Опасыз дүние, а, дариға, Жан атам өтті, жаранлар, Иманы жолдас қасында! Сапар да қылды дүниеден Алпыс жеті жасында! Арманым іште көп болды-ау, Көптігі сондай – дерт болды-ау! Жан тапсырған уақытында Бола алмадым қасында! [24, 36 б.].
Бұл туындының алғашқы шумағы 11 тармақтан тұрып, ұйқас негіздеуші сөздері: «Басында, жасымда, қасында, жасында, қасында» - түрінде келсе, екінші, үшінші шумағы – 8, төртіншісі – 11 жол болуымен ерекшеленеді. Әр шумақты негіздеуші ұйқас тудыратын соңғы сөздері десек, екіншінің ұйқас қалушылары: «қозғайын, озбайын, бұзбайын, қозғайын» - түрінде келсе, төртіншісі: «ісіңді, күшіңді, есілді, шешілді, көсілді» - деп отау тігуімен енші бөліседі. Бұл жоқтауда айтылатын деректердің көптігі т.с.с. және лирикалық қаһарманмен бірге екінші лирикалық бейне, Мұса келіні, сезімі орын алуы – бәрі оны біршама эпосқа жақындатса да, сол мол оқиға, әрекеттердің бәрі бір ғана лирикалық қаһарманның бір сәттегі (бірнеше сәттегі емес) толғанысы ретінде берілуі бәрі туындыны тағы да лирика аясында қалдыруды негіздеген. Мәшһүр Жүсіп тек тірі адамды емес, жансыз затты сөйлету үлгісін шебер қолданған. Мәселен, «Мешіт зары» (1913) өлеңінде мешітке тіл бітіріп – сөйлету әдісін пайдаланған: - Медіресе, мешіт болған – менің атым, Бас қосар ішімде жоқ жамағатым. Хал тілім зарланып, қан қақсайды, Естіп өт: құлағың бар азаматым! Деуші еді мені бұрын: «Құдай үйі», Бас қосып шұлғушы еді мырза- [биі]. Нанына қайыршының қапшық болып,
Мінекей, бұл шағында тұрған күйі.
Салмасаң әуел баста, кім бар зорлар,
Қол жайып қожа-молда жайды торлар.
Бірі – имам, бірі азаншы болу үшін,
Тиынға жанын сатқан дүниеқорлар [24, 89 б.].
Міне, мұнда да оқиға шартты түрде бөлініп алған екінші бейне, мешіт, атынан баяндалса да, оның бәрі лирикалық қаһарман, яғни Мәшһүр Жүсіптің жеке өзі мен өзіне ниеттестердің жиынтық, сезіміне бөленіп өрнектелгендіктен де, бұл туынды лирика жанрына жатады.
Шартты түрде бөлініп алған екінші бейненің белгілі бір жануар, аң болу мүмкіндігі де көңіл бөлерлік. Мәселен, «Суырдың өлеңі» (1930 ж.) туындысында ақын оларды сөйлетеді:
Жылайық: қырдағы елге арыз салып,
Оқыр ма суыр хатын қазақ танып?!
Саршұнақ тышқанды жіберейік,
Жеп қояр Қозған көрсе ұстап алып.
Назар аударарлық жәйіт: мұндағы бірінші лирикалық бейне суыр болса, екінші лирикалық бейне саршұнақ та тіл қатады:
Салып бер қағазыңды қойыныма,
Жіппенен мықтап байла мойыныма!
Бейшара, арызыңды жеткізейін,
Мысықтың жолықпасам ойынына.
Шығармада суыр мен саршұнақ сөзі осылай берілсе, өлеңнің лирикалық қаһарман сөзімен басталатынын ескерген жөн:
Ал, суырдың естіп пе едің әңгімесін,
Құдайға құл болған жан адал жесін.
Ағайынды аң екен: суыр, тышқан,
Айтайын інде жатып көрген ісін.
Өлеңнің астапқы бөлімінде суыр зары он бір буынды өлең түрінде берілсе, шығарма соңы соны дамыту белгісі ретінде жеті буынды үлгіге көшеді:
Бұрын жалпақ ел едік,
Етімізді жеп семірді.
Мұныменен қоймады,
Басымызды кемірді [22, 306-308 б.].
Өлеңде шартты түрде келтірілген екі бейне: суыр, саршұнақ ойлары берілсе де, соның бәрі тағы да бір ғана лирикалық қаһарманның дала жануарын сақтау ниетіне бағындырылуымен де лириканың өзіндік бір әсерлі түрінің отау тігуін негіздеген.
Мәшһүр Жүсіп жеке бір кісі атынан ғана сөйлеп қоймай, дін жолы дегенді ұстанған білімі шала дүмше молдалар атына, яғни белгілі бір топ тұрғысынан бір адамды сөйлету үлгісін де қолданған:
Бір-екі ауыз араптан айтамын тіл,
«Білмейтіні жоқ қой!» – деп айтады ел.
Кейде хазірет, кейде ишан болып,
Көп тамаша, боламын, бір ескен жел.
Қой-қошқарды алуға бұздық түрді,
Біз де талай қыдырып көрдік елді.
Ала қағаз ишаннан алып келіп,
Былш еткізіп бастырып қара мөрді.
Иман деп біледі ел-жұрт танып,
Пір де болып қоямыз Құран алып.
Ақша берсе батаны көп қыламыз,
Жымың етіп қалтаға бүктеп салып [22, 175 б.].
Міне, мұнда өзі шала білімді болса да, дінді бұрмалап, пайда тауып жүрген дүмше молда бейнесі сәтті өрнектелген. Өлеңде әрі екінші лирикалық бейне, дүмше молда, сөзі, әрі соны мысқылдаушы лирикалық қаһарман үні аралас өрілгені жоғарыда келтірілген үзіндіден-ақ анық көрінеді.
Тек екінші адам, не зат, не аңды сөйлету ғана емес, белгілі бір дерексіз ұғыммен әңгімелесу, сырласу түрінде өлең жазу арқылы да Мәшһүр Жүсіп лириканың жанрлық толысуына ықпал етті. Мәселен, лирикалық қаһарманды сомдау үшін екінші бір шартты бейнені енгізу нәтижесінде ақын өз ойын және лирикалық қаһарман сезімін әсерлі жеткізу үлгісін тудырды:
Ит, дүние, сен бір сәурік айғырдайсың,
Ешкімді өз бетіңмен бай қылмайсың.
Қуасың әлі оны, әлі мұны,
Тыныштықпен еш қысырақты жайдырмайсың.
Артыңнан иең қуып өкпесі өшер,
Қайта оған қуанасың, қайғырмайсың.
Сенімнен ат-тоңынды ала қашып,
Сараңнан табаныңды тайдырмайсың.
Қуады, дүние, сені, барша халық,
Сен деп жүріп өмірі өтер, ғапыл қалып.
Сен иттің жаның ырза, жолдасың сол.
Ішпей, жемей, шанашқа қойса салып.
[Іш]іп-жеп, не керегің кимеген соң,
Шашып, төгіп жүруді сүймеген соң.
Мәлім ғой ақыретте берер пайдаң,
Жалғанда бір сілемің тимеген соң [22, 153-154 б.].
Міне, мұнда әсіресе «сараңнан табаныңды тайдырмайсың!» - жолынан лирикалық қаһарманның жазғыруын көрсек, «Мәлім ғой ақыретте берер пайдаң» - тармағы сол әрекеттің зиянды екенін ашуға бағындырылған.
Мәшһүр Жүсіп те басқа ақындар тәрізді қай өлеңінде болмасын, бірде лирикалық қаһарман атынан түрлі кемшіліктерді тізіп сынаумен айналысса, ізінше сол топқа шартты түрде өзін де қосып, көп атынан, яғни біз атынан сөйлеуді қоса қолданады:
Аяқты біз басармыз қалай аңдап?
Дал болдық әр нәрсеге арсалаңдап.
Әр қоянды бір қуған тазы оңбайды,
Япырм-ау, ұстайық та бірін таңдап!
Жігіттер, ізден, өнер табылмайды,
Ашылған біздің айып жабылмайды.
Қайтсең де онан кемдік таба алмайсың,
Өсек сөз жаңбырдай боп қабындайды [22, 136 б.].
Міне, осындағы алғашқы шумақта сыналаушы көпке ақын өзін де қосып жіберсе, екіншіде өзін бөлек шығарып, басқаға ақыл айтуға көшеді. Әйтсе де осы екі шумақтың өзінде бір ғана лирикалық қаһарманның, ел болашағына қам жеген азаматтық жүрек лүпілі жатқанын, демек шартты түрде бөлінген екі суреттеу амалын (біріншісі – көп атынан сөйлеу, екіншісі бөлініп шығып, басқаға ақыл айту) да бір ғана лирикалық қаһарман толғанысы біріктіріп тұрғанын ескерген жөн.
Қорыта айтқанда, Мәшһүр Жүсіптің суреткер ақын ретінде толысуын дәлелдейтін ерекшелігі неде десек, оның көп атынан үн қата отырып, соның бәрін бір ғана лирикалық қаһарман толғанысы ретінде беру арқылы өлең әсерлілігін арттыру үлгілері дер едік. Мәселен, «Қолыма қағаз, қалам алайын да» өлеңінде мынадай жолдар бар:
Дүние-ай, талмай қуып жете алмадым,
Нәпсімен болдым даулы, біте алмадым.
Мойныма үзілмейтін арқан түсті,
Қайрат қып, үзіп тастап кете алмадым.
Табылды өз бойымнан екі дұшпан,
Біреуі іштен болғанда, бірі - тыстан.
Ұста жоқ алтын, күміс тілін білген:
Қорытып айырып алар бізді мыстан [22, 121 б.].
Міне, келтірілген үзіндіде, сырт қарағанда ақын өз бойындағы ғана екі дұшпан туралы айтса, мына жолдар бұл адасудың көпке тән екенін дәйектеуге арналған:
Жалғаннан қыла алмадық біздер пайда,
Ойлаған жанның қамын (ғамын) сабаз қайда?
Түні өтіп бұл жалғанның таңы атқан соң,
Белгісіз боларымыз қандай жайда?!
Бұл дүние-айсыз бұлт, қараңғы түн,
Жалған сөз-ер жігіттің бойына мін!
Жалғанға жетемін деп қуа берсең,
Таң атып, жарық сәуле, шықпайды күн!
Жаяудың қанша жүрсе, шықпас шаңы,
Асырауға көнбес мал боп түздің аңы.
Көрерсің өз бойыңды өзің сонда,
Жарқ етіп ақыреттің атса таңы [22, 123 б.].
Осы орайда ақынның жеке фактілерді тікелей айтудан гөрі, соның бәрін жинақтап, қорытып, тұспалдап әсерлі жеткізудің не бір үлгілерін көп тудырғанына назар аудартқымыз келеді. Соның бір көрінісі:
Бұлбұлды танымайсың тұрған сайрап,
Атасың торғай ғой деп, таспен байлап.
Таусылмас бұл не қылған су демейсің,
Бұлақтай ағып жатқан көзі қайнап.
Заман жоқ, ырыққа жүріп, оң айналған.
Бәрі де қиын істің оңайланған.
Бұзылып, әсіресе, біздің заман,
Көлдей боп қой тоғытқан, ылайланған! [22, 132 б.]
Міне, мұнағы алғашқы шумақ бұлбұлды танымай, оны торғаймен шатастыру, су таусылмайтындығына ден қоймауды әспеттеген тұспалдауға негізделсе, екіншідегі ишаралау: заманның қой тоғытқан көлдей боп ылайлануы алдында ғана тура мағынада айтылған қиын істің оңайлануында жақсылық емес, жамандық жатқанын шегелеуге қызмет етіп тұр.
1.19 Мәшһүр Жүсіптің табиғат, махаббат тақырыбындағы өлеңдері
Әдебиет сынында өлеңдерді тақырыбына қарай саралау бар екені: «табиғат, махаббат лирикасы» - деп, айдар тағып, оның әрқайсысының ерекшелігін ашу орын алып жүргені белгілі. Біздің айтпағымыз, сол тақырыптық ерекшеліктің, шығарманың тақырыбын, идеясын ашумен бірге, жанрлық толысуына да өзіндік әсер ету мүмкіндігі бар екені.
Мәшһүр Жүсіптің табиғат жөнінде жазғанының әзірге бізге жеткені біреу ғана. Ол – «Жаздың сөзі» (1885-1888) өлеңі:
Шапақтан шынығар күн мұнарланып,
Жаңбырлы күн түседі тұманданып.
Адамзат нұрдың исін судан жұтар,
Шөл тарқатқан айуанша құмарланып.
Жетпеген үлкендікке жас балалар
Жүгірер үйден-үйге жұмарланып [23, 99 б.].
Міне, мұндағы күннің шапақтан шығып мұнарлануы, «нұрдың исін» адамзаттың судан жұтуы, балалардың үйден-үйге «жұмарланып» жүгіруі – бәрі құбылыстың көп қыры ішінен өзектісін бөліп көрсетіп, көктемгі адам сезіміне сай әсем көрініс өру үлгісі. Біздіңше, бұл әсем суреттер жымдаса келе, бар әсемдікті жаратушы Алла екеніне ден қойғызуға қызмет етіп, лирикалық қаһарман сезімін даралауға қызмет етеді. Осындай көріністер арқылы өз ойын өрістете келе ақын шығарма соңында өзінің түпкі түйінін жайып салған:
Алланың не бергенін білер бәрі,
Іздейді шүкіршілік қып, бар шахзары.
Мақұлық, тау мен тас, шөп пен ағаш, -
Білгізген баршасына Біреу бары [23, 100 б.].
Кезінде «махаббат» дегенде оны тек қыз бен жігіттің, яғни адамдардың ғана бір-біріне махабатты ұғымындағы түсінік орын алғаны да белгілі. Алысқа бармай-ақ Абайдың:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл.
Иманның асылы үш деп сен тахқат біл – деп, [21, 304 б.]
жазғаны белгілі.
Міне, Алланы сүю, яғни Аллаға деген махаббат – махаббаттың бастау көзі болса, адамдар махаббаты соның жалғасы деп түсіну ғана бұл ұғымды тар аяда, тек адамдар арасындағы махаббат деп есептеудің тым таяз ұғым екенін аңғарта алады. Зерделесек, келтірілген Абай сөздері осы түйінді анық көрсетіп тұр. Абайдың осы идеясын Мәшһүр Жүсіпте өзіне ту етіп ұстаған:
Махаббатпен жаратқан адамды өзі,
Махаббатсыз боп кетті дүние жүзі.
«Махаббатсыз жан да жоқ, тіпті, иман,» - деп,
Анық бар пайғамбардың хадис сөзі.
Иа, Алла, мені айырма махаббаттан,
Танырсың, көрмегенің, жазған хаттан.
Ақыреттің Мәшһүрі қылғай Алла,
Жалғанда түк таппадым «Мәшһүр» - аттан [22, 147 б.].
Мәшһүр Жүсіп көп туындыларында Алланы сүюді қайталап айтып, ол ойды өрістетіп тұлғалантумен қатар қатардағы пенде ләззатын, пенде махаббатын ұмытпайды. Пенде махаббаты дегенде ақын тән сұлулығын әспеттеуге ден қояды. Мәселен, «Хор қыздарының хикаясы» өлеңінде мынадай жолдар орын алған:
Көзінің қаралығы қарақаттай,
Сөзі бар ақ қағазға жазған хаттай.
Көзіндей құралайдың ойнақтатып,
Арман не соны құшқан адамзатта-ай?!
Болғанда тілі інжу, төсі – маржан,
Еті аппақ қара жерге жауған қардан.
Ғұнша ерін, лұлу иек, пісте мұрын,
Қалмайды жүзін көрген пендеде арман!
Жарқ етіп шыққан күндей қабақтары,
Мақтадай аялаған тамақтары.
Алмадай екі беті үзіліп тұр,
Үзілген қызыл гүлдей сағақтары [23, 302 б.].
Міне, мұндағы қарақаттай көз, құралайдың көзіндей ойнақтатқан көз т.с.с. суреттері Мәшһүр Жүсіптің портрет кескіндеу шеберлігін, көркем теңеу, эпитет, метафора т.с.с. өрнектеу мәнерін анық байқатып тұр.
Мәшһүр Жүсіп махаббатқа лайық перизат көріктілігіне тамсантып қана қоймай, өз ғашығына жете алмағандықты, жетпегендікті айту тұсында махаббат артықшылығын т.с.с. аңдата білген.
Мәшһүр Жүсіпте аз да болса, ғашықтар сезімін әсем табиғат аясында алу үлгісі де бар:
Күн батар кешке таман таудан асып, -
Шапақтан қызыл алтын нұры тасып.
Ақшамның қараңғылық мезгілінде
Қосылар екі ғашық асып-сасып.
(«Жігіт назы» өлеңінен) [23, 101 б.].
Міне, «Шапақтан қызыл алтын нұры тасып» күн батуы алдымен беріліп, сонымен қанаттанғандай екі ғашық қосылуы соңынан өрілуі табиғат науандығына сезім ерекшелігі құп үйлесуін байқатады.
«Қиянат» өлеңінде адамның өз ғашығына қосыла алмауының амалсыздық күн кешуінің бақытсыздық екені әспеттелуі дидактикалық тәсілдің, яғни тікелей жазғыру мен ақыл айтудың бұл тақырыптағы туындыларды да қамтығанын танытса керек.
Қорытынды
Қорыта айтқанда кез келген жанрдың тап таза өмір сүрмейтінін, бірінің ішінде екіншісі келе беретінін діттегенде, лирика мен эпос, немесе эпос пен драма, тіпті лирика мен драма аралығында түрлі ауысулар бола беретінін алдымен ескерген жөн. Осы орайда жанрдың белгілі бір түрі лириканың да іштей бөлінетінін, оның әр түрінде де өзіндік ауысу, қауышу, қатар сүру, бір-біріне әсер ету т.с.с. бола беретінін сараптаған жөн. Міне, осылай саралау нәтижесінде барып, біз лириканың жанрлық сипатын жан-жақты дәйектей аламыз. Бұл өз кезегінде белгілі бір жанр түрінің, лириканың тақырып пен идеяға, кейіпкер сезіміне т.с.с. әсер ету сипатын, деңгейін, өзгешеліктерін ашуға баспалдақ қызметін атқара алады. Лириканың жанрлық өзгешелігі дегенде, ырғақ, ұйқас әсерімен сөз мағынасы кеңеюі, сөз әсерлілігі арта түсуі т.с.с. де осы жанр талаптарына сай жүзеге асқанда ғана жемісті болатынын үнемі басшылыққа алған жөн. Қысқасы, жанрлық сипатына қарай шығарманы саралау ғана оны неғұрлым жан-жақты кең қамтып ашуға бастай алады.
Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты дегенде, оның араб, парсы, орыс т.с.с. әдебиеті дәстүрін игеруінің игі әсерін сөз ету үстінде ол өмір сүрген замандағы қоғамдық хал-ахуалдың, атап айтқанда, отаршылыдық қыспағы өсуіне т.с.с. наразылықтың тікелей ықпалы болғанын зерделеген жөн. Міне, осы орайда күні бүгінге дейін Еуропа, орыс поэзиясының көркемдік сипаты кең де дұрыс сараланып келсе, шығыс әдебиетін, оның ішінде мұсылмандық шығыс әдебиетін жете таныта алмау да орын алғанын ескерген жөн. Бұл шығыс әдебиетін зерттеуге, оған отаршылдық мүдде тұрғысынан бір жақты қарау әсері де аз болмағаны анық. Соның салдарынан да көне замандағы: Жүсіп Баласағұн (ХІ ғ.), Ахмет Иассауи (ХІІІ ғ.) т.с.с. бастау алған бай дәстүр де, оны игеріп жаңа биікке көтерген кейінгі қазақ әдебиеті өкілдері Абай (ХІХ ғ.), Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім (ХІХ ғ. соңы ХХ ғ. басы) еңбектері жете сараланбай келді деуге де негіз толық.
Осы орайда күні бүгінге дейін Еуропа, орыс ғалымдары арасында мұсылмандық шығыс поэзиясын тек «дидактикалық поэзия», яғни екінші қатардағы көркемдігі онша емес үлгілер ретінде қарастыру орын алса, ол жаңсақтықты жою үшін де мұсылмандық шығыс әдебиетін жан-жақты саралаған іргелі еңбектер қажеттігі туындайды. Еуропалық, орыс поэзиясынан шығыстық мұсылмандық әдебиеттің басты ерекшелігі ретінде «дидактикалық» делінген өлеңдер ауқымында көңіл-күй сезімдерінің сан алуан қыры ашылуы мәнінің еңбекте біраз сөз болуы заңды. Осы орайда кез келген жанрдың тап-таза өмір сүрмейтіні, қайта бірінің ішінде екіншісі өріс алуы,- бәрі әрі жанр сипатын сақтаудың өзіндік үрдісін негіздеумен бірге, әрі басқа жанр ықпалымен толығу, жетілу мәніне көңіл бөлу қажеттігі айқын. Басқа да мұсылмандық шығыс ақындары тәрізді Мәшһүр Жүсіп те сол дидактикалық, яғни ақыл айтуға негізделді дейтін өлеңдерінде алдымен аз сөзге көп мән сыйғызу, шарттылық, тұспалдау, дерексіз ұғымды заттандыру, жандандыру т.с.с. амалдарын жиі қолданды. Ақын бірде салыстыру, бірде шендестіру, лирика жанры шеңберінде дамыту т.с.с. әдістерін ұтымды пайдаланып отырды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Қалижан У. Мәшһүр Жүсіп.- Алматы: Атамұра, 1998 . -30 б.
Сүтжан С. Мәшһүр мұрасы.- Павлодар: ЭКО, 2001.-104 б.
Жүсіпов Е.Қ. Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы шығыс әдеби дәстүрі. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының авторефераты.-Астана,2001.-30 б.
Кенжебаев Б. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары.- Алматы: КМКӘБ. 1958.-249 б.
Жиреншин Ә. Қазақ кітаптары тарихынан.- Алматы: Қазақстан. – 1971.- Б.133-137 .
Бөжеев М. Мәшһүр Жүсіп мұралары хақында // Жалын, 3, 1974.- Б.127-133.
Дәуітов С. Мәшһүр Жүсіп Көпеев. // Қазақстан мектебі, 2, 1990.- Б.72-79.
Әбілев Д. Мәшһүр Жүсіп. // Жұлдыз, 12, 1992.- Б.116-129 .
Мәшһүр-Жүсіп Қ.П. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. –Павлодар: С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті,1999.-Б.70-108.
Көпеев С.Ш. Мәшһүр Жүсіп өмірі.- Павлодар,:ЭКО, 2000.-131 б.
Негимов С. Мәшһүр Жүсіп шығармаларының бейнелілігі // Мәшһүр Жүсіп оқулары (республикалық ғылыми конференцияның бірінші жинағы ішінде).-Павлодар: ЭКО, 2001. –Б.5-9.
Белинский В.Г. Собрание сочинений в 9 томах.т.ІІІ.- Москва: Художественная литература. 1976.- С.294-350; Веселовский А.Н. Историческая поэтика.- Москва: Высшая школа, 1989; Жирмунский В. Теория стиха.-Ленинград: Советский писатель. Ленинградское отделение. 1975.- 431 с.; Храпченко М.Б. Творческая индивидуальность писателя и развитие литературы.- Москва: Советский писатель, 1975.- 431 с.; Поляков В. Вопросы поэтики и художественной семантики.- Москва: Советский писатель. 1978; Григорьев В.П. Поэтика слова.- Москва: Наука.-1979 г. т.с.с.
Байтұрсынов А: Шығ.- Алматы: Жазушы, 1988.-320 б.; Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы.- Алматы, 1938; Базарбаев М. Образ человека труда в казахской поэзии.- Алматы: Каз. ССР. ҒА. баспасы, 1961; Ахметов З. Казахское стихосложение.- Алматы: Ғылым, 1964; Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері.- Алматы.- Мектеп, 1970; Әбдірахманова Т. Қасым Аманжоловтың поэтикасы.- Алматы: Ғылым, 1976.-298 б.; Негимов С. Өлең өрімі. –Алматы: Ғылым, 1980.-136 б.; Кәрібаева Б. Қазіргі қазақ лирикасының поэтикасы.- Алматы: Жазушы, 1988 т.с.с.
Қирабаев С. Сәкен Сейфуллин.- Алматы: ҚМКӘБ. 1962.-Б.291 .
Байтұрсынов А. Шығ.- Алматы: Жазушы, 1989.- 320 б.
Сквозников В.Д. Реализм лирической поэзии.- Москва: Наука, 1975.- 231 с.
Подгаецкая И.Ю. Стилевые формы общения с массовой аудиторией// Теория литературных стилей: Многообразие стилей советской литературы. Вопросы типологии.-Москва: Наука,1978.-С. 173-174.
Жүсіп Баласағұн. Құтадғу білік. // Қазақ әдебиеті, №29, 18 июль.-1986. Б. 4 . (Ауд. Ислам Бейсебаев).
ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы . –Алматы: Ғылым, 1982.- 240 б.
ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы.- Алматы: Ғылым, 1985.-320 б.
Абай. Шығ., 1-том, Алматы, Ғылым, 1977.-454 б.
Мәшһүр Жүсіп. Шығ. 1-том. –Павлодар: ЭКО, 2003.- 436 б.
Мәшһүр Жүсіп. Шығ. 4-том.- Павлодар: ЭКО, 2004.- 535 б.
Мәшһүр Жүсіп. Шығ. 2-том.-Павлодар: ЭКО, 2003.- 384 б.
Мазмұны
Кіріспе....................................................................................3
1 Мәшһүр Жүсіптің өлеңдерінің жанрлық сипаты............5
1.1 Мәшһүр Жүсіптің үгіт өлеңдері....................................8
1.2 Мәшһүр Жүсіптің тілек, насихат өлеңдері.................................11
1.3 Мәшһүр Жүсіптің хикаят өлеңдері..............................................13
1.4 Мәшһүр Жүсіптің тұспалдау өлеңдері.......................15 1.5 Мәшһүр Жүсіптің жұмбақ өлеңдері............................23 1.6 Мәшһүр Жүсіптің мадақ өлеңдері...............................26 1.7 Мәшһүр Жүсіптің ойлану өлеңдері..............................28 1.8 Мәшһүр Жүсіптің төрттағандары................................33 1.9 Мәшһүр Жүсіптің мұң өлеңдері..................................34 1.10 Мәшһүр Жүсіптің мәснауи өлеңдері.........................37 1.11 Мәшһүр Жүсіптің арнау өлеңдері...........................38 1.12 Мәшһүр Жүсіптің жоқтау өлеңдері..........................41 1.13 Мәшһүр Жүсіптің сауал өлеңдері.............................43 1.14 Мәшһүр Жүсіптің салыстыру өлеңдері....................45 1.15 Мәшһүр Жүсіптің сапар өлеңдері..............................48 1.16 Мәшһүр Жүсіптің айтыс өлеңдері.............................50 1.17 Мәшһүр Жүсіптің хат өлеңдері..................................52 1.18 Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық табиғаты........55 1.19 Мәшһүр Жүсіптің табиғат, махаббат, тақырыбындағы өлеңдері..........................................................................64
Қорытынды..........................................................................67
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі....................................69
Достарыңызбен бөлісу: |