Мазмұны 1 – БӨлім. Криминалистиканың теориялық негіздері


II-ТАРАУ КРИМИНАЛИСТИКАЛЫҚ ИДЕНТИФИКАЦИЯ ЖӘНЕ ДИАГНОСТИКА



бет17/233
Дата07.02.2022
өлшемі2,49 Mb.
#83762
түріОқулық
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   233
Байланысты:
окулык АЙШа

II-ТАРАУ
КРИМИНАЛИСТИКАЛЫҚ ИДЕНТИФИКАЦИЯ ЖӘНЕ ДИАГНОСТИКА


§ 1. Криминалистикалық идентификацияның түсінігі


«Идентификация» термині – бұл латын тілінен шыққан сөз, оны тікелей аударатын болсақ «теңдестіру жасау», яғни «тепе-теңдікті анықтау» немесе «тепе-тең ету, сәйкестендіру» деген мағынаны білдіреді.
«Идентификация» термині төмендегідей бірқатар түсінік талдауларын жасауда қолданылады:

  • идентификация – адамның ойлау қабілетінің заңдылығын ашуға мүмкіндіктер беретін ғылыми категория ретінде;

  • идентификация – танымның әдіс-тәсілі мен құралы ретінде;

  • идентификация – теңдестіру арқылы тану процесінің белгісі ретінде қарастырылады.

«Идентификация» термині – көзделген мақсаты мен шешетін мәселелеріне байланысты пайдаланылады және белгілі бір ойларды жинақтайды.
Идентификация ұғымы логика, таным теориясы (философияға), психология және басқа да негізгі ғылымдарға сүйенеді.
Таным теориясының (философия) көмегі арқылы адамның танымдық қызметіне ғылыми негізде талдаулар жасалады. Әлемдегі барлық материалды объектілер өзіне-өзі ғана тең. Әрбір объект өзіндік қасиетіне байланысты, өзі тектес басқа да объектілерден ерекшеленеді. Объектілердің көптеген сәйкес келу белгі санына қарамастан материалды дүниедегі әрбір объект жекеленген болып табылады. Бұл жекеліктер адамдарға объектіні тануға, оны өзінің арасындағы басқа да өзі тектес заттардан ажыратып тану немесе сәйкестендіру процесін жүзеге асыруға мүмкіндіктер береді.
Танылатын объектінің өзіндік қасиеті мен мақсат, міндеттеріне байланысты материалдық дүние объектілерін тану процесіндегі теңестіру әртүрлі жолдармен жүзеге асырылуы мүмкін. Теңдестіру актілері қарапайым, яғни күнделікті тұрмыс-тіршілікте, сондай-ақ ғылыми зерттеулер шеңберінде шешілетіндей күрделі болуы мүмкін. Мысалы: теңдестірудің тұрмыстық актілерінде кішкентай бала өзінің ата-анасын, киімдерін, ойыншықтарын таниды; суретші өзінің салған суретін оңай ажыратады; ұста өзі жасаған детальдарды тез табады және т.б. Ал күрделі актілерде: химик-аналитик – химиялық заттарды, оның табиғатын, сондай-ақ геолог – минералдың, физик – физикалық процестердің табиғатын анықтайды.
Адамның ойлау қызметі заңдылықтарын зерттейтін логика ғылымы, идентификация көмегімен теңдестіру заңдылығы және адамды тану қызметіндегі теңестірудің логикалық қағидалары негізінде қалыптасқан.
Теңдестіру заңдылығына сәйкес – адамның ойлау процесіндегі қандай да бір ойы өзіне-өзі сәйкес, тепе-тең болуы тиіс.
Адамның санасында көрініс тапқан объект бейнесі нақты бір жекеленген болуы қажет. Талқылау кезінде міндетті түрде нақты бір объектіні ғана ойлау керек, оны басқа объектілермен алмастыруға болмайды. Әртүрлі объектілерді теңдестіру мүмкін емес, логикаға жатпайды. Бір объектіні адамның қайта еске түсіру кезіндегі ойлау мазмұны алғашқы ойлаудың мазмұнына сәйкес (бір) болуы қажет. Бір объект жайлы талқылау кезінде пікірталастықтар пайда болған жағдайларда, әрбір адамның ойы әртүрлі болып олар өзара келісімге (бір шешімге) келе алмайды, бұл өз алдына теңдестіру заңдылығының бұзылуына әкеп соқтырады.
Идентификацияның психофизиологиялық механизмі келесідей болып келеді: субъектінің санасында көрсетіліп отырған объектінің белгілері туралы көрініс, сол көріністі ойлау арқылы, ол ұсынылып отырған объектіні өзінің ойындағы объект белгілері бойынша салыстырады, содан кейін ғана ол объектілердің сәйкестігі жайында немесе ерекшеліктері бойынша қорытынды жасайды.
Адамның барлық танымдық (тұрмыстық, я ғылыми) қызметі аясындағы кез-келген логикалық теңдестіру механизмі біреу-ақ болып келеді. Операция бірнеше рет орындалатындықтан тұрмыстық теңдестіру процедурасы қарапайым болып табылады. Сондықтан да ол стеоретиптік сипатқа ие, динамикалық стеоретип арқылы біз өз затымызды, ата-анамызды, туыстарымызды және т.б. ажыратамыз.
Қарапайым теңдестірулер негізінен көріністі, бейнені – көру, есту мүшелері арқылы қабылдауға байланысты жасалады.
Идентификация таным әдісі ретінде барлық ғылыми, атап айтқанда: ботаника, зоология, геология, химия, өнертану және т.б. ғылым салаларында кеңінен қолданылады. Мысалы, археологиялық зерттеулер жүргізу барысында табылған (қазып алынған) объектілер міндетті түрде белгілі бір кезең мәдениетімен сәйкестендіріледі.
Палеонтология бойынша табылған объектілер бұрын тіршілікте өмір сүрген жануарлардың өлігі, қазіргі кезде жойылып кеткен жануарлардың түрлерімен идентификацияланады. Табылған жануарлар, өсімдіктер ботаникада, зоологияда, олардың белгілі бір класы, түрі, тобы бойынша идентификацияланады.
Аналитикалық, органикалық және басқа да химияның салалары арқылы алынатын барлық заттар міндетті түрде бұрын анықталған заттар класы бойынша идентификацияландырылады (сәйкестендіріледі).
Геология, минералогияға байланысты табылған заттар белгілі бір минералдар және т.б. түрлері бойынша идентификацияланады.
Барлық идентификациялық жағдай мәселелеріне байланысты әртүрлі ойлар (пікірлер, көзқарастар, тұжырымдар) кейбір ғылым – археология, тарих, өнертану салаларында жекелеген идентификациялық мәселелердің сәйкестігін шешу үшін криминалистика ғылымын, яғни криминалистика тәсілдерін пайдалануға тура келеді.
Л.Н. Мороз идентификация ұғымына келесідей түсінік берген: Идентификация дегеніміз – бір объектіні басқа бір объектіден ажырату немесе тануға мүмкіндік беретін объектінің өзіндік қасиетіндегі материалдық белгілерін салыстырмалы түрде зерттеу мен бағалау болып табылады.
Криминалистикалық идентификацияның ерекшелігі неде, олардың басқа да қызмет саласындағы идентификациядан айырмашылығы қандай деген мәселелерге тоқталатын болсақ, бұл мәселелерді көптеген: С.М. Потапов, В.Я. Колдин, В.С. Митричев, Л.Н. Мороз, М.Я. Сегай, Н.В. Терзиев және т.б. ғалымдар талқылаған.
Барлық криминалист ғалымдар тергеу тәжірибесінде идентификация жүргізу қажеттілігін бір ауыздан құптайды, бірақ криминалистикалық идентификацияның түрі мен объектілеріне қатысты әртүрлі көзқарастағы өз ой-пікірлерін ұсынады. Осыған байланысты бірқатар криминалист ғалымдардың пікірлерін, ұғымдарын қарастырып өтейік.
Біздің қазақстандық криминалист Л.Н. Мороз идентификацияны соттық және криминалистикалық деп екіге бөліп көрсетеді. Ол соттық идентификация түсінігі криминалистикалық идентификация ұғымына қарағанда кеңірек деп таныған. Соттық идентификация тергеу тәжірибесінде идентификация жүргізудің барлық түрін қамтиды, ол: химия, биология, ботаника, геология және т.б. ғылымдарының материалдық мәліметтерін пайдаланады деп нақтылайды. Мысалы, оқиға болған жерден және сезіктінің аяқ киімінен алынған өсімдіктер бөлігіне салыстырмалы зерттеулер жүргізу кезінде сарапшы криминалистикалық емес, биологиялық тәсілдерді қолданады. Сондықтан да Л.Н. Мороз: соттық идентификация мен криминалистикалық идентификацияны өзара салыстырып қарастыруға болмайды деп санайды.
Л.Н. Мороздың пікірінше: криминалистикалық идентификация мынандай жағдайларда орын алады:
«а) идентификация тәсілдері арнайы криминалистермен өңделіп жетілдірілген жағдайларда;
ә) бұл тәсілдердің көмегімен объектінің жекелеген сәйкестігі (индивидуальная принадлежность) анықталған жағдайларда (бұл жерде ол объектілердің топтық қатыстылығын анықтауды қарастырған);
б) криминалистикалық идентификацияның объектісі тек криминалистикалық идентификация объектілерінің шеңберіндегі нақты бір жекелеген объектілер ғана бола алады;
в) криминалистикалық және соттық идентификация арасында айырмашылықтар бар және идентификацияның тергеу тәжірибесі мен оның процесуалдық тәртібінде ерекшеліктер болған жағдайда, » – деп көрсеткен.
Ал В.С. Митричевтің көзқарасы бойынша: «дәлелдеу аясында жүзеге асырылатын идентификация соттық деп аталуы қажет. Соттық идентификацияның логикалық идентификациядан ажырататын ерекшелігі – субъектілер мен объектілерге байланысты. Криминалистикалық идентификацияны соттық идентификация шеңберінде қарастыру керек. Соттық идентификацияға – сот-медицина, психиатрия, биология, токсикология саласындағы салыстырмалы зерттеулер жатады. Криминалистикалық идентификацияға тек криминалистік-сараптама шеңберінде жүргізілетін зерттеулерді жатқызу қажет. Идентификацияның ерекшелігін – қылмыстың механизмі мен жағдайы және оның жасалу мән-жайлары жөніндегі мәліметтерді, объектілерді, үлгілерді жинау ерекшелігімен түсіндіруге болады» - деп тұжырымдайды.
Г.И. Кучеревпен берілген тергеу тәжірибесіндегі идентификацияның дәлелдемелік мәнін қарастыратын болсақ, ол «идентификацияны криминалистикалық» деп атай отырып, оның ерекшелігін төмендегідей бөліп көрсетеді.
Бірінші ерекшелігі, объектілермен байланысты. Объектілер – бұл материалдық дүниедегі кез-келген үйлескен заттар, әртүрлі процестер. Оларға қойылатын шарт: барлық объектілер олардың субстанциясына қарамастан соттық іспен байланысты болуы керек, сондай-ақ заттай дәлелдемелік сапасы болуы қажет. Бірақ олар – тұтынушылық, этикалық, техникалық және көптеген басқа да қасиеттерін жоғалтуы мүмкін, мұндай кезде жоспарға объектінің қылмыс жағдайы жөніндегі ақпарат жеткізуші жақтары бірінші кезекке қою керек.
Сонымен, криминалистикалық идентификацияның бірінші ерекшелігі – заттай дәлелдемелік фактілер жөніндегі ақпараттарды қамтитын объектілердің арасындағы тепе-теңдік қатынасын анықтаудан тұрады.
Екінші ерекшелігі, сараптаманың қорытындыларындағы жеке тепе-теңдікті көрсететін нәтижелер іс үшін мәнді болып табылатындығы мен дәлелдеме ретінде жеке тепе-теңдікті көрсететін нәтижелердің маңыздылығында.
Басқа ғылым салаларында объектіні – түрі, тегі бойынша идентификациялау жеткілікті, ал дәлелдеу барысында объектіні: түрі, тегі бойынша ғана анықтау жеткіліксіз болып табылады. Сондықтан да криминалистикада, сот-сараптамаларында жекелеген тепе-теңдікті (сәйкестікті) анықтау үшін теориялық және сараптамалық зерттеулер үздіксіз жүргізіліп отырады.
Г.И. Кучеровтың пікірі бойынша криминалистикалық идентификацияның екінші ерекшелігі «қылмысқа қатысты жекелеген сәйкестікті немесе объектілер шеңберін барынша қысқартуды анықтау тенденциясынан тұрады» - деп санайды.
Криминалистикалық идентификацияның үшінші ерекшелігі, - процесуалды тәртіппен, процесуалдық түрде бекітілетіндігінде. Сонымен қатар, барлық идентификациялық танымдық қызметтің белгілі бір тәртібі мен шегі бар. Олар: сараптаманың шегі мен құралдарына, сондай-ақ заттай дәлелдемелер және олармен жұмыс жасау тәсілдеріне, оларды сақтауға және зерттеуге байланысты құжаттарды тіркеу мерзіміне қатысты әдістер мен басқа да тәсілдерді таңдауға қатысты болып отыр. Сонымен, криминалистикалық идентификацияның үшінші ерекшелігі оның процесуалдық формасында.
Дегенмен де, криминалистикалық идентификация – ғылымның барлық басқа салаларындағы логикалық теңдестіруді сипаттайтын мазмұндар мен қағидалардай объективтік шындықтың белгілі бір бөлігінің танымдық процесі болып табылады.
М.Я. Сегай, Н.В. Терзиевтер тергеу тәжірибесіндегі идентификацияны “соттық идентификация” деп атаған дұрыс деп санай келе, келесідей мән-жайларды көрсетеді:

  • идентификация қорытындылары қылмыстық және азаматтық істерде соттық дәлелдеме қызметін атқарады, осыған байланысты оларды бекіту мен зерттеу әдістемесіне арнайы талаптар қойылады;

  • басқа ғылымдарға қарағанда криминалистикада сәйкестікті ғана емес, сонымен қатар айырмашылықтарды да анықтаудың маңызы зор;

  • криминалистикада жекелеген тепе-теңдікті анықтау – идентификацияның басты мәселесі болып табылады;

  • химия, биология және т.б. ғылым салаларында топтық қатыстықты анықтау жеткілікті.

Аталған ерекшеліктер ұсынылатын зерттеу әдістемесіндегідей, теңдестіру нәтижелерін рәсімдеудің арнайы талаптарын анықтайды. Бұл ерекшеліктер сот-медицина шеңберінен де орын алады, жоғарыда аталған авторлар идентификацияны не үшін соттық деп атау негізді деп санайды.
В.Я. Колдин өз еңбектерінде: «криминалистикалық идентификацияның ерекшелігі:
-нақты жекеленген объектінің тепе-теңдігін анықтау;
-қылмыстық және азаматтық істердің фактілік жағдайын анықтаудың құралы болып табылады» - деп көрсетеді.
Ол соттық идентификацияның басқа да ғылым салаларындағы идетификациядан айырмашылығы жоқ, оны әдеттегі классификациялық зерттеулер ретінде қарастырып, соттық идентификацияны бөліп көрсетпеген.
Ал, М.В. Салтевский криминалистикалық идентификацияның ерекшелігін: «объектілерді жинау тәсілдерінің процесуалдық формасы ретінде ғана емес, сонымен қатар, дәлелдеу процесінде теңдестірудің нәтижесін қолдану мен нақты бір жеке объектілердің сәйкестігін анықтауда» деп қарастырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   233




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет