Құжаттардың фототүсірілімі көбінде ұлғайтқыш сақина көмегімен және қосымша жарықтандыру көздерін пайдалану жолымен жүзеге асырылады. Егерде құжаттарда – тазарту, қосып жазу, химиялық реактивтер қолдану арқылы өңдеу іздері мен басқа да жалған құжат жасау белгілері болған жағдайларда: микроскопты, ультрокүлгін және инфрақызыл – сәулелерінде түсіру, сондай-ақ түсті жарықфильтрді және т.б. қолдану арқылы арнайы түсірілім әдістері қолданылады.
Фототүсірілім адамдар мен заттарды тануға ұсыну кезінде қолданылады. Алдымен тануға ұсынылатын адамдар мен заттардың жалпы тобы, ал одан кейін танылған адам (фас, профиль) немесе зат (ірі масштабта сызғышпен) жеке-жеке түсіріледі.
Тануға көрсетілетін тұлғалардың немесе заттардың фототүсірілімі, топ мүшелерінің сыртқы түрлерінде ерекше өзгешеліктерді болдырмау туралы заң нұсқаулары талаптарының орындалуын тексерудің бірден-бір тиімді тәсілі болып табылады.
Егер тірі адамды, яғни адамның өзін тануға көрсетуге мүмкіндік болмаған жағдайларда, тану фотосурет арқылы жүргізіледі. Танылатын тұлғаның фотосуреті оған ұқсас басқа тұлғалардың фотосуретімен бірге ұсынылады. Тануға көрсетілетін фотсуреттер саны үштен кем болмауы қажет. Тануға ұсынылатын адамның басы әртүрлі жағдайларда (фас, профиль) бірнеше рет түсіріледі. Сондай-ақ көрсетілетін фотосуреттер де осындай жағдайларда орындалуы тиіс. Әрбір тұлғаның фотосуреті бөлек қағаз беттеріне жабсырылады, ал алынған кесте реттік нөмірлермен белгіленеді.
Егер қандай да затты тануға көрсету қажеттілігі туындаса, сол зат басқа да көрсетілетін біртектес заттармен қатар орналастырылып түсірілуі (саны үшеуден кем болмауы) тиіс. Түсірудің алдында әр заттың қасына нөмірмен белгіленген қағаз немесе картон қойылады.
Достарыңызбен бөлісу: |