Макс Лукадо сенің Қолыңнан келеді



бет1/2
Дата31.12.2019
өлшемі0,56 Mb.
#54934
  1   2



Макс Лукадо 
СЕНІҢ ҚОЛЫҢНАН КЕЛЕДІ

Мазмұны



Алғыс ……………………………………………………….3

1 тарау. Сенің қолыңнан келеді 4

2 тарау. Мысырға бару 15

3 тарау. Жалғыз, бірақ түбінде жалғыз емес 25

4 тарау. Ақымақтықты ақымақтықпен түзей алмайсың 37

5 тарау. Аһ, бұл небәрі дайындық болғаны ма? 46

6 тарау. Құдай әрекет етіп жатқанда, күте тұр 59

7 тарау. Құламайтын-күлдіргі қуыршақ 69

8 тарау. Өміріңде бәрі ойдағыдай болмағанда, құдай бұрынғысынша игі болып қала бере ме? 79

9 тарау. Өтінем, аз маз болса да ризашылық айт 90

10 тарау. Отбасылық реніштер туралы сөйлесейік 101

11 тарау. Кек қайтару масайратады, бірақ кейін… 110

12 тарау. Жоғарғы билеуші — сенің бауырың 120

13 тарау. Қоштасулармен қош айтыс 130

14 тарау. Сабырлық сақтап, берік бол 141

15 тарау. Қиындық. Құдай. Игілік 152

ОЙЛАНУ ҮШІН СҰРАҚТАР

1 тарау. Сенің қолыңнан келеді 159

2 тарау. Мысырға бару 163

3 тарау. Жалғыз, бірақ түбінде жалғыз емес 166

4 тарау. Ақымақтықты ақымақтықпен түзей алмайсың 170

5 тарау. А, бұл небәрі дайындық болғаны ма? 173

6 тарау. Құдай әрекет етіп жатқанда, күте тұр 175

7 тарау. Құламайтын-күлдіргі қуыршақ 178

8 тарау. Өміріңде бәрі ойдағыдай болмағанда, құдай бұрынғысынша игі болып қала бере ме? 181

9 тарау. Өтінем, аз маз болса да ризашылық айт 185

10 тарау. Отбасылық реніштер туралы сөйлесейік 188

11 тарау. Кек қайтару масайратады, бірақ кейін… 192

12 тарау. Жоғарғы билеуші — сенің бауырың 195

13 тарау. Қоштасулармен қош айтыс 197

14 тарау. Сабырлық сақтап, берік бол 200

15 тарау. Қиындық. Құдай. Игілік 203



Ескертулер 207

Адал, дана және Мәсіхте қуанышқа толы апай Шерил Гринге арналады. «UpWords» және «Oak Hills» қауымына қызметке сансыз көп уақыт арнағаның үшін рақмет. Сен шынайы қызметшінің үлгісісің.

Алғыс

Бас редакторлар Лиз Хини және Карен Хиллге. Жанқияр еңбектерің үшін өзім ешқашан есесін қайтара алмаспын.

Баспа командасы Дейвид Моберг, Паула Мэйджор, Лиз Джонсон, ЛиЭрик Феско, Грег және Сьюзен Лигонға, Ян Мантсингер және Памела Макклюрға. Қайта-қайта мені өздеріңнің біртума шығармашылықтарыңмен және ортақ іске деген риясыз қызметтеріңмен таңқалдырдыңдар.

Стив Грин және осы кітап арналған оның жұбайы Шерилге. Сендер ешқашан қошеметтеп қол соғуларды іздемейсіңдер және біріншілік жүлдесін басқа біреуге ұсынасыңдар, бірақ сендерге сенім артқандар, өздеріңнің көмектеріңсіз суға батқан тастай тұңғиыққа кететінін біледі.

Әдеби редактор Кэрол Бэртлиге. Сіздің және Құдайдың рақымының арқасында менің қателіктерім із-түзсіз жоғалды! Досым менің, Сіз жоғары биіктікті көздедіңіз! Сіз — біздің командамыздың мүшесі болғаныңызға мен шексіз қуаныштымын!

«OakHills» қауымының аға қызметшісі Рэнди Фрейзи және оның әкімшісі Марк Тидуэллге. Сендерді достарым деп айту мен үшін үлкен құрмет!

«OakHills» қауымына. Осы кітаптың шығуы біздің бірлескен қызметіміздің жиырма бес жылдығымен тура келеді. Құдай бізге тағы сонша бұйыртсын!

Ақсақал Дейвид Тритке. Сіздің дұғаларыңыз және бақташылық қатысуыңыз үшін ерекше алғыс.

Маргарет Мехинус, Тина Чисхолм, Эшли Росалес и Джени Падилья! Сіздер— менің жеке хаттарымнан бастап, кітап тапсырысына дейін тынымсыз бәрін қадағалайсыздар. Тағы!

Дейвид Друри, сізбен әрдайым телефон не болмаса электрондық пошта арқылы байланысуға болады. Сіздің теологиялық діни ақыл парасатыңыз — шынайы бата!

Бұл менің отызыншы публицистикалық туындым болғандықтан, электрондық пен бірге дәстүрлі кітап дүкендеріне де — отыз жылға созылған әріптестік үшін алғысымды білдіру орынды.

Менің қыздарым және күйеу балама— Дженн, Андреа, Сара және Бреттке. Менің жүрегім сендердікі, барлық ойларым — өздерің туралы.

Және менің қымбатты әйелім Деналинге. Сен — менің үңгірімдегі түнекті нұрландыратын шырақсың, маған жылу мен жарық беретін қайнар көзсің. Мен сені сүйемін.

1 Тарау
Сенің қолыңнан келеді

Әйелдің тұла бойы қалшылдады, оның иығына қолымды қойғанда онысын бірден сездім. Мен оны азық- түлік дүкенінде кездестірдім — расында осы кездесуге дейін біз бірнеше ай көріскен жоқ едік мен одан күйеуі және балалары туралы сұрай бастадым, сол кезде оның көзі жасқа толып, иегі кемсеңдей бастағанын байқадым. Бір минуттан кейін ол өзінің мұңлы оқиғасымен бөлісе бастады. Жиырма жыл бірге тұрып, үш баласына және оған көп қолайсыздық әкелген сансыз көшулерге қарамастан күйеуі оны тастап кетті. Ол жас бойжеткенге әйелін ауыстырып, жәй ғана кетіп қалды. Әйел көз жасын тыюға бар күшін салды, бірақ қолынан келмеді, сөйтіп азық-түлік дүкенінің бір бөлімі тәубе ететін жерге айналды. Қызанақ пен көкөніс будалары қойылған сөрелердің арасында ол көз жасына булықты. Біз дұға еттік, сосын мен оған: «Сенің қолыңнан келеді. Иә ауыр болады, бірақ төзуіңе тура келеді. Құдай осы қайғыны сенің игілігіңе айналдырады. Қазір жігеріңді жасытпай, албырт қиялдарға бой алдырмай, ақымақтық жасамауға тырысу керек. Бірақ үмітіңді үзбе, сонда Құдайдың көмегімен сен бұны еңсере аласың» дедім.



Екі күннен кейін маған досым қоңырау шалып, хабарласты. Оны жаңа ғана жұмыстан шығарыпты. Жұмыстан шығаруына ол өзі кінәлі болған: бастығына ақымақ және де сол сияқты орынсыз ескертулер айтыпты мен дөрекі және қорлайтын ескертулер деп айтар едім, нәтижесінде бастық, оны атқарып отырған лауазымынан босатқан. Енді міне елу жеті жастағы менеджер, экономикалық күйзеліс ушығып тұрған сәтте, көше кезіп қалды. Досым түңіліп, өміріне өкпелі еді: әйелім ренжіді, балалардың берекесі қашқан… оған, өзінің жағдайы үмітсіз емес деген кепіл керек еді, мен оған сол үмітті бердім: «Сенің қолыңнан келеді. Иә ауыр болады, бірақ төзуіңе тура келеді. Құдай осы қайғыны сенің игілігіңе айналдырады. Қазір жігеріңді жасытпай, албырт қиялдарға бой алдырмай, ақымақтық жасамауға тырысу керек. Бірақ үмітіңді үзбе, сонда Құдайдың көмегімен сен бұны еңсере аласың».

Кафеде жұмыс істейтін бір қыздың оқиғасы, біз сол кафеде танысқан едік. Ол енді ғана орта мектепті бітіріп, бір айдан кейін колледжге түсемін деген үмітте еді. Оның өмірі оңай емес екен. Ол алты жасқа толғанда ата-анасы ажырасып кеткен, он беске толғанда ата-анасы бірнеше айдан кейін қайта ажырасу үшін қосылыпты. Жақында ата-аналары, анасымен немесе әкесімен тұру таңдауын жасауға оны мәжбүрлеген. Осы туралы айтқанда, қыздың көз жасы көл болды. Онымен сөйлесуге өзімде әлі мүмкіндік болған жоқ, бірақ келесі кездескенде мен оның көзіне қарап: «Сенің қолыңнан келеді. Иә ауыр болады, бірақ төзуіңе тура келеді. Құдай осы қайғыны сенің игілігіңе айналдырады. Қазір жігеріңді жасытпай, албырт қиялдарға бой алдырмай, ақымақтық жасамауға тырысу керек. Бірақ үмітіңді үзбе, сонда Құдайдың көмегімен сен бұны еңсере аласың» деп айтамын.

Жөнсіз өтірік айттың, дейтін шығарсың? Қалайша мен осындай сөздерді оңды-солға шаша аламын? Қиындыққа ұшыраған адамдарға, оның үстіне, орға құлағандарға, осыншалық батыл уәде беруге құқылымын дегенді мен қайдан алдым? Қабырғалары тік қараңғы ор, одан бір жас бозбала өз күшімен шыға алмас еді. Шыққан күнде де бауырлары оны орға қайта итеріп жіберер еді. Дәл сол бауырларының көмегімен Жүсіп сол орға түскен болатын.
Жүсіп ағаларының қасына келгенде, олар оның киіп жүрген ұзын, әдемі шапанын шешіп алып, өзін құдыққа тастай салды. Құдық бос, суы жоқ болатын.

Мұнан кейін ағалары тамақтану үшін жерге жайғасты …



Жар.баст 37:23–25
Бұл күтімсіз қалған, жартылай құлаған қабырғаларынан үшкір, кетік ернеулері шығып тұрған және маңайда өскен шынардың тамырлары адырайған құдық еді. Құдықтың түбінде ебедейсіз, ұзын тұра, иегінде шоқша сақал үлпілдеген он жеті жасар жігіт жатыр. Аяқ қолы байланған, ол тізелерін бауырына жинап, бүк түсіп жатыр, тар құдықта әрең қимылдайды. Басы иілген жердегі құм, аузынан аққан сілекейден су болған. Қорыққаннан бозбаланың көзі шарасынан шыққалы тұр. Ұзақ айқайлаудан даусы қарлығып қалған. Бауырлары оның аяушылық таныту туралы жанайқайын естімеуі мүмкін емес. Жиырма екі жылдан кейін, елде етек жайған аштық олардың даңдайсуын, ал кінә сезімі — менмендігін басқанда, олар: «Оның жапа шегіп, жан даусымен бізге жалынғанын көрсек те, құлақ салмадық…» деп мойындады (Жар.баст 42:21).

Бұл жерде өздеріне Құдаймен келісім туралы адамзатқа жеткізу жүктелген, Ыбырайымның немерелері, яғни Жақыптың ұлдары туралы айтылады. Исраилдың он екі руы солардың атымен аталып және Иса Мәсіхтің шежіресінен орын алғандар туралы. Бір сөзбен айтқанда, егер осы жас жігіттерді Киелі Кітап шежіресі аясында қарайтын болсақ, біздің алдымызда патша отбасының мүшелері тұр. Бірақ сол күні олар өздерін қола дәуіріндегі жайсыз отбасы мүшелері ретінде көрсетті.Сол заманда теледидар болған болса, олар рейтингі көкке жеткен керемет реалити-шоудың кейіпкерлері болар еді. Шынардың көлеңкесінде орналасып, олар құдықтан жеткен Жүсіптің даусына елең етпеді, олар тек нан ғана емес, жас ет пен қолдан-қолға ауысқан шарап толы местен де жұтқан болар деп ойлаймын.Ақылсыз және тас жүректілер! Қанаханның шөл даласы сияқты тас жүректілер! Туған бауырларынан гөрі, қарын тойғызуға көбірек қам жеді. Жүсіпті олардың суқаны сүймейтін, «…жаратпай, енді онымен жылы сөйлесе алмады. …ағалары оны жек көретін еді. Жүсіпке қызғанышпен қарады <…> » (Жар.баст 37:4–5, 11).

Оның себебі келесіде еді. Әкесі Жүсіпті аялап өсірді. Жақыптың Лия және Рахила атты екі әйелі болған еді, бірақ ол тек Рахиланы жақсы көрді. Рахила қайтыс болғанда, Жақып оны естен шығармай, сүйікті әйелінің тұңғышы Жүсіпке қамқор болуын жалғастырды. Оның ағалары күні бойы жұмыстан бел жазбағанда, Жүсіп көңіл көтерді. Ағаларының киімі арзан қол болса, Жүсіпке әкесі жеңі алтын жалатылған жіппен әрленген түрлі-түсті киім сыйлады.Ағалары қатарынан сұлай кетіп, көбінесе далада қонды, ал Жүсіп болса екі адамға арналған кең кереуетте өз бөлмесінде ұйықтады. Ағалары әкесінің қойларын бағып жүргенде, сүйікті баласы Жүсіп үйде жалқауланды. Тұңғышқа тиесілі артықшылықтардың бәрін Жақып сөзсіз өзінің он бірінші ұлына берді, сондықтан кейіген ағалары Жүсіпті көргенде жерге бір түкіретін.

Жақыптың отбасы, шиеленіс кезеңді басынан өткізіп жатқанына шүбәлану, айдан анық нәрсені жоққа шығарумен бірдей.

Ағалары Жүсіпті үйден шалғай жерде, көмекке дайын әкесінен алпыс шақырым жерде ұстап алып, сөйтіп бар өштерін алды. «…олар оның киіп жүрген ұзын, әдемі шапанын шешіп алып, өзін құдыққа тастай салды…» (Жар.баст 37:23–24; курсивпен мен белгіледім — М. Л.). Осы етістік сөздерде қаншама дөрекілік пен ымырасыздық бар десеңізші! Ағалары Жүсіпті өлтіріп қана қоймай, оның мәйітін де жасыруды ойластырды. Олар алдын-ала өз қылмысын жасыру туралы сөз байласты. «…Жыртқышқа жем болыпты дерміз…» (20-шы аят).

Өзін не күтіп тұрғаны Жүсіптің қаперіне де кірмеді. Таңертең төсегінен тұрып, ол: «Бүгін мен қарапайым киінейін, себебі бүгін құдыққа құлаймын ғой» деп ойлаған жоқ. Ағаларының әрекеті оны басына жай түскендей күйге түсірді.

Сен туралы да соны айтуға болады. Жүсіп үшін терең ор — күтімсіз қалған құдық болды. Сенің жағдайыңда ор қорқынышты диагноз, отбасыдан айырылу немесе сезімдік күйзеліс болған шығар? Жүсіпті орға оны жек көрген ағалары тастады. Ал сені ше? Жұмыстан шығарып, онсыз да көп жұмыссыздар қатарын көбейтіп, сен туралы ұмытты ма? Некені бұзып, есікке сілтеді ме? Төсекке итеріп, зорлады ма? Ор өлім іспеттес, сусыз және аяусыз шұңқыр, кейбіреулер одан ешқашан шыға алмайды. Шын мәнінде, өмір дегеніміз ұзақ, қиын және қауіпті жол, оны барынша аз шығынмен өткің келеді. Мұны істегеннен гөрі, айтқан оңай, келісесіз ғой. Ордан шығу оңай емес.

Жүсіптің өмірі оңалудан бұрын, адам төзгісізге айналды. Ағалары сатқындық жасап, ол құлдыққа түсті, онда Жүсіпке арандатушылық жасалып, нәтижесінде ол абақтыға қамалды. Жүсіпті аяусыз ұрып-соқты. Сатқындық жасады және сатып жіберді. Оған нашар қарым-қатынаста болды деу, тіптен ештеңе айтпағанмен бірдей. Оған берілген уәделер, бұзылды, сатып алып берген нәрселер артынша тартып алынды. Егер іштей азаптарды, батпақты жермен салыстырсақ, Жүсіп Эверглейдске1 өмірінің соңына дейін итжеккенге айдалған еді.

Соған қарамастан ол жеңілуді ойламады. Жүрегіндегі шер, оны ешқашан дегеніне көндірген емес. Ашу, ешқашан жаман жара болып тамыр жайған емес. Жүрегі қатуланған жоқ және ол табандылығынан айырылған жоқ. Жүсіп аман қалып қана қоймай, едәуір жетістікке де жетті. Гелийге толы ауа шары іспетті, оның мансабы бұлжымастан алға өрледі. Мысырдың сарай патшасы оны өз үйінде басты уәзір етті. Абақтының бастығы оны барлық тұтқындардың үстінен қойды. Мысырың Бас билеушісі перғауын оны премьер-министр етіп тағайындады. Өмірінің соңғы тұсында Жүсіп, әлемнің ең құдіретті мемлекеттерінің бірінде ықпалы бойынша екінші орынға ие болды. Ол өз замандастарын аштықтан құтқарды деген наным, асыра сілтеушілік емес. Оның түйіндемесі қандай болған болар еді, елестетіп көрейік?
ЖҮСІП

ЖАҚЫПТЫҢ ҰЛЫ

«ТАҒДЫРДЫҢ АЯУСЫЗ СОҚҚЫЛАРЫ» УНИВЕРСИТЕТІН ҮЗДІК БІТІРГЕН

«АДАМЗАТТЫ ҚҰТҚАРУ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ

АНАҒҰРЛЫМ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКЕН
Бірақ қалайша? Қайғылы оқиғалардың қайнаған ортасында болып, ол қалай жетістікке жетті? Бұл жерде кесіп-пішіп жорамалдайтын несі бар! Сол бір орға құлағаннан бері өткен жиырма жылдан кейін, ағаларының рөлі түбегейлі өзгерді: Жүсіп тиісті биіктіктен көрінді, ал оның бауырларына аштықтан өлім қаупі төнді. Ағалары Жүсіптің алдына, Жүсіп әділдік орнатады, ағаларымен есеп айырысады — олардың өз қолдарымен қазған орға, өздерін тастайды, деп қорыққандарынан дірілдеп келді. Бірақ Жүсіп оларға ондай ешнәрсе жасаған жоқ. Ағаларына сөйлегенінен бұл адамның ниетін көре аламыз:
…Сендер маған жамандық ойладыңдар, бірақ Құдай мұның бәрін жақсылыққа соқсын деп, осы арқылы көп адамдарды аштан өлуден аман сақтап қалуға ниет етті…

Жар.баст 50:20
Құдайдың қолында ойластырған зұлымдық игілікке айналады

Жүсіп өзін осы уәдемен байлады және оған өмірінің соңына дейін адал болды. Бірақ оның басына түскен азаптарының шама-шарқын кемітпейік. Ол қолымыздан келмейді де. Оның өмірбаянының әрбір бетінде қан тамшылары мен көз жасының ізі бар. Жүсіптің жүрегі көптеген сатқындықтардың үшкір жартастарынан қанталаған еді, бірақ Құдай қайта-қайта оның жараларын емдеді. Оның жыртық киімі патша киіміне, терең ор — патша сарайына айналды. Енді ыдырағалы тұрған отбасы қайта қосылды. Құдайдың қызметшісін жоюға бағытталған зорлықтың өзі, оның есеюіне сеп болды.

Дәл мағынасы «өру» немесе «тоқу» дегенді білдіретін еврей етістігін қолданып, Жүсіп ағаларына: «Сендер маған жамандық ойладыңдар» —деді1. «Сендер жамандықты өрдіңдер, — деді ол, — бірақ Құдай оны жақсылыққа қайта өрді.

Біздің Құдай — жоғары білікті Тоқымашы. Ол жіпті иіріп, олардан оюлы маталарды тоқиды. Жалба-жұлбадан Ол барқыт тоқып, азаптардан рақат өреді. Бүкіл адамзат тағдырының жіптері Оның уысында. Бәрі Оған бағынады: патшалар, қанаушылар, Жердің ауа-райы және заттың молекулярлық құрылымы. Оның тарихты тоқитын станогында тоқыма станогының қайығы (тігін машинасының бөлшегі) негізін қалаушы жіптер — ұрпақтар мен халықтар арасынан өтіп, нәтижесінде тарихи үдерістің матасы пайда болады. Шайтан да өз өрнегін салып әлек, бірақ Құдайдың қолы ол өрнекті толығымен Өз дегеніне қарай қайта тоқуға қабілетті.

Сонымен қоса, біздің Құдай — жоғары білікті Құрылысшы. Бұл Жүсіптің сол сөздерінен көрініп тұр: «…бірақ Құдай мұның бәрін жақсылыққа соқсын деп,…2 осы жерде «соқсын деп» аударылған еврей сөзі, — құрылыстың мақсатын немесе өзім таңертеңгісін күн сайын жанынан өтетін құрылысы аяқталған нысандардың бірін білдіретін құрылыс термині3. Менің үйіме жақын жерде Техас штатында эстакаданы (жүк түсіру, тиеу жұмыстарына, көліктің өтуіне арналып, жер үстіне, су бетіне салынған көпірлік құрылыс)жөндеп жатыр.Автокөлік қозғалысының үшеуінен біреуі ғана қалды, ол күнделікті жол жүруді жүйке тоздырарлық етті.Осы бір эстакада жөндеуінің басталуы, адамзат тарихы сияқты, ғасырларда ізім-қайым жоғалады, ол басталғалы таңның атысынан кештің батысына дейін біздің төбемізден мұнаралы крандар қозғалады. Жұмысшылар, жол белгілерін бұлғап, күректерімен лақтырып, ал бірнеше миллиондаған жүргізушілер мен жолаушылар жақтырмай күңкілдейді. Басқаларды қайдам, өзім: «Бұл қашанғы жалғасар екен?» деп күңкілдеймін.

Ал менің жақын көршілерімнің осы құрылысқа қатынастары тіптен басқа. Бұл ерлі-зайыптылар кәсібі бойынша жол құрылысының инженерлері және Көлік Министрлігінде жұмыс істейді. Олар да басқа жол қозғалысының қатысушылары сияқты, сол кептелістерде тұрады және айналып өту жолдарын қолдану қажеттілігімен келіседі, бірақ басқаларға қарағанда өздерін әлдеқайда сабырлы ұстайды. Неге? Олар осындай алпауыт жобаны жүзеге асыру барысында туындайтын қиындықтарды түсінеді. Олар менің күңкіліме: «Иә, құрылыс белгілі бір уақытты алады, бірақ ол қисынды мерзімде аяқталады. Алаңдамаңыз», — деп жауап береді. Өйткені, бұл кісілер қайта жөндеу жоспарын өз көздерімен көрген.

Жүсіппен болған сияқты оқиғаларды әңгімелеп, Құдай біздің Оның жоспарларына көз салуымызға мүмкіндік береді. Одан біз шым-шытырық ретсіздіктен басқа ешнәрсе көре алмаспыз деп қорқамын! Ағалары Жүсіпті, қоқыс іспетті, орға лақтырды. Табиғи іріктеуден несі артық? Қайда көз тікпесек те, аштық және отбасы жанжалдары, құрылыс алаңында әр жерде жатқан кірпіш және цементтен босаған қапшықтар сияқты. Шайтанның жоспары зұлым және қарапайым болды: Ыбырайымның отбасын құртып, осылайша оның ұрпағы Иса Мәсіхтің көзін жою. Тозақтың жер қайысқан әскері Жақыптың ұлдарын нысана еткендей.

Бірақ қарашы, біздің Құрылысшымыз қандай кәсіби! Ол тау-тау болып үйілген құрылыс қалдықтарын тазалап, Өзі соғып жатқан конструкцияны бекітіп, Жар.баст 37:24 аятындағы («[Олар] оны құдыққа тастады..») деген бей-берекетсіздікті, Жар.баст 50:20дағы: («…көп адамдарды аштан өлуден аман сақтап қалуға ниет етті…») деген салтанатына айналғанға дейін, фермалардың итарқа бөренелерін болттармен бекітті.

Сонымен Құдай— ең жоғары білікті Тоқымашы және Құрылысшы! Ол Жүсіптің өткен өміріндегі қателіктерін түзетті. Ол сенің де қателіктеріңді түзетпейді деп ойлайсың ба?

Сенің қолыңнан келеді. Сен де қорқасың. Бәрі қорқады. Біз, сары уайымға салыну аяқталмайды, көз жасымыз тиылмайды, азаптар ешқашан аяқталмайды деп ойлаймыз. Ашуға булыққан ағаларының арқасында орға түскенде біздің әрқайсымыз: «Осы түнерген аспан қайта көгілдір түске енер ме екен? Өзімді жерге еңсерген ауырлық жеңілдей ме екен?» деген сұрақтар қоямыз. Біз өзіміздің тығырыққа тірелгенімізді, тұзаққа түскенімізді, кілтпен құлттап кеткенін, жеңіліске ұшырайтынымызды сеземіз. Осы ордан шыға аламыз ба екен?

Иә! Киелі кітапта, құтылу, аман қалу, барлық жерде құлақ тұндырарлық, албырт, шапшып атқылайтын Марди Гра1 карнавалдық тойлау кезіндегі джаз сияқты кәдімгі іс.

Даниил үшін арыстандары бар ор, Петр үшін абақты, Жүніс үшін киттің құрсағы, Дәуіт үшін төнген Ғолиат, Исаның шәкірттері үшін буырқанған теңіз, алапестер үшін жазылмайтын ауру, Тома үшін күмән, Елазар үшін табыт және елші Пауыл үшін бұғаулар…Құдай бізді барлық осы сынақтар арқылы өткізеді. Қызыл теңіз арқылы құрғақ жермен (Мыс.шығу 14:22 қар-з), шөлейт арқылы (Заңн.қайт 29:5), қап қараңғы шатқалда (Забур 22:4 қар-з) және ұлан ғайыр су арқылы (Забур 76:20). «Арқылы» деген— Оның сүйікті сөзі:
Судан өткен кезіңде саған жар боламын, —

өзендерден өткенде батып кетпейсің;

отты жарып өтсең, күйіп қалмайсың,

тіпті жалыны да шарпымайды.



Иш. 43:2
Иә, ауырсынатын боласың.Бұдан былай өзің жыламаймын немесе химиотерапияның кезекті курсынан өтпеймін деп ойлайсың ба? Күмәнім бар. Сенің бақытсыз некең бір сәтте бақытты болып кетеді ме? Әй-қайдам. Сен, зиратқа жолды біржола ұмытамын деп ойлайсың ба? Әттеген-ай.Құдай сені күнделікті күресудің қажеттігінен құтқарады және шамадан тыс рухани күшке бөлендіреді деп үміттенесің бе? Бұл өмірде емес. Бірақ Ол сенің азаптарыңды, өзің төккен әрбір көз жас бекер болмайтындай етіп, қайта тоқуға міндеттеледі.

Бірақ шыдауға тура келеді.Ағалары одан құтылған кезде Жүсіп он жетіде болатын және олармен қайта жүздескенде кем дегенде отыз жетіде болды. Әкесімен кездескенше тағы бір екі жыл өтті. Кейде Құдай асықпайды: Нұхты топан суға дайындау жүз жиырма жыл, Мұсаны қызметке дайындау үшін сексен жыл өтті.Құдай бозбала Дәуітті патша тағынан орын алуға шақырады, бірақ неге екені белгісіз оны қой бағуға қайтарады. Пауылды елшілік қызметке шақырады да, сөйтіп алып оны ұзақ үш жылға Арабияға оқшаулайды. Иса, ас үстелінен маңыздырақ бір нәрсені жасауға кіріспес бұрын, жер бетінде отыз жыл өмір сүрді. Сенің өткеніңді ретке келтіру үшін Құдайға қанша уақыт қажет болады? Бұл үдеріс белгілі бір уақытты алады. Минуттар емес, бүкіл өміріңді алуы да мүмкін.

Құдай осы қайғыны сенің игілігіңе айналдырады.Біз екеуміз — шексіз бей-берекетсіздікті көреміз; Құдай болса келешек премьер-министрді тәрбиелеп, үйретіп және емтихан алудың керемет мүмкіндігін көреді. Біз абақтыны көреміз Құдай кірпіш күйдіретін пешті көреді. Біз аштықты көреміз —Құдай Өзі таңдаған отбасының тұратын жерін ауыстырудың мүмкіндігін көреді.Біз ол жерді Мысыр деп атаймыз Құдай оны, Жақыптың ұлдарын айуан мінезді Қанаханның ықпалынан сақтап, отбасы құрамының сан жағынан едәуір өсуіне мүмкіндік беретін алдын ала қамауға алу деп атайды. Біз шайтанның тұзақтары мен айла-әрекеттерін көреміз —Құдай осы субъектінің тұйыққа тіреліп, шынжырға байланғанын көреді.

Маған ойды саралауға рұқсат ет. Бүгін сен осы замандағы Жүсіпті білдіресің. Өз жүрегіңде сен Құдайдың бөлшегін, осы әлем соншалық мұқтаж әлдебір ұлы және киеліні: даналықты, игілікті, мейірімділікті, дарындар мен таланттарды алып жүрсің. Егер шайтан сені қатардан шығара алса, мына әлем бір ізгі хабаршыға кеміді деп есепте.

Жүсіптің оқиғасы Киелі кітапқа, өзімізді кез келген зұлымдықтан үстем Құдайға сенім артуға үйрету үшін енгізілген.Құдай — жоғары білікті Тоқымашы және Құрылысшы — шайтан ойластырған зиян біздің игілігімізге айналады.Жүсіп бізге орда болудың оңай емес екенін бірінші болып айтып берді. Ордың сасық құрсағынан қандай да бір аян алуға бола ма? Әлбетте! Жоғарыдан Әлдекім төменге түсіп, бізге қолын созады деген үмітпен, ор бізді көкке көз тігуге мәжбүрлейді. Құдай Жүсіпке қолын созды. Тиісті уақытында тиісті түрде Ол саған да дәл соны жасайды.

2 Тарау
Мысырға бару

Жүсіптің қиындықтары, аузын ашқан сәтте басталды. Жайма шуақ таңдардың бірінде, таңғы асқа отыра бере ол, сүйсіне отырып, жүрек айнытарлық жай-жапсарына дейін тәптіштеп, түсінде көргенін айтып берді, оның түсіне бауланып, шеңберге қаз-қатар орналасқан, демек жинауға дайын бидай баулары кірген еді. Әр бау оның ағаларының есімдеріне ие еді: Рубен, Ғад, Леуі, Забулон, Яһуда… Шеңбердің ортасында, әлбетте Жүсіптің бауы бой көтерді. Түсінде бойын тік түзеген оның өз бауы болғандықтан, айтылғаннан қандай қорытынды жасауға болатын еді? Сендер бауырларым, маған бас иесіңдер.

Ойпырай, Жүсіп, осыны естігенде ағалары сүйсінеді деп ойлады ма екен? Оны қолдап, арқасынан қағып: «О, біз ынты-шынтымызбен сенің алдыңда тізе бүгеміз, қымбатты ініміз!», деп айта ма? Бірақ неге екені белгісіз, олар қуанбады және ашуларын әзер ұстап, оған есің барда еліңді тап деп, қуды.

Дегенмен Жүсіп түрткіні түсінбеді, сөйтіп келесі ретте оларға тағы бір түсін айтып берді. Енді баулардың орнына жұлдыздар, күн және ай болды. Жұлдыздар – ағаларын білдірді. Күн мен ай –Жүсіптің әкесін және марқұм анасын білдіретін еді. Баулармен болған жағдайдағыдай, барлық аспан денелері Жүсіптің алдында бас иді. Жүсіптің алдында! Түрлі түсті киім киген, өмірінде қасықтан ауыр ешнәрсе көтермеген осы ұсақ сұмырайдың алдында. Сонда не? Ағалары оған бас июі керек пе?

Әрине, Жүсіп жапқан аузын ашпауы тиіс еді.

Күтімсіз қалған құдықтың түбіне түскенде оған дәл осы ой келген болар. Көмек сұраған жалынулары нәтиже бермеді. Жағдайды пайдаланып, мезі қылған сөзқұмарды біржола аузын жаптыруға бел буған ағалары оны ұстап алды.

Құдықтың түбінде құрысқан Жүсіп, бір жаңа дыбыстарды естиді — арбаның сықыры және түйенің пысылдауын, бір емес екі түйе сияқты. Енді міне бейтаныс дауыстарды құлағы шалды. Жат жерліктер. Олардың ағаларымен сөйлесулерінде акцент естіледі. Жүсіп, олардың не туралы сөйлескендерін түсінуге тырысты.

— Біз оны сіздерге сатамыз…

— қанша?


— …сендердің түйелеріңе айырбастаймыз…

Жүсіп жоғарыға қарап, құдыққа үңілген бейтаныс адамдардың, бастарын түйістіріп үңіле қарап тұрғандарын көрді.

Сосын ағаларының бірін жіппен құдыққа түсірді. Ол екі қолымен Жүсіпті қапсырып ұстады, ағалары күшеніп, олардың екеуін де жер бетіне шығарды.

Көпестер, олар көпестер болатын, Жүсіпті басынан аяғына дейін қарап шықты. Олар еш қысылмастан саусақтарымен оның аузын тексеріп, тістерін санап шықты. Оның аяқ қолдарын сипап, қарап, бұлшық етінің ширығуын тексерді. Мұны көрген ағалары, «тауар» сапасына көпестердің көздерін жеткізу үшін: «Міне көрдіңіздер ме, денесін май баспаған, тұла бойы бұлшық ет. Ол өгіз сияқты күшті, демалмастан таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыс істей алады» десті.

Алыста тұрған көпестер, біраз кеңесіп, ағаларына шешімдерін айтқан кезде барып, Жүсіп не болып жатқанын түсінді.

— Доғарыңдар! Тоқтатыңдар! Жетер енді! Мен сендердің бауырларың емеспін бе! Сендер мені сата алмайсыңдар!

Ешбір сөз айтпастан, ағалары оны итеріп жіберіп, саудаласуға кірісті:

— Сонда сендердің бағаларың қанша?

— Біз он күміс төлеуге дайынбыз.

— Мазақ етіп тұрсыңдар ма? Оның бағасы отыздан кем түспейді.

— Он бес және одан бір күміс те аспаймыз.

— Жиырма бес.

— Жиырма, бұл біздің соңғы ұсынысымыз.

Ағалары күмістерді санап, Жүсіптен түрлі түсті киімін шешіп алып, жөндеріне кете барды. Тізе бүгіп, Жүсіп олардың соңдарынан зар жылады. Оның зарына құлақ аспаған көпестер Жүсіптің мойнына жіп арқанды лақтырды, оның бір ұшы арбаға байланған және беті көз жасынан сатал-сатал тұтқынға, өз иелерінің соңынан ілесуден басқа еш амал қалмады. Мұңды адымдаған жүдеу түйелер мен сықырлаған арбалардың соңына түсіп, көкжиек сызығынан көзден таса болған, алшақтаған ағаларының соңынан Жүсіп соңғы рет көз тастады.

— Көмектесіңдер!

Бірде-біреуі артқа мойын бұрмады.

«Өз ағалары… Жүсіпті Ысмайылдықтарға жиырма күміс ақшаға сатты: ал олар Жүсіпті Мысырға апарды» (Жар.баст 37:28).

Мысырға бару.Бірнеше сағат бұрын ғана Жүсіптің өміріне қызғана қарауға болатын еді. Оның әдемі киімі және әкесінің үйінде жайлы бөлмесі болды. Ол түсінде ағалары мен әкесі оған құрмет көрсететінін көрген еді. Бірақ кім тым асқақтаса, құлағанда да оңбай құлайды, осылайша Жүсіптің өмірінің астан-кестені шықты. Туған ағалары оны құдыққа тастады, оған сатқындық жасап, сатып жіберді. Енді оның жолы Мысырға түсті.

Ол бәрінен: атағынан, артықшылықтардан, жағдайдан айырылды. Ол өзі ие болған және бір кездері аламын деп үміттенген нәрсенің бәрі, із-түзсіз жоғалды. Жоғалды. Пуф! Желмен ұшырып кеткендей.

Бұл сенің есіңе еш нәрсені салмай ма? Өзің салың суға кетіп, қиналғаның; қалтаңда бақыр теңгеде қалмаған кездер; мұзда шоршыған балықтай ұрғылаған сәттерің; барынша тырысқан кездерің; жүрегің қан жылаған сәттерің; жер-жебіріңе жеткенде… алдыңда Мысырға түсер жолдан басқа, алдыңда ештеңе күтпеген кездері.

Өмір бізді аяқтан шалады.

Жүсіп Мысырға түгі жоқ болып жетті. Соқыр тиыны да болмады. Жақсы аты да енді көк тиынға татымады. Оның туыстық байланыстары –пайдасыз, қолынан келетін кәсібі — жиіркенішті болып шықты1. Шаштарын тақырлап алатын пирамида жасаушылар, сақалды және жүнді «бедуиндерден» аулақ жүрді.

Жаңа жерде орын тебу үшін өзін кеңестейтін хаттар да жоқ. Жұмысқа орналасу үшін сұранысқа ие кәсібі де жоқ. Отбасының көмегіне де сүйене алмайды. Жүсіп бір нәрседен: өзінің тағайындалуына адал болудан басқаның бәрінен айырылды.

Осы қызық түстер еврей жігітін, Құдайдың оған сенім артатынына көзін жеткізді, дегенмен Жүсіп нақ не нәрседе екенін сеніммен айта алмады. Өзін келешекте не күтіп тұрғаны туралы титтей де түсінігі болмады, бірақ түстер оның өз отбасында айрықша орын алатынын ашық білдірді. Жүсіп үшін олар құтқаратын кеудеше болды, соның арқасында барлық үміттері тас-талқан болғаннан кейін де ол су түбіне кеткен жоқ.

Әйтпесе оның аман қалғанын қалай түсіндіруге болады? Киелі Жазбада арнайы дайындық туралы да, Жүсіпте төтенше жағдайлар да аман қалудың біртуар қабілеттері болғаны туралы да ештеңе айтылмаған.Соған қарамастан Киелі кітапта оның тағдыры еліктеу үшін үлгі ретінде ұсынылған.

Отбасынан, ерекше артықшылықтардан және отанынан айырылған осы еврей жігіті, Құдай өзін назарынан тыс қалдырмайтынына бірде-бір рет күмәнданған емес.Мысырға беттеп, шаршап-шалдығып шөл даланы кезген ол: «Бұның ақыры осылай болуы мүмкін емес. Құдай мен үшін әлдебір керемет нәрсені дайындады» деп пайымдады. Ауыр шынжырларға бұғауланған ол өз-өзіне: «Жоқ, Құдай маған мұндай тағдыр дайындаған жоқ» деді. Сақал-мұрттарын жылмитып қырған, түсінікіз тілде сөйлейтін жат жерліктердің бейтаныс қаласына келгенде Жүсіп өзіне: «Құдай мені ұлы істерге шақырды» деді.

Иә, Құдай Жүсіп үшін ұлы келешек дайындады және жігіт соған сенді.

Ал сен, Құдайдың сенің өміріңе алдын ала тағайындауы бар екеніне сенесің бе?

Бақташылық қызметте төртінші онжылдықтан асып, ұзақ жылдар бойы Жүсіптің оқиғасына ұқсас әңгімелерді жеткілікті естідім деп айта аламын және сол әңгімешілердің көпшілігі баяғыда-ақ Мысырға «тіркеуге тұрған».Ауыр қаза, күдер үзу, күйзеліс … ондай жағдайда әдетте өзім қоятын сұрақ, аузымнан ыршып шығады. Егер екеуміз осы әңгімені кофе ішіп отырып айтсақ, шарықтау шегінде мен алға еңкейіп, үстелге еңістеп, сенің көзіңе тік қарап: «Бір нәрсені жоғалту мүмкін емес екені есіңде ме?» деп сұраған болар едім. Иә, сенің басыңа түскен қиындықтар сені көп нәрседен айырды. Қайғыңа ортақпын. Бірақ сенде, ешбір соққы айыра алмайтын бір нәрсе бар: ол сенің алдын ала тағайындалуың. Мүмкін осы туралы әңгімелесетін кез келген болар?



Сен Құдайдың баласысың. Құдай сені алдын-ала таныды, алдын-ала таңдап қойды.«Сендер Мені таңдап алған жоқсыңдар, қайта, Мен сендерді таңдап алдым: өздерің барып, рухани жеміс берсін…» (Жохан 15:16).Бұл өмірде сен ең алдымен Құдайдың баласысың және тек сосын қасапшысың, наубайшысың немесе ағаш ұстасысың, еркек немесе әйелсің, Азия немесе Африка тұрғынысың. Мүмкін сен, өзіңді дублер немесе запастағы ойыншы санайтын шығарсың? Оның бекер! О бастан Құдай дәл сені таңдады.

Дегенмен өмірде басқаша болып жатады. Бірде, неке қию рәсімін өткізуге бір минут қалғанда, күйеу жігіт еңкейіп, құлағыма сыбырлады:

— Жалпы мен басқа діни қызметкердің некемді қиғанын қалаған едім.

— Солай ма?..

— Бірақ, оның қолы бос болмады.

— Қандай өкінішті!..

— Оны алмастырғаныңызға рахмет сізге.

— әрқашан дайынмын.

Олардың неке қию рәсімінде мен өз атымның қасына, «м.а.» — міндетін атқарушы деп қоюыма толық құқылы едім деп ойлаймын.

Бірақ Құдайдан сен ешқашан сондайды естімейсің. Ол дәл сені таңдады. Соны жасауға міндетті немесе мәжбүр болғандықтан емес, Ол сені Өз қалауы бойынша таңдады. Сен Оның еркін, саналы және ерікті таңдауысың. Сенің лотың қойылған аукционда, Иеміз бәріне естіртіп: «Бұл Менің балам» деп мәлімдеді. Және сені «Құдайдың мінсіз де мүлтіксіз «Тоқтысы» Мәсіхтің… қанын төгуімен» (1 Пет. 1:19) сатып алды. Сен Құдайдың баласысың.

Бұл мерзімі өтпейтін даусыз дерек.

Табыттағы жазуларға сенбе— олар өтірік айтады. Сенің өміріңнің құндылығы табыт плитасына жазылған екі күннің арасындағы титтей сызықпен есептеле ме? «…жер бетіндегі «шатырымыз», яғни тәніміз күйрегенде адам қолы емес, Құдайдың Өзі жасаған көктегі мәңгілік мекенімізге, яғни жаңа денеге, ие боламыз (Қорынттықтарға арналған 2-ші хат 5:1). Өзіңді уақытша шектеулермен байлама. Сенің азаптарың, өзің сияқты мәңгі емес.

Құдай Өз Едемін қайта жасайды. Ол әлі күнге дейін, Оның қайта түрленген бейнесі және Адам мен Хауа секілділер Оның сүйіспеншілігінен ләззаттанып, бір-бірімен, жануарлар және өсімдіктер әлемімен кемелді татулықта болатын Бақта еңбектенуде. Онымен бірге біз халықтар мен елдерді басқаратын боламыз «…Егер қиыншылықтарға төзе берсек, Онымен бірге патшалық ететін де боламыз…» (2 Тiм. 2:12).

Осы уәдені қабылда. Оны ұстан. Оларды жүрегіңнің тас тақташаларына сақтап қой. Бақытсыздықтар иірімі басыңа төнгендей болып көрінгенде, оның солай емес екенін есіңе түсір. Сенің алдын ала белгіленуің әлі де сенімен бірге.

Мысырға жол менің әкеме таныс. Бірақ оны отбасы емес, өз денсаулығы жарға жықты. Олар анам екеуі ақша жинап, зейнетке шығысымен, өздерінің трейлерінде Американың барлық ұлттық саябақтарын аралап шығуды жоспарлаған болатын. Армандарының орындалуына қол созым қалғанда, әкеме «бүйірлі амиотрофиялық склероз» диагнозын қойды. Бұл, кейіннен бұлшық еттердің семіп, сал ауруына әкелетін орталық жүйке жүйесі азғындайтын жазылмайтын ауру. Бірнеше айдан кейін ол өз бетінше тамақ ішуден, киінуден және жуынудан қалды. Оған соншалық үйреншікті әлем көз алдында күйреді.

Сол кездері біз әйеліміз екеуміз Бразилияға елшілік сапарға дайындалып жатқан болатынбыз. Әкемнің науқасы туралы білгенде-мен әйеліме сапарды кейінге қалдыруды ұсындым. Өзімнің жақыным өлім аузында жатқанда-мен қалай кете аламын? Өз шешімімді бірден әкеме хабарладым. Одан іле-шала тиянақты жауап келді. Жалпы әкем хат түріндегі жанрды ұната бермейтін, бірақ бұл жолы оның хаты төрт бетте орын алып, тағы басқалардың ішінде келесі мазмұндағы ақыл-кеңес жазылды.


Менің науқасым және сендердің Риоға баруларыңа қатысты.Бұл оп-оңай және мен еш ойланбастан сендерге айтамын: «Барыңдар» Мені өліммен, мәңгілікпен кездесу еш үрейлендірмейді… сондықтан маған бола уайымдамаңдар. Барыңдар. Біздің Иемізді қуантыңдар.
Әкем дерлік бәрінен айырылды: денсаулығынан, зейнеттегі демалыстан, өз балаларымен, немерелерімен және сүйікті әйелімен сөйлесу мүмкіндігінен. Кесел аяусыз болғанымен, ағзаны түгелдей талқандай алмады. Мен: «Әке, — жоғалтып алмайтын нәрсе есіңде ме?» — деп сұрай алатын едім. Құдайдың алдын ала тағайындауы әлі де оның жүрегін жылытты.

Мысырға барар жолда біз сол туралы жиі ұмытамыз! Осы қайғылы жол жиектерінде ұмыт қалған және қабыл алмаған тағайындалулар қаптап жатыр. Біз өзімізді басымызға түскен апаттар аясында көреміз («Менен әйелім кетіп қалды, мен — нашақормын, банкротпын, бала кезімнен мүгедекпін немесе тыртықтардан бет-жүзі бұзылған адаммын»), сондықтан мардымсыз, түкке тұрмайтын армандарды қанағат тұтамыз: ақша тапсақ, достарымыз болса, беделге ие болсақ, бұлшық еттерімізді ширатсақ немесе кім болса ол болсын, әйтеуір біреуді сүйсек.

Жалынамын, ондай қателікке жол бермеші! Бәрі құрыды деп ойлайсың ба? Тіпті олай емес «Себебі Құдай уәде беріп, таңдап алғандығынан таймайды» (Рим. 11:29). Осы туралы ұмытпа, ең жақсысы — жадыңда ұста.

Мысалы, сен жұмыс істейтін кәсіпорынның басшылығы қызметкерлер штатын қысқартатыны туралы жариялады. Бастық өзіңе кабинетіне келіп кетуін айтады. Оның қаншалық сыпайы түсіндіргеніне қарамастан, жұмыстан шығу бұлтарыссыз. Енді міне заттарыңды жинастырып, жұмыс үстелін босатып жатырсың.Күмән мен үрей зорайып, күшейіп барады: «Енді есепшоттарды қалай төлеймін? Жұмысты қайдан табамын?»Үрейден ойларың шым-шытырық. Кенет өзіңнің тағайындалуың есіңе түседі: «Мен жоғалтпайтын нәрсе туралы ұмытқан жоқпын ба?»



«Бір минут. Мен әлі де Құдайдың баласымын.Және маған керемет келешек уәде етілген. Осы сәтсіз күндер де өтер, ізі де қалмас. Қиындықтар ерте ме кеш пе, шешіледі. Иеміз осы жұмыстан босатылуымды менің игілігіме айналдырады. Мен, аянбастан еңбек етемін, не болса да Құдайдан түңілмеймін».

Қандай керемет! Сен жаңа ғана қайтадан өз тағайындалуыңа сендің!

Міне тағы бір мысал. Сенің күйеу жігітің сөз байласып, атастыруларыңды бұзды. Оның адал болу туралы серттері, үйлену туралы сөз салуымен бірге, басқа қызбен танысқан сәтте-ақ ізім-қайым жоғалды. Сатқын. Оңбаған. Жексұрын. Сен өзіңді, Жүсіп іспетті орға тасталғандай сезінесің, бірақ түңілудің орнына, сен Жүсіп сияқты Құдайдың өз өміріңе қатысты ой-ниетіне үңілуді шешесің. Мұндай жағдайда бұл оңайға соқпайды, себебі өзіңді ренжіткен адамға есесін қайтару тілегімен күресуге тура келеді. Осы еліктіруді жеңіп, сен өзіңнің тағайындалуың туралы ойлана бастайсың. «Мен Құдайдың баласымын. Маған керемет келешек уәде етілген … және менің қарс айрылған жүрегім оған кедергісін келтіре алмайды. Маған опасыздық жасаған еркекке қарағанда, Құдай Өз уәдесін ешқашан бұзбайды».

Құдайдың кезекті жеңісі.

Құдайдың тағайындалуына «иә» деп жауап берсек, Мысырдан да аман шығуға болады.

Әкем қайтыс болғаннан кейін жылдар өткенде, онымен өмірінің соңында кездескен әйелден хат алдым. Джинджер баратын жексенбілік мектептегі сабақтардың бірінде балаларға, қауымдағы сырқат немесе дәрменсіз адамдарға денсаулық тілеген ашық хаттар әзірлеу туралы тапсырма беріледі.Түрлі түсті қағаздан қыз ашық қызғылт түсті ашық хат әзірлеп, оны жапсырмалармен безендіріп, жиектемеге қояды. Ашық хаттың ішкі тұсында: «Мен сізді жақсы көремін, бірақ Құдай Сізді одан да қатты жақсы көреді» деп жазды. Оның анасы тәтті нан пісіріп, екеуі науқастың көңілін сұрауға барады.

Менің әкем төсек тартып жатты. Оның санаулы күні қалып еді. Ол өте әлсіз және сал болып қалған еді. Әлі де қолын қимылдата алғанымен сырқатынан қолдарының білектері құрысып қалған.

Қалай болғанын білмеймін, бірақ Джинджер біраз уақытқа әкеммен оңаша қалыпты, сонда оған алты жасар бала айтатын сұрақты қойыпты:

— Сен көп ұзамай өлесің бе?

Қыздың қолына қолын тигізіп, әкем оған басын еңкейтуді өтінеді.

— Иә, көп ұзамай. Қашан? Білмеймін. — Джинджер әкемнен өлімнен қорықпайсың ба деп сұрапты. Ол: жоқ, мені аспан күтеді — деген. — Онда мен Көктегі Әкеммен бірге боламын. Мен Онымен бетпе-бет кездесуге дайынмын.

Осы уақытта біздің аналарымыз, оның және менің анам бөлмеге қайта оралады. Джинджер:


Сіздің ата-анаңызды қолдауға тырысып, анам күлімсіремек болды, ал мен болсам екі езуім құлағыма жетіп, шынайы нағыз күлкіге ерік бердім, сонда Сіздің әкеңіз де күліп, маған көзін қысты.

Осының бәрін Сізге, менің отбасым Кенияға көшіп бара жатқандықтан айтып беріп отырмын. Біз Үнді мұхитының африкалық жағалауында тұратын халыққа Иса туралы айтқымыз келеді. Өзімізді алда тосып тұрған қиындықтар мен аурулар туралы естіп-білгендіктен, балаларым үшін үрейленемін.Өзіме келетін болсақ, өлімнен қорықпаймын, себебі басыма түсуі мүмкін ең қорқынышты нәрсенің өзі — мені Көктегі Әкеммен бетпе-бет кездесуге алып келеді».

Сіздің әкеңіз маған, жердегі өмір — басқа дүниеге өту, ал өлім — қайта туылу екенін көрсетті.
Бір аяғымен көрде тұрған адам, өлім туралы ойлғанда кішкентай қызға көңілдене көзін қысты. Ол өмірдегі бәрінен айырылды ма? Бұл тек сырт көзге солай сияқты. Өмірінің соңында әкемде, жоғалтуға болмайтын нәрсе бұрынғысынша болды.Саған не айтатынымды білесің бе? Ол бәрінен де шынымен осыған мұқтаж еді.

3 Тарау
Жалғыз, бірақ түбінде жалғыз емес

Мелани Джаспер, ұлы Купердің күліп туылғанын, оның бет шұңқыры ешқашан кетпегенін айтады. Кішкентай Купер жалпыға сүйікті еді, жұрттың бәрі оны жақсы көретін: үлкен үш әпкесі, ата-анасы, апасы және атасы, мұғалімдері мен достары. Ол күле білетін және адамдарды сүйетін. Оның әкесі Джей-Джей, ешкімді алаламастан ұлын мінсіз бала деп санайды.

Купер бағына қарай үлгілі отбасыда туылды ақкөңіл, Құдайды іздейтін, Мәсіхті аңсаған фермерлер Джей-Джей және Меланидің қала сыртындағы үйінде, олар өздерін толықтай өздерінің төрт баласына арнады. Джей-Джей әрбір бос минутын жалғыз аяулы ұлына бөлуге тырысты, міне сондықтан 2009 жылы 17 шілдеде олар баггимен1 жүйіткуге барды. Жалпы олар бірге шөп ормақшы болған, бірақ көгал шабатын машинада оталдыру бағанасын ауыстыру керек болады және Мелани оны сатып алуға қалаға барып келгенше, Джей-Джей мен бес жасар Купер, дамылдауды пайдаланып, шағын ралли жасайды. Мың сан рет осы ермекке беріліп, олар өздерінің спорттық автомобильінде қара жолда жүйткігені сонша, құлақтарын жел есетін. Бәрі әдеттегідей болатын: сол жол, жылдамдық та сол, кенет бірнәрсе «тарс» етті де, теп-тегіс жерде Джей-Джей басқарған багги, қауіпсіздік белбеуін сенімді байлаған Купермен аударылып кетті.

Купер есінен танды. Джей-Джей бірден «911» қызметіне қоңырау шалды, сосын Меланидің нөміріне телефон шалды. «Бақытсыз жағдай болды. Біздің Купер аман қалмайтын сияқты, — деді ол әйеліне. — одан кейінгі сағаттар кез-келген ата-ана үшін сұмдық сағаттар болды: жедел жәрдем, жан сақтау бөлімі, зар еңіреу, естен тану. Ақыр соңында: «Өкінішке орай сіздің балаңыз жан тапсырды» деген хабар. Енді міне Джей-Джей мен Мелани қорқынышты, ақылға сыймайтын нәрселерді жасауға: табыт таңдап, жерлеуді ұйымдастырып, сүйікті ұлдарынсыз одан арғы өмірлерін елестетіп көруге тиіс.

Олар белгілі бір уақытта естерінен танғандай жағдайда болды. Таңертең оянып, екеуі бір-бірін құшақтап, тоқтай алмай зар еңірейтін. Төсектен тұруға еңселерін әзер көтеріп, олар өздерін күтіп отырған отбасы мүшелері мен достарына бірінші қабатқа түсетін, сосын күні бойы үй ішінде мақсатсыз әрлі-берлі жүретін, сөйтіп тағы да ұйықтайтын уақыт келгенше бұл солай жалғасатын. Сонда олар төсекке жатып, бір-бірін құшақтап, қалғып ұйықтап кеткенге дейін жылайтын.

Джей-Джей маған: «Бұл дүниеде ешбір кітап, ешбір психологиялық қолдау тобы, сізді күндердің бір күнінде қолыңызда бес жасар балаңыздың өлгенін көруге дайындай алмайды. …Тұңғиықтың түбінде болудың не екенін біз білеміз» деді1.

Тұңғиықтың түбі. Біздің өміріміздің көп бөлігі бүкіл өміріміздің өзі аңғарлар мен далаларда өтеді, үйлену, қызмет бабында көтерілу немесе баланың туылуы сияқты, кей кездері шыңдарға жетіп жатамыз. Негізінен біз бірқалыпты және бір ырғақта өмір сүреміз: демалыстардан кейін көршілерді қалаға жеткізудің кезегі келгенде кішкене күңкілдейміз, салық декларациясын уақытылы өткіземіз және кешкі асқа не дайындасақ екен деп ойланамыз.

Бірақ кейде осы өзімізге таныс әлем астан-кестеңі шығып, біз тұңғиық түбіне кетеміз. Жүйткіген баггидің аударылуы, жылжымайтын мүлік нарқының құлауы, онкомаркерлерге тапсырған қан анализінде растаған нәтиже — есімізді жиып үлгірместен, өзіміз тапталып, ордың ең түбінде жатамыз.

Жүсіп үшін ордың түбі, Мысырдағы құлдар аукционы болды. Сауда-саттық басталып, өзінің қысқа ғұмырында ол екінші рет сатып алу-сатудың нысанасына айналды. Жақыптың сүйіктісіне саусақтарын шошайтып, шымшып, үстінде бит жоқ па деп тексерді, — қысқасын айтқанда — жұмысқа жегетін мал сияқты тұс-тұстан қарап тексерді. Ақыр соңында оны патша сарайының лауазымды қызметшісі, перғауынның оққағарларының бастығы Потифар сатып алады. Жүсіп, бөтен елдің тілін де, мәдени дәстүрлерін де білмеді. Оған дәмі бөтен тағамдарды жеуге, қажытатын жұмысты істеуге тура келді, өмір жағдайларын да жағымды деп айтуға қиын еді.

Сондықтан, Жүсіптің оқиғасының кезекті тарауын аударып, бейшара тұтқын бой алдыратын, үмітсіздіктен түңілу, ашуға булығу және зардапты әдеттердің көрінісі туралы әңгімеге дайын болайық. Ол солай болады емес пе? Жоқ, олай емес.

«Жаратқан Ие жар болғандықтан, Жүсіптің қай нәрседен де жолы бола кететін. Осылай ол мысырлық қожайынының сарайында тұрып қалды» (Жар.баст 39:2). Мысыр еліне Жүсіп үстіне киіп келген киімі мен жүрегіндегі Құдайдың шақыруын сақтағаны болмаса, тұлдыр күйінде жетті. Соған қарамастан, көп ұзамай, сол тараудың төртінші аятында-ақ, біз оның қожайыны перғауынның қауіпсіздік қызметінің бастығы Жүсіпті үйіне бас қызметші етіп тағайындап, қолындағы бар нәрсенің барлығын оған тапсырғаны туралы оқимыз. Оқиғаның осылай өрбуін қалай түсіндіруге болады? Өте қарапайым. Жүсіппен бірге Құдай болды.


Жаратқан Ие жар болғандықтан, Жүсіптің қай нәрседен де жолы бола кететін…

2 аят
Қожайыны Жаратқан Иенің Жүсіпке жар болып,…көз жеткізіп.

3 аят
…Жаратқан Ие оның өзін де, үйіндегі барлық иелігін Жүсіпке бола жарылқап…

5 аят
…үйіндегі және даладағы барлық (Жүсіп) иелігін де жарылқап, батасын берді.

5 аят
Жүсіптің оқиғасы «Өзіңе өзің көмектес» деген сериядағы сансыз көп кітаптардың ешбіріне және біздерді «ішкі қорларды («тереңірек қазуды») іздеуге шақыратын «жетістіктің құпиясының» бірде-бір формуласына ұқсамайды. Осы тәлім берерлік оқиғаның айрықша ерекшелігін басқа бағытта («жоғарыға қарап») іздеу керек. Жүсіп, сәбиді көрпеге орағандай, өз өміріне Құдайдың қатысуының арқасында жетістікке жетті.

Бәлкім сені де Құдай солай орайтын шығар? Өзінің Мысырға түсуі туралы әңгімені әркім айтып бере алады. Күйзеліс жағдайлар лексикасын ешқашан зерттемегендіктен, ауыз-екі сөйлесуді білместен, үйден алшақта, жалғыз, тіршілік етуге қаржысы жоқ, үміттері күл-талқан болған, достары тастап кеткен жағдай. Сондай жағдайда кімге арқа сүйейміз? Құдайға.

Дәуіт: «Сенің Рухыңнан мен қайда қашпақпын, көз алдыңнан қайда жасырынбақпын? (Забур 138:7) деді.Сөйтеді де Құдай барлық жерде деп өзі жауап береді: «Көкке көтерілсем, сол орындасың, түңғиыққа түссем де, Сен сондасың. Таң шапағына қалықтап ұшсам да, не теңіздің ар жағына қонсам да, сол жерде де мені қолың жетелеп, құдіретті қолың ұстайды демеп» (8–10 аят).

Жүсіп осы аяттарды келесідей айтар еді:«Сенің Рухыңнан мен қайда қашпақпын, көз алдыңнан қайда жасырынбақпын? Күтімсіз қалған құдық түбіне құласам да… құлдар базарына түссем де… бөтеннің үйіне тап болсам да… сол жерде де мені қолың жетелеп, құдіретті қолың ұстайды демеп».

Егер осы аяттарды сенің жағдайыңа сай, қайта оқыса, келесідей болады: «Сенің Рухыңнан мен қайда қашпақпын, көз алдыңнан қайда жасырынбақпын? Жансақтау клиникасына… қарқынды терапия бөлімшесіне ме… соғыс әрекеттері болып жатқан зонаға түсемін бе… зорлық зомбылық көрген әйелдерге арналған панаға түсемін бе… аймақтық түрмеге түсемін бе …сол жерде де мені қолың жетелеп».

Құдай болмайтын, Ол жоқ жерді сен ешқашан таба алмайсың? Елестетіп көрші, бірнеше сағаттан кейін сен қайда бола аласың. Мектепте ме? Құдай мектеп бөлмелерінен кетпейді. Жылдам жүру рұқсат етілген тас жолдарда ма? Ол жерде де Оның болатыны саған кепілденген. Госпитальдың ота жасау бөлмесінде ме, директорлар кеңесінің отырыс залында ма, жақын туыстарыңның қонақ бөлмесінде ме, жерлеу бюросында ма? Құдай ол жерде де бар. «…Ол әрқайсымыздан алыс емес…» (Елш.істері 17:27).



«Әрқайсымыздан».Құдайдың сүйіктілері жоқ. Оның қатысуымен бәрі рахаттана алады— қаланың шулы махаллаларын мекендейтіндер де, таулы аңғарларда жоғалған ауыл тұрғындары да, тропикалық джунглиде тастап қалып кеткен ауылдағылар да. Бірақ, осы артықшылықты көпшілігі қолданады деп айта алмаймыз. Керісінше, адамдар ешқандай Құдай мен Оның шартсыз сүйіспеншілігі атымен жоқ сияқты өмірді кезеді. Олардың үлесіне тигені — өз күштеріне сенім арту сияқты. Даналықты ешқайдан ала алмайтындай, оны көктен емес өздерінің миынан табатын сияқты. Олар Құдайсыз әлемде өмір сүреді.

Бірақ біздің арамызда Құдайды сезетін, Оның қатысуын байқайтын және ажырата алатын— Жүсіптер бар. Мұса сияқты, Иеміздің соңынан еретіндер бар. Азат етушінің желкесіне бұрын құл болған екі миллион халықты басқару уайымы түскенде, ол: «Мен бұл адамдардың бәрін қалай тамақтандырам? Оларды жауларынан қалай қорғаймын? Біз қалай аман шығамыз»? деген сұрақ қойды. Мұсаға азық-түлік қоры, көмекшілер, жабдықтар және тәжірибе керек болды. Бірақ Құдайдан көмек сұрап, ол: «…егер Өзің бірге барып жар болмасаң, бізді бұл жерден уәделі елге апара көрме…» деді.(Мыс.шығу 33:15).

Мұса Құдайсыз басы ауған жаққа барғанша, Құдайдың соңынан қайда болса да баруға дайын болды.

Дегенмен, өзі қолдан жасаған Мысырға түскен Дәуіт патша сияқтылар да жоқ емес. Өз әскерлерінің бірінің әйелін еліктіріп, ол мұнысын кісі өлтірумен және өтірікпен бүркемелеуден артық еш нәрсе ойлап таппады. Ол Құдайдан бір жыл жасырынды, бірақ мәңгілік солай жалғаса беруі мүмкін емес еді, сонда патша жасаған ісінің өнегесіздік екенін мойындағанда, ол Құдайдан тек бір нәрсені: «Қасыңнан мені қуып шыға көрме, Киелі Рухыңды менен ала көрме» деп өтінді (Забур 50:13).

Дәуіт: «Менен патша тағын алып қоймашы. Менен әскерімді алып қоймашы» деп сиынған жоқ. Дәуіт өз өмірінде — Құдайдың болуы — ең маңызды екенін әбден түсінді, — сондықтан Құдайдан өзін Одан айырмауын жалбарынды.

Оның үлгісіне ерейік. Құдайдың қатысуын өз ұмтылысымыз етейік. Қалайша? Жүрегімізді тасқа емес, су сіңіргіш ысқыш іспетті етейік. Тасты теңізге тасташы, оған не болар екен? Оның сырты су болады, ол кішкене түсін де өзгертуі мүмкін, бірақ оның тұла бойы, болмысы бұрынғыдай қалады. Ал енді дәл соны су сіңіргіш ысқышқа жасашы, сонда сен оның бірден өзгергенін көресің. Су сіңіргіш ысқыш теңіз суын бойына сіңіреді, су оның тұла бойына еніп, оның болмысын өзгертеді.

Тұнық мұхиттың суы барлық жақтан ұласып жатқаны сияқты Құдай да бізді қоршайды. Шешім қабылдау біздің үлесімізде, тас немесе су сіңіргіш ысқыш боламыз ба? Қарсыласамыз ба әлде шақыруға жауап қатамыз ба? Өзіңдегі менмендігің сені жүрегіңді қатуландыруға: Құдайдан қашуға, Құдайға қарсы шығуға, Құдайды айыптауға шақырады.

Бірақ абай бол: қатуланған жүректерге сауығу қол жетпесте. Жұмсақ, су сіңіргіш ысқыш сияқты көнбіс жүректез сауығады. Жан-тәніңмен Құдайдың қатысуына ашыл, оны қалай істеу керек екенін мен саған айтамын.



Өзіңнің Құдайдың қатысуына құқылы екеніңді мәлімде «…Мен сені ешқашан тастап та кетпеймін, жалғыз да қалдырмаймын…» (Евр. 13:5). Осы үзіндінің грек түпнұсқасы бақандай бес рет теріске шығаруды қамтиды. Оның ықтимал аудармасы мынау: «Мен сені ешқашан қалдырмаймын; еш жерде және еш себепсіз сені тастап кетпеймін»2. Осы уәдеге, құтқару белдемшесіне жабысқандай жармас, ол шынымен де сондай. Өзіңді азаптайтын күмән мен үрейді бас көтертпей тастамайынша, оны қайта-қайта қайталай бер.«Құдайың Жаратқан Ие араңда тұр! Ол — батыр іспетті құдіретті Құтқарушы саған қатты шаттанады, сүйіспеншілігімен сені тыншытып, саған қуанып мерекелейді» (Соф. 3:17).

Құдайдың қатысуын сезінуді жоғалтып алуға болады. Әйүп оны бірде жоғалтты. «Бірақ шығысқа қарай жүрсем, Ол онда жоқ, батысқа қарай жүрсем, Оны сол жерден де таппаймын. Солтүстікте әрекет еткен кезінде де Оны көре алмаймын, оңтүстікке бұрылсам, Оны сол жерден де байқай алмаймын» (Әйүп 23:8–9).Әйүпке өзі Құдайдан алшақтап кеткендей көрінді, Құдайдың қатысуын сезіну қабілетінен айырылғанына қарамастан, ол: «Құдай жүретін жолымды жақсы біледі. Ол мені сынап тексергенде, алтын сияқты таза болып шыға келемін» (10 аят) деген қорытындыға келеді. Қандай батыл мәлімдеме! Бірақ сыналатын күндер бізден табандылықты және сенімді талап етеді.

Забур жыршысы да өз таңдауын жасады:
Қорыққанда,

Қорыққанда Саған сенім артам

Забур 55:4; курсив менікі М. Л.
Жан дүнием, неге сен мұңаясың,

бойымда алаңдап неге мазасызсың?

Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе!

өйткені Құтқарушымды — өзімнің

Құдайымды мадақтаймын әлі де.

Забур 42:5
Құдайдың қатысуымен, жақсы көңіл күй немесе оң ойлаудың арасында тең белгісін қойма. Біз бақытты болайық, әлде бақытсыз болайық, оған қарамастан Ол әрдайым жанымызда. Кейде өз сезімдерімізді сілкіп алып, есікке сілтеу қажет.

Құдайдың қаншалық керемет екенін есіңе түсір.Киелі кітапты оқығанда, біздің Құдайымыздың қандай керемет қасиеттерге ие екенін белгілеп, есіңе сақта. Өзімдегі Оның ізгі қасиеттерінің тізімі келесі қасиеттерді қамтиды: «Құдай бұрынғысынша Өз тағында отыр. Ол менің есімімді біледі. Періштелер де Құдайдың даусына бағынады. Билеушілердің жүрегі бұрынғысынша Оның қолында. Исаның құрбандығы әлі де адамдардың жанын құтқарады. Құдайдың Рухы бұрынғыдай Оның киелілерінің бойында. Оның аспаны бұрынғысынша жақын, оған тек қолыңды созсаң болғаны. Зират әлі күнге дейін жүкті ауыстырып тиейтін орын. Құдай бұрынғыдай адал. Құдайдың үстінен аңдаусызда түсу мүмкін емес. Ол бәрін Өзінің даңқына және барынша менің игілігіме айналдырады. Бірде бір қасірет Оған Өз еркін орындауға кедергісін келтіре алмайды, ал Оның еркі игілікті, ұнамды және кемелді. Кешке жылап-сықтау болса, ал таң ата қуаныш тосып тұрады».

Джей-Джей Джаспер, ұлы Купердің қаза болғанын үлкен қызына хабарламас бұрын, оны осы хабарға былай деп айтып дайындады: «Мен, сенің өзіңе Құдай туралы белгілі барлық жақсы нәрсені есіңе түсіргеніңді қалаймын, себебі мен саған шынымен де әлдебір жаман хабарды айту керекпін». Қандай құнды кеңес!

Барар жер, басар тау қалмағанда, адамдар екі қолымен Құдайдың өзгермейтін болмысына жармасады.


Жаным күйзелгенде,

тек Оған сенім артамын мен3.


Ауыртпалығыңды дұғада айт.Үстелді жұдырығыңмен қойып қал немесе басыңды қолдарыңмен қапсыра ұста, бөлме ішінде әрлі-бері адымда. Бұл қиналған жүректен шығатын дамылсыз, табанды дұғалар уақыты. Құдайға ашулануға бола ма? Оның әдістерінен көңіл қалуға бола ма? Оның амал-әдістерін мінеп-сынауға бола ма? Ол туралы не ойлайтыныңның бәрін Оған айт. Біліп жүрсін! Еремия дәл солай істеді, оның үстіне бірнеше рет. Саяси төңкеріліс және экономикалық жаппай күйреу жылдары, осы көне пайғамбар Иерусалимнің рухани жетекшісі болды.Жаудың басып кіруі, апат, тұтқын, аштық, өлім — осының бәрін Еремия өз көзімен көрді. Ол өз дұғаларында дұғаны көп айтқаны соншалық, оларды жазып алып, «Еремияның жоқтауы» деп атады.
Ол [Құдай] айдап жүргізді мені

жарық емес, түнекпен.

күн ұзағына Ол өзімді ұрғылай береді,

ет пен терімді шірітіп, сындырды сүйектерімді,

Зор азап, ауыртпалықпен мені қоршап алды

ежелде өлгендердей түнекте отырғызды

шықпастай қоршап, Ол мені қоламен шынжырлады.

Қатты шақырсам да, дұғама құлақ салмады…



Еремияның Жоқтауы 3:2–8
Еремияда осындай ыңқылдар бес тарауға дейін жиналды, «Еремияның жоқтауы» мазмұнының көп бөлігін дегенмен екі сөзбен түйіндеуге болады: өмірді сүріп болмайсың! Құдай осы кітапты Киелі кітапқа не үшін енгізді? Мүмкін Ол, біздің де жұбанышсыз пайғамбардың үлгісіне ергенімізді білдіргісі келген шығар?

Іркілме, сөйтте Оған өзіңнің шағымдар кітабыңды арна. «…Оның алдында тілегімді ақтардым: қасіретімді Оған түгел аштым» (Забур 141:2). Құдайды сенің ашуға булыққан өксіп жылауларың шошытпайды, себебі Исаның Өзі «қатты дауыстап сиынып, көз жасын төгіп жалбарынды» (Евр. 5:7). Құдайдың алдында жұдырығыңды түйіп, Оған зығырданың қайнау, Одан теріс айналудан жақсырақ. Бақытты Августин: «терең тұңғиықтан Құдайға жалбарынбайтын адамдар, қандай терең тұңғиыққа түскен»4 деді.

Бастапқыда саған осы сөздер шынайы емес және бос болып көрінуі мүмкін. Мұрныңмен бірдеңелерді мыңғырлап, сен қиналып қажет сөздерді іріктей бастайсың, бірақ берілме және сезімдеріңді жасырма.

Құдайдың адамдарына арқа сүйе.Гималай тауларына қашуды доғар. Адам тұрмайтын аралға көшу туралы ұмыт, себебі ол дүниеден безген дуанаға айналу үшін ең қолайсыз уақыт. Одан да Құдай қауымы кемесінің түбіне тас болып жабысқан ұлуға айнал, «өйткені екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде араларыңда боламын» (Матай 18:20; курсив менікі — М. Л.).

Науқас ауруханадан қаша ма? Аш адам азық-түлік қоймасын шақырым жерден айналып өте ме? Рухы құлазыған адам Құдайдың үмітін үлестіру орталығынан бас тарта ма? Есі дұрыс емес адам ғана солай етеді. Құдайдың халқы — Құдайдың қатысуының кепілі.

Бірде Мұса мен исраилдықтар амаликтермен соғысты. Исраил қауымдастығының ақсақалы (патриарх) соғысты жүргізудің қызық тәсілін таңдады. Ешуа Нұнұлына аңғарда соғысуды тапсырып, өзі дұға ету үшін тауға кетеді.Бірақ дұға етуге бір өзі емес, екі көмекшісін-Һарон мен Һұрды ала кетеді. Ешуа Нұнұлы соғыс шебінде соғысып жатқанда, Мұса рухани соғысты жүргізді. Һарон мен Һұр Мұсаның екі жағында тұрып, оның сиынып көкке көтерген екі қолын ұстады. Исраильдіктер Мұсаның дұғасының арқасында жеңіп отырды. Ал Мұса, жалғыз емес бірнеше адам болып дұға етуінің арқасында жеңіске жетіп отырды.

Менің әйелім Деналинде соған ұқсасты жасады.Бірнеше жыл бұрын ол ауыр депрессиямен күресті. Әрбір жаңа күн ол үшін көмескі, машақаты толы шулы өмір — бастауыш мектепке баратын екі бала, үшіншісі — балалар бақшасына, оған қоса ылғи үйде болмайтын еңбекқор күйеу — қуанышы аз, ұшы-қиыры жоқ болып көрінді. Бұл оның жай-күйіне әсер етті. Депрессия арамыздағы ең күштілерді құлатуға қабілетті, ол әсіресе бақташының әйеліне төзуге болмайтын нәрсе, себебі қауымға келушілер, ол қуаныштан көздері жайнап, тістеніп алып өмірдің бар ауыртпалығын көтеруі тиіс деп күтеді. Бірақ Деналин, оның мұнысын мойындау керек, төңіректеп жүретіндер қатарына жатпайды. Есте қаларлық сол жексенбіде, ол одан әрі қылымсымаймын деп шешіп, жабырқаудың ауыртпалығынан тұншыққан күйі қауымға барды. «Егер менен, қалың қалай деп сұраса, өзімнің нақты жағдайым туралы айтып беремін». Үйреншікті «Қалың қалай?» деген амандық сұрасуларға ол: «Соншалық керемет емеспін. Депрессиядамын. Сіз мен үшін дұға етесіз бе?» деп ағынан жарылды.

Сонда ешбір міндет жүктемейтін сөз алмасулар ұзақ әңгімеге созылып, қысқа сәлемдесулер — сенімді қарым-қатынасқа айналды. Қызмет соңында көптеген адамдар Деналинді дұғада қолдауға келісті. Ол, өзінің сауығуы сол жексенбілік таңнан басталғанына сенімді. Менің әйелім Құдайдың қатысуын Құдай халқының арасында кездестірді.

Джей-Джейде оны сол жерден тапты. Оның жан жарасы әлі де жазыла қойған жоқ, бірақ оның сенімі әлдеқайда күшті. Ұлының қазасы туралы айтқан әр кез сайын ол: «Қайғыдан жаншылып, тұңғиықтың түбінде болудың не екенін және сол жан түршігерлік қапаста өзімізді Кім жұбатқанын да біз білеміз. Ол — Иса Мәсіх» деп айтады.

Ол сені де күтеді, достым. Егер Жүсіптің оқиғасы саған үлгі болса Құдай өзіңе қаншалық жақын екенін көрсету үшін сенің төменге, Мысырға тусуіңді пайдалана алады.Отбасыңнан айрылып, достарыңның қолдауынан қол үзетін, психологың қолдай алмайтын кездер болады, бірақ сен әрқашан Құдайға сенім арта аласың. Оның уәдесі айнымас: «…Мен саған жар болып, қайда барсаң да қорғаймын…» (Жар.баст 28:15).

4 Тарау
Ақымақтықты ақымақтықпен түзей алмайсың

Төртінші шілде1. Дәстүр бойынша осы патриоттық мерекенің негізгі түстері — қызыл, ақ және көк. Қызыл –менің бетім, ақ — ұшпа бұлттар, ал өте ашық көк, бұлттар ұшатын — аспан. Мен күнге күйгендіктен қызарып кеткен жоқпын, ұяттан қызардым. Деналин маған: «Макс, өзендегі судың деңгейі қатты төмендегенін ұмытпа», деп ескерткен болатын. Эхолоттың (теңіз тереңдігін өлшейтін гидроакустикалық құрал) датчигі: отыз фут, он, бес және ақыр соңында небәрі үш футты көрсетіп дабыл қақты. Одан басқа, судың әр жерінде саяз жерді көрсететін қалқыма белгілер шайқалып тұрды. Бірақ мен Деналинді тыңдадым ба? Радар көрсеткішіне назар аудардым ба? Тереңдікті көрсететін мәліметтерді есепке алдым ба?

Менің үш жасөспірім қыздарым, достарымен бірге менің навигаторлық қабілеттеріме сенім артып, сенбілік көңіл көтеріп серуендемекші болғанда кім ондай ұсақ-түйекке мән береді? Мен олардың көңілін қалдырғым келмеді. Күннен қорғайтын көзілдірік тағып және жиегі кең шляпа киіп, мен дроссельдің тұтқасын ұстап, мотор дырылдап, жағадан алыстадық. Бес минут өткенде ба-бах! Мен қайраңға тірелдім.

Моторлы қайық жолаушыларымды алға лақтырды. Өзім сәл болғанда борттан асып құлай жаздадым. Жеті адамның көзі мені тесіп барады. Менің орнымда әлжуаз біреу болса, бәріне қайықтан түсіп, оны қайраңнан итеріп шығаруын өтінген болар еді. Бірақ мен емес, Макс — дроссельдерді жуасытушы, жылдам жүретін қайықтың капитаны және көл айдынының әміршісі. Олай бола қоймас! Мен қайраңнан шығып, нағыз теңіз тарланы сияқты, дроссельдің тұтқасын тағы айналдыруды шештім.

Қайық қыбыр етпеді.

«Макс, — сен ақымақтық жасадың»-деп шүйіркелесе қорытты Деналин. Мен рульді көтердім, оның перосы иттің құлағындай салпиып қалған еді. Бұл жолы басқа амалымыз болмады. Біз қайықты, ол қайта суда тербелгенге дейін итердік. Мен моторды қосқанымда, қайық тырылдап, үш дөңгелекті драндулет сияқты сілкінді, бірақ оның барынша жылдамдығы сағатына небәрі бес шақырымды құрады. Біз пысылдап, тырылдап көлді кесіп өтіп жүргенімізде, демалушылардың бәрі бізге бажырайды — ал жасөспірімдер маған бұртиды, — мен өзімнен: «Сонда сен не ойладың, капитан Макс» деп сұрадым.

Бар қырсық, менің ештеңе ойламағанымда болып тұр ғой: бір ақымақтықтан кейін артынша тағы біреуін жасадым, себебі байыбына барып, дұрыс ойланған жоқпын, асығыстықпен дұрыс емес шешім қабылдадым.Қайықпен болған оқиғада жағдайды түзетуге болатын еді, ал өмірімізде ше?

Жүсіп, жыныстық азғырудың қайраңына тірелгенде шамамен жиырма жаста болса керек, ойпырым-ай десеңізші! Ағалары оны құлдыққа сатқанда, оны азапты жұмысқа жегіп, жасына жетпей өлуге душар еттік деп ойлаған шығар. Тұра тұрыңдар: Жүсіп, мысықты құтқарған өрт сөндіруші іспетті қызмет бабында шарықтай кетті. Жүсіпті үйіндегінің бәрін басқаруға қойған Потифар, сөз жоқ оны өз әріптестерінің арасында мақтаған болар. Ол осы біртума еврей жігітін Мидастың өзі қол тигізіп, патша рақымымен өзін бақуатты адам еткенін айтып мақтанған шығар1.

Жүсіп ықпалға ие болды. Енді ол жұмсап, жалға алып, бұйырып әрі қабылдауға құқылы болды. Көпестер оның жарлықтарын орындап, өткен кеткендер оған бұрыла қарайтын. Бірақ ең бастысы әйел қауымы одан көзін алмады. «Ал Жүсіп дене бітімі келісті, келбетті жігіт еді» (Жар.баст 39:6). Құдды бір голливудтың сұлу жігіті: шаршы пішінді иек — ержүректіліктің белгісі, бұйраланған шаштары және қызмет көрсетіп, Потифар ханымға табақ ұсынған сайын ширайтын бұлшық еттер. Бұл жиі болып тұратын жағдай еді. Оған көзі түскенде, қожайынның әйелі елжіреп кетіп: «бірге болайық», деп қиыла берді. (7 аят).

Әйгілі әйел, үлкен отбасы отағасының жұбайы, яһуди-құлға қырындады.«О-о-о-ся, кофеге кішкене қант салшы», — деп, оған көзін қысып қойды.Дәліз бөлмеде жанынан өтіп бара жатып, кездейсоқ қолын жанап өтті. Үстел басында қызмет көрсетіп, жеміс жидек әкелгенде, кездейсоқ аяғымен оның аяғын жанады. Өзінің киімдерімен, денесін жалаңаштаумен ол: «Жүсіп мен сендікпін. Менің құшағыма енші!» дегендей ишара білдірді. «Күнделікті» ол оған қырындады (10 аят). Жүсіптің қылымсыған сұлу әйелдің ұсынысына ойлануға уақыты да, оны қабылдауға да себептері жетіп артылатын.

Ол қожайынның әйелі емес пе? Қожайын әйелдің тілектерін орындау, мейлі ол оның өзімен ашыналас байланыс болса да, бұл құлдың міндеттерінің бірі емес пе? Ол байланыстың құпияда қалатыны кепілденді. Сол туралы тірі жан баласы білмейтінінде шүбәланбауға болатын еді. Жатын бөлме есігінің ар жағында не болып жатқаны сонда қалады, солай емес пе?

Оның үстіне қожайын әйелмен байланысса, Жүсіптің саяси мінбеде жоғары деңгейге көтерілуі үшін одақтасы болар еді. Амалдар мақсатқа сай. Ал, ойланып көретін болсақ, бұл тәсілдер тым жаман емес. Ықпалды Потифар сұлу әйелдерден шертіп жүріп таңдады. Оның әйелі аса көрікті болғанына күмәнданбауға болады. Өзінің түрлі түсті киімін жоғалтқан Жүсіп, сезімталдықтан жұрдай болған жоқ. Естен тандыра еліктіретін, махаббатты аңсап сусаған әйелдің құшағында бірнеше қадам тұр. Ия, бұл Жүсіпке кішкене болса да жұбаныш әперер еді.

Ол соған лайық емес пе? Жалғыздықтың ащы дәмін татқан ол: отбасы бас тартқан, қара жұмысқа жегілетін мал іспетті екі рет сатылып-сатып алынған, үй-күйінен, достарынан айрылған.Осының бәріне көптеген құлдарды бақылап, бақшасы гүлденген террасаларды бақылау жүктелген жұмыстағы шиеленісті қосыңыз. Оған қоса ең жоғары деңгейде ресми тұлғаларды қабылдау кештерін ұйымдастыру. Жүсіптің жұмысы қажытарлық болды.

Бір сөзбен айтқанда, Жүсіпте ақталуға себептер жетіп артты.

Дегенмен олар сенде де жеткілікті. Сені де біреулер тастап, сатып, ұрып, опасыздық жасаған болар, сенде нашар денсаулықтың қайраңына отырып, несие төлеу тарихың жағымсыз болып, жалпы жолың болмай құмға тірелген шығарсың. Өзің де тығырыққа тірелген жағдайдан шығар жолда, дос дейтін дос та қалмады. Уақыт өтіп жатыр, ұйқысыз түндер алма-кезек өтуде, кенет қызықтырарлық ұсыныспен саған Потифар ханым немесе мырза жақындайды. Ол саған өз жатын бөлмесінің кілтін ұсынады.

Немесе досың ішейік деп, бөтелкесін ұсынады. Әріптесің — есірткі ұсынады. Немесе жұмыстың ақшасымен өз есепшоттарыңды төлеу үшін, одан да сорақысы қаржылай кәсіпорын ақшасын қарызға ала тұрып, өзіңнің қаржылай күйреуіңді болдырмау үшін қолдануға болады. Ондай жағдайларда, жазғы жаңбырдан кейінгі арам шөптер сияқты барлық тесіктерден «ақыл-ойдың дәлелдері»қаптап шығады.Ешкім ештеңе білмейді. Мен қолға түспеймін. Мен бар болғаны адаммын.

Ашығын айтайық. Мысыр— бал тамған жер емес. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Бірақ Мысыр ақымақ шешімдер қабылдаудың құнарлы жеріне айнала алады. Кейіннен өзің өкінетін нәрсені жасап, жағдайды қиындатпа.

Жүсіп сақ болды. Потифар ханым, оның алдына тұзақ жем қойғанда, «ол бас тартты» (8 аят). Ол азғырушы әйелге уақытын да, назарында бөлген жоқ, онымен сырлас әңгіме-дүкен құрған жоқ және оған үміттенуге жол берген жоқ. «…Жүсіп ешқашан айтқанына көніп, не жақындасқан, не бірге болған емес» (10 аят). Ұялы телефонында оның нөмірі көрінгенде, ол көтерген жоқ. Өзіне смс-хаттар жазғанда да ол еш үн қатпады. Әйел оның кабинетіне кіргенде, шығып кетті. Жүсіп одан обадан қашқандай қашты, шынымен де ол сондай еді.

«…қожайыным [Потифар] өз сарайындағы барлық істі менің міндетіме артып, еш нәрсемен айналыспайды. Бұл үйде ешкім менен артық күшті емес. Қожайыным өзіңізден басқа ештеңені де билігімнен айырған жоқ. Ал сіз оның жұбайысыз ғой! Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!» — деді Жүсіп (8 аят).Біздің заманда ондай ұстаным — сирек кездеседі, келісесіз ғой. «Екі тараптың өзара келісімімен» және «сексуалдық құқықтар» деген тіркестер кеңінен қолданып жатқан қазіргі қоғамда, біз бір адамдардың өнегесіз мінез-құлқы екінші басқалардың өмірлерін талқандайтынын ұмытамыз.

Бірнеше жыл бұрын бір досым: «Сенің жыныстық азғындығың, өмірлерін талқандайтын адамдардың тізімін жаса» деп кеңес берді. Мен оның кеңесіне еріп, оқтын-оқтын өзім жасаған тізімді қайта оқимын. «Деналин. Менің үш қызым. Менің күйеу балам. Менің әлі туылмаған немерелерім. Менің кітаптарымның бірін оқыған немесе уағыздарымды тыңдаған әркім. Менің баспадағы ұжымым.Біздің қауымның штаттағы қызметкерлері». Осы тізім, маған бір рет қанағаттандырылған жыныстық құмарту, жоғарыда аталған адамдардың барлығының бірдей сенімінен үзілді-кесілді және мүлде айырылуға тұрмайтын нәрсе екенін ұмытпауға көмектеседі.

Әкелер, сіздер өз балаңыздың қолын әдейі сындырар ма едіңіздер? Әрине, жоқ. Дені сау адамға осындай хайуандық туралы ойдың өзі жиіркенішті. Бірақ, егер сіз некеден тыс байланысқа жол берсеңіз, өз балаңызға қол сынудан да артық көп азаптар әкелесіз.

Аналар, сіздер өз балаларыңызды қыста далада ұйықтауға қалдырар ма еді? Ешбір жағдайда. Бірақ егер сіз шет жақта ашыналыққа жол берсеңіз, балаларыңыздың өміріне, арктика қысынан да ызғарлы суықтық пен қапасты әкелесіз.

Бойдақтар мен күйеуге шықпаған әйелдер, сендер де Киелі кітапты мазақ қылып, айқышты күлкі етер ме едіңдер? Бірақ некеге дейінгі жыныстық қатынасқа түскенде Құдайдың киелі заңдарының бірін аяққа таптайсыздар. «Әлде денелеріңнің Киелі Рух мекендейтін киелі үй екенін білмейсіңдер ме?..» (1 Қор. 6:19).

Біздің әрекеттеріміздің зардаптары сорақы. Жүсіп нәпсіқұмарлықтың орнына адалдықты таңдады. Ол өз қожайынына …Және өзінің Иесіне құрмет көрсетті. Жүсіптің бірінші тілегі Оның көңілінен шығу болды. «..мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың алдында күнәға батпақпын?!» деді ол (Жар.баст 39:9).

Жүсіп үйреткен сабақ, өте қарапайым: Құдайға ұнамды әрекет ет.Әріптестерің жұмыстан кейін ерлер клубына барғысы келеді. Не істеу керек? Құдайға ұнайтындай әрекет ет.Жігітің сені кешке шампан ішуге өзінің пәтеріне шақырады. Оған не деп жауап беру керек? Құдайға ұнамды әрекет ет.Достарың марихуана оралған ораманы тартуды ұсынады; сыныптастарың өзіңе сынақ қабылдау кезінде қулыққа жүгінуді ұсынады; Ғаламтор порнографиялық роликтердің зор таңдауын ұсынады. Өзіңнен сұра: «Құдайға қалай жағам?» «…Жаратқанға лайықты тарту арнаңдар, Оған сенім артып, мойынсұныңдар» (Забур 4:6).

Жанталас некені романтикалық ашыналастықпен, есірткімен байланысты қиындықты — есірткінің үлкен мөлшерімен, қарыздарды — жаңа несиемен жауып құтыла алмайсың. Ақымақтықты ақымақтықпен түзете алмайсың. Жаңа ретсіздікті жасап, бей-берекетсіздікті жоя алмайсың. Құдайға ұнамды әрекет ет. Солай еткенде сен ешқашан қателеспейсің.

Томас бұған өз тәжірибесінде көз жеткізді. Оның оқиғасы көп нәрседе Жүсіптің оқиғасына ұқсас. 1899 жылы баптист бақташы мен қауымдағы пианиношының отбасында дүниеге келіп, ол өмірінің алғашқы күндерінен-ақ музыка атмосферасына сүңгіді. Он екі жасында Том Терең Оңтүстік деген афроамерикандық қоғамдастықтың джаз композицияларын керемет орындады. Жас жігіт кезінде ол Филадельфияға, сосын Чикагоға барып, жасырын барларда музыка ойнады. Осылай байқаусызда ол өз сенімін жоғалтты, сөйтіп ар-ұжданымен мәміле жасап, жас кезіндегі мәсіхшіл нанымдардан бас тартты.Томастың дарыны оның алдында барлық есіктерді ашты, бірақ ар-ұжданы маза бермеді. Қаладан қалаға жүретін бітпейтін сапарлар, оны әбден құлазытып, қалжыратты.Отбасы мүшелерінің бірі жас жігітті Құдайға оралуға шақырды, сонда жиырма бір жасында ол осы шақыруға жауап берді. Құдаймен қайта қауышуды бастан кешіріп, ол кейіннен: «Мен суреттеп жеткізу мүмкін емес шаттыққа бөлендім: жанымды таңғажайып шабыт кернеді; керемет әнші және Құдай Патшалығында қызметші боламын деген ой келгенде, жүрегім аузымнан шығып кететіндей ыршыды» деп жазды2.

Жас Томас өзін түгелдей Құдайды мадақтайтын әндер шығаруға арнады. Ритм-энд-блюз, табыну және мадақтау тәжірибесіне енді, нәтижесінде рухты керемет көтеретін және би әуендеріндегі мәсіхшіл музыканың тіптен жаңа бағыты пайда болды.Томас Чикагодағы қауымдардың бірінде мадақтау жетекшісі болды. Жиырма алты жасында, бүкіл өмірінің махаббатын кездестіріп, үйленді, сосын баспа үйінің негізін қалап, қауымдар хоры мен ансамбльдерінің Ұлттық бірлестігінің құрылтайшысы болды. Томасқа госпел-блюздың орындаушылары, соның ішінде Махалей Джексонның өзімен қызмет ету үлесі тиді1. 1932 жыл. Құдайдың баталары Томастың өміріне өзендей ағылды: бақытты неке, дамып келе жатқан қызмет, тұңғышының дүниеге келуін күтуде. Рахаттанып өмір сүруде.

Бірақ бар жылдамдықпен келе жатқан оның кемесі кенет қайраңға тіреледі. Сент-Луистегі халық алдында сөз сөйлеуден кейін, Томасқа шұғыл жеделхатты ұсынады, онда: «Қазір ғана әйеліңіз қайтыс болды» деген сөздер жазылған еді. Ол бала босану кезінде қайтыс болған екен. Томас үйіне жөнелді, Чикагода келесі күні жаңа туылған ұлы қайтыс болды.Музыкантты түңілудің тұңғиығы тартып кетті. Ол адамдардан қашты және Құдайға ызаланды. «Мен өзіме жақсы таныс джаз әлеміне ораламын, себебі Құдай маған әділетсіздік жасады деп шештім. Енді мен Оған қызмет еткім келмеді, рухани әнұрандар жазғым келмеді».3

Оқшауланып, тұйықталу кезінде Томас өзінің түңілуі мен ызасын әлпештеуін жалғастырды. Бірақ достарының бірі оған не керек екенін білді, сөйтіп Томасты жақын маңда орналасқан музыка мектебіне апарады. Сол күні күн ұясына батқанда фортепианоға отырған Томас, әуендердің бірін ойнап… сиынды. Ол Құдайға жүрегін ақтарды, сөйтіп мына керемет сөздер туындады:

Қолыңды соз, мейірімді Құдай,

аяққа тұруым үшін,

шаршадым, әлсізбін, жалғызбын,

түнде де, сұрапыл желде де.

Үйіме жол сілте,

қолыңды соз, жетеле мейірімді Құдай4.


Содан бері Томас А. Дорси, сол кеште фортепианоға отырғанда Құдай оның жаралы жүрегін сауықтырғаны туралы бүкіл өмірінде куәлік берді. Ол әлемдегі ең танымал мәсіхші композиторлардың бірі болып, музыка шығаруын жалғастырды, ол үш мыңнан аса әнұранның туындыгері5. Бұған себепші болған, оның Құдайға қолын созуы.

Сенде бірден солай істе. Азаптарың сені Құдайдан теріс айналуға итереді. Оңай жолдар өзіне бұрылуға еліктіреді. Сені сиренаның дауыстары өзіне тартады. Бірақ ақымақ немесе аңғал болма. Құдайға ұнамды әрекет ет. Аз-көп емес. Дроссельдің тұтқасын бұрмас бұрын, жалынам жақсылап ойлан.

5 Тарау
Аһ, бұл небәрі дайындық болғаны ма?

1965 жылы 28 қарашада жойғыш Говарт Рутледжді қарсыласы құлатып түсіреді. Ұшқыш парашютпен түсіп, солтүстік вьетнам әскерлерінің қолына түседі, сол-мезетте ақ «Жаралы жүректер мейманханасына»1— Ханойдың түрмелерінің біріне жабылады.


Менің артымнан камераның есігі жабылып, тот басқан есікте кілтті бұрағанда, бойымды жалғыздық сезімі билеп алды. Көлемі алтыда алты фут [яғни шамамен 3,34 м2], камераның суық цемент еденіне жата кеттім.Танауымды адам нәжісінің сасық иісі шарпып кетті. Жанымнан үлкендігі мысықтай үлкен егеуқұйрық жалт берді. Қабырға, еден, тіпті камераның төбесі де кірлеген. Есіктің жоғарғы жағындағы төбеге тірескен кішкене терезе, темір тормен қапталған.Керіліп, ісіп кеткен буындарым адам төзгісіз сыздап барады, өте суық және қатты қарным ашты. <…>

Жалғыздан жалғыз қамап қою, адамды қалайша әлсіретіп, жасыта алатынын суреттеп жеткізу қиын. Тұрып тұру немесе отыру, ұйықтау немесе сергек болу сізді тез мезі қылады. Камерада не кітап, не қағаз, қарындаш та, журнал, газет те жоқ. Өзіңіз қызықтай алатын түстер гаммасы қою сұрғылттан солғын қоңыр түс арасында. Күннің немесе айдың батқан-шыққанын, жасыл шөп немесе гүлді көрмес бұрын ұзақ айлар, тіпті жылдар өтуі мүмкін.Жалғыздықта қамалып, титтей лас камераның қапасында сасық иіспен демалуға мәжбүр сіз, есіңізден адаспау үшін қолдан келгенді жасап тырысасыз1.


Арамызда бірлі-жарымдар әскери тұтқындарға арналған лагерьлердің сұмдығын көрген болар, бірақ қалай болғанда да біздің барлығымыз бұғаудамыз.
● бүгін электрондық пошта арқылы, жақында ана болған жас әйел үшін сиынуды өтінген хат алдым, ол әйелге қызыл жегі диагнозын қойыпты. Оған жазылмайтын аурумен бұғаулану үкімі шығарылған.

кеше біз, әйелі депрессиямен күресетін еркекпен кофе іштік. Ол әйелінің науқасынан қатты қажыған (бұл — қолындағы бұғаулар) және сондықтан өзін айыптау сезімінен қиналады (бұл — аяқтағы бұғаулар).

● елу жыл бірге өмір сүргеннен кейін досымның әйелі есте сақтау қабілетінен айырылған.Енді досым әйелінен машинаның кілтін алып қойып, бұдан былай әрдайым жанында болуға және оған қамқор болуға мәжбүр.Олар бірге қартаямыз деп үміттенген. Олардың сондай мүмкіндігі бар, тек әйелі бүгін аптаның қай күні екенін білмейді.
Олардың әрқайсысы: «Құдай қайда қарап қалды?» Неге ол осындай азаптарға жол береді? Бұл азаптардың қандай мән-мағынасы бар?» деп таусылады. Басқаны қайдам, бірақ сөз жоқ, Жүсіп осы сұрақтарды қойды.

Потифар ханым Жүсіпті еліктіріп төсекке тарта алмағанда, оны қосылуға күштемек болды. Оның киімінің етегіне жармасып, Жүсіп жұлқынып зытып қаша жөнелгенде, дәлме-дәл айтқанда әйел оның киімін сыпырып алғанда, Жүсіп, киімін емес, абыройын сақтап қалуды жөн көрді. Сонда Потифардың әйелі қашып кеткен Жүсіпке жала жапты: күйеуі үйіне оралғанда, өзін қорлағанының дәлелі ретінде оған Жүсіптен сыпырып алған киімін көрсетті. Потифар қызметшісін зорламақ болды деген айып тағып, абақтыға жапты. «…Жүсіпті ұстап алып, патшаның тұтқындары қамалған түрмеге жапқызып тастайды. Алайда Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оған шапағатын төгіп, түрме бастығының мейіріміне кезіктірді» (Жар.баст 39:20–21).

Жүсіп қазіргі заманауи түрмеге емес, қараңғы және сызды жерасты түрмесіне түсті, онда тамақ қалдықтарымен тамақтандырып, сасып кеткен су беретін.Күзетшілер оны камераға итеріп тастап, есікті тарс жапты. Қабырғаға сүйенген күйі түңілген Жүсіп, еденге отыра кетті. «…[Мен] түрмеге түсетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқпын» (Жар.баст 40:15).

Потифардың үйінде жатпай тұрмай еңбектеніп, Жүсіп жұмыс берушісінің дүниесін арттырды. Оның ынтасымен үйдегі бар жұмыс мерзімінде атқарылып, бөлмелер таза тұрды. Ол жаңа өмірге төзіп, Потифар ханымның жыныстық емінушілігіне бой алдырған жоқ, сонда онысы үшін қандай сый алды? Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу үмітінсіз абақтыға жабылу ма? Қай заманда өнегелі мінез құлық абақтыға жабылуға апарған еді?

Жауабын білгің келе ме? Жаратылыстың басталуы 3-ші тарауда жазылған, осы әлемге күнәнің кіруін құжаттаған оқиғадан кейін.Люцифер есімді құлаған періштенің бейнесінде зор зұлымдық жерге келді. Және шайтан «арыстандай қауымды айнала шарлап, кімді жалмасам деп, тоуырлдап жүр» (1 Пет. 5:8), ол әділдерге елеулі кедергілер жасайтын болады. Пауылмен болған сияқты Ізгі хабарды таратушыларды абақтыға жабу. Жоханмен болғандай бағушыларды итжеккенге айдау. Елазармен болғандай Исаның достарының денсаулығын күйрету. Алайда қандай сәтсіздік десеңші.Шайтанның күш салулары қарсы нәтижеге апарады: Абақтыға жабылған Пауыл Жаңа Өсиеттегі жолдаулардың туындыгеріне айналады. Қуылған Жохан аспан туралы аяндар алып жазады. Ал Елазардың зираты, Мәсіхтің ең ұлы кереметтерін көрсетудің сахнасына айналады.

Ойластырған зиян асып-тасыған игілікке айналады.

Қайталап оқығанда соңғы тіркес, тым қарабайыр және жасанды, жарнама сияқты болып көрінуі мүмкін. Мен әдейі жасап отырған жоқпын, осыған илан.Мүгедектер арбасындағы саған, бос тоңазытқыш немесе науқас жүректе қарабайыр ешнәрсе жоқ. Осы қиындықтар, аяқтан шалып құлататын үскірік желге қарсы жүріп, тауға көтерілуге ұқсас. Олар оңай емес.

Бірақ олар кездейсоқ та емес. Құдайдың билік етуі кейбір жағдайларда ғана емес. Ол кездейсоқ жеңістерге жетпейді.Тақта бір күн отырып, кейіннен оны тастап кетпейді. «Жаратқан Ие жүрегіндегі ой ниеттерін толығымен орындап болмайынша, Өзінің лаулаған қаһарынан қайтпайды» (Еремия 30:24). Сен түскен жағдай, сені састыруы мүмкін, бірақ Құдайды емес. Өз мақсаттарына жету үшін, Ол оны қолдануға күші жетеді және соны істейді де.

Жүсіптің абақтыға жабылуы — соған жақсы мысал. Біздің ойымызша мысырдың абақтысы Жүсіптің өмірінен үміт үзуге болады дегенді білдіреді. Шайтан осы жеңісті қара күштердің жеңісі деп айтуға толық құқылы еді.Жүсіптің артынан түрме есігі жабылғаннан кейін, оның жарқын болашағы туралы ұмытуға болар еді. Шайтан дегеніне жетті.

Сен сенбейсің, бірақ Құдай да дегеніне жетті.


Тәңірдің Сөзі оның мінезін сынап болғанша,

алдын ала айтқандары орындалғанша,

Жүсіптің аяқтары қысылып, бұғауланды,

мойнына оның темір құрсау салынды



Забур 104:18–19; курсив менікі М. Л.
Шайтан ойластырған зұлымдықты Құдай сынаққа айналдырады. Киелі кітаптық сынақ — бұл әрдайым, сыналатын адамның жүрегін тазалап дайындайтын сыртқы әсер.Оттың құнды металлды қоспалар мен қалдықтардан тазалайтыны сияқты, сынақ та жүректі қоқыс пен былғаныш нәрселерден тазалайды. Забур жыршысы былай деп жазды:
Уа, Құдай, Сен сынақтан бізді өткіздің,

күмісті балқытқандай тазарта бердің,

тұзаққа түсіріп бізді құлаттың,

арқамызға құлдықтың жүгін арттың

адамдарды басымызға шығардың,

оттан да, судан да бізді өткіздің

ал ақыры молшылыққа жеткіздің.

Забур 65:10–12
Құдай бізді әр күн адамдар, азаптар мен қиындықтар арқылы сынайды. Тоқтап, өз жағдайларың туралы ойлан. Сен бүгін олардан сынақты көресің бе? Көпсағаттық кептеліс? Қауіпті ауа рай жағдайлары? Буындардағы ауырсыну?

Егер қиындықтарға жеке өкінішті жаңсақтық немесе аяқтан шалатын келеңсіздік ретінде қарайтын болсақ, уақыт өте әбден ашушаң және ызақор болып кетуге болады. Бірақ оларға Құдайды дәріптейтін сынақ ретінде қарайтын болсақ, себебі олар біздерде рухани есеюді тәрбиелеуде, онда олардың болар-болмашысы да мәнге ие болады.

Бірер күн бұрын менің сенбілік демалысым әжептеуір тексеруге айналды. Біз Деналин екеуміз біраз сөзге келіп қалдық. Үйімізді сату керек деп келісіп, риелтор жөнінде келісе алмадық. Менің өз болжамдарым болды, әйелімде өзінің. Мәселені олай да бұлай да талқыға салдық, бірақ бір біріміздің көзімізді жеткізе алмадық. Бір сөзбен айтқанда, ұрсысып тындық та, үйдің әр бұрышына кеттік.

Біздің қауымымызда сенбілік қызмет жүйелі өткізіледі. Уағыздауға баратын уақыт келгенде, мен Деналинге салқындықпен сау бол дегенді айтып, Құдайдың жұмысын орындау үшін үйден шықтым. Әйеліме «Осы мәселені кейінге қалдырайық» дедім.

Бірақ Құдай менімен осы мәселені шешуге бірден кірісті. Машинамен үйден қауымға дейін бар болғаны бес минут. Осы уақыт ішінде Құдай мені ар-ұжданым арқылы опық жегізді. «Менің қауымыма уағыздамас бұрын, әйеліңмен татуласу керек деп ойламайсың ба?»

Бұл, өзім одан әрі әйеліме бұртиюды жалғастырамын ба немесе одан кешірім сұраймын ба, соны анықтауға тағайындалған сынақ еді. Арамыздағы шиеленісті көзге ілмей мән бермеймін бе әлде байыбына жетемін бе? Сынақтарды үнемі лайықты жеңіп шығамын деп айта алмаймын, бірақ осы жолы одан абыроймен шықтым. Қызмет басталғанға дейін мен Деналинге хабарласып, өзімнің қыңырлығым үшін одан кешірім сұрадым. Кейіннен сол кеште біз риелтор туралы келісімге келіп, бірге сиындық, одан кейін сол мәселеге оралған жоқпыз.

Әр күн — бұл кезектен тыс бақылау жұмысы, кейде бітіру кезіндегі емтихан да болуы мүмкін. Тағдырдың аяусыз, тосын соққылары: күйзеліс, аурулар, бақытсыздықтар. Жүсіп сияқты бар күшіңді салып аянбайсың. Және дәл сол сияқты, сый ретінде кейбір қамалуға тап боласың. Сен, неге деп сұрайсың? Құдай неге Жүсіпті абақтыдан арашалап алып қалмады? Мүмкін жауап мына жерде шығар? «…себебі сенімдерің сыналып, берік те шынайы екендігінің дәлелденуі төзімділік тудыратынын білесіңдер. Тек төзімділіктерің іс жүзінде соңына дейін жетуге тиіс, сонда сендер рухани жағынан жетіліп те кемелденіп, ешбір кемшіліктерің қалмайды» (Жақып 1:3–4).

Бала кезінде Жүсіп, әкесінің баласы болды: бетінен қақпай өсіріп, Жақып оны әбден шолжаңдатты. Өзінің армандарымен, кеудемсоқтығымен бөлісудің ретін жібермейтін Жүсіп, тым өзімшіл болса керек. Потифардың үйінде де ол сүйіктілердің қатарына ілікті, қызмет бабында шапшаң өрледі және жалпының назарына ілігіп, әлпештелді. Ол табысқа оңай қол жеткізетін. Тәкаппарлықтан да жұрдай болмаса керек. Демек, түрмеге жабылу оны тазарту үшін берілді. Құдай, Жүсіпті қандай қиындықтар тосып тұрғанын білгендіктен, Өзінің қызметшісін шыңдау үшін осы түрмеге жабуды пайдаланды.

«Осылай түрме бастығы онда отырған барлық тұтқындарды Жүсіптің қарамағына тапсырып, бүкіл жұмыс оның басқаруымен атқарылатын болды» (Жар.баст 39:22). «Басшыларды басқару дағдыларына үйрету» тренингі туралы бірер сөз! Потифардың үйінде Жүсіп елгезек және ширақ қызметшілерді басқарды, бірақ түрмеде ол, бағынушылық пен көнбістігімен ерекшеленбейтін адамдардың үстінен қарады. Жүсіп, бұрышқа тығылып: «Ишараны түсіндім. Енді ешкімге бола әуреленбеспін» деп күңкілдесе, таңқалмаған болар едім. Бірақ ол шағымданып және күңкілдеген жоқ, керісінше тұтқындар ұжымын басқаруға даяр екенін көрсетті.

Жүсіп бас шарапшы мен бас наубайшыға ерекше ықыласын түсірді — оларды оның қамқорына перғауын сарайының бұрынғы лауазымды қызметшісі тапсырған еді. Бірде таңертең Жүсіп, олардың қапаланған жүздерін байқады, олардың жүздерін назарына ілмесе де болар еді. Оларда шаруасы қанша? Олар ренжулі ме немесе қапалы ма, оған бәрібір емес пе? Бірақ Жүсіп, оларға қызығушылық танытты. Бұл Жүсіптің абақтыда айтқан сөздері туралы алғашқы жазбаша куәлік және ол оны бауырмал адам ретінде сипаттайды: «…бүгін неге мұңайып отырсыздар?» (Жар.баст 40:7). Ағалары опасыздық жасаған, құлдыққа сатылған және әділетсіз абақтыға жабылған Жүсіп, бұрынғысынша адамдарға ықыласты. Жанашырлық — жақында адамзатты аштықтан құтқарудың кең ауқымды операциясын басқаратын адамға лайықты қасиет емес пе, қалай қарайсың?

Бірақ Құдайдың тренингі осымен аяқталмайды. Екеуі де — бас шарапшы да, бас наубайшы да — өздерінің көрген түстерінен абыржыды. Бас шарапшының түсіне жүзім бұтасы, ондағы үш бұта кіреді: ол жүзім шырынын тостағанға сығып, перғауынға ұсынады. Бас наубайшы түсінде, басында нан салынған үш кәрзеңке және құстар жоғарғы кәрзеңкеден нандарды шоқып жатқанын көреді. Екеуі де түстерін жорып бер деп Жүсіпке жүгінеді, ал Жүсіп түстің жоруын Құдайдан алды.Бірақ білгенін оларға айтқысы келе ме? Жүсіптің сөзшеңдігі соңғы рет оны құдыққа жеткізді емес пе?! Оның үстіне алған аяндарының 50% ғана жақсы жаңалықтар еді. Жүсіпке сондай аяндармен бөлісу керек пе еді? Перғауынның алдына барса, Құдайдың Сөзін дәлме-дәл жеткізуге батылы барар ма еді? Бұл сынақ болды және Жүсіп одан өтті. Ол бас шарапшыға жақсы жаңалықтар айтты («үш күннен кейін перғауын сізді қайтадан орныңызға қояды»), ал бас наубайшыға — нашар хабар («үш күннің ішінде перғауын басыңызды көтеріп, дарға асып қояды»). Біреуін– бәрін қайта бастау мүмкіндігі, екіншісін — дар ағашы күтіп тұр.

Сынақ, сынақ, сынақ… Жүсіптің зынданы түрме сияқты еді, түрменің иісі шығатын және түрме деп есептелетін, алайда егер сен періштелерден, оның болған жері қалай аталады деп сұрасаң, олар саған бәрі бірдей: «Жүсіп әскердегі оқу-жаттығуда күшейтілген дайындықтан өтті» деп жауап берер еді.

Сенің бүгінгі жағдайларың, жұмыссыздықтың иісі келетін оңалту орталығы сияқты және емхана болып есептеледі, бірақ періштелерден сұрастыр, сонда сен: «Өзің күшейтілген дайындықтан өтіп жатырсың» дегенді естисің.

Құдай сені ұмытқан жоқ. Керісінше. Ол сені Өзінің дайындығына жарамды деп тапты. Еврейлердің «сынау» деген етістігі, «мұқият қарау, тасадан қарау және таңдау» деген етістіктен жасалған. Құдай сенің азаптарыңды байқамайды деген ойды басыңнан шығар. Жоқ, Ол сенен көзін алмайды және ертеңгі күннің қажеттіліктеріне көзі жетіп, бүгінгі күннің жағдайларын сынақ ретінде пайдаланып, сені оларға дайындап жатыр.

Құдайдың осылай істеуге құқығы бар ма? Ол — Қыш Құмырашы, ал біз — саз балшықпыз. Ол — Бақташы, ал біз — қойларымыз. Ол — Бағбан, ал біз — бұталармыз. Ол — Ұстаз, ал біз — шәкірттерміз. Оның үйретуіне сенім арт.Сенің қолыңнан келеді. Егер Құдай тұтқыннан елбасыны жасаған болса, Ол сенің «тығырыққа тірелген» жағдайыңнан жөнді бір нәрсені жасай алмайды деп ойлайсың ба?

Барлық сынақтар уақытша екенін ұмытпа. Олардың ұзақтығы шектеулі. «Қазір сендерге біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмітке қуаныңдар…» (Петрдің 1-ші хаты 1:6.). Сынақтар мәңгі созылмайды, себебі біздің жердегі өміріміздің өз шегі бар.«…Жер бетіндегі өміріміз көлеңкедей өткінші» (Әйүп 8:9). Жер бетінде кейбір сынақтар аяқталады, бірақ аспанда олардың бәрі аяқталады.

Әзірге Жүсіптің үлгісіне ерейік. Құдайдың өзімізді жаттықтыруына жол берейік. Ол біздің жеңілірек тапсырмаларды қалай орындағанымызды бақылайды, егер біз шағын нәрседе адал болсақ, Ол бізге көп нәрсені сеніп тапсырады (Матай 25:21 қар-з). Перғауынның сарайында жетістікке жетуден бұрын, Жүсіп өзін ас бөлмесінде, сосын зынданда көрсетті. Ол бүтіндей халықтардың тағдырына қам жеуден бұрын, шарапшы мен наубайшыға ықыласты болды.Жақсы еңбегі үшін сый, бұрығысынан да жақсы жұмыс болды.Сен ұлы жетістіктер туралы армандайсың ба? Ұсақ-түйекте көзге түс. Өзіңнің ұқыптылығыңды көрсет. Жалқауланба. Күңкілдеме. Түрме камерасындағы басқалар күңкілдесін, бірақ сен олай етпе, Иеміз Өз қызметшілерін қалай дайындайтынын сен білесің ғой. Бүгінгі тұтқын–ертең премьер-министр болуы мүмкін. Сондықтан тапсырма алғанда, оны орындауға кіріс.

Өзге адамның азаптарын көргенде, олардан теріс айналма. Жүсіп, перғауынның патша сарайы қызметкерлерінің қапаланған жүздеріне назар аудармағанда не болар еді? Өз мұқтаждықтарын ойлап, өзгелерді елемегенде не болар еді? Сонда да Құдай оны түрмеден босатар ма еді? Белгісіз.Бірақ, Жүсіптің мейірбан жүрегі зынданның есігін ашқаны белгілі, себебі шарапшы ол туралы перғауынға айтып берді. Жанашырлықты Құдай елеусіз қалдырмайды. Сынақ уақыты, өзіңе емес, — жақыныңа қызмет ету уақыты. Өзіңді өзің мүсіркеуді доғар. Құдай айналаңа қойған адамдарды жақсы көр. Олармен Құдайдың жолдауымен бөліс, сонда сенің сынағың олар үшін куәлікке айналады. «…Ол [Құдай], бізді барлық азаптарымызда жұбатып, жігерлендіреді. Осылай Құдайдың өзімізді жігерлендірген жұбанышымен біз де әр түрлі қайғы-қасірет шегіп жүргендерді жігерлендіре аламыз» (Қорынт. 2-ші хат 1:4).

Сен, баланы жалғызілік тәрбиелеу немесе еңбекке жарамсыз жарыңды күту жөніндегі тренингке жазылған жоқсың ғой, солай емес пе? Жоқ, ол туралы Құдай қарастырып қойған. Ол шайтанның зұлым ниетін алып, Өзінің оқыту курсына тоқып қосты. Не үшін? Ол сені үйреткен нәрсеге сен басқаларды үйрете алуың үшін.Өзің өтіп жатқан сынақтар, олар үшін сенің жолдауыңа айналуы мүмкін.

Боб Бенсон өзінің «See You at the House» кітабында келтірген диалогы маған ұнайды. Оның достарының бірі жүрек талмасына ұшырайды.Бастапқыда досы, аман қалмайтын шығармын деп ойлайды, бірақ сауығып кетеді. Оған ота жасалғаннан кейін бірнеше айдан соң мына әңгіме орын алған:


— Ал енді, басыңа түскен жүрек талмасы қалай екен?

— өлген жерім осы шығар деп ойладым.

— оны қайта бастан кешіргің келер ме еді?

— Жоқ!


— біреулерге одан өтуге кеңес бересің бе?

— Әрине, жоқ.

— Өмірді әуелгіге қарағанда көбірек бағалай бастадың ба?

— әрине.


— сендер Нелл екеуің әрдайым тамаша жұп едіңдер.Енді бұрынғыдан бетер жақын болдыңдар, солай емес пе?

— Иә.


— Жақында немерең туылды деп естідім?

— Иә. Мен саған оның суреттерін көрсеттім бе?

— адамдарға болған қарым-қатынасың өзгерді ме? Оларға жанашыр және ықыласың арта түсті ме?

— иә.


— Мүмкін сен, Иемізге өзің ойлағаннан да жақындай түскен шығарсың?

— иә.


— Ал енді сонымен, басыңа түскен жүрек талмасы қалай екен?
«Неліктен Ием?» деп сұраудың орнына «Не үшін Ием? Мен не нәрсеге үйрене аламын?» деп сұра. «Біліп алыңдар…(басқа аудармада: Естеріңе алыңдар)Оның ұлылығын, алға созылған құдіретті қолын…» (Заң. қайт 11:2). Құдайдан жағдайларыңды өзгертуін сұраудың орнына, өзіңді өзгертуін сұра, осы жағдайларды қолдан. Өмір — тапсыруға міндетті емтихан. Олай болса, неге оны барынша жақсы тапсыруға тырыспасқа?

Құдай әрқайсымыздың жүрегімізде еңбектенеді, біз ол туралы білсек те білмесек те, оны қалаймыз ба қаламаймыз ба, «Адам баласына қайғы-қасіретті Ол өз жүрек қалауымен жібермейді» (Еремияның жоқтауы 3:33). Ол біздің азаптарымыздан елітпейді, бірақ қайта біздің жетістіктерімізбен ләззаттанады, «Өмірлеріңде игі ісін бастаған Құдайдың оны жалғастыра беріп, Мәсіх Иса қайта оралар күнге дейін толықтай аяқтайтынына кәміл сенемін» (Філіп 1:6). Ол ойластырғанның бәрі жүзеге асады. Болмай қалуы мүмкін емес. Құдай сенде«Өзіне ұнайтын игі істерді Иса Мәсіхтің қолдауымен... жасата берсін» (Евр. 13:21). Кез-келген қисапсыз немесе болар-болмас қиындық, сені келешекпен кездесуге дайындауға қабілетті.

Говард Рутледж әскери тұтқындарға арналған вьетнам лагерінде өткізген уақытты, өзі үшін аса пайдалы деп есептейді. Ол былай деп жазады:
Өзім ойланып-толғануға мәжбүр болған ұзақ мерзімнің арқасында, болмашыны маңыздыдан, бергісізді бекершіліктен айыру әлдеқайда оңай бола бастады …

Көп ұзамай менің рухани аштығым, стейк пен гамбургерге деген мұқтаждығымнан басым болды. Мен, ешқашан өлмейтін жанымның бөлшегі туралы білгім келді… Мен Құдай туралы, Иса Мәсіх туралы, қауым туралы сөйлескім келді… өмірімнің Құдайсыз қаншалық бос екенін түсіну үшін түрме қажет болды…

31 тамыз, осы азаптың жиырма сегізінші күні аяқталғанда, мен өзімнің балаларым бар екені әлі есімде еді, бірақ олардың есебін білмедім. Мен оны ұмытып қалмау үшін, қайта-қайта Филлис есімін айта бердім. Мен, аман қалуға күшім жетсін деп қана сиындым.Жиырма сегізінші түнде, осы сұмдықтан аман қалып, үйге оралсам, бірінші жексенбіде-ақ Филлиспен және балалармен қауымға барамын…және Иса Мәсіхке деген сенімім туралы жариялаймын деп уәде бердім. Бұл, аман қалу үшін Құдаймен жасаған мәміле еместұғын. Бұл ұзақ айлар ойланулардан кейін Оған берген уәде еді.Өзіме Құдайдың және сенушілермен қарым-қатынастың қаншалық қажет екенін түсіну үшін түрме және сағаттарға созылған азапты күмәндар қажет болды.Құдайға уәде бергеннен кейін, мен таңға дейін аман қалу үшін күш бер деп тағы сиындым.

Сонда түрме камерасының есігі астындағы тесіктен таңның нұры қылаң бергенде, Құдайға рақым еткені үшін алғыс айттым4.


Өз қиындықтарыңа өміріңдегі кедергілер ретінде емес, өмірге дайындық ретінде қара. Сенің өмір соқпағың оңай болады деп ешкім уәде еткен жоқ, бірақ Құдай осы бей-берекетсіздікті міндетті түрде бергісіз бір нәрсеге айналдырады.«Сендердің қиындықтарың — жаза емес, тәрбие — балалар үшін кәдуілгі тәжірибе… Құдай бізді өз игілігіміз үшін тәрбиелеп, Оның киелілігіндегі өмірге дайындайды» (Евр. 12:8, 10 MSG1).
6 Тарау
Құдай әрекет етіп
жатқанда, күте тұр

Міне енді клиникалардың бірінің күту залында отырмын. Тіркеуші менің есімімді сұрап, сақтандыру полисімнің нөмірін жазып алды да, орындықты көрсетіп:

— Жайғасып отырыңыз. Дәрігер босағанда бірден сізді шақырамыз, — деді.

Мен айналама көз тастадым. Қолындағы бөпесі ұйқыға кеткен ана. «Time» журналын парақтаған костюмдегі жігіт. Қолына газет ұстаған әйел де сағатына қарап, күрсініп қояды, сөйтіп осында отырғандар сияқты күтуді жалғастырады.

Күту залы — бұл қабылдау не болмаса тексеру бөлмесі емес. Бұл, қабырғалардың бірін бойлай орындықтар орналасқан — аурухана холы. Бұл дәрігердің кабинеті емес. Тексеру, диагностика және емдеу — осының бәрін біз күту керекпіз.

Осы бөлменің: күту залы деген тағайындалуы, атынан білініп тұр. Осы жердегілер өздерінің міндетін жақсы түсінеді: күту. Біз бір-бірімізді емдемейміз. Мен медбикеден стетоскоп немесе тонометр беруін сұрамаймын. Орындықта газет оқып отырған әйелге жақындатып: «Қалқам, ал сіз қандай дәрілер қабылдайсыз?» — деп сұрақ қоймаймын.Бұл — медбикенің міндеті, ал менің міндетім — күту. Өзім солай етіп отырмын да.

Күту, маған рахат әпереді деп айта алмаймын, себебі бірнәрсені күткен кезде уақытпен қызық метамарфозды жағдайлар бола бастайды: ол дәлме-дәл айтқанда жылжымайды, ол Аляска мұздарының жылжу жылдамдығынан аспайды. Секунд тілі, әдейі циберблатқа жабысып қалғандай, өзінің әдеттегі қашықтығына секундтар емес, бақандай бес минут жұмсайтындай. Әлдекім үзіліс нүктесін басып, қозғалыстың баяу қарқынына қойғандай. Біз күткенді ұнатпаймыз. Біз — «Бол тез!» ұранын ұстанатын ұрпақпыз. Тезірек мақсатқа жетуді көксеп, қатардан қатарға ауысып, жолдарда ығы-жығы болу — біздің стиліміз. Он бір тауарды сатып алып, он бірлікке дейін тауары бар адамдарға қызмет көрсететін кассаға өте шығуға ұмтылатын адамға түнеріп қарау да — біздің стиль. iPhone-дағы әуен жүктелгенін немесе микроволновка пешінде кофе ысығанша біз, тағатсыздана үстел үстін саусақтарымызбен тықылдатамыз. «Тез, тез!» Біз он минут ішінде жақсы шираған бұлшық еттер, тез дайындалатын күріштің отыз секундта дайын болғанын қалаймыз. Біз дәрігерге кезекте, жол кептелісінде, пиццаның жеткізілуін күткіміз келмейді.

Тура солай Құдайды да күтуді қаламаймыз ба?

Ей, бір минут! Айналаңа қарашы. Біздің қайда екенімізді сен түсінесің бе? Бұл ғаламшар — Құдайдың күту залы.

Анау тұрған жас жұбайларды көрдің бе? Олар бала туу мүмкіндігін күтуде. Портфель ұстаған анау жігітті көрдің бе? Ол бүкіл елге түйіндемесін жолдап, жұмыс туралы ұсынысты күтіп отыр. Таяқ кезенген қарт әйел не күтетінін сұрашы? Жесір қалғанына бір жыл өтті, бір күнім болса да көз жасымды төкпестен өтетін күндер бола ма деп тосып жүр. Күту… біз, Құдай қашан береді, қашан сауықтырады деп күтеміз. Ол қашан келеді деп күтеміз. Біз күту аймағында — айтқан дұғаларымыз бен жауап алған дұғаларымыздың арасында өмір сүреміз.

Бірақ Құдайдың қабылдау бөлмесіндегі күту кезінде, ондағы жиһазды жаттап алған адам болса, ол Жүсіп болды. Бір сағат ішінде Жаратылыстың басталуы кітабындағы оның оқиғасын оқып шығуға қабілетті болған біздерге қарағанда, ол онда сағаттар емес, жылдар өткізді. Өзіміздің осы кітапты оқуымыз бірер онжылдыққа созылса, осы Киелі Кітаптық оқиғаға басқаша қарайтынымызға сенімдімін.

37-ші тараудан бастайық, бірақ оны үйдегі ыңғайлы орындықта емес, бірнеше сағат шыжыған күннің астында отырып, күтімсіз қалған құдықта оқимыз. Одан кейін, бірнеше ай бойы: «Ал Жүсіп болса… оны Мысырға апарған еді» деп жазылған 39-шы тараудың 1-ші аятын қайта қайталаймыз. Дофан қаласын Фива қаласынан бөлетін 750 шақырымды жүріп өту үшін оған дәл осынша уақыт қажет болды деп ойлаймын.

Сосын ол, бір күн бойы, бәлкім бірнеше күндер немесе бірнеше апта бойы құлдар аукционында сарылды. Оған тағы да Потифардың үйіндегі құлдарды басқару қызметіне кеткен, қожайынның тапсырмаларын орындау және мысыр тілін үйренумен өткізген шамамен он жылды қосыңыз.Тик-так. Тик-так. Тик-так. Шет жерде уақыт жәй өтеді.

Ал түрмеде ол тіптен тоқтап қалғандай.

Ақыр соңында Жүсіп, бас шарапшыдан өзі туралы бір ауыз сөз айтуын өтінді. «Ал ісіңіз оңғарылған шақта мені ұмытпай, перғауынға мен туралы айта көріңізші! Мені түрмеден босаттырып, жақсылық жасасаңыз екен» (Жар.баст 40:14–15).

Біз бас шарапшының: «Әрине, алғашқы мүмкіндік туғанда-ақ сен туралы перғауынға айтамын. Көр де тұр, жақында бұл жерден шығасың»деген жауабын асыға күтеміз. Жүсіп камерасына жүгіре жөнеліп, заттарын жинай бастайды. Ол өзін шақырғанда дайын болғысы келеді. Бір күн өтті. Екі күн. Бір апта… Бір ай. Алты ай… Үнсіздік.Кейіннен белгілі болғандай:«Алайда бас шарапшы Жүсіптің тілегін есіне алмай, ұмытып кетті» (23 аят).

Киелі Кітап беттерінде осы аятты келесі аяттан бөлетін аралық, бірер сантиметрден аспайды, оқырманның жанары оған бар болғаны бірер секундқа ғана аялдайды, бірақ Жүсіптің өмірінде осы титтей қашықтық екі жылға созылды. 41-ші тарау: «Арада екі жыл өткенде перғауын түс көреді… » деген сөздермен басталады (1 аят).

Екі жыл! Үнсіздіктің жиырма төрт айы. Жүз төрт апта бойы күту. Жеті жүз отыз күн бойы белгісіздіктен қиналу. Екі мың жүз тоқсан бір рет сол бір сұйықшалма көжені ішу. Он жеті мың бес жүз жиырма сағат Құдайды естудің нәтижесіз талпыныстары. Және үнсіздіктен басқа ештеңе болған жоқ.

Қатыгездену, арсызданып, өшігіп кету үшін жеткілікті уақыт. Оған қарағанда әлдеқайда ұсақ-түйек себептермен және одан да аз уақыт ішінде талай жұрт Құдайдан теріс айналды.

Бірақ Жүсіп емес.Оның алдындағы мыңдаған басқа күндер сияқты басталған сол күні, ол зынданға кіре беріс жерде у-шуды естіді. Тағатсыз дауыстап сөйлескендер бұйрық беріп жатты: «Біз еврей жігітін алып кету үшін келдік! Перғауын еврейді көргісі келеді!» Өз қуысынан шыққан Жүсіп, өзіне қарай асыққан түрме бастығын көреді. Өңі қуарып, даусы жіңішкеріп: «Тез тұр! Қимылда!» деп айқайлады ол. Оның соңынан патша сарайының екі күзетшісі түскен. Жүсіп оларды Потифардың үйінде қызмет еткен уақыттан бері біледі. Олар тұтқынды қолтықтап алып, зынданнан алып шықты. Жүсіп айдауылмен аула арқылы патша сарайына бара жатып, шақырайған күннен көзін сығырайтты, оны бірден перғауынның көптеген қызметшілері қоршап алды. Біреулері жұлма-жұлма киімдерін шешсе, енді біреулері шомылдырды, үшіншілері сақалын алды. Қайта келген күзетшілер ақ киім мен жаңа кебіс киген Жүсіпті тақ залына апарды.

Бір сөзбен айтқанда, Жүсіп перғауынның қабылдауында болу құрметіне ие болды.

Мысыр Билеушісі алдыңғы түні нашар ұйықтапты. Беймаза түстер оны ұйқысынан айырыпты. Сол кезде ол Жүсіптің қабілеті туралы естіген екен.

— Сен түс жори алады дейді ғой. Менің данышпандарымның ауыздарына су құйылып отыр. Сен маған көмектесе аласың ба?

Алдыңғы екі таныстық Жүсіпке ешбір жақсылық әперген жоқ: Потифар ханым оған жала жапты және бас шарапшы оны ұмытып кетті. Екі жағдайда да Жүсіп Құдайдың атын аузына алды. Мүмкін енді өзінің сенімі туралы аузын ашпай, сақтанғаны дұрыс болар?

Бірақ ол олай жасаған жоқ. «Жүсіп перғауынға: — Тақсыр, түс жори алатын мен емес. Перғауынның игілігі үшін жоруын Құдай бермек» — деді (Жар.баст 41:16).

Жүсіп, түрмеден өзінің Құдаймен қарым-қатынасын дәріптеп кетті. Бұғауда болған уақыт, оның сенімін шайқалтқан жоқ, қайта оны нығайтты.

Сен туралы да осыны айтуға бола ма? Әрине сен түрмеде емессің, бірақ сен жеміссіз немесе қорғансыз, әлде белгісіз, жұмыссыз немесе дәрменсіз, панасыз немесе жанұясыз шығарсың? Сен Құдайдың қабылдау бөлмесінде күтіп отырсың. Егер солай болса, сен келесіні білуге тиіссің: сен күтіп отырғанда, Құдай әрекет етіп жатыр.

«…Әкем еңбектен қол үзбейді…» — деді Иса (Жохан 5:17). Құдай ешқашан қол қусырып отырмайды. Ол ешқашан әрекет етуін тоқтатпайды және демалысқа кетпейді. Иә, жаратылыстың жетінші күні Ол демалды, бірақ сегізінші күні жұмысқа қайта кірісті және сол кезден бастап, кеткен емес. Өзің ештеңемен айналыспағандықтан, Құдайдың да істейтін тірлігі жоқ деп ойлама.

40-шы тарауда Жүсіптің оқиғасы тоқтап қалғандай көрінуі мүмкін. Біздің кейіпкерімізді бұғаулады. Вагон рельстен шығып кетті. Тура бір оқиға өрісі күту режиміне көшкендей. Бірақ Жүсіп күтіп отырғанда, Құдай әрекет етіп жатты. Ол қатысатын кісілерді жинап, келешек сахна орындарына режиссерлік етті: Жүсіпті бас шарапшының қамқорына тапсырды; перғауынды қызық түстермен әбігерге салды;

Құдай сенің жағдайыңда да осылайша әрекет етеді. Құдайдың күту залының қабырғасын безендірген «Тынышталыңдар барлығың енді, біліңдер Менің Құдай екенімді…» — деген баннерлерді оқимыз1. Қуан, себебі Құдай игі. Уайымдама, себебі Ол мүлгімейді. Тыныш отыр, себебі Иеміз әрекет етіп жатыр.

Мұса арқылы Құдайдың израильдіктерге берген сөзі есіңде ме? «Қорықпаңдар, берік тұрыңдар! Бүгін-ақ Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер…Сендер үшін Жаратқан Иенің Өзі шайқаспақ. Ал өздерің тек тыныш тұрсаңдар болғаны» (Мыс.шығу 14:13–14). Бұл сөздер, алдарында Қызыл теңізді көріп, арттарында жетіп қалған мысырлықтардың соғыс күймелерінің тарсылын естігенде айтылған болатын.Өлім оларға екі жақтан тап берді.Сондай кезде тыныш тұрасың ба? Қалжыңың болар? Бірақ, бұрынғы құлдардың көре алмаған нәрсесі мынау еді: Құдайдың қолы оларға теңіз түбі арқылы жол салды, көктегі Құдайдың демінің арқасында теңіз сулары ашылды.Құдай оларды құтқару үшін әрекет етті.

Құдай, Исаның анасы Мәриям үшінде әрекет етті. Періште оған оның жүкті болатынын хабарлады. Осы хабар оның жан дүниесінде астан-кестен сезімдер туғызды. Бұл қалай болуы мүмкін? Адамдар не ойлайды? Жүсіп не дейді? Осы арада Құдай оның игілігі үшін әрекет етті: Өзінің ниеті туралы оның күйеу жігіті Жүсіпке хабарлады; Рим патшасының ойына халық санағын жүргізуді салды; жас жұбайларды Бетлехемге әкелді. «Тағы да мынаны білеміз: барлық жағдайларда Құдай Өзін сүйетіндердің игілігі үшін әрекет етеді» (Рим. 8:28).

Киелі кітаптық тілмен айтқанда күту, оқиғаның өрісі насырға шабады деп болжамдауды, алаңдап, талаптар қоюды немесе бәрін бақылауға тырысуды білдірмейді. Бірақ күту — әрекетсіздік емес. Киелі кітаптық күту — дұға мен сенімнің арқасында Құдайға назарыңды қаратуға мүмкіндік беретін, қызу күш салу. Күту дегені— «шыдамды бол Жаратқанның алдында, шешімін күт сабырмен, еш асықпа!» (Забур 36:7).

Нехемия бізге оны қалай істеуге болатынын көрсетеді. Оның кітабы, Иерусалим қабырғаларын тұрғызуға жұмсалған күш салулар туралы әңгімелейтін мемуарлар десек болады. Ол суреттеген оқиға бір кездесуден басталады. «(Артақсерікс патшалық құрған) жиырмасыншы жылдың тоғызыншы айында мен бекіністі астана Сузыда тұрып жаттым. Сол кезде ағайындарымның бірі — Ханани бірнеше адаммен бірге Яһуда аймағынан сапарлап келіп, маған соқты» (Нехем. 1:1–2). Олар нашар хабар әкеледі: жау бір кездері қасиетті қаланы қоршаған қабырғаларды қиратқан. Қақпаларын өртеген. Аман қалған еврейлер, «күй жайы мүшкіл, көргендері қорлық» (3 аят).

Нехемияның осы бақытсыздыққа қалай жауап қайырғанына назар аударыңызшы: ол мінәжат етті. «О Жасаған Ие, Саған бойсұнған менің ….дұғаларыма құлақ аса гөр! Енді патшаны маған оң көзімен қаратып, ісімді табысты қыла гөр!» (11 аят).

Нехемияның «оң көзімен қарата гөр» деп отырған адамы –Парсының билеушісі Артақсерікс болатын. Нехемия, тәулігіне жиырма төрт сағат бойы, аптаның жеті күнінде оның жеке бас шарапшысы болған.Демек, ол өз орнын тастап, Иерусалимге бара алмады.Олай еткен күнде де, қорғаныс бекінісін қалпына келтіруге оның қаржысы болмады, сондықтан ол дұғада Жаратқанды күтуді жөн көрді.

2-ші тараудың 1-ші аятында оның күтуінің қаншаға созылғаны көрсетіледі: «сәуір айында» ол Иерусалимді қалпына келтірудің патша комитетіндегі лауазымына ие болады. Ол қанша күтті? Төрт ай.Есіңізде болса, Нехемия «ісімді табысты қыла гөр!» деп көктен шұғыл көмек беруін сұрады. Құдай Нехемияның өтінішіне төрт айдан (!) кейін жауап берді.

Оны іс жүзінде жүзеге асырудан гөрі күту туралы оқыған әлдеқайда оңай. Мен үшін күту — оңай шаруа емес. Өмір бақи мен асығыс адам болғанмын. Мектепке асығып, үй жұмысын бітіруге асығатынмын. Велосипед тепкенді жақсы көретінмін, сол әдетімді қалдырған жоқпын және автомобиль тұтқасына ауыстым. Мен сағатымды да білегімнің ішіне қаратып (циферблатын ішке қаратып) тағуға үйреніп кеттім, сағатқа қарағанда оны бұру үшін, білегімді бұруға уақыт жұмсамау үшін сөйттім. Не деген алаңғасарлық! Мен Құдайдың Көне Өсиеттегі, жиырма төрт сағатқа өмірдің ырғағын бәсеңдетуді бұйыратын — демалыс күнді сақтау өсиетін орындай алар ма едім? Демалыс күн, сен тоқтағанымен бұл әлем тоқтап қалмайтынын апта сайын еске салып тұру қажет болған мен сияқты есі ауысқандарға өсиеттелген!

Ал мына өсиетке қалай қарайсың?«…Күллі ер адамдарың жылына үш рет Исраилдің сиынған Құдайы — Жаратушы Тәңір Иенің алдына келуге тиіс. Мен сендердің көз алдарыңнан басқа халықтарды қуып шығарып, шекараларыңды кеңейтемін» (Мыс.шығу 34:23–24). Құдай уәделі Жердің ер азаматтарына жылына үш рет жұмысты тоқтатып, Құдайға құлшылық жиналысына жиналуды тапсырды. Барлық өнеркәсіп, коммерциялық кәсіпорындар, білім беру және үкімет мекемелері, жалпыға бірдей жиналыс кезінде, өздерінің қайнаған қызметін тоқтатты. Бүгін осындай бір нәрсені елестете аласың ба? Біздің еліміз тіптен қорғансыз болар еді.

Бірақ Құдай, кім қол сұқса да исраилдіктердің жерін қорғауды уәде етті. Оның үстіне ешкім ол туралы ойламайтын да болады («ешкім де елдеріңе қызғанышпен шабуыл жасамайтын болады»). Таңдалған халық осы ережені миына құйып алуы үшін, Құдай: «Маған сенім артып, күтуді үйренсеңдер, Мен сендердің қамдарыңды жеймін», деп қажылық тәжірибесін құрды.

Даниял дәл солай етті. Киелі кітапта күтудің ең қайғылы мысалдарының біріне, ұзақ уақыт бойы бүкіл ой-ниеті тек Құдайға қаратылған осы Көне Өсиеттік пайғамбардың дұғалық сергектігін жатқызуға болады. Оның отандастары жетпіс жыл бойы қанауда болды.Өзіне дұғалық ауыртпалықты жүктеп, Даниял олар үшін жиырма бір күн бойы ет, жеңсік ас және шараптан өзін тыйды. Нағыз тақуа ретінде, ол Құдай алдында өзінің қиналған халқын қорғап, табанды болды.

Үнсіздік.

Тек жиырма екінші күні ғана рухани бұзып жарып өту іске асты. Даниялға Құдайдың періштесі келіп, оған кейінге қалдырудың осыншалық ұзаққа созылуының себебін ашты. Бірінші күні-ақ Даниялдың дұғасы Құдайдың құлағына шалынған және оған жауабын жеткізу үшін періште жіберілген. «..Қорықпа, Даниял. Себебі сен сол мәселені түсінуге ұмтылып, Құдайыңа мойынсұнып сиына бастаған алғашқы күні ақ мінажатың Құдайдың құлағына жеткен еді. Мен осында мінажатыңа бола келіп отырмын. Ал парсы патшалығының рухани әміршісі маған жиырма бір күн бойы қарсы шығып, жолымды бөгеді. Сонда бас періштелердің бірі Михайл маған көмекке келді. Себебі парсы патшасы мені жібермей бөгеп жатты» (Дан. 10:12–13).

Тәндік көзбен қарағанда, сол уақытта ештеңе болған жоқ. Даниялдың дұғалары кеуіп кеткен жерге түскен тастай болып құлап жатты. Бірақ жағдайға рухани тұрғыдан қарасақ, біз аспанда болып жатқан өршелескен шайқастың куәгері боламыз. Үш апта бойы екі періште қиян-кескі шайқас жүргізді. Даниял күтіп отырғанда, Құдай әрекет етті.

Даниял дұға етуін тоқтатқанда не болар еді? Сенімін жоғалтса ше? Құдайдан теріс айналып кетсе ше?

Егер сен дұға етуіңді тоқтатсаң? Сеніміңді жоғалтсаң? Құдайдан теріс айналсаң не болар еді? деп сұраған дұрысырақ.

Жалынамын, ешбір жағдайда солай жасама! Сен үшін бүкіл көктегі әскер шайқасуда! Дәл осы сәтте сенің төбеңде және сенің айналаңда көзге көрінбейтін Құдайдың елшілері, көзге көрінбейтін ұрысты жүргізіп жатыр.

Күтуді жалғастыр.


…Ал сенім артқандар Жаратқан Иеге

жаңа күш қуатты иемденеді де,

қырандай қанаттарын жайып кеңістікке

самғай жөнеледі, алайда талмайды,

жүре береді, бірақ еш болдырмайды.

Иш. 40:31
Өз күшіңді және соңына дейін бару туралы бел буғаныңды жандандыр. Құдаймен рахаттан, сонда Ол сенің жаныңа тынығу береді.

Өзіңе күту залында қанша отыруға тура келсе де, бұл сенің қолыңнан келеді. Шыдамды бол, сонда сені керемет сый күтеді. Бас дәрігер Өзінің кабинетінен шығып, жаныңа отырып: «Өзің осы жерде күтіп отырғанда Мен жаныңда екенімді ұмытпа» деп айтады. Бұған кез келген дәрігер қабілетті емес, бірақ сенің дәрігерің соған қабілетті. Ол — ұлы Емші.

7 Тарау
Құламайтын-күлдіргі қуыршақ

Өзімнің балалық шағымдағы естеліктерімді мұқият айтып бере алмаспын деп қорқамын, себебі туған күні туралы айтқым келіп отырған баланың есімін ұмытып қалдым.Жасым нешеде екені есімде жоқ, бірақ суретке қарасақ сегіз шамасында не ойнағанымыз есімде жоқ, қонаққа шақырылған балалардың есімдері де есімде жоқ.Бірақ бір естелік жадымда қалыпты: ол –құламайтын-қуыршақ.



Бұл, ішіне ауа толтырылған түрі әумесерлеу, алмұрт формалы резіңке күлдіргі қуыршақ болатын. Ол белімнен асып, иығыммен тіресіп, бойы менімен бірдей болатын.Оның беті мен құлақтарының суреті бейнеленген, денесіне жабысып қалған қолдары да бейнеленген.Күлдіргі қуыршақта сазды әуенге салуы үшін басатын нүктесі жоқтын, жіпке байланған сақинаны тартсаң тақпақ та айтпайтын.Оның бір ғана ерекшелігінен басқа көрнекті ештеңесі жоқ еді: оны бір ұрсаң бірден аяғына тұратын.

Кез келген соққыдан кейін ол, шайқалып барып, тік тұратын. Оны сақамен ұрсаң, мұрнынан соғып немесе аяғыңызбен ішінен тепсеңіз, ол құлайды, бірақ онысы ұзаққа созылмайды. Мерекеге жиылған балалар, күлдіргі қуыршақты еденге жапсыру үшін, соққы үстіне соққы беріп жанталасты, олардың соққылары барған сайын аяусыз болды.Бірақ ешқайсымыз күлдіргіні құлата алмадық. Ол 1969 жылғы әлемдік сериядағы «Mets»ке қарағанда аяғына жиі тұрды1. Ол күшті емес еді — бар болғаны ауаға толтырылған болды.Ол соққыдан қашып, не қорғана алмады. Бізді өзінің сұлулығымен немесе сөз тапқыштығымен баурауға тырыспады. Ғафу етіңіз, ол бар болғаны еріндері қып-қызыл және сары шаштары дударланған кәдуілгі күлдіргі қуыршақ болды. Соған қарамастан оған, аяғына берік тұруға көмектесетін бір нәрсе болды.

Оның құпиясы неде екенін білгің келе ме? Өмір бізге соққыларды жаудырады емес пе: оң жақтан соққы — қабыл алмау, қатты соққы — жақындарыңнан айырылу. Дұшпан белден төмен соғуға қысылмайды.Басыңа түскен қиындықтар бізді теңселтеді. Өмір емес, тура бір жұдырықтасу іспетті.

Кейбіреулер жақтан періп соғудан кейін, аяғына тұрмайды, таяқ жеп, ызалы және жабырқаулы күйінде толықтай жеңіліске ұшырап жата береді. Ал кейбіреулер құламайтын-күлдіргі қуыршақтан айнымайды.

Мысалы, Жүсіп. Ол бір жүрген пиньята дерсің. Оны құлдыққа сатып жіберген ағаларының кекті күншілдігі, соның кесірінен зынданға түскен Потифардың әйелінің қаскөй өтірігі, оның бұғауда болуын екі жылға создырған бас шарапшының уәдесін орындамауы. Жүсіп теңселді, бірақ жығылған жоқ. («Рокки» кинофильміндегі әуен ойнайды). Құдайдың күшімен, бұрынғысынан да бекем болып перғауын сарайында аяғына тұрады.

Перғауын Мысырдың жалғыз билеушісі болды — өзіне өзі министрлер кабинеті және конгресс. Оның айтқаны мүлтіксіз орындалатын.Жарлық берсе, ол бірден заңға айналатын. Бөлмеге кірсе, ондағылардың бәрі тағзым ететін. Бірақ сол күні перғауын өзін көктің тұрғыны ретінде сезінген жоқ.

Көз алдымызға беліне дейін жалаңаштанған, кемиекті, кеуде бұлшық еттері сәл болбыр, бірақ орта жастағы патша ретінде жеткілікті нығым, кәдуілгі перғауынды елестетейікші.Иықтарында — алқа-жаға, басында конус тәрізді биік тәж, тәжді кобраның қампайған күләпара жиектейді. Иегінде бұрым болып өрілген қондырма сақал, көздің астыңғы және үстіңгі қабақтары сүрмемен сызылып бадам пішіндес етілген.Бір қолында асатаяқ, екінші қолымен иегін тіреген. Құлдар оны желпуішпен салқындатуда. Үстел үстінде қол созым жерде інжір мен жаңғақтар салынған ыдыс тұр. Бірақ перғауын аш емес, ол қабағын тарс түйіп отыр. Оның жақын жүрген адамдары әбігерге түскен, бір-бірімен сыбырласып сөйлеседі. Перғауынның көңіл күйі болмаған кездері, бәрі өздерін сақтықпен ұстайды.

Түн ұйқысын төрт бөлген түстерден оның мазасы қашты. Алдымен Нілден шыққан сиырлар оның түсіне кірді, олар жайбарақат жағалаудағы құрақта жайылып жүреді. Олардың жетеуі сау және күйлі болады — «Chick-Fil-A»1 мейрамханалары желісінің жарнама баннерлеріне тамаша үлгі. Бірақ осы таңдаулы қоңырлар шөпті жусап жатқанда, аяқ астынан жүдеу жеті сиыр арттарынан ұрланып келіп, оларды жалмап қояды. Перғауын төсегінен ыршып тұрады — одан тер бұрқ етті.

Бірнеше минуттан кейін, біраз тынышталып ол қайта мүлгіді. Бірақ екінші түс те сондай үрейлі болды. Бидайдың піскен жеті масағын, іші қуыс, кеуіп кеткен басқа жеті масақ жұтып қояды. Өзара өте ұқсас екі түс, оларда әлдебір сұмдықтың жеті өкілі әлдебір керемет нәрсенің жеті өкілін жояды.

Перғауын мазасы кетіп, абдырап оянды. Кеңесшілерін шақырып алып, түстерін жорып беруін және сиырларды жеген сиырлармен, масақтарды жеген масақтар нені білдіретінін түсіндіріп беруін талап етті.Сандырақ қой бұл? Бірақ оның кеңесшілері перғауыннанда бетер абдырағандықтан жауабын таппады. Осы кезде бас шарапшы, өзі түрмеде танысқан Жүсіпті есіне түсіреді, сөйтіп перғауынға еврейдің түстерді жоритын шебері туралы айтуға асығады. Перғауынның ымдағаны сол-ақ еді, бәрі құрдай жүгірді. Жүсіпті жуындырып, Мысыр билеушісінің көз алдына алып келеді.Шарықтау шегінде Жақыптың сүйікті ұлы перғауынның тақ залының табалдырығын аттайды.

Ойлап көрші! Перғауын — жоғары билеуші, Жүсіп — бұрынғы қойшы. Перғауын — астана тұрғыны, ал Жүсіп — ауылдың жігіті. Перғауын сарайда шадыман өмір сүрді, ал Жүсіп түрмеде жылдап жатты.Перғауынның қолын алтын білезіктер әшекейлесе, Жүсіптің қолдарын — бұғаудан қалған іздер. Перғауын әскерлерге әмірі жүріп, пирамидалар тұрғызса; Жүсіп те бар болғаны — біреуден бір жолға сұрап алған киім мен шетелдік акцент.

Алайда біздің бұрынғы тұтқын сыр бермеді. Перғауынды тыңдап алып, ол кеңесшілердің көмегіне және кофе тұнбасында бал ашуға жүгінбестен бірден іске көшті. Жүсіптің алдындағы тапсырма, Гарвардта математикадан сабақ беретін профессор үшін көбейту кестесін орындаудан күрделірек еместұғын. «Мысырды жеті жыл бойы өркендеу, одан кейін жеті жылға созылатын аштық күтіп тұр».

Не перғауын, не басқалары естігендеріне не айтарын білмеді. Мысырлықтардың ауыз-екі сөзінде «аштық» деген сөз былапыт сөзбен бірдей болатын. Елдің экономикалық өркендеуі автомобиль құрылысына немесе жеңіл өнеркәсіпке негізделмеген, ол тек жер өңдеуден тұратын. Бидай өндірісі Мысырды Нілдің көркі етті, ал оның билеушісін — дамыған әлемде ең беделді адам етті. Бір ай құрғақшылықтың өзі елдің экономикасына қаупін төндірді. Бір жыл бойы өнімнің болмауы, Ніл жағалауынан орын тепкен ауыл шаруашылық жерлерінің жеке меншік иесі — перғауынның билігін едәуір әлсірететін еді. Жеті жылғы құрғақшылық Нілді бұлаққа, ал бидай егістіктерін құрғақтыққа айналдырар еді. Перғауын үшін аштық, мұнай шейхтары үшін жолға қойылған электромобильдер өндірісінің ағымын тоқтатумен бірдей еді. Бір сөзбен айтқанда, заманның ақыры!

Тақ залында, өрмекшінің торына түскен шыбынның дыбысы естілетіндей құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады.Орнаған үнсіздіктен ешбір қысылмастан, Жүсіп жиылғандардың алдында осы мәселенің ықтимал шешімін жариялады. «Ауыл шаруашылық министрлігін құрып, ақылды адамды басшы етіп қою керек. Астық мол болған жылдары бидайдың артығын қоймаға жинап, астық болмаған жылдары оларды зәру адамдар арасында үлестіру қажет».

Жүсіптің мына бетсіздігінен асып-сасқан патша қызметшілері ауыздарын ашып қалды. Перғауынға жаман хабарды айту бір басқа, ешкім сұрамастан — оған кеңес беру бір басқа.Бірақ сарайға енгелі мына жас жігіттің қаперіне қорқу кіріп шықпайтын сияқты. Ол перғауынның алдында мүләйімсіген жоқ, сиқыршыларға құрмет көрсеткен жоқ, қолдарынан сүйген жоқ. Оның орнында басқа біреу болса, осы дүниенің алпауыттарының алдында қысылған болар еді, алайда Жүсіп міз баққан жоқ.

Қарашы, қандай қарама қайшылық: перғауын: тақ залында ең құдіретті адам, ол — Нілдің билеушісі, ол — құдайдың жердегі өкілі және Ұлы Пух-Бах2 пирамидаларын жасаушы, естігенінен есін жию үшін бір жұтым виски ұрттауы керек болды. Ал Жүсіп, сондағылардың арасында құқықсыз, оның үстіне құл және зорламақшы болды деп айып тағылған тұтқын, мәрмәрдан құйылған ескерткіш іспетті міз бақпады.

Олардың осылай әр-түрлі өздерін ұстауының себебі неде?

Теңгерімде. Құламайтын-күлдіргі қуыршақта сол теңгерім болды. Кейіннен мен, туған күнде өзіме қатты әсер қалдырған балалар ойыншығы, қорғасынды ауырлықпен жабдықталғанын білдім.Оның түп жағына жасырылған үш фунтты пластина қарсы салмақ жасап, кез келген соққыны тұрақтандырады екен. Жүсіпте де, өзіміз білгеніміздей сол сияқты зікір (якорь) болған екен.Жоқ, темірден емес, оның зікірі — терең бойлаған, оған тұрақтылық беретін Құдайдың жоғары билігіне болған сенімі.

Бұл оның Мысырдың билеушісіне айтқан алғашқы сөздерінен-ақ көрінеді: «…түс жори алатын мен емес. Перғауынның игілігі үшін жоруын Құдай бермек» (Жар.баст 41:16). Екінші сөзінде Жүсіп өзінің түсіндіруін жалғастырды: «Мен жаңа айтқандай, Құдай осы түстер арқылы келешекте не болатынын перғауынға білдіріп тұр» (28 аят). Түстерді жорып болған соң, ол сөзін қорытып: «…Құдайдың Өзі шешіп қойған бұл істі жуырда жүзеге асыратынын білдіреді» деді. (32 аят).

Келтірілген үш аятта Жүсіп төрт мәрте Құдайға сілтейді! «Құдай… Құдай… Құдайдың… Құдай».

Бірақ бұрын да ол солай етті емес пе?! Потифардың әйелі оны азғырмақшы болғанда, Жүсіп: «Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын» деген еді ғой! (Жар.баст 39:9). Жүсіптің қамқорлығына тапсырылған тұтқындар одан түстерін жорып беруін сұрағанда, ол оларға: «…түс жору Құдайдың ісі емес пе? Маған айтып беріңіздер» деді (Жар.баст 40:8). Оның өнегелік компасының тілшесі, рухани көкжиегінің ең жарық жұлдызына яғни Құдайға қатесіз сілтеді. Оның әлемді елестету суретінде, Құдай әлдебір ұланғайыр нәрсені жасауға қабілетті және дайын ең басты кейіпкер болды.

Өзіміз көргендей, Жүсіп қателеспепті. Перғауын жағдайды 180оөрістететін таңғажайып өкім берді: «Біз Құдай рухына кенелген тап осы адамдай біреуді таба аламыз ба?» (Жар.баст 41:38). Ол өзінің патшалығына қам жеуді Жүсіптің қолына тапсырды. Сол кеште-ақ Қанаханнан келген жігіт, перғауынның билігінен ғана кем түсетін құзыреттерге бөленіп, патша күймесінде отырды. Мансаптың не деген тосын шарықтауы!

«Жүсіптің өмірі» деген шатақ оқиғадан, мен бірталай жарақаттайтын жағдайларды байқадым: бұзылған бір уәде, кем дегенде екі сатқындық, оған қатысты бірнеше рет өшпенділіктің өршуі, екі рет ұрлау және азғырудың қақпанына түсіруге әрекет ету бір рет қана болған жоқ, он күншіл ағалары мен ата-аналық міндеттің тиесілі орындалмауының бір көрінісі. Одан басқа, қорлаулар, түрмеге әділетсіз жабу, екі жыл бойы адам жиіркенетін түрменің сұйықшалма көжесі, — ал енді осының бәрін араластырда бетіңді тыжырайтпастан он үш жыл бойы іш. Одан не шығады? Киелі кітаптағы аса зор жоғарылату! Ешкім танымайтын Жақыптың ұлы, әлемдегі ең ұлы елде құдіреті бойынша екінші адамға айналады. Ол патша сарайына жылдам және қалтқысыз жүріп өткен жоқ, бірақ Құдай осы шатақ оқиғаны бергісіз бірнәрсеге айналдырды емес пе, қалай ойлайсың?

Ойланып көрші, Ол сенің өміріңде де дәл соны жасай ала ма? Өзіңнің өткен өмірдегі қиындықтарың туралы ойлап көр. Ашу мен бақытсыздықтар ұласқан опасыздықтар. Отбасыдағы қиындықтар. Әділетсіз айыптаулар. Жыныстық зорлық-зомбылық. Өмір қандай төзгісіз бола алады десеңші!

Соған қарамастан, менің сұрағыма жауап беріп көрші: Жүсіптің Құдайы бұрынғысынша күшті ме? Иә! Жүсіп үшін жасағанды Ол сен үшін жасай ала ма? Әрине! Иеміз, саған қарсы ойластырылған зұлымдықты, саған Өзі қалағандай адам етіп өзгеруіңе көмектесу үшін қолдана ала ма? Сөссіз! Бірде — осы өмірде және келешекте, сен мүмкін өзіңнің басыңа түскен жамандықтар есіңе түскенде, жалпы өміріңнің жаман болмағанын қорытатын шығарсың.

Лейтенант Сэм Браун дәл сондай ойға келді. Вест-Пойнттағы оқуын аяқтағаннан кейін ол Ауғаныстанда өзінің алғашқы іссапарында болды, сонда қолдан жасалған жарылғыш зат оның «хаммерін» «Молотовтың коктейліне» айналдырды. Ол жүк көлігінен қалай шыққаны есінде жоқ, бірақ құмға дөңбекшіп, оны уыстап алып лапылдаған бетіне шашқаны, сөйтіп тізерлеп құлағанға дейін шыр айналып жүгіре бергені есінде.Аспанға лапылдаған қолдарын көтеріп, ол: «Құдай, мені құтқара гөр!» — деп айқайлады.

Сэмнің жағдайында осы сөздер жәй ғана түңілудің жан айқайы болған жоқ — ол Иса Мәсіхке шын жүрегімен сенді және Құтқарушыдан өзін аспанға алып кетуін өтінді, себебі өліп бара жатырмын деп ойлады.

Бірақ өзі сұраған өлімнің орнына, оның взводындағы пулеметшы жігіт келіп, атысқа қарамастан Сэмге пана жерге жетуге көмектесті. Дуалдың артына жасырынған лейтенант өзінің күйіктерін көріп, бықсыған қолғаптар жартылай қолының терісіне жабысып қалғанын түсінді. Ол қатардағы солдатқа қолғапты сыпырып шешуді бұйырды. Ол бір секундтай толқып, сосын күйіп қалған дененің бөлшектерімен бірге қолғапты шешіп алды. Кейінгі бірқатар азапты медициналық килігулердің біріншісі болған осы қатты ауырсынудан Браунның жаны түршікті.

Көрші взводтан көлік келгенде жарақаттанған адамды жүк көлігіне орналастырды. Сэм есін жоғалтпастан бұрын, көліктің артқы айнасынан өз бейнесін көріп, өзін танымай қалды.

Бұл 2008 жылдың қыркүйек айында болды. Үш жыл өткеннен кейін біз кездескен сәтте ол тері трансплантациясы бойынша ондаған ауыр оталарды басынан өткерді. Сол оталар жасалатын кезде бастан кешірген азаптарды, сандық көрсеткіштерінің аса жоғары болатын бірдебір ауырсыну шкаласымен бағалау мүмкін емес.

Бірақ осы сұмдықтың нағыз қызған кезінде Сэмнің өміріне сұлулық еніп келді. Ол диетолог Эми Ларсен еді. Сэмнің аузы тиынның көлеміндей кішірейгендіктен, Эми оның тамақтану процесін бақылады. Сэмнің қызды алғаш көрген сәті есінде. Шаштары қара, көздері қой көз. Жігерлі. Шырайлы. Бірақ ең маңыздысы, оны көргенде қыз шошынбады.

Бірнеше апта өткенде Сэм батылданып, қызды кездесуге шақырды. Олар екеуі родеоға барды, ал келесі демалыста досының үйлену тойына шақыру алды. Жол үш сағатқа созылды, сол жерге жеткенше Эми Сэмге, оған бірнеше ай бұрын, жансақтау бөлімінде бүкіл денесі ақ дәкемен таңылып, морфиннің әсерінде болып, жасанды тыныстау аппаратына қосылған шақта назар аударғанын айтып берді. Сэм есін жиғанда, онымен танысу үшін палатасына кіреді, бірақ оны дәрігерлер мен туыстары қоршағандықтан, қыз кейін келмек болады.

Екі жас кездесулерін жалғастырады. Алғаш танысқан күндері Сэм Эмиге өзінің Иса Мәсіхке сенетінін айтады. Эми сенбеуші болатын, бірақ Сэмнің оқиғасы қыздың жүрегін тебіренткені соншалық, ол да Құдайға бет бұрады.Құдайдың рақымы туралы айтып беріп, Сэм оны Мәсіхке алып келді. Осыдан кейін көп ұзамай олар үйленді. Бүгін, мен осы тіркестерді жазып отырғанда, олар жеті айлық ұлдарын тәрбиелеп отыр, ал Сэм болса жарақаттанғандарды оңалту бағдарламасын басқарады1.

Мен, ауғанның шөл даласында қатты күйік алған адамның үлесіне тиген сұмдықты кеміткім келмейді. Елестету мүмкін емес, көптеп жасалған оталардан алған оның азаптары мен оңалтуға жұмсаған күш салулары. Өзі алған сезімдік есеңгіреу, зайыптар қарым-қатынасына кейде теріс әсерін тигізеді. Бірақ Сэм мен Эми келесіге нық сенеді: Құдайдың математикасы жалпыға ортақ математикадан ерекшеленеді.Соғыс + өлімалды азаптар + азапты оңалту = тамаша отбасы және жарқын келешекке деген үміт.Құдайдың қолында ойластырылған зұлымдық ақыр соңында игілікке айналады.

Құдайдың көмегімен сен құламайтын күлдіргі қуыршақ сияқты қайта тұра аласың. Кім білсін? Мүмкін сенің биіктеуің бүгін іске асатын шығар.Жүсіптің тағдырын түбегейлі өзгерткен сол таңда, осы күн, алдыңғы жеті жүз күннен бір нәрсесімен өзгеше деген ой оның қаперіне де кірмеді. Ол: «Жаратқан Ие, күн батқанға дейін мені Мысырдың премьер-министрі лауазымына көтерші» деп сиынбаған шығар. Бірақ Құдай Жүсіптің ең батыл дұғаларынан да асып түсті: оның күні абақтыда басталып, патша сарайында тәмамдалды. Ұйқыға жатып, ол жымия: «Макс дұрыс айтыпты: мен шынымен де құламайтын күлдіргі қуыршақ екенмін» деп сыбырлапты деген аңыз бар.

8 Тарау
Өміріңде бәрі ойдағыдай болмағанда, Құдай бұрынғысынша игі болып қала бере ме?

Сол күнді мен шуақты, жазғы, нағыз бразилиялық күн деп есіме аламын. Біз Деналин екеуміз достарымыз Пол мен Деббидің үйіне барған едік. Оларға бару, біз үшін көптен күткен демалыс болды, себебі біз Рио-де-Жанейроның орталығына жақын жердегі биік үйлерден пәтер жалдаған болатынбыз, ал Пол мен Деббидің үйі қала орталығынан бір сағаттық жерде, ауасы салқын, көшелері таза, өмір бірқалыпты жерде орналасқан. Оның үстіне оларда бассейн бар болатын.

Біздің екі жасар қызымыз Дженна олардың балаларымен рахаттана ойнады.Ойнап жүріп ол бір кезде құлап түсті. Сондықтан балаларды қараусыз қалдырмайық деп, тамақ алып шығу үшін бір минутқа ғана үйге кірген едік, сөйтіп тамақ жеп және көңілдене әңгіме-дүкен құрып отырдық, сол сәтте Пол мен Деббидің төрт жасар қызы, бөлмеге келіп: «Ал Дженни бассейнге құлап кетті» деп абайсызда айтып қалды.Тура бір жарылыстың толқынымен атылып шыққандай бөлмеден ұшып шықтық. Дженна суда тырбаңдап жатыр, әрине үрлемелі шеңбер, құтқаратын белдемше де оның үстінде болған жоқ. Пол оның қасына бірінші болып жетті. Ол бассейнге секіріп, Дженнаны қолына алып, Деналинге тапсырды. Шамамен бір минут Джен қақалып, шашалды және жылады, сосын ештеңе болмағандай ойнауын жалғастырды. Апаттың алдын алдық. Біздің қызымыз қауіпсіздікте болды.

Сол кездегі біздің ризашылығымызды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Біз бірден балаларды қоршап, олар үшін дұға еттік және алғыс әнін айттық. Дженнің қолынан жібермей, қалған күнімізді шат-шадыман өткіздік. Үйге қайтып бара жатып көлік басқарып отырғанда, артқы орындықта балалар креслосында ұйықтап жатқан Дженнаға қарап, мен тағы сиындым: «Құдай, Сен қандай игі едің!» сол кезде маған ой келді. Бұл ой Құдайдан ба? Әлде бар күшімен Оны түсінуге тырысқан жан-дүниемнің бір бөлігінен бе? Білмеймін. Бірақ, көкейдегі туған сұрақ әлі есімде: «Егер Дженна аман қалмағанда, сен Құдайды бұрынғыдай игі деп есептеген болар ма едің?»

Сол күні Құдайдың игі екендігі туралы аузым жабылмады. Бірақ егер біз Дженнадан айырылып қалғанда, мен әлі де өз пікірімде қалған болар ма едім? Әлде Құдай, өзімізбен болып жатқан немесе айналамыздағы нәрселер бізге ұнағанда ғана игі ме?

Ісік ремиссия кезеңіне өткенде, біз: «Құдай игі!» дейміз. Біздің жалақымыз өскенде, Құдайдың игі екенін жариялауға асығамыз. Жоғары оқу орнына қабылданғанымызда немесе өзіміз сүйетін команда жеңгенде, Құдай игі. Бірақ басқа жағдайларда дәл осыны айтар ма едік? Бала төсегінің жанында емес, зиратта болса ше? Дүкенде емес, еңбек биржасында кезекте тұрғанда ше? Қаржылай өркендеу кезінде емес, экономикалық дағдарыс кезінде ше? Құдай әрдайым игі ме?

Таяуда менің достарым Брайан мен Кристина үшін, осы мәселе аса өзектіге айналды. Осы жылы олардың жеті жасар қызы Ребекка ауруханада алты айдан аса жатып, ұйқы безінің науқасына байланысты алты ота жасатты. Брайан жұмыстан кетуге мәжбүр болды, себебі оның отбасының бірнеше мүшесі қайтыс болды, тірі қалғанына ми ісігінің диагнозын қойды. Кристина төртінші балаға жүкті. Оларға оңай емес, келісесің ғой.Кристина өз блогында келесіні жазыпты:


Ауруханада қызымның төсегінің жанында өткізген айлар, қажытарлық болды, бірақ үмітімді үзбедім. Брайанның туыстарының бірінен соң бірі дүние салуы, көп ұзамай соңғы аман қалған туысына — ми ісігі диагнозын қоюы түсініксіз болды, бірақ сонда да сенімімнен таймадым. Жүктілігімнің жеті жарым айында плацента қыртыстанған деп ауруханаға алып кеткенде, қатты қорықтым, бірақ әлі де сендім. Мен, өзімді Құдай менің игілігім үшін әрекет етіп жатыр деп сендірдім, дегенмен басыма түскен сынақтардың қисынын түсіне алмасам да адам санасымен түсініп болмайтын ұлы Құдайдың ой-ниетінің бар екеніне сендім.

Құдаймен екеуміздің арамызда, мен басыма түскен ауыр сынақтарды Ол мендегі шыдамымның шегі деген сызықтан аттап өткенге дейін төземін деген құпия келісім болды. Ол осы сызықтың қай жерде аяқталатынын жақсы білді және жүрегімнің түкпірінде Ол ешқашан одан аттамайтынына сенімді едім.

Бірақ Ол аттап өтті. Құрсағымдағы сәбиім өлі туылды, қызым Ребекка әлі де жасанды тамақтандыру зондымен өмір сүріп, денсаулығына қатысты болжамдар көмескі болғандықтан, өзіміз күткен және жақсы көрген төртінші баламыз аман болады деп алдын ала шешкен едік.Бірақ сәби өліп қалды. Құдай сызықтан аттап өтті және менің Құдаймен біржақты келісімім бұзылды.

Сол сәттен бастап бәрі өзгерді. Жан дүниемде үрей орын алып, сенімім күйрей бастады. Құдай кепілдеген «қауіпсіздік аралы» күнделікті тұрмыстың дауылында батып кетті. Өзім онсыз да жаншылып, қиындық көріп жүргенде осындай бақытсыздық басыма түсе алатын болса, демек тіптен қорғансыз болғаным ғой. Өмірімде алғаш рет, өзімді абыржу сезімі жегідей жей бастады1.


Осы жерде не нәрсе айтылмақ екенін ішіміз сезеді. Барлығымыз болмасақ та, біздің көпшілігіміз Құдаймен осындай келісімдер жасаймыз және Иеміздің оларға қол қоймайтыны, өзімізге олардың заңды екеніне сенуімізге кедергісін келтірмейді.
Егер Құдай өз кезегінде…

баламды құтқарса,

әйелімді сауықтырса.

менің жұмысбастылығымды кепілдесе

жақсы, өнегелі адам болуды уәде етемін

___________________ (өз шартыңызды жазыңыз).
Әділ емес пе? Соған қарамастан, Құдай біздің үміттерімізді ақтамай қалса болғаны, біз түрлі сұрақтар мен күмәндардың иіріміне батып кетеміз. Ол жалпы игі Құдай ма? Бәлкім Ол маған ренжулі шығар? Оның асып-сасып немесе шаршап қалуы мүмкін емес қой? Ол шынымен де құдіретті ме? Әлде Оны шайтан алдап кетті ме? Нақты оқиғалар күткенімізге сай келмегенде, біз Ол туралы не ойлау керекпіз? Неге Ол соларға араласпайды?

Жүсіптің перғауынға айтқан сөздері, осы мәселеге айқындылық береді. Әдетте Жүсіптің сөздеріне, азапталушы Әйүптың сөздеріне немесе елші Пауылдың жолдауларына берілетін теологиялық мән берілмейді. Оның үстіне біздің қолданысымызда оның айтқан сөздері көп емес, бірақ сол бар болғандарының өзі оны Құдайдың қызу жақтаушысы екені туралы күәлік береді.

Ол перғауынға:
…Содан соң молшылықты ұмыттыратын жеті жылдық қуаңшылық келіп. елді құртып жібереді. Сонда бұл жерде болған молшылық ешкімнің есінде қалмай, елді өте ауыр ашаршылық жайламақ. Перғауынның түсті екі рет көруі Құдайдың Өзі шешіп қойған бұл істі жуырда жүзеге асыратынын білдіреді» — деп жариялады.

Жар.баст 41:30–32
Жүсіп, молшылық та, аштық та Құдайдың ісі екенін түсінді. Біріншісі де соңғысы да «шынайы Құдайдың сөзі».

Бұл қалайша мүмкін? Осындай сұмдық ауыртпалық Құдайдың ниетінің бөлігі болуы мүмкін бе?

Әрине жоқ. Құдай зұлымдық жасамайды және одан пайда таппайды. «Зұлымдық атаулы Құдайдан тым алшақ, әділетсіздік атаулы құдіреті шексіз Тәңірден әбден аулақ!» (Әйүп 34:10; сондай-ақ Жақып 1:17 қар-з). Құдай — игіліктің өзі. Игі Құдай қалайша әлдебір сұмдық нәрсенің Жаратушысы бола алады?

Оның үстіне Ол — тәуелсіз Билеуші. Киелі Жазба Оның толық және абсолютті бақылауына бірнеше рет сілтейді. «…пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізіп, Оларға Өзі қалаған кісісін басшылыққа тағайындайды..» (Дан. 5:21). Құдай игі және Құдай тәуелсіз. Онда игі Құдай билік ететін әлемде зұлымдық пен азаптардың болуына қалай қарауымыз керек?

Осы тұста Киелі кітаптық көзқарас келесідей: Құдай азаптарға жол береді. Жындар Исадан шошқа тобына енуге рұқсат сұрағанда, Ол «жол берді» (Марқа 5:12–13 қар-з). Өзіне бағынбағандар туралы Құдай былай деді: «Олардың….өздерін арамдауына да жол бердім. Өзімнің Жаратқан Ие екендігімді білсін деп…» (Ез. 20:26). Көне Өсиетте байқаусызда кісі өлтірген адамды күтетін салдарлар туралы айтылады: «..алайда егер оны ешқандай арам ниетсіз, Құдайдың жол беруімен істеген болса, онда ол Өзім белгілейтін бас сауғалау жеріне қашсын…» (Мыс.шығу 21:13).

Иә, кейде Құдай бақытсыздықтарға жол береді, мысалы қуаңшылық, оның нәтижесінде өнім болмайды. Ол шайтанға зиянкестік жасауға жол береді және кейде аса ірі көлемде. Бірақ Құдай ешқашан шайтанның жеңуіне жол бермейді. Римдіктерге 8:28-де осы туралы айтылады емес пе: «тағы мынаны білеміз: барлық жағдайларда Құдай Өзін сүйетіндердің игілігі үшін әрекет етеді, себебі Ол бізді Өз мақсатына сай таңдап алды»? Құдай өзімізбен болып жатқан нәрсенің бәрі әйтеуір біздің игілігімізге айналатынын уәде етеді, бірақ болатын нәрсенің бәрі игі болып табылмайды.Өміріміздегі кейбір оқиғалар тым жаман болуы мүмкін, бірақ ақыр соңында бәрі жақсы аяқталады.

Егер аңғаратын болсақ, осы шындықты өз өмірімізден де байқауға болады.Сен кофені фарфор ыдыстан сораптап тәбетпен ішіп: «Тамаша!» дейсің. Сонымен не айтқың келеді? Не тамаша? Кофе дәндері сақталатын пластик пакет пе? Немесе кофенің өзі ме? Мүмкін бар гәп, қайнаған суда шығар? Немесе кофе қайнатқыштың сүзгішінде болар? Ешқайсысы да емес. Әлдебір тамаша — немесе, Киелі кітаптық тілмен айтқанда игі нәрсе— барлық қажетті нәрсе қосылғанда іске асады: пакет ашылып, кофе ұнтақталды, су қажетті температураға жеткізілді. Өз алдына бөлек факторларды біріктіру осы игілікті жасады.

Көне Өсиетте де, Жаңа Өсиетте де аштық немесе жүрек талмасын немесе лаңкестік шабуылды игілік деп есептеуге жол беретін бірде бір аят жоқ. Осы сұмдық бақытсыздықтар күнәға бола қарғысқа ұшыраған жерден шығады. Соған қарамастан Киелі кітаптық сюжеттер, әсіресе Жүсіптің оқиғасы, Құдай оларды басқа қоспалармен араластырып, біздің игілімізге болатын нәрсені жасайды дегенге сенім ұялатады.

Бірақ біз Құдайдың түсінігіндегі игілікке сенім арту керекпіз.Сен екеуміздің ол туралы әбден дәстүрлі түсінігіміз бар, ол денсаулық, жайлылық, құрметті қамтиды.Бірақ, Құдайдың көзқарасы бойынша игілік дегеніміз не? Оның Жалғыз Ұлы Иса Мәсіхтің керемет өмірі, өзінде қиыншылықтар, толқулар және айқыштағы өлімді қамтыды. Бірақ Құдай осының бәрін: Өзінің даңқын асырып, біздің құтқарылуымызға әкелетін зор игілікке айналдырды.

Джони Эриксон Тада өмірінің көп бөлігінде, өмірде азаптардың болуын игі Құдайдың табиғатымен ымыраластыруға тырысты. Ол өзеннің тік жарынан секіріп, жарақат алып, нәтижесінде өмір бақи сал болып қалған шақта жасөспірім болатын. Қырық жыл мүгедектер арбасында отырып, Джони келесі тұжырымға келді:


[Бастапқыда] мен, егер менің басыма түскен бақытсыздыққа шайтанмен Құдайдың қандай да қатысы бар болса, онда шайтан соған рұқсат алу үшін Құдайдың қолын бұрап күштеген болар деп ойладым …

Мен былай пайымдадым: Құдай шайтанның табанды талаптарына жол берсе, Ол бейшара енді қолында жөндеу құралдары салынған шабаданды ұстап алып, шайтанның бүлдіргендерінің бәрін жөндеп, қалпына келтіру үшін оның артынан жүріп, міңгір-міңгір етіп: «Ойбу, қандай бәлеге ұшырадық, енді қалай бәрін жөндейміз?» деп байбалам салып жүрген болар<…>

Бірақ, Құдай шайтаннан әлдеқайда құдіретті…

Мені мүгедектер арбасына отырғызып, шайтан менің сенімімді шайқалтқысы келді, бірақ Құдай оның ой-ниетін талқандап, мүгедектер арбасының көмегімен және сонымен байланыстының бәрі арқылы мені Мәсіхке ұқсас етіп өзгерткісі келді…

[Иеміздің] шайтанның зұлым айлаларын барынша игілікке айналдыруға күші жеткілікті2.
Иса да осы туралы айтты. Оның шәкірттері жол жиегінде отырған туғаннан соқыр адамды көргенде, Исадан осы адам не үшін соқыр, деп сұрай бастады. Бұл Құдайдың қаһарының нәтижесінен бе? Егер солай болса, Оны қаһарландырған кім? Кім күнә жасады — соқыр адамның өзі ме, әлде оның ата анасы ма? Исаның: бұл адам «оның өмірінен Құдайдың құдіретті ісі көрінуі» үшін соқыр болып туылды (Жохан 9:3), деген жауабы — Иеміз бір саты жоғары ой-ниетте болатынын көрсетті, шәкірттері ол туралы ойламаған да еді. Құдай соқырлықты — адам басына түсетін зор бақытсыздықты — Исаның ауыр сырқаттардың үстінен шексіз билігін көрсететін жарнамалық акцияға айналдырды. Шайтан зұлымдықты сеуіп әрекет етті, ал Құдай оған қарсы тұрды, сонда игілік үстем болып шықты.Бұл Құдайдың джиу-джитсу1 іспетті шеберлігі. Құдай зұлымдықтың күшін, оны туындатқан қайнар көзге қарсы бағыттайды. «[Құдай] оның зардаптарын жоққа шығару үшін зұлымдықты қолданады»3. Ол — Гроссмейстер және әрдайым шайтанға мат қояды.

Келесі нәрсе біз екеумізге байланысты: Құдайға сенім арту немесе Одан теріс айналу. Күмәнданбасаң болады: Құдай біздің көкейкесті сызығымыздан аттап өтіп, үміттерімізді желге ұшырады, сонда бізге шешім қабылдауға тура келеді.

Кристина Тейлор өз таңдауын жасады. Тараудың басында сөз болған жас әйел есіңізде ме? Ол өз блогын келесі сөздермен аяқтады:
Апталар бойы мен, өзім жақсы көретін Құдай менің отбасым үшін қиын кезеңде неге осындай бақытсыздыққа жол берді деп басымды қатырдым. Өзім тірелген жалғыз тұжырым мынадай болды: мен өзім белгілеген төзімнің шегінен бас тартып, өз өмірімді, оның әрбір сәтін, өзіммен болып жатқан нәрсе ұнай ма жоқ па, соған қарамастан, күңкілдемей Құдайға сеніп тапсыруға тиіспін.

Менің отбасым — Құдайдың қолында. Мен бұдан былай ешқандай шектер қоймаймын және мәміле жасамаймын. Өзіме қымбат адамдардың өмірлерін Иемізге тапсырдым. Сонда дүрбелең билеп-төстеген жерде тыныштық, үрей басым болған тұста сабырлық орнады4.


Бір кездері біз бәріміз де осындай жолайырыққа тірелеміз. Оқиғаның соңы өзімізге ұнамаған жағдайда Иеміз бұрынғысынша игі болып қала ма? Науқас кезімізде, деніміз сау кездегідей Оған адал болып қаламыз ба? Біздің ақырғы жауабымыз — Иса Мәсіх. Ол — Құдайдың бізге қалдырған Өзінің жалғыз суреті. Аспанның азаптар туралы не ойлайтынын білгіңіз келе ме? Исаға қараңыз.

Ол алапестерге қолын қойып, күнәсіна өкінген күнакар әйелдің көз жасын сүртті, ашыққандардың зарына құлақ түрді, қайтыс болған досына қайғырды. Ол, қайғырған ананың мұқтаждықтарына қам жеу үшін Өз істерін кейінге қалдырды. Азаптарды көргенде Иса шеттеп өткен жоқ, қашқан жоқ және шегінген жоқ. Керісінше. Ол ешкімді алаламастан, бәрімен бірдей азап шекті. Отбасы ретсіздіктері ме? Иса олар туралы біреулерден естіп білген жоқ. Қызғаныштан өртенген еркектердің аяусыз үкіміме? Иса уға толы осы тостағаннан ішті. Оның өлімі мағынысыз сияқты ма? Жәй ғана айқышқа қараңызшы. Жер бетінде Ол бастан кешірмеген азап жоқ.

Неге? Өйткені Ол игі.

Құдай бізге одан басқа түсіндірулер беруге міндетті емес. Ол бізге тағы бір, терең түсініктеме бергеннің өзінде, оны түсінетінімізге кепіл бар ма? Сіз, осы жерде мәселе Құдайдың түсіндіру қабілетінде емес, бірақ біздің мүмкіндіктеріміздің шектеулі екендігінде, деп ойламайсыз ба? Келесі жағдайды елестетейік: Георг Фридрих Гендельдің жұбайы үйін жиыстырып жүріп, оның танымал «Мәсіх» ораториясының парағын кездейсоқ тауып алады. Ұлы шығарма екі жүзден аса беттен тұрады, бірақ ол түсініксіз жағдайлармен ас бөлмесіндегі үстел үстінде қалған бір ғана парағын тауып алды. Күйеуінің қолымен жазылған осы парақта, оның сұлулығы бүкіл шығарма контексінде ғана ашылатын минордағы жеке музыкалық үзінді ғана болды.Композитордың әйелі оны оқып шыға алып, үндестік бұзылған деп бағалап, қолына қысқан парақпен күйеуінің кабинетіне: «Мынау музыка емес, шимай-шатпақ, Георг. Сен түкке тұрғысыз композиторсың» деп жүгіріп кірді делік. Қызық, сонда Георг не ойлаған болар еді?

Кім білсін, біз өзімізді осылай ұстағанда Құдай да солай ойлайтын шығар? Өзіміздің минорлы үзінділеріміз — науқас бала, балдақ немесе аштыққа саусағымызбен шошайтып, біз: «Бұл мағынасыздық!» — дейміз. Бірақ, шындығын айтқанда Оның жаратылысының қай бөлігі біздің көзімізге көрінеді? Көргеніміздің көбісі өзімізге түсінікті ме? Оның титтей бөлігі ғана. Біз есіктің тесігінен ғана сығаладық. Азаптардың өзімізге тіптен бейтаныс, бірақ қисынды түсініктемесі болуы мүмкін бе? Азап сияқты мәселеде Құдайдың түсіндіруін ұғыну үшін, біздің орнықсыз санамызға берілгеннен де жедел жадының үлкен ауқымы қажет болса ше



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет