың өмірі мен қызметіне арналған мақалаларда авторлар өздерінің партиялық парызын өтеумен ғана шектелген.Бұл зерттеулер [12] Ораз Жандосовтың қоғамдық-саяси қызметке араласуын 1918 жылы Верныйдағы ерлер гимназиясын тәмәмдауымен байланыстырады. Жетісу өңіріндегі қызметі ғана қарастырылып, оның өмір жолының келесі белестері үстірт баяндалған. Тіптен кейбір мақалаларда оның қай жылы қандай қызметтер атқарғаны ғана көрсетіліп, келтірілген фактілерге тереңірек үңіліп, баға беруге талпынбаған. Бірде-бір еңбекте оның өмірінің соңғы жылы, неге, қалай атылғаны көрсетілмеген. Біздіңше, бұл мақалалар ғылыми-зерттеуден гөрі, өмірбаяндық-анықтама-лық сипатқа ие.

Ал 1974 жылы жарық көрген Қазақ Совет энциклопедиясының 4-томындағы О. Жандосов туралы өмірбаяндық анықтамада біраз қателіктерге жол берілген [13]. Ораз Жандосовтың өз қолымен жазылған өмірбаянында дүниеге келген жылы 1899 жыл деп көрсетілген еді, энциклопедияда 1889 жыл деп жүр. Сонымен бірге, Ораздың әкесінің атын, 1919-1921 ж. Түркістан КП мұсылман коммунистері секциясы облыстық бюросының төрағасы қызметін атқарған жылдарын жаңсақ көрсеткен, О.Жандосов бұл қызметті 1919 ж. шілде айынан –1920 ж. қараша айына дейін атқарған. Ал БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгеруші қызметін атқарған уақыты 1924-1928 жылдары емес. Ораз Жандосов бұл қызметке 1925 жылдың 18 сәуірінде ұсыны-лып, 18 мамырдағы қаулының негізінде 1 маусымда тағайындалған. 1928 жылдың қаңтар айында Халық ағарту комиссары қызметіне ауыстырылған.

Осы орайда 80-ші жылдары жарық көрген, кеңестік дәуірдегі қазақ зиялыларының қалыптасуы мен дамуына арналған Ш. Тастановтың еңбектерін де айта кеткен жөн [14]. Бірақ автор өз зерттеулерінде белгілі қайраткерлердің атын атап өтуден әріге бармаған. Сондықтан да кейбір қайраткерлер қызметі турасында көзқарасы айқын емес.

Қарастырылып отырған үшінші кезеңде жарық көрген тарихи-әдеби еңбектердің [15] О.Жан-досовтың қоғамдық-саяси қызметін зерттеу барысында алатын орны өзгеше. Журналист Ж.Арыс-танов 1924-1925 жылдарда О. Жандосовпен бірге қазақ ауылдарын зерттеген экспедицияға шыққан екен. Ол өз еңбектерінде О. Жандосовтың балалық кезеңін, оның қызмет жолының бастапқы кезеңін қарастырған. Дегенмен, мұнда әдеби шығарма болғандықтан, әсіреушілік басым.

Ал Балғабек Қыдырбекұлы өз шығармаларында мұрағат деректері негізінде Жетісу өңіріндегі қызметіне кеңінен тоқталған, бірақ тек сол уақыт тұрғысынан ғана баға берілген. Автор кейіпкердің балалық шағынан кейбір қызықты деректер келтіргенімен, өмір жолы толық қарастырылмаған.

Өзінің екі томдық әдеби шығармасын О. Жандосовқа арнаған жазушы Д.Ф. Снегин негізінен оның балалық шағы мен Жетісу өңіріндегі қызмет кезеңін қамтыған. Ал республика көлемінде істеген қызметі, яғни оның өмірінің қиын да көп қырлы тұстары қарастырылмаған. Д.Ф. Снегин өзінің еңбегін мол мұрағат деректерінің негізінде жазса да, О. Жандосовтың өмірінің соңғы жылы – 1944 жыл деп қате көрсеткен.

Тұтастай алғанда, жоғарыда аталған тарихи-әдеби шығармаларда басты кейіпкер – Ораз Жандосовтың бейнесі сол кезеңнің уақыт талабына сай, болашақ ұрпаққа өнеге боларлық тұрғыдан жазылған.

Тарихи зерттеулер үшін құндылары О.Жандосовтың замандастарының ол туралы естеліктері [16]. Бірақ бұларда да оның өмірінің қиындықтары мен сан қырлы тұстары назардан тыс қалған және бұларда ресми тарихи құжаттар көрсетілмеді. Қазақстанда комсомол ұйымын ұйымдастыруға белсене ат салысқан, тұңғыш комсомол мүшелерінің бірі Құсайынбек Әміров естеліктерінің орны бөлек. Қ.Әміров өзінің жинағында О.Жандосовтың қызметіне ғана тоқталып қоймай, оның адамдармен қарым-қатынасының қарапайымдылығын да, сөзге шешендігін де көрсете білген.

Белгілі қазақ ақыны Өтебай Тұрманжановтың «Ораз ағай» деген естелік-әңгімесі О. Жандосовты көпшілікке беймәлім қырынан көрсетеді. Онда Қазақстандағы зұлмат – ашаршылық жылдары қарттар мен жас балаларға көрсеткен қамқорлығы сөз болады. Жетісу өңірінде комсомол ұйымының қалып-тасуына және азамат соғысына, кеңес өкіметін орнату кезеңдеріне арналған естелік-жинақтарда да [17] О. Жандосовтың өмірі мен қызметіне біраз орын берілген. Бірақ олардың бірі қысқаша өмірбая-нын берумен шектелсе, екіншісі оның басқа қайраткерлермен қатар еңбек еткенін атап өтумен ғана шектеледі.

Біздің ойымызша, үшінші кезең зерттеулеріне жалпы сипаттаушылық тән. Қай зерттеуді ой елегінен өткізсек те, мұрағат құжаттары көрсетілгенімен, О.Жандосовтың қоғамдық-саяси, мемлекеттік қызметіне ғылыми тұрғыдан тиісті баға берілмеген.

Елімізде қайта құрудың басталуымен тарихи тұлғалардың қызметін бағалауда мүмкіншіліктер молайды. Дегенмен, Коммунистік партия үстемдігінің әлсіреуі ғылымды идеологиялық келеңсіз-діктен жедел құтқара алған жоқ. Әлі де кейбір зерттеулерде ескі методологиялық әдістің басымырақ екенін көреміз. Оған 1989 жылы жарық көрген В.К. Григорьев, Н.Р. Джагфаров, В.П. Осипов жазған еңбек айғақ-дәлел [18]. Қазақстан партия ұйымының идеялық-саяси жұмысына арналған бұл зерттеуде қайраткерлердің, соның ішінде О. Жандосовтың да аты аталғанымен, ол тағы да біржақты бағаланған. Оны коммунистік идеяның шеңберінен шыға алмаған басшы-функционер ретінде ғана қарастырады. 1989 жылы О. Жандосовтың 90-жылдық мерейтойына орай оның өмірі мен қызметіне арналған жаңа жұмыстар жарық көрді [19].

Алғашқылардың бірі болып Н. Жағыпаров О. Жандосовтың қоғамдық-саяси қызметке араласуын 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысымен байланыстырған. Ал В. Ковалев болса О. Жандосовтың 1937 жылы қазан айында тұтқындалып, 1938 жылдың 3 наурызында атылғанын көрсеткен.

Жоғарыда көрсетілген төртінші кезеңде жарық көрген есетеліктердің де өзіндік ерекшіліктері бар [20]. Мысалы, Е.Д. Эйгинсон өзінің естелігінде О. Жандосовтың көпшілікке беймәлім оқытушылық қызметінен хабар береді.

Тәуелсіздік тұсында ұзақ жылдар бойы бұрмаланған тарих ақтаңдақтары ақтарылып, зерттеушілер үшін жабық болып келген мұрағат деректері ғылыми айналымға енгізілді. Тарихшылар үшін ақ түйенің қарны жарылды деуімізге болады. Осы кезеңде жарық көрген еңбектер таптық, партиялық ұстанымдардан ада, мәселені ақиқат тұрғысынан ашуға ұмтылыс тән. Бұған О.Жандосовтың 100-жылдық және 110-жылдық мерейтойларына орай ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конферен-циялардың материалдарын жатқызуға болады [21]. Жандосовтанудың ғылыми-теориялық өресін көтеруге 2 томдық «Ураз Джандосов. Документы и публицистика (1918-1937 гг.)» жинағының жарық көруі игі әсер етті.

Бір өкініштісі, 1995 жылы «Ораз Жандосовтың қоғамдық-саяси қызметі» атты тақырыпта кан-дидаттық диссертация қорғалып [22], 1999 жылы 100-жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өткеніне қарамастан, 2001 жылы жарық көрген ұлттық энциклопедияның 4-томында 1974 жылы жарық көрген Қазақ Совет энциклопедиясының 4-томындағы Ораз Жандосовқа арналған өмірбаяндық анықтамада орын алған қателіктер қайталанған. Ол аздай, осы қате мәліметтер интер-нетте де орын алып отыр. Мысалы, «elim.kz» сайтында О. Жандосовтың әкесінің аты қате берілсе, қазақша Уикипедияда энциклопедиядағы қате мәліметтер қайталанған. Бұл қазақстандық ғылымдағы келеңсіздіктің бір белгісі ме әлде кездейсоқтық па? Бұған уақыттың өзі төреші бола жатар. Ал біздің айтарымыз кез келген зерттеуші құжаттарға, шынайы деректерге сүйеніп еңбектенсе, жаңсақ мәліметтердің таралуына жол берілмес еді. Өмірбаяндық анықтамалар нақты деректерге негізделуі тиіс. Сонда ғана тарих ғылымындағы объективтілік пен шынайылылыққа қол жеткіземіз.

Сонымен, жинақтай айтсақ, тәуелсіздікке дейінгі зерттеулердің негізгі дені Ораз Қиқымұлы Жандосовтың қоғамдық-саяси, мемлекеттік қызмет жолына арналғандықтан өмірбаяндық анықта-маларға айналған. Ал ұжымдық, жеке ғылыми зерттеулерде жалпы тарихи дамудағы белгілі бір оқиғаларға байланысты О.Жандосов аты аталып өткені болмаса, мәселе терең зерттелген жоқ. Тоқырау заманының ғылыми еңбектеріне тән нәрсе – тарихи оқиғаларды жеке тұлғаларсыз жазу. Бұл зерттеулерде оқиғалардың өткір тұстары айналып өтіліп, жалпылама тұрғыда оқырман қауымға ұсынылып отырды. Көптеген зерттеушілер Ораз Жандосовтың қызметін оң жағынан көрсету мақсатымен қажымас, қайсар күрескер бейнесін жасаған. Бірақ мұндайда ол кіммен және неліктен күрескен деген орынды сұрақ туды. Коммунистік партияның ұстанған бағытын іс жүзіне асырушы-лардың бірі ретінде, қоғамға қолайлы жағынан ғана көрсетіліп отырған. Бұлайша біржақты бағалау тек О. Жандосовтың қоғамдық-саяси қызметіне ғана емес, жалпы зиялылар тарихына да қатысты.



Тоталитарлық тәртіп жылдары қалыптасқан қоғамдық ғылымның идеологияға бағынышты жағдайы зиялы қауымының тарихы мәселесі төңірегіндегі шиеленіскен, қайшылықты және күрделі мәселелерді көтеруге мүмкіндік бермеді. Тәуелсіздік тұсында тарихшылар уақыт «тәлкегіне» түскен тағдырларға қайта оралып, әділ бағаларын беруде. Мінеки, осы бесінші кезең деп белгіленген уақытта жарияланған зерттеулер ерекшілігі жаңа құжаттар мен деректердің кеңінен пайдаланы-луында деп білеміз.
1 Розыбакиев А. Несколько страниц из прошлого // Казахстанская правда, 1935. 3 марта; Ярмухамедов Ш. Выпестованные большевиком Фурмановым // Казахстанская правда, 1935. 18 апреля.

2 Брайнин С., Шафиро Ш. Из истории 1917 г. в Семиречье // Большевик Казахстана, 1935. №11, с. 68-86.

3 Казахстанская правда, 1937, 8 июня; Процесс антисоветской национал-фашистской банды в Урджар-ском районе // Казахстанская правда, 1937. 28-30 сентября; Хафизов А. Три процесса национал-фашистов // Большевик Казахстана, 1938. №1, с. 58-63.

4 Тимофеев Н., Брайнин С. Казахская организация ВКП(б) в 1926-1929 гг. // Большевик Казахстана, 1938. №12; Они же. Казахская организация ВКП(б) в 1930-1934 гг. // Большевик Казахстана, 1939. №1, 5.

5 Тұрсынбаев Ә.Б. Ораз Жандосов //Социалистік Қазақстан, 1957. 27 қыркүйек.

6 Джусупбеков С. Ураз Жандосов – Семиреченский революционер // Казахстанская правда, 1959. 14 ноября.

7 Очерки истории Коммунистической партии Туркестана. – А., 1960; Очерки истории Коммунистической партии Казахстана. – А., 1963.

8 Покровский С.Н. Победа Советской власти в Семиречье. – А., 1961.

9 Карагусов Ж. Казахская советская интеллигенция, рожденная Октябрем. – А., 1960.

10 Бейсембаев С.Б. Ленин и Казахстан. – А., 1968.

11 Зиманов С., Дәулетова С., Исмагулов М. Казахский отдел народного комиссариата по делам нацио-нальностей РСФСР . – А., 1975.

12 Пахмурный П. Ураз Жандосов (к 70-летию) // Партийная жизнь Казахстана, 1969. №3; Дунаева В. Имеет государственное значение (к 70-летию) // Учитель Казахстана, 1969. 20 февраля; Она же. Верный сын (к 70-летию) // Ленинская смена, 1969. 20 февраля; Бухонова И. Активный борец за власть Советов (к 75-летию) // Огни Алатау, 1974. 20 февраля; Әбілдаев Ә. Партияның адал ұлы // Білім және еңбек, 1977. №10; Бейсембаев С. Коммунист ленинской школы (к 80-летию) // Казахстанская правда, 1979. 25 февраля; Сидоров В., Осипов В. Жалынды революционер, көрнекті қоғам қайраткері (80-жылдығына) // Қазақстан коммунисі, 1979. №2.

13 Қазақ Совет Энциклопедиясы. т.4 – А., 1974. 264-б.

14 Тастанов Ш. Казахская советская интеллигенция (проблемы становления и развития). – А., 1982; Его же. Советский опыт формирования и развития интеллигенции ранее отсталых народов (на примере Казахстана). – А., 1982.

15 Арыстанов Ж. Сұңқар да жерді мекендейді: Документальді повесть. – А., 1966; Осы автор. Жер ұйығы – Жетісу. – А., 1966; Снегин Д.Ф. Утро и два шага в полдень. – А., 1976; Он же. Два шага в полдень. – А., 1982; Қыдырбекұлы Б. Алатау. – А., 1986; Тоқаев К. Соңғы соққы. – А., 1981.

16 Әміров Қ. Жастық шақ. – А., 1959; Осы автор. Революция ұландары. – А., 1972; Маречек Р. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты, 2048-қ., 1-т., 59, 295-істер; Тұрманжанов Ө. Сонда, 1959-қ., 1-т., 38-іс; Мүсірепов Ғ. Сонда, 1864-қ., 1-т., 251-іс.

17 Рождение комсомола, - А., 1958,.ч. 1; Всегда начеку. – А., 1971.

18 Григорьев В.К., Джагафаров Н.Р., Осипов В.П. Идейно-политическая работа партийных организаций Казахстана (1921-1925 гг.) – А., 1989.

19 Жағыпаров Н. Халықтан шыққан қайраткер // Қазақстан коммунисі, 1989. №3; Коваль В., Мурзанов Қ. Уақыт шыңдаған тұлға // Социалистік Қазақстан, 1989. 25 ақпан; Ковалев В. Счастье служить народу // Казахстанская правда, 1989. 25 февраля.

20 Ахметжанов К. Қос арыстың шапағаты // Мәдениет және тұрмыс, 1985. №7; Эйгинсон Е.Д. Мы были друг для друга братьями // Вечерняя Алма-Ата, 1989. 20 февраля; Розыбақиев М., Розыбақиева Н. Ұйғыр халқинниң мунаввар перзенди. – А., 1987 (ұйғыр тілінде).

21 Ураз Джандосов – выдающийся государственный деятель и просветитель: Материалы научной конференции. – А., 1999; «О.Қ. Жандосов және 1918-1938 жылдарыдағы Қазақстанның әлеуметтік-мәдени даму ерекшеліктері» атты республикандық ғылыми-практикалық конференция жинағы, -Алматы, 2009.

22 Нұрымбетова Г. Р. Ораз Қиқымұлы Жандосовтың қоғамдық-саяси қызметі (1916-1938 жж.). Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – А., 1995.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет