«Малайсары жалпы орта білім беретін мектеп» мемлекеттік мекемесі



бет7/10
Дата22.08.2017
өлшемі2,37 Mb.
#24730
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Халық арасында Сегіз-серінің "Үкілім", "Көркем-ай", "Қаракөз", Тауһар тас", "Мақпал" әндері, "Тұлпар", "Қос қыран", "Алмас қылыш" күйлері жақсы танымал. Халық арсында кең тараған батырлық және тұрмыстық эпостарды орындауда Сегіз- сері Шығыстың белгілі батырлық және ғашықтық шытырман оқиғалы мазмұнымен толықтырады. Сегіз-серіні өзіне Біржан сал, Жаяу Мұса, Өтеміс жырау ұстаз санағаң ал Нұржан Наушабаев оған "Ер Сегіз" поэмасын арнады. Сегіз-серіні өз қолымен жазылған қолжазба шығармасы Қазақстан Ғылым Академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақталған.
 

Дәулеткерей Шығайұлы


(1814-1887 )

Шығайұлы Дәулеткерей - қазақтың әйгілі күйші композиторы, төре күйлерінің негізін қалыптастырушы.

Өмірбаяны


Бұрынғы Бөкей ордасында, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Қарамола деген жерде дүниеге келіп, өзінің ата қонысынан топырақ бұйырған. Ата бабасы Өріс (Орыс) ханнан бері қарай хандық биліктен қол үзбеген. Бөкей хан өлген соң, Дәулеткерейдің әкесі Шығай сегіз жылдай Бөкей ордасына хандық билігін жүргізген.

Дәулеткерей төре күйлерінің дәстүрін біржолата орнықтырып, төре тартысты тұтас бір мектеп ете алған адам. Сондықтан да болар, Дәулеткерейді академик А.Жұбанов «төре күйлерінің атасы» дейді.

Әрине, Дәулеткерей тақыр жерден өнген дарын емес. Ол өскен ортада күйшіліктің әбден қалыптасқан дәстүрі болған. Соқыр Есжан, Байжұма, Мүсірәлі сияқты күйші домбырашылар Орда төңірегіне құлақ түргізген дарын иелері еді. Дәулеткерей осы күйшілердің дәстүрін шабыт тұғыры еткен. Әсіресе, оның күйшілік өнерге елдік мазмұн дарытып, шабыт жанығандай күй кешуіне Құрманғазымен кездесуі себепші болады. Қос ұлы күйші іштей түсінісіп, жан жүректері жарасып, тіптен, бір біріне күй арнайды.

Дәулеткерей бойындағы дарынның тек тамыры сөз болғанда өзі шыққан әулеттің өнерпаздық дәстүрін де айта кеткен жөн. Бөкей ордасындағы төре тұқымдарының арасында хандық билікті күйттеуден гөрі өнер мен ғылымға құлай берілгендері де аз болмаған. Дәулеткереймен немере болып келетін Мұхит бүкіл Кіші жүздегі ән мектебінің туын көкке шанышқан дарын.

Сондай ақ Арынғазы, Жантөре, Өрейжан сияқты өкше басар інілері де төңірегін күймен баураған өнерпаздар болған. Тіптен, бел баласы Салауаттың өзі сұлтандық билікті тәрік етіп, күйден көбірек жұбаныш тапқан. Дәулеткерейдің туған жиені Бөкейханов Науша бүкіл өмірін нағашысының күйлерін насихаттауға арнаса, екінші жиені, Орынбордың кадет корпусын бітірген дарынды түлек Бабажанов Салық бүкіл өмірін халықты билеуге емес, ғылым білімге арнаған.

Шығармалары


Дәулеткерей алғаш рет жастық сезімнің қарлығашы сияқты «Ақжелең», «Қосалқа» сияқты күйлерін шығарған. Дарынды күйшінің жарқын сезімге, сұлу суреттерге бай өзіндік қолтаңбасы осы күйлерінің өзінен ақ айқын аңғарылады. Жастық шағында ұлы күйшінің жақсыға қызыққанын, жүйрікке құмартқанын, сұлуға сүйсінгенін, тіптен жастыққа жарасатын жалын сезімге бой алдырған сәттерінің аз болмағанын байқау қиын емес. Бұған оның «Қыз Ақжелең», «Қосалқа», «Ысқырма», «Желдірме», «Қоңыр», «Құдаша» сиқты күйлерінің тақырыбы ғана айғақ емес, ең алдымен осы күйлердің жүрек тербер сазы, қалтқысыз сезімі, бозбаладй елпілдеген мінезі куә.

Дәулеткерей өзі туып өскен ортадағы ел жұрттың тағдыр тіршілігіне ерте араласқан. Хан сұлтандықтың өз төңірегіне ғана түгін дүрдиткені болмаса, күні өтіп бара жатқан қаугөрік халін ерте түсінген. Орданың ғана емес, байтақ елдің тағдыры отаршылдықтың қыл тұзағына шырмалғанын ерте сезінген. Дәулеткерейдің ең бір драмалық шиеленіске толы күйлері осындай ахуалмен байланысты дүниеге келген. Ол «Тартыс», «Шолтақ», «Топан», «Жігер» сияқты күйлері арқылы өзі куә болған өмірдің қан сөлін сорғалатып көрсете отырып, сол өмірге суреткер ретінде өз үкімін айтқан. Әсіресе, «Жігер» күйінің жөні бөлек. «Жігер» Дәулеткерейдің ғана шыққан биігі емес, бүкіл қазақ күйлерінің асқар белі.

Егер, дүние шіркіннің дидарында осынау фәни жалғанға жылап келіп, жылап кететін адамның көңілін жұбататын, жүрегін жылытатын, санасын сергітетін бір құбылыс болса, ол Дәулеткерейдің күйлері. Ұлы күйші қиын заманның қасірет қамауына тап болған бейбақ халқын домбырасымен жұбатқан.
Тәттімбет Қазанғапұлы

/1815-1860/
Өмірбаяны
Туып өскен жері Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Дастар тауының етегі, Мыржық ауылы, Қызылжал қыстауы. Бұл жерді Мөшеке бұлағы деп те атайды. Мөшеке Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет небәрі 45 жас ғұмыр кешіп, дүние салған соң, Қарқаралы жеріндегі Түндік өзенінің бойына, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасындағы алқапқа жерленген. Бұл Тәттімбеттің әкесі Қазанғапқа арналып салынған зират. Ішінде үш қабыр бесікше бар. Бірінде — Қазанғаптың өзі. Екіншісінде — Қазанғаптың бәйбішесі, Тәттімбеттің анасы Қалайы. Үшіншісінде — Тәттімбет жатыр.

Тәттімбеттің шыққан тегі Орта жүз, Арғын, оның ішінде Мейрамнан тарайды. Шежіре бойынша Мейрамнан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа), Шұбыртпалы деген аталар өрбіген. Осылардың ішінде Тәттімбет Қаракесегі болып келеді.

Тәттімбеттің туып өскен ортасы көшпелілердің сан ғасырлық музыкалық мәдениетінің дәстүрі орныққан, арқауы бекіген, әсіресе, күйшіліктің тарихи тек тамыры үзілмеген, рухани құнарлы аймақ. Арқа төсіндегі Қоңырөлең, Өлеңті, Домбыралы, Сарын, Қорқыт көлі, Жорға, Мұңлы, Тарғылдың тауы, Зыңғыртау, Ақөлең, Дуана, Саржайлау, Балқылдақ, Қосішек, Күйтөккен сияқты жер-су атауларының қай қайсысы да ән күймен сабақтас. Ән-күй өмір салтқа айналып, адамдардың тағдыр тіршілігімен біте қайнасқан ортада ғана топонимдік айғаққа айналса керек.

Тәттімбет атқа ерте мініп, ел ісіне ерте араласқан адам. Батыс Сібі генерал-губернаторы генерал-майор Фон Фридрихс Тәттімбет туралы арнайы жинаған мәліметінде мынандай дерек келтіреді: «Тәттімбет — ақ сүйектер әулетінен, бірақ көпестер гильдасына тркелмеген. Қарқаралы округіндегі Нұрбике Шаншар болысында 1842 жылдың 20 қаңтарынан 1845 жылдың 25 қаңтарына дейін болыс болды. Бұл жұмыстан өз арызы бойынша 1854 жылдың 29 шілдесіндегі бұйрықтың негізінде босатылды, қылмыс жасамаған, тергеуде, сотта болмаған» (ООМА, 3-қор, 3-тізім, 3902-іс). Тәттімбет Ресей патшасы Александр ІІ нің таққа отыру салтанатына қатысқан. Сондай ақ, Шоқан Уәлиханов, Григорий Николаевич Потанин, Адольф Янушкеевич сияқты оқымысты ғалымдармен, Алшынбай, Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Жайықбайдың Ыбырайы, Кішкентайдың Аққошқары, Сандыбайдың Ердені, Уәлиханның Шыңғысы сияқты дала шонжарларымен, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Орынбай сияқты әнші ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ сияқты күйшілермен қадірлес сыйлас болған. Бұл адамдар Тәттімбет көкірегінен күмбірлеп төгілген әсем күйлердің тұсауын кесіп, талғампаз сарапшысы болып отырған. Оның өнеріне Біржан сал:

«Тәттімбет — ардагерім, Арғын асқан, Қырық түрлі күй айналған бармағына», — деп сүйсінеді.

Тәттімбет талай талай додалы күй айтыстарына түсіп, қарсыласын тосылту үшін, домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған. Бұл дәстүрдің орнығуына мұрындық болған. Абайдың анасы Ұлжанға апа болып келетін Малқара қыз, Шұбыртпалыдан шыққан Итаяқ, Найман ішіндегі Шашақ сияқты дәулескер домбырашылармен Тәттімбет күй айтысына түскенде домбыраны бірде башпайымен қағып, келесіде ұстарамен тартып, енді бірде пернелерін қиып тастап тартып өнер көрсеткені туралы қызықты әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады.




Құрманғазы Сағырбайұлы

(1823-1896)

Сағырбайұлы Құрманғазы– қазақтың ұлы күйші-композиторы.Қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі. Күй атасы.

Өмірбаяны

Туып-өскен жері Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Топырақ бұйырған орыны – Астрахань (Ресей) облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер.

Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазының жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал, нағашы жұрты – Беріш руы. Қалмақ шапқыншылығы кезінде асқан ерлігімен көзге түскен Ағатай батырдың есімі исі Берішке ұран болған. Одан берідегі Өтеміс би, Махамбет ақын, Исатай батыр бір ғана Беріш руының емес, исі қазақтың ардақты ұлдары.

Құрманғазы сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған.

Құрманғазыны күй өнеріне баулыған және оның ұстазы болған Ұзақ күйші еді. Құрманғазы жастайынан домбыра шертіп, көпшіліктің ілтапатына бөленді. Күйшінің шығармашылық табыстарға қол жеткізіп, өрлеуіне Бөкей ордасының Байжұма, Баламайсан, Байбақты, Соқыр Есжан сынды атақты күйшілері үлкен ықпал еткен. Олардан тәлім алып өскен Құрманғазы қазақ халқының ұлы сазгері атанды.

Құрманғазының күйлері қазақ елі өмірінің әлеуметтік жыр-сыры, азаткерлік рух ұраншысы іспетті, Ұлттық тарихымыздың әуен тілінде жазылған ұлы эпопеясы деуге болатындай. Күйші шығармашылығындағы өзекті мәселелер — халықтың азатгығы мен жеке тұлға бостандығы. Өз туындыларында XIX ғасырдың 30-жылдары Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ерекше назар аударған. Құрманғазы бұл көтеріліске өзінің алғашқы туындыларының бірі "Кішкентай" күйін арнаған. Одан кейінгі "Ақбай", "Ақсақ киік", "Түрмеден кдшкдн", "Адай" күйлерінде ол халықтың азаттықты көксеген арманын, әділетсіздікке қарсылықты, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын білдіреді. Құрманғазы туындыларында қоғам мен адамның арақатынасындағы айрықша әлеуметтік-психологиялық жағдайлар бейнеленеді.

Оның "Аман бол, шешем, аман бол", "Қайран шешем", "Ертең кетем", "Бұқтым-бұқтым" деген күйлерінде адам даусының ырғағы айқын берілген.

Құрманғазының ойнақы, мерекелік көңіл күйді білдіретін би ырғағымен жазылған күйлері ("Балбырауын", "Әсем") де бар.

Құрманғазы Сағырбайұлы бірнеше мәрте түрмеге де қамалған, алайда халықтың азаттығы жолындағы күрескер сазгердің рухы ешқашан түспеген. Ол Орал, Орынборда, Үркіт түрмелерінде де отырған. Куғын-сүргін мен сергелдеңге түскен күйші халықтың тәуелсіздік пен бостандық туралы терең ой-толғамын бейнелеген. "Алатау" және " Сарыарқа" күйлерін дүниеге келтірген.

1880 жылы Астрахан түбіндегі Сақмар елді мекеніне қоныс аударады. Қауым арасында ерекше құрметке бөленген Құрманғазы Дина Нүрпейісова, Е.Есжанов, М.Сүлейменов сынды мирасқорларын жинайды. Сол дәуірде әйгілі болған Көкбала, Менегай, Менкдра, Сүгүрәлі, Торғайбай, Шора сынды домбыра тарту шеберлері де Құрманғазыны ұстаз тұтқан.

"Байжұма", "Бозқаңғыр" туындылары да Сағырбайұлының асқан өнерпаз күйші екенін білдіреді. Құрманғазы өз күйлері арқылы орындаушылық өнердің ерекше дарыны мен бірегей әуен тілін паш етті. "Итог" атты күйінде күйші ауыр да азапты өмір жолының қорытындысын айқын бейнелейді. Сазгер шығармашылығында әуендік жанрдың лирика, халық тарихын баяндау, адамның табиғаттан, қоршаған ортадан алған әсері сияқты арналары да айрықшіа орын алады.

Құрманғазының күйлері қазақ хатады шығармашылығында аса маңызды тарихи орын алады. Ол өз туындылары арқылы халқымыздың мәдени дамуына қомақты үлес қосты.


Шығармалары

Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты, әсіресе оң солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл кезең патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттің ауырлық тауқыметі ең алдымен еңсесі биік ерлердің иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем» сияқты күйлері замана басқа салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отырған.

Құрманғазы өмірге ғашық күйші. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол балаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөлене алады. Оның «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері өмірге іңкәр жанның жүрек лүпілі сияқты.

Құрманғазыны суреткер ретінде айрықша даралап көрсететін қасиет – ол концептуалды күйші. Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның «Жігер», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Ақбай» сияқты күйлері өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына берілген күйші философтың бағасы.



Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бола білді. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2017
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Аңыз әңгімелер «Асан қайғының жерұйықты іздеуі»
2017 -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин әңгімелері
2017 -> Сабақтың тақырыбы Мен не үйрендім? Сабақ негізделген оқу мақсаты
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Жылқы. С. Мұқанов
2017 -> Сабақтарында «мнемотехника»әдісін пайдалану. №48 «Ақ көгершін»
2017 -> Оқушыны іздендіру жолы – шығармашылық
2017 -> Сабақтың тақырыбы Менің отбасым. І дыбысы мен әрпі
2017 -> Әңгіме шебері Ы. Алтынсарин
2017 -> Б.Қ. Абдыкаимова №56 «Береке» балабақшасы тәрбиеші Астана қаласы
2017 -> Қысқа мерзімді жоспары: Мұғалімнің аты-жөні


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет