Әдебиет қай дәуірде де, қай заманда да адам көңіл-күйінің буырқанған, босаңсыған, қайрат шақырған, қамыққан, өмірлік мақсаттарға ұмтылған сәттерінің бәрінің де көркем шежіресі, бейнелі суреті, мың құбылған әуені. Еркіндікті, азаттықты, тәуелсіздікті әрдайым ту ғып ұстап, ұлттық сана-сезімді тәрбиелеуде, ата-бабамыздан қалған жерімізді басқыншы жаулардан қорғауда, ұлттық намыс пен ұлттық патриотизмді қалғытпай қайрап отыруда рухы биік әдебиетіміздің де артар жүгі алдыңғы қатарда еді. Азаттықты аңсау білектің күшімен, найзаның ұшымен ғана жүзеге аспайтын еді, сондықтан намысты қайрау, рухты ояту, жігерді жану үшін адуынды шығармалар көмекке келген. Тәуелділіктің темір құрсауын тәрк етуге ұмтылдырған да қалам шеберлерінің алаулы өлеңдері болатын. Ерте дәуірлердегі, тіпті, біздің жыл санауымыздан әлденеше ғасырлар бұрыңғы елді қорғау, жерді қорғау, батырлардың ерлік істерін әспеттеу идеясы бірте-бірте азаттық, тәуелсіздік жолындағы күрестің ұранына ұласады. Отаршылдық езгіге түсіп, шарасыз халде үнсіз бұлқынған Қазақ елінің пешенесіне тап болған сор мен азапқа қабырғасы қайысқан Шоқан Уәлихановтың: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» дейтін әйгілі сөзінде азаттықты идеал тұтудың, шерлі толғаныстың үні бар. Ұлттық рухты, ұлттық тәуелсіздік идеясын қазақ әдебиеті қанына ерте дарытқан. Тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ әдебиетін толғандырған ең келелі мәселелердің бірі ұлт тарихы мен болашағы екені дау тудырмайды. Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық тәуелсіздік – бізді дүниеден оқшаулап тастайтын Қытай қорғаны болмайтыны сияқты, ешкімнің құқығына қарсы қойылмайды да. Ұлттық тәуелсіздік – отаршыл озбырлардың езгісінен, талан-таржысынан атамекеніміз бен халқымызды құтқару қозғалысы болып табылады» деп шырылдаған жан айқайы XX ғасырдың басынан жаңғыра естілгендей. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы онжылдық алдымызға тосқан қиын өткелдерді, қаншама кешкен ауыртпалықты қалай ұмытайық! Осы он жылдағы кешкен бейнет те, тартқан азап та бәрі заман келбетінің қалай құбылғанын айна қатесіз образға айналдырып әдебиет тарихында қалдырды. Тәуелсіздік идеясы – қазақ әдебиетінде ежелден қоныс тепкен ұғым. Тәуелсіздік дәуірінде бұл мәселе қиялдан гөрі нақты шындық ретінде жырлана бастады. Алайда оны қабылдау әртүрлі ыңғайда болды. Азаттықтың әркімге де қуаныш әкелгені анық. Әйтсе де, ол халықтың барлық бөлігіне бірдей молшылық пен таусылмас игілік әкелген жоқ. Жаһандану үдерісінің жағымсыз әсері де сезіле бастады. Ұлттық құндылықтарға қауіп төнгені аңғарылды. Бір ұтымдысы – жаңа кезеңде сын айтуға біршама еркіндік берілді. Сонымен қатар, ескі тоталитарлық жүйе тұсындағы келеңсіздіктер ашына айыптау сарынын тудырып, бүгінгі өмірдегі ұнамды құбылыстар көтеріңкі көңіл-күймен жырға қосылды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт аралығында қазақ әдебиеті дамудың жаңа белесіне көтерілді. Бұл тұста қазақ жазушылары тоталитаризм қыспағынан босап, еркін тыныстауға бет алды. Тәуелсіздік жазушыларға сөз бостандығын алып келді. Сөз бостандығы қазақ жазушыларына кеңестік дәуірде еркін бара алмаған, кең қозғай алмаған тақырыптарға қайта үңілуге мүмкіндік берді. Тарихымыз бен мәдениетіміздің көлеңкелі жақтарының ашылуының ұлтымыздың рухани өміріндегі маңызы ерекше. Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан шығармаларының жарыққа шығуы әдебиетіміздің көркемдік көкжиегінің кеңеюіне, ұлттық бояуының айқындала түсуіне өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Еліміз тәуелсіздік алған тарихи күнде дүниеге келген ең алғашқы өлеңдердің бірі: Өзіңдікі - Елің де, Өзіңдікі – Жерің де. Өзіңді өзің еткен бақ Тәуелсіздік – төріңде! Қара мына ғажапқа: Теңдік тиді қазаққа – Езгідегі ұрпағың Енді айналмас мазаққа! ...Қанатыңнан қайырылып, Қыр-арқаңнан майырылып, Қонақ – Тәуелсіздіктен, Қала көрме, айырылып!... Ақын Иран-Ғайып «тауың да, бақша, бауың да, досың да, қатал жауың да – сенікі», «Туың да, От пен Ауа, суың да – өзіңдікі» деп шалқып тасып оқырманымен сыр бөлісіп отырады да, «Қонақ – Тәуелсіздіктен, Қала көрме айырылып!...» деп күтпеген түйін жасайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихи тақырыпқа арналған романдар да көп ұзамай жарық көрді. Сондай туындылардың қатарында Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Қалмұқан Исаевтың «Серт», «Шоң би», Кәдірбек Сегізбаевтың «Беласқан», Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз», Хасен Әдібаевтің «Отырар ойраны», Софы Сматаевтің «Жарылғап батыр», Жанат Ахмадидің «Шырғалаң» тағы басқа романдарын атауға болады. Бұл шығармалардың өзіндік дүниесін таныту жолында тәуелсіздіктің нұрлы ықпалы айқын көрініс береді. Өйткені, әдебиетіміз бұрын-соңды болмаған тақырыптық, идеялық мазмұн байлығымен, жаңа көркемдік түрлермен, жанрлық ерекшеліктерімен байып отырды. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті бұғауланған кісеннен құтылып, бостандықтың шырайын аңсаған, өзі көшбасшы болуға дәрменді ұлттың рухани мұрасы. Бұл кезеңнің ерекшелігі – партия қадағалап отыр демейтін, таптық көзқарастан біржола арылған, еркін тебіреніп, ойын еркін айта алатын, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайтын жаңа дәуір әдебиеті.
Жиырма тоғыз жыл бізге ұзақ мерзім болып көрінсе де, тарих үшін зымыраған құспен тең болды. Осы жылдар ішінде тұрмыс-тіршілігімізге, санамызға, салт-дәстүрімізге, әдебиетімізге көп өзгеріс енді. Заман адамы дамуына жаһандану әсер етіп, техниканың рөлі күшейді. Қоғамдық құрылыс нарықтық жүйеге көшті. Кезінде оқуға тыйым салынған шығармалар қайта басылып шықты. Елі үшін еңбегі сіңсе де, бір кездері қудалауға ұшыраған қоғам қайраткерлері ақталды. Әдетте поэзия жанрындағы шығармалар соғыс жылдарында қарқынды жазылып, адамдарды жігерлендіру мақсатында ұтымды пайдаланылады.