Ойынына қатынасушыларға шек қойылмайды. Ойын кең жазық алаңда, көгалды жерде ойнала береді. Ойын жүргізу үшін 2—3 не 4 метрдей арқан керек. Ойнаушылар кең жазық алаңға келіп жиналған соң араларынан бір ойыншыны ойын жүргізуші етіп сайлап алады. Сонан соң ойын жүргізуші қолына арқанды алып, жиылған топтың ортасына келіп тұрады да, «Ойынды бастадым,» — деп дауыстайды. Содан соң ол арқанның түйілген басынан ұстап, шеңбер бойымен ортада тұрған ойыншыларды орай айналдырады, ал ойнаушылар болса, секіріп тұрып арқанды аяқтарының астынан жібере береді. Кімде-кім еекіріп арқанды жібере алмай қалса, не басып кетсе, онда жаза тартады, көпшіліктің ұйғаруымен ортаға шығып өнер көрсетеді және ойын жүргізушімен орын ауыстырады. Ойын жалғаса береді.
Ойынның екінші түрінде секіре алмай, арқанды ұстап қалған ойнаушылар ойыннан шығып отырады, сөйтіп бір ойыншы қалғанша арқанды айналдыра береді. Осылайша қалған бір ойыншы жеңімпаз атанады.
Келесі үшінші түрін де топқа бөлініп ойнауға болады. Онда да арқанды ұстап қалған ойыншылар ойыннан шығып отырады да, қай топтың ойыншылары бұрын шықса, сол топ ұтылған болып есептеледі. Бұл ойын жастарды жылдам қимылдауға: тез шешім қабылдауға үйретеді.
Ақ сандық, көк сандық
Ойынға қатынасушылар екі ойыншыны ортаға шығарады. Ортаға шыққан екі ойыншы бір-біріне арқаларын беріп, қолдарын айқастыра ұстасып отырысады. Сол кезде ойын жүргізуші тақпақтап:
«Ертең аулым көшеді,
Уық бауын шешеді,
Қара қойым қашады,
Құмалағын шашады...
Ақ сандың, көк сандық
Арқан тарт, кілем арт!»— дейді.
Соңғы «арт» деген сөз қолдасып ұстасып отырған екі ойыншыға берілген белгі. Соңғы сөз айтылғанда қолдасып отырған екеуі тез тұрып кетуі керек. Қайсысы қарсыласын арқалап кетсе, арқадағы ойыншы қашан ұтқыр (тапқыр) жауап бергенше түспейді. Ойын жүргізуші:
«Аң сандық, көк сандық
Аспаннан не көрдің»,— деп сұрақ қояды. Ал арқадағы ойыншы:
«Жұлдыз көрдім, ай көрдім»,— деп жауап береді.
Одан кейін: «Жерден не көрдің?»— деген сияқты сұрақтар беріледі.
Егер ойыншы осы сұрақтарға жауап бере алмаса, онда жеңіледі. Арқалап тұрған ойыншы оны біраз сілкілеп, есін шығарады. Ойын жалғаса береді, оқушылар кезекпе-кезек ортаға шығып, ойынды жалғастырады. Соңында жеңімпаз атанған екі ойыншы күш сынасады. Жеңген ойыншы мақтау алады немесе сыйлықпен силанады. Ойын жастарды мықтылыққа, төзімділікке, жылдамдыққа, амал-айла, әдіс қолдана білуге баулиды, тілін дамытып, есте сақтау қабілетін де шыңдай түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |