Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай дайындалған «Адамзаттың алыбы – хәкім Абай» атты әдеби эстафета
Мақсаты: Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл-мұраларын насихаттап, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айтқызу. Көркем сөйлеуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге көмектесу.
Көрнекіліктер: Абай туралы презентация, эпиграф жазылған плакаттар, кітап көрмесі.
1-Жүргізуші:
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге 175 жыл бойы өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек!
Ол өткен заманның, кешегі түркі дүниесінің соққан тынысы болса да бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды Абай – лебі, Абай – үні, ана тынысы – заман тынысы, халық үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді.
2-Жүргізуші:
Құрметті әдебиет сүйер қауым! Қазақтың бір туар ұлдарының бірі, данышпан ақын, ойшыл, дана ғұламаларының бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Адамзаттың алыбы – хәкім Абай» атты әдеби іс шараға қош келдіңіздер!
Сахнаға Абай шығады. (Фархат)
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.
1-Жүргізуші:
– Әрине, Абай атамыз туралы айта беру артық емес. Бір қарағанда таныс тақырып, таныс бейне секілденгенмен, ол туралы білетініміз тым аз – ау. Ұлылықтың сырына қанық болғымыз келсе, даралықтың қандай болатынын ұғынғымыз келсе, дана Абай әлемін шарлап қайталық, құрметті халайық!
2-Жүргізуші: Абай туған елін, жерін, тілін, дінін жанындай жақсы көрген нағыз ұлтжанды дана ақын. Абай қолына қалам алып, ғылым мен білімнің ауыр азабын арқалап, өз халқын өркениетті елдердің қатарына қосуға тырысқан, қазақтың рухын көтерген дана қолбасшымыз болғандығы баршамызға мәлім. Сондықтан, Абайды ұлттық жазба әдебиетіміздің атасы деп танып білуіміз керек.
1-Жүргізуші: Абай ізінің кіршіксіз ақ жүрегін тербеткен сансыз ойларын тамаша шығармалары мен жалынды жырларының бетінен әр жолынан, әрбір сөзінен бізге соншама ыстық, соншама жарқын леп еседі.
2-Жүргізуші: Ол өткен заманның, кешегі түркі дүниесінің соққан тынысы болса да бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды Абай –лебі, Абай - үні, Абай тынысы - заман тынысы, халық үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді.
1-Жүргізуші: Қазақ жерінің ақыны, данышпаны көп болғанымен Абай біреу - ақ. Абайы бар елдің мерейі үстем.
2-Жүргізуші: Ақын тұлғасы дараланған сайын қазақ та биіктей бермек. Сол шыңнан көз жазбау - біздің парызымыз да қарызымыз.
Абайдың өмірі мен шығармашылығына байланысты сұрақтар:
1.Абай алғашқы өлеңдерін қай ақынның атынан жарияланып отырды?( Көкбай ).
Абай туралы ең алғаш мақала жазған кім? (Әлихан Бөкейханов, 1903жылы Петербургта жазған).
Абайдың шын аты кім? (Ибраһим).
Абайдың қанша күйі бар? Аттарын ата.(Үшкүйі бар: «Тоқжанға», «Май түні», Абайдың желдірмесі»).
Абайдың аяқталмаған поэмасы.(«Әзім әңгімесі».)
Абай Лермонтовтың қанша шығармасын аударған? (Жиырма жеті шығарма аударған).
Абайдың әжесінің және шешесінің аттарын ата.( Зере, Ұлжан.)
«Қазақтың бас ақыны -Абай Құнанбаев» деп атаған кім? (Ахмет Байтұрсынов).
9.Әйгерім кім? Әйгерімнің шын атын ата. (Абайдың екінші әйелі, шын аты Шүкіман.)
10.Абай өлеңдер жинағы қайжылы басылып шықты және қай қалада? (1909 жылы Петербургта).
«Абай жолы» романын кім жазды? (Мұхтар Әуезов).
«Жас бала да анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі-ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады, бұлар – тәннің құмары, екіншісі – білсем, көрсем, үйренсем екен дейді, бұл – жан құмары...»
Осы үзінді Абайдың нешінші қара сөзінен алынған? («Жетінші»)
Шәкәрімнің Абайға қандай туыстық жақындындығы болды? (Абайдың ағасының баласы.)
Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі кімнен аударылған? (Лермонтов)
2-Жүргізуші: Абай 1845 жылы жылан жылында туылып, 1904 жылы 60 жасында Семей уезінің Шыңғыс болысында дүниеден қайтқан. Абайдың бар өмірі өзі туып өскен Шыңғыс болысы, қазіргі Абай ауданы, бұрынғы Семей облысында өтті. Абай әке жағынан алғанда Тобықтының белгілі шонжары мен батыр биінен тарайды. Оның бабасы Тобықтының биі болған. Абайдың әкесі Құнанбай Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған. Ал, шешесі Ұлжан Бошан руынан тарайды.
1-Жүргізуші: Абай атамыздың өмірге келуі туралы бейнероликті тамашалайық
Бейнеролик
1-Жүргізуші: Әкесі - тілге шешен, ақылға бай, қатыгез, ал шешесі керісінше ағайын-туысқа қайырымды, мінезі жұмсақ, тілге бай адам болған. Міне, сәби шағынан-ақ Абай от пен судай екі ұдай, кереғар мінезді адамдар ортасында өмір кешті. Аяулы әжесі Зере мен анасы Ұлжанның жас бала қиялы мен санасының, мінез-құлқының қалыптасуына әсері мол болды. Ол екеуі айтқан ертегі, аңыз-әңгіме, күлдіргі, мысқыл, ел басынан өткен тарихи оқиғалар зерделі бала-Абайдың санасына біртіндеп сіңе берді. Осылайша, бала Абай өз халқының рухани ой қазынасына қанығып өсті.
Бейнеролик
1-Жүргізуші: Мырзагелді Кемел ағамыздың мынадай бір сөзі бара екен: «Мен қазақты үшке бөлер едім. Біріншісі – Абайды оқығандар, екіншісі – Абайды оқысам деп жүргендер, үшіншілер – Абайды оқымағандар». Сен өзіңді қай топқа жатқызар едің Дәурен?
2-Жүргізуші: Абай атамыз туралы білетінімнен білмейтінім әлдеқайда көп. Сондықтан екінші топқа жатқызайын өзімді.
1-Жүргізуші: Ендеше тағы да М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы желісі бойынша түсірілген бейнероликті тамашалайық.
Бейнеролик
1-Жүргізуші: Әке үміті мен тәрбиесі босқа кетпей, ел билеу ісіне ерте іліккен Абай 12 жыл болыс, 6 жыл би болып қызмет атқарады. Ал, Абайдың поэзиясына, көркемдік әлеміне үңілген сайын адам жаны тебіреніп, сезім көкжиегі кеңейіп, бар болмысы сөзбен айтып жеткізе алмайтын ләззат алады.
Бейнеролик
2-Жүргізуші:
Абай - дана, Абай - дара қазақта,
Оқымаған ұлы Абайды қазақ па?
Қазақ даңқын асқақтатқан әлемге,
Абай теңдес ақын болмас қазақта.
Кеше өткен бұлдыр заман желегі,
Болашаққа Абай үнін тіледі.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,
Абай үні бізбен бірге келеді!
1-Жүргізуші: Кезекті оқушылар дайындаған көріністерге берейік.
2-Жүргізуші: Біз 10-сынып оқушыларынан алған «Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасын қабыл ала отырып, әрі қарай жалғастырамыз.
«Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасы.
1-Жүргізуші: Иә, қазақтай елдің дархандығы мен даналығы әлемге Абайдың кемеңгерілігімен танылды. Ал, осы дана да, дара Абайдың артына қалдырған мол мұрасын зерттеп, зерделеу, жас ұрпақтың бойына сіңіру, оны танып білу, біздің перзенттік парызымыз.
2-Жүргізуші: Абай Әлемін бүкіл дүниеге таратушы кемеңгер Ұлы Мұхтар Әуезов «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен.Ал біз Ұлы ғұлама тереңіне бас қойғанымызбен тек қана сол тереңнен дәм таттық қой деп ойлаймын.
1-Жүргізуші: Сол себептен оқудан, білуге ұмытушылықтан, ізденуден жалықпайық.
2-Жүргізуші: Бүгінгі кешімізге қатысқан қонақтарымызға алғысымызды білдіре отырып, өз эстафетамызды 8-сынып оқушыларына жолдаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |