2.2 «Әңгімелеу мәтінінің тақырыптық-мағыналық түрлері» деп аталатын бөлімшеде әңгімелеу мәтіндерінің мағыналық-тақырыптық түрлерін топтастыруға талпыныс жасалды.
Әңгімелеу мәтінінің тақырыптық түрлерін топтастыру бұған дейін орыс ғалымы Г.А.Золотованың еңбектерінде айтылған болатын. Ол мәтіннің тақырыптық түрлерін ондағы берілген ақпараттың сипатына қарай анықтап, әңгімелеу мәтініне тән мағыналық топқа акционалды және статикалы-динамикалы ақпаратты ремалық бөлікті мәтіндерді жатқызады. М.П.Брандес әңгімелеу мәтінінің оқиға туралы әңгімелеу, көңіл-күйді әңгімелеу, қалыптасқан жағдайды әңгімелеу, қысқаша ақпаратты әңгімелеу түрлерін көрсетті. Қазақ тіл білімінде М.Ахметова суреттеу мәтіндерінің кейіпкерді суреттеуге және кейіпкердің қоршаған ортасын суреттеуге арналған статикалық, динамикалық суреттеу түрлерін ажыратып берді.
Ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, әңгімелеу мәтіндерінің тақырыптық-мағыналық түрлерін жақтық және оқиғалы мәнді әңгімелеу мәтіндері деп топтастырып қарадық. Көркем шығарма табиғатына тән негізгі екі нысан кейіпкер және сюжет болып табылады. Көркем шығармадағы әңгімелеу мазмұны да осыларға байланысты өріліп отырады. Жақтық мәнді әңгімелеу мәтіндерінің басты ерекшелігі – мәтіннің басты тақырыбы кейіпкерге, кейіпкердің нақты жағдайға байланысты іс-әрекеті сөз болуында. Белгілі бір қалыптасқан жағдайға сай іс-әрекетін әңгімелеу арқылы кейіпкердің мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін ашу көзделеді: Шатқал арасына жеткендеаттан түсті. Аттың ауыздығын алып, айылын босатты. Ерді алуға жүрексінді. Шілік арасын кезіп жүріп, биік, жалғыз қара ағаш түбінен көз тапты. Таңдайы кеуіп қаталап тұр еді: етпеттей жата кетті. Су жып-жылы екен, жүрегі айныды. Басын жоғары қарай бір сілкіп тастап, суға қайта еңкейді.Сонда байқады: судың іші толған шіркей. Орнынан тұрып, ұзақ түкірінді. Жүрегі айнып, лоқсып-лоқсып алды. Қалың шілікті көлеңкесіне ендеп кіріп, шапанын астына төсеп жата кетті. (Р.Сейсенбаев). Мұндағы мәтіннің динамикалық ұйымдасуы ремалық бөліктегі етістіктерден, олардың бірыңғай шақтық тұлғаларынан көрінеді. Мұнда іс-әрекеттің уақыт-мерзімге қатыстылығы негізінен етістік тұлғалары арқылы ашылған.
Мәтінде етістік сөздер және оның бірыңғай өткен шақтық тұлғалары синтаксистік байланыстырушы құрал ретінде жұмсалған. Сонымен қатар, мәтіндегі теманың жасырын түрде беріліп, ремалық бөліктің бірыңғай кейіпкердің әрекетіне құрылуы автордың көркемдік мақсатынан туындаған стилистикалық амал ретінде көрінеді. Мәтін құрамындағы параллельділік те бірінен соң бірі бірдей ырғақпен, бір қалыпты, біртоға орындалған қимыл-әрекетті баяндау арқылы кейіпкердің көңіл-күйін жеткізуге көмектесіп тұр.
Әңгімелеу мәтіндерін ұйымдастыруға ұйытқы болатын есімдіктердің синтаксистік байланыстырушылық қызметі мен рөлі ерекше болып келеді. Кез келген мәтінде екінші сөйлем, болмаса, үшінші немесе төртінші сөйлемдер алдыңғы сөйлеммен есімдік сөздер арқылы байланысып жатады. Есімдіктер жақтық мәнді әңгімелеу мәтіндерінде кейіпкерді меңзеп, оның іс-әрекетін әр қырынан дамытып отырады. Жақтық мәнді әңгімелеу мәтінінде жалғаулық шылаулардың, сан есімдердің де қызметі айрықша болып келеді.
Оқиғаның, кейіпкердің оқиға уақытына объективтік, субъективтік қатыстылығы олардың тема/ремалық бөліктерінен байқалады. Әңгімелеу мәтіндерін тақырыбы мен мазмұнына қарай жақтық мәнді және оқиғалы мәнді деп бөлудің өзі шартты. Себебі оқиға екі жағдайда да болады. Бірақ басты ерекшелігі – осы оқиғаға кейіпкер қаншалықты қатыстырылады және оған автор қаншалықты мән береді. Бұл көркем мәтінді тақырыптық-мағыналық түрлерге топтастыруда назарға алынатын басты ұстаным болып табылады. Осы шарттылыққа қарай бұл мәтін түрлерін субъективті және объективті деп те атауға болады. Жақтық мәнді әңгімелеу мәтіндеріндегі субъективтілік кейіпкердің іс-әрекетіне, соған қатысты баяндалатын оқиға-жағдайға тәуелді болса, оқиғалы әңгімелеу мәтіндеріндегі объективтілік объективтік уақытқа тәуелді болады. Мысалы: Қазақ, қырғыз, өзбек, тағы басқа халықтарды қара жұмысқа алу, 1916 жылғы көтеріліс және оны патша жазалаушыларының аяусыз қырып-жоюы үйреншікті өмір ырғағын бұзып, Түркістан халықтарының әл-ақуалын тіпті нашарлатқан еді. Бұл тұста кейбір аудандарда бұрынғы мал басының үштен бірі ғана қалып, мал шаруашылығы ерекше күйзеліске енді. Оның үстіне 1917 жылдыңқысы қатты, жазы қуаң болды. Осынау кезеңде миллиондаған халық көз телмірткен Россия астығын Ақтөбеден Дутов, Кавказдан ағылшын интервенттері бөгеді де, Жетісу ақ бандылары Сібір астығына тосқауыл жасады. Осының нәтижесінде 1918 жылдың августында Ташкентте ауыр жағдай орнады (Ж.Арыстанов). Көркем шығармаға тән әңгімелеу мәтінінің баяндалу мәнеріне шығарманың жанры да өз ықпалын тигізеді. Мұндағы уақыт пен оқиға параллель бірге жүріп отыратындығы байқалады.