Спиртті жеткізу, қабылдау, сақтау және оны өндіріске беру
Этил спирті ликер-арақ зауыттарына герметикалық жабылған, люктермен жабдықтанған арнайы автокөлікті немесе темір жол цистерналарында келеді. Темір жол цистерналарының сыйымдылығы – 50, 20, 25 және 12,5 т, автокөлікті цистерналардың – типіне байланысты 240, 360 не 370 дал.
Зауыттарда спиртті қабылдау құйып алу құрылғылары, өлшеуіштер және сорғыштармен жабдықтанған спирт қабылдау бөлімдерінде жүзеге асырылады. Темір жол цистернасынан спиртті орталықтан тебуші немесе мікбасты сорғышпен люк қалпағы арқылы, автокөлікті цистерналардан өздігінен ағумен немесе төменгі құбыр арқылы сорғышпен құйып алады.
Келіп жеткен спирт көлемін өлшеу үшін зауыттың спирт қабылдау бөлімі екі конусты және бір цилиндрлі 1-класс дәлдікті, спирт көлемін өлшеуде қателігі ±0,2%-дан көп емес өлшеуішпен жабдықтанған болуы тиіс. Сыйымдылығы 250 дал 787-М маркалы және сыйымдылығы 1000 дал ТКС-М маркалы конусты өлшеуіштер, сыйымдылығы 15-тен 75 далға дейін К7-ВМА маркалы цилиндрлі өлшеуіштер жасап шығарылады. Өлшеуіштер сыйымдылығын 3 жылда 1 рет 1-класс дәлдікті типті өлшеуіштер көмегімен температурасы 10-25 0С сумен толтыра отырып өлшейді.
Қабылданған спиртті өлшеуіштерден аралық сыйымдылыққа береді, ал одан спирт қоймасына ауыстырып құяды. Спиртті сыйымдылығы 5000-нан 50000 далға дейін және одан астам цистерналарда сақтайды. Спирт жинағыштарының жиынтық сыйымдылығы 30 тәуліктік қорға есептеледі.
Цистерналар спиртпен қақпақ арқылы түбіне дейін дерлік өтетін құбырмен толтырылады. Цистернадағы спирт көлемін анықтау цистернаның сыртында бекітілген металды төрткілдеш немесе цистерна қақпағындағы кіші люк арқылы түсірілетін металды таңбаланған сызғыш көмегімен өткізеді. Спиртті цистернаның төменгі жағындағы ысырмасы бар құйып алу құбыры арқылы құйып алады. Цистерналар, сонымен бірге байқау мен тазалау үшін өтетін тесікпен, спирттің ағып кетуін болдырмау үшін тәрелкелі клапанмен жабдықтанған.
Өндіріске спирт жерасты туннельде салынған спирт құбыры арқылы өздігінен ағумен сұрыптау бөлімінде орнатылған өлшеуіштерге келеді.
Спиртпен жұмыс істегенде техника қауіпсіздігінің және өрттен сақтану ережелерін қатаң сақтаған жөн.
Зауытта қабылданған спиртті сусыз спиртке қайта есептегенде, 20 0С температураға келтірілген декалитрлерде (дал) есептейді. Спирт күштілігін (көлемдік үлесін) металды немесе шыны спиртомерлер көмегімен анықтайды.
Шығындар нормалары РФ тамақ, қайта өңдеу өнеркәсібінің Департаментімен бекітіледі және жыл маусымдары, климат аймағы, тасымалдау қашықтығы, сақтау ұзақтығы, ыдыс түрі мен сыйымдылығына байланысты.