Орхон ескерткіштерінің бүгінгі таңда орыс тілінде жарияланған аудармасының екі түрлі үлгісін атай аламыз. Біріншісі — қара сөз үлгісіндегі мағыналық аударма. Бұған В.В. Радлов, П.М. Мелиоранский, С.Е. Маловтардың аудармасы жатады. Екіншісі И. Стеблеваның өлең аудармасы.
Академик С.Е. Маловтың аудармасы дәлдігі тұрғысынан да, ғылыми негізділігі тұрғысынан да өзіне дейінгі еңбектерден әлдеқайда жетік, биік дәрежеде жасалған еді. Дегенмен, түрк тілдерінің білгірі С. Маловтың аудармасының да әлі жетілдіре, жеткізе түсетін жерлері бар. Бұл айтып отырғандарымыз негізінен мынадай мәселелерге әкеп саяды:
Біріншіден, Малов, біздіңше, ескерткіштің мазмұнын, мағынасын беруді басты мақсат етіп қойған. Сондықтан да ондағы жыр шумақтары бүтіндей ескерілмей қалған. Екіншіден, кейбір жеке сөздердің баламасын дәл бермеген және түпнұсқадағы кейбір сөздер түсіп қалған.
Мәселен, Күлтегінге арналған кіші жазудың алғашқы шумағындағы білге сөзі түсіп қалған. Оның керісінше Күлтегінге арналған үлкен жазуда кездеспейтін іті сөзін қосқан. Немесе мынадай жолдарды алып қарайық:
Кісі оғлынта үзе ечүм-апам
Бумын қаған, Істемі қаған олурмыш.
Осындағы асты сызылған тіркесті (ата-баба деген сөз) ғалым ағам деп теріс аударған. (С. Е. Малов. Памятники древнетюркской письменности. Москва, 1951, 33 бет).
Тағы бір мысал келтірейік. Үлкен жазудың отыз үшінші тобында мынадай жолдар бар: Иарақынта йалмасынта йүз артуғ оқун урты. Иезек башына бір (тегүрмеді).
Осыны С. Малов былай аударады: В его вооружение и в его плащь более чем ста стрелами попали; но начальника его авангарда ни одна (стрела) не попала. (Сонда, 141 бет.) Бұл жерде әңгіме авангард басшысы жайында болып отырған жоқ, керісінше жауынгердін сауыты, киімі аталып отыр. Ал текстідегі йез сөзі қазақтың жез дейтін сөзінен бөтен дәнеңе емес.
Осыған орай көне түрктердің тарихын терең зерттеген тарихшы Л. Н. Гумилевтің мына бір пікірін келтіре кеткеніміз орынды: «Боевая одежда (әңгіме түрктер туралы болып отыр —М. Ж.) не имеет различия, что дает основание толковат ее как униформу. Она состоит из головного убора и панциря. Головной убор напоминает современный казахский малахай. Малахай покрыт металлическими пластинками, как показывает расцветка — сочетание желтого, белого и синего цветов, создающее впечатление металлического набора (железо и медь) (Л. Н. Гумилев
«Статуэтки воинов из Туюк — Мазара»—«Сборник музея антропологии и этнографии», ХП, М —Л, 1949, 233-бет).
Сауыттың бұл түрін қазақ батырлары бертінге дейін кигені белгілі. 1965 жылы Москвадағы Азия және Африка институтының ғылыми
кызметкері И. В. Стеблеваның Орхон ескерткіштерін орыс тіліне аударған бағалы еңбегі жарық көрді (И. Стеблева «Поэзия тюрков VI—VIII веков», М., 1965). Бұл кітабында автор Орхон ескерткіштерін бүтіндей әдеби шығарма деп қарап, түгелдей өлең деп тапты.
Аталмыш мұраны поэзия үлгісіне жатқызған еңбектерді бұдан да бұрын кездестірген болатынбыз. Алайда, дәл Стеблевадай үзілді-кесілді кесімді пікір айтқан, сол тұжырымын жан-жақты дәлелдеген зерттеу жазылған жоқ-ты.
И. Стеблева ескерткіштің жанрлық ерекшелігін анықтауда да айтарлықтай еңбек еткен. Бұған қатысты пікірімізді кейінірек айтамыз.
Әзірге Стеблеваның аудармасы жайында тағы да бір-екі ауыз сөз айта кетелік.
Бұрынғы аудармашылардың бәрі де ескерткіштің қара сөз үлгісіндегі мағыналық аудармасын ғана жасаған болса, И. Стеблева оны өлең жолдарына түсіріп, тұңғыш рет орыс тіліндегі өлең-аудармасын жасады. Осы себептен ескерткіштің стилі біраз дәрежеде сақталған деп айтуға болады.
Одан соң, ғалым өзіне дейінгі нұсқалардың кемшіліктерін ескеріп, көптеген жеке сөздердің де баламасын дәл тапқан.
Дегенмен әлі де жетпей жатқан, дөп баспаған сәттер И. Стеблеваның аудармасында да баршылық. Мәселен, «Анта ічрекі будун коп маңа көрүр» деген сөйлемдегі асты сызылған сөздің баламасын (бұл шындығында қауым, халық, көпшілік деген сөз) көп (много) деген мағынада алуы дұрыс емес. С. Малов аудармасында да осыны ұшыратқан едік.
Орхон ескерткіштерін орыс тіліне аударудың жәйі әзірге осындай. Сонымен, қорыта айтқанда, екі түрлі аудармамен таныс болып отырмыз. Бірі — қара сөз үлгісіндегі мағыналық аударма. Бұған Радлов, Мелиоран- ский, Маловтардың аудармасы жатады. Екіншісі — Стеблева жасаған өлең аударма.
Шындығында, мұқият қарасақ, руналық жазулардың кейбір жолдары шығарманың мазмұнын ғана беріп тұрған жоқ, сонымен бірге өлең шумақтарын да жасап тұр. Өлең атаулының ең көне үлгісі — Орхон ескерткіштерін қазақ тіліне аударумен біз біраздан бері шұғылданып келеміз. Қазақ өлеңі Бұқардың, Махамбет пен Абайдың тұсында бірден туа қалған жоқ. Ол сонау бағы замандарда туып, келе-келе түрленіп, Абайдың қолына сан түсті бояуларымен, әдемі өрнектерімен жеткен. Ұлы Абай өлең кестесіне зәру нәр мен жиһазды сол халық өрнектерінен алған.
Енді ескерткіштерді қалай аудардық және нендей принциптерге сүйендік дегенге келетін болсақ, бұл ретте біз алдымызға екі түрлі мақсат қойғандығымызды айтуымыз керек. Біріншіден, сол бір көне әдебиет үлгісін бүгінгі оқушыға бүтін көркем шығарма түрінде жеткізуді мақсат еттік. Өйткені, Орхон ескерткіштерін өзінің эстетикалық нәрін, қуатын әлі күнге дейін жоймаған құнды мұра деп есептейміз. Осыған орай біз көне автор қолданған көркемдік тәсілдерді бүтіндеп сақтауға тырыстық. Екіншіден, бірді-екілі үзінділерді есептемегенде, Орхон ескерткіштерінің әлі күнге дейін қазақ тіліндегі толық ғылыми аудармасының жоқтығын ескере отырып, біз мүмкіндігінше аудармамызды ғылыми дәлдіктің талаптарына жауап бере алатындай етіп
жасауға тырыстық.
Орхон шығармаларын қазақшалаудың қиындығы да, жеңілдігі де бар. Қиындығы дейтініміз, жоғарыда айтқанымыздай, көне түрк мұраларын
қазақ тіліне толық аударудың бұрын-соңды тәжірибесін кездестіре алмадық. Бұл жерде Ғ. Айдаровтың Тоныкөк ескерткішін аударуын ғана атауға болады. Оның өзі де прозалық (мағыналық) аударма.
Бізде көркем аударма мәселесі көп дәрежеде шешімін тапқан да, ал ғылыми аударма жәйі күні бүгінге дейін ауызға да, қолға да алынбай келеді. Мәселен, ғылыми аударма көп еркіндікті, түпнұсқадан ауытқушылықты қаламайды; дәлдікті, нақтылықты қажет етеді. Біз жұмыс үстінде осыны мүмкіндігінше жадымызда мықтап ескеруге тырыстық.
Содан соң, бізге алдымен көне түрк диалектісіндегі өлеңдік ұйқастардың өзін ажыратып, Орхон ескерткіштерінің жыр ізіндегі транскрипциясын жасау керек еді.
Жеңілдігі дейтініміз, өзімізге дейін аталған ескерткіштердің орыс тілінде бірнеше аудармасы, соның ішіндегі өлең аудармасы дайын болатын. Сол себепті кей тұстарда ескерткішті басқа нұсқалармен салыстырып отыруға да мүмкіндік болды.
Алайда біз дайын істің ізіне түскеніміз жоқ, жырды аударуда көбіне қазақ тілінің, қазақ өлең құрылысының тұрғысынан келдік. Сол себептен де біздің жұмысымыздың орыс тіліндегі нұсқасынан көп өзгешеліктері болатыны да өзінен-өзі түсінікті.
Атап айтқанда: Біріншіден, Орхон жәдігерліктерінің қазақ тіліндегі аудармасын орыс тіліндегідей таза аударма деп түсінбей, жартылай аудармаға жатқызу керек. Олай дейтініміз, сол көне ескерткіштің тілі, ондағы өлең ұйқастары мен қазіргі қазақ тілі, қазақ өлең ұйқастарының арасында пәлендей бөгделік, алшақтық жоқ. Толып жатқан сөздер,
«Қызыл қанымды ағыздым; Қара терімді төктім» секілді өлеңдік ұйқастар сол күйінде өзгеріссіз алынды. Орыс тіліндегі аудармадан біздің мүмкіндігіміздің мол болғандығын дәл осы ерекшеліктен деп білу керек. Сондықтан да біз аудармамызды осы сөздің тура мағанасындағы аударма демей, бір тілдің көне формасынан сол тілдің дамыған, қазіргі түріне жаңашалау деп есептейміз. Басқа сөзбен айтқанда, бұл ескерткіштердің тіліне ана тіліміздін байырғы формасы ретінде қараймыз.
Екіншіден, Орхон ескерткіштерін аударуда біз оның рухын, стилін түгел сақтауды мақсат еттік. Осыған орай жазудың әрбір жолын, ұйқасын, буын санын да өзгертпеуге тырысып отырдық. Бірер мысал.
Түн удусукум келмеді,
Кұнтүз олурсукум келмеді (ТК)
Аудармасы:
Түнде ұйықтағым келмеді, Күндіз отырғым келмеді.
Осы үзіндінің түп нұсқасының әрбір жолы сегіз буыннан тұратын болса, жаңашасы да сегіз буынға құрылды.
Немесе:
Қаның субча йүгірті — Қаның судай ақты, Соңүкүң тағча йатды — Сүйегің таудай жатты.
Бегілік уры оглың құл болты — Бек ұлдарың құл болды, Сілік қыз оғлың күң болты — Пәк қыздарың күң болды.
Осындағы ұйқастарда да пәлендей өзгешелік жоқ сияқты. Біздің аудармамызды бөгде тіл үлгілерінің аудармасы демей, бір тілдің байырғы формасынан бүгінгі түріне жаңашалау дейтініміз де, міне сондықтан. Ұстаздарымыз – орыс достарымыз жасаған аудармадан біздің аудармамыздың түпнұсқамен бүтіндей үндесіп жататындығын да аударманың пәлендей шеберлігінен деп түсінбей, сол көне түрк тілі мен қазіргі қазақ тілінің туыстығынан, тектестігінен деп білу қажет. Мәселен:
Тізлігіг сөкүртіміз — Тізеліні бүктірдік,
Башлығығ йүкүнтүртіміз — Бастыны еңкейттік (КТү)
деген жолдарды орыс тіліне мынадан артық етіп аудару еш мүмкін болмас еді: «Имевших колени заставили преклонить колени, имевших головы заставили сколонить головы» (С. Малов аудармасы).
Бұған қарай, шығармадағы жолдардың бәрі бірдей осындай түсінікті екен деп ұқпау керек. Ескерткіштерде қазіргі қазақ оқушысы бірден түсіне қоймайтын сөздер де кездесіп отырады. Ондай сөздердің дәл баламасын табуға тырыстық. Түсінеді-ау деген сөздерді сол күйінде қалдырдық.
Сырттай қарағанда мұның өзі біржақтылық болып көрінуі мүмкін де, аударма дәл қазіргі өлеңдердей ойнап, кұлпырып тұрмауы ықтимал. Бірақ біз бұдан ұтылмаймыз. Керісінше, осылай еткенде ғана қазақ өлеңдерінің ең ертедегі, байырғы құрылысы, ерекшелігі жайында зерттеулер жасауға мүмкіндік тудыратын боламыз.
Алдағы уақытта Орхон ескерткіштерінің талай аудармалары жарық көріп, бірте-бірте жетіле түсетіні ақиқат.
Бұл тұста орыс әдебиетінің орта ғасырдағы тамаша жыры «Игорь полкы туралы сөздің» 1800 жылы Мусин-Пушкин жасаған аудармасы мен 1965 жылы жарық көрген үлгісінің (аударғандар: В. Стеллецкий, Л. Тимофеев) арасында елуден астам аударманы басынан кешкендігін ескертсек те жеткілікті.
Басқа ғалымдардан, соның ішінде И. Стеблевадан біздің аудармамыздың өзгешелігі неде енді соған тоқталайық.
Руналық ескерткіштердің орыс тіліндегі тұңғыш өлең аудармасын
жасаған И. Стеблева шығарманың табиғатын, құрылысын, стилін негізінен дұрыс сақтаған дедік. Әйткенмен, ғалым көп ретте ескерткіштегі ұйқасты жолдарды түрк халықтарының поэзиясына ортақ болып табылатын төрт жолды бір шумақ өлеңге еріксіз бағындыра бергендігін ескертуге тиіспіз. Басқаша айтқанда, зерттеуші қисыны келсін, келмесін, әйтеуір төрт жолдан тұратын бір шумақты өлең жасай берген. Мәселен, мына бір үзіндіні алып қарайық.
Ілгерү — Шантұң йазыққа тегі сүледім, Талуйқа кічік тегмедім,
Біргерү — Токуз ерсенке тегі сүледім, Түпүтке кічіг тегмедім.
Құрығару — Иінчу үгізіг кече Темір Қапығқа тегі сүледім,
Йыргару — Йер Байырқу йеріне тегі сүледім, Бунча йерге тегі йорытдым (КТ) (ү)
Жаңашасы:
Ілгері — Шаңтұң жазыққа дейін жауладым Теңізге сәл жетпедім.
Түстікте — Тоғыз ерсенге дейін жауладым, Тибетке сәл жетпедім.
Батыста —Інжу өзенін кеше Темір қақпаға дейін жауладым,
Терістікте — Байырқы жеріне дейін жауладым, Осыншама жерге дейін жорыттым.
Осы сегіз жолдан И. Стеблева екі шумақ өлең жасаған. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Өйткені, Орхон ескерткіштерінен өлең шумақтарын жасау үшін тек ұйқас, ырғақ қана іздеу жеткіліксіз. Өйткен жағдайда біз шығарманың болмысын жете анықтамаған боламыз. Сол себепті ондағы ұйқас, ырғақтарға мән берумен қатар, ең негізгісі — белгілі бір тиянақты аяқталған ойға құрылған түйдектерді табуға тиіспіз, олай дейтініміз, ескерткіш көбіне ой ұйқастарына құрылған. Сондықтан да біз жоғарыда келтірілген үзіндіні екі шумақ деп қарамай, жорық сапарларын суреттеген сегіз жолды тұтас шумақ деп қараймыз.
Сонымен қатар дәл Стеблеваның ұғымындағыдай, ескерткіштегі сөз біткеннің бәрін бірдей ағыл-тегіл өлең деуге болмайды. Қазақтың
«Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Алпамыс», «Қобыланды» тәрізді әйгілі жырларында кездесетін өлең арасындағы әлқисса-түсіндірме көркем қара сөздер мұнда да кездесіп, араласып отырады. Мысалы, «Өтүкен йышда иді йоқ ерміс, ел тұтсық йер Өтүкен йыш ерміш. Бу йерде олурып, табгач будун бірле түзелтім. Алтун, Күмүш, Ісігті, құтай буңсыз анча берүр
табғач будун сабы сүчіг, ағысы йымшақ ерміс»—«Өтүкен қойнауының нағыз йесі жоқ еді, бірақ ел тұтатын жер осы Өтүкен койнауы еді. (Дәл) осы жерде отырып табғаш халқымен тағдырластым. Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті осыншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді» (КТ к).
Тағы бір мысал: «Келігме беглерін, будунун ітіп йугур (аз)ч) а будун тез — іс ерті, он оқ сүсін сүлетдім»— «Келген бектерін, халқын жайғастырып жатқанда, біраздаған жұрт қашып кетті. Он оқтың әскерін аттандырдым» (КТк).
Келтірілген жолдарды И. Стеблеваның зерттеуіндей өлең үлгілеріне жатқызу қиын-ақ. Көне түрк авторлары, өзімізге әбден қанық қазақтың батырлар жырларындағыдай, болашақ жорықтарды немесе өткен оқиғаны ақындық тәсілмен, үлкен пафоспен баяндай отырып, өздеріне елеусіз деп есептеген сәттерді жыр арасында қара сөзбен жеткізіп те отырған. Әдетте мұндай прозалық жолдардың көркем болуы шарт емес, керісінше түсінікті болу жағына баса мән берілген. Осы заңдылықты Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөктерге арналған үш шығарманың үшеуінде де кездестіреміз. Өз кейіпкерін дәріптеуде, оның жойқын соғыстарда көрсеткен есепсіз ерліктерін суреттеуде сан түрлі бояуды, бейнелеу тәсілдерін мол пайдалана отырып шабытпен жырлаған автор бір сәт прозалық баяндауды да қолданады. Мұны біз көне түрк ғұламаларының эпикалық мұра жасаудағы қалыпты, дәстүрлі әдісі ме деп ойлаймыз.
Екіншіден, Орхон ескерткіштеріндегі өлеңдер тек қана төрт жолды бір шумақ қана болып келмейді, онда өзіміздің батырлар жырында жиі ұшырасатын аралас ұйқас та, шалыс, шұбыртпалы ұйқас та мол. Осыған сәйкес біз бір шумақтың үш жолдан, сегіз жолдан да, он үш, кейде тіпті одан да көп жолдардан тұратындығын аңғардық.
Ескерткіште кейбір жолдар сол күйінде түсініксіз қалған. Бірақ текстіні аса зейінмен оқыған кісі түпнұсқадан әнгіменің не жайында, кім туралы болып отырғандығын түсінеді. Ондай жолдарды біз төменге түсіріп, түсініктеме беріп отырдық.
Сол сияқты, шығарманың табиғатын неғұрлым дәл беру мақсатымен жырдағы кездесетін байырғы, бірақ қазіргі оқушы түсінетін кейбір сөздерді де сол күйінде қалдырып, ол туралы анықтаманы төменде беріп отырдық.
Филология ғылымдарының докторы Ғ. Мұсабаев Күлтегін ескерткішінің кіші жазуын қазіргі қазақ тіліне аударып жариялады («Жұлдыз» журналы, 1963 ж., № 3).
Бұл әбден құптарлық әрі игі жұмыс. Сонымен бірге біз мынаны да айтуға тиіспіз. Ғ. Мұсабаевтың аудармасын дәл аудармаға да, еркін аудармаға да жатқызу қиын. Кей тұста ғалым ескерткіштің стилін сақтайды да, кей тұстары бүгінгі өлеңдердей болып шыққан.
Мәселен, ғалым тек әйтеуір ұйқастыру мақсатымен бір ғана сүледім (аттандым) деген сөзді жүргіздім, өргіздім, кіргіздім деп аударған. Ал, шындығында бұл үшеуі үш түрлі мағынаны білдіретін сөздер. Көне әдеби ескерткіштерді жаңашалағанда мұндай еркіндікке жол беруге болмайды.
Қысқасы, бұл ескерткіштерді аудару керек; бірақ аударғанда, көне мұраның өзіне тән стилін, ерекшеліктерін берік сақтаған абзал.
Орхон жырларын қазақ тіліне жаңашалау, аудару мәселесі жаңа ғана қолға алына бастады деу керек. Көне мұралардың бірнеше өлең аудармасын, жаңашасын жариялап, соларды салыстыра отырып, әбден жетілген нұсқасын жасау— алдағы міндет. Мұны орыс ғалымдарымен қатар, өздерін Орхон жазуларының мұрагері есептейтін түрк халықтары зерттеушілері де істеуге тиіс.
Қазақ ақындары да бұл игілікті жұмысқа ден қоя бастаған тәрізді. Мұның куәсі ретінде «Жұлдыз» журналының 1970 жылғы 2-санында ақын Қадыр Мырзалиев аударып жариялаған «Күлтегін» жырының үзіндісін атауға болады. Бұл табиғаты жағынан әсілі ақындық тәсілден туған еркін аудармаға жатады. Десе де Қадырдың аудармасы өте сәтті шыққан. Сондықтан да ескерткіштің эпикалық сарыны бүгінгі оқушыға дәл жеткен. Ақындық шабыттан туған бұл аудармадан ежелгі жырау Иоллығ-тегіннің қолтаңбасын да, ұлылығын да танығандаймыз.
Енді Орхон ескерткіштерінің көне түрк тіліндегі нұсқасы мен қазіргі қазақ тіліндегі жаңашаланған үлгісіне назар аударыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |