Жалған мөр және мөртаңбаларын жасау әдіс-тәсілдері мен оларды анықтау әдістері. Бұл жалғандық әртүрлі әдістер қолдану арқылы жасалады. Соның ішінде қолданатын ең қарапайым әдіс – жалған құжатқа таңбаның бейнесін (суретін) тікелей салу. Ол келесідей бірнеше белгілер арқылы анықталады: алдын-ала дайындық белгілері (қарындаш штрихтары, таңба бейнесінің жекеленген детальдарын салу), белгілі бір жазу немесе сызу құралдарын қолдану (қарындаштың, циркульдің басу іздері) салынған шрифт (бірдей әріптердің конфигурациясының әртүрлілігі (сәйкес келмеуі), белгілер көлемінің, олардың өзара қашықтығының бірдей болмауы штрихтарда (қолданылған жазу немесе сызу құралдарына байланысты) бояудың жайылуы.
Сондай-ақ, жалған таңбалар суреті қағазға салынған клише қолдану жолымен орындалады.
Мұндай клишеден жасалған жалған таңбалар құжаттың қажетті жеріне штрихтарды ылғалдандырып көшіру нәтижесінде жүзеге асырылады. Клишеден түскен таңба бейнесі – біркелкі емес, нашар көрінетін штрихтармен және құжаттың жекелеген жерлерінде бояудың жайылып түсуінен көрініс табады. Сонымен қатар, құжаттағы таңба түскен қағаз бөлігі басқа участкілерден ерекшеленіп тұрады, әсіресе ультракүлгін сәулелерімен зерттеу кезінде люминесценция сипатымен ерекшеленеді. Тәжірибесі жоқ орындаушылар таңбаны бір құжаттан екінші құжатқа тікелей көшіреді, мұндай жағдайда таңба бейнесі теріс көрініс береді. Ал тәжірибелі адамдар ылғалдандырып көшіру әдісімен таңбаны алдымен "тегіс клишеге" түсіріп алып, содан соң құжатқа көшіреді.