Жүйелілік қағидаты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек жекелеген деректерді анықтауға саймауы тиіс. Жекелеген сыбайлас жемқорларды қудалау, соның ішінде «атышулы істер» арқылы олардың ізіне түсу тұрақты нәтижелер бере алмайды. Ендігі жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениет пен тәлім қалыптастыруға, қоғамдық бақылауды күшейтуге және аталған құбылысты тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға басты екпін түсетін болады.
Баршаның заң мен сот алдындағы теңдігі қағидаты. Ел Конституциясы баршаның заң мен сот алдындағы теңдігіне кепілдік береді. Бұл заңға баршаның теңдей бағынуынан және оны бұзғаны үшін жауапкершілікті теңдей көтеруінен көрінуі тиіс. Сыбайлас жемқорлық үшін жазалау әлеуметтік, мүліктік және лауазымдық дәрежесіне қарамастан бұлтартпай орындалуы тиіс. Заңды бұлжытпай орындау биліктің барлық деңгейлеріндегі жемқорлықты болғызбаудың кепілі болып табылады.