Әдеби KZ
«Әр Дон-Кихоттың өз Санчо Пансасы болады» дедім мен ішімнен. Сонсоң
бұрылып, өз жөніммен кетуге оңтайландым.
– Тоқта, сен қайда барасың? – деді «батырдың жолдасы» дегбірсізденіп.
– Театр осы. Керек кісілеріңізді осыдан іздеп тауып алыңыздар.
– Әй, сен тауып берсеңші, біз қалай табамыз?
Бағанағыдай емес, «батырдың жолдасы» жұмсарып қалыпты.
Бұл жолғы үні тіпті жалыныштылау болып шықты. «Батырға да жан керек»
деген емес пе, театрға келген қалың жұрттың ішінен өзіміз таба алмаспыз
деп қорыққан болуы керек.
– Ағай, сөйтсеңізші, – деп Ерғазы қоса жалынды. Мен олардың бұл өтінішін
тағы да жерге тастай алмадым. Ішке кірсем фойеде кассирден басқа ешкім
жоқ екен. Ойынның басталғанына жарты сағаттай болыпты. Бірақ билет бар
екен. Мен қойны-қонышымды тінтіп, әрең дегенде балконға кіретін билеттің
ақшасын жинап алдым. Бұл ертең тамақ ішуге тиісті ақшам еді.
Намыстанамын деп жаңағыларға ақшамның жоғын да айтпадым.
Ішке кіріп, қараңғы дәлізбен өзіміз әзілдеп «Студенттер ложасы» деп
атайтын балконға көтерілдім. Қап-қараңғы есіктен ішке бас сұқтым. Сахнада
сәнді сарай көрінеді. Бұл – Қобыландыға жау ел – Қызылбас жұртының ханы
Көбіктінің сарайы. Сарай алдында «Кек, кекелеп» өзінен-өзі қойқаңдап
батыр Қазан жүр. Осы арада сыртта қалған Тұмажан ойыма түсті де: «екі
заманның екі есер батырының бір-біріне ұқсауы-ай» дедім ішімнен.
Бір жақтан сыздана алшаңдап Алшағыр батыр және шықты. Екеуі хан қызы
Қарлығаға таласып, біріне-бірі сапы ала жүгірісіп, текедей тіресті де қалды.
Балконның ең артында түрегеп тұрып көрген бұл көрініске мен мырс етіп
тағы да күлдім.
323
Достарыңызбен бөлісу: |