Орхон ескерткіштерінің көркемдігі
Орхон жырларындағы арнайы сөз етуді қажет ететін және осы күнге дейін зерттелмеген келелі мәселенің бірі олардың көркемдік ерекшеліктері.
Көне түрк әдебиетінің ең әдепкі нұсқаларындағы өлеңнің жасалу тәсілдерін егжей-тегжей талдамай, анықтамай тұрып қазақ өлеңінің тууы, қалыптасуы, дамуы жайында жүйелі, дәлелді сөз айту мүмкін болмас еді. Басқаша айтқанда, Орхон ескерткіштеріндегі поэтикалық заңдылықтарды ашу халқымыздың өлең жасаудағы алғашқы адымдарын, ұйқастың қалыптасқан, жетілген кездері мен оған дейінгі өлеңдік тіркестердің барлық қатысын негіздеумен барабар болып шықпақ.
ОРХОН ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ТЕКСТІ
КҮЛТЕГІН ( VІІ ғасыр )
Б І Р І Н Ш І Ж Ы Р
1. Тәңірдей, тәңірден жаралған
Түрік Білге қаған
Бұл шақта, (таққа) отырдым,
Сөзімді түгел естіңдер:
Бүкіл жеткіншегім, ұланым,
Біріккен әулетім, халқым,
Оңымда шад ата бектер
Солымда- тархан бұйрық бектер.
2. Тоғыз оғыз бектері, халқы,
Бұл сөзімді мұқият тыңда,
Терең ұқ.
Ілгері - күн шығысында,
Оң жақта – күн ортасында
Кейін – күн батысында,
Сол жақта – түн ортасында
Осының ішіндегі халықтың бәрі
Маған қарайды, халықты
3. Осынша көп еттім.
Егер қазір баяғы кексіз түрік қағаны
өтүкен қойнауында отырса, онда елде
мұң жоқ.
4. Ілгері – Шантүң жазыққа
дейін жауладым,
Теңізге сәл жетпедім.
Түстікте – Тоғыз Ерсенге
дейін жауладым.
Тибетке сәл жетпедім,
Батыста – Інжу өзенін кеше
Темір қақпаға дейін жауладым.
Терістікте – Байырқы жеріне
дейін жауладым,
Осыншама жерге дейін жорыттым,
Өтүкен қойнауының нағыз иесі жоқ еді,
бірақ ел тұратын жер осы
Өтүкен қойнауы еді.
(Дәл) осы жерде отырып, табғаш
халқымен табыстым.
5. Алтынды, күмісті, дақылды,
жібекті соншама
шексіз беріп жатқан табғаш халқының
сөзі тәтті, бұйымы асыл еді.
(Олар) тәтті сөз, асыл қазынасын беріп,
жырақтағы халықты (өзіне) сонша
жақындатар еді.
Жақын қонып, сосын (олардан) әдепсіз
қылықты үйренуші еді.
6. Ақылды кісілерді, батыл
кісілерді табғаштар
қозғай алған жоқ.
(Егер) бір кісі алданса (онда)
руы, халқы тұқымына дейін қалмас еді.
Тәті сөз, асыл дүниесіне көп алданып
Түркі халқы, қырылдың,
Түркі халқы, жойылдың.
Түстікте Шүғай қойнауы түгіл,
Түн жазығына қоныстансақ десуші ең.
Түркті халқы, жойылдың
7. Сонда өш адамдар былай
иландырып еді:
« Жырақ болса, жаман сыйлық берер,
Жақын болса, жақсы силық берер»,- деп.
Осылай иландырып еді.
Білімсіз кісілер сол сөзге нанып,
Жақын барып, көбің қырылдың.
8. Ол жерге барсаң
Түркі халқы, өлімшісің.
Өтүкен жерінде отырып.
Қазынаға керуен жіберсең,
Еш мұңың жоқ.
Өтүкен қойнауында отырсаң,
Мәңгі елдігіңді сақтайсың сен,
Онда түркі халқы тоқ.
Ашсың ғой сен,
Аштықта тоқтықты түсінбейсің,
Бір тойсаң аштықты түсінбейсің.
9. Соның үшін алдандың,
Қағаныңның тілін алмадың,
Жер-жерге бардың,
Әбден алқындың, арылдың.
Сонда қалғандар жер - жерге қаңғып
өлімші басқан (боп еді).
Тәңірі жарылқағандықтан,
Өзімнің бақытым бар болғандықтан,
Қаған отырдым.
Қаған болып,
10. Жоқ, кедей халықты көп көтердім,
Кедей халықты бай қылдым,
Аз халықты көп қылдым.
Осы сөзімде өтірік бар ма?
Түркі бектері, халқы, бұны тыңдаңдар!
Түркі халқын жинап,
Ел болғандарыңды мұнда бастым.
Жаңылып кешкендеріңді де
мұнда бастым.
11. Барлық сөзімді айтар,
Мәңгі тасқа бастым.
Бұған қарап біліңдер,
Түрік халқының қазіргі бектері-
Таққа кіріптар бектер,
Сендер жаңылғышсыңдар ғой ?!
- Мен мәңгі тас бетіне
Табғаш қағанынан бәдізші
алдырдым, жазу жазгыздым,
Менің сөзімді бұзбады.
12.Табғаш қағаны ішкі өңірден
бәдізшілерін жіберді.
Оларға бөлекше мазар салдырдым,
Іші-тысына жазу жазғыздым,
тас қалаттым.
Көңілдегі сөзімді (өсиет
қып қалдырдым).
Он оқ ұлдарына, таттарға дейін,
Бұны көріп біліңдер,
Мәңгі тас қалаттым.
13. (Бұрын) бұл аялдама болса,
Қазір де аялдама жер болса,
Сол аялдама жерге
Мәңгі тас қалаттым, жаздырдым.
Бұған қарап, мынаны біліңдер-
Ол тас(ты алдырт)тым
Бұл жазуды жаздырғанның аты
Иоллыг- тегін.
Достарыңызбен бөлісу: |