ӘОЖ 930:94(574) « 06/11»
ДҮЙСЕН Өрісәлі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс магистранты Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
E-mail: Orisali-kz-kz@mail.ru
ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР
Мақалада қимақ қағандығын құрған тайпалардың шығу тегінің тарихы және осыған орай ғалымдардың әртүрлі пікірлері талданған. Махмут Қашқаридің «Түркі тілдерінің сөздігіндегі» яғма сөзі талданады. Бірқатар ғалымдардың қимақтарды се-иәнто этнонимімен байланыстыруы туралы айтылады. Қытай деректеріндегі се-иәнто этнониміне қатысты пікірлер келтірілген. Се-иәнто қағандығы құлағанда се-иәнто этнонимі се және иәнто топтарына бөлшектенгені, иәнто тайпасының се тайпасынан бөлініп, Ертіс өзені алабына қоныс аударуы, содан олардың қытай деректерінде янмо деп көрсетіле бастағаны, иәнтолардың қимақ мемлекетіннің негізін қалағандығы өзара логикалық сабақтастықта баяндалады. Қимақтар мемлекеті жөнінде едеуір мол мағлұмат қалдырған орта ғасырлық араб-парсы деректері қарастырылады, соның ішінде Гардизидің «Заин-әл-ахбар» атты еңбегіндегі қимақтардың шығу тегі жөніндегі аңыз әңгімеленген. Аңыздағы қимақтардың «татарлар» елінен келгендері жайындағы мәліметтерді негізге ала отырып, автор қимақтардың арғы тегін татар тайпалық одағы деп қарастырады. Татарлардың ежелгі тарихы, қонысы, нәсілдік шығу тегі жайында түрлі мағлұматтарды ғылыми әдебиеттерді талдай, өз пікірін негіздеуге тырысады. Қимақтардың шығу тегіне байланысты отандық тарих ғылымында қалыптасқан ғылыми көзқарастарды да талдауға алған.
Кілт сөздер: қимақтар, орта ғасырлар, Қазақстан тарихы, қағанат, тарихи жазба дерек, имек, қытай деректері, се-иәнто, тайпа, шығу тегі, татар, аңыз әнгіме
Орта ғасырлық Қазақстан тарихының жарқын беттерінен орын алатын саяси бірлестік Қимақ қағандығы деп аталады. Қимақ қағандығы VIII-ХI ғ.ғ кезеңінде Қазақстан аумағында өмір сүрген 3 ірі саяси бірлестіктің бірі болды. Ол үш ірі саяси бірлестік қарлықтар, оғыздар, кимектер болатын. Қимақ мемлекеті VIII ғасырда Ертістің орта ағысы өңірінде құрылды. IХ-Х ғ.ғ. оның аумағы біртіндеп құлашын жая, кеңейіп батыста Оралға, оңтүстікте Арал теңізіне дейін жетті. ХI ғасырдың басында мемлекет ыдырады. Қағанат құрамында болған қыпшақтар кимақтардан қалған мемлекеттік билікті өз қолына алып, одан ары дами түсті. Қазақстан аумағының басым көп бөлігіне иелік еткен бұл мемлекеттік құрылымдар қазақ халқының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосты. Қазіргі Орталық Қазақстан аумағындағы бірқатар археологиялық жәдігерлер мен жер атаулары қимақ кезеңінің мұрасы екені анықталуда.
Кимақ мемлекеті иемек, ими тайпаларының ұйытқы болуымен жеті тайпаның басын біріктірген мемлекеттік құрылым болғандығын тарихи жазба деректер дәйектейді. Билеуші тайпасы иемек деп аталған. Иемек сөзі жөнінде Махмұт Қашқари өзінің «Түркі тілдерінің сөздігі» еңбегінде айтып өткен. «Артыш (Ертіс) - Иемек даласындағы өзен. Ол сондағы бір көлге құяды» [1, 14-б.], - деген анықтама берген. Бұдан иемек тайпасының аты әйгілі екенін, иемек сөзі орта ғасырда этиникалық атау болумен қатар географиялық атау сипатына ие болғанын аңғарамыз. Иемектердің шығу тегі жөнінде тарихшы ғалымдар нақты бір ғылыми байламға келе алмаған, сондықтан да қазіргі отандық тарих ғылымында бұл мәселе жөнінде ортақ пікір орын алмай келеді. Мәселен, Қазақстан тарихының 1-томында Иемектер тарихының ертедегі кезеңі Қытай деректері бойынша баяндалған: «Қимақтар тарихының ертедегі кезеңі Қытай деректемелерінде VII ғасырдағы Батыс түрік қағандығы ортасында болған оқиғаларға қатысты атап өтілген янмо тайпасымен байланысты айтылған. Синологтар Батыс түріктері құрамына кіретін янмоны йемек(имек) тайпасына балайды, ол зерттеушілердің көпшілігі шамалайтындай, кимек атауының фонетикалық бір түрі болып табылады” [ 2, 322-б.].
Дегенмен янмоларды иемектер емес ежелгі Қарахан мемлекетінің ұйытқысы болған яғма тайпсы деп қарайтын зерттеушілер бар. “Яғма- Қытай деректерінде Ян миян, Ян мо, Яң мо, Яң мы түрінде оқылады, Және әр түрлі таңбамен кездеседі. М. Қашқаридың «Түркі тілдерінің сөздігінде» яғма болып жазылған. Түрік тілінде сөйлейді, Тұрмыс–салты да түріктермен бірдей. 1993 жылы шыққан «Шин Жиян тарихи сөздігінде» (48-68-б.) Әубаста Жоңғар ойпатының батыс солтүстігінде, Еміл өзені маңындағы халықтардың бәрі солай аталған. Кейіннен Балқаш көлінің батыс оңтүстігіне Памир мен Таңіртаудың түстігіне дейін бытырай қоныстанды. Моңғол үстіртіне дейін кеткендер де бар. Гаушаң (ыдиқұт) ұйғұрларына сініп кеткендері де баршылық”,- деген түсінік берілген [3, 23-б.]. Бұған қарағанда Қытай деректерінде кездесетін янмо терминін иемектерге баламалау орынды бола қоймайды.
Екінші бір көзқарастағы ғалымдар қимақтарды се-иәнто этнонимімен байланыстырады. Шығыс түрік қағандығы құлағаннан кейін се-иәнтолар Өтукен қойнауында қағандық құрды. 647 жылы Таң империясы мен ұйғұр одағы Се-иәнто қағандығын қүйретіп, се-иәнтолардың тоз-тозын шығарды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, се және иәнто сынды туыстас екі тайпаның бірігуінен құралған се-иәнто этносы Се-иәнто қағандығы құлаған кезде ыдыраған. Иәнто тайпасы се тайпасынан бөлініп батыстағы Ертіс бойына келіп, орныққан. Содан кейін қытай деректеріне иәнтолар янмо деген жана атаумен көрсетіле бастаған. Ал се тайпасы Моңғол үстіртінде қалып, қайтадан ес жиып Шығыс түрік қағандығын құрды. Орхон ескерткіштерінде түрік-сір атауымен берілген тайпа атауы осы се тайпасының түрікше дұрыс аталуы деген пікір. Бұл тұжырымның пайда болуына белгілі ғалым С.Г. Кляшторныйдың Қытай деректерінде баяндалатын се-иәнто этнонимінің тарихы мен қалыптасу құрылымына деген түсінік, пайымдары негіз болған.
“С.Г. Кляшторный, се-иәнто тайпасын түріктердің билеуші тайпасы деп тұжырым жасап ғылымға бұдан бұрын әр қайсысы жеке этноним ретінде танылған этнонимдерді негісіз өз қалауынша бөлшектеп, әуелі се-иәнтоның се-cін түрік-сір этнонимінің сыр-мен шендестіру арқылы се мен сір екеуін бір халықтың қытайша және түрікше айтылған атауы деп алып, содан кейін оларды, яғни се мен сірды түрік-қыпшақ этнонимінің екінші компоненті қыпшаққа теліп, мұны сол баяғы бір халықтың ұйғырша аталуы еді деуі қисынсыз, мұнда тарихи заңдылықтың орын алғандығын түсіну қиын” [4, 94-б.] .
Осылай деп жаза келе зерттеуші Қойшығара Салғараұлы: “Тарихта билеуші тайпа деп белгілі мемлекетті құруда жетекші рөл атқарған, сол мемелекеттің билеушілері шыққан тайпаны айтады. Осы тұрғыдан келгенде бірінші Шығыс түрік қағандығының негізін қалаушылар Пиңлиаңнан ауып келген хулар( Қытай тарихында оларды “ашина тайпасы” дейді), ал екінші Шығыс түрік қағанатының шаңырағын көтерушілердің Шили-иуәнлин (Ханьли-Юньнин) тайпасы екендігі белгілі. Түріктің дана билеушісі Білге қаған мен әйгілі батыры Күлтегіннің әкесі Шығыс түрік қағандығының негізін қалаушы ел төресі аталған Құтлық қаған осы шили-иуәнлин тайпасының билеушісі болатын ”,- деп өз тұжырымын білдіреді [ 4, 93-б.].
Дегенмен қытайша деректе “Шили-иуәнлин” деп жазылған, Шығыс Түрік қағандығын құрған тайпа атауы одан кейiнгі Ұйғұр қағандары қалдырған Селенгі тасында «түрік-қыпшақтар» түрінде жазылған. Белгілі тарихшы ғалым Сартқожа Қаржаубай өзінің «Орхон мұралары» атты еңбегінде Орхон ескерткіштеріндегі бұрын “түрік-сір халқы”, “түрік-сір жері” деп оқылып келген тіркестерді “түрік есір (тақ) халқы,” “түрік есір (тақ) жер” [5, 225-б.], - деп аударған. Бұған қарағанда сір тайпасы деген болмаған. Ол есір (тақ) деген көне түрік сөзін оқу, мағынасын түсіну барысында кеткен олқылықтан қалыптасқаны байқалады.
Осынау деректер мен фактілерден, 647-жылы Таң империясы және ұйғұр одағы соққысынан Се-иәнто қағандығы құлағанда, се-иәнто этнонимі се және иәнто топтарына бөлініп кеткендігі байқалады. Иәнто тайпасы се тайпасынан бөлініп, Ертіс өзені алабына қоныс аударды. Содан олар қытай деректерінде янмо деп көрсетіле бастаған. Иәнтолар Қимақ мемлекетіннің негізін қалады. Ал се тайпасы моңғол үстіртінде қалып кейінгі Шығыс түрік қағандығын құрған, бұл тайпаның көне түрікше аталуы сір деген тұжырымның да негізі жоқ екені аңғарылады. Олай болса қимақтар шығу тегі жағынан ертедегі қандай тайпалық одақтарға жақын? Нәсілдік тегі кімдер? деген сұраққа жауапты қимақтардың өздерінің тегі жайындағы аңыздарынан іздеген абзал. Соларды зерделеу арқылы шынайылыққа қол жеткізіледі.
Сондай-ақ Қимақтар мемлекеті жөнінде орта ғасырлық араб-парсы деректерінде едеуір мол мағлұматтар бар. Олардың ең маңыздысы Гардизидың «Заин-әл-ахбар» атты еңбегінде қимақтардың шығу тегі жөніндегі аңызды жазып қалдырған. Ол аңыз бойынша қимақтардың пайда болуы былайша суреттелген: «Татарлар елінің билеушісі қайтыс болып екі ұл қалған: үлкен ұлы патшалықты билеген. Бұл әрекетті кіші ұлы көре алмаған. Кішісінің есімі Шат еді. Шат ағасына қастандық жасап, онысы сәтсіз аяқталып, содан өз өміріне қауіп төнгендіктен, өзімен бірге көңілдес бір күң әйелді ертіп, үлкен өзеннің жағасына, ағашы мен жабайы аң-құсы мол жерге барып, шатыр тігіп, орналасыпты. Екеуі күнде аңға бірге шығып, етті қорек етіп, бұлғын, тиын мен ақ тышқан терісінен өздеріне киім тігіпті. Біршама уақыт өткеннен кейін оларға туыстарының ішінен 7 адам келіп қосылыпты. Біріншісі - ими, екіншісі - имақ, үшіншісі - татар, төртіншісі - байандур, бесіншісі - қыпшақ, алтыншысы - ланиказ, жетіншісі - Аджалад. Бұлар өз билеушілерінің жылқысын баққан жылқышылар екен. Жылқыларының көптігінен табындары өткен жерде жайылым қалмай, содан Шаттың жайлаған жеріне келіпті. Таныс адамдарды көрген күң «ертүс» деп айқай салған екен. Мағынасы тоқтаңдар, аттан түс деген сөз. Осындай себептерге байланысты өзен аты Ертіс аталған екен. Күңді танып барлығы тоқтап, жайғасып шатырларын тіккен. Аңға кеткен Шат олжалы оралып, келген жолаушыларды дәмге шақырады. Жердің жайлылығы ұнап келген адамдары қысқа дейін қалды. Қар түскеннен кейін елге қайтып оралу мүмкін болмады да, бір жағынан жайлымның кеңдігі мен молдығына қызығып сол жерде қысты өткіземіз деп қыстап қалады. Қар еріп жер қарая бастаған уақытта, олар өз жұртына – татарлар еліне бір адамды жіберген еді. Мақсаты-сол тайпа жайлы хабардар болу. Жіберілген адам бұрынғы жұртқа келгеннен кейін тұрғылықты жердің қаңырап бос қалғандығын, халықтың жоқтығын көреді. Елді жау шауып, байлығын тонап, бүкіл халықты қырып-жойып кеткеніне көзі жетеді. Қырғыннан аман қалғандары жанағы адамды көріп, таудан түсіпті. Содан сол адам Шаттың жағдайы жайлы өз қауымдастарына әңгіме айтып қызықтырып ертіп әкетіпті. Шат еліне келгеннен кейін барлығы оны өздерінің басшысы ретінде қошаметтеп, құрмет көрсетті. Басқалары да, бұл хабарды естігеннен кейін бас аяғы 700 адамдай болып сол маңға жиналды. Ұзақ уақыт Шаттың қол астында болғаннан сон, олар саны жағынан ұлғайып, айналаға тарап, аталған жеті адамның есіміне байланысты жеті тайпа құраған .....
Бір күндері Шат халқымен өзен жағасында тұрған екен. “Шат сен менің суда жүргенімді көрдің бе?” деген таныс дауыс естіледі. Шат су бетінде қалқып жүрген шаштан басқа ешнәрсе көре алмаған еді. Мінген атын тұсап, суға түсіп шашты қолына алады. Сөйтсе ол өз жұбайы қатын болып шықты. Шат “сен қалайша суға түсіп кеткенсін?”, - деп сұраған еді. Қатын: “Мені өзен жағасында жүргенде крокодил бас салды”, - деп жауап береді. Қимақтар өзенге бас иіп табынады. “Өзенді - қимақтар құдайы деп құрмет көрсетеді...”, - деп жазған [6, 9-б.]
Гардизи келтірген аңыздан кимақтардың негізін “татарлар елінен” қоныс аударған түркі тайпалары құрағандығын, билеуші әулет те сол жақта билік жүргізген көне әулеттің жалғасы, олар ежелгі мекенінен ішкі алауыздық пен, сыртқы жаугершіліктен қоныс аударғанын байқауға болады. Олардың Шат деген көсемінің болуы және Шаттың ағасының елді билеуі, осы ел билеушілерінің Түрік қағандығы билік жүйесіндегі дәрежесін де көрсетіп тұр. Яғни татар елінің билеушілерінің атағы Шаттан жоғары болған деп жорамалдауға болады. Қимақ қағандығының құрамына жергілікті халықтың қосылғанын олардың Ертіс өзеніне және оның иесі өзен айдаһарына табыну салтынан аңғаруға болады. Осы аңызды тарихи деректермен байланыстырғанда ерекше назар аударуға тұрарлық бір жайт бар, яғни мұндағы “татарлар елі,” “жеті татар,” “татарстан” деген ұғымдарға баса назар аударған жөн. Аңызда қимақтар «татарлар» елінен келгендер деп баяндалады. Мәселенің байыбы мен мәні сауал тудырады. Оған жауап ретінде қимақтар мемлекетін құрған жеті тайпаның бірі татар тайпасы болғандығын айтқан жөн. Бұл татарлар тарихының ерте кезеңін тереңірек зерттеуді қажет ететінін аңғартып тұр.
Күлтегін, Білге қаған ескерткіштерінде тоғыз татар, отыз татар деген этнонимдер кездеседі. Бұмын қағанды жерлеу салтына елші жіберген түрік вассалдары мен көрші елдердің қатарында отыз татарлар аталады. Екінші Шығыс түрік қағандығы құрылуы барысында Түрік қағанатының қайта жаңғыруына қарсы жаулар ретінде отыз татарлар аталады. Бірақ отыз татарларға қарсы соғыс жорықтары жайында мардымды мағлұмат айтылмайды, тек оғыздардың кезекті бір көтерілісінде олардың тоғыз татарлармен бірігіп шабуылға шыққаны баяндалады. Білге қаған өз өсиетін айтқан жолдарында оң жағымдағы тегін, шат, т.б туған туыстарына сол жағындағы тархан, тоғыз оғыз, отыз татар бектері тыңдаңдар деген жолдар берілген. Бұған қарағанда отыз татарлар Білге қағанға бағынса керек.
Білге қаған, Күлтегін мәтінінде отыз татарларға қарсы соғыс қимылдары туралы көп сөз қозғалмағанына қарағанда олармен билеуші әулет бір мәмелеге келген сияқты. Тек тоғыз татар деген топтары қаған билігіне қарсы аттанған көрінеді. Осы мәтінде тоғыз оғыздармен татарлардың арасында тығыз қарым-қатынас орнағандығы байқалады. Бұл Білге қағанның оғыздарды соңынан қумай ашық майдан алаңына шақыру үшін олардың барықын (барық – көне түрік тілінде ескерткіш, храм мағынасында қолданылған) бұзғанда ызаланған оғыздарға, тоғыз татарлар қосылып қаған әскерімен шайқасуға шыққан.
Сондай-ақ, Білге қаған ескерткіштеріндегі арнау сөздерде тоғыз оғыздарды, отыз татарларды, түркештерді өз халқым еді деп атап көрсету арқылы өзіне жақын тартатынын байқау қиын емес. Мұның өзі олардың генеологиялық жақындығынан хабар береді. Осынау Түркі ескерткіштерінен татарлардың түркі текті ру тайпалардан ұйымдасқан тайпалық одақ, тіпті мемелекеттік құрылым болғанын байқалады. Орхон ескерткіштерінен көрінетіндей, Бұмын қаған жерлеуі кезінде олардың жылап-сықтаушы елдер қатарынан орын алуына қарағанда Бұмын қаған кезінде отыз татарлар түріктердің вассалы болып өз билеушілерін сақтап қалған. Ал шығыс түрік қағанаты құрылу кезеңінде қағандықтың қайта түлеуіне қарсы күштерге қосылғаны үшін Шығыс түрік қағандары оларды тікелей қарамағына алып билік жүргізгені яғни, оларды бектер арқылы басқарған. Орхон ескерткіштерінде отыз татар бектері деген жолдар кездеседі.
Тарих ғылымында қимақтардың ежелгі қонысы жөнінде түрліше пікір бар. С.М. Ақынжанов Гардизи әңгімесін негізге ала отырып, Ертіс территориясындағы қимақтарды сырттан келген халық деп пайымдады. Зерттеуші Гардизи әңгімелері сол уақытта болған нақты оқиғаларды суреттейді дей келе қимақтардың алғашқы отаны Солтүстік-шығыс Моңғолияның жері деп көрсетті [6, 9-б.]. Зерттеуші мұнда тоғыз татарларының қонысын меңзесе керек. Орхон ескерткіштерінде татарлар «тоғыз татар» «отыз татар» деген атаулармен кездеседі. Сондықтан олар топтарға бөлініп, түрліше аумақтарға қоныстанған. Бұл сөзіміз дәлелді болу үшін отыз татарларының шығу тегін, орналасқан аумағын анықтаған мына түсініктемені оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері» IV-томының 196-бетіндегі Шивей сөзіне берілген түсініктемеде “Шивей - кей ғалымдар бұл «сяньбэй» этнонимінің қытайша транскрипциясының тағы бір түрі деп қарайды. Қытай деректемелерінде олардың арғы тегін «Дунху»деп атаған. IV-ХI ғасырларда олар қазіргі ҚХР Ішкі Моңғолия автономиясы, Хулуньбэйр аймағы мен соған іргелес жерлерде өмір сүрген. Алғашында олар бес тайпа болып, кейін көне түрік қағанаты кезінде олардың саны 30-дан асқан. Бұл көне түркі ескеркіштерінде «отыз татар» деп аталатын ел” [7, 196-б.].
Татарлардың түркі текті ұлыс болғандығын аңғартатын түркі аңыздары мен жазбалары бар. Мысалы, Әбілғазы ханның “ Түрік шежіресі” еңбегінде татар адам аты және халық атауы ретінде баяндалған. Нұхтың баласы Йафестен Түрік –Түтік-Елше хан- Деббақой хан-күйік хан-Алынша хан туады. Алынша хан елді екі ұлына бөліп береді. Олар татар хан және моңғол хан әулеттері болған. Оларға қараған түрік нәсілді елді татар, моңғол халқы деп атаған. ХI ғасырдағы түрік ғұламасы Махмұт Қашқари өзінің «Түрік тілдері сөздігінде» татарларды, табғаштарды, қидандарды, танғұттарды атағы кеңінен мәлім болған жиырмадан астам түркі тайпаларының қатарында атайды. Табғаштар- дунхулардан шыққан сяньбэй этнонимінің құрамына енетін тоба тайпасының көне түрік тіліне дұрыс аталуы. Дегенмен осындай ежелгі түркі деректерінің ғылыми айналымға енбеуі өкінішті. Қытай деректерінің өзінен отыз татарларының арғы тегі болған сяньбэй этнонимінің тілінің түркіше сипаты айқын аңғарылады. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері IV- томының 51-бетіндегі сяньбэй сөзіне түсініктемеде “Қытайдың «Наньцишу» кітабының «Вей жабайылар баяны» тарауында сяньбэйдің 13 лауазым атауы сақталған, бұл атаулардың түбір сөздері түгелдей түрік тілінде болған, тек оларға жалғаған «-чин» жұрнағынан кейін ғана моңғол тілінің сипаты байқалады. Мысалы түркі бітік сөзіне «-чин» жұрнағын жалғап «бітікчин» болып құралады, ғалымдардың пікірінше егер бұл сөз түркі тілінде болса «-чин» жұрнағының орнына«-чи» жұрнағы болар еді-мыс. Алайда осы «-чин» жұрнағы ертеде түркі моңғол тілдерінің ортақ жұрнағы болған болуы да әбден ықтимал [7, 51- б.].
Татар тайпасының атының жазба деректерде кеңінен танымал болуы тоғыз оғыздар құрған ұйғұр қағандығы құлағаннан кейінгі кезеңге жатады. Европа, мұсылман елдері жазбаларында татар атауы түркілерді меңзейтін болған. Қытай жазбалары солтүстіктегі көшпелі халықтардың бәрін татар деп атап, 3 топқа жіктеген. Яғни ақ татар, қара татар, орман татарлары деп атады. Татар атауының сол тұста әлемге кең тарауы мәселесі әлі де зерттеуді қажет етеді. Өйткені татар жауынгер тайпа ретінде белгілі болғанымен алып держава ретінде қалыптасқан жоқ еді. Алыстағы Европа елдеріне де татарлардың жауынгер ұлыс екендігі мәлім болған. Олардың атының әйгілі болуын тек жауынгер ұлыс болғандығымен түсіндіру аздық етеді. Рашид-адинның «Жылнамалар жинағы» шығармасында татарлардың ХII-ХIII ғасырдағы саяси тарихы туралы едәуір мол мағлұмат сақталған. Мысалға: “Олардың атағы ежелдің ең күнінен әлемге әйгілі еді. Олар көптеген тармақтарға бөлінеді. Жалпы түтін саны 70 мыңға жетеді. Олардың жайлауы, қыстауы, сондай-ақ, күллі жұрты рулар мен аталар негізінде бөлінген. Олардың жері Қытаймен щектеседі. Ал ата жұрты Бұйір-нор өлкесі. Олар көптен бері Қытай – Гурханына ( +?) салық төлеп келген еді. Татарлар үнемі көтеріліп қарсылық жасайтын. Адайда Қытай гурханы оларды күшпен қайта бағындырып отыратын”,- деп берілген [8, 114-б.] .
Жоғарыдағы мәліметтер татарлардың орналасқан мекені жөніндегі қалыптасқан ғылыми көзқарастарға күмән туғызары анық. Осы деректердегі Қытай Гурханын тарихшылар Шүршіттердің Алтын патшалығының патшасы деп түсіндіріп келген. Егер бұл деректегі Қытай Гурханы Батыс Қара Қытай Гурханы болса татарлардың орналасқан мекені жөніндегі пікіріміз уақыт өте өзгеріске түсіуі әбден мүмкін. Деректе “олардың атағы ежелдің ең күнінен әлемге әйгілі еді”,- деп жазылады. Бұдан байқағанымыздай, татар атауы Орта щығыс, Европа тараптарындағы халықтарға бұрыннан әйгілі болған.
Аталған тарихи шығармада ежелгі түрік тілдеріндегі жер-су атаулары мен адам, ру-тайпа және атақ-дәреже атаулары өте көп. Әсіресе осы еңбектегі түрік тілдеріндегі географиялық атауларды орнымен ғылыми түрде қолдана білу қажет. Бұл шығарма түрік халықтарының орта ғасырлық тарихын зерттеудегі құнды шығарма болып табылады.
Міне, осылардың бәрін жинақтай келгенде, қимақтардың шығу тегіне бәрінен жақыны татар тайпалық одағы екенін баса айту қажет. Бұған Гардизидің «Әлем шекаралары» еңбегінде берілген генологиялық аңыз негіз бола алады. Сонымен, татар тайпаларының тарихы отандық тарих ғылымында әлі де зерттеле қоймаған мәселелердің бірі екендігіне көз жеткіздік. Ежелгі татар тарихын зерттеу түркі тану ғылымын жана белеске көтеруге алып келетіні сөзсіз.
_______________
Махмұт Қашқари. Түбі бір түркі тілі. – Алматы : Ана тілі, 1993. –192б.
Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінгі күнге дейін. Төрт томдық. 1-т. – Алматы: Атамұра, 1996. – 544 б.
Дәулетхан Ә. Түркештердің этникалық құрамы және орналасу жағдайы // Қазақ тарихы. – 2001. – 21-25– бб.
Қойшығара Салғарин. Далалықтар немесе ежелгі қыпшақтар // Таң шолпан . – 2002. – № 6. – 74-105– бб .
Сартқожа Қаржаубай . Орхон мұралары. – Астана: Күлтегін , 2003. –392 б.
Артықбаев Ж.О., Ерманов А.Т., Жеңісов Ә.Т. Орта Ертіс өңірі қимақ дәуірінде. – Астана: Фолиант, 2004. –48 б.
Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. IV-том. Әулеттік тарихи жылнамалар. 2-бөлім. – Алматы: Дайк –Пресс, 2006. – 480 б.
Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын. «Түгел тауарихтың» түбінде не жатыр. – Алматы: “ Нұрлы әлем ”, 2011. –448б
References:
1 Mahmyt kashkari. Tүbі bir Turki tili. – Almaty: Ana tili, 1993. –192 b.
2 Kazakhstan tarihy. Kone zamannan bүgіngі kүnge deyіn. Tөrt tomdyқ. I-t. - Almaty Atamұra, 1996. . – 544 b.
3 Daulethan. Ә Tүrkeshterdің etnikalyқ kұramy zhane ornalasu zhaғdayy// Kazakh tarihy. 21-25b 2001. b.
4 koyshygara Salғarin. Dalalyktar Nemesu ezhelgі kypshaktar // Tan Sholpan, 2002, 74-105 b.
5 Sartkozha karzhaubay. Orkhon myralary. – Astana, 2003.
6 Artykbaev J.O., Yermanov A.T., Zhenіsov Ә.T. Оrta Yertis өңіrі kimaқ dәuіrіnde. – Astana: foliant, 2004. –48 b
Kazakhstan tarihy turaly Sinensium Super derektemelerі. IV-t. Әlettіk zhylnamalar Tarija. II - bolіm. - Almaty: Dyke –Press, 2006. - 480b.
Tileyberdi Abenaiyli Tinbain. «tygel tayarihtin tybinde ne jatir». Almati: “Nurli alem” 2011, –448b
ДУЙСЕН Орисали
ВЗГЛЯДЫ О ПРОИСХОЖДЕНИИ КИМАКОВ
В статье показаны разные точки зрения ученых об истории просхождения племен кимаков и образованияя каганата. Проанализирован термин ягма в работе М. Қашгари «Словарь тюркских языков». Приводятся мнения некоторых ученых о связах кимаков с этнонимом се-ианто и в отношении этнонима се-ианто в китайских источниках. В логической последовательности повествются о разделении этнонима се-ианто на группы се и ианто после падения каганата се-ианто, о разделении племени ианто от племени се и их пересление в Прииртышие, после этого обозначение их в китайских источниках как янмо, об ианто, которые образовали основу государства кимаков. Рассматриваются арабо-персидские источники, которые оставили достоточно много сведений о государстве кимаков, в том числе труд Гардизи «Заин-ал-ахбар» в котором рассказывается легенда о происхождении кимаков. Обращается внимание на те сведения легенды, что кимаки пришли из страны татар. Автор считает, что происхождение кимков связано с племенным союзом кимаков. Дает разные сведения о древней истории татар, поселений, рассовом происхождении,. Определены научные взгляды в отечественной исторической науке по происхождению кимаков.
Ключевые слова: кимаки, средние века, история Казахстана, каганат, письменный источник, имек, китайские источники, се-ианто, племя, происхождение, татар, легенда
Orisali Dysen
The views of the origin of Kimaks
The article describes the history of the origin of tribes formed Khanate Kimaks and therefore different views of scientists. Analyze term Yagma M.Қashgari in the "Dictionary of Turkic languages." Covers opinion of some scientists about the connection with the ethnonym Kimaks CE ianto. We present the point of view with respect ethnonim CE ianto in Chinese sources. The logical sequence povestvyutsya the division ethnonim CE ianto groups lo and ianto after falling kaganate CE ianto, the division of the tribe ianto from the tribe lo and Peresleni in Irtysh area, then marking them in Chinese sources as yanmo about ianto, which formed State Kimaks basis. Think about the Arab-Persian sources, who left dostotochno a lot of information about the state Kimaks, including labor Gardizi "Zain-al-Akhbar," which tells the legend of the origin of Kimaks. Attention is drawn to the attention of those legends that came from Kimaks Tatars. The author believes that the origin of Kimco associated with tribal alliance Kimaks. It provides various information about the ancient history of Tatar settlements, racial origin, according to their views. The scientific opinions in the national historiography origin Kimaks.
Keywords: Kimaks, Middle Ages, history of Kazakhstan, Khanate, written source Imek, Chinese sources, CE ianto, tribe, origin, Tatars, legend
Достарыңызбен бөлісу: |