§ 3. Криминалистиканың әдістері
Криминалистика өзінің алдына қойған міндеттерін ғылыми жолмен зерттеген тәсілдерді қолдану арқылы шешеді.
Криминалистикада жалпы ғылыми және жеке тәсілдермен қатар арнайы тәсілдер де қолданылады.
Әр қылмыстың криминалистикалық сипаттамасы, онда көрсетілген жеке қылмыстарға тән белгілер осы қылмыстарды тергеуге қажетті әдістемелік ұсыныстар жасауға пайдаланылады.
Криминалистика өзінің міндеттерін объективті тұрғыда зерттейді, сондықтан басқа ғылымдардағыдай диалектикалық тәсілді криминалистиканың жалпы тәсілі деп санауға болады.
Мұнымен қатар криминалистикалық объектілерді зерттеуде, басқа ғылым салаларында да жиі қолданатын жалпы ғылыми тәсілдер пайдаланылады. Мысалы: бақылау, бейнелеп суреттеу, салыстыру, өлшеу, эксперимент т.б.
Бұл көрсетілген жалпы ғылыми тәсілдер криминалистикалық зерттеулерде, тергеу әрекеттерін жүргізгенде де қолданылады. Әр тәсілдің өзіне тән міндеті және ерекшелігі болғанымен олар өзара бірімен-бірі тығыз байланысты, бірін-бірі толықтырады.
Енді айтылған жалпы ғылыми тәсілдердің әрқайсысын сипаттай келіп, олардың криминалистикалық зерттеуде қолданылу ерекшеліктеріне тоқталайық.
Бұл жоғарыда аталған жалпы ғылыми тәсілдердің қолданылу ерекшеліктері тексерілетін объектілердің түріне және зерттеуде қолданылатын техникалық құралдарға байланысты.
Бақылау тәсілі дегеніміз – бір нәрсені (не затты) арнайы қадағалап қарап, оны зерттеп, қабылдап түсіну.
Мақсатты және ұйымды түрде жеке заттарды тексере отырып, зерттеуші-криминалист осы заттың ерекшеліктерін, белгілерін қабылдап, олардың өзара байланысын табады. Мұндай бақылау нақты заттың, не болмаса басқа деректер мен мәліметтерді тексеру арқылы қабылданады.
Криминалистикада, көбінесе, бұрын өтіп кеткен қылмыс жайы тексеріледі. Сондықтан тексеруші (тергеуші) қылмыс жайын өзі бақылап қабылдамайды. Ол қылмыстың мән-жайын істегі деректер, қылмыстың болғанын көрген куәлердің жауабы арқылы танысып біледі. Кейде іздерді, деректі заттарды тікелей бақылау әдісі де қолданылады.
Криминалистикада объектілерді бақылау мына төмендегі түрлерге бөлінеді.
1. заттай дәлелдемелерді, яғни қылмыс жасауға байланысты пайда болған іздер, жеке заттар, құжаттар, олардың үлгілерін, осы заттай дәлелдемелердің белгілерін, қасиеттерін;
2. жеке адамдарды, олардың түр сипатының белгілерін, мінез-құлқын, темпераментін;
3. адамдардың іс-әрекеттерін, оның ішінде қылмыскердің қылмыс жасау тәсілдері мен қылмыстың ізін жасыруға байланысты жасаған әрекеттерін;
4. жеке бір оқиғалар, құбылыстар және солардың себебінен із пайда болу процестерінің ерекшеліктерін бақылау.
Бақылау криминалистикада жеке затты, не болған оқиға мен құбылысты зерттеп тауып, оларды қабылдап түсіну үшін жүргізіледі.
Кейбір объектілерді жай қарап, бақылау арқылы қабылдауға болады және олардың түпнұсқасын сипаттайтын белгілерді бақылап қабылдау үшін қосымша техникалық құралдарды пайдалануға тура келеді.
Осыған байланысты бақылау жай және күрделі бақылау деп екі түрге бөлінеді. Жай бақылауға зерттеуші объектіні ешқандай техникалық құралдар пайдаланбай бақылап зерттеп, өзіне тән ерекше белгілерін қабылдайды. Бірақ адамның көзі объектінің бар белгісін, оған тән қасиетін көре алмайды. Оларды көру үшін ерекше бір әдіс, техникалық құралдар керек. Көздің көру шегін кеңейту арқылы, жай көзге ілінбейтін, көрінбейтін заттардың белгісін қарап қабылдау, күрделі бақылау деп аталады.
Криминалистикалық зерттеуде мезгілді, кеңістік өлшемдерді пайдалануға тура келеді. Осыған байланысты криминалистикалық объектілерді зерттегенде өлшеу тәсілі жиі қолданылады. Атап айтқанда: объектілердің салмағы, көлемі, екі не болмаса бірнеше объектілердің өзара арақашықтығы есептеліп шығарылады және өлшеу тәсілі арқылы кейбір заттардың оларға тән қасиеттері сандық сипаттамасы саналады. Құбылыстың, не кейбір оқиғалардың болған уақытын да өлшеу тәсілімен шешуге болады. Бұл тәсілді қолданғанда әртүрлі өлшеу құралдары пайдаланылады.
Криминалистикалық маңызы бар объектілерді зерттегенде жай өлшеу құралдарын қолдану арқылы өзімізге керекті өлшем қортындысын алуға болады. Мысалы, сызғышты алып пышақтың жүзінің ұзындық өлшемін білеміз, сонымен қатар күрделі өлшеу техникасын да қолдануға тура келеді. Мысалы: автокөлікті авария алдында қандай жылдамдықпен келе жатқанын есептеп шығару үшін, тікелей өлшеу арқылы тежелу жолының ұзындығын өлшеп оның қортындысын формулаға енгізіп, өзімізге керекті қорытынды өлшемін табамыз. Бұл мұндай жағдайларда тікелей өлшеуді тергеуші жүргізсе, күрделі өлшеуді сарапшы жүргізіп өлшеу қортындысын тауып шығарады.
Бейнелеу тәсілі криминалистикада деректі затты, не белгілі бір оқиғаны суреттеп жазу үшін пайдаланылады. Бейнелеп отырған объектінің өзіне тән белгілерін, қасиеттерін сипаттау арқылы жалпы объект жөнінде ұғым беріледі. Объектінің белгілерін тауып оны бейнелеу жоғарыда көрсетілген бақылау, өлшеу тәсілдерін қолдану арқылы сипатталып баяндалады. Бейнелеу ауызша, не жазбаша түрде қолданылып жүрген криминалистикалық классификациялық жүйе бойынша суреттеледі. Бейнелеуді бекітіп қабылдау үшін техникалық құралдар, атап айтқанда: диктофон аппараты қолданылады. Криминалистикада бейнелеу арқылы жеке іздер, қол жазбалар, оқ дәрі және адамдардың түр нұсқасы суреттеліп жазылады. Бейнелеудің қай түрі қолданылса да олар қылмыстық істер жүргізу заңына сәйкес болуы тиіс.
Объектілерге тән қасиеттер мен белгілерді зерттеуде оптикалық аппараттар және басқа да ғылыми-техникалық құралдар – микроскоптар, спектрофотометрлер, газохроматрограф кең түрде пайдаланылады.
Криминалистикада бейнелеп сипаттаудың екі түрі қолданылады. Бір жағдайда объектілер мен құбылыстар тікелей қарап сипатталса, екінші жағдайда олар басқа деректерден алған мәліметтер арқылы ғана бейнеленіп жазылады. Мысалы: тергеуші заттай дәлелдемелерге тән қасиеттерді өзі тікелей қарап, қабылдау арқылы хаттамаға жазады. Кей жағдайларда тергеуші өзі көрмеген объектілерді де бейнелеп хаттамаға жазуына тура келеді. Атап айтқанда, қылмысты жасасуға сезікті адамның бет-бейнесін және басқа белгілерді хаттамаға тергеуші осы адамды көрген куәнің айтуы бойынша суреттеп жазады. Объектілер (не құбылыстар) кейде толық бейнеленіп, ал кей жағдайларда үзінді (фрагменттік) түрінде де сипатталып жазылады. Кейде қалыптасқан жағдайға байланысты объектіні (не құбылысты) толық бейнелеп жазуға мүмкіншілік болмай қалады. Мұндай жағдайда тергеуші объектінің тек елеулі белгілерін алдын ала көрсетіп, толық сипаттамасын кейін бейнелеп хаттамаға бекітеді.
Әрине уақыт өткен сайын объектілерге (не құбылыстарға) тән белгілер (қасиеттер) ескіреді, не жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан қарауда қабылданған белгілер дер кезінде толық сипатталып жазылуы керек. Қылмысты дәлелдеуге пайдаланылатындықтан хаттамада қаралған объектілер жөніндегі мәліметтер бұрмаланбай, өзгертілмей жазылуы керек.
Криминалистикада ең жиі қолданылатын тәсілдердің бірі, ол салыстыру тәсілі. Салыстыру дегеніміз екі, не болмаса бірнеше объектілердің өзіне тән белгілерін теңеп, салыстырып көру. Салыстыру өте күрделі логикалық талдауды қажет ететін ойлау процесі. Бірнеше объектілерді салыстырғанда, алдымен әр объекті жеке алынып зерттеледі. Бұл салыстырудың бірнеше сатысында зерттеліп отырған объектілерге тән қасиеттер мен белгілер іріктеліп алынады.
Қасиеттер мен белгілерді іріктегенде аса көңіл аударатын нәрсе – ол салыстыру негізіне алынатын қасиеттер мен белгілер осы объектіге тән және тұрақты, басқа объектілерде жиі кездеспейтін қасиеттер (белгілер) болуы керек.
Осы жоғарыда қолданылып отырған "қасиет" және "белгі" деген сөздердің мағынасына түсінік бере кету қажет. Бұл екі сөз бірімен-бірі тығыз байланысты болғанымен тең мағыналы ұғым емес. Объектідегі белгі зерттеп отырған объектінің ерекшелігіне байланысты: кейбір объектінің қасиетін бірден аңғарып қабылдауға болады да, ал кей объектінің тек белгілерін қабылдап, сол арқылы қасиетін білуге болады. Мысалы; аяқтың ізінде қалған белгілер арқылы ізді қалдырған адамның аяқ алысы ерекшелігін ажыратуға болады (жеңіл жүріс, кербез жүріс, адымы үлкен, аяғын ақсап басады т.б) .
Әрине бірнеше объектіде бірдей, не ұқсас қасиет пен белгі болуы мүмкін. Сондықтан тек бір, не екі белгіні негізге ала отырып, салыстырып отырған объектілердің тепе-теңдігін шешуге болмайды. Сондықтан әр объектіні жеке зерттегенде бірнеше қасиеттер мен белгілерді іріктеп алып, олардың осы күйінде басқа, осыған ұқсас объектіде болмайтынын анықтау қажет. Салыстырайын деп отырған объектілерден осындай жинақ қасиет тапқаннан кейін, зерттеуші салыстырудың екінші кезеңіне (сатысына) көшеді. Бұл зерттеу кезеңінде салыстырып отырған екі объектіден (я бірнеше объектілерден) іріктеліп алынған белгілер бір-бірімен салыстырылып олардың бірдейлігі, не өзгешелігі анықталады. Салыстырудың үшінші кезеңінде (сатысында) белгілерді бір-бірімен теңестіріп, салыстыра тұжырымдай отырып, зерттеуші бір белгілі қортынды шығарады. Салыстыру үстінде бір белгілі қортындыға келу үшін зерттеуші логикада қолданылатын талдау, синтез, абстракция, болжау және т.б. тәсілдерді пайдаланады.
Криминалистикалық зерттеуде эксперименталдық тәсілдер де қолданылады. Эксперимент дегеніміз – объективтік нақтылы тануға қолданылатын ғылыми тәжірибе. Криминалистикада заттарды зерттегенде, қылмысты тергегенде пайда болған болжаулар әртүрлі тәжірибелер арқылы эксперименталдық әдістермен тексеріледі. Эксперименттің негізгі міндеті - әртүрлі құбылыстардың, я заттардың маңызын, мен-жайын, негізгі қасиетін, табиғаты мен жаратылысын анықтау. Эксперименттік тәжірибелер жүргізгенде жоғарыда көрсетілген бақылау, өлшеу, сипаттау әдістері де қолданылады.
Криминалистикада жүргізіліп жатқан тәжірибенің міндетіне байланысты эксперимент және тергеу эксперименті болып екіге бөлінеді.
Сараптамалық эксперимент сараптама жүргізуге керекті үлгілер алуға, кейбір құбылыстардың өту барысын бақылауға (мысалы іздің пайда болу механизмін тексеруге) және сараптамада пайдаланатын (химиялық, физикалық т.б.) әртүрлі тәсілдердің тиімділігін, нәтижелігін тексеруде пайдаланылады.
Тергеу эксперименті іс бойынша, басқа тергеу әрекеттерін жүргізу арқылы табылған деректерде көрсетілген оқиғаның шындығын тексеру үшін, болған оқиғаны қайтадан бұрынғы қалпына келтіріп, оған ұқсас жағдайларда тәжірибелер жүргізу арқылы орындалады.
Тергеу эксперименті мына мәселелерді анықтау үшін жүргізіледі:
а) белгілі бір іс-әрекетті деректерде көрсетілгендей жағдайда істеуге (жасауға) бола ма, жоқ па? Мысалы, қорғандағы тесік арқылы белгілі бір затты алып шығуға бола ма? Белгілі бір қашықтықтағы жерге бір сағаттың ішінде автокөлікпен, істе көрсетілген жолмен барып, келуге бола ма т.б.
б) іс бойынша тексеріліп отырған оқиғаны белгілі бір қашықтықта және жарықтықта көріп қабылдауға бола ма? Белгілі бір дыбысты, я кісінің даусын істе көрсетілген жағдайда естіп, айтылған сөздің мағынасын түсінуге бола ма т.б.
в) іздің пайда болу механизмін зерттеп анықтау. Бұл мәселені жоғарыда көрсетілген сараптамалық эксперимент жүргізгенде анықтайды. Бірақ кейбір жағдай, із пайда болу механизмін зерттеп, анықтауға арнаулы білімнің қажеті жоқ болса, тергеушінің өзі эксперимент жүргізу арқылы бұл мәселені анықтап шеше алады.
Экспериментте қолданылатын тәжірибелер тергеу әрекетіне қатынасқан адамдардың денсаулығына, өміріне қатер туғызбайтын жағдайда өткізіліп, процесуалдық заңға қайшы келмейтіндей болуы керек.
Криминалистикада осы жоғарыда көрсетілген жалпы әдістермен қатар арнайы әдістер де қолданылады.
Арнайы криминалистикалық әдістер, көбінесе басқа ғылымдарда пайда болған әдістерді криминалистикалық объектілерді зерттеуге бейімдеу арқылы пайда болған да, кейбір арнайы әдістер криминалистиканың өзінде пайда болып, кейінірек басқа ғылымдар да қолданылатын болған. Сонымен қатар арнайы әдістердің ішінде тек криминалистика ғылымында ғана қолданылатын әдістер бар, олар кейде криминалистикалық оқулықтарда криминалистиканың өзіне меншікті әдістер деп те аталады.
Бұл әдістердің ішінде айрықша орын алатын әдістердің бірі – зерттеу тәсілдері, атап айтқанда: криминалистикалық фотографияның әдістері, трасология мен криминалистикалық баллистиканың, қолжазбатану, автортану, құжаттарды техникалық зерттеулердің, габитологияның, қылмыстық тіркеудің және криминалистикалық тактиканың әдіс-тәсілдері.
Арнайы әдістердің екінші бір тобы басқа ғылымдардан алынып, криминалистикалық объектілерді зерттеуге бейімделген әдістер.
Бұл топқа жататын әдістер: микроскопиялық зерттеу тәсілі, спектордың көзге көрінбейтін инфрақызыл, ультракүлгін сәулелерінде зерттеу, рентген сәулесінде зерттеу, спекторлық талдау т.б.
Осы көрсетілген криминалистика зерттеулерінде жиі қолданылатын тәсілдер мен әдістердің мағынасын талдап өтейік:
Криминалистиканың өзіне тән әдістері криминалистикалық – техниканың басқа да бөлімдерінде қолданылады. Атап айтқанда мына төменде көрсетілген әдістер криминалистиканың өзіне меншікті, дәстүрлі әдістері деп саналады. Саусақтың папиллярлық өрнектерін және белгілерін классификациялау әдісі, жеке іздердің түсу механизміне байланысты классификациялау (статикалық іздер – тұрақты қалыпта түсетін іздер; динамикалық іздер – екі объектінің бір-біріне қарсы қозғалуынан түсетін іздер); оқ пен гильзадағы іздер бойынша мылтықты идентификациялау, қолжазбаның идентификациялық белгілерін идентификациялау т.б.
Арнайы криминалистикалық әдістерге басқа ғылымдарда пайда болған, бірақ оларды заттай дәлелдемелерді, іздерді және басқа да деректерді зерттеуге бейімдеп, модификациялап өзгерткен түрлері жатады.
Мысалы, заттай дәлелдемелерді спектордың көзге көрінбейтін (инфрақызыл, ультракүлгін, альфа, бетта, гамма, рентген) сәулелерінде зерттеу әдістері.
Ешқандай құралсыз, жай көзбен біз оптикалық спектордың тек 400 нм - 750 нм толқын ұзындығының аралығындағы сәулелерін қабылдап көреміз. Бірақ кейбір заттардың қасиеттері, ондағы керекті белгілер жоғарыда айтылған сәулелерде анық көрініп ажыратылады. Сондықтан криминалистика осы сәулелердің қасиетін пайдалана отырып, заттай дәлелдемелерді зерттеуге керекті арнайы әдістер, фототехникалық тәсілдер мен аппараттар пайдаланылады. Инфрақызыл сәулесінде заттай дәлелдемелерді зерттеп қарау үшін электронды оптикалық өзгерткіш аппарат жасалған. Осы аппарат арқылы, инфрақызыл сәуленің қасиеттерін пайдалана отырып, құжаттарда химиялық реактивтермен өшірілген жазбаларды, үстіне сия құйып, не басқа бір тәсілдермен көрсетпей тастаған жазуларды оқуға болады. Инфрақызыл сәулелер арқылы қара материалда қалған көзге көрінбейтін оқтан қалған күйені, кейбір жанғыш майлардың материалдарда қалған дақтарын ажыратуға болады.
Ультракүлгін сәулелер (400-ден – 200-ге дейінгі ма) криминалистикада көзге көрінбейтін көріністерді салқын сәулемен әсер етіп қозғау (люминесценциялау) арқылы көріп анықтау үшін пайдаланылады.
Люминесценттік талдау арқылы әртүрлі құрамнан тұратын заттарды дифференциациялауға (бөліп жазуға), көзге көрінбейтін жазбаларды оқуға, кейбір заттардағы өте ұсақ дақтарды көруге болады. Криминалистикалық лабораторияларда осындай заттай дәлелдемелерді ультракүлгін сәуледе зерттеу үшін әртүрлі кварцтық шамдар (УО-1, ОИ-8, Люм-1) пайдаланылады. Ультракүлгін сәулелер арқылы зерттеу нәтижесін арнаулы құралдарды (электронды оптикалық өзгерткішті пайдаланып) көзбен көріп, оны бекіту үшін фотосуретке түсіріп алуға болады.
Электромагнит спекторында сәулелерінен төмен рентген сәулелері орналасқан. Рентген сәулелерінің өтімділік қасиетін пайдаланып, көзге көрінбейтін, мөлдір емес объектілердің ішкі құрылысын зерттеп оны фотопластинкаға, немесе пленкаға түсіріп алуға болады. Рентген аппараттары криминалистикада мылтықты, оқ дәріні тағы басқа жеңіл металдан, ағаштан жасалған объектілерді зерттеуге пайдаланылады. Оқиға болған жерге, тінту жүргізгенде кішігірім рентген аппараттары көрінбей жатқан, немесе құпия қор сақтағыш орынға тығып қойылған заттарды тауып алуға кең түрде қолданылады.
Криминалистикалық зерттеуде радиоактивті изотоптар, атап айтқанда, бета және гамма сәулелері де пайдаланылады. Мысалы, бета сәулелері шыныдан, пластмассадан, фольгадан, алюминиден және басқа да жұмсақ металдардан, ал гамма сәулесі тығыз металдан жасалған объектілерді зерттеуге пайдаланылады.
Заттай дәлелдемелерді зерттеуде спекторлық талдау әдістемесі де жиі пайдаланылады. Бұл тәсіл элементтердің әр атомынан шығатын сәулелердің толқын ұзындығының ерекшеліктеріне негізделген. Бір элементтен шығатын сәуле жинағы осы элементтің спектры деп саналады. Осы спектр жинағын алу арқылы тексеріліп отырған объектінің химиялық құрамын біліп, осының негізінде оның не зат екенін анықтауға болады.
Спекторлық талдау сапалы және сандық талдау болып екіге бөлінеді. Сапалы талдау арқылы зерттеліп отырған заттың химиялық құрамы анықталады да, ал сандық талдауда осы заттардың құрамындағы химиялық элементтердің сандық сипаттамасы алынады. Спекторлық талдау арқылы сияның, қарындаштың басқа да бояғыш заттардың түрін айыруға болады. Бұл тәсілмен металдан, пластмассадан жасалған бұйымдар тексеріледі. Криминалистикада спекторлық талдау көбінесе оқ, бытыра, пломбаларды зерттеуге қолданылады.
Химиялық тәсілдермен заттай дәлелдемелерді тексеруде, тағы бір жиі пайдаланылатын тәсіл, ол газхромотографиялық тәсіл. Бұл тәсілді пайдалана отырып, тексеріліп отырған затта бензин, керосин, не басқа жанғыш майдың ізін айыруға болады.
Өте ұсақ, не көзге көрінбейтін объектілерді анықтау үшін микроқалдықтар, ескіруіне байланысты түсін жоғалтқан жазулар, шала көрінетін құжаттар т.б. анықтау үшін микроскопиялық зерттеу әдісі де қолданылады.
Кейінгі кезде криминалистикалық зерттеуде математикалық, кибернетикалық, голографиялық тәсілдерді қолдану жөнінде де көп ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Химиялық реактивтермен өшірілген жазуды, көзге көрінбейтін майлы тер арқылы пайда болған бармақ таңбаларын зерттеуге лазерлі сәулелерді пайдалану кең өріс алып келеді.
Қандай тәсіл болмасын оны қолдану үшін белгілі бір шарттар қойылады.
Біріншіден, пайдаланылатын тәсілдер мен әдістер оларды қолданатын адамның өміріне қауіп-қатер туғызбайтын, денсаулығына зиян келтірмейтін болуы тиіс.
Екіншіден, пайдаланылатын тәсіл этикалық нормаларға, процесуалдық заңға қайшы келмеуі керек.
Үшіншіден, қолданылатын тәсіл тексерілген ғылыми қағидаларға сүйенетін, ғылыми түрде толық сипатталған, оның нәтижелігі ғылыми жолмен дәлелденген болуы қажет.
Жоғарыда криминалистикада қолданылатын жалпы және арнайы тәсілдер мен әдістердің жалпы сипаттамасы берілді. Олардың қолдану ерекшеліктері мен техникалық әдістері егжей-тегжейлі криминалистиканың әр бөлімінде қаралады.
Достарыңызбен бөлісу: |