М ж. КӨпеев шығармаларындағы кірме сөздер тарихы оқУ ҚҰралы



бет7/14
Дата15.09.2017
өлшемі3,01 Mb.
#32403
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14

9 М - Ж. Көпеев шығармаларындағы араб - парсы тілдерінен енген кірмелер
Ислам діні Арабиядан келді десек те, қазақ елінің арасында ту бастағы наным, сенімдері, жон-жоралғылары: күнге, айға, жұлдызға тәу етіп, бағынышты болып, көп құдай есесінде бас иіп, құлшылық етуінің өзі де өте ұқсас болды. Арабия жарты аралының оңтүстігінде, Үнді мұхитымен жапсарлас аймақтарда жауын-шашын көп болды. Ұлы Қытай елінен бастау алған Ұлы Жібек жолы көшпенді екі елді жақындастырып жіберді. Арабияның оңынан солына, түскейінен терістігіне керуен жолдары кесіп өтіп жатты. Қиыр Шығыс пен Жерорта теңіз арасындағы сауда-саттық оңтүстік және батыс Арабия арқылы жүрді. Сол сияқты Арабия - Үндістан, Иран, Эфиопия, Сирия, Палестина аралығындағы керуен жолы жыл он екі айда айғай-шуы басылмайтын қан базарға айналып отырды. «Жерлерін басып өткен керуенші, кірешілерден салық алды»1 - деп жазды В.Панова мен Ю.Бахтин. Бұл сөздің жаны бар еді. Керуен басып өтетін Орта Азия елін түрік қағанаты билеп тұрды. Олар керуен соқпақтарында жүк қоятын, сақтайтын, қоймаларды қарауылдайтын қарулы жасақтар жасақтады. Сөйтіп, далалы жерлерде кереуен сайралары пайда болды. Қазіргі кеден бекеттері кірешілерді жүк артатын көліктермен, қайратты да төзімді нарлармен қамтамасыз етті, жөн сілтеп, жанына қарулы күзет қосып, баратын жеріне дейін жеткізіп салып, кері оралып отырды. Түрік жауынгерлерінің кей бірі қалаларға қоныс теуіп, қалып қойды. Көшпенділер дала заңын бұлжытпай сақтады. Сөйтіп, табиғаты бір екі елдің жақындасуына алыс-беріс, сауда-саттық қатты әсер етті. Белгілі ақын, лингвист О. Сулейменов: «Гүндер Римге жетті. Олардың мақсаттары бүкіл Ұлы Жібек жолы өтеттін аймақты бақылау болса, ол армандарына жетті...»2. Сол сияқты О. Сулейменов «томожня» - деген көне орыс сөзінің түпқазығы көне түрік сөзі «тамга» яғни «тамба» екендігін дәлелдеп, Ұлы Жібек жолындағы (Табғаштар) кейінен түріктер оларды албандар деп кеткен олар тек қана алым алып қана отырмаған сонымен қатар ұзақ жолда керуендерді қорғап, түрік жерінің шекарасын бақылап жүрген, дегенді тіліне тиек етеді. Расында, «Орхон-Енесей ескерткішінде»: сүттей ұйып отырған түрік жұртының ыдырап, бөлінгені туралы айтылады. Олар: Табғаш, Тибет, Авар, Үрім, Қырғыздар, Үш құрықандар, Отыз татар, қытай татабылар т.б. Жырда табғаштар, түріктер турасында былай жазады:

Беглері, будуны түзсіз үчүн

Табғач будун теблігін күрліг үчүн,

Армақчусун үчүн.

Інілі-ечілі кіншүртүкін үчүн,

Беглі-будунлығ йоншүртүкін үчүн

Түрк будун елледүкучғуну ыдмыс1.

Ертедегі ортағасырда мәжусилік дінімен (шаманизм, зороастризм) қатар Қазақстанда буддизм, несториандық және ислам сияқты басқа діндер де болды. Жалпы түрік қағанаты қанатын кең жайып, рулық құрылыс ыдырап, таптық қатынастың қалыптасу процесінде, түріктер басқа елдерді жаулап ала бастағанда ішкі мүмкіншіліктерін жойып, сол өздері жаулап алған елдің ықпалында кетіп, өздерінің түріктік салт-дәстүрін бірте-бірте сол елдің дініне айырбастап алған секілді. Мысалы: Л.Гумилев былай жазды: «Өздерінің барша бәсекелестерін (хұндар, мойындар, дилер, үйсіндер) (түріктер өз ішінде де бір-бірімен қырғиқабақ болып келгеннін «Орхон-Енисей» ескерткішінен білеміз - А.Қ) жеңіп шыққан Тоба тайпасы қытай мәдениетінің ықпалына түсіп кетеді»2. Ал, біз Солтүстік Қытайды кезінде Хұндар мен сәнбилер жаулап алып үстемдік жүргізгенін тарихтан білеміз. Мал баққан көшпенділер де ол кезде төтемдік түсінік бой алып, ата-баба аруағына табыну күшті болды. Мәжусилік діннің барлық тайпаларға ортақ негізгі формасы көкке табыну-тәңірі болып табылды. «Қазақтар, әуелде, Мұхаммедті білмей тұрған да алла мен тәңірге бірдей табынып, мұсылман әулиелерінің басына құрбандық шалып, бақсылардың құдіретіне де сенді, пайғамбар ұрпақтары қожаларды да құрмет тұтты»1 - деді этнограф ғалым Ш.Уәлиханов. Осындағы айтылып отырған қожалар туралы С.Мұқанов та: «Қазақ арасында алғашқы жазба шежірені екі топ адамдар ғана таратты. Олар: «төрелер» аталатын хан ұрпақтар және «қожалар» аталатын, өздерін Мұхаммед пайғамбар әулетіне жатқызады»2 - дегенді тіліне тиек қылады. Тарихта мәлім болғандай Оғыз қағанның біздің эрамыздан үш мың жыл бұрын Шам, Мысырға жорық жасап, ол елдерді бағындырғаны

айтылады. Ежелгі түрік қағандары, әмірлері жаулап алған елде әскер (горнизондар) ұстаған. Түрік жауынгерлері жорықтарға күллі туған үрім-бұтағын да қосып алып жүрген. Сол елдерде бекініс, бекет салып, кеден одағын құрып алым-салым алып отырған. Араб жерінде қоныс теуіп, бұтағын жайған түріктің ер ұрпағы ассимиляцияланып барып, бізге келген араб жауынгерлерінің құрамында болған. Сөйтіп, Ислам дінін, ілімін алып келген молдалар мен қожалар сол бұрынғы Оғыз қаған заманынан қалып қойған ер түріктің ұрпақтары еді.

Бір сөзбен айтқанда Арабстан түріктері өз отанына қайыра IV ғасырларда орала бастады. «Мал бағуды кім шығарды? Қашан, қайда, кім ойлап тапты? Оған жауап беру оңай емес»3 - деп жазды Панова мен Бахтин. Жазушы «Мұхаммед пайғамбардың өмірі» - деген кітапта арабтардың шығу тегіне тереңдей бармайды. Олардың ұқсас тұрмысынан түрік қанын іздемейді. Сөйте отырып: «Осы шарттарға сәйкес нағыз араб дегеніміз - жаны жомарт алды кең, қайрымды, ата жаумен алысқанда жалтаруды білмейтін ержүрек, кек қайтарудан тайсақтамайтын табанды, бір сөзді, қонақжай, жомарт мінезді, жасы үлкеннің алдында иіліп тұратын кішіпейіл, сыпайы жан болуға тиіс»1 - деп жазды, осынысына қарағанда араб емес қазақ деп ойлап қаласыз. Жалпы, айта берсе арабтардың тұрмыс-салтында, әдет - ғұрпында өте көп ұқсастықтар бар. «Арабия жарты аралына аяқ басқан көшпенділер тұнығы лайланып, шүйгіні шайқалмаған далалар мен түздерді иемденіп қана қоймай, егінші елді де тақымға салып таптап, ақыры олармен қаны ажырамастай біте қайнаса араласып тынды»2 - дейді аталған кітапта. Бірақ, ұзақ айтылатын көшпенділер түріктер екендігіне олардың аузы бармады. Тарихта баяғы сарын (варвары, кочевники) дегеннен аспады. Тіпті, арабтардың түп-тегін Еврейлердің семиттік тайпасынан өрбітті. Семиттің өзі араб текті, еврей текті болып бөлінгені белгісіз дейді. «Көне Алғы Азия - архитектуралық стильдің отаны. Дегенмен, Египетте баспалдақты пирамидалар кездескенмен, бәрінен бұрын бұл идея Шумерден әкелген болатын. Дәл осы жерден бұл архитектураны майа мен аптектердің ата-тегі Оңтүстік Америкаға алып кетті»3 - дейді лингвистикалық еңбектің авторы О.Сулейменов. Әсілі, Араб графикасына негізделген жазу жөнінде сөз болғанда бұл кітапқа әлі де талай ораламыз. Тәңір - дін атаулының басы болған. «Орхон-Енисей» ескерткішінің де осы «Тәңір» сөзінен басталып кілті ашылуы тегінен-тегін емес. Сондықтан, ру таңбаларына ұқсастырып барып, жазылған алғашқы әріптің құпиясын ашып оқыған Дания ғалымы Вильгельм Томсен 1893 жылы 25 ноябрь (қараша айы еді-А.Қ.) «Тәңірі», (аспан, көк», құдай мағнасында - М.Ж./ - деп оқиды4. Бұл кезең түріктердің көп құдайға табынып жүрген кезі болды. «Орхон-Енисей» ескерткішінде бір қызық жайт бар:

Чаң Сенүн келті.

Күлтігі қоң йылқа, йіті йегірмеке учды.

Токузынч ай йіті отузқа йеқ ертүртіміз.

Барқын, бедізің, бітіг таш/ын/ бічін йылқа,

йітінч ай йіті отузқа қой алқады/м/ыз.

Күлтегін ө/ліп/ құрық артұқ/ый/ іті йашың булыт1.



Күлтегіннің өлген күні белгілі қой жылы, он жетісі айы белгісіз. Тоғызыншы айдың 27-і күні жерленген. Яғни, қой жылы болса - 716 жыл. Ал, басына қойылған құлпы тас /мадақ сөз/ жазылған мешін жылы болса - 717 жылдың, 27-ші шілде айы екен. Демек, Күлтегіннің жерленген күні қыркүйек айының 27-сі болса, онда 10 күннен кейін жерленген. Бұл мұсылман дініне қайшы келеді. «Өлген адамды қазақтар әдетте үш-төрт сағатты артық, ал көп дегенде жарты тәуліктен артық сақтамайды...»2 - деп жазды Ы.Алтынсарин. Әрине, бұл мәселе түрік жұрты ыдырағаннан кейін орын алған оқиға. Дегенмен, осы жайтқа да қатысы бар. Күлтегіннің 10 күннен кейін жерленуін былай түсіндіруге болады: Қытай татабынан Удар Сеңүн, Табғаштан Ісиі Лікең, Тибет қағаннан Бөлен, Арттан /Күн теріскейден-А.Қ/ күнбатыстан: Соғда, Бершекер, Бұхардан (ұлысынан) Нең Сеңүн, Тархан сол секілді таңбашылардан (тасқа безеп жазушылар, бітікшілер-автор) Макраш, Оғыз білге, Қырғыз қағаннан Тардуш Ынаншы, ал мазарды тұрғызуға, оны өрнектеп әшекейлеуге Табғаш қағанның зергершісі Чан-Сеңүн келген3. Олай болса, бұлардың әр қайсысы күншілік жерде тұрады олардың бәрінің келіп, топырақ салуына талай күн керек. Сондықтан, Күлтегінді 10 күн бойы жерлемей денесін бұзбай сақтап отырған. Мұны, егжей-тегжейлеп жазып отырғанымыз, түрік әу бастан мұсылман еместігі. Олар әуелде «сөзді» «құдай» деп түсінген сияқты «Тілдік дінді» аса құрметтеген. Ол, осы жырдың тұрақты тіркесінен, мақал-мәтелінен, афоризімдерінен көрініп отырады. Өсиетнәманың өзі де өткір тілмен жазылған. Берітін, «Қорқыт ата кітабында», «Оғыз қағанда» кәпір, мұсылман сөздері араласа бастады. Оның өзі, мазмұны ертеде пайда болғанмен қағазға түскенде кірген сөздер болуы мүмкін. Жер шарының ежелгі діні бұдан төрт мың жыл бұрын қалыптасқан. Хрестиян құдайы пайда болғанға дейін семит және хиндус-иран діндерінің атасы болған. Ол тілдік дін, ай, күн, жұлдыз/ Ежелгі дәуір ескерткіштерін қараңыз - А.Қ./ одан барып мал-жан атауларынан жұғынған символы ретінде көрініс тауып, тайпа ішінде соларды таңбалайтын, тіптен суретін салатын ерекше өнерлі адамдар болған, аңға шыққанда тіршілік қуаты, жаңбыр жауғанда, қар түскенде, құрғақшылық болғанда соның бәрін жіпке-тізгендей ойына ұқсас жаннан, не заттан барып таңба жасаған. Адам даму дәрежесінде ол келе-келе дыбыстан, белгілі заттың көрінісі ретінде тұтас сөзді берген. Мысалы, ук/сиыр/ кейіннен сиырдың үлкендігін заттың үлкендігіне балап барып, қазіргі қолданыстағы үлкен бейнелік сөз пайда болған. Сөз құдыретін бағалау, оның қадірін қастерлеу көне құлақ қариялар ішінде әлі де келе жатыр. «Сөз» адамзат баласының ұғыну құралы болған. Адамзат күнге, айға, жұлдызға қалай табынса, өзінің өзі сөйлеген сөзіне де таң қалып, оның дыбысталу әуеніне де таң-тамаша болып, қайран қалған. Міне, сөйте келе Мысыр сенім-нанымына да қатты әсер еткен. Мұхаммед пайғамбардың өмірін жазып отырғандар, Араб тұрмысына, харекетіне таң-тамаша болып, жазған1. Олар тағы да Орта Азия далаларын, қалаларын адамзаттың есінде жоқ кезден бері бес мың бес жүз жыл бұрын Оғыз қағанның Мысырға /Египетке жорығын және Солтүстік сібірден келген шумерлер мен аккадтардың Косөзен /Еврат пен Тигр/ жағасында қоныстанған аңызды еске алсаңыз/ мекендеп, билік еткен ер түріктердің ұрпағы. Үлкен миграция түрік ұрпақтарын әлсіретті, олар ішкі күшін тауысып алды. Сөйтіп, Қытай жылнамаларындағыдай жер-су, қала, өзен аттары өзгеріп сала берді. Енді, кім-қайда қоныс тепті тіпті, ажырамастай болды. Кейіннен, түріктер жүріп өткен жер, Евфрат пен Иордан өзендері Ұлы пайғамбарымыз Мұхамметтің туған өлкесі болатынын кім білген. Дін күресі кезеңінде Аравияның да кей жерлері насара (християндықтардың) неше түрлі ағымында жүрді. 570 жылы 29 тамызда дүниеге келген Мұхаммед пайғамбардың атасы Әбді әл-Мүттәлібтің ұзақ жылғы дін күресінің нақты мұрагері болды. Сөйтіп, құраннан бастау алған араб жазбасы бізге де келіп жетті. Жазба тілдің, ауызекі тілден кейін келіп қалыптасқандығы белгілі «Ауызекі әңгіме сөзбе-сөз есте қалмайды. Айтушының өзі де оны әрдайым сөзбе-сөз қайталап отырмайтыны белгілі. Сол себепті кейін Мұхаммедтің тарихшылары пайғамбардың осы әңгімесін хатқа түсірмек болғанда, Мұхаммедтің аузымен айтылған әу бастағы түпнұсқасын қалыпына келтіре алмай әуреге түсті1 - деген еді осы кітаптардың авторлары. Тіпті, құранның бұлжымас ережелерінің өзі (аяттар) ең алдымен ауызша жетіп, кейінен барлық білгір Мұхаммедтің үмбеттері жиналып, жылдар түзеп, қазір бір сөзін ауыстыра алмайтындай мәңгілік дүниеге айналды. Жазу есте жоқ заманда пайда болды. Оның әуелгі түрі: пиктография, идеография, буын, әріптік болды. Қазіргі қолданыстағы бірді-екілі «одағайлар», «шылаулар» мағынасы көмескі, жойылған сөздер сол бұрынғы ата-бабаның бізге жеткен жұрнағы. Қазақтар алғашқы пиктографиялық жазудың таңбасын рулардың белгісі ретінде, бертін малдың таңбасы ретінде қолданды. Кеңес дәуірінде /колхоз//совхоздардың/ малдарына ен, не таңба салды. Таңба қазақ дүниесінің тек қана мал-жанына ғана емес, тұрмыс-салтына да қатты әсер етті.

Таңба салып, ою - өрнек салу өнері жалпы халықтық сипат алды. Ш.Айтыматов пен М.Шаханов жазған кітапта:

«…Арабтар келгенімен тек келмеді,

Бас болды ат артына бөктергені.

Сынтастың жазуларын қырып тастап,

Тарихқа хиянат қыш өктемдеді...

Кешегі ойма жазу орнына

Жыландай иреңдеген әріп мінді...



-деп жазғанына зер салайықшы. - Айтматов. Осы өлеңдегі ойма жазу дегенде қандай мән жатыр»1 - дейді. Бұл ойма жазу таңбалық жүйенің тасқа, сырмаққа, түскиіз, білезік, сақинаға, ат-әбзелдеріне т.б. бедерлеп, түскен бір түрі екендігі бесенеден белгілі. Ойма жазу тілдік форманы емес, оның мазмұнын беруге тырысқан. Адамдар басқа біреуге бірдемені хабарлау үшін сол нәрсенің суретін салған. Мысалы, О. Сулейменов: Бұқаның тұрқын көрсету үшін мүйізін салу арқылы беріліп, кейіннен құрғана айға ұқсаған мүйіздің өзі ғана қалды - дейді. /Мәтіннен аударма жасаған-автор/. (Сол сияқты адамзат бұқаның суретін сала отырып, оның мөңіреген дыбыстарда еліктеді, одан барып айды көріп, мүйізге ұқсата отырып, жаңағы дыбыстық еліктеуді сол айдың атына көшірді, яғни бұқаның мөңіреуінен /му-му-у-у-нан/ аа-иа-ай деген сөз атауы қалыптасқан дегенге келтіреді2. /Аудармада өзгерістер болуы мүмкін-Автор/. Бағдат мұражайында мен дейді О.Сулейменов «қыш кітаптың» беттерін оқыдым. Әсіресе мені қызықтырған шумер мәтініндегі аккадтік /вавилиондық/ сөздік, оның нәтижесінде шумер халқы туралы және семиттер келгенге дейінгі бұл жерде не болғандығын білдім, вавилон, финикиндер, еврейлер, арамейлер және арабтар жөнінде мол мағлұмат алдым дейді3. /Аудармасында аздаған өзгеріс болуы да мүмкін - Автор/. Олай болса, тіл білімі туралы ілімнің негіздерін4 қайта қарастыру міндеті алдымызда тұр. Әрине, қазақ тілшілері өздерінің алдында тұрған міндеттерін мүлтіксіз орындады деп айтуға толық негіз бар. Еуропалық центристік жүйе соны талап етті. Аталған кітапта: «Шығыстағы әріп жазуы жүйелерінің барлығы да /ежелгі еврей жазуынан басқалары/ шығу тегі жағынан арамей әріп жазуына барып тіреледі дедік» - деп жазады. Араб жазу жүйесін: Арамей, наветей, куфи, араб - деп таратады. Түп негізін сонау шумер жазуынан бастау алатын Араб жазуы өзінің даму тарихын Арамей жазуынан таратып, төрт бұтағы негізінде қалыптасады: еврей, иран, сирия, араб. Семит тілдерінің бірі - араб тілінде дауыссыз дыбыстардың қызметі айрықша. Олар сөздің консанантты негізін құрайды. Араб алфавиті дауыссыздар мен жартылай дауысты әріптерден құралған. Дауыстылар ең алғашқы араб жазуында дәлме-дәл емес, шамамен белгіленген /мысалы, «әліп» кейде әр түрлі дауыстылардың бірнешеуін белгілеу үшін қолданылған/. Кейіннен араб жазуында дауыстыларды таңбалау үшін жазудың үстінен немесе астынан қойылатын таңбалар пайда болады. Араб жазуындағы әріптер жеке-дара тұрғандағы қалыпы сөз басында келуі немесе сөз ортасында, сөз аяғында келуіне қарай төрт түрлі графикалық формаға ие болады. Араб жазуы құрылысы жағынан флектифті, сөздердің түбір құрамы консанантты болып келетін семит тілдері үшін өте қолайлы. Араб жазуы түркі тілдерінде сөйлейтін халықтарға кеңінен тарап, үйреншікті әдетке айналып кетіп еді. Бұл жөнінде әңгімені кейін реті келгенде жалғастырамыз. Сөйтіп, Араб жазуы Қазақстан жеріне Ислам дінінің енуімен орайлас келді. VIII ғасырда Араб халифаты кері Оңтүстік Қазақстанға басып кірді. Басқа жерге енуінің өзі басқыншылық әрекет еді. Сондықтан олар жергілікті елді мекеннің халықтарын зорлықпен ислам дініне енгізе бастады. Өздерімен келген қожалар, оқығандар, зиялылар медіресе, мешіт ашып елді отырықшы қылып, басын жинап арабша жазуға, оқуға үйретті. Қытай қолбашылары «…бұл елді жаулап алу мүмкін емес, олар екі-үш жасында атқа мінеді, 14-15 жасында жау қайда деп құлшынып тұрған жауынгер болып шығады. Сондықтан да оларды тек есірткі, ішімдік-арақпен алу керек» - деген екен. Бұл өсиетті кейінгі орыс отаршылықтары тиімді пайдаланды. Бұны айтып отырғанымыз жаулап алған ел халықты өзіне бағындырып, бас идіру үшін тиімді жақтарын іздеді. Қазақтарды қылыштың ұшымен найзаның күшімен бағындыру мүлдем мүмкін еместігін түсінді. Сондықтан да тілін айру үшін жазу, рухын айру үшін дінін пайдаланды. Ислам діні де қатты қарсылыққа ұшырады. Ел ішіндегі «Тәңір» рухындағы абыздар, бақсылар, тәуіптер, шаман жанды адамдар Алланың бір, құдайдың бір, жалғыз екендіктеріне сенбеді. Тілді қадірлеген тілдік діндарлар ислам дініне қарсыласып бақты. Сөйтіп, екі, бірнеше дін арасында күрес басталды. Бұл ұзаққа созылды. Сондықтан да ислам діні Орталық Қазақстанға кешірек енді. X ғасырда Жетісуға енген ислам өз өктемдігін орната бастады. Ислам дінін таратуға әсіресе қараханиттер жігерлене кірісті. Олар ислам дінін мемлекеттік дінге айналдырды. Жергілікті жерлерде қараханиттер құрылыстар салып, XI-XII ғасырларда мұсылман дінбасылары вакумдық1 шаруашылық құрды, бұл олардың баюын және халық бұқарасын құлдыққа салудың негізгі көзі болды.

Дінбасылар Сайрам, Түркістан аймақтарының көп жерін меншіктеп алды. Ислам дінінің мәдениетті дамытуға қосқан үлесі зор болды. Қазақстан жерін мекендеген тайпалар мен халықтардың арасында сол кездің өзінде-ақ білім тарай бастады. Бір кездегі өшіп қалған мәдениет жана бастады. Бірақ, ислам діні Қазақстанға толық тарап үлгермеді. Оны тарату бүгінгі күнге дейін келіп жетті. «Бұл мынаумен түсіндіріледі - деп жазды Е.Бекмаханов. Ислам діні Қазақстанға басқа Орта Азия елдеріне қарағанда кеш өтті, оның үстіне көшпелі тіршілік ислам дінінің қазақтар арасында бекуіне бөгет болды... қазақтарда тілдік дін /шаманизм/ қатты болды»2. Екінші ислам дінінің Қазақстанда онша тез тарала қоймауын: «Осыған қарағанда, XVI-XVIII ғасырларда қазақ арасында мұсылман дінін уағыздап сіңіру мәселесі мүлде тежеліп қалғандай ма, қалай? Жаугершілік заманда тынымсыз шайқасып жүрген жұрт арасына дін таратамын деп сырттан кім келгендей»1 - деп жазды Қалмұқан Исабаев, Сапар Байжан-ата.

Бұл сөздің ақиқаты жыраулар2 поэзиясында көптеп кездеседі:

Әл-Ғұсыман-патша жұрты екен,

Дін іслямнәң кірті екен (Доспанбет).

Дін нұсырман баласы,

Адамдықтан жерімес

Тіл пұсырман, қарашы (Үмбетей).

Пұсырман болсан кетіңіз

Сырдарияның суынан (Бұқар).

Ислам дінін уағыздамау Кеңес дәуірі кезеңіндегі барлық ақын-жазушыларда кездесті. Олар бірде ислам дінін мақтай отырып, бірде жамандап өлеңдер де шығарды. Кеңес дәуірінде исламның орнын хрестиян діні басты. «Талпақ танау» сияқты әңгімелер көбейді. Дегенмен қайталап айтамыз, дүние жүзінің ғылымы мен мәдениетіне зор үлес қосқан халықтардың бірі-арабтар. Арабтар тіл ғылымының дамуына да елеулі рөль атқарды. Кеңес дәуірінде исламның орнын хрестиян діні басты. Орта ғасырлық арабтардағы тіл білімінің ерекше дамыған кезі-халипат дәуірі деп аталатын VII-XII ғасырлар шамасы. Тілдің грамматикалық жүйесін сипаттауда араб лингвистикасы бір-біріне байланысты үш түрлі мәселенің сырын ашу арқылы жүргізді.

Олар: сөз таптары мен сөйлем синтаксисін зерттейтін Нахв, сөздердің сөйлемдегі орын жағынан түрленісін, мағыналық құбылыстарын зерттейтін Сарф, сөйлеу процесінде Таджвид деп аталатын бөлімдер. Бұл үш бөлім, яғни тілдік тұлғалардың мағынасын, оның берілу жолын, коммуникативтік мәні - араб грамматикасының философиялық негізін жасайды. Арабтар үнді, грек лингвистикасының табыстарын жақсы пайдалана отырып, өз тілінің фонетикасын, морфологиясы мен лексикасын зерттеуге ерекше назар аударады. Фонетика саласында дыбыс пен әріп арасындағы өзгешіліктерді айқындайды. Дыбыстық физиологиялық сипатын ашуға көп көңіл бөледі. Кейбір ғалымдар /Сибавейхи/ жасалу орнына қарай дыбыстарды 16 топқа бөліп қараған. Грамматика мәселесінде /көрінекті өкілі-Сибавейхи/, әсіресе сөздерді тапқа бөлуде араб ғалымдары Аристотельге еліктеген. Аристотель сияқты бұлар да сөздерді есім, етістік, жалғауыштар деп үш топқа бөлді. Араб тілшілерінің тілдің грамматикалық жүйесін зерттеу тәсілдері де, грамматикалық терминдері де бұрынғыдан өзгеше болды, арабтық дәстүр қалыптастырды. Арабтар киелі, қасиетті, конондық тіл деп саналатын құран тілінің нормасын зерттеудің өзінде де көп жағдайда сөйлеу тілі нормасына сүйенді, соны зерттеді. Араб тілі грамматикасын зерттеудің дәстүрін, өзіндік жүйесін қалыптастыруда Сибавейхидің 796 жылы жазған «Ал китаб» деп аталатын еңбегі шешуші рөль атқарған. Араб оқымыстыларының ерекше көңіл бөлген және зор табысқа жеткен саласы-лексикография. Арабтардың бір ғана Ал-Фирузабади деген лингвисі «Хомус» /мұхит/ атты 60 томдық сөздік жасаған. Араб лингвистері ғылым тарихында бірінші болып, әр түрлі тілдер жадығаттарын бір-біріне салыстыра, салғастыра зерттеу тәсілін қолданған. Осы тәсілді қолдана отырып, олар түркі, мұңғол, парсы, тілдерін зерттеп, олардың салыстырма сөздіктерін, шағын көлемді грмматикалық очеріктерін жазған. Осындай еңбектің ғылымда белгілі ең көнесі және ең толығы түркі халқынан шыққан, Арабияда оқып білім алғандықтан араб ғалымы деп аталып кеткен Махмұт Қашқари жасаған «Түркі тілдерінің сөздігі» /Дивани лұғати ит түрік/. Бұл сөздік 1073-1074 жылдары жазылған. Бұндай толық деректі «Жалпы тіл білімінен»1 алуға болады. Түркі халықтарының арасында тараған араб жазуы жергілікті халықтар тілдерінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкестендірілмей, арабтар қалай қолданса, сол қалпында өзгеріссіз түркі тілдерінде де қолданылды. «Араб жазуы түркі тілдерінің дыбыстық жүйесіне сай келмеді»1, 2- деп жазды кейбір оқулықта.

Бұл - рас еді. Бірақ, қалай деседе араб графикасына негізделген әліпбиімізбен талай адамдар сусындап, білім алды. Кеңес дәуірі кезеңіндегі алыптарымыздың бәрі ескіше хат танып, молда алдын көргендер еді. Тіпті, IX-X ғасырдан бастап ашылған медіреселер мен мектептерде ұлы ғұламаларымыз оқып, сауатты болды. Дыбыстық құрылымы түркі тілдеріне сай болмағанмен араб жазуы қазақ халқын тұңғиқтан шығаруға көмектесті. Жалпы, қай халыққа болмасын күштеп таңылған харіптер мен жазу жүйесі жүре келе сіңісіп сол халықтың төл жазуы болып кететіні бар. «Түрікі халықтары графикасының XX ғасырдың бас кезінен бері қарайғы өзгерістерін үш кезеңге бөлуге болады» - дейді Т.Қордабаев:

1 Араб графикасы түркі халықтары тілдерінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп қолдану кезеңі;

2 Араб графикасынан латын графикасына негізделген жазуға көшу кезеңі;

3 Латыннан кирилл жазуына көшу3.



Көне славян әрпі де зорлықпен енгізілді, орыс кириллицасындағы 43-тің 34-і алынып, қазақтық 9 ғана харіпі енгізілді сөйтіп, қазақ тарихындағы (жазба) үшінші кезең тіпті сорақы болып шықты. Қазақ топырағындағы әліпбидің өзгерісінің қысқаша тарихы былай болды. Араб жазбасы IX ғасырдан 1926 жылға дейін, Бакуде өткен Бүкілодақтық түркітанушылардың съезінде барлық түрік тілдес халықтар латынға негізделген жазуға көшсін деген қалуы қабылданды. Қазақстанда латынға көшу жөніндегі қаулысы 1929 жылы жарияланды. Орыс графикасына негізделген жазуға бет бұру 30 жылдардың екінші жартысынан басталды. Жоғарыдағы араб жазуына негізделген харіпті 1915 жылдары Ахмет Байтұрсынов қайыра түзеді. Араб жазуы қадым, жадид, усыл жадидті басынан өткерді. Бұнын арасында шағатай жазбасы, түрік жазбасы араласып отырды. Осылай әріпі өзгеріп отырған ел сауатсыз болмағанда кім, сауатсыз болуы керек еді. Тілімізге қиянат жасалды, азаматтарымыз атылып жатты, 1931 жылдың ашаршылығы талай адамды қырып кетті. Қазақ не деген, жаны сір халық еді. Бұндай ашық түрдегі қиянатты бірде-бір ел басынан өткерген жоқ еді. Қазір қайыра латын харіпіне негізделген жазуға көшу туралы мәселе көтерілді. Әрине, үзіліп қалған бірақ өмірі ұзақ болған араб жазуына көшуге болар еді. Сол өзінің әріпімен-ақ арабия елі білім мен мәдениеттің Отаны болып отыр. Ислам діні әдет-ғұрпымыз бен салт-сананың ажырамас бір бөлігіне айналды. Осы саясатты жүргізе берген дұрыс. Ал, латынға аяқ басуды кешіктірмеген жөн. Латын әліпбиіне негізделген жазуды қабылдап, бастауыш сыныптан бастап оқыта беру керек.

Онымен қатар орыс графикасына негізделген қазіргі пайдаланып жүрген әліпбиді де қолданып барып, бастауыш сыныптар 11-ші сыныпқа барғанда бұл әліпби өзі-ақ қолданыстан шығып қалады. Бүгінгі қолданыстағы орыс графикасы туралы ақын, қоғам қайраткері О.Сулейменов: «Славян алфавитін (кириллица) шығуын тек қана византиялық заңмен байланысты қарастыру славист үшін көп нәтиже бермейді. Сондықтан да жазбалық аңыздар-жазу славяндарға хрестиян дінімен келді ал, алфавитті жасаған гректік құдайға сенушілері Кирилл мен Мефодий дейді. Ғалым славист монастыр кітапханасынан 10 ғасыр бойы шықпаған секілді. Ол өзінің маңайынан византиялық бумаларды сөреден ғана көреді - деп жазды»1. Араб жазуының ең көне Қазақстандық «Қадым» - арабша «ескі» деген сөз. С.Мұқановтың шығармасын оқысақ көп жайттарға қанығамыз. Қадым оқуында: «а», «б», «в», «г» деген сияқты, дыбыс белгісі болмайды. Оның әр бір әріптерінің «әліп» /а/, «жұм» /ж/, «сад» /с/, ғайн /ғ/, «нон» /н/ жекелеген сияқты, жеке аттары болады. Араб әрпінің таңбасы 29, Бірақ бұл жеке жазылу түрі. Одан басқа осы әріптердің: бас, орта, аяқ аталатын түрлері бар, бәрін қосқанда, «29»-дың орнына «108» боп шығады. Арабтар да жазылу түрі бір, тек асты-үстіне ноқат қоюмен айрылатын әріптер көп. Мысалы, жоғары қараған тік бұрыш сияқты сызықтың астына бір ноқат қойса «б», екі ноқат қойса «и», үстіне бір ноқат қойса «н», екі ноқат қойса «т», үш ноқат қойса «ш» болады. Сонда, сызылуы бір бес әріп, өзара ноқаттармен ғана айрылады. Бұл жағынан алып қарағанда, егер ноқаттарын есептемегенде, араб алфавитіндегі сызықтардың түрі «29» емес, 17 ақ. Арабта «З» әрпі төрт түрлі айтылады, қазақта оның бірі ғана бар: арабта жуанды, жіңішкелі аталатын екі «т», үш «с», екі «ғ», екі «х»: бұлар да қазақта бір-бірден-ақ. Сонда, арабтың 29 әрпінің 9-ы қазақ тілінде жоқ. Араб алфавитінде дауысты дыбыс атымен болмайды, олардың орнына: / «и» орнына/, үсті / «а» орнына/, үтір / «о» орнына/ аталатын, әріптерінің асты, үстіне сызықтар қойылады. Бұл, тек «құран» сөздерінің асты, үстіне қойылатын сызықтар. Араб тілінде жазылған өзге кітаптардың сөздерінде ондай сызықтар болмайды, қандай әріптің асты, үстіне қандай сызықтар барын, оқушы жобамен ғана айырады. Мысалы, «Мұхаммад» деген сөз «Мхмд» боп, «мұхтасар» деген сөз «мхтср» боп жазылады. Бұлай, бірыңғай, дауыссыз дыбыстардан құралған араб сөздерін, тек араб тілін білетін адам ғана жобалап дұрыс оқуы мүмкін, ол тілді білмеген кісі қалай дұрыс оқиды... Мысалға, «Мұхаммед» деген сөзді алайық. Араб алфавитінде даусты дыбыстар болмағандықтан, бұл сөз кілең дауыссыз дыбыстардан құралып «МХМД» боп жазылуы жоғарыда көрсетілді. Оны дұрыс оқу үшін, асты, үсті не тұспалды белгілерді қою керек. Мәселен, бастапқы «м» «мұ» боп оқылу үшін үстіне «үтір» аталатын сызық, «х»-«ха» боп оқылу үшін үстіне «үсті» аталатын сызық, одан кейін қабатынан келетін екі «м»нің қос қабаттығын көрсету үшін үстіне «тәштит» аталатын сызық, соңғы «д»ның қасында дауысты дыбыс жоғын көрсететін «сәкін» аталатын сызық қойылуы керек қой, егер ол сызықтар қойылмаса, неге қойылмайтынын молда түсіндіру керек қой1. Арабша оқығанда алдымен «еже» одан «сүреге» түседі. «Сүре» арабша «дабтан» деген сөз. Жалпы құран әннен тұрады. Көп өлеңнің басы қосылатын бір тақырыпты, «құранды» - «суре» дейді. «Құранның» алғашқы «суресі» - «суратоәл-бақыра» аталады, мағынасы - «сиыр дастан». Бірақ дастанда сиыр туралы кеңес жоқ. Осы «суреде» 186 өлең бар. «Қазақта немене ұзын суреге түсіп кеттің» - деген тұрақты тіркес қалыптасқан. Баланың алғашқы түсетін «суресі» - «құраннан қысқартып алған «әптиек» /арабша - «һафтиек»/ дейтін кітапша. «Әптиектен» соң бала 600 беттей «құранға» түседі1. Тарихтан мәлім болғандай Қазақстанда монғол өктемдігінен кейін шағатай тілі мемлекеттік тіл болды. Бірақ, араб тілі қатар жүрді. Кейбір оқығандар шағатай тілі мен түрікше оқып, сөйлей алды. Әдеби жазба тілдің орфографиялық нормасы қалыптасып болғанға дейін көп уақыт керек болды. Қыстай оқып, «құранды» жаттау алуға айналған кезде, молда бізді «түрікше» аталатын кітаптарға әкеп салды. Бұл кітаптар «шағатай» аталатын Орта Азиялық тілде жазылған. Бірнешеуін мысалға келтірейік:

1. «Көрің Қадір» дейтін кітаптың сөзі былай келеді:

«Көрің Қадір құдіретін,

Білсін даю сұнғатын,

Мұстафанның үммәтін

Андағ тәшраф қылдия.

Иоқ едік бізні бар қылди,

Тән жаратты, жан берди,

Қатыра-и судан бізләрни

Андағ тәшраф қылдия».

Сол сияқты С. Мұқанов «Тақи ғажап», «Бақырған», «Сүббәтәл ғажизин» соңы өлең туралы:

«Сәне лил халық гебра-и, уә афлек,

Яратти катраиден гәуһәри фәк»,

- деп араб сөздерінен құралып келгенімен, аяқ жағы:

Аяғымдан судрәп атың, ләхіткә,

Не үшін құлдық қылмадың деп Әхәдкә»,

-деген сияқты түрікше боп кетеді» - деді.1 Бұдан әрі «Біздің молданың білетін - тәржима». Ол - араб сөздерінің қасына түрікше сөзбе сөз мағынасын беру. Мысалы, бәбен-ұшбу баб, шрутсассалат-намаз шартларындағы баб, уаһиа-ол намазның шартлары, ситтәтән-алты дұр, әл-әууәлі - ол шартларының әу-әлгісі, әл-уызуы-таһарат алмақ, бел-ма-е-ат-таһире-пәк су бірлән, ау-ет-таяммуми-я исә тәямим соқпақ, биша-шундай нәрсе білән, якуне-болор ол нәрсе, миналь арзи-жер жынысынан: кәттұрабо-топырақ шикілді, уәр-үмлі-құм шикілі, уәлкүкли-сүрмә таш шикілі, уәззараниха-звест шикілі, уал хажари-қара таш шикілі.... «Шруто-ассалат», «Таыллимо ассалат», «Түхфәтүәлмүлік», «фиқһиқайдани» сияқты бірнеше кітаптарды оқыдық»2 - деп еске түсіреді. Бұдан біз жазба тілдің Қазақстан аймағындағы қос тілділіктің жарыса қолданылып, бірте-бірте түрікше басым болып, одан келе ауызша айтып келген ақын-жырау сөздерінің басым түсіп, бұл тілдердің біріне де ықпал бермей, XX ғасырға дейін жетіп, таза қазақ жазбасына түскен тілдің өту процесін көреміз. Жалпы жазба дүниесіндегі бірде бір жадығат шағатай болсын, түрік түрки болсын - бұл тілдердің ықпалынан аттап кете алмаған. Алысқа бармай-ақ Абай Құнанбаевтің өзін алайық. Ол-ескіше оқыған бар, Ғабитқан молдадан алған білімі бар алғашқы өлеңдерін Шағатай (түркіленген шағатай) тілінде жазды. Бұл турасында Қ.Жұбанов: «…екінші-қажылы ауыл, молдалы ауыл болған Құнанбай ауылында ала-бөле таныс ескі Орта Азия үлгісі шағатай әдебиеті» - деп3, Абайдың білім алған ортасының біріншісі ана тілі еді дейді. Жалпы, Қ.Жұбанов - Абай әлемі турасындағы шағатай тіліне байланысты айтқан бірінші адам. Дегенмен, сол кездің ықпалы болар Шағатай әдебиетін тым (мистикалық, диуаналық) деп сорлатып жібереді. Біз бұның алдындағы «Шағатай тілі және Мәшһүр -Жүсіп» - деген мақаламызда Шағатай тілінің рөлі турасында, оның азды-көпті ықпалы турасында айтқан болатынбыз, сондықтан бұл тақырыпқа қайыра оралмаймыз. Сонымен, Абай Құнанбаев алғашқы шығармаларын1 шағатай тілінде жазған дедік. Мысалы:

Иузи-рәушан1, көзі-гәуһәр2

Лағилдек3 бет үші әхмәр4

Тамағи қардан әм биһтар5

Қашың құдрәт6 қоли шигә7

Өзәң гузәлләра8 раһбар9,

Сәңә ғашиқ болып кәмтар,

Сүләйман, Ямшит, Искәндәр

Ала аламас барша мүлкигә.

Мүбадә олса10 ол бір кәз,

Тамаша қылса йузме-йуз

Кетіп қуат, йұмылып көз,

Бойың сал-сал бола ниге?11

екінші өлеңі:

Фзули, Шәмси, Сәйхали,

Навои, Сағди, Фирдауси,

Хожа Хаифз-бу-һәммәси

Мәдәт1 бер я шағири2 фәрияд3

Бірінші өлеңдегі: 1. Рәушан /парсыша/ - жарық, әдемі. 2. Гәуһәр /парсыша/ - бриллиант. 3. Лағыл /арабша/ - асыл тастың бір түрі. 4. Әхмәр /арабша/ -яқут, рубин. 5. Биһтар /парсыша/ - бетер. 6. Құдрәт /арабша/ - күш. 7. Шигә /парсыша/ - нәзік. 8. Гузәл /түрікше/ - сұлу. 9. Раһбар /парсыша/ - бастаушы. 10. Мүбадә олса /түрікше/ - бола қалса. 11. Нигә /татарша/ - неге. Екінші өлеңде: 1. Мәдәт /парсыша/ - жәрдем бер, қазақша-медет бол.. 2. Шағир /арабша/ - ақын. 3. Фәрияд /арабша/ - сыйыну. Бұлай санамалап беріп отырғанымыз Шағатай сөздері түркіленіп қазақылануға жақындаған тұсы да, араб, парсы сөздерінің мүлдем ассимилясияланып, қазақылық сингармонизм заңына байланысты кіріге бастаған тұсы байқалады. Қазақ арасынан шыққан педагог Ы.Алтынсарин: «...татар тілін үйренуге тура келеді. Екінші жағынан, татардың кітап тіл бұл тілді татарлардан шыққан оқымыстылардың өздері де менсінбегендіктен, араб, парсысөздеріне лық толған»1 - деп жазды. Қадым оқуында әрбір әріптің дыбыс нұсқасы болмай, әрбір әріптің аттары болады. Шағатай әдебиетіндегі еліктеу сияқты араб тіліннен де көркемдік түр іздестіру, теңеу сияқты бейнелік құбылыстар қарастыру қазақ әдебиетінде жалпы түркі әдебиетінде де кең орын алды. Араб әрпінің ас, үс, үтір, сәкін, тәштиттерінен көркемдік бейнесін іздеу шағатай ақындарына үйреншікті әдет болатын. Навоидің:

Қашларынден, кім ірәр қаниғ көңіл ішре қиял,

О-қызыл кәгәда Нун болұр, - шапақ ішреһилал.

(Қастарына көңілдегі қиял қанағаттанады. Ол - қызыл қағазды нұн әрпі, шапақ қызылдығына тұрған ай болып көрінеді) дегендегі қасты нұн әрпіне ұқсатуы, немесе:

«Жан»-ымдағы жем-ол екі далаңға пида,

Анден соң әліп-таза ниналіңға пида,

Нуні дағы-ғанбарлық һилалиңға пида,

Қалған екі нуқта-екі қалыңға пида!

Жанымның «ж» әрпі ол екі қасына құрмандық, Онан соң, «а» әрпі таза бойына құрмандық, «н» әрпі дағы жақсы иісті ай жүзіне құрмандық, Қалған екі ноқат /бірі «ж» ның, бірі «н» ноқаттары/ бетіндегі екі қалыңа құрмандық!/, - деген өлеңіндегі ж, д, а, н әріптері мен ноқаттардың бірін ол, бірін бұл мүшелерге меңзетуі-осы әріп бейнесін ісіне асырған ақындық ойыны болатын»2 - деп жазды Қ. Жұбанов. Бұл ой Абай шығармаларында да бой көрсетті. Абай араб әріптерінің аттарын пайдалана отырып, оқып жүрген балалар үшін жазуы да мүмкін қыздың көркем бейнесін өте тамаша етіп суреттеп берген. Мысалы, «Әлифби» өлеңі былай көрінеді:

Әлиф дек ай йузіңе ғибрат1 еттім,

Би-Бала’ й2 дәртіңе нисбәт3 еттім.

Ти-Тілімнән шығарып түрлі әбиат4,

Си-Сәнаи5 мәдхіңа6 хұрмәт еттім.

Жем-Жамалың7 қандай-ақ рузи8 маған,

Ха-Халаллық таппадым, жаным, сәнан.

Хи-Халайық9, мен емес, бәрі ынтизар,

Дәл-Дариға ғишық оты бермес аман.

Зәл-Зәлиллік10 көргән соң, сайрай бер, тіл,

Ре-Риза қылмағыңды яр өзің біл.

Зи-Зәһәрдай11 күйдірді ғишқың қатты,

Сын-Сәләмат қалмағым болды мүшкіл.

Шын-Шикәр ләп12 есіме түскен сайын,

Сат-Сабырым қалмады мен не әйләйін.

Зат-Зайығ13 өмірім өтті менің бекер,

Тай-Талаптан, әйтеуір құр қалмайын.

Зай-Залым көп қылыш боп, жанға оқталды,

Ғайін-Ғақлымды басымнан тартып алды.

Ғайын-Ғариплік басыма түскеннен соң,

Фи-Файдаң тие ме деп, жаза салды.

Каф-Қабыл болар ма екен жазған хатым?

Қаф-Қамил ақылың асыл, затым,

Ләм-Ләбіңнен2 қысаң мен дерттіңе,

Мен-Меһріңнен3 қалмас ед бар апатым4

Нон-Нана5 қып, қайғыңмен күйдірдің көп,

Уау-Уайлана6 ғишқың уайым жеп,

һи-һеш пайдаң тимесе, елді ойлаңыз,

Ләм-әлиф-Лә илаһа илалла7 деп

Я-Ярым, қалай, болар жауап сөзің?

Мәт8-қасың, тәштит-кірпік, секін-көзің

Болуға асты-үстілі көнсең өзің!

Алдыңғы шумақтағы реттік сан есімдерге мынандай түсініктеме берілген: 1. Ғибрат /арабша/ - үлгі. 2. Бәлан-ұлы, жоғары. 3. Нисбат /арабша/ - шама, мөлшер. 4. Әбиат /арабша/ - өлең/бәйіт деген сөздің көпше түрі. 5. Санаи /арабша/ - мақтаулы. 6. Мәдәх /арабша/ - мақтау. 7. Жамал /арабша/ - көрік, әдемі. 8. Рузи /парсыша/ - күн, күндей. 9. Халайық /арабша/ - халық, ел, қауым, жұрт. 10. Зәлил /арабша/ - қор, қорлық мағынасында. 11. Зәһәр /арабша/ - у. 12. Шикар ләб /парсыша/ - тәтті ерін. 13. Зайғ /арабша/ - зая, құр, бос. Бірден басталған келесі реттік сандарға мынандай түсінік берілген: Камил /арабша/ - толық. 2. Ләбін /парсыша/ - ернін /бұл жерде ерніңнен дем шығарсаң деген мәнде/. 3. Меһір /арабша/ - мейір, ықлас. 4. Апат /арабша/ - бәле, қаза, бұл жерде кемшілік мағынасында. 5. Нала /парсыша/ - зар, уайым, қайғы. 6. Уайлана /арабша/ - уали-бақытсыздық, күйініш. 7. Ла иләһа иллалла /арабша/ - құдайдан басқа құдай жоқ. Мәт, тәштит, сәкін, үтір дегеннің барлығы ескі араб жазуының дауысты, дауыссыз дыбыстарымен араб сөздерін дұрыс оқыту үшін қойылған белгілері.1 Абай өлеңінде араб алфавитінің әріптерінің айтылуы өте шеберлікпен 28-і де тура берілген. Текқана, Әлиф /әліп/, Ғайін /гәйін/, Қаф /кеф/, Мен /мим/, Я /йә/ басқадай өзгерістер жоқ.2 «...Әліп-араб алфавитінің бірінші әрпі, сандық мағынасы - 1. «Қаф» пен «уау», «әлиф» пенен «қуа» болып, Айтылған атыңызды мақұлдатқан /Кете Жүсіп/, Сен-ақ оқы әліп пенен әбіжатты. Мұрыным әліп болғанда, қасым мәт-ті /Ұлбике/3 араб әліпбиіне еліктеп, көркемдегіш құрал есебінде алған.

Арабтар да өздерінің әріптерін көне шумер таңбасына еліктеп жасаған бұл арада мына: «Мысалы арабтың «әліп» таңбасына ұқсас екпін түсіре айтылатын «с» әрпі іс тігуге арналған құралдарға /ине, біз/ ұқсайды» дейді1 Әбілхан Әбіласан. С.Мұқанов та таңбаға қатты назар аударған. «Мысалы, Қыпшақтың рулық таңбасы, жоғарыдан төмен қарай қатар тартқан қос сызық. Оның аты «әліп». Нұржан Неушабаевтың - «руым Қыпшақ болғанда таңбам «әліп» деуі содан. Осы қай «әліп»? Араб алфавитінде «а» орнына қолданылатын бас әріп «алиф» аталады. Біз оны қазақшалап «әліп» дейміз. Қыпшақтардың «әліп» аталатын рулық таңбасы осы араб әлібі десек /солай деушілер бар да/, онда Қыпшақ руы Орта Азияға арабтардың, олармен бірге ислам дінінің келуінен әлде қайда бұрын құралған ел болып шығады. Олай болса, қыпшақ «әлібін» арабтан алынды деудің қисыны жоқ. Ендеше, Қыпшақтікі қай «әліп»?»2 - дейді расында С.Мұқанов өте орынды әңгіме қозғайды. Айтып отырған уәжі де дұрыс. Арабтар бұл әріптің де нұсқасын сонау көне шумер, түрік жұртынан алғандығы оның таңбалық белгісінің Қыпшақ руында қалып қойғандығы нақты дәлел бола алады. С.Көбеевтің шығармасында араб оқуына қатысты бір мәлімет бар. «-Иман шарт оқытыла ма? - деді молда. -Жоқ, иман шарт оқытылмайды.»

- Бұл С.Көбеевтің Ыбырай деген байдың аулына келгендегі молдамен әңгімесінен үзіндісі3. Бұдан біз орыс оқуының қазақ даласына енуінің бір көрінісін көреміз. Молланы жамандау, дінді жамандау арқылы орыс насихатын енгізу саясатының негізі жатыр. Ал, сол кездегі араб оқуының да өзіндік бағдарламасы болған. Мысалы, Балалар он - он бес жыл оқыса да класс-класқа бөлінбейтін. Берітінге дейін 60-63 жылдары/ бір сыныпта әр деңгейдегі балалар бірге отырып, бірақ мұғалімнің тапсырманы әр түрлі бергенін көзіміз көрді. Оның себебі қаражат жағдайына байланысты болса, екінші себебі сыныпта оқитын бала санының аздығымен өлшенді. Қазірде, шалғай кей ауылдардағы бастауыш сыныптар бірді-екілі бала үшін сыныптар ашпай-ақ түрлі бағдарламамен оқыту кездеседі. Шәкірттердің білім дәрежесі олардың оқыған кітабы арқылы анықталады. Бастауыш білім «Иман-шарт» (С.Көбеевке молланың қойып отырған сұрағы - А.Қ.). «Эфтиектан» басталып, сосын «Түрки» оқытылатын. Осыдан кейін «Қырын хадистен» басталып арабша оқу жүргізілетін. Ең жоғары сатысында «Шарх-Ғабдолла» сияқты кітаптар оқытылатын. (Б.Кенжебаев, Ө.Есназаров).

Мұхтасар, Қафия, Мантық, ең ақырында Шарх-Ғабдолла сияқты кітаптар болатын «Қ.Ә.Т.»1. Әбубәкір молланың сырқау болып жатқанда айтқан өлеңі» ескі арабша оқудың мән-мазмұнын шынайы ашып береді. Мысалы,


Тоғызға толған соң молда көрдім,...

...Үйреніп әліп-әбжат, әдеп-әркен...

немесе,

Сол жылы әптиек пен құран шығып,

Ойынды қош айтысып талақ қылдым.

Он бір мен он екіде түркі білдім...

...Шығарған мүсәннәфтар назым қылып,

Түркіні тәмән тілдің көркі білдім...

... Он үште араб көрдім түркі танып,

...Молдамыз әр мағынадан жол көрсетіп,

Түсірді мұқсасарға алып барып...1

Мінекей, араб оқуының осындай жетістігі болды. Молдалар XX ғасыр кітаптарында айтқандай бәрі сорлы, бәрі дүмше, бәрінің аузы сасық болған жоқ. Әрине, ішінде бірен-саран сауаттыздары болды. Қазір сауатсыз мұғалімдер жоқ деп кім айтты. Кеңес дәуірінің ескімен күресінің нәтижесі – мұсылманша оқығандарды қудалауға әкелді. Шын мәнінде аруағы бар, емші, долбарлар, бақсы, балгерлер Кеңес өкіметінің қас жауы болды. Орысша оқығандар, коммунистер құран не бата оқып жатқанда қолдарын жаюға қорықты. Үлкен молдалар, қазіреттер, қажылар, тәуіптер бала емдеуге қорықты. Адамзат баласынан тыс ерекше күш пен емдік қасиеті барлар адам емдей алмай ауыра бастады. Жалпы, молла деген құбыжық кісі емес еді, оның оқығаны, тоқығаны көп еді. Сондай ұлы кісінің бірі - Мәшһүр Жүсіп Көпеев болды. Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы алғашқы жылы пікірді С. Мұқанов айтты. «Оның өз аты - Жүсіп. «Мәшһүр» арабтың «белгілі» деген сөз. Ол өз жазғандарының кейбірі жарияланып, елге атағы жайылған шақта, Жүсіп өз атына «мәшһүрді» қосып алған да, «Мәшһүр Жүсіп» лақабымен кеткен. Табиғатында зирек Мәшһүр, дарынды ақын болудың үстіне, жас шағынан қазақтың ауыз әдебиетін, шежіресін көп жинаған» - деді2. Өзі көріпкел, дүниенің оқуын тауысқан Мәшекең расында ел арасында әулие атанған. «Бірде бір орыс семьясында ерлі зайыптылар бала көрмей зарығып жүреді. Сөйтіп, әлгі орыс Мәшекеңді үйіне шақырып, бір балаға зәрумін тұмар жазып беріңіз дейді.

Сонда Мәшекең:

Ұл берсең Маяма,

Қыз берсең аяма,

Мына орыс соңымнан қалмады-ау,



Құдай-ау, бір ұлыңды аяма»

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет