VII–ТАРАУ.
АЙҒАҚТАРДЫ ОҚИҒА БОЛҒАН ЖЕРДЕ ТЕКСЕРУ МЕН НАҚТЫЛАУ ТАКТИКАСЫ
§1. Айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен нақтылаудың түсінігі
Қылмыстық істерді тергеу үстінде көп жағдайларда куәнің, жәбірленушінің, айыпкердің берген жауаптарын оқиға болған жерге барып анықтап, тексеруге тура келеді.
Осындай тексеру арқылы тергеуші жауаптағы мәліметтерді оқиғаның болған жеріндегі нақты жағдаймен, ол жердегі объектілердің орналасуымен салыстырып, жауапта айтылған мәліметтер шындыққа жата ма, жоқ па деп сынап көреді.
Осындай қарау үстінде жауапта айтылған жерді, онда орналасқан объектілерді тергеуші өз көзімен көріп, олар жөнінде толық ақпарат алады. Айтылған жауапты тексеру арқылы, оқиғаның болу жолын, осы жердің ерекшелігімен, жағдайымен салыстырып, мұндайда қандай іздер қалады, олар қай жерде қалуы мүмкін деп болжап, іс бойынша жаңа деректер, дәлелдемелер тауып алуы мүмкін.
1960 жылға дейін процесуалдық заңда мұндай тергеу әрекеті жоқ болатын. Бірақ айғақты оқиға болған жерге шығып анықтау әдісі тергеу тәжірибесінде колданылатын, оны жауап алудың жалғасы, ерекше түрі деп есептейтін. Кейінірек бұл іске керекті дәлелдеме іздеу әдісі дербес процесуалдық тергеу әрекеті есебінде заңда көрсетіліп, тергеуде жиі қолданылатын болды. Әрине, бұл тергеу әрекетін жүргізгенде басқа тергеу әрекетінің кейбір элементтері, әдістері де қолданылады. Бұл тергеу әрекетін жүргізу үстінде жауап та алынады, іздерді қарау әдістері де қолданылады, кей жағдайда тергеу тәжірибелері де өткізіледі. Осыған байланысты бұл тергеу әрекеті жауап алумен де, оқиға болған жерді қарау, тергеу экспериментімен де көп ұқсастығы бар. Бірақ мұнда тергеу әрекетінің тек жекелеген кейбір әдістері ғана аралас қолданатындықтан айғақты оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау өзіне тән ерекшеліктері бар, дербес тергеу әрекеті деп саналады.
Айталық, оқиға болған жерде тергеудің жауап алудан айырмашылығы мынада: оқиға болған жерде тексеру айғақ адамдардың қатысуымен жүргізіледі, жауапта көрсетілген деректер оқиға болған жерде қайтара тексеріліп, кейбір жауаптағы мәліметтерді қимыл-әрекеттермен баяндап көрсетеді. Ал, тану үшін көрсету тергеу әрекетімен салыстырғанда, айғақты оқиға болған жерде тексеру мен нақтылаудың ерекшелігі – танушы оқиға болған жерді, ондағы объектілерді танумен ғана шектелмейді, сонымен бірге ондағы өзі байқаған кейінгі өзгерістерді де баяндайды, өзінің, кейде оқиғаға басқа да қатысушылардың жекелеген әрекеттерін қимыл үстінде көрсетеді.
Бұл тергеу әрекетінің ең басты ерекшелігі сол, жауап алу кезінде шындықты анықтай түсу, жаңа дәлелдемелер алу мақсатында тергеуші оқиға болған жерді, жекелеген объектілерді жауап берушіні қатыстыра отырып тексереді, егер қажеттілік туындаса оқиға болған кездегі жағдайды қалпына келтіріп, пысықтайды. Егер тексеру кезінде айғақтық жаңа заттар, іздер табылса тергеуші оны да іске пайдаланады.
Бір мысал келтірелік: А. бір пәтерде мүлікті ұрлағаны үшін жауапқа тартылды. Тағылған айыпты мойнына алып, қылмыс жасаған жерін көрсетуге ықыласын білдірді. Осыған байланысты оқиға болған жерге келгенде А. есікті қалай бұзғанын, құлыпты қайда лақтырғанын, ондағы заттарды қай жерлерден (шкафтан, серванттан, т.б.) алғанын пәтер жабдықтарының нақты қай жерде тұрғанын көрсетіп берді.
Айғақты оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау, сондай-ақ алдын ала тергеу кезінде берген жауаптың шындыққа жататынын не жатпайтынын анықтауға көмектеседі. Айталық, сезікті адам өзінің оқиғадан бұрын осы жердегі алдында тұрған ордан секіріп, тоғай жаққа кетіп қалғанын алдында берген жауабында айтқан болатын. Оқиға болған жерге келіп, қай ордан секіріп тоғай жаққа кеткенін көрсетуге келгенде 4м. ордан секіріп кетуге болмайтындығына көзі жеткен соң шьндығын айтуға тура келді.
Достарыңызбен бөлісу: |