3. Тануға түсіру әдісі – іздеуде жүрген және қылмыстық тіркеуде тұрған қылмыскерлерді тануға көрсету үшін, сондай-ақ тергеу кезінде адамдардың, мәйіттің жеке басын анықтау және оларды қылмыстық тіркеуге алу мақсатында қолданылады. (РИСУНОК 9: Сурет 9.Сигналитикалық (тану үшін көрсету) фототүсірілімінің схемасы.) Тануға түсіру әдетте екі түрлі әдіспен жүзеге асырылады: 1. қарсы алдынан (фас), бетпе-бет; 2. оң жақ қырынан (профиль). Суретке түсіру барысында келесідей шарт талаптары міндетті түрде сақталуы қажет. Танылушы адам бас киім, сырт киім, көзілдіріксіз, шашы маңдайын, құлағын жауып тұрмайтындай ашық болып, тік отырып немесе түрегеліп тұруы тиіс. Сонымен қатар, танылатын адам басын белгілі бір қалыпта тік ұстап отыруы және суретке түсіру кезінде объектив оның көзінің сыртқы бұрышы мен құлақ қалқанының үстіңгі бөлігін тігінен қиып өтуі қажет. Суретке түсірілетін адамның көз жанары (көзі) тіке, алдыға объективке қарап (ол көзін ашық, қозғалтпай жыпылықтатпай, күліп-жымыйып, ауызын ашып қалмай) отыруы керек. Ерекше белгілері болған жағдайда, сол жақ (профиль) қырынан суретке түсіріледі. Егер фотосуретті куәлерге көрсету арқылы тану үшін түсіретін жағдайда, танылатын адам қарсы алдынан (фас), оң жақ қырынан (профиль), жартылай қырынан отырғызылған, беліне дейін 3х4, не түрегеліп тұрған күйінде барлық бойын алып 1:7 қатынастағы масштабымен түсірілуі тиіс. (РИСУНОК 10, 10-1: Сурет 10, 10-1.Сотталушыны тану үшін көрсетуге (фас, профиль) фотосуретке түсіру.) Мұндай жағдайларда танушы адам қылмыс жасаған кезде қандай киімде болса, сол киіммен түсіріледі. Егер оны куә бас киім, сырт киім немесе көзілдірігімен көрген жағдайда, сол киімдер мен заттарды шешпей суретке түсіреді. Тануға 1:7 – қатынастағы масштабымен түсіру кезінде тануға түсірілетін тұлғаның сыртқы бейнесін сипаттайтын барлық белгілері анық көрініп тұруы шарт. Ол үшін жарықтандыру жағдайын міндетті түрде жақсарту қажет. Танушы тұлғаның сыртқы бейнесі нақты және объективті түрде түсірілуі тиіс. Сондықтан да тану үшін суретке түсіру барысында суреттегі бейнені жақсартуға бағытталған (мысалы: танушының бетіндегі, үстіндегі жара, жарақат, тыртық және сол сияқты т.б. да кемістіктерді жасыру үшін «ретуш» - химиялық жолмен өңдеу, әртүрлі жарықтандыру) әдістерді қолдануға болмайды.