Мақала: Ұлыстың ұлы күні. «Біздің қазақ жылының басы
наурыз болғаны адасқандық емес.
Жаңа жыл Наурызда болса,
күн мен түн теңелгеннен бастау керек...»
(Әлейхан Бөкейханов)
Ұлыстың ұлы күні... Сонау 2000 жыл бұрын жарты әлемді жаулаған Александр Македонскийдің өзін таңғалдырған ұлыстың ұлы күні. 5000 жылдық тарихы бар Әз Наурыз ХҮІІІ ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлы Британияда аталып өтіп, 1700 жылға дейін Ежелгі Русьте тойланып келген. Ғалымдар бұл пікірдің шындығын өзгерістерге ұшырағанымен бірталай тілдерде түрі мен мағынасы сақталып келе жатқан «Нау» сөзінің орыстағы нов (ый), немістегі – нойе, латындағы – нео сөздерінен шамалайды. Оған кемінде 5000 жыл болған. Наурыз тарихына көз жіберсек, адамзат қоғамы мен халық тарихы сияқты қилы-қилы тағдыры бар. Жаулаушы ел қашанда жауланған елдің ұлттық құндылықтарын жойып өз идеологиясын енгізуге тырысатыны хақ. Идеологиялық күрестің осындай үлгісін алысқа бармай-ақ, самодержавиялық Ресей саясаткерлерінің ісінен көруге болдады. Басында баяулап, аяғында аршындап қазақ жерін басып алды. Тұрғын халықты киргиз деп атап, ұлттық құндылықтарын жоюды соншалықты сұм, сұрқиялықпен қулықпен жүзеге асырды. Кейіннен келмеске кеткен Кеңес үкіметінің кесірінен тереңнен тартылған түп тамырымыздан айырылуға шақ қалдық. Коммуннистік идеология да Ресей империясының бұл сұрқия ісін ұлт саясатының «қызыл» шапанымен бүркемелеп бақты . Соның зардабынан Ресейдің, КСРО құрамындағы қанша халық тілінен, дінінен, ұлттық мәдениетінен, әдет-ғұрпынан айрылып, ұлттық ерекшелік қасиетін жойды. Қазақ халқы да сол тағдырдың тауқыметін, күйзелістің адам айтқысыз азабы мен зардабын бастан кешті. Мың өліп, мың тірілді. Бірақ орнында бар оңалар деген. 1988 жылы 70 жыл ішінде тұңғыш тойланған ұлыстың ұлы күні – біздің де кезінде іргелі ел болған ірілігімізді еске салып, ұмыт бола бастаған ұлылығымызды кеудемізде қайта жаңғыртты. 1991 жылы еліміз аңсаған азаттығын алып, Наурыз мерекесі ресми түрде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ғасыр соңы жаңа заман басталды... .
Қара жердің өлгені – қар астында жатқаны... . Алты ай қар құрсауында болған қара жер наурызда қары еріп, бәйшешегі шығып, ағаштары бүр жарып тіршілік белгісін байқата бастайды. Қытымыр қыстың қиындығы әлсіреп, күннің қуаты арта түседі. Жан-жануарлар, табиғат түрленіп, өлген тіріледі, өнеді. Қыс бойы ақ кебін жамылып, төсегінде жатқан табиғаттың тірілуі кімге де болса қуаныш сыйлайтыны анық. Яғни, жаңа күн, жаңа өмірдің бастауы, тіршілікке серпін беретін мезгіл. Мұны қазақта «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. «Ұлыс» - «мекен», «аймақ» деген мағынаны білдіретін көне түркі сөзі. Яғни, Наурыз мерекесі – жеке бір ұлттың ғана мерекесі емес, сол аймақта тұратын барлық ұлттың, халықтың мерекесі. Қазір егемендігін алған еліміз – көп ұлтты мемлекет. Саясат салдары мен тағдыр тәлкегімен тентіреп келген өзге жұрт баласын қазақ халқымен тарих табыстырды. Өзі талғажау етіп отырған арпа жармасының жарымын аузынан жырып беріп, талайды ажалдан аман алып қалды. Тағдыр мен тарих табыстырған ұлттар жиырма жылдан астам жаға жыртыспай бір шаңырақ астында, бір атаның балаларындай тату-тәтті ғұмыр кешуде. Татулық, бірлік, өзара сыйластық өздігінен бірден бола кететін құндылықтар емес. Бұл жерде Елбасымыздың еткен ерен еңбегін де ескере кеткеніміз жөн. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халқымыз нарыққа үйрене алмай, біршама арықтап қалды. Қаншама қиындықты бастан кешсе де, халқымыз Еуропа елдеріндегідей ереуілге шығып, ел берекесін кетірген жоқ. Жас мемлекет ештеңеден жасымады. Қазақ елінің билігін қолға алған тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарабаев қазақ жұртының бейбіт сүйгіш ел екендігін әлемге бірден паш етті. Ресей мен Қытай сияқты азуы алты қарыс алпауыт елдердің ортасында отырып, сол кездегі ядролық держава саналатын Италия, Франция сияқты елдердің өзінде болмаған қуатты ядролық арсеналдан әлемде тұңғыш болып бас тартты. Қазақ елі әлемге бейбітшіліктің қажеттілігін насихаттап келеді. Қазақстан Батыс пен Шығысты жалғастыратын көпір. Батыс пен Шығыстың бейбітшілік пен келісім жөніндегі кеңестері Қазақстанда өтеді. Бұл әлемнің Қазақстанның бейбітшілік пен келісім жөнінде әлемнің көшбасшысы бола бастағанын мойындай бастағанын білдіреді. Бұған дәлел – Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болуы. Қазір Қазақстан бейбітсүйгіш ел ретінде басқа елдерді бейбітшіліке шақыруда. Елбасымыздың бұрын-соңды ешбір ел ұсынбаған ұсынысына барлық әлем құлақ асуда. Қазақстан бейбітшілік пен келісім саясатын берік ұстанды. Кемел басшының келелі саясатының арқасында елімізде Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылып, Қазақстан өз ішінде ұлт аралық сыйластық пен келісімге қол жеткізді. Қазір сол барлық ұлттар мерекелерді менікі-сенікі деп бөлмей ортақ қуаныш ретінде қабылдайды. Ұлыстың ұлы мерекесі – Наурыз мерекесін орыс, кәріс, неміс демей бір-біріне құтты болсын айтып, қазақ жұртымен бірге тойлайды. Бір-бірінің үйіне қонаққа барып, құттықтасып мәре-сәре болады. Наурызда көрсетілетін түрлі қойылымдар мен концерттерде қазақша немесе өзге тілдерде ән айтып, Наурыз тойында ойналатын неше алуан ұлттық ойындарған белсене, құштарлана қатысады. Осыған орай Наурыз тойында теңдік, тепе-теңдік мерекенің негізгі арқауы болып есептелген. Ұлыс күні жаратылысты құраушы күштердің: табиғат пен қоғамның, ел мен елдің, қоғамдағы әлеуметтік топтардың, тіпті адм мен адамның теңдігін тануды, мойындауды мұрат еткен. Яғни, бұл – жұмыр басты пенденің мал-мүлікке, абырой-даңққа, басындағы баққа мастанбай, малданбай, біріне-бірі тең, өмірдің қонағы екендіктерін сезінуді, қамшы сабындай қысқа өмірді мәнді де мағыналы, мазмұнды өткізуі тиісті екенін меңзейді. Ақ түйенің қарыны жарылған ас-дәм молшылығы жасалып, ақ пейілдің кеңшілігі, пәк көңілдің теңшілігі жарасқан ұлыс күні халық арасында қалыптасқандай баршылық пен тапшылыққа да, жол-жораға да тіпті жас ерекшеліктеріне бөлісуге дейін шектелген, теңдік, еркіндік күні болған.
Халқымыз Наурызды осылайша ең әуелі теңдіктің мейрамы деп түсініп, тамашалаған, тойлаған. Теңдік жүрген жерде – әділдік, әділдік жүрген жерде – сыйластық, жақсылық жүрген. Теңдік, сыйластық - келісім мен бейбітшіліктің басты алғышарттарының бірі. Бүкіл ұлыс, халық тойлайтын Наурыз мерекесі – үлкен философиялық мәні бар мереке. Қазақстан халықтарының төл мейрамына айналған Наурыз мейрамы жақсылық пен бейбітшілік нышаны. Бұл еліміздегі ұлтаралық келісім мен бейбітщілік саясатының жемісті көрінісі... . Жаңа жылымыз тек жақсылығымен жарылқасын!... . Лайым солай болсын!