Мазмұны 1 Глоссарий 2 Дәрістер 3 Тәжірбиелік және зертханалық сабақтар 4 Студенттің өздік жұмысы Глоссарий Агроқабылдау



бет1/6
Дата01.04.2017
өлшемі1,71 Mb.
#13054
  1   2   3   4   5   6

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ СЕМЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ


3деңгейлі СМК құжаты

ПОӘК

ПОӘК

042-18.21.58/03. 2013




ПОӘК

«Егіншілік» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар.



басылым


ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ

5В080100 «Агрономия»

мамандығына арналған

«ЕГІНШІЛІК I» ПӘНІНЕ АРНАЛҒАН


ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР

СЕМЕЙ –2013


Мазмұны
1 Глоссарий

2 Дәрістер

3 Тәжірбиелік және зертханалық сабақтар

4 Студенттің өздік жұмысы



Глоссарий

Агроқабылдау - агротехникалық тәсіл.

Агроном - егіншілік пен өсімдік өсірудің маманы , көп салалы ауыл шаруашылық өндірісінің ұйымдастырушысы.

Агрономия - егін шаруашылығының заңдылығы туралы ғылым.

Агрономиялық қызмет - агрономның егін шаруашылығын ұйымдастыруы және оған ғылым мен озат тәжірибені енгізу барысындағы қызметі.

Агроперсонал - агрономиялық қызметкерлер.

Агротехника - егіншілік технологиясы мен ауыл шаруашылық дақылдарын өсіру тәсілдерінің жүйесі.

Агротехникалық бракераж - агротехникалық шаралардың сапалығын куәландыру.

Агротехникалық ерекшеліктер - жер , ауа райына қарай жүргізілетін агротехникалық ерекше шаралар.

Агротехникалық тәсілдер - ауыл шаруашылық дақылдарының өніп - өсуі үшін қолданылатын тәсілдер.

Агротехникалық фон - бұрынғы жүргізілген агротехникалық шаралардың нәтижесі.

Агротехникалық шаралар - ауыл шаруашылық дақылдарынан мол өнім алу үшін жүргізілетін шаралар.

Агрофизика - өсімдіктердің сыртқы жағдайлары мен тіршілік процестерін зерттейтін физика ғылымы.

Агрофитоценоз - адамның іс - әрекеті нәтижесінде белгілі бір жерге ғана қалыптасқан мәдени өсімдіктер тобы.

Агрохимик - агрономиялық химияның маманы.

Агрохимиялық лаборатория - агрохимиялық таңдаулар жүргізетін мекеме.

Ауыспалы егіс - ауыл шаруашылық дақылдары мен пардың уақытқа қарай ғылыми негізбен алмасып отыруы.

Ауыспалы егіс жүйесі - шаруашылықтағы қабылданған әр түрлі ауыспалы егістің жиындысы.

Ауыспалы егіс танаптарының агропаспорты - танаптарға егілген дақылдардың түрін , сортын , топырақ өңдеулерін , алынған өнімді , тағы басқа да шараларды жазып отыратын документ.

Ауыспалы егіске қойылатын агротехникалық талаптар - топырақ құнарлығын жоймау , арамшөптен және зиянды жәндіктер қалдығынан таза болу , тағы басқалар.

Егіншілік жүйесі - жерді тиімді пайдалануға , топырақтың құнарлылығын сақтап , оны арттыруға , ауыл шаруашылық дақылдардан мол және тұрақты өнім алуға бағытталған агротехникалық , мелиорациялық және ұйымдастыру шараларының жиынтығы.

Қайтарма заңы - егіншілік пен агрохимияда жиі кездеседі , дақылдардың топырақтан алған қоректік заттарын қайтаруы.

Құрғатудың агротехникалық әдісі - батпақты ойпаң жердің , көлшіктердің суын құрғату жолдары.

Қысқа ротациялы ауыспалы егістер - аз танапты ауыспалы егістер жатады.

Максимум заңы - дақылдарды керекті жағдайлар мен мол түрде қамтамасыз етуі.

Минимум заңы - дақылдардан мол өнім алу үшін қай фактордың аз екенін анықтау.

Оптимум заңы - дақылдардан мол өнім алу үшін оны факторлар мен қажетті түрде қамтамасыз ету.

Өсімдік қорғаудың агротехникалық әдісі - топырақты өңдеу , арам шөптерді отау , ауыспалы егіс және тағы басқа да шаралар жатады.

Топырақ өңдеу жүйесі - ауыспалы егістегі дақылдар үшін ғылыми негізделген топырақ өңдеу тәсілдерінің жиынтығы.

Топырақты сүдігермен өңдеу - жазғы - күзгі маусымдарда келесі жылғы жазғы дақылдар үшін топырақты өңдеудің негізгі түрі.

Тұқым шаруашылығы жүйесі - өзара байланысты өндірістердің жоғары сапалы сортты тұқымдармен елімізді қамтамасыз ететін жүйесі.

Ұзақ ротациялы ауыспалы егістер - көп танапты ауыспалы егістер жатады.

КІРІСПЕ


Ауыл шаруашылығы оның негізгі саласы егін шаруашылығының басты міндеті- халықты жеткілікті мөлшерде сапалы азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізат қорымен қамтамасыз ету,сондай-ақ мал шаруашылығында тиісті жем-шөп қорын дайындау.

Бұл міндетті орындау үшін егін шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыра беру, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету,сапасын жоғарылатып өзіндік құнын төмендету қажет. Осы аталған мақсатты іске асырудың қазіргі таңдағы тиімді жолы егін шаруашылығын интенсивті (қарқынды) түрде дамыту болады. Ол үшін саланы химияландыру, мелиороциялау және механикаландыру жұмыстары толыққанды жүзеге асырылуы қажет.

Егін шаруашылығының басқа салалардан басты ерекшелігі-жасыл өсімдіктерде бейорганикалық заттардан күн сәулесінің қатысумен органикалық заттар түзіледі (фотосинтез процесі), яғни күннің кинетикалық энергиясы өсімдік органикалық заттарының потенциалды энергиясына айналады. Күн сәулесінің жер бетіне түсуі әр түрлі болуына байланысты егін шаруашылығының тағы бір ерекшелігі оның маусымдылығы. Бұл ерекшелік егін шаруашылығында орындалатын процестерді дер кезінде және жоғары сапада орындау қажеттілігін талап етеді.Өсімдік өнімдері ұзақ уақытқа жарамайтындықтан оларды жылда өндіріп отыруға тура келеді, яғни егін шарушылығының тағы бір ерекшелігі-оның үзіліссіздігі,атап айтатын болсақ жұмыс істеудің толассыз жүріп отыруы.

Егіншілік- келешеке мамандарға топырақтың құнарлығын арттыру, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің жалпы мәселелері туралы білім беретін маңызды агрономиялық пән. Бұл пәнді оқудың нәтижесінде студент топырақтың құнарлығын арттыруды, арамшөптермен күресуді,ауыспалы егістерді жоспарлауды,енгізу және игеруді, топырақ өңдеу тәсілдерін, оның сапасын бақылауды,егіншілік жүйелерінің негіздерін үйреніп, оларды іске асыру жоларын жасауға дағдылануы керек.Осының нәтижесінде студенттің агрономиялық ой-өрісі пайда болады, болашақ маман ретінде көптеген шаралардың өндірісте қолдануын шеше алуа мүмкіндік алады.




I БӨЛІМ

Егіншіліктің ғылыми негіздер, арамшөптер және олармен тиімді күресу шаралары

1-2 дәріс

Тақырып: Өсімдіктердің тіршілік факторлары және оларды егіншілікте реттеу жолдары
Мақсаты: Өсімдік тірішлік факторларының өсімдікке тигізетін әсерімен таныстыру

Міндеті: Өсірілетін дақылдардан мол өнім алу үшін сыртқы тіршілік факторларын жақстартуды үйрету

Кілт сөздер: тіршілік факторлары, жарық, жылу, ауа, қоректік заттар

Дәріс жоспары:

  1. Өсімдіктің тіршілік факторлары

Жасыл өсімдіктер- органикалық заттарды құраушы.Олар қолайлы жағдайда ғана жақсы өніп-өнеді және органикалық заттарды мол түзеді. Өсімдіктердің өсіп-жетілуіне негізгі факторлар- жылу, жарық,ауа, су және қоректік заттар.

Осы факторлардың біреуі немесе бірнешеуі өсімдіктерге жетіспесе, онда ешуақытта мол өнім алынбайды.

Жарық, немесе күн сәулесі жер бетіндегі тіршіліктің бірден бір қайнар көзі..Жасыл өсімдіктер күн сәулесінің тек 1-2% ғана пайдаланады, ал ең жоғарғы өнім алған жағдайда бұл көрсеткіш 8-9% жетуі мүмкін. Әр аймақтың топырақ-климат жағдайы егіншілікті мамандандыруда, яғни қандай өсімдік түрлерін өсіруде шешуі маңыз атқарады.Жарықтың өсімдіктер үшін маңызы өте үлкен, себебі олардың жапырақтарында күн сәулесінің әсерінен фотосинтез процесі жүреді.

Фотосинтез дегеніміз күн сәулесінің әсерінен қоршаған ортаның органикалық емес қарапайым заттарынан күрделі органикалық заттардың түзілуі.Оныңреакциялық формуласы:6СО2+6Н2О С6 Н12О6+6О2. Фотосинтез кезінде өсімдіктер күн сәулесінің 85 пайызын сіңіреді. Оның нәтижесінде органикалық заттар түзілуімен қатар тірі организмдердің дем алуына керекті оттегі бөлініп шығады.Егер өсімдіктерге вегетация кезінде жарық жеткіліксіз болса, олар дұрыс өтпейді. Басқаша айтқанда, жарық үшін өсімдіктер биікке бойлап өсіп, соның салдарынан, әсіресе масақты дақылдардың, сабақтары жіңішкереді.Бұл егістің жатып қалуына, ақырында өнімнің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Жарық жетіспегенде масақты дақылдардың дәніндегі ақуыздың, қант қызылшасы түбіріндегі қанттың, картоптың түйнегіндегі крахмалдың мөлшері азаяды.

Өсімдіктер үшін жарық мезгілінің ұзақтығының үлкен мәні бар. Осыған байланысты олар ұзақ және қысқа күннің өсімдіктері болып екі топқа бөлінеді.Ұзақ күннің өсімдіктеріне бидай, қарабидай, арпа, сұлы, қырыққабат,алқысқа күннің өсімдіктеріне жүгері, тары, күнбағыс майбұршақ және басқалары жатады. Олар негізінен оңтүстік аймақтарда өседі.

Жарыққа қоятын талабы бойынша өсімдіктерді жарық, көлеңке сүйгіш және көлеңкеге төзімділер деп үш топқа бөлуге болады.

Жарық сүйгіш өсімдікер күн жақсы түсетін ашық алқаптарда өседі. Оларға ауылшаруашылық дақылдары, шалғындық және далалық шөптер жатады. Көлеңке сүйгіш өсімдіктер жарықты онша жақтырмайды, олар көбінесе биік өсімдіктердің көлеңкелі төменгі қабатында өседі.Көлеңкеге төзімді өсімдіктер жарық жерде де, сонымен қатар көлеңкелі жерлерде өсе алады.Өсімдіктерде фотосинтез құбылысына қарама-қарсы дем алу процесі жүреді.

Жылу-өсімдік тіршілігінің ғарыштық факторына жатады, өйткені оның негізгі көзі – күн энергиясы. Әр аймақтың топырақ - климаттық жағдайына, жер бедеріне байланысты түсетін жылу мөлшері әр түрлі. Республиканың солтүстік облыстарында жылудың жетіспеушілігі байқалса, ал оңтүстік аймақта керісінше жылу өте мол.Жылу топыраққа себілген ауылшаруашылық дақылдары тұқымының бөрітіп және жер бетіне көктеп шығуы үшін қажет.Тұқым көктеп шығуға қажетті температура бойынша барлық аулшаруашылық дақылдарын мынандай 5 топқа бөлуге болады:


  • +1-20С көктеп шығатын өсімдіктер (бидай, арпа, сұлы, қыша, мақсары)

- +3-50С көктеп шығатын өсімдіктер (күнбағыс, зығыр)

  • +5-60С көктеп шығатын өсімдіктер (қарақұмық, бөрібұршақ)

  • +9-100С көктеп шығатын өсімдіктер (майбұршақ, тары және тағы басқалар)

  • +100С жоғары температурада көктеп шығатын өсімдіктер (үрме бұршақ, мақта және басқалар)

Зығыр, қарақұмық, бидай, арпа, сұлы, шалғам және пияздың жер бетіндегі органдары +20-250С температурада қалыпты өседі, олардың тамырларының жақсы өсуіне бұдан 8-100С төмен температура қажет. Өсімдікке қажетті температураны білу ауылшаруашылық дақылдарының қолайлы себу мерзімін анықтауға және тұқым себердің алдында арамшөптермен күрес жүргізуге пайдасы тиеді. Егер өсімдіктерге температура қолайлы (оптималды), яғни+20-300С аралығында болса фотосинтездің жүру қарқыны жоғары, ал ол +40-450С болған кезінде бұл процесс мүдем тоқтайды.Өсімдіктердің тыныс алуы теріс температурада да жүреді, оның төменгі шегі-100С, ал қыстайтын өсімдіктердің, мәселен, ағаш бүршіктерінің тыныс алуы –200С, -300С шамасында да байқалады.

Вегетация кезіндеде әртүрлі өсімдікке қажет температура жиынтығыда бірдей емес. Айталық, бидайға көктеп шыққаннан піскенге дейін 1600-2200 градус, сұлыға -+1900-2300, картопқа - +1300-3000, қант қызылшасына -+2400-3700, күрішке -+3000-4500, ал мақтаға -+3500-5000 градус жылу керек. Сондықтан әр аймақтың топырақ-климат жағдайына қалыптасқан өсімдіктерді, сорттарды өсіру қажет. Күн көзінің жылылығын өсімдіктер толық пайдалану үшін оларды жан-жақты ойластырып іріктеп алу қажет.

Көптеген ауылшаруашылық дақылдары үшін вегетация кезіндегі қолайлы температура +22-250С аралығында жатады. Өте төмен немесе өте жоғары температура өсімдіктердің өсуі мен дамуын бәсеңдетеді, кейде тіпті олардың өлуіне әкеліп соғады.Мысалы, бидайдың, қарабидайдың, сұлының өскіндері – 60С дейінгі суыққа төзетін болса, ал жылусүйгіш мақта, жүгері, көкөністердің өскіндері температура -2-30С тан төмендесе үсіп кетеді.

Өсірілетін ауылшаруашылық дақылдарының жылуға қоятын талаптарына және вегетациялық кезеңінің ұзақтығына байланысты республиканың солтүстік аймағында 70-90 күнде пісетін асбұршағы, жаздық бидай, арпа өсірілсе, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірде вегетациялық кезеңі ұзақ, жылусүйгіш жүгері, мақта, көкөніс, темекі және басқалар дақылдар өсіріледі.



Судың өсімдік өміріндегі орны ерекше.Біріншіден, ол өсімдіктерге еріткіш ретінде қажет, өйткені топырақтағы коректік элементтерді және олардың тұздарын өсімдіктер тек ерітінді түрінде сіңіре алады.

Екіншіден, су өсімдікте жүретін фотосинтез процесіне керек, себебі фотосинтез реакциясында судың алты молекуласы қатысады.

Үшіншіден, су өсімдік клеткаларының формасын сақтап тұрады, өйткені оның құрамында 80-90 пайыз су болады.Егер клетка осы судан айырылса өледі.

Төртіншіден, себілген ауылшаруашылық дақылдары тұқымдарының бөртуі және жер бетіне көктеп шығуы топырақ ылғалдылығына байланысты. Мысалы, дәнді масақты дақылдардың топыраққа себілген дәндері бөріту үшін оның салмағының 50-55 пайызындай ылғал қажет, ал дәндерінде ақуызкөп болатын дәндібұршақты дақылдардың тұқымдары бөрітуі үшін олардың салмағынан 2,0-2,5 есе артық ылғал керек.

Бесіншіден, ылғал өсімдіктердің температурасын реттеуге қатысады. Өсімдік жапырақтарындағы устицалар арқылы буланған ылғал (транспирация) өсімдік ұлпаларының температурасын төмендетіп, оларды қатты қызып кетуден сақтайды.

Алтыншыдан, ылғал топырақта және өсімдік органдарында жүретін әр түрлі биохимиялық реакциялар үшін қажет.

Жетіншіден, ылғал топырақ микроорганизмдерінің тіршілігі үшін керек. Көптеген микроорганизмдердің топырақтың ылғалдылығы 25-30 пайыз болғанда белсенділігі артады.

Сегізіншіден, ылғал топырақ құнарлылығының негізгі элементі, себебі құрғақ топырақтарда микробиологиялық процестер нашар жүреді, немесе мүлде тоқтайды және топыраққа берілген минералдық тыңайтқыштардың тиімділігі төмендейді.

Тоғызыншыдан, топырақта ылғал жеткіліксіз болса (топырақ құрғақшылығы) немесе ауа құрғақ болса (атмосфералық құрғақшылық) өсімдіктер солып қалады.Өсімдіктердің вегетациялық кезеңде ылғалдыққа қажеттілігін олардың транспирациялық коэффиценті бойынша анықтауға болады.

Транспирациялық коэффицент деп өсімдіктердің белгілі бір салмақ мөлшеріндегі органикалық құрғақ заттарды құруға жұмсайтын судың мөлшерін айтады.Көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша өсімдік топырақтан сіңіріп алған 1000 грамм ылғалдың 990 грамын булануға, ал қалған 10 грамын транспирацияға жұмсайды екен, яғни өсімдіктер барлық жұмсалған ылғалдың тек 1,0 пайызына жуығын ғана құрғақ органикалық заттар, басқаша айтқанда, өнім құруға пайдаланады деген сөз.

Өсімдіктердің транспирациялық коэффиценті олардың түрлеріне байланысты.Мысалы, астық тұқымдастарына жататын бидай мен сұлының транспирациялық коэффиценті орташа 400 өлшем болса, ал осы тұқымдасқа жататын тарынікі-215-ке, бұршақ тұқымдасына жататын жоңышқаныкі-520-ға тең. Бұл тары бидай мен сұлыға қарағанда ылғалды 1,8,ал жоңышқамен салыстырғанда 2,4 есе үнемді жұмсайды деген сөз.

Ауа. Өсімдікке қажетті факторлардың бірі – топырақ ауасы. Оның құрамында оттегі мен көмірқышқыл газы бар. Атмосфера ауасында көмірқышқыл газының мөлшері 0,03%, ал топырақ ауасында ол 0,1 тен 1 пайызға дейін болады.

Оттегі тұқымдардың көктеп шығуына, өсімдік тамырлары мен микроорганизмдердің демалуына керек. Дем алу кезінде көмірсутектер көмірқышқыл газы (СО2) мен суға (Н2О) ыдырап энергия бөлініп шығады. Дем алудың интенсивтігіне ауа мен топырақтың температурасы әсер етеді. Температура әрбір 100С көтерілген сайын дем алу процесі 2-3 рет жылдамдайды, ал температура 45-500С болғанда мүлдем тоқалады. Өсімдіктің әрбір грамм құрғақ салмағына күніне 40-50 мг оттегі қажет.Топырақта оттегі жеткілікті болған жағдайда аэробты микроорганизмдердің көбеюі салдарынан онда азот мол жиналады.

Егер топырақта оттегінің мөлшері 5 пайызға дейін төмендесе, онда өсімдіктердің тамырлары өздерінің өсуін тоқтатады, кейде өліп қалады. Әсіресе, оттегінің жетіспеушілігі тамыржемісті және түйнектамырлы дақылдарға, атап айтқанда қант қызылшасына, картопқа өте зиянды.Топырақта оттегі аз болса, онда органикалық заттардың ыдырауы бәсеңдеп, ол ұзаққа созылады.

Өсімдік тамырларының демалуы және микроорганизмдердің көмегімен органикалық заттардың ыдырауы нәтижесінде оттегі жұмсалып, оның орнына топыраққа көмірқышқыл газы бөлініп шығады. Көмірқышқыл газын өсімдіктер фотосинтез процесі кезінде пайдаланады. Тәулік бойына бір гектар жердегі өсімдіктер 250-1000кг көмірқышқыл газын пайдаланады, яғни олардың жапырақтарының әрбір шаршы дециметр көлеміне сағат сайын 200 литр ауа керек.



Қоректік заттар. Өсімдіктер тірі организм болғандықтан өнеді, өседі, дем алады, көбейеді, коректенеді, өледі.Жақсы өсіп-дамуы үшін өсімдіктерге жеткілікті мөлшерде коректік заттар керек. Оларға топырақтағы химиялық элементтер мен микроорганизмдердің тіршілігі арқасында жиналған заттар жатады.Қоректік заттар органогендік және күлді элементер болып екі топқа бөлінеді. Өсімдіктердің органикалық салмағының негізгі бөлігін құрайтын химиялық элементтерді органогендер деп атайды.Оларға көміртегі, сутегі, оттегі, азот жатады, ал күлді элементтер тобына фосфор, калий, кальций, магний, мырыш, темір және басқалары жатады.Өсімдіктерді жаққанда органогендік элементтер ұшып кетедіде, ал күлді элементтер күлде қалады.

Өсімдіктер пайдаланатын барлық элементтерді макро, микро және ультрамикроэлементтер деп үш топқа бөлуге болады.Макроэлементтерге азот фосфор, калий,магний, күкірт, және басқалары жатады. Оларды өсімдіктер қоректену үшін әжептеуір мөлшерде (0,02%)пайдаланады.

Микроэлементтер (мыс молибден, кобальт, цинк) өсімдіктерге аз мөлшерде, ал ультамикроэлементтер тіпті аз мөлшерде (0,001%) қажет.

Қоректік элементтердің өсімдіктер үшін маңызы әр түрлі. Мысалы, азот ақуыздардың, клетка протоплазасының және ядроның құрамына кіреді. Топырақта азот жеткілікті болғанда өсімдіктің сабақтары мен жапырақтарының өсу қарқыны тездеп, үлкен вегетативтік масса түзіледі.



Фосфор өсімдік ақуыздарының, нуклеин қышқылдарының, ядроның, органикалық қосылыстарының құрамдарына кіреді.Сонымен қатар фосфордың заттар алмасуында және фотосинтез процесінде атқаратын рөлі зор.Фосфор ауылшаруашылық дақылдарының дамуын жылдамдатады, масақты дақылдар дәндерінің ірі болуына, олардың тез пісіуіне және өнімдерінің сапасының жақсаруына ықпал жасайды.Сондай-ақ, фосфор қант қызылшасының түбіріндегі қанттың көбеюіне, картоп түйнектерінде крахмалдың жиналуына әсерін тигізеді.Өсімдіктер алғашқы даму фазаларында фосфордың жетіспеуінен зардап шегеді.Атап айтқанда, өсімдіктердің тамыр жүйелері нашар дамып, олардың сіңіргіштік қабілеті төмендейді.Сондықтан осы мезгілде топыраққа аз мөлшерде форфорлы тыңайтқыш берудің үлкен мәні бар.Вегетация кезінде фосфордың жетіспеушілігі өсімдіктердің өсіп-дамуын тежейді, сондықтан дақылдардың өнімі төмендейді.Топырақта фосфор жылжымалы минералдық және органикалық түрде кездеседі, оның соңғысын өсімдіктер сіңіре алмайды.

Калий. Өсімдіктер өмірінде калий элементі маңызды рөл атқарады. Ол ақуыз бен көмірсутегі алмасуына қатысады, амин қышқылынан ақуыздың түзілуін күшейтеді. Сонымен бірге калий фотосинтез процесінде түзілген заттардың жапырақтан сабаққа және тамырға жылжуында маңызды рөл атқарады.Калий, көмірсутектерінің жақсы жиналуына әсер етеді,соның арқасында өсімдіктердің құрғақшылыққа төзімділігін жоғарылатады.Егер өсімдіктерге калий жетіспесе, олар әр түрлі ауруларға шалдығады, ал дәнді дақылдар жатып қалуға бейім келеді, картопта крахмалдың мөлшері, қант қызылшасының қанттылығы азаяды.Қазақстанның топырағында калий мөлшері жеткілікті..Калий топырақта аналық тау жыныстарында, жылжымалы минералдық және органикалық түрлерде кездеседі. Осылардың ішіндегі өсімдіктер оңай сіңіре алатыны минералдық жылжымалы түрі.

Жоғарыда қарастырылған өсімдік тіршілігінің факторы табиғатта бірімен бірі тығыз байланыста және біріне-бірі тәуелді болады. Бір фактордың жетіспеушілігі немесе шамадан тыс көп болуы, қалған факторлардың өсімдікке әсерін тежейді, яғни кері әсер етеді.



Бақылау сұрақтары

  1. Өсімдіктердің адамдар мен малдар өміріндегі маңызы

  2. Өсімдік тіршілігі факторлары және олардың маңыздары

  3. Ғарыштық факторлар және олардың көзі

  4. Жер бетіндегі өсімдік тіршілігі факторларынының сипаттамасы

  5. Фотосинтез процесіжәне оның маңызы

  6. Өсімдіктің транспирациялық коэффиценті

  7. Қоректік заттар және олардың маңызы



Негізгі әдебиеттер:1. Әуезов Ә.Ә., Атақұлов Т.А., Сүлейменова Н.Ш., Жаңабаев Қ.Ш., Егіншілік, оқулық, Алматы, 2005

2. Жаңабаев Қ.Ш., егіншілік оқулық 2006


Қосымша әдебиеттер:

1. Жаңабаев Қ.Ш.,Саудабаев Т.С., Сейтов И.С., Өсімдік шарушылығы өнімдерін өндіру технологиясы, Алматы, «Қайнар» 1994





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет