Көне аңыздар мен эпостардан бастау алған қазақтың табақ тарту әдебі
Ас тарту кәдесі. Басты бас табакка салып, сыйлы қонаққа немесе үлкен қарияға ұсынады. Ол басқа бата жасайды. «Біссімілдә» деп басты езуінен бастап кеседі. Онан соң оң құлағын кеседі де, сол үйдің баласына береді. Кейде үй егесі қойдың оң құлағын кесіп алып келеді. Ондайда қойдың сол құлағын кесіп дастархан басында отырған кішіге ұсынады. Себебі, қойдың құлағында береке бар деп ырымдайды. Береке баланың басына қонсын деп жасы кішіге ұсынады. Басты жапырақтап кесіп, айнала отырғандарға береді. Бұл – «басымыз аман болсын», «несібеміз, ырысымыз бір болсын» деген ырым. Қойдың көзін тек бір адамға ұсынады. Екі адамға ұсынса, бір-біріне ала көз болады, өшігеді дейді. Қой Ыбырайым мен Ысмағұлдын құрбан шалу оқиғасына куәгер болған. Екі пайғамбардың жанқиярлық махаббатын көріп, көзіне жас алыпты. Көктен қошқар түскенде Ысмағұл қуанғаннан қошқардың басын сипап, көзінен өпкен екен. Содан бастап қойдың көзі сыйлы кәдеге айналады. Қой көзін құрметті қонақтардың біріне ұсынуы содан екен. Аңыздарда қой Меккенің топырағынан жаралды делінеді. Меккенің шөбін жеп, зәмзәм суын ішкен екен. Сондықтан оның тілі, таңдайы, езуі қасиетті саналады. Кұрбандық оқиғасында Ыбырайым пайғамбардың алақанын иіскеген деп те айтылады. Қойдың мұрнын үй иесіне қалдырады. Қойдың тілі мен таңдайын ұсынғанда тілек айтып ырымдайды. Оны да сыйлы қонақтарға тартады. Біріне: «Шешен бол!» деп тілін ұсынса, біріне: «Күміс көмей әнші бол!» деп таңдайын береді. Қойдың езуін жегенде «езуімізден май кетпесін» деп ырымдайды. Қойдың басын әкесі тірі адам ұстамайды. Ел арасында әкем өліп қалады», «әкемнің басын қадірлемей кетермін» деген ырымдар бар. Мұның себебін діни аңыздарда былай деп тарқатады. Ыбырайымға көктен қошқар түседі. Ысмағұл аман қалған соң құрбандыққа тек қана мал шалу міндет болып бекиді. Ыбырайым қойды құбылаға қаратып бауыздайды. Періште Ысмағұлға қосылып, тәкбір айтып тұрыпты. Бұрын малды құрбандыққа шалғанда өртеп жібереді екен. Ыбырайым қойды бауыздап болған соң өртемек болады. Сол кезде Жебірейіл періште:
Әй, Ыбырайым, құрбандықты үйіңе апар. Бір бөлігін өзің ал да, қалған екеуін жұртқа тарат. Ұлық Алла малға мұқтаж емес. Құрбандықты мұқтаж жандарға таратып берген – Тәңір алдында қайырлы іс, - дейді.
Ыбырайым мен Ысмағұл құрбандықты үйіне әкеледі. Ажар анамыз ұлының амандығын көргенде көзіне жас алып, еңкілдеп жылап жібереді. Аллаға мадақ айтып, қазан көтереді. Бұған дейін жұрт малдың басын жемей, ит-құсқа тастай салады екен. Ыбырайым Ажарға:
Көк қошқар ұлыңды аман сақтады. Жолыңа құрбан болды. Қойдың басын қадірлемей ит-құсқа тастай салған шүкірсіздік болар. Бұдан былай ең құрметті қонағыңа қойдың басын тартуды салтыңа енгіз, - дейді.
Осыдан бастап сойылған қойдың басынан бөлек бақайларын да үйітіп, ішек-қарындарын да нәжістен тазалап, әдемілеп өріп, етпен бірге асатын болыпты. Ас дастархан басына келгенде Ыбырайым қойдың басын алғаш мүжіген екен. Жанында Ысмағұл отырады. Ол басқа қол созғанда: - Бұл сенің құрбандығың. Басыңның амандығы. Әкең отырған жерде қойдың басын мүжігенің әдепсіздік болар, - деп тыйып тастапты. Осыдан бастап малдың басын әке отырған жерде баласы ұстамайтын болыпты. Аңыз бойынша, Ыбырайым дүние салған сон ғана Ысмағұл бас ұстайтын дәрежеге жетіпті. «Бас ұстау атаңнан қалған, жамбас сыйлау қазақтан қалған» деген мәтелде бас ұстау Ыбырайымнан, жамбас сыйлау түркілік дәстүрден дегенді меңзесе қерек [12.42].