М ж. КӨпеев шығармаларындағы кірме сөздер тарихы оқУ ҚҰралы


Бірақ осынау бақ-дәулеттің бәрі Соғдиананың түркі халықына бағынуының нәтижесі еді - деп жазды Л.Гумилев



бет9/14
Дата15.09.2017
өлшемі3,01 Mb.
#32403
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Бірақ осынау бақ-дәулеттің бәрі Соғдиананың түркі халықына бағынуының нәтижесі еді - деп жазды Л.Гумилев.2

Орта Азияны Русьмен, Сібірмен, Қытай және Монғолиямен байланыстыратын үлкен жол қазақ даласының үстінен өтті. Бізге дейін жеткен жазба деректер Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларының араб елдерімен Иранмен, Орта Азиямен, Кавказбен, Византиямен, Сібірмен, Шығыс Түркістанмен тығыз сауда байланысы болғандығын, бұл регионның халықаралық саласында «Ұлы Жібек жолы» зор рөль атқарғанын дәлелдейді3. Ал, «Ұлы Жібек жолының» қазақ даласындағы бөлігі Шаштан /Ташкент/ Газгирдке, одан Исфиджабқа, одан әрі керуендер Таразға беттейтін болды. Бұл керуен жолы терістікте-қимақтарға қарай, Төменде Барсханға, одан Құланға /Луговое қала жұрты/, одан соң Аспарға, Бедел мен Ақсудан асып Шығыс Түркістанға жететін болды1.

Әлеуметтік - экономикалық тығыз байланыс түркі тілінің парсыларға, парсы тілінің түркілерге енуіне кең жол ашты.

М.Қашқари араб тілін де, парсы тілін де зерттеген адам. «Ең таза тіл - тек қана бір тілді біліп, парсылармен араласпайтын, жат-жұртқа барып-келіп, қарым-қатынас жасамайтын адамдардың тілі. Екі тіл білетін және шаһар халықтарымен араласып тұратын адамдардың тілдерінде шұбарлық бар. Соғдақ, канжак, арғу, тайпалары дәл сондай екі тіл білетіндерге жатады» - деп жазды2. Міне, парсы тілі мен соғдақ тілі жөнінде де М.Қашқари осындай мәлімет береді. Бұл тарихи тұрғыдан аса мәні бар пікір болып табылады.

Ал, араб-парсы тілі деп қатар аталуының өзіндік тарихы бар. Парсылар күшейгеннен соң Арабтарды жаулап алады. Бұл - әсіресе Кир және Дарий патшалығы кезінде болды. Мысалы, VI ғасырдың аяғында Аравияның оңтүстік бөлігін Иран басып алды, ал одан кейін Аравия түбегінің солтүстігінде Византия орнықты деп жазды3. Ислам дінінің күшейуі /Мұхаммед пайғамбардың/ есімімен тікелей байланысты болды. Арабтардың басы біріге бастады. Араб халифаты /халифтар пайғамбардың орынбасарлары деген сөз-автор/. Византия мен Иранға қыруар әскерімен дүрсе қоя берді. С.Талжанов: «Арабтар Иран елін VIII ғасырда өзіне қаратты. Сол мезгілде араб еліне Үммия патшалығы /Оммейядская династия/ құлады да, Персияда Сасани патшалығы /Сасанидская династия/ жойылды. Екеуі бірігіп Аббасид династиясы /патшалығы/ Иракта/ Бағдатта/ құрылды. Аббасид династиясының алғашқы халифасы Харун әл-Рашидтің ата-бабасы Саффах /750/ болды. Саффақ-араб, ал оның бас уәзірі Ғаббас Бармеки-парсы еді. Мұны араб-парсы бас қосқан династиясы (Объединенная арабо-персидская династия) деп атады»1.

Арабтың «Мың бір түн хикаясы» Араб елінің үстемдік алып, оның патшасы Харун әл-Рашидтің тарихи ролін қатты насихат қылады. Сөйтіп, араб-парсы тілі қатар аталатын болды. Кей уақытта тәжік-парсы, өзбек - парсы деп те аталып жүрді. Бұл олардың туыстық тіл екендігінен де болуы.

«Иран тілі өзінің жазбалық тарихы бар. Көнеиран тіліне: миді, авестік, көнепарсы, скифтік тілдер жатады. Олар б.д.д. II мыңжылдық пен б.д.д. IV-III ғ.ғ. қамтиды, ортағасырлық иран тілі /VIII ғ.дейін және IX ғ.ғ. қамтиды/ оған: пехлеви, соғда, алан /ортаосетин/ т.б. жатады. Қазіргі иран тіліне: осетин, тәжік, парсы, дари /парсы-кабул/, ауғанстандық /пупуштық/ белужи, курт, тат т.б. жазбалығы жоқ тілдер /памир, ягноб, талыш/ жатады. Дари /парсы/ әдеби тілінің қалыптасуына шығыс тәжік тілі әсер еткен. Бұл тіл X-XV ғасырларда тәжік және парсылардың ортақ тілі болды. Осы тілде Рудаки мен Фердауси /Шахнама/ және өте бай әдебиеттер дүниеге келді. Средин Айни тәжік ұлттық әдеби тілінің негізін салушылардың бірі болып есептеледі»2.

К. Аханов бұл кестені кеңейте: «…фарсы тілі /Иранның мемлекеттік тілі, жазуы араб алфавитіне негізделген/ - дейді /Бұл Арабтар жаулап алғаннан кейінгі болған оқиға оған дейін парсылардың өз жазба харіпі болған- автор / /пушту//пашто тілі/ Ауғаныстанның мемлекет тілі/, балучи /беліджи/ тілі /Пакистан, Ауғанистан, Индия мен Иранда және Түркіменияның кейбір аудандарында/; тәжік тілі /Тәжікстанда, Өзбекстанда, Ауғанстанда; курд тілі / Түркияда, Иранда, Иракта, Сирияда, Арменияда, Әзірбайжанда, Грузия және Түркіменияның кейбір аудандарында; осетин тілі /Солтүстік Осетияда, Оңтүстік Осетияда; тат тілі / Иранда, Әзірбайжанда, Дағыстанда; талыш тілі /Әзірбайжанда, Иранда/; ягноб тілі /Тәжікстанда/; Памир тілдері /шугнан, рушан, бартанг, сарыколь, язгулем, ишкам, вохан тілдері/. Бұл тілдерде сан жағынан өте шағын этникалық топтар сөйлейді.



Этникалық бұл топтардың тілдері шугнан-раушан тілдерінің тобы деп те аталады. /КСРО, Ауғаныстан және Қытайда/. Иран тобына қолданылудан қалған, тек жазба ескерткіштер арқылы танылатын мынадай өлі тілдер енеді: ежелгі фарсы тілі, авести тілі, миди тілі, скиф тілі, алан тілі, пехлевин тілі, парфян тілі, согда тілі, хорезм тілі, бактри тілі1.

Поэзия әсіресе Иран мен Орта Азияда жемісті түрде дамыды, мұндағы ақындар өз шығармаларын әдетте тәжік-парсы тілдерінде жазды. Ең атақты ақындардың бірі Фердауси болды. Ол «Шахнама» /Патшалар кітабы/ поэмасын жазып шығару үшін 30 жылдан астам уақытын жұмсады. «Шахнаманы» тұңғыш қазақ тіліне сөйлеткен қазақ ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуов еді. Бұл шығармада иран халқының өз елін жаулап алушыларға қарсы жүргізген күресі баяндалады, аттары аңызға айналған батырлардың ерліктері мадақталады. Ақын «өзінің өмірлік нанын өз еңбегімен табушылар» туралы құрмет тұта жазды. Фирдауси жоқшылық тауқыметін көп тартып, ақыры қайтыс болды.

Рүстемов Л.З. «Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген түркі тайпаларының тіліне араб сөздерінен гөрі парсы сөздері әлдеқайда ертеректе ене бастады - дейді де Парсы сөздерінің ену уақытын шартты түрде былай бөледі: бірінші кезең - XV ғасырға дейінгі, екіншісі - XV ғасырдан кейінгі. Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейінгі кезең» - дейді2.

Мұрат Аджи «Қыпшақтар» - деген еңбегінде Ирандықтар көп уақытқа дейін отқа табынды. Олар аспан Тәңірін құдайдай көрді. III ғасырдың б.д. дейінгі ирандықтар өздерінің ата-тегін түріктер деп білді. Демек иран жерінде Арсак /сақ/ патшалығы үстемдік құрды. Иран жерінде күні-бүгінге дейін жер атаулары мен түрік сөздері естіліп қалады деп жазды1.

Әрине, Рүстемовтың ол кезде нақты түріктік деректері аз болды. Көбі шындықтан аулы алыс деректер еді. Дегенмен Рүстемов Л.З. парсы тілінің араб тілінен бұрын қазақ жеріне енгенін ғылыми жобамен өте дәл бере білген. Сондықтан тәжік-парсы, өзбек поэзияларының, тіпті Арабтың «Мың бір түнінің» біздің дүниемізге өте жақын келіп, қазақ мәдениетімен туысып жататыны.

Парсы тілінің қазақ еліне енуінің бір жолы Мурад Аджи айтқан жолмен болса, яғни парсыланған түріктер арқылы парсы тілі келіп жетсе, оның екінші жағында VI-IV ғасырларда Қазақстан территориясын мекен еткен сақ тайпаларының солтүстік тобы-түркі тілдерінде, ал оңтүстік тобы иран тілдерінде сөйлегені белгілі болып отыр. Мұның үстіне мәдениеті мен экономикасы жоғары деңгейде болған сақ тайпалары Персиямен тығыз көші-қондық, сауда-саттықтық, әскери одақтық қарым-қатынаста болды.

Парсы тілінің қазақ еліне енуінің тағы бір жолы - кезінде Зеревшан Қашқадария ойпаттарын мекен еткен соғды тайпалары мен түркі тайпалары өз ара экономикалық, мәдени байланыста бола отырып, керісінше соғдылар түрік ықпалына қатты ұшырап отырды бұл да екі тілдің араласуына әкеліп соқты.

Проф. А.Ю.Якубовский былай деді: «Мұнда халықтың негізгі көпшілігі соғдылар болды, түркілердің ықпалына ұшыраса да, мұндағылар соғдыша сөйлесетін. Түркі ықпалының болуына екі арадағы бейбіт қарым-қатынаста, сондай-ақ түркілердің әскери жорықтары да әсер етпей қоймады. Шығыс түркілері VII ғасырдың ақыры мен VIII ғасырдың бас кезінде Соғдыға екі рет басып кіргені мәлім. Бірінші жолы олар тіпті Термезге апаратын Шахрисябэ жолында жатқан Бузғай /темір қақпа/ тау шатқалына дейін жетті»1.

Араб-парсы лексикалық элементтердің қазақ тіліне енуіне зор ықпал еткен қайнар көздің бірі өзбек тілі болды. Өйткені Қазақстанның оңтүстік өңіріне ең жақын орналасқан Өзбек елі еді. «Өзбек өз ағам, сарт садағам» - деген мақал бекер айтылмаса керек-ті. Өзбек тілінің басқа түркі тілдеріне бір ерекшелігі өзбек тілінің құрамында араб-парсы сөздері өте көп. Өзбек тілінде парсы сөздері сол күйінде, яғни фонетикалық тұлғасын өзгертпей қолданады. Өзбек тілінің сөздік құрамында араб-парсы сөздерінің көп болуы оның географиялық орналасу орнына да байланысты.

Өзбек тарихының көп қабатына бармай-ақ, VI-VIII ғ.ғ. Өзбекстанның қазіргі аймағына Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Жетісу жерінен түркілердің түрлі ру-тайпалары өтіп, қоныс тепті. Ұзақ жылдар тұрған бұл түркілер жергілікті халықпен ассимиляцияға ұшырап, сіңіп кетті. Нәдіршахтың билеу заманында /1740-1747/ Орта Азияда үш мемлекет орнағаны тарихтан белгілі. Бұл дәуірде «Ауызекі сөйлеу тілі өзбек тілі болды. Өзбек тілінде әдебиет және ғылыми еңбектер жарық көрді, ал, кеңес-іс қағаз жұмысы тәжік тілі қабылданды» - деп жазды2.

Кезінде В.В.Бартольд: «Иран халқының игілігіне айналған парсы лирикасын жасауға Түркістаннан шыққан қаламгерлер де қатысты»3 - деп әділ пікір айтқан еді.

Мысалы аты әйгілі математиктер Мұхамед ибн Мұса әл-Хорезми мен Ахмед әл-Ферғани, ұлы ғалым, дәрігер, әрі философ Әбу Әли ибн Сина, теңдесі жоқ ұлы математик, астроном Әл-Бируни, ұлы ойшыл Әл-Фараби, асқан тілші сөзгер Махмұт Қашқари өз шығармаларын араб тілінде жазды. Ал, осман-түрік әдеби тілінің негізін салушы Руми, әзірбайжанның ұлы ақыны Низами, XV ғасырдың аса көрнекті астрономы Ұлықбек өз туындыларын парсы тілінде қағазға түсірді.

«Әлішер Науаи өз дәуіріндегі /XV ғ. өмір сүрген әйгілі ақын- автор/ екі үлкен әдеби дәстүрді, яғни түркі мен парсы-тәжік көркем сөз жетістіктерін бірдей меңгеріп «екі тілдің шебері» - «Зулисонайн» атанған дарқан дарын иесі болды»1 - деп, жазды Қ.Сейданов.

Өзбек ғалымы А.М.Мугиновтың зерттеулеріне қарағанда Әлішер Науаи шығармаларындағы араб-парсы элементтері 70 процентке жуық болса керек2.

Түрік-соғда /тәжік/ қос тілін пайдалану Махмұт Қашқари /XI ғасыр/ заманында-ақ болған. Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр: «Әндіжан тұрғындарының бәрі түркілер. Қалада да, базарда да түрікше сөйлемейтін адам ұшыраспайды. Халықтың ауызекі сөзі әдеби тілінен айырғысыз. Мір Әлішер Науаи Гератта өсіп, сонда тәрбиеленгенімен, шығармалары түркі тілінде жазылған» - деп, жазды3.

Парсы-тәжік сөздерінің қолданылу көлемі қазақ, қырғыз тілдерінен көрі өзбек, ұйғыр тілдерінде кеңінен қолданыс тапқан. Өзбек тіліне көптеген парсы-тәжік сөздерімен қатар сөз тудырушы аффикстер де келіп жетті. Олар қазіргі өзбек әдеби тілінде кеңінен қолданылады: дастурхон, кафт, нан, дутор, сетор, сурнай, чунон, сабзавод, мискар, серхосил, камгап, бенуқсон, сартарош, пахтакор, ғузапоя, ватанпарвар, номзот, рахбар созанда, ошхона, чойхона, етоқхона, қоғаз, бекор, жон, жанжол, дуст, фарзант, хафта, майдон, мева, намзот, рахбар, пешқадам, писант, қахраман, равшан, савдо, пештоқ, созанда, дузанда, хунарманд, донишманд, шарманда, мехрибон, ширин, бахор т.б. Қазіргі өзбек сөздеріне тәжіктік сөз жасаушы жұрнақтар, префикстермен қосылып қолданыла береді, бегунох, бамаслахат, тилшунос, тародор, сермахсул, баркамал, хушхабар, барқарор, боадаб, натуғри, соатсоз, бартараф, нохақ, хамфикр, шартнома, қоғозбоз, ишқибоз, донишманд, амалдор т.б. Осымен қатар өзбек тілінің сөйлеу процесінде парсы-тәжік сөздерімен қатар, түрік сөздерін қатар қолданушылықта анық сезіледі. Мысалы, манглай /маңдай/, сөзі мен пешона, қул /қол/ сөзі мен даст, эрин /ерін/ сөзі мен лаб, олтин /алтын/ сөзі мен тилла, яев /жаяу/ сөзі мен пиеда, буток /бұтақ/ сөзі мен шох т.б.

Араб, парсы-тәжік тілінен кірген сөздер кейбір жағдайларда өзінің дәл мағынасында қолданылмайтыны да сезіледі: ғалаба деген араб сөзі қарақалпақ, түркімен тілінде-жалпы, барлық мағынасында қолданылады: ғалаба он жылдық оқуы /қарақ/. Ол ише ғалаба иылда гатнояр (түркім). Өзбек, ұйғыр тілінде ғалаба сөзі-жеңіс, жетіскендік мағынасын білдіреді. Коммунизм идеяларининг ғалабаси /өзб/. Улуғ Октябрь социалистик революциясиниң ғалибиси /ұйғ/1.

Ислам Жеменей «Араб халифаты үстемдігі кезінде /VII ғасырда/ парсы тілі өзінің тұрақтылығын танытты, тілдің негізгі сөздік қоры мен грамматикалық құрылысын сақтап қалды. Сонымен қатар парсы тілі араб сөздерімен байытылды, әрі арабтардан жазудың қазіргі күнге дейін қолданылып жүрген жүйесін қабылдап алды XV ғасырға дейін ол парсылар мен тәжіктерге «парсы-дари» деп аталған ортақ тіл болып саналады. Осы тілде бүкіл дүниежүзілік әдебиеттің алтын қорына қосылатын, парсы, тәжік халықтарының өкілдері жасаған өте бай әдеби мұралар бар. Әсіресе, шығыс классигі Әбу-әл-Қасым Фирдаусидің «Шахнамасы» парсы-дари тілінің дамып өркендеуіне негіз болады» - деп, айтты2.



Дари, парсының ежелгі патшасының есімімен тығыз байланысты болса керек. Сол Дари былай: «Біз мемлекетіміздің тұтастығын һәм ұлылығын мына жағдайда ғана: тілі, діні, бір болған жағдайда ғана сақтай аламыз» - деген екен1. Жалпы, Иран жері, елі туралы да Қазақ әдебиетінде аз сөз болып жүрген жоқ. Мысалы, Сабыр Шәріпов «Иранға саяхат» - деген әңгімесінде: «Түбі түрік, нәсілі қаджар, жері түрікпен, содан шыққан бір адам баяғыда Иран мемлекетінің тағына отырып, патша болған екен» - деп жазды2. Түрік-соғды қос тілділікті пайдалану, ежелден келе жатқан құбылыс екендігі айтылды. Өзбектің қазіргі жерінде Ферғана, Бұқара, Самарқант /Зеревшан, Қашқадария/ соғдылар өмір сүргені тарихтан белгілі. Олар соғдыша сөйледі. Кейіннен өзбек-парсы, соғды-тәжік, араб-парсы т.б. тілдер араласып кеткендігі соншалықты ажырату қиынға соқты. Түркілердің Соғдыларға шабуыл жасап, басып алғандығын «Орхон-Енисей жазба ескерткішінен» оқып білуге болады. Мысалы,... Алты чүб, соғдақ тапа Сүледіміз, бұздымыз... деп, жазды ескерткіште/3. Бұл оқиғаның болған жылы VII ғасыр екендігі мәлім. Бұдан шығатын қорытынды Қазақ тіліне парсы сөздері көбіне оңтүстік арқылы өзбек тілі арқылы келіп енді. «Орхон-Енисей және көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі»4 мен «Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері»5 салыстырғанда кейбір сөздердің қалыпы /сыртқы формасы/ ұқсас сөздер ұшырасты. Бұл дегеніміз парсы сөздерінің VII ғасыр ескерткішіне келіп енгендігін көрсетпейді. Керісінше түрік сөздерінің соғдылар арқылы Иран еліне барып, не түріктердің Араб, Иран жерін көне дәуірде басып алғандығы да бар. Сол кездегі түріктердің қалып қойған сөздерінің керісінше қайыра келу, жету үрдісін көрсетеді. Не, парсыланған түрік сөздері ұмытылып барып, кейбір дыбыстық өзгерістерге ұшырап барып, қайыра түріктерге келіп енген. Ғ.Айдаровтың «Орхон-Енисей және көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі»1: аб, ара, алтун, бағ, баға, бес /бесін пар./, түмен /мон/, егер, еш, кез, кем, көр, саб, табар, талуй /мон/ мұндағы: түмен, табар, талуй сөз жоқ түрік сөздері. Ал, қалған сөздер парсы сөздеріне2 тұлғалық жағы ғана ұқсас та берер мағынасы мүлдем бөлек. Түркі-соғды /тәжік/ парсы сөздерін пайдалану сонау Махмұт Қашқари заманынан-ақ /XI/ болған. Түркі халықтарының ортақ мұрасы: Жүсіп Баласағұн, Ахмет Игүнеки, Қожа Ахмет Яссауй, Сейф Сарай т.б. парсы сөздерінің ұшырасуы кездейсоқ емес. Р.Сыздықова «Хикметтер» текісінде парсы тілінің сын есімдері де /дәрди «үлкен», бәд «жаман», худ «жақсы», нәу «жас», жуван «кәрі»/, үстеулері де /асан «оңай»/ орын алады. Мұнда парсының дәнекерлеуші - у деген шылауы жиі кездеседі, ол көбінесе араб және парсы сөздерін - бір-біріне дәнекерлейді: дүрр-у гауһар, қанд-у әсел, дағ-у хасрат, дил-у жан. Бұл шылау ішінара түркі сөздерінің арасында да келеді: сач-у сақал, оң-у сол, іч-у таш /іші тысы/ бірақ көбінесе жинақтау мәнін беретін қосар қолданыстар-у дәнекерінсіз келеді. Мысалы: төшек-йастуқ, тағ-ташлар, түн-күн. Бұл да Яссауй тілінің лексика-фразеологиялық негізінің түркілік, қыпшақтық халық тілі екенін көрсетеді. Парсы сөздерінің көбінің түркілік эквиваленттері де актив қолданылады. Мысалы: бийабан /чөл, бустан/ бағ, гунаһ /йазуқ, нәу /жууан, улуғ /кічік, фарзанд/ оғул. Яссауи тіліндегі фарсизмдердің бірқатары қазақ тілінде бұрыннан қолданыла келе күні бүгінге дейін жеткені байқалады. Мысалы: пәрмен, перзент, әуес, кінә, дерт, айна деген сөздер тек Яссауи тілінің ерекшеліктері емес. Сондықтан «Хикметтер» текстеріндегі парсы элементтерінің күллісі тек қос тілділіктің нәтижесі немесе кейінгі авторлардың қолы болып табылмайды» - дейді3. Сондықтан да Р.Сыздықованың «басым қабаты-түркі сөздері» дегенге келісеміз. Яссауий өз шығармаларын түркі тілінде жазған. Қазақ әдеби тілінің бастау көзі болып табылады.

Парсы сөздерінің «XIV ғасырдағы хандар жарлықтарының тіліне»1 де әсер еткенін байқауға болады. Бірақ, парсы сөздігіндегі кейбір сөздер түріктің төл сөздері екендігін де айтқан ләзім. Мысалы, Жарлықтағы (XIV) ғасыр мына: Бағ-Бағча, Базар, Замен, Көр, Қал, Мал, Тауар, Шам, Ай, Алтун, Ата, Қазы, Тарих бұлардың ішінде түрік сөздері кездеседі. Орта ғасыр ескерткіші – Дана Хикар сөзінің (XVI-XVII) ғасыр Араб-Иран тілінен енген сөздер молынан ұшырасады2: аджізланып «қажып», «шаршап», ахыл «ақыл», «ақыл»/л/ы «ақылды»/ сөздер түркі тіліндегі ус «ақыл», услу «ақылды» деген сөздердің синонимі ретінде қолданылған С.К. / алані ет - «сыртқы жай», авал «әуелі», авалгі «әуелгі», аваз «әуез», аваданлых «қурлыс», айбла «айыпта», айблан «айыптан», алаф «сөз, әңгіме», бадам «бадам», башх/ы/ш/ «сыйлық», вахт «уақыт», вахтсыз «уақытсыз», вахтсыз «мезгілсіз»; дайма «дәйім, ылғи», джаһт «ет» есте тұт», джалат «жендет», джанвар «жануар», джуап//джувап «жауап», дін «дін», дүние «дүние» евет»я, және», егер «егер», зера «өйткені», інджі «інжу», йа «ие»иә, яки», камха «қамқа», мал) мал, дүние», масхара «масқара», міскінлік «міскіндік», меһүр «мөр» мөһүрлү «мөрлі», мөһүрсүз «мөрсіз», налатла «нәлет айт», налатламах» нәлет айтпақ», пахіллік ет, «күнде», садаға «садақа», садәғачі «садақа беруші», саһат «сағат», «сәт», сыр «сыр, құпия», тен «тән», терак «терек», ағаш», у «және», фараһлан «жадыра», қуан», фараһлық «қуаныш», хабар «хабар», хабул «қабыл», хазына «қазына, байлық», хаста «ауру», хасталан «ауыр», ходжа «бай, қожа», ходжалх «байлық, қожалық», ходжалан «байы», хурбан «құрбан», һайбат «айбат», айбар», һакімлік «ем», һарсыз «арсыз», һарсызл/ы/х/ «арсыздық», һайіпсін «екін», һәрметла «құрметте», һерматлан «құрметке ие бол», һеш «еш», еш қыл», шүкүрлх «шүкірлік».

XVII ғасырдың шежіресі болып табылатын Қадырғали би Қосымұлының «Жылнамалар жинағында» да иранизмдердің /парсы сөздерінің/ кездесуі заңды. Бұлардың дені есім сөздер болып келеді. Олардың ішінде надан, намус, рәнж, арзу, гуман, гунаһ, пак, пакиза, пәри, худай, панаһ, лафз, /тіл/ нәсіл, фарзант/, ... Ал мұнда даст /қол/, дуйм /екінші/, бисйар/ көп, өте/, һануз /бүгінге дейін және дегенмен/, һамиша / әрдайым, үнемі/, бузург/ бас, негізгі, үлкен, ұлы, кең, ересек, дана /деген иранизмдердің өте жиі қолданылуын біз түпнұсқа тілінің тікелей әсері деп табамыз... Араб сөздері сияқты, парсы сөздері де көмекші етістіктермен келіп, күрделі етістік тұлғаларын жасайды: ашкара қылу /әйгілеу, табы/ маст болу, хуш келу, забун қылу/ әлсірету/ бәнде қылу /тұтқынға алу/, фарман қылу/ т.б. - деп, жазды.1

1808 жылы жазылған «Билет уа йахуд бүтүкнама» - деген құжаттың тілін зерттеген Б.Әбілқасымов: «Бұл документ тілдік жағынан өте ауыр, түсініксіз. Оның басты себебі лексикасының басым көпшілігі - араб және парсы сөздері. Текстегі 225 сөздің 118-і яғни тең жартысынан артығы араб және парсы сөздері... Араб және парсы сөздерінің ішінде сөйлеу тілінде айтылмайтын кәндір, мүнасиб, ғалишан, мужип, бинаон, азуланміш, тәрізді лексемалар мен дахилуа малакат, ғалиасиаға муафиқ сияқты сөз тіркестері ұшырайды» - дейді2. Негізінен түрік тілінің дәстүрі сақталғанын айтады.

Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих хамса» /Бес тарих/ деген кітабында парсы сөздеріне аса қатты мән берген. Мысалы, Намаз «Фажр» /арабша тан/ парсыша - «бамдад», түрікше - «ерте» деген ұғымды береді.

«Зуһр» парсыша «пешін» түрікше «үйле», негізі арабшадан «уулә» яғни «әуелгі», алғашқы міндеттелген намаз демек т.б. парсы сөздеріне түсініктеме беріп, күн, ай аттары туралы мол мағұлымат береді1.

Жалпы, Хижралық және Шамси /ай жылдарындағы ай аттары, күн жылындағы ай аттары былай беріледі. «Хамари» ай атаулары: Мұхаррам, Сафар, Раби-уш-әууал, Рабиьул-ахир, Жұмада-әууәл, Жұмада-ахир, Ражаб, Шаабан, Рамада Шаууал, Зұ-каада, Зұ-хұжжа.

Күн жылындағы айлардың атаулары /Шамси/: Фервердин, Урдбихишт, Хурдадад, Тир, Дурдад, Шахривар, михр, Абан, Дай, Бахман, Исфандармуз2.

Алғашқы қазақ газеттерінің тілін зерттеген Б.Әбілқасымовтың «Түркістан уәләяты газетінің» тілімен «Дала уәләяты» газеттерінің тілін кеңінен зерттеп, талқылап араб-парсы сөздерінің бүгінгі күнге дейінгі өрісін қарастырған. Мәселен, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1964 жылғы 28-февральдағы номеріндегі «Халықтың рухани азығы» деген мақаладан 150-ден артық араб-парсы сөзін санадық /барлық сөз саны 648 екен. Бұның ішінде адам аттары да, бір сөздің қайталап келуі де кіреді/. Мақалада кездесетін халық, адамзат, тарих, оқиға, өмір, кітап, ғасыр, тағдыр, мәдениет, қызмет, ғылым, ақыл-ой, насихат, қайғы, азап, бақыт, ақыл, қиял, саясих, әлеумет, мәселе, сурет, ықпал, нұсқау, әріп, қағаз, тәжірибе сияқты сөздер// о баста араб -парсы сөздері болғанымен/ қазіргі әдеби тіліміздің негізгі сөздігінен берік орын алып, байырғы қазақ сөздерімен бірдей ұсталатын тең праволы сөздер болып отыр. Араб, парсы тілдерінен ауысқан сөздердің қазіргі тілімізде дыбысталуы мен таңбалануында газет бетіндегіден кейбір айырмашылық бар екенін көреміз. Бұл сөздерді «Дала уәләяты газетінің» қолданылуындағы бір ерекшелік - олардың транскрипциясында. Газет редакциясы араб-парсы тілдерінен енген дейтін сөздері, шама келгенше, сол тілдердегі таңбалануына жақындатып немесе олардың әдеттегі жазба нұсқалардағы жазылу үлгісінен өзгертпей алуға тырысқан» - дейді1.

Рүстемовтың жасаған талдауында: «Қазақ әдебиеті» газетінің бір санының лексикасына сандық талдау жасап, мыналарды анықтадық: газеттегі 12.236 сөздің 9.567 яки 78 проценті - қазақ сөздері. 1779 сөз немесе 14,4 проценті - араб-парсы элементтері. 940 сөз, яғни 7,6 проценті - орыс және интернационалдық сөздер болып шыққан.... қазіргі қазақ тілінің активті лексикасында 15 процентке жуық, пассивті лексикасында - 7 проценттей болады» - деді2. Бұл орайда М.Балақаев: «Бірақ орыс тілінен қазақ тіліне енген сөздердің санын осы әдіспен анықтап білуге болмайды, себебі:... араб-парсы тілдерінен енген сөздерден сан жағынан әлденеше есе көп деген уәж айтады»3.

«Түркістан уалаяты» және «Дала уалаяты» газеттері араб-парсы тілдеріндегі сөздерді неғұрлым аз пайдалануды көздеп отырған. Т.Қордабаевтің мына бір сөзінің жаны бар: «Ерекше ескертуді керек ететін бір нәрсе он сегіз жыл бұрын шыққанына және бірде өзбек, бірде қазақ тілінде кезектесіп шығып тұрғанына қарамастан «Түркістан уалаяты» газетінің тілі - нағыз қазақ ортасында шыққан «Дала уалаяты» газеті тілінен едәуір таза және синтаксистік жағынан ықшам, жеңіл»4 - деген болатын. Расында, біз «Шағатай тілі және Мәшһүр-Жүсіп» деген мақалымызды жазғанда бұл газеттердің тіліне де зерттеу жасаған болатынбыз. Сонда, байқағанымыз М-Ж.Көпеевке тиесілі деген жадығаттардың тілінің соншалықты шұбар-ала, адам баласы ұқпайтындай еместігіне көзіміз әбден жетті. Оның үстіне бұл - газеттер неғұрлым демократты болған. Халықтың хатына тиянақты жауап беріп отырғандығы қатты таң қалдырды. Бүгінгі үнжарияларға берер тағылымы да жоқ емес.

Араб-парсы сөздерінің тілімізге еніп қана қоймай, жергілікті тілдермен етене жақындасып, жаңадан сөз жасау қабілетіне де ие болды. Мысалы, Әсет Болғанбайұлы, Ғабдолла Қалиұлының авторлық оқулығында: «Бұл сөз кірмелігіне қарамастан ұзақ өмір сүріп, сөздік қордағы сөздерге тән барлық қасиетке ие болған. Мәселен, ас /аш/ деген сөз парсы тілінен ауысқанымен, өте ерте заманнан бері тілімізде өмір сүріп келе жатқандығын дәлелдейтін мынадай толып жатқан мақал-мәтелдер бар: ас адамның арқауы, ас жүрген жерде дерт жуымайды, ас иесімен тәтті, таспен атқанды аспен ат, тас-тасты жібіткен ас, ерді қорласаң-састырар, асты қорласаң-құстырар т.б.»1 - деп, жазып көрсетті.

Ж. Досқараев «Арыс говорларының лексикалық» ерекшеліктерін зерттегені мәлім. Онда араб-парсы сөздерінің дыбыстық өзгеріске ұшыраған варианттары да сөз болады. Ж.Досқараев араб, тәжік /парсы/ тілдеріндегі: хашар, салла, азан, атраф, фарқ, хұрмат, маррат /бір рет/ сөздерін Арыс говорларындағы: асар, сәлде, азанда, әтрәп, парық, үрмет /бір мәрте/, әдеби тілде: көмек /сембілік/, сәлде, азан, атырап, айырма, құрмет, мәртебе т.б. салыстыра қарастырады2.

Қазақ тілінде расында араб-парсы сөздері өзбек, тәжік, қырғыз тілдеріне қарағанда аз екендігі байқалады. Бұл туралы Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ғ. Мұсабаев: «Өзбек, азербайжан және татар тілдеріне қарағанда қазақ тілінің лексикалық құрамында араб-парсы сөздері аздау»3 - деген болатын. Ол жөнінде Рүстемовтың мына талдауы дәлел: Өзбекше тексте: Барлық сөздердің саны: 10,585=100 процент. Оның ішінде: өзбектің төл сөздері: 5924=56 проц. араб-парсы сөздері: 3291=31 проц. орыс және интернационалдық сөздері: 1368=13 проц. Қазақша тексте. Барлық сөздердің саны: 10.237=100 проц. оның ішінде: Қазақтың төл сөздері: 7393=72 проц. араб-парсы сөздері: 1517=14,9 проц. орыс және интернационалдық сөздер: 1327=12,9 проц. /М.Балақаев орыс-интернационалдық сөздер турасында келіспейтінін айтады./ Қараңыз: 91-бет/. Бұл әңгіме болып отырған мәселе: Рүстемовтың «Қазақ әдебиеті» газетінің лексикасына талдау жасаған. Сонда 940 сөз, 7,6 проц. орыс-интернационалдық сөздер деп көрсеткен еді. Ал, Өзбек ғалымы М.Мирзоевтың өзбек тіліндегі араб-парсы сөздерінің қаншалықты екендігін «Қизил Узбекистон» газетінен, 1934 жылғы санынан 10000 сөзге талдау жасағаны жөнінде мәлімет берілген. Сонда: өзбектің төл сөздері 59,3 процент, араб-парсы элементтері - 28,7 процент, ал орыс және интернационалдық сөздер 12 процент болған1. Демек, араб-парсы сөздерінің қазақ тіліне негізінен оңтүстік аудандардан оның ішінде тікелей өзбек тілі арқылы келді деуге негіз бар. Шығыс классиктерінің қазақ әдебиетіне, тіліне жасаған ықпалы өте зор. Мәселен, Әлішер Науаи жырларының қазақ поэзиясына әсерін М.Әуезов: «Артына ұшан-теңіз мол мұра қалдырған Әлішер Науаи жалғыз өзбек әдебиетінің көлемінде қалған жоқ. Бертін келе Орта Азиядағы, Шығыстағы көп елдердің әдебиетіне үлкен әсер етті. Қазақ әдебиетіне де көп жемістер берді. XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің Абай, Шәңгерей, Шәді сияқты ірі ақындарын еске алсақ-бәрінен де Әлішер ғазалдарының айқын сарындарын сезіп отырамыз»2 – деді.

Шығыс шайырлары жырлаған нәзира, хиқаялар қазақ әдебиетінде «Рүстем-дастан», «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархад-Шырын», «Тахир-Зухра», «Жүсіп-Зылиха», «Төрт дәуріш», «Орқа-Күлше», «Қамар-заман» сияқты дастандарға арқау болды. Шығыс мазмұнына құрылған бұл - дастандарда әрине араб-парсы сөздері көбірек болды. Қазақыланып келген бұл сөздер қазақ ұғымына өте жақын еді. Мысалы, Шәді Жәңгіровтың:

Сайраған қайсы бақтың бұлбұлы едің,

Бәһір алған жамалықдай қай гүлстан?

немесе,


Ауасының хошлығына қайран болып,

Бұлбұлдар сайрамай тұрып қалды.

Мінекей, осы өлең жолдарында қаншама араб-парсы кірме сөздері ұшырасады1.

Араб-парсы сөздері қазақ әдеби тілінің жаңа сапаға көтерілуіне ықпалы зор Ыбырай және Абай шығармаларында да баршылық. Хасанова С. «Ыбырай Алтынсарин шығармаларының тілі» деген еңбегінде: «Ыбырай өзінің еңбектерінде қазақ тіліне ертеректен әбден сіңісіп кеткен, орфографиясы жатық, қазақ халқына жалпы түсінікті араб-иран сөздерін қолданған» - дейді2.

Араб-парсы сөздерінің тілдік ерекшеліктерінің ізі ХХ ғасырдың алғашқы жылдарындағы тіпті, /Октябрь /қазан-автор/ алды және 20-30 жылдар/ әдебиетіне жол алды. Қазірде араб-парсы сөздері кеңінен өріс алып, кейбір басқадай сипат алып тілімізде қолданылу үстінде. Е.Жанпейісовтың «Қазақ прозасының тілі» - деген еңбегінде араб-парсы сөздерінің кірігу заңдылығы, олардың фонетикалық ерекшеліктері жан-жақты толық зерттелген болатын3. «Абай негізін салған жаңа жазба әдебиет дәстүріне дейін қолына қалам ұстап, шығарма жазған қазақ ақындарының көпшілігі «кітаби тілдің» сүрлеуінен онша ұзап кете алмаған» - деп, жазды Ә.Болғанбайұлы мен Ғабдолла Қалиұлы4.

Асылы, бір адамның жазба әдебиеттің негізін салмайтыны белгілі. Абай өзіне дейінгі жазба дәстүрін қабылдап, өзі сияқты ақын-жыраулардан, әнші- сазгерлерден, би-шешендерден артықшылығы сол кезеңдегі ауызша дамыған және жазбаша әдеби тілді орай жазып, қазақ тілін жаңа сапаға көтере білді. Абай Құнанбаев та араб-парсы, шағатай-өзбек тілінен рухани жанын аулақ салды десек қатты қателесеміз. Онда Абай, Абай болмас еді. Абайдың кереметтігі де сол өзіне дейінгі күллі түрік дүниесіне зер салып, өзіндік ой толғап, қазақ дәстүріне сай жазбалық болсын, әдеби дәстүр мазмұнын байыту болсын үлгі болғандығы. Біз жазба әдеби тілге келгенде Абайдан әрі ұзап шыға алмайтынымыз қатып қалған қағидадан ұзап шыға алмайтынымыз. Абай төңірегіндегі ақындар /Қайым Мұқаметқановтың еңбегін қараңыз-автор/ бәріне де Шығыс поэзиясынан тапсырма беріп, қазақи дәстүр үлгісін, әдеби бетін, тілін жатықтырған, өлең үлгісіне қандай талап қою керек қатты мән берген. Оның жанында М-Ж.Көппев, М.Қалтаев, Ғ.Қараш т.б. әдебиеттің шоқ жұлдыздарын атап өту ләзім. Шәкәрім Құдайберді шығармашылығы оның әдеби тілге тигізген үлесі әлі айқындалмады. Абайдың рөлі, қазақ әдебиетіне тигізген еңбегі ұшан- теңіз оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, М-Ж.Көпеев, Ш.Құдайбердиевтің қазақтың жазба әдеби тіліне тигізген ықпалы жоқ деп кім айта алады. Сондықтан барымызды бағалайық, бірақ тым асырмайық. Шындықтың кезіне тура қаралық. Рас, Абай, Абайлықтан асып, әлемдік деңгейдегі Абай болды. Ол биіктен төмендетіп, көлеңке түсіру қай қазақтың қолынан келеді. Дегенмен, Абай да басы жұмыр пенде, оның да болар, болмас әнтектігі барлығын А.Байтұрсынов, М-Ж.Көпеев кезінде заман тұрғысынан қарап, айтып өтті. Абай Құнанбаев шығармалары араб-парсы сөздерінен ада еместігі әсіресе қара сөздерінен көбірек байқалады. Бірақ, жаңа жазба әдеби тілдің дамуына ешқандай көлеңке түсіріп тұрғандығын көрмейміз. Керісінше араб-парсы сөздерін қолдана отырып жазуы біріншіден, сол заманның нақты келбетін берсе, екіншіден, сол тілді жетік білгені /грамматикалық ережелерін/ сақтап отырып жазғанына қайран қалмасқа болмайды. Абай жадығаты кейінгі ұрпаққа таптырмайтын зерттеу құралы болып табылады. Р.Сыздықова Абай шығармаларының тілі жайында көп зерттеп, көп құнды пікір айтты. Бұл еңбек тілші, әдебиетші ғалымдарға, жалпы оқырмандарға кеңінен мәлім.

Қордабаев Т.Р. Абай тілінің мазмұндық ерекшелігіне тоқтала келіп: «Абай қара сөзінде кездесетін шет сөздер, негізінде, араб, парсы сөздер ғана деуге болады. Кейбір документке қарағанда оның саны 212-ге жетеді» /Жұмалиев Қ.Ж. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. Алматы, 1960, 160-бетке/ сілтеме жасаған - Автор/. Ал мұның Абай жазған 46 сөзге орналасу шамасы біркелкі емес, көптеген сөздерінен оның бірде бірі кездеспесе, кейбір әңгімелерінен, әсіресе, діңге, шариғат заңдарына байланысты айтылған сөздерінде ол үйіліп-төгіліп мол қолданылады. Мысалы, 12-13-сөздер көлем жағынан өте шағын. 13-сөзі жүзден азақ асады, бірақ соған қарамастан оның құрамында 25-ке жуық араб, парсы сөздері бар. Өйткені бұл сөздерде дінге, шариғат заңдарына байланысты жайлар сөз болады» - дейді1.

Абайдың: Фзули, Шәмси, Сәйхали,

Навои, Сағди, Фирдауси,

Хожа Хафиз-бу һәммәси



Мәдәт1 бер я шағри2 фәрияд.3

өлеңінде: 1. Мәдәт /парсыша/ - жәрдем бер, қазақша-медет бол. 2. Шағри /арабша/ - ақын. Фәрияд /арабша/ - сыйыну - деп түсінік берілген2. Бұл өлеңінде Абай Шығыс ақындарына табына отырып, олардан жәрдем сұрайды. Ғабит Мүсірепов «...өзбек халқының данышпан ақыны Әлішер Науаидың ғажайып туындыларын оқып, үлгі алмаған ақын кемде-кем. Классикалық әдебиетіміздің шұғылалы шыңы-Абайдың да өзіне ұстаз тұтқан, талантына бас иген ақынның бірі-Науаи еді» - деген1.

Бұл орайда, Сыр сүлейі Майлықожа:

Өзбектен өткен Науаи

Тілдің гауһар гүлі еді,

Фарсыдан өткен Фирдауси,

Заманының дүрі еді

- деуі тегіннен тегін емес еді. «Шығыс ақындарынша» - деген өлеңінде Абай шағатай үлісінде жазып, еліктейді. Мысалы,

Иузи-рәушан1, көзі-гәуһар2

Лағилдек3 бет үші әхмәр4,

Тамағи қардан әм биһтар5

Қашың құдрәт6 қоли шигә7.

Өзәң гузәлләра8 раһбар9,

Сәңә ғашиқ болып кәмтар,

Сүләйман, Ямшит, Искәндәр

Ала алмас барша мүлкигә.

Мүбадә олса10 ол бір кәз,

Тамаша қылса йузмә-йуз

Кетіп қуат, йұмылып көз,

Бойың сал-сал бола нигә?11

1. Рәшан (парсыша) - жарық, әдемілік. 2. Гәуһар (парсыша) - бриллиант. 3. Лағыл (арабша) - асыл тастың бір түрі. 4. Әхмәр /арабша/ - яқут, рубин. 5. Биһтар /парсыша/ - беттер. 6. Құдрәт /арабша/ - күш. 7. Шигә /парсыша/ - нәзік. 8. Гузәл /түрікше/ - сұлу. 9. Раһбар / парсыша/ - бастаушы. 10. Мұбада олса /түрікше/ - бола қалса. 11. Нигә /татарша/ - неге2. Абайда араб-парсы, түрік татар сөздерін шағатай графикасында жазып түсірген. Сол уақыттың сөйлеу ерекшелігін толық сақтаған. Сол сияқты, «Әлифби» өлеңі де араб-парсы сөздерін араластырып қолданған3.

Құдайберген Жұбанов Абайдың алдыңғы екі өлеңі турасында: «Міне, бұл Абайдың өлеңдері, осы екі өлең-шын мағынасымен шағатайша шыққан» - деді1. Ал, «Әлифби» өлеңі жөнінде: Шынында «Әліп дек ай йузіңе ғибрат еттім» /Арабша-үлгі деген мағынаны береді/ өлеңі алдыңғы екі өлеңінен көріне басқа. Бұл-шағатайдан қашықтай бастаған, қазақтық өз үлгісі қайта бейімделе бастаған кезі болу керек» - деген тұжырым айтады2. Ә.Н.Нұрмаханова Абай шығармасынан мысал ала отырып «Бұл шағатай тілінде жазылған әдеби нұсқалар Орта Азия мен Қазақстан халқының ортақ мұрасы болғандығын дәлелдейді»3 - деген уәж айтады.

Л.З.Рүстемов «...ескішіл бағыттағы, кітаби ақын Мақыш Қалтаевтың /1869-1916/ Қазан баспасынан 1910 жылы басылып шыққан өлеңдер жинағында мынадай жолдар бар:

Сол низамнан уақытынды ғамал қылса,

немесе,

Жамағаты үйінің болмас һалек.

Шейітте суннетлер уажіп, фарыз тұрып,

Нәфіл тұтып болады таңда ол.

Яки:

Ақыр заман ишанлары



Һәрбір гәптен мәжіліс құрар /7-бет/

Бұл өлең жолдарын қарапайым қазақ оқушысының түсінуі қиын» - дейді4. Абай өлеңдерінің шағатайша түзілісіне қатты ұқсайды. Сол уақыттардағы қазақ жазба әдеби тілінің түзелу жолына түскен үлгісі бар. Демек, қазақтың жаңа сападағы жазба әдеби тілінің араб-парсы, татар, өзбек тілінен айрылып, бірте-бірте қазақылық жазба әдеби тіліне қарай бейімделуге XIX ғасырдың бірінші, екінші жартысында баяу жүрсе, ХХ ғасырдың басында бұл процесс өте күшті жүрген. Оған күллі ақын-жыраулар, би-шешендер, дала кемеңгерлері, сал-серілер жалпы ауызша болсын, жазбаша болсын әдеби тіл үлгісін алып жүрген /сөз тасушылар/ жаппай ат салысқан. Бұндай түзелу процессін Мақыш Қалтаевтан да М-Ж.Көпеевтен де, ХХ ғасыр басындағы «кітаби» - деп айдар таққандардың бәрінен де көруге болады.

М - Ж. Көпеевтің шөбересі ф.ғ.к. Жүсіпов Нартай Қуандықұлы: «Қолжазба ескі хадим жазуы үлгісінде ақынның өз қолтаңбасымен жазылған, кейбір текстерде араб, парсы сөздері /көбіне діни тақырыптағы т.б. деректерде/ көптеп кезедеседі де, қазіргі әріпке аударуды қиындата түседі»1 - дейді.

Қадим жазуы турасында біз «Араб тілі және М-Ж.Көпеев» - деген мақалада жазғанбыз. Онда жалпы араб тілі жөнінде де айтылып өтті2. Біздің қолымызда М-Ж.Көпеевтің «Хал-ахуал» /қазіргі графикамен басылған/ бірақ, шағатай үлгісіндегі сөздер легі көп кездеседі демек, бұл нұсқаны араб тілінен тікелей татар тілін білетін біреу аударған болуы керек3. Екіншісі араб графикасымен басылған «Хал-ахуал» кітабы таза әдемі араб харіпімен басылған екен4. Үшіншісі: «Хал-ахуал» алдыңғы нұсқаның көшірілген түрі бүгінгі таспаға түсірілген тасқа басылған нұсқасы5. Алдыңғы арабша нұсқадан көшірілгеннен анағұрлым қазақылыққа қарай бейімделген түрі. «Сарыарқаның кімдікі екендігі» - деген кітабы да араб харіпімен әдемі тасқа басылған екен6, екінші нұсқа «Сарыарқаның кімдікі екендігі» бертін аударылып, тасқа басылған7. Бұл нұсқасында да араб-парсы сөздері кезедседі, дегенмен басылған таңба анағұрлым айқын басылған.

М-Ж. Көпеевтің тілі туралы ара-кідік мақала жариялап, М-Ж.Көпеевке тиесілі әдеби (жазба және ауызша) тіл барысы қандай деген сауалға жауап іздегенбіз. Жалпы, М-Ж. Көпеевтің де Абай, Ыбырай сияқты жазба әдеби тілге ықпалы барлығы анықталды. Бірақ, дәл сол уақыттарда /пантүрксизм, панисламизм/ құрбан болғандар қазақ әдебиетінен алынып тасталып көп уақытқа дейін зерттеуге тиым салынды. Шәкәрім Құдайбердиев те солардың қатарында болды.

Н. Жүсіпов «Сарыарқаның кімдікі екендігі»1 - деген М-Ж.Көпеевтің еңбегіне талдау жасағанда араб-парсы сөздеріне де түсініктеме берді. Бұл жөнінде де біз «Араб тілі және М-Ж.Көпеев» - деген мақалада атап өттік2. М-Ж.Көпеевтің әдеби тілде алатын орны біршама төмендегі мақалада анықталады. (М-Ж.Көпеев және ғасыр тоғысындағы әдеби тіл)3 - қараңыз. М-Ж.Көпеевтің шығармаларындағы шағатай тілі жөнінде «Шағатай тіл және Мәшһүр-Жүсіп»- деген көлемді мақалада жан-жақты ашылды/. «Ертіс дидары» газеті //№3-4, №7-8, № 9-10/4.

М-Ж. Көпеевтің шығармалар жинағында мынандай араб-парсы сөздері ұшырасады: Жатпадым су түбінде садаф болып /24/, Әшһарат апат деп айтқан Хәдис /24/, Жаңбыры абрахмет нұр болады /25/, Болмаған хасил мұрат кете берсе /25/, Тыятын болмаған соң мүфти қазы /28/, Данышпан өтпей сөзі шаһбазлардан /28/, Ғақылсыз аңқылдама құлап жарға /28/, Білгіштер ілфаттасып арыз айтып /30/, Жоқ қылды шариғаттың соқпақ ізін /30/, Біздің жер мархабаттан қышық жатыр /31/, Нахақтан құсаменен қан жұтқызын /31/, Жылаңдап аждаһадай ауылнайлар /38/, Өткізсе ғаділдік пен ай мен күніні /39/, Таласып әр уалаят жарыс болсын /39/, Ылтымақ мүшәурә әрбір жерде /39/, Хакімде хүкіметші ғаділік жоқ /39/, Қайда деп іздеңіздер ғайыр муафық /53/, Хұзыры патша ағызам рұқсат берді /55/, Мақсұтқа шын түбінде жеткізуші /56/, Ғадет қып алып еді крестьян /57/, Нақылият, қара сөзден өлең қылып /83/ т.б.

Кейбір сөздердің мағынасы былай ашылған: Абрахмет-діни ұғым бойынша бақыт суы. Азалында-ескі қазақ тілінде жиі кездесетін сөз, негізінде «шыныда» деген мағынаны білдіреді. Алғуам кәл һауамға-көпшілік қауымға деген мағынада. Әлип, ләм, нұн-араб алфавитінің әріптері. Әмір, мәғурф /араб сөздері/ әмір - «бұйрық», «нұсқау» деген, мәғурф -«жұртқа мәлім», «мақұлданған» деген мағынада. Әшһәрат апат деп айтқан Хадис-пайғамбар сөзі деген мағынада. Әшула-ән салып деген мағынада. Бөһра, баһра /парсы сөзі/ - пайда, өсім, кіріс деген мағынада. Бөхил, бақыл /араб сөздері/ сараң, ашкөз деген мағынада. Ғелаз шәдад /араб сөздері/ - аяусыз, қаһарлы дұшпанның қолында тұтқында қалғанын айтқан. Дәлл /араб сөзі / көрсету нұсқау деген мағынада. Жәуһәр, жауһар /араб сөзі/ - тексте «асылдар, қымбатты тастар» деген мағынада. Инғам /араб сөзі/ үйлесімді, дәлме-дәл, сәйкес, сайма-сай деген ұғымда. Накес, нәкес /парсы сөзі/ «жексұрын», «сұм», «жаман» ниетті, опасыз» сияқты мағынада жұмсалады. Паруай, пәруәй /парсы сөзі/ - «қамқорлық», «қам» мән-мағынасын береді. Пәруана, перуана /парсы сөзі/ - Көбелек, «түн көбелегі» деген ұғымда жұмсалады. Пәст /парсы сөзі/ тура ұғымында: «төмен», ауыспалы мағынасында: «нашар» жексұрын, жаман ниетті» деген мағына білдіреді т.б.

Қорыта келгенде, М-Ж. Көпеевтің тілі өзіне дейінгі, өзінен кейінгі немесе өзі тұтас ақын-жыраулар мен жадығаттардың тілінен бәлендей айырмашылығы жоқ. Бірақ, сөз қолданыстында сонау көне заман белгілері әр уақытта жарыса жүріп отырған. Кейбір қазақтың төл сөздері болсын, кірме сөздері болсын фонетикалық өзгерістерге ұшырағаны байқалады. Морфологиялық ерекшеліктері де жоқ емес. Заманына сай тіліміздегі сөздерді орынды пайдаланған. М-Ж. Көпеев өмір сүрген заманда да ел ішіндегі сөз ауызекі сөз қолданысы болсын, жазба қолданысында болсын оншалықты бір-бірінен алшақтық байқалмайтын. Қазақ өз алдына отау алып түркілердің құрамынан білінбей бөлініп шыққаннан кейін-ақ, тіл тазалығы үшін күрес басталды. Ең алдымен түрік сөздерінен бірте-бірте арылу үрдісі жүрді. Қазақ тілі түрік құрамында жүріп-ақ өзінің бетін айқындап алды. Қазақ тілі үнемі тазару, басқа тілден арылу кезеңін басынан кешірді. Қай тіл өктемдігі болмасын қазақтардың негізгі тілі қазақ тілі өзінің бастапқы ядросын сақтап қалып отырды. Қай елдің тілі болсын уақытша басымдылыққа ғана ие болды. Қазақ тілін сақтап қалған ауызекілік жадылық әрекет болды. Жазбалықтың кеш келуі қазақ тілін бұзылудан сақтап қалды. Тілдің негізгі тасушысы, сақтаушысы қазақ халқының өзі болды. Қазақ тіліндегі шағатай, араб, парсы, орыс т.б. сөздердің, әр түрлі морфологиялық тұлғалардың күні-бүгінге дейін келіп жетуінің негізгі себебі, сол тілдік формалардың біз қарастырып отырған ақын-жазушылардың қай-қайсысынан да болсын ұшырасуы кездейсоқтық емес. Бірақ, сол тұлғаларды әркім әртүрлі қолдана білген. Көне заман сөздерін де әртүрлі ыңғайда пайдаланған. Ақын-жазушылардың бір-бірінен өзгешелігі қандай, әдеби тілде алатын орны қандай дегенде, олардың ұқсас жақтарын зерттеп барып, одан кейін ғана әрқайсысының өз орны айқындалады. Сонда ғана зерттеп оырған ақынның - жазушының бет-пердесі ашылады. Егер де зерттеп отырған нысанның басқасына қарағанда өзіндік ерекшелігі көп болса, сонда ғана сол нысанның өзіне ғана тиесілі жаңалығы болады. Және сол өзгешелік бірнеше мәрте қайталанса ғана нысанның ерекшелігі болып есептеледі. Мұндай ерекшеліктер, өңгеге ұқсамайтын өзгешіліктер М-Ж. Көпеев шағармасында өте көп кездеседі. Демек, М-Ж.Көпеев те қазақ әдеби тілінің дамуына өзіндік үлес қосқан деп нық сеніммен айта аламыз.



10 М - Ж. Көпеев шығармаларындағы кірме сөздердің алатын орыны




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет