ӘОЖ 275.178
АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢАШЫЛ ӘДІСТЕМЕСІ
Жаңабергенова Мейрамүл
Ш. Есенов ат. КМТИУ, МНКЯЛ-18-1 тобы магистранты
Ғылыми жетекші: Ақмарал Отарова, ф.ғ.к., доцент
Аңдатпа.
Мақалада өскелең ұрпаққа Абай шығармашылығын оқытудың
жаңашыл әдістемесі баяндалады. Қазіргі ғылым мен технология қанатын кеңге жайған
заманда жас ұрпақтың бойына Абай шығармашылығын сан алуан әдіс-тәсілдер арқылы
дарыту керектігі туралы кеңінен баяндалған. Сондай-ақ, ұрпақ тәрбиелеудің әдіс-
тәсілін алыстан емес, өз халқымыздың ұлы тұлғаларынан, әсіресе Абай
Құнанбайұлының шығармаларынан іздеу керектігі жайлы айтылған.
Түйінді сөздер:
ұлы тұлға, ұрпақ тәрбиесі, жаңашыл әдістеме, әдіс-тәсілдер,
сапалы білім, саналы тәрбие.
Егеменді ел мүддесі тұрғысына сай жаңа адамды қалыптастыруға жалпы бастау
болар тәрбиенің көзі Абайдан табылады. Абай мұрасын оқытуда өркениетке бет бұрған
қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушылары осы заман талабымен жаңаша пайымдап,
қайта ой сарасынан өткізуді талап етеді. Абайдың адам тұлғасын қалыптастыруға негіз
боларлық ғибрат сөздері ұрпақ тәрбиесіне ат салысам дегендердің тілегімен тікелей
қабысып жатыр. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне жауаптылардың көпіртіп айтар уағыздан
арылған тұста олқылықтың орнын толтырар асыл сөз бен ақыл сөз де Абайда екені
анық. Абайдың тұлға қалыптастыруға қатысты айтқан сөздері – бүгінгіге де, болашаққа
да бағдарлама. Олай болса, Абай ғибратын ұрпақ бойына сіңіру, оның
шығармаларындағы мазмұнды оқушы өміріне азық етерлік деңгейге көтеру – өзекті
мәселе. Адамның әлеуметтік белсенділігі, оның қоғамдық қатынасы күрделеніп, оның
қоғамдағы әлеуметтік мәні де өзгеруде. Мұның бәрі ұрпақ тәрбиесінің мазмұны және
әдісі жағынан да өзгеруін қалайды. Абай шығармаларын орта буын оқушыларына
оқыту арқылы жаңа қоғамның жаңа адамына керекті қасиет қалыптастыру жолын, оны
мектептегі сабақ жүйесінде іске асыру әдістемесі көрсетеді.
Ал оқу - тәрбие процесінде Абай шығармаларын нәтижелі өтудің бір кепілі –
мұғалімнің әдебиеттану, педагогика, психология ғылымдарын терең меңгеріп, әр
сабақта ұтымды әдіс – тәсілдерді аталған негіздермен бірлікте қатар өре білуі.
Оқушыларды Абай шығармаларына қызықтыру жолдарын іздеу, оларға керекті
практикалық жұмыстар жүргізу, тиімді әдіс – тәсілдерді пайдалана отырып, жүргізген
оң нәтижелерді ұстаздар қауымына ұсыну уақыт күттірмейтін іс-шараның бірі болып
есептеледі.
43
Абай шығармалары орта мектепте екі жүйеде оқып үйренілетінін айтпай кетуге
болмайды. Ең алдымен әдебиеттік оқу сабақтарында яғни 5-8 сыныптардағы Абайдың
әр алуан тақырыптардағы өлеңдері, ақын өмірінен берілетін мәлімет. Екіншісі –
жоғарғы кластардағы әдебиет тарихы курсы бойынша үйренілетін Абайдың
шығармашылығын монографиялық түрде оқыту. Әдебиет сабақтарының бұл екі жүйесі
өзара тығыз байланысты дей тұрсақ та, олардың оқытылуы мен мақсаты тұрғысынан
елеулі айырмашылықтары бар. Сондықтан да, бұл екі жүйенің әдістемелік жағы екі
басқа, яғни екеуі екі мақсатқа қаратылған.
Абайдың жыл мезгіліне арналған өлеңдерінде жыл мезгілдеріне тән белгілерді
суреттеп, табиғат көрінісін елестете отырып, әлеуметтік жағдайды көрсету, соны
айқындау ниеті басым жатыр. Автордың қай сөзінің қатыңқы да, шытынап шығуы,
қаһарлы қысқа, не суық күзге ызаланудан гөрі жыртық-тесік, кем-кетік, жұпыны
өмірге, ондағы бейқамдыққа, қырсыздыққа ызалануы көбірек көрініп тұрады. Оған қоса
ақынның ызалануында сол жыртық-тесік, жамау-жасқаумен жүргендер мен
бүрсеңдеген балаларға жаны ашу, аяу белгісі де байқалады. Күз туралы көңілсіздеу ой
мен ақын суреттеуіндегі көрініс көз алдыңа екінші бір сиықсыз көріністі алып келеді.
Ол – жыртық киім, жамау-жасқаумен жүрген ауыл әйелдері, бәрінің қабағы
жабырқаңқы, бүрсеңдеген бала, от жақпаған, суықтан құты қашқан үй.Бұл көрініс
біріншіден, автордың оларға деген аянышы мен жан ашуын туғызып, екіншіден, одан
туған көңіл-күйдің кейіске айналғаны байқалады. Берілген эмпатиялық әңгіме-сұхбат
арқылы ақынның осы көңіл-күйін оқушыға сезіндіру мақсаты көзделуі керек. Олай
болса, орта буын сыныптарда Абай шығармаларын оқытуда басшылыққа алар бірден-
бір тиімді әдіс-тәсіл сабақты эмпатиялық диалогқа негіздей құру. Өмірде жай суретші
аңғара қоймайтын сәл нәрселерді Абай аңғарып көре білген. Сондықтан оның өлеңдері
– шындық бейнесі болып шығады. Абай «Күз» өлеңінде жыл мезгілінің бір кезеңі –
табиғат көрінісін суреттеуде қазақ халқының бұрынғы өміріне тән адамдардың іс-
әрекеті мен күнделікті тұрмысында бар болмысты екі-үш сөз тіркестерімен нақ
шындықтың бетін ашып көрсетеді. Мәселен, «иін илеу», «кемік сүйек, сорпа-су
тимеген соң», «енесіне иіртіп шуда жібін» сияқты сөз тіркестері жай ғана сыртқы
көріністі сөз еткенімен, әр қайсысында көп мағына жатыр. Өз заманының суретшісі,
ақын Абай сол кездегі халық тағдырына, олардың ауыр халіне қабырғасы қайысады.
Елдің жүдеу тұрмысы, әлеуметтік жағдайы ақын шығармаларында ерекше көңіл-
күйімен суреттеледі.
Абай жыл мезгілдерін суреттеген өлеңдерінде объектив жағдай мен субъектив
жағдайды тұтастыра айтып, ондағы құбылысты, әлеуметтік жәйт пен дүниенің, табиғат
болмысының көрінісін қосып, біріктіре суреттейді. Сол арқылы өз жан дүниесінің
тебіренісі мен толғанысын көрсетеді. Осындай ақын толғанысын сезіндіруде оқушы
мен мұғалімнің қатар әрекет етуі – эмпатикалық диалог құруы шығарма құндылығын
асыра түседі. Эмпатикалық диалог жүргізуде «Өлеңді оқып шыққанда қандай көңіл-
күй пайда болды?» немесе «Абай заманға неліктен ренжиді? Ренжуі неден туып тұр?» –
деген сияқты сұрақтар арқылы Абай өлеңдеріндегі шытыңқы қабақ, ақын жанына
жайсыз тиіп тұрған жағымсыздықты бірден ақ көрсетіп, байқатуға болады. Олай болса,
оны сыдыртып оқып шығып, оқулықтағы адам жанын жанап өтпейтін құрғақ
сұрақтармен, көңілге қонымсыз тапсырмалармен («Күз болғанда» тақырыбына
шығарма жазып келіңдер, Өлеңді жаттап алыңдар т. с. с) шектелу не жүрекке, не миға
ықпал етпесі анық. Не нәрсенің қабылдауында болсын, сезім органдарына тікелей әсер
еткенде ғана іске асатындығын қайталап айтқымыз келеді
Бүгінде әрбір жеке ғылым саласының екінші бір ғылыммен байланыстылығы
артып отырған тұста мектепте жүргізілетін әрбір оқу пәнінің мазмұны мен
құрылысындағы кірігіп кеткен (интеграциялық) байланыстардың маңызы өте зор. Ол
дәл бүгін ерекше мәнге ие болып отыр.
44
Пәнаралық байланыстың іске асырылуында белгілі бір мақсат көзделетіні анық.
Мысалы гуманитарлық циклге жататын пәндерден білім беруде оқушыларға идеялық-
адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру бағыты көзделеді; олардың барлығының
ортақ обьектісі – адам, оның іс-әрекеті мен қоғамдағы қызметі; яғни оқушылар өздері
оқитын гуманитарлық пәндердің мазмұны арқылы адамдардың іс-әрекеті, қызметі мен
мінез-құлқы, дүниетанымы, тілі, дінімен танысады. Мәселен, Абайдың «Күз», «Қыс»
сияқты өлеңдерін оқығанда, бастауыш сыныптардағыдай жыл мезгілдерінің әр түрлі
белгілерін, табиғат көріністерін айту үстірт түсінік тудырмаса керек. Абайдың өзі
табиғат көрінісі және жер бетіндегі тіршілік атаулының (адам, өсімдік, оның әлеуметтік
халі т. б) бәрін де тұтастық қалпында сипаттап тұр. Ол тұтастықты даралап
ыдыратқанда әрбір жеке ғылым саласының үлесінен (өсімдіктану, жаратылыстану,
тәнтану, әлеуметтану, саясаттану, география, тарих, сурет т. б.) екені байқалады. Абай
шығармаларының табиғаты кешегіні айта отырып, бүгінгі күннің барысына жөн
сілтейді. Кешегі айтылған Абай сөзі бүгін өз құнын жоғалтпақ түгіл, ол құндылық пен
оған деген мұқтаждықты еселеп арттырғандай болады. Сондықтан да бұл жердегі
интеграциялық байланыс мұғалімнің білімдік-әдістемелік дайындығын қалайды. Абай
өлеңдерінің терең мазмұнына бойлау үшін сабақты интеграциялық байланыста жүргізу
бірден-бір тиімді әдіс болып табылады.
Мәселен, «Интернатта оқып жүр» өлеңін оқытқанда оқушылардың 5 сыныпта
оқыған «Интернат наны» (Ш. Мұртаза) мәтінімен байланыстыру арқылы кең ұғым
беруге болады. Осы тұста тарихи жағдай ықпалын да сөз ету керек. Әсіресе, Абай
өлеңдерін оқытқанда, тарихи жағдайға соқпай өтуге болмайды.
Бүгінгі күні дамыған технологияға негізделген әр түрлі жаңа әдістер көп
айтылып жүр. Соның бірі – оқытудың инновациялық әдісі. Абай шығармаларын
оқытуда тиімді әдіс-тәсіл оқушы қызығушылығын арттыру, сезіміне әсер ету, қиялын
ұштау, сол арқылы шығармашылыққа жол ашу, оқушыға еркіндік беру деп түсінеміз.
Осы жолда жақсы нәтижеге жетектер бір жол – сабақта Қ. Бітібаеваның «Ой тастау,
ойланту, ойлау» технологиясы пайдалану. Ұстаздың «Ой тастау, ойланту, ойлау»
технологиясы әдеби айтыс, пікірлесу, диологиялық әңгіме, проблема шешу, іздену
сияқты өнімді әдістермен қатар оқушылардың өз бетімен ізденуіне, зерттеу жұмысына
негізделеді. Жобалау, модель жасау, оқушыларды өз беттерімен жаңа өнім жасауға
бағыттау – ұстаз технологиясының ең негізгі алтын діңгегі. Оның барлығында оқушы
жеке тұлға, дара субъект ретінде қабылданады. Сұрақ әр түрлі әдіс - тәсілдер арқылы
баланың алдына мақсат қойып, іске асыруына жол көрсетеді. Жаңа технология ретінде
ең озық әдістерді игеру, іздену арқылы бала бойына дарыту, одан өнімді нәтиже
шығара білу – әрбір ұстаздың басты міндеті.
Қазақ әдебиетінің бәйтерегі Абайдың шығармашылығы бала бақшада тәлім алып
жатқан бүлдіршіндерден бастап, жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан
студенттердің де таным мен тәрбие алатын, эстетикалық талғамын өсіріп, көркемдікке
жақындататын, әдебиетті түсінуге жол көрсететін жарқын жұлдыз болып табылады.
Ақынның шығармаларының мәні мен маңызы, көркемдік әлемімізді байытатын жемісі
жыл өткен сайын айқындала түсуде. Мұны біз күнделікті тұрмысымыздан, Абайға,
оның асыл мұрасына болған халықтың ықыласынан көріп те, танып та келеміз.
Мен бұл жұмысымда ұлы ақынның шығармаларын оқытудың мәні мен
маңызына және оқыту барысында қолданылатын әдістемелік мәселелерге тоқталып
өттім. Әдістеме, яғни бұрынғыша айтқанда оқыту методикасы ғайыптан пайда
болмайды, ол озат мұғалімдердің іс-тәжірибелеріне сүйене отырып, педагогика
ғылымының жетістіктерін басшылыққа ала отырып қалыптасады және өркендейді.
Абай шығармаларын оқытуда кешегі кеңестік дәуірде қолданылған методикалық әдіс-
тәсілдердің бірқатары қазір тиімсіз болып отыр. Ақын лирикасы кеңестік идеологияны
басшылыққа ала отырып үйретілді, оларды танытуда бір ғана мәселе, таптық тұрғыдан
түсіндіру, жастардың белсенділігінен гөрі дайын материалдың мазмұны мен идеясын
45
мұғалімнің нұсқауы бойынша қабылдату – қазіргі білімге беріліп отырған талаптарға
жауап бере алмайды. Қазіргі талап – оқушы тек үйренуші ғана емес-талдаушы,
аналитикалық пікірлеуші, бағалаушы және оқыған, түсінгенін тұрмыста жүзеге
асырушы да болуы шарт. Олай болса, қазіргі методикада оқушыны ізденуге,
ситуацияларды өзі тудырып, оны дұрыс шешуге, әрбір тақырыпқа сын көзбен қарап,
өзінше баға беруге баулу, дағдыландыру қажеттігі айқын байқалуда.
Қорыта айтқанда, ұлы Абайдың шығармаларын оқушыларға үйрету барысында
ең қажетті әдістемелерді пайдаланып, оларды әрбір сабақта жаңалап, жетілдіріп отыру,
әрбір тақырыпты өтуде шығармашылықпен қатынас жасау бүгінгі күннің ең басты
мәселесі болып табылады. Себебі жастарымыздың дүниетанымына, дүниеге
көзқарасын қалыптастыруда, олардың заман дәрежесіндегі азамат болып өсуінде, биік
интеллектуалдық жетілуінде, олардың бойындағы эстетикалық талғамының ұштала
түсуінде ұлы Абайдың шығармалары бірден бір рухани азық болып табылады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Бітібаева Қ. О. Әдебиетті оқытудың инновациялық технологиясы. Өскемен
2002.
2. Бітібаева Қ. О. Абай шығармаларын мектепте оқыту. Өскемен, 2005.
3. Бейсенбаева А. Пәнаралық байланыс негізінде оқу процесін ұйымдастыру.
Алматы. 1995.
Достарыңызбен бөлісу: |