Қазақстанның Россияға қосылуынан кейін, патша өкіметінің Қазақстандағы саясатын жүргізіп, қазақ даласын билеу ісінде өкімет органдарына көмектесе алатын білімді қазақ чиновниктері жергілікті жердің ел билейтін ақпаратқа керек болды. Соңдықтан патша өкіметі амалсыздан қазақ ақсүйектері мен байларының балаларына біраз білім беріп, олар үшін орыс-қазақ мектептерін ашуға тиісті болды. Ең алғашқы мектептер Бас губерниялардың қаласында орыс, татар, /бертін қазақ тілі де кірген/ тілдері мен арифметиканың төрт амалынан дәріс беретін, тілмаштар дайындау мектебі- «Азиялықтар училищесі 1755-жылы Астарханда, «көбейіп бара жатқан қырғыз-қайсақ «халқымен түсінікке келу үшін 1761 жылы Тобылда, 1789 жылы Омбыда ашылған екен1. 1841 жылы Жәңгір хан Бөкеев қазақ даласындағы тұнғыш орыс-қазақ мектебін ашты. Қазақ ССР тарихы: «1841 жылы хан ордасының жанынан мектеп ұйымдастырылып, бұған да көбінесе қазақ шонжарларының балалары алынды» - деп жазды2. Мұхамет – Салық Бабажанов «Қазақтар жайында» - деген мақаласында «Өзінің сарайында ол мектеп ашып, онда 60 адам Мұхаммед діні, орыс жазуы мен тілі жөнінде дәріс алды. Бұл мектеп осы күнге дейін сарай маңында «Жәңгір мектебі» деп аталып келеді. Ондағы 30 бала орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алуда» - деп Жәңгір ханның есімін жылылықпен еске алады. «Жәңгір хан оқу - біліммен, саудамен және қандай да бір қолөнершілікпен айналысатын адамдарға айрықша мейріммен және қамқоршылықпен қарады» - дейді3. Бұл арада Махамбет ақынның Жәңгір ханға айтқанын жеке бас араздығынан туған жәйт деп білеміз.
Ә.И.Сембаев өзінің еңбегінде Жәңгірдің жинаған еңбегін атап өтті. «Жәңгір хан өзінің жақын нөкерлерінің, достарының /әр түрлі руларды басқаратын сұлтандардың, отаршылдардың, билердің/ балалары үшін алғашқы орыс мектеп пансионын ашты» - деп жазды1.
Негізінде мектеп 1841 жылы, 6 желтоқсанда алғашқы оқушыларын қабылдады. «Мұнда діни дәрістерімен қатар орыс тілі, арифметика, жағырафия, тарих, физика т.б. пәндер өтілген. Мектептің меңгерушісі әрі мұғалімі боп Константин Петрович Ольдекон тағайындалған»2. «Білімді оқытушылар болмағандықтан, бұл мектепте балаларды мал дәрігері мен тілмаш оқытты. Мал дәрігері балаларға орыс тілін, арифметиканы, географияны, ал тілмаш шығыс тілдері мен мұсылман діні сабағын оқытатын3. «Жәңгір ханның мектебі» негізінде 1883 жылға дейін жеті мектеп ашылды. 1883 жылы Ордада қазақ даласындағы алғашқы рет Хұсни Жамал Нұралыханованың ұйымдастыруымен қыздарға арналған училище отау тігіп, сабағын бастады. Мұхамет – Салық Бабажанов: «Ханның қыздары да орысша оқыды. Әлі есімде, олардың маржандай әдемі жазуларын үлгі етіп бізге әкелетін» - дейді.
1825 жылы Орынборда татар мектебі негізінде Неплюев әскери училищесі ашылды. Ол 1844 жылы кадеттер корпусы болып қайта құрылды4. «Жәңгір хан Орынборда Неплюев әскери училищесі ашылғанда оған білім алу үшін үш бала, сұлтандар Құшақ-Ғали Шығаевтің, Шамсиддин Досқазиевтің және қожа Көпболсын Қарауыловтың балаларын жібереді» Қазақтар хақында Қожа Мұхамед - Салық Бабажанов мақаласы5. 1844 жылы Неплюев әскери училищесі кадеттер корпусы болып қайта құрылды6. Бұл кадет корпусында да Жәңгір хан оқуға қазақ балаларын жіберіп отырды.
Қожа Мұхамет Бабажанов: «Ондағы Неплюев кадет корпусының 2-ші эскадрондарға, яғни азиялық бөлімшесіне біздің ордадан 10 баланы қабылдауға рұқсат етілді. Сондықтан да 1845 жылы хан орданың құрметті адамдарына балаларын кадет корпусына беру туралы өтініш жасады – деп жазды1.
Бұл жөнінде Мереке Құлкенов пен Рақымжан Отарбаев «Жәңгір хан» деген мақаласында «Орынбор шекара комиссиясының архивінде 1845-1851 жылдары Неплюев кадет корпусын Бөкей Ордасынан сегіз шәкірт оқып тәмамдағанын айғақтайтын документ бар. Тізімін келтіре кетсек. Олар: Бекмұхамбетов Мақаш, Шалабаев Сұлтан, Саңғырықов Мырзағали, Ниязов Жүсіп, Жантөрин Сұлтанмахмұт, Бөкейханов Арыстангерей, Бабажанов Мұхамет-Салық және Нұралыханов Зұлқарнайн»2 оқыған сегіз шәкіртінің тізімін келтіреді. Ал, Мұхамет-Салық Бабажанов оқуға жіберілген он бала еді дейді. Оны былай пысықтайды: «Хан енді тағы бір ұлын Орынборға, құрметті ордалықтардың сегіз баласына бас қылып оқуға жіберуге мәжбүр болды. Мұны айтып отырғанымыздың себебі: хан екінші ұлын да Петербургте оқытуға мүмкіншілігі бар еді, ондағы оқудың Орынбордағыдан жақсырақ екенін де білді, Орынборға баласын ол тек қана өзгелерге үлгі көрсету үшін жібереді. Соңғы тоғыз баланың ішінде мен де бар едім»3 – дегеніне қарағанда екі ұлы Зұлқарнайын мен Іскендір атты кейіннен қайтыс болған ұлдары болуы мүмкін. Олай болса, оқуға алғаш рет 10 бала жіберілгені рас болып шығады.
1846 жылы Сібірдің қазақ-орыс әскери училищесі негізінде Омскіде кадеттер корпусы ашылды4. Мұнда сабақ орыс тілінде оқытылды, мұнымен бірге татар тілі де үйретілді. 1866 - 1868 жылдары қазақ балаларын кадет корпусына алу тоқтатылды. Орынбордағы кадет корпусында оқып жүрген қазақ балалары шығарылып, жай халық мектебіне ауыстырылды. Шыны керек, алғашқы мектептер 1765 жылы Омбыда, Петропавлда және Ямышевское станциясында «горнизондық мектептер» ашылды. Бұл мектептер әскери кадрлар даярлады.
1789 жылы Омбыда қазақтың үстем тап өкілдерінің балаларын тілмаштар мен писарлар әзірлейтін «Азия мектебі» ашылды. Содан кейін-ақ жоғары мектептер көктемгі саңырауқұлақтай қаптап кетті.
Мектептердің екі түрлі жағы болды. Біріншісі, орыс отаршылдығының саясатын жалғастыратын жергілікті ұлттың маманы керек болды. Саясаттың күлін, қазақтың өз көсеуімен көсеуді көздеді.
Екіншісі, «кетпеннің басын бассаң, сабы маңдайыңа тиедінің» кері келіп, оқығандар тілін шығарып, бұратана халықтың қамқорына, көсеміне айналды, елдің қамын жеп, патша ағзамның өзіне дейін хат-талапты жіберіп жатты. Орыс патшалығы бұдан қорықты. Сол себепті де кейбір мектептер жабылып қалды. Өйткені, қазақтың ақын балалары орыс тілін, шет тілін меңгеріп, өздерінен де асып түсе бастады. 1813 жылы Омбыда әскери мектеп ашылып, ол 1847 жылы Сібір кадет корпусына айналды.
1850 жылы Орынбордың шекара комиссиясы жанынан жеті жылдық мектеп ашылды. Бұл мектепте атақты педагог Ы. Алтынсарин оқып бітірді. Орынбор мектебінің алғашқы шәкірттері мыналар еді:
р/с
|
Аты - жөні
|
Оқу үлгерімі мен тәртібі
|
1
|
Ыбырай Алтынсарин
|
өте жақсы
|
2
|
Смайыл Құсметдинов
|
өте жақсы
|
3
|
Тоқтамыс Қасбақов
|
өте жақсы
|
4
|
Шамұрат Құлыбеков
|
өте жақсы
|
5
|
Шамұрат Көшербаев
|
өте жақсы
|
6
|
Нұрым Мұңсызбаев
|
Жақсы
|
7
|
Мерғали Бақтияров
|
Жақсы
|
8
|
Жақып Аманкелдин
|
Жақсы
|
9
|
Момын Байдосов
|
Жақсы
|
10
|
Әділгерей Құсанғалиев
|
Жақсы
|
11
|
Едіге Айтекин
|
Жақсы
|
12
|
Қалимолла Құнанов
|
Жақсы
|
13
|
Сақыпгерей Құсанғалиев
|
өте жақсы
|
14
|
Тілеумұхаммет Саматов
|
жақсының қатарында
|
15
|
Сүлеймен Мұһаметғалиев
|
жақсының қатарында
|
16
|
Аймұһамет Дербісов
|
Жақсы
|
17
|
Қойшуақ Байтоқов
|
Жақсы
|
18
|
Өтебай Бердіәлин
|
Жақсы
|
19
|
Қалжан Қаржасов
|
Жақсы
|
20
|
Құдабай Құпбергенов
|
жақсының қатарында
|
21
|
Ысқақ Құсаметдинов
|
жақсының қатарында
|
22
|
Жолмұһамет Байжанов
|
жақсының қатарында
|
23
|
Сегізбай Ақсартов
|
жақсының қатарында
|
Мұғалімдері:
Батыршин-татар тілінен орыс тіліне және керісінше аударады.
Оспан Мусин-мұсылман заңдарынан.
Костроматин-орыс тілі, таза жазу
Бектурин-татар тілінен
Иванов-дене шынықтыру
Мәлімет Қалмұқан Исабай мен Сапар байжан-атаның «Қажыға барған қазақтар» кітабынан алынды. - Алматы: «Ана тілі», 1996. – 34 бет.
Омскідегі Сібір кадет корпусын ағартушы ғалым Ш. Уәлиханов алғашқы оқушылардың бірі болып есігін ашты. 1857 жылы Орынбор мектебінің үлгісімен Омскіде облыстық басқарма жанынан қазақ балаларына арналған мектеп ашылды.
1865 жылы Омскіде қазақ балалары үшін тағы бір мектеп ашылып, ал 1869 жылы Орынборда гимназия жанынан шығыс тілдерінің тілмаштары және әскери округтардың писарьларын даярлайтын бөлімше құрылды.
1880 жылдары Омскіде қазақтың ер балалары мен қыз балаларының бөлек интернаттары болды. 1885 жылы бұл интернаттар ауыл шаруашылығы мектебі болып қайта құрылды. Сөйтіп, орыс мектептерінде қазақ балалары көбінесе Батыс Сібір және Орынбор оқу орындарында оқытылды. Орынбор мектебі 19 жылдың ішінде 48 ғана қазақ оқытып шығарады. Сөйтіп, орыс тілінің таралуы белгілі бір шамада ғана болды. Патша өкіметі, өзінің отаршылдық саясатын жүзеге асыра отырып, бұқараны сонда да қараңғылықта және надандықта ұстауға тырысты.
Бесінші кезең. Орыс тілінің енуінің бесінші кезеңі ХІХ ғасырдың 60 - шы жылдары орта кезеңінде Қазақстанның Россияға қосылуымен аяқталды. Каспий жағалауынан Алтайға дейінгі, Тобыл өзенінен Тянь-Шань тауларына дейінгі ұлан-байтақ ел Россия империясының құрамына кірді. Қазақстан тақырыбы орыс әдебиетінде бірте-бірте көрнекі орын ала бастады. Кей шығармалар қазақ елі туралы шындықты айтпады. Кеміте жазды. Мысалы, Ф. Булгариннің «Иван Выжигин» (1829) деген повесі, И. Скоблевтің әңімелері (1834) т.б. Ал, А.С.Пушкин, В.И.Даль (Луганский), В.А.Ушаков және басқалары қазақ хылқының ауыр, езілген жағдайын, оның арманын, орыс халқымен достық қарым - қатынастардың басталуын адамгершілік тұрғысынан суреттеді. Орыстың Ұлы ақыны А.С.Пушкин Пугашев бастаған шаруалар көтерілісіне байланысты материал жинау үшін 1833 жылы қасында жазушы В.И.Дальді ертіп Орынбор мен Оралда болды. Сөйтіп, ол қазақ халқының өмірімен, тұрмысымен, ауыз әдебиетінің кейбір үлгілерімен танысып, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» - поэмасының сюжетін жазып алды. Өзінің Пугашев бастаған көтеріліс жайындағы еңбегінде және «Капитан қызы» деген повесінде ол қазақтар мен башқұрттардың көтеріліске қатысқанын, қазақ ханы Нұралы жөнінде жазады.
1833 – 1841 жылдары Орынборда және Оралда чиновник болып істеген В.И.Даль қазақ ауылдарында жиі–жиі болып жүрді. Ол қазақтардың тұрмысы, дәстүрі мен әдеттері жайында, ауыз әдебиеті жайында бірсыпыра очерктер мен әңгімелер жазады. «Майна», «Түншіл», «Орал казагі», «Солдаттың бос уақыты» т.б. «Бекей мен Мауляна» деген повесті жазады. Қазақстан тақырыбына арналған әңгімелер мен очерктер XIX ғасырдың 20-30 - жылдарында орыс газеттері мен журналдарында жарияланып отырды. Мысалы, 1828 жылы Н.Муравьевтің «Қырғыз тұтқыны» поэмасы, 1830 жылы А.Крюковтің «Қайсақтар» деген әңгімесі /«Жақып батыр»/ повесінен үзінді жарияланды. Қазақ тіліне бұл жылдары мысалы Кіші жүздің ханы Айшуақтың1 патша үкіметінің министрі В.П.Кочубейге /Виктор Павловичке/ жазған 1803 жылғы хатында: граф, старшиналар, 1815 жылғы Бөкей ордасы сұлтандары мен старшындарынан сұлтан Шөке Нұрғали2 ұлына жазған хатта: император, старшиналарұндан, пристаф, генерал майор, войсковой старшина, ковалер, юмінде сияқты орыс сөздері кіріп үлгерді.
XIX ғасырға қосымша болып шығып тұрған газеттер қатарына 1870 жылдан бастап 1882 жылға дейін Ташкентте шығарылып тұрған «Түркістан уалаяты газеті» мен 1888 жылдан бастап 1902 жылға дейін Омбы қаласында шығып тұрған «Дала уалаяты газетін» жатқызуға болады. Онда орыс тілінен: числада, газит, генерал гүбірнатырының, нөмірден, редакция, почтаменен, үйез, облысының, военный, Питербургдан, болыснайын, газитдәрүнде, банка, самауар, параходды, Москуа, деректоры, фарпосларда, кәменданың, күпеці, піркәзшігі, казак камандасының, начальнігіне, кәмесиядар, интендант, депутаттық, переводной, солдат, капитан, т.б. сөздер ұшырасады. Бұл орайда, филология ғылымының докторы Бабаш Әбілқасымовтың «Алғашқы қазақ газеттерінің тілі» /1971/, «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» /1982/ атты еңбектерін атап өтуге болады. Е. Жанпейісов., М. Томанов «XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдеби тілі туралы», «Қазақ тілі тарихы мен диалектология мәселелері» 5 – шығуы /1963/ кітаптардың да орыны ерекше. Қаз дауысты Қазыбек бидің генерал-губернатор И.И.Неплюевке жазған хаттарында бірінші хатта: генерал сөзі /иннаралға/ төрт рет, екінші хатта генералға /генералға/ екі рет кездеседі1.
Ал, Кенесары Қасымовтың інісі Көшек сұлтанмен бірігіп, 1841 жылы 7-ші маусымда Орынбор шекара комиссиясының бастығы генерал майор Генске жазған хатында2: судиә, нәшәйн /начальник/, ғанарал, майор, император, прауитіл, сотник, бодболкауник, эликсай, максимич, кулаков, нимәкәндич, сәдрнәшәйні, кавалер, подполковник, т.б. кірме сөздер ұшырасады.
Батыр Махамбет Өтемісұлының Орынбор шекара комиссиясының председателі М.В.Ладыженскийге жазған арызында: комиссияның, гасбудин, ғинрал, майур, кауалер, старшину, училище, саветник, т.б орыс сөздері ара-тұра кездеседі3.
Б.Абылқасымов: «Көне қазақ тіліндегі ресми іс – қағаздары» деген мақаласында: «XVIII ғасырдағы қазақ көркем әдеби тілінде орыс сөздері мүлде жоққа тән болса, эпостолярлық жазбаларда біраз кездеседі. Ең алдымен бұларға лауазым аттары жатады: генерал сөзі аударылмай, бірде йанарал, бірде жанарал, тіпті бір жерлерде генерал түрінде келеді (астын сызған - автор).
Сондай-ақ, қуалар, қауалар /кавалер/, старшина, господин, губернатор, полкоуник, граф, пристав сөздері бар. Бұлардан басқа команда, линия, крепос /кірепіш, кірпіш/, корпус, конфидент сөздерін де сирек болса да ұшыратамыз.
Орыс сын есімдері аударылмай сол күйінде алынады: сиательни /сиятельный/ граф, уайенной /военный/ губернатор, уойскоуой /войсковой/ старшина т.б1.
«Түркістан уалаяты» газетінің қоғамдық – саяси лексикасы» жайындағы зерттеудің авторы А.Төлегенов: Орыс және сол арқылы басқа да еуропа тілдерінен енген сөздерге: судия, закон, болыс старшын, контор, облыс, банка, прокимназия, помощник, консул, советник, статский, советник, штабс, капитан, адютант, доктор, семета, майор, полковник, т.б. тілдік элементтерді атайды.
Шет тілінен енген сөдер «Дала уалаяты» газетінде2 де баршылық: мужской гимназияда /19-бет/, генерал-губернатор /19-бет/, степной /19-бет/, оязға /22-бет/, старшиналарын /22-бет/, кандидат /22-бет/, управительдерге /22-бет/, начальник /22-бет/, медаль, инженер /41-бет/, император /46-бет/ бұл газетте біздің байқағанымыз жазылған хаттар көбіне солтүстік өңірден олардың ішіде орыс сөздері көп кездеседі. Бір – екі мақалада: чиновниктер /111-бет/, октябрь /111-бет/, университет /122-бет/, август, сентябрь, господин, генерал /170-бет/ т.б. сөздер ұшырасып қалады. Жалпы тере берсе шет тілінен кірген сөздер тобы өте көп.
Жәңгірдің прогрестік ісін, Өскенбай Құнанбайұлы /1845/ жылы, Уәлихан Шыңғысұлының нұсқау хаттары, Шорманның Мұсасының /1853/ қазақ балаларын оқуға жіберуі мысал бола алады. Шорманның Мұсасы: «Үш тіл білген адам басқадан үш елі биік тұрады» - дейді. Өзі /қазақ, орыс, француз/ тілдерін мейлінше еркін меңгерген екен. Мұндай аттары беймәлім зиялы қауым өкілдері қазақта көптеп саналады. Мұстафа Шоқаев (Санкт - Петербург университетінің заң факультетін бітірген); Әлихан Бөкейханов (Петербургтағы орман шаруашылығы институтын өте жақсы бітірген). 1905 жылы I - Мемлекеттік думаның өкілдері Ресей монархиясының тұсында қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған кесек тұлғаларды атап өткенді жөн көрдік. Олар: Әлихан Нұрмұхаметұлы Бөкейханов, Сәлімгерей Сейітханұлы Жантөре, Алпысбай Қалмеңұлы Қалмең, Дәуіт Санжынұлы Ноян Тұндұт, Ахмет Қорғанбекұлы Білімжанов сол сияқты Шәймерден Қосшыұғлы (орыс тілін білмейді деген желумен өткізбей тастаған). Бұлардың бәрінің жоғарғы білімі болған, өте сауатты, екі тілге бірдей жүйірік азаматтар еді.
Жанша Досмұхаметов /жоғарғы білімді юрист, сөзге шебер адвокат/, Халел Досмұхамедов – 1909 жылы (Петербург әскери медициналық академиясын алтын алқамен үздік бітіріп шыққан дәрігер). Жақып Ақбаев (С.Торайғыровтың поэмаларының кейіпкерлерінің бірі) /Петербург заң университеті алтын медальмен бітіріп, тұңғыш «право – магистірі» атағын алған. Мұхаммеджан Тынышбаев /1900 жылы Верный гимназиясын алтын медальмен бітіріп, Петербургтағы I Александр атындағы жол қатынасы инженері институтына түсіп үздік бітіріп шыққан. II-ші Мемлекеттік думаның делегаты/. Нәзір Төреқұлов /Москваның сауда институтын бітірген. Бақытжан Қаратаев Санк – Петербургтегі император университетінің заң факультетін «Қаратаев – 1890» деген алтын медальмен /степень/ бітіріп шықты/. Қошке Кемеңгеров, Тұрар Рысқұлов, Өтепов Шәріп Ғайсаұлы, Ә.Байдильдин, Мұхаммедхафи Мырзағалев, С. Меңдешов, Сұлтанбек Қожанов, т.б. одан бергі А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев – бес арысымыздың шоқтығы биік тұр. Бұлардың қатарында М-Ж. Көпеевті де қосуға болады.
Алтыншы кезеңі. Орыс тілінің енуінің алтыншы кезеңі XIX ғасырдың екінші жартысында Орыс капитализімі Россияның шеткері аймақтарына, соның ішінде Қазақстанға енуі жаңа қалалар мен деревнялардың пайда болуына әкелді. Орыс халқының саны Қазақстан территориясында күрт өсті. Орыс халқы үшін мектептер, дәрігерлік, фельдшерлік пунктер, егіншілік, техникалық профессионалдық оқу орындары ашылды. Қазақ арасында чиновниктер мен тілмаштар әзірлеу үшін патша үкіметі қазақ байларының балаларына Омбыда, Орынборда және басқа қалаларда мектептер ашты. Бай балалары жоғарғы оқу орындарына түсуге мүмкіндік алды. Халық ағарту министрлігінің шығарған нұсқауларында патша өкіметінің отаршылық ниеттері дөрекі, арсыз түрде тұжырымдалып отырды. Осылардың бірінде былай деп жазды: «Орыс державасының шет аймақтарындағы халық ағарту ісі өзінше бір миссионерлік іс, миссионерлік дегеніміз өзінше бір рухани соғыс, соғысып жатқан жақтар өз жоспарларын ешқашан жарияламайды… Біз үшін тиімді болатын нәрсе: бұратананың орысша сөйлегенде шатасуы, қызаруы, орысша жазғанда көп қате жіберуі, губернаторлардан ғана емес, сонымен бірге кез-келген стол басындағы адамнан да қорқуы болу керек» – деп жазды. Алайда орыс интеллегенциясының көптеген өкілдері басқа принциптерге сүйенді. Тіпті, миссионер ғалымдар А.Е.Алекторов, Н.И.Ильминский де патша үкіметінің саясатын жүзеге асыра отырып, сонымен қатар, тілді зерттеуде, қазақ халқының ауыз әдебиеті шығармаларын жинап, бастыруда көптеген пайдалы нәрселер істеді.
Қазақстанда мәдениеттің дауына оқтын – оқтын шығып тұратын баспасөздер пайда болуы елеулі әсер етті. Қазақстанның қалаларында патшаның жергілікті әкімшілік органдарының ресми орындары болып табылатын газеттер шыға бастады. Бұл органдар өнеркәсіп пен ауылшаруашылығын дамыту жөнінде бірқыдыру жұмыс істеді.
«Облыстық ведомоствалармен» қатар қазақ тіліне аударып, Орынборда «Торғай газеті», Омбыда «Дала өлкесі», «Ауылшаруашылық листогы» сияқты газеттер шығып отырды. Онда оргтехника, малшаруашылығы, қазақ тілі мәселесі, тарихы, этнографиясы, ауыз әдебиеті кеңінен көтерілді. Қазақ тілінде шығатын кітаптар Қазан, Уфа баспаханаларында басылды. XIX ғасырдың аяғында Сұлтан Абылайханов «Ақмола облыстық ведомостваларының» редакциясында жұмыс істеп «Киргиз газетін» шығрып тұрды. 1894 жылдан бастап «Киргиз газеті», «Ведомоствалардан» бөлек қазақ және орыс тілдерінде шығарылатын болды. 1899 жылғы 22-23 номерінде Сұлтанғазиннің «Қазақ тілі транскрипциясының мәселесіне» - деген мақаласы басылды. Бұл аралықта Қазақстанның түкпір-түкпірінде қазақ тілінде мерзімді баспасөз органын шығару және жазу транскрипциясын өзгерту туралы пікірлер айтылды.
Шаруашылық және мәдени араласу қазақ халқының тіл, әдебиет және жазба жөнінде рухани дамуына да әсер етті. Қазақтар рынокта сауда-саттық жасауға, кәсіп орындарда істеуге қажетті орыс сөздерін үйренді. Орысша хат білу қажеттілікке айналды. Алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінің ықпалымен келген қазақтың тұңғыш ғалым-ағартушысы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов /1835-1865/ дүниеге көзқарасы қалыптасты. Ш.Уәлиханов орыс, қазақ халықтарының бір-бірімен экономикалық және мәдени.жағынан араласуының күшіне сенді, патша өкіметінің шеткері аймақ халықтарын рухани жағынан езуге бағытталған саясатына қарсы шықты. «Біз,- деп жазды ол – ілім атаулының бәріне зиянды дінге үкіметтің қамқоршылық жасамауынан және қорқыту мен ұрып-соғуға негізделген тоелогиялық заңдарды сахараға күшпен енгізбеуін сұраймыз және талап етеміз».
1861-1864 жылдары бастауыш орыс – қазақ мектептері Троицкіде, Оралда, Қазалыда; Петровскіде және Торғайда ашылды. Кейіннен бұл оқу орындар жабылып қалды. 1868 жылғы «Ереже» бойынша қазақ балаларына арналған орыс мектептерінің санын көбейту көзделді. 1889 жылы бір кластық орыс-қазақ мектебі Боровое селосында ашылды. Көптеген мектептердің жанынан интернаттар ашылып, бала қабылдады. Мысалы: «Троицкіде, Ырғызда және Ақтөбеде ашылған бір кластық төрт мектепте 1891 жылы 300 дей оқушы болды. Оның 140 баласы қазақ еді. Бастауыш орыс-қазақ мектептерінде мұғалімдер даярлау үшін 1883 жылы Орскіде қазақ мұғалімдерін даярлайтын мектеп іске қосылды. 1897 жылы Өскемен мектептерінде 500 дей бала білім алды. 1883 жылы Торғайда қолөнер мектебі, 1887 жылы Ырғызда, 1891-1893 жылдары Торғай мен Қостанайда қазақтың әйелдер училищесі ашылды. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда 100 шамалы екі кластық уездік және бір кластық болыстық мектептер болып, онда 4000 дай бала оқыды. Орыс – қазақ училищесін бітірген жастар гимназияларда, семинарияларда, сондай-ақ Москваның, Петербургтің, Томскінің, Қазанның және басқа да қалалардың жоғарғы оқу орындарында оқыды.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында басылып шыққан жазба әдебиет нұсқаларында орыс сөздері көп ұшырайды. Өздерінің ағартушылық қызметінде орыс тіліне аса зор мән берген Абай мен Ыбырай шығармаларының лексикасында, көптеген орыс сөздері кездеседі. Абай орыс мәдениетін, білімін, өнерін үйрену үшін ең алдымен оның тілін білу керектігін айтты. Абай: «Орысша оқу керек,- деп жазды ол - хикмет те, мал да, өнер де ғылым да – бәрі орыста тұр… Тілін, оқуын, ғылымын білмек керек… оның себебі: олар дүниенің тілін біледі… сен оның тілін білсең, көкірегің, көзің ашылады» - дейді. Абай шығармаларында кездесетін орыс сөздерінің саны шамамен мыңға жуық болады. Абайдың бір ғана «Интернатта оқып жүр» - деген өлеңінің өзінде: закон, прошение, интернат, виноват, адвокат, военный уезд, коренной, сшот, судия, здравомыслящий, занимайся, прямотой сияқты толып жатқан орыс сөздері кездеседі. Ғылыми – экономикалық терминдердің қазақ тіліне аударылмай ену керектігін білген Абай фабрика, машина, электр, химия, трагедия, еденица, сияқты сөздерге байланысты ізденудің қажетсіздігін де білді. Ы.Алтынсарин де орыс сөздерін кеңінен қолданған. Оның шығармаларында география, техника, университет, школ, мужик, жәшік, салом, фабрика, приказчик, купец, князь, граф, наград, закон т.б. көптеген сөздер кездесіп отырады. Міне, осындай орыс сөздерін Абай мен Ыбырай «сөз арасын былғайтын сөздер» - деп қарамай, оларды сұрыптап, орынмен ұтымды қолданғанын байқауға болады.
Орыс сөздерін М - Ж. Көпеев, Ш. Құдайбердиев; С.Торайғыров, С.Көбеев, т.б. ақын - жазушылардың шығармаларынан да табуға болады. Осындай орыс сөздерін қазақша аудармай қолдану тәжірибесі басқа нұсқаларда да кездеседі. Мысалы: «Тургайский сельский хозяйственный обществоның уставында»: облыс., устав, школ, станса, опытный, бюро, журнал, музей, склад, т.б. сөздер бар.
1894 жылы «Дала уалаяты» газетінде Шоқан туралы жазылған мақалада облыс, сияз, кадетский, корпус, генерал-губернатор, адъютант, университет, т.б. толып жатқан орыс сөздері кездеседі. Немесе сол газетте 1889 жылы 3-ші санында Ы.Алтынсариннің қайтыс болуымен байланысты жазылған некрологта инспектор, облыс, учитель, делопроизводитель, министр, полковник, содия сияқты ондаған сөздер кездесіп отырады.
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында басылып шыққан нұсқаулардағы кездесетін орыс сөздерін төмендегі 5 топқа бөлуге болады:
1 Үй шаруашылығына байланысты сөздер: шәйнек /чайник/, самауыр /самовар/, сіріңке /сирянка/, пеш /печь/, бедре /ведро/, бөтелке /бутулка/, кереует /кровать/, жәшік /ящик/ т.б.
2 Сауда және түрлі өлшеуіштерге байланысты сөздер: селкобай /целковый/, көпес /купец/, әшмешке /осымушка/, келгірәм / килограмм/, кір /гир/, пұт /пут/, тауар /товар/, жәрменке /ярмарка/, манет /монета/, штрап /штраф/ т.б.
3 Киім, мата, сәндік бұйымдарына байланысты сөздер: шұлық /чулок/, сиса /ситец/, бәтіңке /ботинка/, бәтес /батист/, барқыт /бархат/, сырға /серьги/, шәлі /шаль/ т.б
4 Ауылшаруашылығына байланысты сөздер: соқа /соха/, салам /салома/, картоп /картофель/, қамыт /хомут/, күпене // көпене /копна/ т.б.
5 Жердің административтік бөлінісіне, мекеме аттарына және шенге байланысты сөздер: старшын /старшина/, ояз /уезд/, песір /писарь/, сот /суд/, пошта /почта/, облыс /область/, жанарал /генерал/, закун /закон/, правитіл /провитель/ т.б1.
Ыбырай Алтынсариннің /1841-1889/ қазақ халқы үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз болды. Ыбырай Алтынсарин Н.И.Ильминскийге: «Менің көптен күткен мектеп ашу арманым орындалды, ол мектепке 14 қазақ баласы-тым тәуір, сапалы балалар келіп түсті» - деп жазды 1.
Осы 14 алғашқы сапалы балалар мына төмендегілер еді2.
|
Аты-жөндері:
|
Рулары
|
1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
|
Қорғанбек Бірімжанов
Ғабдібек Бірімжанов
Қоңырқұлжа Бекеев
Нұрмұһамед Төкин
Биғабыл Ташпенов
Смайыл Серкебаев
Баймұханбет Салқынбаев
Жармұханбет Жанқозин
Омар Бектемісов
Ыбырай Ташенов
Қалымбай Сүйінов
Нұрғали Аққозов
Ержан Тұлтанов
Қашқынбай Бурабаев
|
Арғын
--«—«--
төре
арғын
қыпшақ
арғын
--«—«--
қыпшақ
арғын
арғын
қыпшақ
--«—«--
--«—«--
--«—«--
|
Ы. Алтынсарин шығармаларының тілін зерттеген С.Хасанова3, Ыбырай Алтынсарин тағылымы: Әдеби сын мақалалар мен зерттеулер. Бұл еңбекте филология ғылымының докторы Бабаш Әбілқасымовтың мақаласы беріліп онда: /персір, болыс, ауылнай, нагрет, мунандай/ қазақтың байырғы айту формасында жазылып берілгендей келіп «Бұлардан өзгеше бірнеше сөз: атап айтқанда штат, уезд, помощник, приговор, волостной, управитель, областное правление черезвычайный съезд, орысша айтылуынша жазылыпты» - дейді4.
80 жылдары Абай орыстың алдыңғы қатарлы өкілдерімен кездесті. Орыстың XIX ғасырдағы классикалық әдебиеті Абай Кұнанбаевтің көкірек көзін ашты, бұны жасыруға болмайды. Бұл орайда Рабиға Сыздықованың «Абай шығармаларының тілі» (1968), Абай тілі жан - жақты талданады. Жалпы әдеби тілдің тарихи көзін қарастырған: Ғ.Мұсабаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, К.Аханов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Ә.Ибатаев, Қ.Өмірәлиев, Е.Жұбанов, С.Исаев, Н.Оралбаева, Б.Әбілқасымов, Е.Жанпейісов, М.Серғалиев, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиевтардың еңбектерінің алатын орны ерекше болды.
А.Еспенбетов, Е.Жанпейісов, С.Торайғыровтың шығармасындағы орыс тілінен енген сөздерге де тоқталған. Бұл орайда Е. Жанпейісовтің «Қазақ прозасының тілі»1 - деген еңбегінің мәні зор. Мысалы, орыс тілінен енген: пальто, голош, закон, медаль, капиталист, жалуния, степендия, агроном, идея, атом, пажалуйста, форм, начальник, т.б. сөздерді келтірген.
Достарыңызбен бөлісу: |