Программаның сипаттау бөлігі. Программаның тақырыбынан кейін сипаттау бөлігі жазылып, онда көрсетілген ретіне қарай белгілер, тұрақтылар, типтер, айнымалылар сипатталады, одан кейін процедуралар, функциялар келтіріліп, ең соңында операторлар бөлігі тұрады.
Белгілерді сипаттау. Программадағы белгі оның қатарларының тізбектеле орындала бермей, бір жағдайларға байланысты кейде алға не артқа оралу керек екендігінің айғағы болып есептеледі. Сондай басқа бір жолдардан сілтеуі бар қатарларда ғана белгілер орналасады. Белгілердің сипаттамасы label (белгі, таңбалау) сөзінен басталады да, одан соң программада қолданылатын белгілер жазылады. Белгі ретінде таңбасыз бүтін сандар және идентификаторлар пайдаланылады.
Мысалы: label 10, 20, st, belgi; Операторлар бөлігіндегі бір қатарға қойылған белгі келесі сөз тіркестерінен қос нүкте арқылы бөлініп жазылады. Егер программада белгі жоқ болса, олардың сипатталмайтыны да өз-өзінентүсінікті.
Тұрақтыларды анықтау. Тұрақтыларды анықтау const түйінді сөзінен кейін оларды сипаттап жазудан басталады. Әрбір тұрақты сипатталған соң, нүктелі үтір қойылады. Біз қарастырып отырған Паскаль тілінде мән ретінде осыған дейін анықталған тұрақтылар мен функциялардан тұратын өрнектерді де пайдалануға болады. Мысалы: Const
amin=0; amax=100; amax=2*amax;
s=’B’; n=ord(‘R’)-ord(‘A’)+2;
Тұрақтының типі автоматты түрде сәйкес мәннің типімен анықталады. Сәтті таңдап алынған атау программаның мағынасын түсінуді жеңілдетеді. Егер программада тұрақтының мәнін өзгерту қажет болса, оның сипаттау бөлігіндегі мәнін ғана өзгерту жеткілікті, өйткені программаның басқа бөліктерінде тұрақтының тек идентификаторы ғана жазылады. Программада тұрақтылар болмаған жағдайда оларды сипаттау бөліміде келтірілмейді.