ЕА көмегімен қалдық есту жағдайының қалыптасқанын бағалау
Тексерудің алдында сурдопедагог сурдолог дәрігерден баланың ЕА дұрыс түзетілгені жайлы хабар алу керек. Себебі кохлеарлы имплантация жасалатын балаға дұрыс түзетілген ЕА көмектеспеген жағдайда ғана жасалады. Егер бала ЕА тақпаған немесе дұрыс түзетілмеген ЕА таққан болса, онда есту мүмкіндігінің жағдайын тексеру 3-6 айға кейін шегеріледі. Сол уақыт аралығында бала дұрыс түзетілген ЕА тағып, сурдопедагогпен есту қабілетін дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі.
Қалдық естуін тексеру барысында есту және есту – сөйлеуін талдау механизмдерінің қалыптасу деңгейін бағалайды. Қарапайымнан бастап (дыбыстық сигналдарды табу), күрделіге қарай (ашық таңдаудағы сөйлеу тілі мен сөздерді қабылдау) жүргізіледі.
Дыбыстық сигналдың шыққанын табу біліктілігі. Сондай – ақ әртүрлі дыбыстарға баланың ерікті (шартты – рефлекторлы қозғалыс реакциясы) және еріксіз реакциясын бағалайды. Ол үшін әдеттегі сөздік емес дыбыс шығаратын заттарды: барабан, ысқырық, шиқылдақ ойыншық, сылдырмақ және сөздік дыбыстар – «па–па–па», «ш–ш–ш», «с–с–с» қолдану ұсынылады. Кішкентай балалардың дыбысқа шартты – рефлекторлы қозғалыс реакциясының бар екенін анықтап алу қажет. Егер ол қалыптаспаған болса, онда ата – анасына оны қалыптастыру тапсырылады. Қандай қашықтықтан дыбыстарды қабылдайтыны анықталады. Сонымен қатар, өз атына реакция бертіндігін де анықталады. Баланың дыбысқа деген еріксіз реакциясына да назар аудару маңызды орын алады, Шартты рефлекс реакциясы арқылы таныған дыбыстарға балада ешқандай еріксіз реакция болмайды. Бұл дегеніміз бала өзінің бар есту қалдығын пайдаланбайды, қоршаған орта дыбыстары ол үшін маңызды еместігін дәлелдейді. Бұндай жағдай көбіне есту аппаратын тұрақты тақпайтын және қалдық естуін дамыту жұмысын жүйелі өтпеген балаларда байқалады. Баланы тексеру кезінде тапсырманы баланың түсінуі үшін ол тапсырманы бірінші мамасы орындайды, сосын баламен бәрге орындайды. Бұл тапсырмалар баланың дыбысты табу процессінің қалыптасқандығын анықтап қана қоймай, ол балаға кохлеарлы имплантация жасауға бола ма деген сұрақтың шешімін береді. Егер бала 2-метрден аса қашықтықта төмен және жоғары жиіліктегі дыбыстарды тануға қабілетті болса, онда ол балаға хирургиялық операция жасамай – ақ, дұрыс ұйымдастырылған коррекциялық көмек көрсету арқылы есту аппаратының көмегімен естіп қабылдауын дамытуға болады.
Дыбыстық сигналдардың акустикалық белгілері бойынша ажырату біліктілігі. Бұл белгілердің қатарына мыналарды «жай – дауыстап», «біреу–көп», «ұзақ–қысқа» ажырату кіреді. Дыбыстауға сөздік және сөздік емес дыбыстарды қолданады. Осы тапсырманы түсініп орындауы жеңіл болуы балаға тапсырмаға сәйкес суреттер ұсынылады (мысалы, үлкен немесе кішкентай барабан, бір немесе бірнеше А). Бала керекті суретті таңдау керек немесе сол дыбысқа ұқсатып айтады.
Буындық құрамына сүйеніп, жабық таңдауда сөздерді ажырату біліктілігі. Әртүрлі буындағы 3 сөзді алады (1,2,3, буынды сөздер баланың сөздік қорында бар сөздер, мысалы, үй, мысық, терезе). Ата– анасынан алдын ала баланың қандай сөздер білетінін біліп алу керек. Балаға тапсырманы түсіндіреді: педагог сөзді атағаннан кейін бала сол сөзге сәйкес суретті көрсетеді. Егер бала 3 сөзден тұратын тапсырманы орындап шықсағ онда сөздердің санын 6–ға, 12–ге дейін ұлғайтамыз. Бұл тапсырманы орындау кезінде тек дұрыс аталған сөздердің санын ғана бағаламай, сондай–ақ баланың буынды дұрыс анықтауын да бағалау керек.
Жабық таңдаудағы сөздерді буындық құрамына сүйенбей ажырату біліктілігі. Бұл тапсырма алдыңғы тапсырма сияқты орындалады, тек бұндағы сөздер бір буынды немесе көп буынды болады. Бір буынды сөздерді ажырату өте қиын тапсырма. Сөздер жинағы мынадай болуы мүмкін: «терезе–машина–жапырақ», «мысық–төсек–есік», «ит–үй–лақ». Өте кішкентай балалар үшін дыбыстық еліктеулерді қолдануға болады: «ав–ав, мяу–мяу, пи–пи, хрю–хрю».
Жабық таңдаудағы сөйлеу тіліндегі (сөзтіркестері мен фразаларда) сөздерді ажырату біліктілігі. Бұл тапсырмаларда өткен тапсырмалар сияқты орындалады, тек сөздік материал ретінде фразалар қолданылады. Фразалар жиынтығы мынадай болуы мүмкін: «үлкен машинаны бер – кішкентай жапырақты бер, үлкен жапырақты бер–кішкентай машинаны бер», «көк машинаны көрсет–қызыл допты көрсет–жасыл орындықты көрсет–қызыл машинаны көрсет». Бұл тест баланың сөйлеу кезіндегі сөздерді ажырата алу білігімен есту арқылы қабылданатын хабарламаны өңдеу білігін бағалауға мүмкіндік береді.
Ашық таңдауда сөздер мен сөйлемдерді буындық құрамына сүйенбей ажырату біліктілігі. Бұл тапсырма кезінде балаға есту арқылы түрлі сөздік материал береді – әртүрлі құрамды, көп құрамды, бір құрамды сөздер және сөйлемдер. Көп жағдайда ерте естімей қалған балалар бұл тапсырманы орындай алмайды. ЕА таққан және есту тәжірибесі бар балалар бұл тапсырманы орындай алады, яғни бұл ЕА тағудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |