§2. Айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен нақтылаудың кезеңдері мен тәсілдері
Куәден бе, жәбірленушіден бе, жоқ әлде айыпкерден бе кімнен жауап алынатынына орай айғақты оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау үстінде әр түрлі әдістер қолданылады. Сондай-ақ, дайындық жұмыстары жүргізілгенде қолданылатын тактикалық әдістер белгіленіп, әдіс іріктелуі мүмкін. Тергеуге кірісер алдында тергеуші жоспар құрған кезде мұны мұқият ескеруі тиіс. Яғни, жоспарда тергеу әрекетінің мақсаты дәл анықталып, қылмыстық істің жедел-іздестіру шаралары кезінде жиналған материалдары мұқият зерттелуі тиіс.
Егер тергеушіге дәлелдемелердің тексерілетін жері белгілі болса тергеу әрекетін өткізу жоспарын нақтылау үшін ол сол жерге алдын ала барып, алдағы жұмыстың бүкіл барысын пысықтауы керек. Егер тексеру бірнеше жерде өткізілетін болса, оған қатысушылар онда дер кезінде жеткізілетін көліктің түрлері әзірленіп, тексерудің қай кезінде кімді қай жерге, қандай мақсатта орналастыру қажеттігі айқындалуы қажет.
Әзірлік кезінде. жедел топтың құрамы белгіленеді. Оның құрамына тергеуші және жедел - іздестіру органдарының қызметкерлерімен бірге ізге ит салатын кинолог, сондай-ақ маман-криминалист, сот-сарапшысы басқа да қажетті мамандар енгізілуі мүмкін. Содан соң куәгер адамдар қатыстырылады. Оларды іріктегенде тексерілетін істің күрделілігі ескерілуі тиіс, өйткені олар тексерудегі жағдайды түсініп, есте сақтай алатындай, кейін қажеттілік туындаса жүргізілген әрекеттің мазмұны мен нәтижесін баяндап бере алатындай болуы керек. Егер қосымша куәлерді бір жерге бірнеше рет шақыру қажет болса, олардың екінші қайтара шақырылмауын ескерген жөн.
Куәні немесе айыпталушыны оқиға болған жерге олардың келісімімен ғана шығару керек.
Әзірлік және тексеруді өткізу кезінде айыпталушының оқиға болған жерге баруға ішкі есеппен келісім беруі де мүмкін екендігін, оның ақиқатты ашуға шын ниетімен көмектесуге ықылас білдіруімен бірге, ретін тауып күзетшіден сытылып, құтылып кетуге, қандай жолмен болсын сыбайластарымен байланыс орнатуға, оқиға болған жердегі ізді өшіріп жіберуге немесе тергеушінің әлі неге назар аудармағанын білуге тырысатынын естен шығаруға болмайды.
Аталған тергеу әрекетіне әзірлік кезеңі әрекетке қатысушыларға тиісті нұсқау берумен аяқталады. Онда тергеу әрекетінің мақсаты мен тәртібі, қатысушылардың құқығы мен міндеттері түсіндіріледі. Әсіресе, екі мәселеге айрықша назар аударылады:
а) жауабы тексерілетін адам тергеу әрекетіне қатысушылардың барлығының алдында жүреді, жүріс бағытын анықтайды, бұрынғы жауабында айтқан учаскелер мен заттарды көрсетеді;
ә) барлық ұйымдық мәселелерді тек тергеуші ғана шешеді;
б) жауабы тексерілетін адамға сұрақ тек тергеушінің рұқсатымен беріледі, қандай әрекет болсын ол тек тергеушінің нұсқауымен жасалады.
Тергеуші де өз әрекетіне өте мұқият қарауы, яғни өзіне икемдейтіндей әрекеттен немесе сұрақтан сақтануы тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, айыпталушы немесе куә тергеушінің айтқанына ілесіп, оның сұрақтарын мақұлдай беретін болса тергеу әрекетінің текке кеткені. Әдетте, алдын ала жүргізілген тергеу кезінде тергеушінің ақиқатқа көзі жеткен, тек оны оқиға болған жерде "нықтай" түсу қажет болғанда ғана мұндай әдістің қолданылуы мүмкін.
Жауабы тексерілетін адам тергеу бойынша жүретін жолды өзі анықтап, тоқтайтын жерді өзі белгілеп, сол жерде өткен оқиға туралы айтып беруі керек. Бұл белгілі бір объектілерді көрсетуге де қатысты. Айталық, айыпталушы қылмыс жасаған бөлмеге оның қай терезесінен кіргенін көрсетуі тиіс делік. Мұндайда: "Сіз мына терезе арқылы кірдіңіз бе?" деп сұрақ қоюға болмайды. Өйткені мұндай сұрақ жауап берушіні тергеушінің ыңғайына құлауына итермелейді де, ақиқат толық ашылмай қалуы мүмкін. Ал, егер тергеуші айыпталушының бөлмеге осы тереземен кіргеніне сезік келтірсе, ол айыпталушыдан болған оқиғаны қайталап көрсетуін сұрайды. Мұндайда, айыпкер жалған жауап берсе, абыржып, айтқанын дәлелдей алмауы немесе шындықты мойындауы мүмкін.
Тергеу әрекетінің, бұл әдісінде де оның нәтижесі хатталады.
Мұнда басқа да тергеу әрекеттеріндегідей ортақ тәртіппен бірге аталған әрекеттің өзіндік ерекшелігі, яғни:
а) тексерудің, немесе дәлелдеменің оқиға болған жерде пысықталуының қандай мақсатпен жүргізілгенін түсіндіруге;
ә) жәбірленушінің немесе айыпкердің оқиға болған жерге баруға өз еркімен келісім бергенін жазу;
б) айғақты оқиға болған жерде тексеру мен нақтылауға қатысушылардың жүрген жолының бастауы көрсетіліп, жауабы тексерілетін адамның түсініктемесі келтіріле отырып жазылған тергеу жолы;
в) оқиға болған жерді және ондағы заттарды танығаны бойынша барлық әрекеттерге берілген түсініктемелер мен баяндауларды келтіре отырып, жол үстінде тоқтаған жерлер мен оның соңғы бітетін тұсын белгілеу;
г) түсірілген фотосуреттер, видеожазбалар, жасалған жоспар туралы жазбалар, т.б. ескерілуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |