«Малайсары жалпы орта білім беретін мектеп» мемлекеттік мекемесі



бет9/10
Дата22.08.2017
өлшемі2,37 Mb.
#24730
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Абай Құнанбайұлы


Абай ( Ибраһим ) Құнанбаев (1845—1904) — ақын, жазушы, қоғам қайраткері, қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Азан шақырып қойған аты — Ибраһим.

Өмір жолы


Абай 10 тамыз 1845 ж. қазіргі Семей облысының Шыңғыс тауларында Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбайдың төрт әйелінің бірінен туған. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан Орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған. Содан бері бұл есіммен Абай тарихқа енді.

Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үміт етеді. Сондықтан да ол Абайды медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Орыс әдебиетімен танысуы көп ықпал етеді.

1891 жылдан бастап Абай басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан жарық дүниеден өтеді. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахманнан айырылады. Бұлардың қазасының ақын жанына қандай батқаны оның осы тақырыпқа арнаған топтама өлеңдерінен айқын көрінеді. Сөйтіп жүргенде соңғы тіренішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия да қайтыс болды. Осындай қабаттасқан қайғы қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады. Ақынның сүйегі Шыңғыстаудың ығындағы Жидебай мекенінде, інісі Оспанның жанына жерленеді. Бұл күнде ол арада қазақтың ұлы екі перзенті — Абай мен Шәкәрімге деген ұрпақтың өшпес махаббатының, ізгі құрметінің белгісіндей болып, сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынған қос мұнаралы кешенді алып мазар тұр.

Абай Құнанбайұлы Қунанбаевқа ескерткiш Алматы қаласында орнатылған

Ұлы ақын, композитор, философ, ағартушы, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Ақынның арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді 3 ұрпақ тарайды. Бұлардың әрқайсысы кейін бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен: Ыргызбай, Көтыбақ, Топай, Торғай, деген 4 ұл туады.Бұлардың әкесі момын, шаруа адамы, ал шешесі өткір тілді, өр мінезді әйел болған. Сол Айпара балаларына:

Шынжыр балақ, шұбар төс Ызгызбайым, Тоқоақ жалды торайғыр Көтібағым, Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым, Сірә да оңбас торғайым, -



Ана айтқанындай, шынында, бұлардың ішінде Ыргызбай ортасынан оза шауып, ел басқарған. Ыргызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болғандықтан, “Ісің адал болса Өскенбайга бар,арам болса Ералыға бар” деген мәтел сөз қалған.Өскенбайдың әйелі Зердеден Құнанбай туады. Құнанбай 4 әйел алған адам. Оның бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді, інісі Құттымұхамбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң өзі алған екінші әйелі: Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Қартайған шағында үйленген ең кіші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ жоқ. Абайдің “ Атадан алтау, анадан төртеу едім дейтіні осыдан. Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған “кәрі әжесі” Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінезі көнтерлі, әзіл-қалжыңга шебер, жөн-жобага жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл медреседе араб, парсы’ тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди’, Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы “Приходская школаға” да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады. Абайдың басқа балалардан алымдылығын аңғарған Құнанбай оны елге шақырып алып, өз жанына ертіп, әкімшілдік-билік жұмыстарына араластырмақ болады. Сөйтіп 13 жастағы Абай ел ісіне араласады. Абай әке қасында болған жылдарда атқамінер би-болыстардың қулық-сұмдықтарын, қазақ даласына ыдырай бастаған феодрулық қатынастардың кереғар қайшылықтары кіріптар еткен әлеум. Теңсіздіктің зардаптарын, аштық пен жалаңаштықты, патриапхалдық, кертартпа салт-сана, әдет-ғұрып зандарының залалдарынын айқын түсінді. Патша үкіметінің отаршылық саясаты мен парақор орыс әкімдерінің жергілікті би-болыстардың арамза әрекеттерін айнытпай танып, көкірегінде жиркеніш сезімі оянып, соларға қарсы күресуге бел буды, “ елге пайдалы, адамгершілігі бар, әділ басшы болсам ғана жақсы адам боламын” деген тұжырымға бекіді. Осы мақсатпен болыс сайлауына түсіп, жеңіп шығады да, 1876-78 ж. Қоңыр-Көкше еліне болыс боладі’. Бұл жылдары Абай оз қолындағы билікті пайдаланып, әділдік таразасын тең ұстауға күш салды. Әлсізге зорлық көрсеткендерді, ұрлық жасағандарды қатты жазаға тартып, халық қамқорына айналды. Оның ел басқарудағы бұл бағыты халықты қалауынша езіп-жаншып жүрген шонжарлар тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады, үстінен оязға жалган арыз айтушылар көбейді. Соның бірі Үзікбай Бөрібаевтың “Таймақкөл деген жерімді тартып алды ” деген жалған арызы бойынша көтерілген іс 10 жыл сүргінге созылып, ақыры Е. П. Михаэлистің көмегімен аяқсыз қалды. П. В. Маковецкий бұл істі 1884 ж. 27 тамызда жалған жала деп тауып, қысқартып тастады. Ақын үстінен жазылған “Абай барымта алды, ауыл шайып әйел қорлады” деген бір топ шонжар дұшпандарының арызы да нәтіжесіз қалды. Ақын саяси қызметі үшін 1870 жылдары Петербургтен Семейге айдалып келген Михаэлиспен , 80-жылдарда орыс демократтары Н. И. Долгополов, А. А.Леонтьевпен танысады. Бұл озық ойлы азаматтардың Абайдың саяси-әлеум. Көзқарасына игі ықпалы тигізгені сөзсіз. Бірақ А.Құнанбаев орыс мәдениетімен, әдебиетіменен, демократтық көзқарастарымен осы кісілер арқылы деу ағат айтқандық болар еді. Бұл тұста М. О. Әузовтың “Ал, кейін орыс тілін біліп, орыстың ұлы мадениетін мол, терең тани бастаған Абай озгын ойды бұлардан үйренбейді. Пушкиннің өзінен, Белинский, Гертсен, Чернышевский, Салтыков-щедрин, Некрасовтардың өз мұраларын оқып, кең, терең тарбие алды. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеументтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының ұлы мұрасына жане ұлы даналарына қиянат сөз айтқан болар едік ” деген тұжырымын келтірсек те жеткілікті. Абай осылайша Европаның 'Гете, Байрон сияқты ақындарын, Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сынды ғұламаларының туындыларын оқыды. Сөйтіп Әуезовтың сөзімен айтқанда “1884 жылдары, жасы қырыққа таман іліңенде, ол дүниеден көп мағлұматы бар кісі болды.” Абай осы тұста, 1886 ж. досы Михаэлистің ұсынысымен, Семей обл. Статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды. 1885 ж. мамыр айында Шар өзенінің бойындағы Қарамола деген жерде Семейдің ген.-губернаторы Цеклинцкийдің басқаруымен Семей губернасиясына қарайты 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезі өткізілді. Осы съезде төбе би болып сайланған Абайға “Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін” әзірлеу тапсырылды. Абай бастаған комиссия барлығы 93 баптан тұратын ережені 3 күн, 3 түнде әзір етті. Бұл қазақ қауымында ежелден қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа ,зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, өзгеше құжат еді. Оның әсіресе ұрлық, қылмыс пен әйел мәселелеріне арналған баптары ерекше құнды. Бірақ Абайдің атақ-даңқын осынша көкке көтерген Қарамола съезінен кейін оның дұшпандары тіпті еліріп кетті. 1890 ж. Байғұлақ, Кұнту деген жуандардан бастаған 16 атқамінер Жиренше қыстауының шетіндегі Ши деген жерде Абайға қарсы дұшпандық әрекетке сөз байласады. 1891 ж. Оразбай бастаган дау 1897 жылга дейін созылады. Бұл шиеленістің аяғы 1898 жылғы Мұқыр сайлауындагы жанжалға, Абай өміріне қастандыққа әкеп соқтырады. Ақын бұл жанжалдың барша жиренішті сырын , өзінің ақ екендігін Сенатқа хатында барынша айғақты деректермен дәлелдеп береді. Абай өлең жазуды 10 жасында (“Кім екен деп келіп ем түйе қуған…”) бастаса, өз өлеңдеріне шығаруды шамамен 1880-97 ж. аралығында көбірек қолға алған. Өлеңдерін әркімдердің атымен таратып, Көкбай атынан бастырған ақын жазған өлеңдерін “жинауды ” шәкірттеріне 1896 ж. ескерткен. Ал қара сөзбен жазылған ғақлия-өсиеттерін 1890-98 ж. аралығында қолға алған. Абай 3 әйел алған. Байбішесі Ділдадан: Ақылбай, Әбдірахман, Кұлбадан, Әкімбай, Мағаұия, Райхан; екінші әйелі Әйгерімнен Турағұл, Мекайыл, Ізкаіл, Кенже деген 7 ұл, 3 қыз сүйген. Келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.

Шығармалары


Абай өлең шығаруды бала кезінде-ақ бастаған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.

Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік — шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақ халқының экономикасы мен ой-пікірінің алға ұмтылу бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында сары-орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, басқаларға қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану өңірінде екі қасиеттің — сезім мен қыйсынның , түйсік пен ақылдың қатынасын таразылайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады.

А. Құнанбайұлы, 1965 КСРО пошта маркасы, (ЦФА тізімдемесі № 3220, Scott № 3059)

Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы — жүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге қасиеттік деп саналатын- арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тәлкегіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты қасиеттер қазақ баласының кейбірінің бойындағы туа біткен кемшілік емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, Абай бұрынғы бабаларымыздың бойынан көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашқан.



Ахмет Қуанұлы Жұбанов
Ахмет Қуанұлы Жұбанов (1906-1968) — қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер. Қазақстанның халық артисі (1944), өнертану ғылымының докторы (1943), профессор (1948), академик.

Ол Ақтөбе облысы Темір ауданында 1906 жылы 29 сәуірде өмірге келген.

Жасынан музыка өнеріне бейімділігін байқатып, домбыра, скрипка аспатарында ойнауды меңгереді. Жас кезінде ауылдасы Талым күйшіден, ауыл мұғалімі Қ. Ашғалиевтен, әкесі Қуаннан, ағасы Құдайбергеннен тәлі алып, муызка өнеріне ден қояды. Темірде орыс халық аспаптар әуесқойлары оркестріне жетекшілік ететін (П. Черняктан сольфеджио, скрипка, музыка теориясы бойынша) сабақ алады.

1929 жылы Ленинградтың М.И. Глинка атындағы техникумында (А.А .Этигонның скрипка класы бойынша), консерваторияда (профессор Ф.А. Ниманның гобой класы бойынша, кейіннен музыка тарихы мен теориясы факультетінде) оқыған.

1932 жылы Ленинградтағы Актер шеберлігі мектебінің аспинрантурасына түседі.

1933 жылы Алматыда ашылған музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке шақырылады.

1930 жылы Ленинградтағы «Рабочий и театр» журналында жарияланған мақаласынан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ музыкасының тарихы мен теориясын зерттеумен айналысты. 1936 жылы «Музыка әліппесі» атты тырнақалды кітапшасы жарық көрген.

1934 жылы А. К. Жұбанов алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық оркестрін ұйымдастырды. Осы ұжымның тұңғыш дирижері ретінде көптеген халық композиторларының музыка туындыларын оркестрге лайықтап нотаға түсірген.

1945-1951 жылдары Алматы консерваториясының ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер менаспаптанудан сабақ берді.

Жұбановтың қазақ халқының ән-күй шығармаларының табиғаты мен ерекшелігі, ұлы күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Тәттімбет, Қазанғап туралы монографиялық ғылыми -зерттеу еңбектері- қазақ музыкасының ғылыми тарихын жасауға қосылған қомақты үлес болды.

А. К. Жұбанов — қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторлардың бірі. Ол халық күйлерін оркестрге лайықтап, нотаға түсірді және қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Вокальдік сюитасы», «Абай сюитасы», тағы басқалар.

Композитор ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне өзіндік мелодиялық өрнек қосқан ондаған ән мен күйдің, романстар мен хорлардың, аспаптық симфониялық және вокальдық шығармалардың авторы. А. Жұбановтың композиторлық шығармаларының көрнектілері Л. Хамидимен бірлесіп жазған «Абай» (1944) және «Төлеген Тоқтаров» (1947) опералары, қызы Ғ. Жұбанова аяқтаған «Құрманғазы» (1970) операсы.

А.Қ.Жұбановтың мұрындық болуымен қырқыншы жылдары ұйымдастырылған ғылыми экспедиция сексенінші жылдарға дейін Қазақстанның түкпір түкпірінен 10 мыңдай ән күй нұсқаларын жинаған. Қазақтың кәсіпқой халық композиторларының өмір дерегін жинастырып, шығармаларын нотаға түсіріп, одан соң кәнігі әнші күйшілерге үйрету арқылы халықтың рухани игілігіне айналдыруда теңдесіз еңбекқорлық пен іскерліктің үлгісін Ахмет Қуанұлының өзі көрсетіп отырды.

А.Қ. Жұбановтың ғалым, педагог, композитор, орындаушы және ұйымдастырушы ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне сіңірген еңбегі ұлттың мәдени рухани шежіресіндегі ең көрнекті белестердің бірі болып қалады.

А. К. Жұбанов қазақтың ұлттық өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын берді. Ленин орденімен, тағы басқа ордендермен, медальдармен марапатталған.

Алматы қаласының көшелерінің біріне, Республикалық музыкалық мектеп-интернатқа Жұбанов есімі берілген. Ақтөбедегі музыка колледжі, көшелер А. К. Жұбанов есімінде. Өзі ұзақ жыл тұрған үйдің қабырғасында ескерткіш тақта орнатылған.

2006 жылы Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойына орай Ғ. Жұбанова атындағы облыстық Филармония ғимаратының алдында композиторға арнап үлкен ескерткіш орнатылмақ. Ескерткіш авторлары — Ескен Сергебаев пен Бақытжан Әбішев, архитектор — Женсен Айнабеков. Қоладан жасалған ескерткішті гранит плиткасымен қапталған тұғырға орнатады.
Нұрғиса Тілендіұлы

Тілендіұлы, Нұрғиса (1925-1998) – қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы.

Туып өскен жері - Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылы. Топырқ бұйырған жері Жамбыл кесенесінің іргесі.

Москваның П.И.Чайковский атындағы консерваторисының дирижерлік факультетін (проф. Н.П. Аносовың класы бойынша) бітірді. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961), қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964) және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде (1981-1998) бас дирижер қызметін атқарды. Сондай ақ, 1968 жылдың «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО ның халық әртісі. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Н.Тілендіұлына 1998 жылы «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам муызкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет т.б. Сүйікті шығармаларынан «Достық жолымен» (1958), «Менің Қазақстаным» контатасын (1959), Қ.Қожамяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын (1961), «Ата толғауы» және оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962), «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс солдаты» (1975) сияқты увертюраларын атауға болады. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері мен «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сияқты ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасын айналған. Мұның сыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған. Тілендіұлы Нұрғиса музыкасын жазған М.әуезовтың, Ш.Аймонвтың, Т.Ахтановтың, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, сондай ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан» фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасын мен экран өнерінің классикасына айналған.

Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Ол өнер туындату барысында уақыттың идеологиялық өктемдігіне, ассимиляцияшыл әсіре үрдісіне мүлде мойын ұсынбастан, өзінің тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды. Бұл ретте, Нұрғиса жерден қуат алатын Антей сияқты, қазақтың музыкалық дәстүріне табанын нық тіреп тұрып, өзінің арман аңсарын еш жасқанбастан дыбысқа айналдыра білді. Ол өз заманының музыкалық танымын терең игерген кәсіпқой музыкант бола тұра суырыпсалмалық дәстүрді ұдайы шабыт тұғыры етіп отырды. Былайша айтқанда, көргенді күйттеп, естігенді жаттап отыратын оркестрлік қасаңдыққа Нұрғиса буырқанған шабыт еркіндігін дарыта білді. Бұл рете, Нұрғиса сахараның ақ бас абыздары сияқты, өз үнін көп дауысқа тұншықтырмай, өз лебізін көп даңғазаға ілестірмей, қазақтың дәстүрлі музыкалық тіліндегі дарашыл қасиетті (монодийность) тәу етіп өтті.

Нұрғисаның композитор, дирижер, орындаушы ретіндегі ойы көпке ортақ, тілі көпке түсінікті. Егер, салсерілер өнері адамның жан жүрегіне бағытталуымен дараланса, сол ұлы дәстүр Нұрғисаның да барша шығармашылық болмысында аста төк болып, шалқып шашылып жатты. Дәл осы тұрғыда Нұрғиса қазақтың дәстүрлі музыкасының әрін тайдырмастан, нәрін жоғалтпастан тек қана өзіне тән профессионализмді қалыптастыра алды.



Нұрғиса Туралы толығырақ: Нұрғиса тұңғыш рет қазақтың төл музыкасын төл аспаптарымен оркестрлік үлгіде дыбыстау арқылы, әрі қалай дамытудың тамаша үлгісін көрсетті. Енді, орындаушы Нұрғиса, яғни домбырашы Нұрғиса туралы. Қашанда айғақсыз деректің бәрі қиялмен қоңсылас, болжаммен кіндіктес. Айғақты дерек атаулы шын тарихтың тапжылмас іргетасы. Қазақ маңдайына біткен ұлы күйші – композиторлардың, шүкір қатары қалың. Бүгінге жеткен күй мұрасына да кенде емеспіз.Дегенмен, сұлулыққа іңкәр көңіл кейде қиялдайды: шіркін – ай, осынау құдірет күйлерді сол шығарушы құдіреттердің өзі қалай тартты екен деп. Өкініштісі, арыдағы дәулескер күйшілерден жеткен «қолтаңба» жоқ. Қолдан – қолға көшіп жеткен күйлеріне қанағат. Домбырашы – орындаушылық өнерді көксегенде де, сол көненің күйлерін көкірегіне қонақтатып, бүгінгі күнімізге жеткізген саңлақтардың өнеріне жұбанамыз. Жай ғана жұбанып қоймаймыз, орындаушылық ұлы дәстүрдің жығасы қисаймай, барша сән – салтанатымен, барша шеберлік – шалымымен жеткеніне де күмәнсіз сенеміз. Сендірмей қоймайтын құдірет – бүгінгі күй құмар қауым Дина Нұрпейіскеліні, Қали Жантілеу, Әбікен Хасен, Жаппас Қаламбай, Төлеген Момбек, Нұрғиса Тілендіұлы, Мағауия Хамза, Ырысбай Ғабди, Қаршыға Ахмедьяр, Әзидолла Есқали, Талас Әсемқұл, Шәміл Әбілтай, Секен Тұрысбек, Сыматай Үмбетбай, Мұхаметжан Тілеухан сияқты күйші – орындаушылықтың жылжыған жорғасы мен жылмиғмн жүйріктерін естіп – көріп отыр. Бұлардың әр қайсысы бір – бір мектеп, әр қайсысының саусағына ілесіп сан ғасырдың шеберлік – шалымы жеткен. Сонан соң, бұлардың бәрі де жай ғана жапттап тартатын жайдақ орындаушылар емес, күйші – орындаушылар. Яғни, күй туындататындар, содан да, олар тартатын күйінің ішіне түсіп, кейіпкеріне айналып тартады. Олар арыдағы құдірет күйшілердің өзі тіріліп келіп тыңдаса, өкіндірмейтін дүлдүлдер. Міне, осындай дүлдүл орындаушылардың бірі ғана емес, бірегейі – Нұрғиса. «Солақайдың сойынан сақтан» дегендей, Нұрғиса солақай домбырашы болған. Мұның өзі оң қол саусақтарының пернелерге қапысыз қадалатын икемділігін пайдаланып, мөлдір дыбыстар шығаруына дес берген сияқты. Ол домбыра арқылы айтар ойын жеріне жеткізе айтқан домбырашы. Қазақ домбырашылары күй өнерін көз арқылы, қол арқылы және құлақ арқылы жұғады деп отырады. Осылардың ішінде күйді құлақпен сіңіретіндердің жөні бөлек. Себебі, көз – көргенінен танбайды, қол – ұстағанынан – айырылмайды. Яғни, күйді көз бен қол арқылы жұғысты еткендер, әдетте, қасаң қайталаушылыққа ұрынады. Ал, құлаққа сіңген күй, сөз жоқ, санаға да сіңеді. Санаға сіңген күй жүректі тербеп, жүрекпен тартылмақ. Нұрғиса болса, күйді құлақпен сіңіріп, жүрекпен тартатын домбырашы. Оның тартқан күйлері жүректен шыққан соң да жүректерді байрап жатады. Нұрғиса домбырашы – орындаушы ретінде қазақтың күйшілік мектептеріне тән төл ерекшеліктерді терең танып – түсінген; сол танып – түсінгенін дыбыстай алар әдіс – тәсілдерді қапысыз меңгерген. Ол Алтайдың тік күйлерін, Арқаның қоғыр күйлерін, Сыр бойының бойлауық күйлерін, Жетісудың жайсаң күйлерін, Атыраудың адуын күйлерін тартқанда, солардың қай – қайсысының да әрін тайдырмай, нәрін жоғалтпай, сәні мен салтанатын келістіріп тарта алған санаулы ғана саңлақтардың бірі. Егер Нұрғиса композитор да болмай, қоғам қайраткері де болмай, тек қана домбырашы – орындаушы болса, ол сонда да қазақтың мәдени – рухани шежіресіндегі көрнекті тұлға ретінде төрден орын алар еді. ...Тілендіұлы Нұрғисаның бойындағы осындай Тәңір дарытқандай көп қырлы, алуан сырлы аста – төк дарынның сыр – себебі кім – кімге де ден қойдыртса керек. Әрине, ондай сыр – себептің негізі қашанда туған топырақ, шыққан тек, өсіп - өнген ортамен кіндіктес. Бұл ретте, Нұрғисаны жарық дүниеге келген сәттен бастап – ақ әнге бөлеп, жырмен құндақтап, күймен тербеткен Жетісудың өнерпаздық дәстүрін тағдырлы себептің зоры десе жөн. Мұндайда көктей шолып болса да, Жетісудың өнер мектебіне тұғыр болған тұлғалардың атын атап, түсін түстеп өті қажет. Бұл ретте, әрине, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Бақтыбай, Бармақ, Үмбетәлі, Қалқа, Кенен, Қуат, Балтағұл, сияқты айыр көмей ақындар, Кебекбай, Сапақ, Ноғайбай, Бөлтірік сияқты от ауызды, орақ тілді шешендер, Қанадан, Байсерке, Бердібек сияқты дәулескер күйшілер, Дәурен – сал, Қырмызы, Жидебай, Балқыбек сияқты толлықсып – бұлықсыған сал – серілер, Ұлбике, Әлмен, Ақкүміс, Ләтипа, Жаңылдық сияқты жезтаңдай қыз – келіншектер алдымен еске түседі. Олар қалыптастырған ұлы өнер мектебі, ұлағатты өнеге Нұрғисадай туа біткен дарынды жөргегінде тыныш жатқызуы мүмкін емес еді. Осы орайда, Нұрғисаны ақ көйлекпен туған, ақжолтай жан деуге болады. Ол өнерпаздықтың ұлы дәстүрін талбойына сіңірген әкесі – Тілендінің бауырында өсті. Тәңірдің тіліндей күй сарындарын әке алдында отырып бала көкірегіне қонататты. Нұрғисаның анасы Салиха әйгіліКенен ақынның қарындасы, ол кісі де төңірегін әншілігімен тәнті еткен. Сол кісінің сызылта салатын сұлу әндеріне бала Нұрғиса жан – жүрегін тербелтіп өсті. Мүшел жасқа толар – толмас кезінің өзінде – ақ ауылындағы қазақ пен қырғыздың, орыс пен татардың музыкалық аспаптарын тегіс қолынан өткізіп, алуан түрлі ән мен күйді құйқылжыта тартқанда ауыл – аймағы аузын ашып, көзін жұматын болды. Есейе келе Нұрғиса әншіліктің ақиығы Кененнен бата алып, жыр жампозы Жамбылдың сарқытын ішті. Мұның бәрі де Нұрғиса өнерпаздығының себепшісі, бастау бұлағы деуге әбден болады. Алайда, үлкен өнердің сара жолына қадам бастыртқан, тағдырдың жазуындай орайлы сәтке Нұрғиса он төрт жасында кезікті. Кезігушісі – қазақ музыкасына пайғамбардай шапағаты тиген әйгілі Ахмет Жұбан еді. Жеті қабат жер астынан жаңа ғана бұлқынып шығып, булыға ағып, енді ғана жүлге тарта бастаған кәусар бұлақтың тегеурінін жазбай танитын қарт бағьан сияқты, бала Нұрғисаның бойындағы бұла дарынды дана Ахмет те бірден таниды. Таниды да, Нұрғисаны қолынан жетектеп алып келіп, қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашылар тобына қосады. Бұл, жазмыш дегенді қойсайшы, оркестр құрамындағы өңшең дәулескер домбырашылардың ішінен домбырашылықтың дүлдүлі Қали Жантілеудің оң жағынан Нұрғисаға орын тиеді. Қалидың алдын көрген құйма құлақ Нұрғиса кешікпей – ақ, бұрын күйді қызығып тартса, енді күйді құнығып тартатын болады, бұрын күйді еліріп тартса, енді күйді елігіп тартады. Міне, осының бәрі де Нұрғиса әлеміне тапжылмас тұғыр болды, осының бәрі де Нұрғиса дарынының сарқылмас қайнар көзі еді. Тілендіұлы Нұрғиса өзінің барша қабілет – дарынын халқының рухын асқақтатуға арнады. Бұл жолда ол халқымен етене тіл табысып, халқының сырласы да, мұңдасы да бола алды. Оның музыкасы баланың да, дананың да жүрегіне жол тауып, дүйім жұрттың рухани жан серігіне айналды. Ол атақ – даңқ іздеген жоқ, атақ – даңқ оны іздеп тапты. Қазақстан композиторларының ішінде тұңғыш рет Халық қаһарманы атағын алды. Кез – келген кесек дарынның күмәнсіз орындалатыны сияқты, бұған дүйәм жұрт қалтқысыз көңілмен қуана қол соқт. Нұрғисаны біртуар дарын, қайталанбас тұлға ретінде көзінің тірісінде – ақ әйгілі замандастары бірауыздан мойындады. Олар Нұрғисаны мақтаған жоқ, халықтың мәдени – рухани өміріндегі құбылыс ретінде Нұрғисамен мақтанды. Жамбыл Жабаев : «Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар». Дінмұхамед Қонаев: «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі ғой. Ол біздің жан – дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана – салтымызға баулитын сиқырлы күш. Мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын тыңдаған сайын осындай ойға қалам». Нұрсұлтан Назарбаев: «Тілендиев жазған күйлер тыңдаушысын қуанта да алады, жұбата да біледі; толғандыра отырып ойландырады; әлдилей отырып әдемі әсерге бөлейді, онда атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік асыл қасиеттер, инабат иірімдері, мейірім мен рахым шапағаты жаныңды баурайды; ионда мұқалмас жігер, қанаттандырар қайрат, өрлік пен өжеттік, ұлттық рух, намыс бар; меніңше, Тілендиевтің күйлері бүгінгі тыңдаушысын қалай бейжай қалдырмаса, енді он, жиырма, жүз жылдан кейін де дәл бүгінгі құдірет күшін солай сақтайды; өйткені ол ықылым заманғы бабалар рухымен, арман – мақсатымен сабақтас». Қанабек Байсейітов: «Нұрғисаның тұла бойы толған дыбыс қой, оның денесінен бір жапырақ етті үзіп алып, лақтырып тастасаң, ол екеш оған дейін бүлкілдеп, өлең айтып жатады». Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Нұрғисаның талантты екенін, тұла бойы толған ән, әуен, саз екенін білу үшін онымен бір рет дидарласып, кездессе де жетіп жатыр... Осы бір ақжарқын, аржайы, ашық жігіттің қарапаймы дыбысқа қалай жан бітіріп жібергеніне таңданасың. Еш нәрсеге көңілі селт етпейтін осы дүниедегі ең бір енжар, самарқау жүретін кісіні де жағасынан ұстап алып жұлқып – жұлқып қалғандай, құдіретті күшті қаптатып жіберетініне сенер – сенбесіңдң білмейсің». Еркеғали Рахмадиев: «Н.Тілендиев бір ғасырда бір туып, ғасырлар бойы өзінің өнерімен халқының ортасында өмір сүретін тұлға». Әбіш Кекілбаев: «Домбырашы Нұрғисаның қолына домбыратисе, теңіз төрінде дауыл көтерілгендей, алай мен дүлейдің аласапыранына түсіп, дирижер Нұрғисаның қолына оркестр тисе, Алатау жапырылып, Атлант сапырылып кеткендей, аламан – асырдың астында қалдырып, композитор Нұрғиса билік алса, аспан ашылып, шуақ шашылып, дүние жарқырап жүре беретін қазіргі дәуренімізді көре қалғандардың өксімей, ести қалғандардың көксемей өтуі еш мүмкін емес. Жүректің дүлгіріне, қиялдың қиырына, арманның тұңғиығына ондай терең бойлай алатындар тым сирек еді – ау». Мырзатай Жолдасбеков: «Нұрғиса Тілендиев – қазақ даласын сахнаға айналдырып сазға бөленген жасампаз; музыка өнерінің ашылмай кеткен жұмбағы, шешілмей кеткен сыры; таусылмайтын кені, тот баспайтын асылы, сарқылмайтын бұлағы, сөнбейтін шырағы, талмайтын пырағы, қалқайған құлағы; лапылдаған жүрегі, құламайтын тірегі, ақиқат шындығы, асқақ үні; алтын діңгегі, мінсіз ұстасы; өшпейтін өнегесі, азбайтын рухы; әннің тіккен туы, асқар тауы, күйдің соққан желі, қара дауылы, ақ бораны; мауқымызды басқан, әні елге ем болған балгер; бармағынан бал тамған арқалы домбырашы, кеудесінен күй қоздаған күй – құдірет». Жәнібек Кәрменов: «Сөз жоқ, Нұрғиса Тілендиев оқшау дара тұлға. Зор талант иесі. Халқымыздың ақындық, әншілік, шешендік, күйшілік, композиторлық рухы, күш қуаты бір басында тоғысқан жаратылысы жомарт біртуар жан». Осы ой – толғамдардың алып – қосары жоқ, бәре де ақиқат сөздер. Ойдың орамын Тілендіұлы Нұрғисаның өз сөзімен түйіндеуге болар: «Кейде мен өзімді әке – шешеден тумағандай сезінем. Өйткені, халық алақанына салып, өмір бойы аялап келеді,» - дейді екен. Бұл да шығар күндей шындық.
«Арман» Бір ауылда той болып, сол тойға Тілендіұлы Нұрғиса арнайы шақырылыпты. Өзі той болған соң, оған Нұрғиса шақырылған соң, әрине, күй талтылады. Күйді, әрине, Нұрғиса тартады. Елдің де күткені сол, күй тартылған сайын тыңдаушы жұрттың айызы қанып, желпіне түседі. Жұрт желпініп, қошамет көрсеткен сайын Нұрғисаның арқасы қозып, домбырасын қырық құбылтады. Тыңдаушының делебесі одан сайын қозады. Жұрт осылайша мәз – мейрам болып жатқанда, бір ақ сақалды қарт құйған мүсіндей болып, шеттеу отырады. Бейне бір тас керең адам секілді, тартылып жатқан күйге селт етпейді. Әрбір күйді тартқан сайын қолпашты қардай боратқан көпшілік Нұрғисаны одан сайын қолқалай түседі. Еті қызып алған Нұрғиса домбыраны төсіне қойып, басына шығарып, шырқ үйіріп тартады. Тыңдаушы көпшіліктің есі шығып, одан сайын үздіге түседі. Тек, әлгі шеткерірек отырған ақ сақалды қарт сол құйған мүсін сияқты қалпынан селт етер емес. Нұрғиса болса арқаланып алған, домбырасын одан сайын бебеулетіп, одан арман безілдете түседі. Әлден уақытта делебесі қозған бір жас жігіт: «Нұрғиса, сіз күйді башайыңызбен тартады дейді ғой, башайыңызбен тартыңызшы!» деп өзеурейді. Нұрғиса болса сұраушыны жалындырмайды, кебісті қағып тастап, домбыраны башайымен қағады. Жұрт қыран – топан, айран – асыр, таң – тамаша. Бірақ, шеткеріде отырған қарт қана, селт етпестен, сол тұнжыраған қалпынан танбайды. Содан, күйдің неше атасы тартылып, әннің неше атасы айтылып, тыңдаушының құмары қанып, түннің бір мезгілі болған кезде Нұрғиса тынығып, дем алмақшы болады. Қонақтарды алдын – ала сайланған үйлерге бөліп – бөліп жатқызу үшін тарата бастайды. Нұрғиса болса, бағанағы құйған мүсіндей тұнжыр қарттың үйіне бөлінеді. Үйге келеді. Тап – тұйнақтай қонақ түсетін үй екен. Нұрғисаның көзіне төрде ілулі тұрған қозы қарын қызыл домбыра алдымен шалынады. Домбыра көрсе Нұрғисада тағат қала ма, қызыл домбыраны қолына алып, шертіп көрсе, домбыраның көмейі күмбірлеп, көкірегі өксиді екен. Нұрғиса қызықғып кетеді де, үй иесіне: «Ақсақал, бір күй тартып берейінші!» дейді. Үй иесі самарқау қалпымен Нұрғисаның бетіне барлай қарап алады да: «Тартсаң тарт, шырағым. Тек, үйдің берекесін алмай, адам құсап тартшы!» - дейді. Қарттың үні мүлде түңілгендей, дені дұрыс күй тыңдаудан күдерін үзгендей болып естіледі. Нұрғиса болса дүние төңкеріліп түскендей «Ах!» дейді. Күнұзынғы қолпаштың, күнұзынғы марапаттың бәрі желге ұшқандай, бәрі жалған сияқты жаны құлазып сала береді. Ол аздай – ақ, сол сәт әкесі Тіленді марқұмның дәл жаңағы қарт сияқты «Күйдің берекесін алмай, күйін келтіріп тартар болар» деп отыратын сөзі есіне түсіп, одан сайын құмығыды. Тап бір әке өсиетін аттанғандай, күйші әкесінің арманына қылау түсіріп алғандай, жан – дүниесі әп – сәтте әптер – дәптер болады. Сол сәт көкірігінен «Ах, арман – ай!» деген сөздің қалай лықсып шыққанын өзі де аңғармай қалады. Нұрғиса тұғырдағы қырандай дүр сілкініп, есін жияды. Сол қалпында домбыраны үгітіп жіберердей құшырлана бауырына басып отырып, жөргектен құлағына сіңген ескі сарынды сұңқылдатып қоя береді. Күй қолымен емес, жүрегімен тартылады. Тереңнен тепсініп шыққан шұңғыла сарын гөй –гөйлеп, небір нақышты иірім – қайырымдар өзінен - өзі құйылып арманымен қауышқандай сезіне беріледі. Күй аяқталады. Нұрғиса қарсы алдында қақшиып отырған қартқа қарайды. Қарттың қабағы ашылып, жанары шоқтай жайнап, мүлде басқа күйге түскен. Сол қалпы ботадай елпілдеп: «Ой, бәрекелді, өркенің өссін, қарағым!» дейді. Нұрғиса сонда ғана өзіне өзі келгендей болып, көңілі орнына түседі... Сөйтсе, бұл қартыңыз соғысқа барғанға дейін тыңдаушысын тәнті еткен дәулескер домбырашы екен. Соғыстан сол қолы шынтағынан кесіліп оралыпты. Қол кесілгенмен, көкірек сау, күйге ынтық көңілін өзінше аулап, домбырасын баптап қояды екен. Міне, осы қарттың алдында тартқан күйін Нұрғиса кейін «Арман» деп атап жұртқа жайса керек.
Дерек: Бұл күй аңызын Нұрғисаның өз аузынан естіп едім деп, 1978 жылы ақын Әбділда Тәжібаев айтып берді.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2017
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Аңыз әңгімелер «Асан қайғының жерұйықты іздеуі»
2017 -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин әңгімелері
2017 -> Сабақтың тақырыбы Мен не үйрендім? Сабақ негізделген оқу мақсаты
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Жылқы. С. Мұқанов
2017 -> Сабақтарында «мнемотехника»әдісін пайдалану. №48 «Ақ көгершін»
2017 -> Оқушыны іздендіру жолы – шығармашылық
2017 -> Сабақтың тақырыбы Менің отбасым. І дыбысы мен әрпі
2017 -> Әңгіме шебері Ы. Алтынсарин
2017 -> Б.Қ. Абдыкаимова №56 «Береке» балабақшасы тәрбиеші Астана қаласы
2017 -> Қысқа мерзімді жоспары: Мұғалімнің аты-жөні


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет