Мұқағали Мақатаев өмірі мен шығармашылығы


Ұлттық болмыстың бастау алар бір көзі – тіл болса, екіншісі – тарих



бет4/16
Дата11.04.2022
өлшемі56,27 Kb.
#138885
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Байланысты:
Ақиық АҚЫН Мұқағали

Ұлттық болмыстың бастау алар бір көзі – тіл болса, екіншісі – тарих. Өз елінің, ұлтының тарихынан қол үзген адам тамырсыз ағаш іспеттес, өсуін тоқтатады. Атам қазақ шыққан тегін білмеген адамды – «тексіз», тарихына тұшынып көрмеген адамды – «көргенсіз» деген. Тексіз болу – анаңнан, көргенсіз болу өзіңнен. Білуге ұмтылмасақ, көргенді түйе алмасақ, көптің мүддесіне үлес қоса алмасақ, адамдықтан не пайда?
Міне, осы кезде біздің ойымызға Мұхтар Әуезовтың: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзі есімізге түседі. ХХ ғасырдың қазақ ұлтына әкелген игіліктерімен қатар (жаппай сауаттылық, білім, ғылым, өнер, әдебиет, өндіріс, ауыл шаруашылығының дамуы, т.б.) әкелген қасіреті де аз болған жоқ. Әсіресе ұлттық ерекшеліктің еленбеуі, өз рухани құндылықтарымыздан шеттеп қалуымыз, ұлттық болмысымызды өзгертті.
Халық пен қоғам, дәуір мен әдебиет әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста болады. Сол қоғам мен дәуірдің ақиқатын айқындайтын ірі тұлғалар әдебиет майданында қызмет етеді. Кешегі кеңестік кезеңнің «ащысын татпаса да», «ақиқаттың ауылын шырқ айналып» іздеумен ғұмыры өткен қас талант- Мұқағали Мақатаев. Ұлттық болмысы, яғни ұлттық рухы жоқ ұлт – ұлт емес. Ұлттық болмысымыз жоғалса, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, тіліміз, дініміз ұмыт болып, өзге ұлттың жетегінде кетеміз. Қазақ халқының егемендік алып, тәуелсіз ел болуы бір ай немесе бір жыл емес, сан ғасырлық жинақталған рухының жемісі. Егер бойларында ұлтқа деген патриоттық сезім, рух болмаса, тамыры терең тарихымызда бостандық пен болашақ бақыты жолында қылыш сермескен ата-бабаларымыз жеңіс тұғырынан көрінбес еді. Бір ғана Желтоқсан оқиғасы тарихымызда белең алуы ұлтымыздың бойында рухтың өшпегендігі емес пе? РУХ – тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткен күш, биіктетер тұғыр.
Ірі ақындық қуат пен азаматтық ар-намыстың көркем жемісі әр шығармасынан өрнек тауып, оқырманының ойына қанат, бойына қуат бітіріп, поэзия құдіретіне бас игізген – Мұқағали Мақатаев. Оның поэзиясында табиғат та, адамзат пен дөңгелек дүние де анау-мынау ұсақ-түйек күйкі тіршілік емес, пендешіліктен адам жоғары қасиеттерімен даралана білді. Әкімшілдік - әміршілдік билік тұсында ғұмыр кешсе де, сәбилік, ата-ана, туған жер тақырыбына бірте-бірте ұлттық рух, ұлттық тарих пен намыс деңгейіне көтеріліп, «Адамгершілік» атты ұлы сезімге ұласып, атамұра сырларын ұғуға, «Құйрық – жалы кесілген» тарих қойнауына, сыры беймәлім әрбір таңбаға үңілуден еш жалықпады..[1,5-бет] Мұқағали есімін естігенде, көңіл шіркін сан құбылады. Өйткені мен Мұқағали өлеңдерін оқып, жаттап өстім. Алғаш шәкірт атанып, мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ Мұқағали өлеңдерімен таныстым. Мұқағали деп аталатын ақын барын естіп, оның өлеңдері санамнан бір сәт кеткен емес. Балалық бал дәуреннің қызығымен бірге бойға сіңген ақын өлеңдері жан дүнием мен ой-санамды түгелдей билеп алғандай еді. Мұқағали өлеңдерін оқып отырып балалықпен қоштастым, Мұқағали өлеңдерін оқи отырып кеудеме сыймай аласұрған алғашқы сезіммен де арпалыстым. Мұқағали өлеңдерін оқи отырып әлемде махаббат деп аталатын сезім мен құдіреттің барын ұқтым. Қуансам қуанышымды бөлісетін, қапалансам қайғыма ортақтасатын Мұқағалидың өлеңдері еді. Тіпті көзге жас, көңілге мұң ұялаған сәттерімде қолыма ақынның жыр-жинақтарын алатын едім. Қолыма алып өз көңіл-күйімді дөп басатын өлең жолдарын асығыс іздей бастайтынмын. Оны көп іздеп әуреге де түспейтінмін. Өйткені жыр шумақтары үнемі мендегі өзге түгіл өзіме де түсініксіз жүрек дүрсілімен үндесіп жататын. Соныдықтан да мен Мұқағали жырларын тек қана оқып қоймай оның өлеңдеріндегі халықтық дәстүрді, нақыл сөздерді білуге құмарттым. Өйткені, қазақтың салт-дәстүрлері ақын поэзиясында өзіндік орын алады.
Тұсау кесу – қазақтың ертеден келе жатқан салт-дәстүрі. «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін» деп өлеңдетіп қазақтар сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүгіртеді, шашу шашады. Тұсау кескен адамға кәдесін береді, мәселен «Сәби болғым келеді» өлеңінде жырға қосады:
Қанаттанып өмірге ұшарымда
Кесілмесе бәрібір тұсауым да
Сәби болғым келеді, сәби болғым
Сәбиі жоқ ананың құшағында.
Бәсіре – бала жеті жасқа келгенде оған құлын, тай атайды. Бәсіреге аталған мал баламен бірге өседі. Оны бәсірен мал дейді. Мысалы, жылқышы атам – қамқоршы, асыл еді,
Әкелді де, ерттеді бәсіремді – дейді.
«Әлди, әлди ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем», деп басталатын бесік жыры ертеден құлағымызға таныс естіледі. Бесік – киелі, қасиетті мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Жаңа туған баланы бесікке салу халқымыз үшін елеулі дәстүр. Сәбиді бесікке үлкен елдегі тәрбиелі, өнегелі әжелер салған. Ауызша кездесетін бесік жырының үлгісімен жазған Мұқағали Мақатаевтың «40-жылдардағы бесік жыры» өлеңінде:
Бөпем – бөпем, бөпем-ау,
Қай жерде қалды көкең-ау
Көбісі біздің ырымның
Түкке алғысыз екен-ау! – деп мұңды жырды жазады.
Жаңа түскен келінді беташар дәстүрі жасалмай, ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі беташар жасалады. Оған туған-туысқандар тегіс қатынасады. Беташарда жас келінге тума-туысқандар тегіс таныстырылады.
Суреткер ақын осы беташар салтына байланысты туған «Беташар» өлеңінде: Боз ала ауыл жастары,
Бозбала күнін бастады.
Боз жаулық жауып қыздарға
Шаңырақ құра бастады, – дейді.
Тәбәрік беру – дәстүрі қазақ халқында ертеден бар. Ата-бабаның қастерлі бұйымдарын ұрпағына мұра етіп қалдыру оларға үлкен ескерткіш, естелік болып табылады. Ақынның «Әке, сенің тастап кеткен мұраңды» өлеңінде:
Әке – сенің тастап кеткен мұраңды
Төрт немерең көрген шақта қуанды
Терің сіңген тақияға жармасып
Алма- кезек бірінен соң бірі алды, – деп жас өскелең ұрпақты ата-баба мұрасын көненің көзіндей көруге насихаттайды.
Тағы бір «Тәбәрік» өлеңінде:
Аппақ тонын атамның тәбәрігін
Жүзге кел деп арқаңа жаба салам.
Қазақ халқы ақсақалды аталарды, ақ жаулықты аналарды құрмет тұтып, сыйлаған, төрден орын берген. «Тоқта, ботам» өлеңінде ақын:
Ей, болашақ! Қарт келеді зиялы
Кейімесін ата қыран ұялы
Сен сыйласаң, сәби шақтың бір сәтін
Атаң саған ұзақ өмірін қияды – деп, жас жеткіншек балаларды, қарттарды сыйлауға шақырады. Тағы бірде ақын:
Анам маған: -
Үлкенді сыйла деген.
Сол сөз маған ізгілік құйған екен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті
Үлкендердің өзіне сыйға берем, – дейді.
Ұйықтап жатқан баланың бетінен сүйме, шошиды деген қазақта ырым бар. Бұл турасында ақын «Бесік басында» деген өлеңінде|:
Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын рұқсат жоқ.
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге – дейді.
Қазақы дәстүрдің бірі – келген қонақты құр жібермеу, қуыс үйден құр шығармау. Ақын бұл орайда:
Бұзықтың қамшысындай иректелген
Бұзық ит, не сор сені сүйреп келген.
Тамыз, кәне, сүтіңнен таңдайыңа
Тажал неме бізді де үй деп келген – деп ойын сабақтайды.
Афоризмдерге арналған Мұқағали өлеңдері заманның тынысы мен ақынның мұңы ұштасып кеткендей. Бүгінгі күннің, бүгінгі дәуірдің,яғни,ақын өмір сүрген кездің тынысы да осы.
М.Мақатаевтың ақын ретіндегі,азамат ретіндегі бөлекше мінез жаратылысына тән қасиеті-ештеңеден бейтарап қала алмайтыны. Көзімен көріп,көңілімен бағамдаған жайды басқаға да, өзіне де, оңаша да, көпшілік ортасында да бүкпесіз, жалтақсыз қолма-қол айтады. Өзгенің айыбын да,өзінің айыбын да жасырмай бетке баса біледі.
Отан,ана туралы ақындар көп жазса да, өзгеге ұқсатпай, өзінше жырлаған санаулы ақынның төрінен де Мұқағалиды көреміз. Ақын жүрегі балаға да, далаға да, адамға елжірей тебіреніп, егіле жырлайды. Сан –салалы тақырыптағы, түрлі жанрлардағы шығармаларының жан өзегінде сол сезім мен адалдық жарасымды табиғи өмірін танытады.
Мұқағали Мақатаев поэма жанрында да ерекше қолтаңбасымен дараланды. Қазақ тарихының құбылысы мәселелеріне барумен бірге, өз өмір сүрген кезең шындығына да қалам толғады. Саяси-әлеуметтік, қоғамдық-саяси сарындағы поэмаларының өзінде шынайы көңіл шымырқаныстарына толы көркем шындықты бейнелейді. Ол поэма жанрын тақырыптық жағынан байытты, жанрлық-стильдік тұрғыдан жаңғырта түсті.
Бір өлеңінде ақын:
...Мұқағали жоғалса, қайтер дейсің,
Жоғалтапасаң болғаны ұрпағымды! – деген екен. Ақын аманаты орындалды. Өзі амандығын тілеген елі, жері, артында қалған ұрпағының бір өлеңі бір елдің мұрасындай Мұқағали поэзиясына деген ыстық ықыласы, мәңгі сөнбейтін құштар көңілі.
Ақын Мұқағали Мақатаев «Жетім күшіктер мен кәрі сырттан» өлеңінде:
Кәрі сырттан ұлуын доғармады,
Сол кеткеннен мол кетті, оралмады.
Бірақ бізге өлігін көрсетпеді.
Қиын екен жақсы иттің жоғалғаны – деп, жақсы ит өлігін көрсетпейді деген ойды аңғартады. Ақынның тағы бір өлеңі – «Сабыр» өлеңінде:
Сабыр, сабыр, әй, достым, ашуланда
Төрт тентегің құтыңды қашырғанға.
Бұл өмірде баладан асыл бар ма,
Сабыр, сабыр, әй, достым ашуланба! – деп, сабыр түбі – сары алтын деп досын сабырлыққа шақырады.
Қарап отырсақ, Мұқағали ақын өз поэзиясында көптеген халықтың салт-дәстүрін, ырым-нанымдарын өлеңдерін арқау етеді. Ақын өлеңдерін оқығанда ақынның әр өлеңінен нақыл сөздерді жиі келдестіруге болады. Мысалы, «Өмір – өзен» өлеңінде:
«Рахатқа бола бес күнгі
Ренжіте көрме ешкімді.» иә болмаса:
«Өмірді қалай сыйласаң,
Өлімді сондай жат көрме» – дейді.
Достық турасында М.Мақатаевтың нақылға толы «Қарлығашым, келдің бе?» өлеңінен үзінді келтірсек:
«Достық деген адамның көрігі екен,
Достық деген адамның серігі екен» немесе «Достық» өлеңінде:
Шоқтанып жүрген көгімде
Шолпаным бар ғой менің де,
Жолдассыз, доссыз тегінде
Өткерген өмір, өмір ме? – деп ойын жалғастырады. Ақын өлеңдерінде афоризмдер яғни нақыл сөздер өте көп. Афоризм дегеніміз – мән-мағыналары терең нақыл сөздер. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтірсек:
1 Жамандарды іздеме өзі табар
Жақсыларды табуың қиын екен
(«Мавр» өлеңінен)
2 Бір бұйымы бір үйге мұра болар
Қайран біздің аталар – ғұламалар.
(«Аққулар ұйықтағанда»)
3 Атамнан қалған мұра ізеттілік
Арымды соған қоям күзеттіріп.
(«Шуағым менің»)
4 Қазақтың мал-ырысы, малы-бағы
Қашаннан бір-біріне танымалы
(«Тау өзені тентек қой, тасып жатыр»)
Дариясы өмірдің шайқалмайды
Дәрмені жоқ бір пенде жылағанға
(«Өмір дейтін»)
Адамның ғұмырынан қысқа не бар?
Күн еңкейсе болғаны, кеш кіреді.
(«Сәби-ана» өлеңінен)
Білесің бе, ей кім көрінген?
Айтсын деп ақиқатын тіл берілген!!!
(«Сынауға тіпті құмар кім көрінген»)
Бықсып жанған қоламта емес,
Артымызда шоқ қалсын.
Болашақтың ошағында
Біз тұтатқан от жансын!
(«Болады деп арманда»)
Бас – биік қой,
Биік жерге алдымен қар түседі.
(«Бастау» өлеңінен)
Тіршілікте көрінеміз өлместей,
Тұра алмаймыз ерегіспей,белдеспей
Өтейікші біріміз бен біріміз
Өшіктірмей, өкпелетпей сен деспей
(«Қарлығашым, келдің бе?»)
Ең бір ақынның жаныма жақын өлеңі «Елім барда». Ақын бұл өлеңде үш нәрсені- халқын, тілін, Отанын бәрінен артық көретінін білдіреді. Мысал келтірсек:
Ең бірінші бақытым – халқым менің
Соған берем ойымның алтын кенін.
Тас жүректі тілммен тілімдедім
Бақытым бар үшінші – Отан деген
Құдай деген кім десе, Отан дер ем.
(«Елім барда»)
Мұқағалидың поэзиясы – қай жағынан алғанда да, тақырып, мазмұн, т.б барлығынан биік тұрған поэзия. Оның өлең әлемі – қазақтың таңғажайып жыр әлемінен тұратын керемет ғажайып әлем.
Сені іздедім жоғалған заманадардан,– дейтін Мұқағали‐біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі.Өйткені ол шынында да алауыртқан таулардан түйсік алатын, бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын. Ол асқар Алатауға кең сарыарқаны қоса құшақтауға құлаш ашқан еді.
Мұқағали поэзиясы – қымбат қазына
Фариза Оңғарсынова өзінің бір естелігінде былай деген екен: «Мұқағали – біздің заманымыздың поэзия дүниесіндегі құбылыс. Егер ол құбылысты біз бірден байыбына барып, дөп басып, тани алмасақ, бұл‐ өнердегі заңдылық. Ол‐әсіресе қызыл бояудың жылт етпе құбылуы емес, жақындаған сайын алыстап, жақындаған бояуымен құпиялана түседі. Поэзияның әрі таймас сұлулығы да, барған сайын ынтызарыңды құрта құдіреті де осы болуы керек.
Ең бірінші бақытым - Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін... –
деп өзі жырға қосқан, сенімін артқан, жырын аманаттаған «қалың ел - қазағының» өлшеусіз махаббатына бөленген, тамырын оқырман ойы мен санасына, халқының жүрегі мен жанына, елінің көкіркгі мен жанына – уақыт желі, заманалар дауылы шайқай алмас тереңге жіберген бақытты да, армансыз Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр.
Мұқағали Мақатаевтың артында қалдырған асыл сөздері мен өлеңдерінен ғибрат ала отырып, тәуелсіз Қазақстанның ұлтжанды ұрпағы болып өсеміз деп ойлаймын.
Қазақ жыры аманда, қазақ өлеңін оқитын ел аманда мына сыры мен сиқыры мол ғаламды өзінің құндағына алып тербетер құдіретті Жырдың да халқымен бірге, ұлы даласымен бірге, ұлы даласымен бірге өмір сүрері, ғұмыр кешері ақиқат.
Өнер мен Өлең мәңгілігі дегеніміз осы емес пе?
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Мақатаев М. Жырлайды жүрек: Өлеңдер мен поэмалар.//Құраст. Б.Айдарова.-Алматы: Жазушы,1989.- 496 б.
2. Мақатаев М. Өмір-өзен: Өлеңдер мен дастандар.-
3. Алматы: Раритет, 2005.- 288 б.
4. Ағыбаева А.Мұқағалимен кедесіп едім.: 9ақпан-
5. М.Мақатаевтың туған күні.//Заң газеті.-2008.-9 ақпан.
6. Ахметқали Ж.Мұқағали лирикасындағы антонимдердің қолдану ерекшелігі.//Қазақ тілі мен әдебиеті.-2008.-
7. «Егеменді Қазақстан» газеті ,9 ақпан, 2001 жыл.
8. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы ,2000 жыл.
9. «Егеменді Қазақстан» газеті ,9 ақпан, 2002 жыл.
10. «Жас Алаш» газеті 19 маусым 2003 жыл.
11. «Әдебиет» газеті, 27 шілде, 2001 жыл.
12. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы ,2000 жыл № 6
13. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы ,2000 жыл №7


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет