М. Жолдасбеков



бет8/12
Дата21.11.2022
өлшемі397,88 Kb.
#159121
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
Күлтегін жыры

Образдар


Орхон жырларында бір топ қағандар образы бар. Олар: Бумын, Естіми, Білге қағандар. Алғашқы екеуінің түрк қауымына иелік етуін адамзаттың жаратылысынан бастайды да, оларды ақылды қаған, алып батырлар дәрежесінде бейнелейді.


Қырық жеті рет аттанып, жиырма шайқас жасаған Елтерістің де есімі ерекше аталады.
Ескерткіште дербес образ дәрежесіне көтеріліп жырланғандардың бірі — Білге қаған.
Білгенің жырда қайда, қандай жорықтарға барғаны, қандай, қаншалықты ерлік көрсеткені толық суреттеледі: ол халықты жинап, ұйымдастырушы ретінде бейнеленеді.
Жырда Білгенің іс-әрекеттері ғана емес, көңіл-күйі де баяндалады. Ол табғаштар салған ылаң мен іріткіге ырық беріп жалған сөздің жетегінде кетіп, қырылып-жойылып бара жатқан халқына қатты назаланады.
Шығармада оның образы түрк халқының иелігін молайтқан, тұрмысын жақсартқан батырдың бірі ретінде суреттеледі.
Жырдың соңында Білгенің түрк халқын біріктірудегі еткен еңбектерін, азаптарын баяндай келе, түрк руларының үстем тап өкілдерін, бектерін жаңылғыштығы (қателескіштігі, ақылсыздығы), жағымпаз таққұмарлығы үшін айыптайды.
Жырдың негізінен суреттеген кейіпкерлері тектіден шыққан батырлар болса, сонымен бірге шығармаларда «ұлдары — құл, қыздары — күң болған»; ұшарын жел, қонарын сай білген; ілгері-кейін бұлттай жөңкілген;
«Қаны судай аққан», «аш-жалаңаш, жаяу-жалпы босыған», титықтаған қара халықтың — жалпы бұқараның жиынтық образы жасалған.
Аз күн бейбіт өмірдің дәмін татып, рақатын сезген, сәл тыныстан
ес жиып, көзін ашқан қарапайым халықтың басына табан астында-ақ қаралы күн, ақыр заман орнап жатады.
Сол қорлыққа төзе алмай, шыдамы таусылған көпшіліктің енді бір сәт бектермен айқасқа шыққанын көреміз.
Әлбетте, бұл мақсаты айқын, бітіспес тап күресі емес, сол дәуірдің шындығынан өршіген қанаушы тап пен қаналушы таптың келіспес наразылығы ғана болатын. Ол туралы Орхон ескерткіштерінде «Бек пен халқы жауласты» деп жазады.
Қоғамның негізгі құрамы, басты күші — осы кедей халықты соншалықты ауыр азапқа салып жүргендер — ел билеуші ақсүйектер. Мұның дәлелі ретінде ескерткіштен мынадай жолдарды оқимыз.

Біліксіз қағандар отырған екен, Жалтақ қағандар отырған екен. Әміршілері де біліксіз екен, Жалтақ болған екен.


Бектерінің, халқының ымырасыздығынан, Табғаш халқының алдауына сенгендігінен, Арбауына көнгендігінен,
Інілі-ағаның дауласқандығынан,
Бекті — халқының жауласқандығынан, Түрк халқы елдігін жойды.

Міне, ел ішіндегі бақталастық, ымырасыздық; билеген хандардың, олардың атқамінер әміршілерінің ақылсыздығы салдарынан халық осылай қатты күйзеліске ұшырайды, титықтайды, быт-шыт болып тозады.


Орхон шығармаларында эпостық образ дәрежесіне жеткен басты әрі ең өзекті тұлға — Күлтегін.
Ат жалын тарта халқына қорған болған бала батыр жырда үнемі беку, өсу үстінде суреттеледі.
Жеті жаста атадан жетім қалған Күлтегін он жасқа келгенде ер атанады. Он алты жаста қару-жарақ асынып, ел намысын, халық кегін қуып табғаштарға аттанады.
Жиырма бір жаста Тадықын чурдың Боз атына мініп, чача Сеңүнмен айқасады. Шайқастың тепкісіне төтеп бере алмаған Боз ат та, одан соң мінген Торы ат та қан майданда жан тапсырады. Осы соғыста Күлтегін өзіне жау оғының бірін де дарытпай шығады.
Жиырма алты жасында қырғыздарға қарсы аттанып, найза бойлар қардан өтіп, қырғыздарды ұйқыда басады.
Қырғыздардың жөйіт батырларының бірін оққа ұшырып, екеуін найзаға ілген Күлтегін астындағы байырқылық Ақайғырдың белін мертіктіреді, бірақ жауды жеңіп тынады.
Одан соң түргештерге жойқын соғыс жасайды. Алып Шалшы ақ атқа мінген ер Күлтегін түргешті түгел талқандайды.
Отыз жасында — қарлұқтарды, отыз бір жасында аздарды алады.
Бұл жойқын кескілестерде Күлтегіннің астынан баяғы Алып Шалшы атты көреміз. Оғыздармен ізгілдермен айқаста Күлтегін Азман ақ пен Қаракерді алма-кезек мінеді.
Сөйтіп, қырық жеті жасында дүние салған Күлтегін ылғи жорықты сапар, қанды майдан үстінде, жекпе-жек айқастарда, теңдесі жоқ қолбасшы-кемеңгер бейнесінде көрінеді.
Батырдың сырт пішіні, портреттік суреті жырда берілмегенмен, жаумен бетпе-бет келіп найзаласқан сәттерден қазақ эпостарындағыдай
«Буырқанған, бусанған, мұздай темір құрсанған» ер-жүрек алыптың келбетін елестету қиын емес.
Бір ғана Күлтегін жырында сан атаулы сәйгүлік аттар Күлтегіннің мінісіне шыдамай бірінен соң бірі құлап жатса — бұл-дағы батырдың соқталы образын аша түсетін, айқындай түсетін айшықты мотив.
Ал, талай қырғынға Күлтегінмен бірге кіріп, жеңіске ортақ болған атақты Алып Шалшы мен Азман ақтардан «Алты айлық жерді алты аттаған», «Бір төбенің тозаңын бір төбеге қосқан», «Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» жүрісте — көлік, жауда — серік өзіміздің сүйікті Тайбурыл, Байшұбарларды көргендей боламыз.
Күлтегін — түрк халқының ерлік сипаттарын бойына дарытқан жиынтық образ. Оның тұлғасында бір кездерде жалпақ даланы еркін билеген түрк тайпаларының өршіл, қайтпас мінезі бар. Оның тұлғасында жойқын соғыстардан жанышты, ерқашты болып, титықтаған халықтың сондай батырым болса деген арманы бар. Батыр мерт болғанда, қазасына досы ғана емес, дұшпандарының да қосыла жылауы оның сол — бұлжымас ерлік қасиеттерін танытады.
Батыр дүние салған күндері әр рудан басшы алып, жылап-сықтап келіп жатқан халықта есеп болмаған. Күлтегіннің қазасымен байланысты түрк жеріне орнаған ауыр түнек пен есепсіз қара шеруді жыр өте жақсы бейнелеген.
Күлтегіннің дұшпаны дегенде айтарымыз кім?
Жырда оның өзімен теңдес, иықтас батырдың аты аталмайды. Бірақ сүңгіге ілінбей берілмеген, есімі аталмаған атсыз ерлер өте көп. Күлтегіннің алып келбетін ашатын да солар. Күлтегін батыр бастаған түрк халқымен шайқасқа түскен елдің ішінде осалы жоқ. Олар бірінен соң бірі қол қусырып, құлдық ұра бермеген, ақтық деміне дейін айқасқан. Күлтегінге қарсы шыққан жаудың сондай сұсты кейпін Орхон ескерткіштері аз сөзбен-ақ жеткізіп береді. «Қорқынышты кісілер, алып кісілер шабуыл жасады». «Жауымыз жыртқыш құстай еді», «Отша,
бөріше келді» дейді Орхон жырларында.
Бұл отша жанып, бөріше ұмтылған, жыртқыш құстай улы тырнағын жайған үрейлі жау қолын көз алдымызға әкеледі.
Міне, мұның бәрі де жырдың басты тұлғасы— Күлтегін образын жан- жақты толықтырып аша түсетін ақиқатты, жанды кескіндер.
Күлтегіннен басқа Орхон ескерткіштерінде жиі аталатын өзгеше кейіп, оқшау бейнеленетін образ — Тоныкөк.
Ол — Елтеріс, Білге қағандардың ақылгөй дем берушісі, талай жорықтарға бастап, жауды талқандаған қолбасшы, батыр.
«Мен — кемеңгер Тоныкөкпін» деп басталып, соның өз атынан баяндалатын ескерткіште Тоныкөктің барлық айла-тәсілі толық қамтылған.
Ол көбіне, бірнеше ханға ақылгөй болған, телегей жыр тудырған Бұқар тәрізді ғұлама жырауларымызды еске салады. Ол оғыз батырлары жайындағы мол жырларды шығарған Қорқытқа да ұқсайды. Өйткені, Орхон ескерткіштеріндегі Тоныкөк жыр авторы ретінде де белгілі. Мұның өзі, қырғыз халқының әйгілі эпосы «Манастың» тууы жайындағы академик М. Әуезовтің: «Алғашқы жырды аты шулы жорыққа өзі қатысып, көзімен көрген адам шығарған»31 дейтін өте құнды тұжырымын бекіте түседі.
Ғалым айтып отырғандай, Орхон жырларындағы Тоныкөк те небір жорықтардың куәгері, ізінше сол соғыстар жайында әсерлі дүниелер тудырған эпикалық өнердің иесі. Сонда біздің Тоныкөк деп отырғанымыздың өзі, алдымен жырау болып шығады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет