СЕКЦИЯЛЫҚ МӘЖІЛІС
ӘОЖ 821.512.122
АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ ТЕМІРҚАЗЫҚ
Түзелбай Абай
Ш.Есенов атындағы КМТИУ, МНКЯЛ-18-1 тобының магистранты
Ғылыми жетекші: Қабылов Ә.Д., ф.ғ.к.
Аңдатпа.
Мақалада ұрпақ тәрбиелеудің әдіс-тәсілін алыстан емес, өз
халқымыздың ұлы тұлғаларынан, әсіресе Абай Құнанбайұлының шығармаларынан
іздеу керектігі жайлы айтылған. Ақын өлеңдерінің астарына үңіліп, әр сөзінде терең
мән-мағына бар екендігі тілге тиек етіледі. Ақынның адамгершілік, өнер-білім
тақырыбындағы өлеңдері мен қара сөздері талданады.
Түйінді сөздер:
ұлы тұлға, ұрпақ тәрбиесі, көкейтесті мәселе, сапалы білім,
саналы тәрбие, адамгершілік.
Тәуелсіздіктің туын тұғырға қондырған егемен еліміздің басты мақсаты – әлем
елдерімен терезе теңестіріп, білім кеңістігінен өз орнымызды алу. Абайша айтсақ:
«Дүниенің кірпіші ретінде, кетігімізді тауып, қалану». Бұл бағытта әрбір жеткіншектен
бастап, бүкіл халқымыздың алдындағы зор міндеттерді баршамыз жан-жүрегімізбен
сезінсек, ұлы ақынның шығармашылығы темірқазық болуғы лайық.
Уақыт өткен сайын барлық сала да үздіксіз дамуды қажет етеді. Сол сияқты
білім беру саласы тың арнаға түсіп, жоғары сапаға жету жолында жұмыстанып жатыр.
Дегенмен білім беру ісі баланы теория теңізінде шомылдырып қана қоймай, адам
ретінде санасына өмірлік азық болатын құндылықтарды сіңіруімен бағалы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың: «Абайды терең тануға
баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі
тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің
көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың
бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» [1], – дегеніндей, еліміздің болашағын
қалыптастырудағы адами капиталдың маңызы артып отырғандықтан, жастар ең
алдымен, білім мен жаңа технологияларға, тіл үйрену мен кәсіпке үйрену үшін де
Абайдың ақыл-кеңестерін еске алып отыруы керек. Ол үшін шын ниет пен табанды
талап жолашар болмақ.
Тұрлаусыздың қолынан не келеді,
Ынтасыз қайтып өнер үйренеді.
Еңбегі жоқ, еппенен мал табам деп,
Сендіре алмай, сене алмай, сенделеді [2,106], –
деп Абай сынап кеткен айла, сұмдықпен мал таппақ болған тұрлаусыздықтың,
жатып ішер жалқаулық пен арсыз сұраншақтықтың күні өтіп бара жатқаны белгілі.
Жас ұрпақтың бойындағы басты құндылық – тіл, дін мен діл. Ананың ақ сүтімен
бойымызға дарып, былдырлап тілі шыққан күннен баланың өз тіліне деген құрметін
қалыптастыру – әр ата-ананың басты міндеті. Ал мектеп пен жоғары оқу орны баланың
білім мен тәрбиесін дамытып, азаматтық өмірге икемделуіне ықпалдасып, адамзаттың
ғасырлар бойы жинаған құндылықтарымен қаруландырады.
Ұрпақ тәрбиелеуге темірқазықты алыстан арбаламай, шетелдің ағартушы,
ғалым, профессорларының еңбектерін парақтамастан бұрын, алдымен дана
халқымыздың данышпандары атанған ұлы тұлғалардың еңбегінен таба аламыз. Ұлы
деген сөзді естігенде әр қазақтың бойына алғашқы боп ұлы ақын Абай Құнанбайұлы
түседі.
40
Демеңдер өнбес іске жұбаналық,
Ақыл тапсақ, мал тапсақ қуаналық.
Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып,
Көрсе қызар, күнде асық – дуаналық.
Жастықта бір күлгенің – бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер бишаралық.
Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,
Ең болмаса, еңбекпен мал табалық [2,33], –
деген екі шумақтың өзінде қаншама ғибратты ой жатыр. Жалындап өте шығар
жастық шақты қызық қуып құр бекерге өткізбей, өнер үйреніп, кәсіп тауып, жақсы жар
таңдап – ертеңіңнің негізін қалау керек деген қарапайым қағиданы ақын осылай
әдіптейді.
Жалпы Абай Құнанбайұлының қазақ жерінде дүниеге келуі – мыңжылдықта бір
болатын мән-мағынасы зор тарихи құбылыс іспетті. Рухы өр, тамыры терең бойлаған
халықтың әдебиет әлемінде мақтанышпен атай алатын бірден-бір есімі – Абай. Оны тек
оқып, түйсіне білуіміз, бойға қуат қылып, өмірлік қағидаға айналдыруымыз ғана керек.
Туғанына 175 жыл толып отырған қазақтың бас ақыны халқы мен болашақ ұрпақ
үшін теңдессіз туындыларын қалдырды. Қай өлеңі немесе қара сөзіне үңілсең де,
ұлттың жайы, қара халықтың қамы, адамдық, бірлік, білімділік тақырыптарын тереңнен
қозғаған.
Болмасын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл.
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжаң,
Бола ма дәулет, нәсіп бұл?
Еңбек етсең, ерінбей,
Тояды қарның тіленбей!
Егіннің ебір,
Сауданың тегін,
Үйреніп, ойлап, мал ізде;
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң – қуан сол кезде;
Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең – істің бәрі бос [2,86], –
деген жолдарды ақын осыдан бір жүз отыз жылдай бұрын жазса да, бүгінгі
күннің де өзекті тақырыбын көтеріп, замандастарымызға ой салып отырғаны, қазақ
қоғамын түзеуге деген ұмтылысы қашан да өзінің өткірлігімен өзекті екені баршамызғы
түсінікті. Соның бәрінің басында елдің бірлігі тұратынын, қазақтың досы қазақ екенін
санамызға сіңіреді.
Өз кезеңінде тілге тиек еткен әрбір сөзі мен нақыл-өсиеті бүгінге дейін құны мен
салмағын жоғалтқан емес. Өйткені кешегі, бүгінгі һәм болашақтағы көкейтесті мәселе –
өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, ізгілік пен адамгершілікке
тәрбиелеу – Абай шығармашылығында әлдеқашан орын алып, мәні мен маңыздылығы
айқындалған мәселе.
«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Әуелі – надандық, екінші –
еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің, – дейді Абай өзінің «Отыз сегізінші
сөзінде», – Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп
болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің
41
дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан
бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады» [3,152].
Ойлап отырсақ, дүниедегі небір жаман әдеттер осы үшеуінен туындап жатады
екен. Осылардан аулақ болу үшін адам жас кезінен оларды бойға жуытпай, оқу-білімге,
өнерге жақын болып, еңбекқұмарлыққа баулынып, адамгершілік мінез қалыптастыра
алса жарады. Демек, жастардың тәрбиесіне қатысты ақынның айтқандарының қай-
қайсысы да қазіргі күн талабына жауап беретін, өскелең уақыттың сынына қарсы тұра
алатындай болмыс-бітім қалыптастырудың амалдары екені таң қалдырады. Ұлы
тұлғалардың уақытынан алға шығып, ұрпағының қамын алдағы күн өлшемімен көре
білуінің бір мысалы осы болса керек.
«Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген нақылды ту етіп, қазақ
үшін қаламынан туған қарымды жырын аманат еткен Абайды әдебиет әлемінің біртуар
тұлғасы десек, артық емес.
Мектеп табалдырығын аттаған әрбір шәкірт Абайдың «Ғылым таппай мақтанба»
өлеңін жатқа білетіні хақ. Бүлдіршін санасы өлеңнің түпкі мағынасын түсінбесе де,
алғашқы жолдың өзі балаға мол тәлім-тәрбие беріп отыр. Бір ғана жолдың астарында
«білім ал», «сауатты бол» деген ұлы түсінік жатқаны жасырын емес.
Аталы сөзге мән бермеген бала «Заман ақыр жастары» өлеңіндегідей ісінен
ізгілік көрінбейтін, өнімсіз істің шеберіне айналуы бек мүмкін. Адамды тура жолға
салып, толық адам атану соқпағында оқу мен тәрбиенің егіздігі анық аңғарылады.
Білімге құштарлығы кеш оянған адам ақын айтқандай «қолын мезгілінен кеш
сермейді».
Қазіргі заманда «Бала тәрбиелеудің тәсілдері», «Сананы қалыптастыру», «Адам
болуды үйрету» сынды бағасы бәленбай мың тұратын шала ғалымдардың сабақтары
мен семинарлары қаптап кетті. Қалтадағы қаржыдан қағылып, «астындағы атын алты
ай іздейтіндер» саны көбеймесе азаймайтыны қынжылтады. «Асыл сөзді іздесең –
Абайды оқы, ерінбе!» деген Сұлтанмахмұт атамыздың сөзін ұран етіп, ұлт пен ұрпақ
тәрбиесінде әр ақылын кәдемізге жаратсақ бізден асқан халық болмас еді. Өйткені,
іздегеніміздің бәрі Абайдан табылады.
Қарапайым қағида «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық» болуды білу адамды
өмір жолында жақсылыққа ғана жеткізетінін жадымызда ұстауымыз шарт.
Қазір «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» дегенді көп естиміз. Ал жалпының
тәрбиесі жалқыдан басталатынын, «Адам түзелмей, заман түзелмейтінін» ашық айтқан
Абай тобырдың ішінде тұлға жүрмесе, мәнінен де, бәрінен де айырылатынын айтып
налыған.
Сондай-ақ, ұрпақ тәрбиелеудің темірқазығына теңестірілген Абай өзгенің еңбегі
басқаға «мал» болмайтынын, табыс пен жеңіске адал еңбекпен жету керектігін де талай
айтқан. Оны «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңінің «Өзіңе сен, өзіңді алып
шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген тармақтардан анық аңғаруға болады.
Абай қозғаған мәселелер оған дейін де, өзінен кейін де көп жазылып,
талқыланды. Абай турасында жазылған пікір мен пайым да көп. Бірақ Абай жалғыз!
Басқалардың ойы мен көңілі күнде өзгерсе де, Абай әлі сол қалпында тұр.
Бабадан балаға мирас болған құндылықтарымызды сақтап, елден ерек,
басқалардан бөлек болудың формуласын ұсынған тағы да Абай. «Ақыл, қайрат,
жүректі» бірдей ұстағанда ғана тура жолдан адаспаймыз.
Бұл баяндамада Абайдың бірнеше өлеңі мен қара сөздері мысалға келтірілді.
Тұтас жазу үлкен зерттеуді қажет ететіні айтпаса да түсінікті ғой. Адам үшін өз баласы,
оның саналы, ақылды, тәрбиелі, білімді болуы бәрінен биік. Ол жүкті тәрбиеші мен
ұстаздың мойнына артып қоймай, ата-ана да аталмыш процесске белене араласуы
керек. Жұмыла көтерген жүк қашан да жеңіл болмақ.
42
Әлем халқы, әсіресе қазақтар қуанғанда да, қайғырғанда да, тығырыққа тіреліп,
көкейдегі сұрақтың жауабын таппай аласұрғанда да Абайды оқыды. Расында адамды,
ұлтты, ұрпақты тәрбиелеуде сиқырлы әмбебап әдістеме жоқ секілді. Басшылыққа
Абайды алғанның өзі аз олжа емес. Бұл, әрине, тек Абаймен шектеліп қал деген сөз
емес. Алдымен Абайды оқып зерделе, содан кейін жалпы адамзаттық асыл
құндылықтарға иек арт деп түсінген жөн.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1.
Тоқаев Қ. Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан // Егемен Қазақстан. 9 Қаңтар,
2020 ж.
2.
Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. І том. Алматы. Жазушы, 1982.
3.
Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. ІI том. Алматы. Жазушы, 1982.
Достарыңызбен бөлісу: |