ҰЛТТЫҚ СПОРТ САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖОЛЫНДА
Оспанов Жанғазы Мұхитұлы
Техникалық пәндер оқытушысы
М. Тынышбаев атындағы ҚазККА Ақтау көлік колледжі
Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде ұлттық спорттың кейбір түрлері республика шеңберінен шығып, халықаралық қауымдастықтарын құрып, әлем елдеріне тарап барады. Осындай спорттарымыз: қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, көкпар. Тәуелсіздігіміздің арқасында Қостанай, Маңғыстау облысы мен Алматы қаласынан басқа, еліміздің барлық облыстарында ұлттық спорт мектептері ашылып, әрбір облыс орталықтарында, қалалар мен аудандарда, ауылдарда атшабарлар мен көкпар алаңдары салынып, ұлттық спорттың материалдық базасы нығайды. Ұлттық спортпен айналысушылар жылдан-жылға көбейе түсті. Алматы қаласындағы Спорт және туризм академиясында ұлттық спорт кафедрасы, Павлодар мемлекеттік университетінде ұлттық спорт бөлімі ашылып, ұлттық спорттың мамандары даярлануда
Дегенмен, ұлттық спортымыздың даму барысында түйінді, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес.
Спорттың олимпиадалық түрлеріне ертеден ерекше көңіл бөлініп, қаржы да мол құйылып, материалдық базасы да нығайды, қалыптасқан заңды ережелері де бар, ал кейінгі жылдары ғана қолға алынған ұлттық спорт үнемі қаржы тапшылығынан жарыстарын қиындықтармен өткізіп келе жатыр. Өйткені, ұлттық спорттың нысандары ат, түйе, бүркіттерді тасымалдау, оны жемдеу, шөбі, саулығын қадағалау, қоражай тағы басқа көптеген шығындарды талап етеді, оларды тасымалдау мен ұстауға қажетті заң ережелері де әлі толыққанды жетілген жоқ. Осы жағдайдың шешілуінің қиындығынан кей жағдайда спортшылар жарысқа келе алмай да қалады.
Ұлттық спорт елінің мерейін көтеретін, елді басқа халықтарға таныстыратын өнер, спортына қарап елдің мәдениетінің деңгейіне де баға береді. Ұлттық спорт қауымдастығы биыл осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, еліміздің Парламент Мәжілісінің депутаттарына арнайы ұсыныс жасап, «Ұлттық спорт туралы заң» қабылдау туралы және «Ұлттық спортты дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» туралы құжаттар тапсырды. Енді депутаттарымыздың тарапынан белсенді қолдау күтудеміз. Еліміз жылдан-жылға қарыштап дамып, экономикада да, әлеуметтік салада да, өнер мен спортта да айтарлықтай табыстарға қол жеткізуде. Соның ішінде ұлттық спорт та қанат жайып, еліміздің рухын көтеріп мақтанышына айналуда, оның болашағына деген сенім де үлкен. Біздің мемлекетіміз уақыт өткен сайын қаншалықты өркендеп көркейсе, спорт өнерін дамытуға да талап соншалықты артуда. Себебі, еліміздің көк байрағын аспанға желбіретіп, даңқымызды әлемге паш ететін спорттағы табыстарымыз болып табылады. Біздің мемлекетіміздің өркениетті ел болуы тек мәдени, саяси, экономикалық жағынан ғана емес, оның спорттағы жетістіктерімен де, талантты спортшыларымен де танылуға тиіс. Сондықтан да бүгінгі күні шыққан биіктерден де жоғары жетістіктерге, жеңістерге жетіп, ел абыройын асқақтату қажет.
Өткен дәуірде «ұлттық спорт» деген терминнің болғанын естімеппін. Есіме кей жылдары үлкен мерекелерде қызық үшін бір рет қыз қуу, теңге ілу мен ат жарыс, оқта-текте айтыс қана болатындығы түседі. Оның өзі тек қызықты театрланған көрініс секілді мағынада ғана өтетін.
Тәуелсіздік алған кезеңнің алғашқы жылдары Ұлттық спорт туралы әңгіме қозғағанда, кейбір ел билігінің тұтқасының бірін ұстап жүрген азаматтар қабағын шытып, «ұлттық спорт деген немене, ондай да бар ма еді?» деп таңғалатын еді. Шүкір, қазір елімізде Ұлттық спорттың жиырмадан астам түрі өмірге келді. Олардың алды әлемдік деңгейге дейін көтеріліп, Олимпиада ойындарына кіретін спорт түрлерінің қатарынан орын алуға тақап қалды. Мысалы: «Қазақ күресі» мен «Тоғызқұмалақ» келесі олимпиада ойындарына кіруге сұранып-ақ тұр. Биылғы елімзде өткен «Қазақ күресі» жарысына 40-тан астам елдер келіп қатысса, «Тоғызқұмалақтың» зердені шынықтыратын әлемдегі өзі тектес ойындардың ішінде екінші орынды алуы көп нәрсені аңғартып тұр. Қазір бұл ойын шартараптың барлық түкпірлеріне тарап барады.
Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлеріне енген: «Алыпсоқ», «Жекпе-жек», «Жұдырықтасу», «Сайыс» және биыл қайта түлеген «Тай жарысы», «Алаш алыспағы», «Асық ату», «Хан дойбысы» ұлттық сипат алып, көпшіліктің қолдауына ие болуда. Осы ойындардың барлығы, патриот азаматтардың арқасында жеке федерация болып құрылып, өз шаңырақтарын көтеріп жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |