Қалғұты... тау, қалың орман есіңде шығар? - деп салды.
Кроссовканың тұмсығымен тротуарды оңды-солды сызғылаған Қали басын немкетті изеді. Сасып қалған Манап жөткірінді. Ұмыт, тас ұмыт, ұмытып қалыпты... Әйтпесе екі қолын орындық арқалығына созып жіберіп, шалқалаған мына қалпын титтей болсын өзгертер еді. «Япыр-ау, мынау сол Манап па? Бауыры жабысып, бірге туған ағам ба?» - деп, басын көтеріп, бетіне көз салмас па?
Шын туыс кешірімшіл. Қатты ренжісе де інісін жамандыққа қимады, дереу ақтап алатын дәлел іздеді. Қалидың мінез-құлқы өсе келе үстінен көш өтіп бара жатса, былқ етпейтін көкесіне тартуы кәдік... Солай, солай-ақ болар. Іске келгенде жаудай тиіп, апырып-жапырып жіберетін; ал сөз дегенде аузына маржан салып, томаға-тұйық тымпиып отырып алатын «ішімдегіні тап» қыңыр тұқым-ай!Шай қайнатымдай толғанып, ойын әбден пісіріп алды да, оқыс кимелеп, үсті-үстіне төкпектете жөнелді:
− Өскемендегі балалар үйіне сені бұлыңғыр күзде ағарып тапсырдық. Өзге амал да қалмаған. Шешені қылтамақ алып кетті. Жерге қарап әкеміз күрт шөккен. Соғыстан контузия алған адамнан не сұрайсың. Төсек жаңғыртып, бізге өгей де болса ана тауып бере ме десек, қаны қайта-қайта көтеріліп, ауруханадан шықпауға айналды. Мен мектеп-интернатта оқимын. Сонда деймін де: «Қалмаймын есе қалмаймын!» - деп, зар илеп жылағаның күні бүгін көз алдымда. Ұстап жібермеген тәрбиешінің білегін қыршып алдың. Біз де көз жасымызды сығымдап тұрып: «Дорба-дорба кәмпит теңдеп, екі-үш күннен кейін келеміз, қорықпа, алып кетеміз қайтадан»,- деп алдарқаттық. Теріс бұрылып, тұғжыңдай берген көкеме көп қарайламай, маған қол созып, пора-пора жылай бердің: «Мака - Манапқа тілің келмей, Мака дейтінсің - кәмпитті сен әкел, сен алып кет!» - деп... Содан итіңдеп ауылға жеткенше... біреуді жерлеп келе жатқандай... тіс жарғамыз жоқ. Бір апта бойы басыма жастаған күпәйкім таңертең дымқыл тартып жүрді... Тәтемнен айырылғасын сені көкем бақты. Жазғы демалысқа келгенде жаялығыңды өзім жуып жүрдім. Мені өлердей жақсы көретінсің. Бір бидайды бөліп жедік. Қайда барсам сонда томпаңдап, ізімнен екі елі қалмаушы ең. Манап көзімен тротуар сүзіп, отырып қалды. Қара жер қойнына өзіммен бірге ала кетермін-ау деп талай жыл тұмшалап сақтаған сырының тиегін ағытса да, аяғына шыққанша асық болды. Туған інімен құрғақ қурайды қырт-қырт жегендей сөйлесермін деп ойламап еді.
Қали ше? Төмен салған кірпігі көзін көлегейлепті. Не ойлап отырғаны белгісіз. Қолдарын айқастырып салған күйі бауырына тығып, іші ауырғандай еңкейіп отыр.
Манап демін жұтып, ақырын күрсінді. Еңкейіп, жерде тігінен тұрған дипломатын іліп алды да, алдына өңгеріп салып, аузын сырт ашты. Жаздық женіл костюмнің қаттауын жазып, бірер сілкіді де орындық үстіне жалпағынан салды, саусағының ұшымен Қалиға сырғытты.
−