Фототүсірілім тергеу экспериментін жүргізудің жағдайын, оның негізгі кезеңдері мен нәтижесін көрнекі түрде көрсету үшін қолданылады. Бұл дәлелдеу процесін объективтендіруге мүмкіндік туғызады. Тергеу экспериментін жүргізу арқылы тергеліп отырған оқиғаның механизмі, қандай да бір әрекетті жасау мүмкіндігі және т.б. анықталады. Тергеу эксперименті барысында фототүсірілімді қолдану оның нәтижесінің ақиқаттылығын куәландырып, дәлелдемелік күшін арттырады. Тергеу экспериментін жүргізу кезінде бағдарлап, шолып және түйінді фототүсірілім әдіс түрлері қолданылады. Мысалы, адамның объектіге қабырғаның тесіп жарылған тесігі арқылы кіру мүмкіндігін тексеру кезінде – жарылған тесікті жан-жағындағы қоршаған ортамен қосып, содан соң тесіктің өзін ірі масштабта түсіру керек. Түйінді түсіру тәртібімен эксперименттің жеке кезеңдері бекітіледі. Мысалы: тергеу экспериментіне қатысушы тұлға қабырғаның тесігіне кіру, содан соң ол тесіктен өту кезінде суретке түсіріледі. Ал шолып және түйінді түсіру кезінде эксперименттің түпкілікті нәтижесі, яғни нақты жағдайларда іс-әрекеттердің жасалу немесе жасалмау мүмкіндігі көрсетіледі. Мысалы: тесіктен өтіп шығу кезеңдері түсіріледі. Қажет болған жағдайларда эксперимент жүргізілетін жерлерді байырғы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе, ол жұмыстар жүргізілмес бұрын және жүргізілгеннен кейін де суретке түсіріледі.