Есту қабілеті зақымдалған тұлғалардың білім беру қағидалары
Арнайы педагогиканың негізгі қағидаларын және олардың есту қабілеті зақымдалған тұлғаларға білім беру жүйесінде іске асыру мүмкіндіктерін қарастырайық. Солардың ішінде ең маңыздылары төменде келтірілген.
Педагогикалық оптимизм қағидасы есту қабілеті зақымдалған адамды дамушы және әллеуметтік толыққанды тұлға ретінде қабылдауды ұйғарады.
Ерте педагогикалық көмек көрсету қағидасы естудің зақымдалуын ерте анықтау, тексеру, уақытында кешенді көмек көрсету. Осы балалардың тиімді дамуына қолайлы жағдай болып, естуді жоғалтқан уақытпен мақсатқа бағытталған педагогикалық көмек арасындағы айырмашылықты қысқартады.
Ерте жастан естіп қабылдауын дамыту, әлі екіншілік кемістігі дамымаған балалар үшін өте маңызды. Уақытында көрсетілген педагогикалық көмек балада бар кемістіктің салдарын жойып, баланың толыққанды дамуына мүмкіндік тудырады.
Есту қабілеті зақымдалған тұлғаларға білім беру түзету және оңалту бағыттылығы қағидасы – оқыту - тәрбиелеу үрдісін баланың сақталған мүмкіндіктерін қолдану және ағзаның зақымдалған жүйесін дамытуға сүйене отырып жүргізуді қарастырады.
Сурдопедагогикада есту қабілеті зақымдалған балаларға түзете – толықтыру бағытын ұстана отырып білім беруге мыналар жатады: екіншілік кемістікке педагогикалық әсер ету және соның негізінде толықтыру үрдісін дамыту; таным іс - әрекетінің ерекшеліктері мен кемшіліктерін жою, сөйлеу тілін қарым – қатынас және ойлау құралы ретінде меңгеру; жеке тұлға болып қалыптасуының мүмкіндіктерін қарастыру және т.б.
Оқыту мен тәрбиелеудегі әрекет арқылы ықпал ету қағидасы. Осы қағиданың негізделуіне С.А.Зыковтың қосқан үлесі зор. Ол естімейтін балаларды оқытуда заттық-практикалық іс - әрекетті қолдану баланың психикалық іс - әрекетінің қалыптасуын түзетеді, жалпы дамуына әсер етеді, мектепке дейінгі кезеңнен мектепке өткенде әлеуметтік жағдайға бейімделуіне көмектеседі және тұлғасының үйлесімді дамуына әсер етеді деп есептеген.
Ойлау, сөйлеу тіл және қарым – қатынасты дамыту арнайы білім беру құралы ретінде қағидасы. Осы қағиданы жүзеге асыру, есту қабілеті зақымдалған тұлғалардың вербальды ойлауын, соның ішінде түсінік, ой қорыту, талқылау сияқты формаларын қалыптастыру үшін өте қажет. Арнайы оқыту барысында сөйлеу тілін меңгере отырып, есту қабілеті зақымдалған тұлғалар ойлағандарын сөйлеуге айналдырып, болып жатқан құбылыстарды сөйлеумен сәйкестендіруге үйренеді. Арнайы оқыту жүйесінде сөйлеудің көмегімен қарым – қатынас жасауға, ақпарат алмасуға, таным іс - әрекетінде өзара әрекеттесуге үйретеді. Сонымен қатар, балаларды сөйлеу іс - әрекетінің әр түріне, сөйлеу кезінде дұрыс артикуляциялауға, дактильдегенде саусақтың қозғалысына әріпті нақты жазу үшін графикалық әрекет жасауға, оқу дағдыларына және т.б. үйретеді.
Арнайы педагогтың басшылығын қажет ету қағидасы
Барлық оқу үрдісін мақсатты бағытталған, ұйымдастыра отырып, бақылайтын сурдопедагогтың іс - әрекеті арқылы жүзеге асады. Есту қабілеті зақымдалған баланың дамуының ерекшеліктері, педагогтан оқу – танымдық процесті ұйымдастыруда түзету мен өзіндік үрдіс – тәсілдерді қолдануды талап етеді. Сол себепті оқыту процесін тиімді ұйымдастыруда есту қабілеті зақымдалған балалардың даму заңдылықтарының ерекшеліктерін жете білетін, осы ерекшеліктерін ескере отырып түзету педагогикалық көмекті ұйымдастырып, басқаруда сурдопедагогикалық рөлі ерекше.
Жоғарыда қарастырылған қағидалармен қатар есту қабілеті зақымдалған балалардың дамуы мен оқыту ерекшеліктеріне байланысты бірқатар спецификалық қағидаларды қарастырайық.
Достарыңызбен бөлісу: |