М. Жолдасбеков


Орхон ескерткіштерінің жанрлық сипаты



бет6/12
Дата21.11.2022
өлшемі397,88 Kb.
#159121
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
Күлтегін жыры

Орхон ескерткіштерінің жанрлық сипаты


Орхон ескерткіштері тіл, тарих мұрасы ретінде толық тексерілгенмен, жанры жағынан әлі тиянақты анықталған жоқ. Бұл маңызды мәселені шешу түркологияның қазіргі таңдағы кезек күттірмейтін жауапты міндетінің бірінен саналады.


Орхон жазбаларынан әдебиеттің белгісін танып, оның өлеңдік қасиетіне мән берген ғалымдардың бағалы сөздері ертеде шыққан кітаптардан да кездеседі.
Мәселен, Түрк халықтар өлеңінің құрылысын алғаш жете зерттеген ғалымдардың бірі Ф. Корш өзінің «Древнейший народный стих турецких племен» (СПб, 1909) деген әйгілі еңбегінде Орхон жазулары мен түрк халықтары өлеңінің арасындағы ырғақ сәйкестігіне назар аударған еді.
«Как строится кара-киргизская былина («Наука и просвещение» журналы, Ташкент, 1922, № I) деп аталатын мақаласында зерттеуші Фалев: «Халық эпосы шығармаларын Орхон жазуларымен салыстыру әбден орынды» деген өте құнды пікір айтады.
Күлтегінге арналған ескерткішті өлең текстіне алғаш жатқызған кісінің бірі — А. Бернштам. Ғалым өлең деп тануын танығанмен, өз
ойын нақтылы дәлелдей алмаған да, соның салдарынан үміт сәулесіндей осы бір құнды пікір кезінде түркологтар тарапынан қолдау таппаған.
Ескерткішті тек лингвистік тұрғыда зерттеген П. Мелиоранский мен С. Малов секілді көрнекті ғалымдар өз еңбектерінде руналық жазулардың тілінде, баяндау стилінде өзгеше жатықтық бар дегенді айтады.
Міне, бір мың тоғыз жүз елуінші жылдардың ортасына дейінгі Орхон ескерткіштерінің сипаты, жанры жайындағы ой-пікірлер осындай болатын.
Орхон жазуларының жанрлық табиғаты туралы түркологияда қазір қарама-қайшы екі түрлі көзқарас қалыптасып келеді. Оның бірі А. Щербактың, екіншісі И. Стеблеваның есімімен байланысты.
А. Щербак былай деп жазады: «Өзінің сипаты жағынан бұл жазуларды ақындық шығармаға жатқызуға болмайды». Басқаша айтқанда, Щербак Орхон ескерткіштерін әдебиет үлгісіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, Түрк қағанатының қысқаша, дәл, тарихи деректер жиынтығы деп қарайды.
Осы айтылған пікірді тарихшы Л. Гумилев қуаттайды: «И. В. Стеблеваның монографиясы Күлтегін мен Тоныкөктің құрметіне арналған жазуларды өлеңге жатқызып және оны тарихи поэма ретінде дәлелдеуге әрекеттенген. Автордың сонысына қарамастан, біз одан өлеңге ең қажетті нәрсе — ырғақты таба алмадық. Сол себептен де «Сипаты жағынан бұл жазуларды ақындық шығармаға жатқызуға болмайды» деген А. Щербактың тұжырымына қосыламыз»,—дейді зерттеуші (Л. Н. Гумилев «Древние тюрки», М., 1967, 322 бет).
Демек, Л. Гумилев те көне руналарды жыр емес, түрк халқы тарихының қысқаша шежіресі есебінде танып отыр.
Бұл пікірді біз қостай алмаймыз. Көне түрк руналарын өлең жолына түсіріп, ақындық өнердің үлгісі деп танып, алғаш рет композициялық, жанрлық, стильдік тұрғыдан тексерген И. Стеблеваның монографиясындағы батыл да бағалы тұжырымдарды ескеру қажет.
Ғалым былай деп жазады: «Туған елінің тәуелсіздігі мен құлдыққа қарсы күресін, халқына және оның ерлеріне деген сүйіспеншілігін ақындық шабытпен жазған Орхон текстілерін жалаң тарихи (тарихи- өмірбаяндық) деректемелерге жатқыза қоюға болар ма екен? Керісінше, белгілі бір ақындық дәстүрдің ортасында туған осы жазуларды тарихи- ерлік поэма деп тану әлдеқайда орынды болар еді». (И. В. Стеблева- Поэзия тюрков, Москва, 1965, 61-бет).
Біз И. Стеблеваның осы пікіріне, негізінен, қосыламыз. Бірақ, ол ғалым айтқандай бірегей ағыл-тегіл жырға жата ма?
Орхон жырлары тек қана өлеңге құрылмаған, жоғарыда айтқанымыздай, арасында қара сөз араласып келіп отыратын өзіміздің
«Алпамыс», «Қобыланды» тәрізді эпикалық жырларды еске салады.
Мәселен, «Күлтегін қоң йылқа йеті йегірмеке учды. Тоғызынч ай йеті отузқа йоқ ертүртіміз. Барқын, бедізін, бітіг ташын бечін йылқа йетінч ай йеті отузқа қоп алқадымыз. Күлтегін өл (ліп) қырқ артұқы йа-шық бұлыт». Жаңашасы: «Күлтегін қой жылы он жетінші күні өлді. Тоғызыншы айдың жиырма жетісінде жерледік. Мазарын, ою-өрнегін, жазба тасын мешін жылы жетінші айдың жиырма жетісінде аяқтадық. Күлтегін өлгенде қырық жаста еді» тәрізді жолдардан зорлап өлең жасаудың еш қисыны жоқ. Өйткені, эпикалық мұраның ең көне үлгілерінің біркелкі өлеңнен ғана тұруы шарт емес. Әдебиеттің көптеген түрі бір шығармада-ақ араласып жататын (синкретизм) ерте дәуірде өлең де, қара сөз де қатар жүрсе, оған таңданбауға тиіспіз. Орхон ескерткіштерін кейбір ғалымдардың (Л. Гумилев) өлеңнен іргесін бүтіндей аулақтатып, көркем прозаға
жатқызуының себебі сол араластық белгісінен болу керек.
Алайда: «Мінсіз қара сөз жазу үшін де өлеңдік өлшемдердің үлкен шебері болу қажет» деген ғой ұлы Гейне. Сонда әдебиет әлемінде үлгілі әсем қара сөз жасап қалдырудың өзі ақындық өнердің тамаша бір белгісі болып шықпақ.
Қазақ әдебиетінде өзге халықтар творчествосында кездесе бермейтін шешендік сөздер деп аталатын қызық жанр бар. Соның қай үлгісін алсаң да, өмірдің шындығына суарылған, ешкім өзгерте алмайтындай асыл жолдарды көресің. Тыңдайсың да халқың жасаған ғажап өнерге ғашық боласың. Сонын, бірін тыңдап көріңіз.
Баяғы заманда аяқтыға — жол, ауыздыға сөз бермейтін бір кедей шешен дауда суырылып сөйлеп отырса, дәулетті біреу: «Сөйле, сөйле, құлағы жоқ шұнақ биім, құйрығы жоқ шолақ биім»—деп кекетіпті: сонда әлгі кедейден шыққан шешен: «Сөйлесе несі бар. Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады. Сен мал мен басқа мақтандың. Байлық түбі — бақыл, қазына түбі — ақыл. Ешкі егіз тауып қойдан көп болмас, ит сегіз тауып малдан көп болмас. Құлағым шұнақ болса, сұңқар шығармын, құйрығым шолақ болса, тұлпар шығармын. Тасыма! Құдайдың маған берейін десе баласы жоқ па, саған жіберейін десе, бәлесі жоқ па?»— деген екен. Осы бір аз ғана жолда қаншама өмір, қанша даналық бар?! Осының өзі жосылған мінсіз жыр емес пе?
Екі сөздің бірінде дәл осылай мақалдап сөйлейтін, қара сөзден сан түрлі жарасымды қисындар тауып сан құбылтқан, жадағай сөзді алтайы түлкідей ойнатқан ақын халық-қазақ халқы — Гейне айтқан мінсіз қара сөз жасаудың асқан шебері. Ендеше, қазақ халқындағы асқан шешендіктің бір ұшы сол байырғы Орхон ескерткіштерінде жатыр деуге болады.
Шынында да, Орхон жазулары әдеби мұра ма? Болса, оның қай үлгісіне жатпақ? И. Стеблеваның пікірінде қаншалықты қисындылық бар? Міне, бұл сауалдарға жауап берудің жалпы түрк халықтары әдебиеті үшін, оның ішінде қазақ әдебиеті үшін үлкен мәні бар.
Егер халқымыздың ерлік дәстүрлерін көркем образдарға ұластырған қазақ эпостары мен Орхон жазуларының арасындағы табиғи туыстықты айқындай алсақ, онда заты қазақ өлеңінің ең әдепкі үлгілері хақында нақтылы сөз етудің мүмкіндігі туатыны да ақиқат.
Руналық жазудың жанрын айқындаудағы И. Стеблеваның еңбегін тиісінше бағалай отырып, ғылымдағы дәлділік, әділдік үшін мына бір мәселенің де бетін ашып алу керек-ақ секілді:
Расында ескерткіштің жанры турасындағы концепция бір ғана И.Стеблеваның атымен байланысты айтылуға тиіс пе? Ол туралы бұрын- соңды одан бұрын ешкім ештеңе жазбады ма екен?
Рас, И. Стеблева Орхон ескерткіштерінің жанрлык табиғатына арнайы тәп-тәуір зерттеу жұмысын жүргізді. Бірақ сол шығармалардың жанры туралы ғылыми құнды пікірлерді одан да бұрын кездестірген жоқ па едік. Бұл ретте біз көрнекті қазақ ғалымдарының қағаберіс қалдыруға еш болмайтын, И. Стеблевадан әлдеқашан бұрын-ақ жасаған аса маңызды
тұжырымдарын еске салғымыз келеді.
Түрк қоғамын терең зерттеушілердің бірі академик Әлкей Марғұлан түрк халқының мәдениетін, әдебиетін кеңінен тәптіштей келе былай деп жазады:
«VI—VIII ғасырлардағы халық фольклорында эпостық поэзияның Орхон ескерткіштерінде жазылып қалған ең ертедегі ақындық тәсілдері мен дәстүрлері белгілене бастаған. Бұл поэзияның элементтерін Күлтегін мен Білге-ханның басындағы құлпытастарына жазылған жазулардан көруге болады. Бұл жазулардың текстісі эпостық әңгіме стилінде жазылған».22
Ғалымның Орхон ескерткіштерінен ақындық тәсілді де, дәстүрді де тауып, оларды жанры жағынан ерлік жырына жатқызып отырғанын осы мысалдан да көруге болады.
Заманымыздың әйгілі жазушысы, ойшылы академик М. Әуезов Совет түркологтары бас қосқан үлкен мәслихатта23 мынадай бір құнды пікір айтқан еді:
«Орхон жазулары» деген не?
Бұл күнге дейін оларды тіл тарихының ескерткіші ретінде зерттеп жүр. Соған қоса ол фольклордың мейлінше көне үлгілерінің де ескерткіштері емес пе? Сол жазуларда эпостық аңыздардың шағын да ықшам фабулалық желілері бар ғой»24
Ғалым дәл осы жерде Күлтегін мен Тоныкөкке арналған руналық ерлік жырының белгілерін айқын тауып отырған жоқ па?
22 Ә.X.Марғұлан. Қазақстан халықтары мен тайпаларының VI-XII ғасырлардағы мәдениеті. «Қазақ ССР тарихы», I том, Алматы, 1957, 117-бет.
23 Әңгіме 1952 жылы 8 июльде «Манас» эпосын зерттеуге арналған Фрунзе қаласындағы бүкілодақтық конференция жайында болып отыр.
24 М. Әуезов. «Уақыт және әдебиет». Алматы, 1962, 143-бет.
Орхон мұраларын зерттеуші ғалымдардың, әсіресе оның әдеби сипатына ерекше мән берген И. Стеблеваның жоғарыда келтірілген бағалы тұжырымдарды ескермеуі өте өкінішті-ақ. Біздің мұны әдейі айтып отырған себебіміз, біздің ғасырымыздың елуінші жылдарына дейін советтік тюркологияда Орхон ескерткіштерінің табиғатына жақын пікір айтқан бірде бір зерттеуші болған жоқ. Жүздеген жылдар бойы тек тілдік, тарихи мұра ретінде зерттеліп келген Орхон жазуларынан әдебиет сипатын тану, сөз жоқ ғылым әлеміндегі үлкен жаңалық еді.
Сондықтан да Орхон ескерткіштерінің жанры туралы мәселені күн тәртібіне алғаш қойған ғалымдар: Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан деп есептеліп, Стеблева болса, осы зерттеушілердің концепциясын ғылымда тұңғыш рет дәлелдеуші ретінде танылуға тиіс.
Түрк қағанатының тарихын Күлтегін мен Тоныкөкке арналған жазулармен салыстырудың нәтижесі ескерткіш авторының алдында әдеттегідей тарихи жүйелеуден гөрі әлдеқайда бөлек, әлдеқайда биік міндет тұрғандығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, Орхон жазуларының авторларын жалаң тарихи фактілер емес, белгілі бір идеяға арқау бола алатын тарихи оқиғалар қызықтырған тәрізді.
Түрколог — тарихшылардың біразы (С. Кляшторный, Л. Гумилев):
«Тарихи оқиғалар дәл, алайда жеткіліксіз» деген пікірді айтқанда, руналық жазулардың әдебиет үлгісіне жататындығынан ғана халық тарихын егжей-тегжей баяндамай, оның ең қажетті, тартымды деген сәттерін ғана сұрыптап алып суреттейтіндігін ескермеген.
Екіншіден, егер біз Орхон жазулары сөз етіп отырған фактілер жайында ертеректе жазылған мәліметтерден бұрын-соңды оқып білмеген болсақ, онда ескерткіштердегі там-тұмдап қана берілген сараң тарихи деректерден жарытып ештеңе түсінбеген болар едік.
Сол себепті Орхон ескерткіштерін жалаң тарихи фактілер тізбегі деп қарамай, түрк халқының ізгі арманын, кескілескен соғысын, айбынды батырларын өзгеше әуезбен жыр еткен ерлік эпосының ең әдепкі үлгісіне жатқызу орынды.
Сондықтан да бір кездерде эпостық дәстүрі айырықша дамыған қазақ халқының бай мұрасы мен Орхон ескерткіштерін салыстыра зерттеудің ерекше мәні бар.
Өйткені, Орхон жырларын зерттеу проблемасын жалпы әдеби процесімізден бөліп қарауға болмайды. Қайта біз халқымыздың тарихи өткенінен, рухани өсуінен мол мағлұмат беретін шығарманы терең зерттей түссек, онда бұл шығармалар эпикалық мәдениетіміздің көп сырларын ашуға мүмкіндік береді.
Басқаша айтқанда, эпостарымыздың жасалу процесін, оған қоса ғасырлар құрдымынан бүгінге дейін үзілмей, жалғасып келе жатқан жанды дәстүрді дәлелдей алатын боламыз. Қазақтың ұшан-теңіз
эпикалық, жыр дәстүрінің қайнар бұлағын, оның сарқылмас көзін ендігі жерде біз солардан іздеуге тиіспіз.
Осы уақытқа дейін қазақ эпосының тууы жайындағы қорытындылар тұспалдап қана айтылып келсе, Тоныкөк, Күлтегінге арналған жырлардың зерттелуімен байланысты, бұл мәселені нақты дәлелдермен топшылауға мүмкіндік алатын боламыз. Осы ретпен біз енді Орхон жырларын қазақ эпостарының кейбір үлгілерімен салыстырып көрейік.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет