Мазмұны 1 – БӨлім. Криминалистиканың теориялық негіздері


§4. Диагностика криминалистиканың ілім



бет23/233
Дата07.02.2022
өлшемі2,49 Mb.
#83762
түріОқулық
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   233
Байланысты:
окулык АЙШа

§4. Диагностика криминалистиканың ілімi ретінде

Криминалистикалық диагностика жеке ілім ретінде кейінірек пайда болды. Ілім ретінде диагностиканың пайда болу тарихы криминалистикалық идентификация теориясының тарихына ұқсас. Бұл бағыттың криминалистика ғылымында қалыптасуы идентификация теориясындай тәжірибелік (эмпирикалық) материалдардың ұзақ жылдар бойы жиналуынан тұрады.


Бүгінгі таңда диагностикаға қатысты криминалистикалық техника, тактика, әдістеме, сот сараптамасы, сот-медицинасы, психиатрия, психология және т.б. әртүрлі салаларға байланысты өте көптеген материалдар жиналған. Бұл материалдар жалпы талдап қорытуды, жүйелеуді талап етеді. Егер криминалистикалық идентификация теориясы мазмұны жағынан сәйкестендіру туралы үйлесімді, логика жағынан өз кезектілігімен жүйеленген білім жүйесінен тұрса, диагностика ілім ретінде әлі күнге дейін пайда болу, қалыптасу кезеңінде екенін көре аламыз.
Идентификацияны жүзеге асырудың негізгі формасы сараптама болып табылады. Ол, әсіресе дәстүрлі сараптама түрлерінде қолданылады. Ал диагностика болса сараптаманың барлық түрлерінде жүзеге асырылып, сонымен қатар, жедел-іздестіру, тергеу, сот әрекеттерінде қолданылады. Диагностиканы сарапшылар, тергеушілер, жедел қызметкерлері, мамандар мен соттар жүргізеді. Оның субъектілер шеңберінің кең көлемді екенін байқаймыз.
Идентификация, негізінен, дәлелдеу әдісі ретінде қарастырылса, диагностика дәлелдеумен қатар, іздестіру, жедел-іздестіру мәніне ие бола алады. Бірақ та идентификация мен диагностиканың мақсаты бір – тергелетін іс бойынша фактілі мән-жайларды анықтау. Диагностика тұрғысынан шешілетін мәселелер (жалпы және жеке) шеңбері кеңірек.
Диагностика қарастыратын жалпы мәселелерді: дәлелдемелік, іздестірушілік және жедел-іздестірушілік деп үш бағытта қарастыруға болады. Бұл мәселелер өзара тығыз байланысады, сондықтан дәлелдемелік диагностиканы кей уақытта жедел-іздестіру диагностикасынсыз қарастыру мүмкін емес.
Идентификация мен диагностика мәселелері бір-біріне қарсы қойылмайды. Оларды алмастыру арқылы, яғни идентификациялық мәселелерге дейін диагностикалық мәселелерді немесе керісінше, диагностикалық мәселелерге дейін идентификациялық мәселелерді шешуге болады. Мысалы: табылған мәйіттің киімінен бөгде іздердің анықталуы мүмкін. Осы іздерді табу, олардың шығу тегін, пайда болу механизмін анықтау – диагностиканың іздестіру сипатындағы шешетін мәселелері болып табылады. Диагностиканың көмегімен сезіктіні ұстауға, жәбірленушіні өлтіру құралын анықтауға байланысты міндетті түрде киімде пайда болған бөгде ізге идентификациялық зерттеу жүргізіледі.
Диагностиканың жеке мәселелері өте көп. Оларды жіктеу негізі ретінде қылмыс оқиғасын құрайтын материалдық дүние объектілерін, қылмыстың өзін және өзге де қылмысты құрайтын материалдық объектілерді қарастырған жөн.
Идентификация объектісі ретінде тек қана материалдық заттар қарастырылса, диагностикада объект ұғымына материалдық заттармен қатар, объектілердің жеке қасиеттері, объектілердің, құбылыстардың күй-жағдайлары, объектідегі процестер, оқиғалар, ситуациялар, оқиға механизмдері де кіреді.
Яғни, объектілердің кең ауқымды шеңбері зерттелінеді. Егер объект ретінде материалдық заттар қарастырылса, оларды күй-жағдайына байланысты (қатты, сұйық, сусымалы, газ тәріздес), табиғатына (шығу тегіне) байланысты (тірі, өлі, органикалық, органикалық емес, табиғи, жасанды), сапасы жағынан, қолдану мақсатына байланысты (аспаптар, құрал-жабдықтар, заттар, әшекейлер, ақша және т.б.), құрылымы жағынан (жеке, жиынтық ретінде) жіктелінеді. Егер объект ретінде құбылыстар, процестер зерттеу пәніне жатса, олар техникалық, физиологиялық, психологиялық, биологиялық, био-химиялық, физикалық, сонымен қатар, механикалық, химиялық, радиациялық және т.б. негіздер бойынша жіктеуге жатады.
Диагностика объектісі ретінде – оқиғалар, ситуациялар қарастырылса, оларды жол-көлік оқиғасына (соқтығыс, жолаушыны басып кету, аударылып қалу және т.б.), кісі өлтіруге (пышақпен, атыс қаруымен), ұрлыққа (бұзып кіру), тонауға, қарақшылыққа, контрабанда, жарылыс оқиғаларына және т.б. жіктейміз.
Құбылыстар, процестер, оқиғалар, ситуациялар қарапайым және күрделі болуы мүмкін. Күрделіде – құбылыстардың, процестердің, оқиғалардың, ситуациялардың механизмдері объект болып табылады.
Объектілердің, қасиеттердің, құбылыстардың, ситуациялардың әртүрлілігі оларды теориялық жағынан талдау мен жүйелеуді қиындатады.
Диагностикалық мәселелер шешетін субъектілерге қатысты жедел қызметкермен, тергеушімен және сарапшымен шешілетін диагностикалық мәселелер болып жіктелінеді. Қазіргі кезде диагностикалық мәселелерді жүйелеу өз көрінісін сараптамалық зерттеу шеңберінен тауып отыр. Сот сараптамасының көптеген түрлері негізінен диагностикалық мәселелерді шешеді. Бұл сот-медициналық, сот-психиатриялық, сот-бухгалтерлік, сот-қаржылық, экономикалық, товароведтік, технологиялық, автотехникалық, өрт-техникалық, инженерлік, медицина-әлеуметтік және өзге де сараптамалар.
Сот сараптамасымен шешілетін диагностикалық мәселелер классификациялық, диагностикалық және ситуациялық деп жіктелінеді.
Мысалы, сот-медицина сараптамасында негізінен диагностикалық сипаттағы мәселелер қарастырылады: өлімнің себебі, уақыты, құралы, тірі кездегі алған жарақаттары, жарақаттың дәрежесі, қан тобы және т.б. Кейде идентификация қажет ететін жағдайлар да туындайды, мәселен: жәбірленушінің жеке басын, өлтіру құралын, шашын, қанын және т.б. идентификациялау.
Дәстүрлі сараптамалардың барлық түрлерінде – трасологиялық, баллистикалық, қолжазбалық, құжаттарды техникалық зерттеу, авторлық, заттар және материалдар сараптамасында диагностика мен идентификацияның атқаратын рөлдері бірдей, бірақ трасологиялық сараптамада идентификациялық мәселелердің диагностикаға қарағанда басымдырақ екенін атап кеткен жөн.
Бүгінгі таңда сараптаманың барлық түрлері бойынша диагностикалық мәселелерді шешу, әдістемелік жағынан алып қарағанда жеткілікті өңделіп жетілдірілген деуге болады. Диагностика жүргізудің көптеген әдіс-тәсілдері мен әдістемелері бар. Сарапшылар идентификациялық зерттеулер жүргізу кезінде қолданылатын әдістерді диагностикада да қолданылады.
Диагностика жүргізу кезінде қандай объектілер зертттелетіндігіне байланысты әдістер әртүрлі классификацияланады (жіктеледі). Сарапшылармен өңделген әдістемелерде идентификациялық мәселелер бойынша туындаған сұрақтарды шешу үшін тергеушілер мен мамандарға диагностикалық объектілерді табу, бекіту және алуға байланысты ұсыныстар берілген. Мысалы, сот-баллистикалық сараптамаларында идентификациялық және идентификациялық емес мәселелер бірдей шамада қарастырылып шешіледі. Тәжірибеде сезіктіден алынған қару құралы, мәйіттен алынған оқ немесе оқиға болған жерден табылған гильзалар бойынша идентификация өте жиі жасалады. Бірақ кейбір жағдайларда келесідей диагностикалық: қару өздігінен атылып кетуі мүмкін бе еді; қару қандай қашықтықтан атылған; оқ-дәрілер мен қаруды дайындау тәсілдері қандай; қару құралы атуға жарамды ма; қарудың моделі, жүйесі қандай деген сұрақтарды және басқа да диагностикалық сипаттағы жағдайларды анықтау қажеттілігі туындайды. Сондай-ақ, идентификациялауға қажетті материалдарды дайындау кезінде қойылатын талаптар диагностикада да қойылады. Мысалы, ату арақашықтығының фактісі тек жәбірленушінің ату іздері бар киімдері мен сезіктіден алынған қару, оқ-дәрі жабдықтары сараптамаға жіберілгенде ғана анықталуы мүмкін.
Қарудың өздігінен атылып кету фактісін анықтау үшін тергеуші осы фактіге қатысты қарудың өзін және факті жайындағы ақпараттарды сарапшыға жіберуі қажет.
Сараптама шеңберінде жүргізілетін диагностикалық зарттеулердің қолданылатын өзіндік әдістемелері бар. Сарапшы идентификациялық зерттеулеріндегідей белгілерді анықтай отырып, оларды бағалайды. Яғни қорытындыларды қалыптастыру негізінде баға береді, оның дәлдігі жөніндегі қорытындылар категориялық және ықтималды болып келуі мүмкін. Әдістеме болмаған жағдайларда: сараптамаға жіберілген зерттеу объектілерінің саны жеткіліксіз болған, сондай-ақ объектілерді дұрыс емес бекіткен, алған жағдайларда және басқа да себептерге байланысты сарапшы тергеушінің қойған барлық сұрақтарына жауап бермеуіне болады.
Сараптамалық диагностика кезінде тек категориялық (дұрыс немесе теріс,) қорытындылар ғана дәлелдемелік маңызға ие бола алады.
Диагностика қорытындыларын бағалаудың ерекшелігі, категориялық қорытындылар барлық уақытта жеке фактілік маңызға ие бола бермейтіндігінде және де диагностикалық ситуациялар мен идентификацияны шешетіндігінде. Мысалы, сарапшы оқиға болған жерден алынған оқ, гильза Макаров тапанша жүйесімен атылған деп қорытынды береді. Бұл қорытынды сезіктінің тұрғын-жайына тінту жүргізу мақсатында қолданылады. Егер дұрыс нәтижелер алынған жағдайларда, табылған тапанша оқ, гильзаларымен бірге сараптамаға идентификациялауға жіберіледі.
Диагностика тергеуші мен мамандардың қызметінде өзіндік ерекшеліктерге ие. Нақты айтқанда дигностика тергеушінің болжау құру мен оны тексеру кезінде пайда болады. Ал, мамандар тергеушімен жүргізілген тергеу әрекеті шеңберінде диагностика жүргізу арқылы тергеушіге болжаулар құруға көмегін тигізеді.
Тергеуші мен маман диагностикасы көптеген жеке сұрақтарды шешеді және жеке болжауларды құруға мүмкіндіктер береді. Мысалы, оқиға болған жерді қарау кезінде диагностикалау келесідей: не жағдай болды; қылмыс қалай жасалды; қылмыскер кім; ол не істеді; іздер қайда болуы мүмкін деген сұрақтарды шешуден басталады. Егер іздер табылған жағдайларда, мысалы: аяқ киімнің ізі бойынша қылмыскердің жынысын, жасын, жағдайын, бойы мен басқа да іздердің сыртқы белгілерін диагностикалауға (ажыратуға) болады.
Тергеуші жауап алу барысында жауап алынушы тұлғаның жағдайын диагностикалауға тырысуы қажет. Тергеуші дұрыс диагностика жасау арқылы іс бойынша алынған мәліметтердің, ақпараттардың дұрыстығына, дәлдігіне, анықтылығына немесе оның жалғандығына, болмаса оның жартылай, ішінара жалғандығына көз жеткізеді.
Тергеушінің диагностикасы өзіндік мәні бойынша сараптамалық диагностикадан ерекшеленеді. Тергеушінің диагностикасы – бақылау, модельдеу, эксперимент, салыстыру, өлшеу, сипаттау дегендей жалпы ғылыми әдістемелерге негізделеді, сонымен қатар криминалистика, психология әдістерін пайдаланады. Ал сараптамалық диагностикада диагностикалық зерттеу әдістемелері негізінде өңделіп жетілдірілген құрал-жабдықтық (инструменталдық) әдістер қолданылады. Мысалы, жәбірленушінің киіміндегі қатпарлану фактісі мен оның табиғатын анықтау үшін сарапшы жарықтандыруды әртүрлі жағдайларда жіберу, сондай-ақ химиялық, спектрлік және т.б. талдаулар жасау арқылы визуалды-микроскоптық әдісті (МБС-2) қолданады. Әдістерді қолдану негізінде сарапшы қорытындыны классификациялық сипатта береді.
Тергеушінің қызметіндегі субъективтік диагностика барынша кең тараған әдіс болып табылады. Криминалистикадағы мазмұны мен оның әрі қарай дамуы тергеушінің диагностиканы объективтендіруіне бағытталды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   233




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет