Бала бойында білім нәрін себетін, адамгершілік дәнін егетін басты тұлға - ұстаз. Жер бетінде мыңдаған мамандықтар бар. Солардың ішінде ұстаздықтың жөні бөлек. Менің ойымша ең қиын да, күрделі мамандықтардың бірі де - осы. Себебі, қай мамандықтың иесі болмасын бәрі де өз ұстаздарынан үйреніп білім алады.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы,-деген Ғафу Кайырбековтың өлең жолдарын оқығанда, мен өзімді бақытты сезінемін. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Себебі ұстаз – мақтан тұтар мамандық. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі мұғалімге жүктелген міндет жеңіл емес екенін сезініп те, түсініп те отырмыз. Білім беру, оқыту мен тәрбиелеу үздіксіз процесс. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат жан – жақты білімді, өнер сүюге бейім, өзіндік ой - талғамы бар, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Жаңашыл ұстаздың ең басты қасиеті инновациялық әдіс-тәсілдерді жетік меңгерумен қатар, оны орынды қызметінде қолдана білуі аса маңызды
Бала күнімде “мұғалім” болып ойнап өскендіктен болар, бала арман мені осындай ұлы адам ұстаз болуға жетеледі. Иә, ғалым да, шахтер де бас иетін өмірлік мамандығым ретінде ұстаздық жолын таңдадым. Ұстазға артылатын жүк өте ауыр және жауапкершілікті көп керек етеді. Не дегенмен, ұлт болашағы жастарды, балаларды тәрбиелеу ата-анамен қоса, ұстазға да артылатын міндет деп білемін. Мен 2015 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ға биотехнология мамандығына оқуға түстім. Бірақ ұстаз болу деген арманыма байланысты 2019 жылы магистратураға оқуға түстім. Сонымен, оқуымды бітіріп 2021 жылы өзімнің еңбек жолымды жас маман ретінде ЖШС «Кентау колледжінде» бастадым. Жас маманның кәсіби құзыреттілігі рухани жағынан дамыған, педагогикалық құралдардың барлық түрін меңгерген, өзін әрдайым кәсіби тұрғыдан жетілдіріп отыратын шығармашыл тұлға болуында. Сонда ғана ол баланың табиғатындағы туа біткен қасиеттерді айқындай алады. Себебі әр баланың бойында жасырынып жатқан қабілеттерді ашу сол ұстаздың еншісіндегі іс.
Жас маманның кәсіби қабілетіне және құзыреттілігіне байланысты жаңашыл ұстаз дағдыланады. Ал жаңашыл ұстаз – ол заман талабы. Заман талабының негізгі мақсаты: еліміздің көркендеп, беделді елдермен терезесін теңестіру. Бұл мақсаттың жүзеге асып, өз жемісін көру үшін жастар аянбай еңбек ету қажет. Себебі жастар – Қазақстанның болашағы. Мен мамандығыммен - Мақтанамын.